Қазаққа қандай ұлтшылдық керек?

  • 01.03.2013
  • 1956 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ақбота ИСЛӘМБЕК,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің 4-курс студенті

Жалпы, ұлтшылдық хақында екі түрлі қарама-қайшы пікір қалыптасқан. Бiреулер оны, фашизм мен шовинизмге барар жолдың басы десе, ал, екiншiлер, одан ешқандай да ерсiлiк көрмей, оны табиғи-тарихи процесс ретiнде қабылдайды. Соған қарамай, ұлттық сана-сезiм мен ұлтшылдық – XIX ғасырдың жемiсi. Қазiр ол барынша дендеген. XXI ғасыр басындағы әлемдi коммунизм елесiндей кезген КСРО-ның идеясы мен идеологиясы құнын жоғалтып, оның құрамындағы республикалардың ұлттық мемлекеттер санатына қосылуы соның айғағы. Осы орайда, «ұлтшылдық ұғымы шынында да үрейлі ме?» дегенге кел­генде, ғалымдар мен қайраткерлердің пікірі көбінше бір арнада тоғыса бермейді.
Ежелгі грек жерінде пайда болған патриот сөзі (раtrіоtes – жерлес, отандас) дүниежүзілік қауымдастықтың даму тарихы­на және мемлекеттердегі саяси жағдайларға байланысты әр түрлі балама мен мағынаға ие болып отырған. Мысалы, ежелгі Афина азаматтарына эл­лан тілінде сөйлей алмайтын­дармен некеге тұруға заң жүзінде тыйым салынған. Бұл заң тала­бын орындау грек патриотизмі ретінде қабылданған және мемлекеттік дәрежеде насихат­талып, бұлжытпай орындалған. Ұлы Мхатма Ганди «Ағылшын отаршылдарымен күресудің жолы – ағылшынның тауарла­рын ешқашан сатып алмау» деп жариялады. Тауарлары өтпеген ағылшын кәсіпкерлері жаппай банкроттыққа ұшырап, ақыры үнді жерінен кетуге мәжбүр болған. Демек, мұндағы патротизм біздің ұлтшылдық ұғымымызға бір табан жақындайды.
1806 жылы Фихте Германияда ұлт­тық тәрбиенi күшейту жөнiнде наси­хат жүргiзедi. «Союз добродетели» де­ген таза ұлттық негiзде қалыптасқан үйірме құрылып, ол немiстiң бiрнеше буын азаматтарын қалыптастырды. Мұ­ның бәрi немiстердi рухани күйреуден сақтап, Бисмарктан бастап, бүгiнгi Ангела Меркельге дейiнгi аралықтағы ұлттың iргетасын бекiттi. Әрине, оның арасында Гитлер бастаған фашизмнiң де бой көтер­генiн жасыра алмаймыз. Ал, қазақ ұлтшылдығы қашанда қор­ға­ныстағы, өзгенiң ел-жерiне өзгелер­дей көз алартпаған ұлтшылдық. Сон­дықтан, қазақ ұлтшылдығынан шовинистiк немесе фашистiк iс-әрекет күту – қателiк. Ұлы ойшыл Бенедикт Андер­сен: «Ұлтты қалыптастыратын – ұлтшылдық. Ұлтшылдық – идеология емес. Ұлтшылдықты фашизм, либерализм тәрiздi идеологиялармен қатар қойсақ, ол өз мағынасын жоғалтады. Ұлтшылдықты тiл, дiл, дiн сияқты құбылыстармен қатар қою керек. Оны туа бiткен қасиет ретiнде қабылдау қажет» – деген болатын. Ал, Мұстафа Шоқай болса, «Ұлтшылдық идеясы – халқымыздың жаны мен жүрегi. Ұлтымыз өмiр сүрсе, ол да өмiр сүредi» деп ұлтшылдықтың маңызын баса айтқан болатын. Осы тұста, бүгінгі күні «Қазаққа қандай және қаншалықты ұлтшылдық керек?» деген сауал туындайды. Кезінде, жазушы Ғабиден Мұстафин өткен ғасырдың 70-жылдарының басында «Бұған дейін біз ұлтшылдықпен күресіп келіп едік, енді ұлтсыздықпен күресуіміз керек» дегенге саятын пікір айтқан еді. «Ұлтшылдық мәселесіне келгенде, осынау сөздер әлі де құнын жоғалтқан жоқ па?» деген де сауал ойымызға келетіні анық.
Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында біз редакциямызда келелі кеңес өткізіп, оған философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталыны, саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қиянатұлын, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Досмұхамед Кішібековті, белгілі жазушы Қалихан Ысқақты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Жарылқасын Боранбаевты, тарихшы, саясаттанушы Әзімбай Ғалиді, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты, Театр өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Амангелді Мұқанды шақырған едік. Назарларыңызға сол келелі кеңесте болған әңгімені ұсынамыз.
– Естеріңізде болса, тарихтан белгілі, немістің қайраткері, Германия империя­сының бірінші канцлері Отто фон Бисмарк өзінің ұлтшылдылығымен Герма­нияны ұлттық мемлекет ретінде қалыптастырса, одан кейінгі тағы бір «ұлтшыл» Адольф Гитлер нацизм мен фашизмді етек алдыртып, неміс халқының әлем алдындағы беде­лін түсірді. Осыған қарағанда, ұлтшылдықтың өзіне өте сақтықпен қараған жөн сияқты. Ендеше, бізге, қазаққа қандай және қаншалықты ұлтшылдық қажет?
Амангелді Айталы:
– Ұлтшыл ұғы­мын, біз әлі де, сол советтік идеоло­гия тұрғысынан жа­ғымсыз мағына­сын­да түсініп жүрміз. Кеңес үкіметі Алаш қайраткерлерін ұлт­шылсыздар деп айыптағаны рас, бірақ, олар біз арам­за пиғылды ұлт­шыл емеспіз, ұлтымыздың мүддесін ғана қорғаймыз және қазақ мүддесін басқа ұлттарға қарсы қоймаймыз деді. Тіпті, болмаған соң, біз ұлтшыл болсақ, онда біздің ұлтшылдығымыз ерекше ұлтшылдық: «қазахский национализм не имеет колонизаторствующего характера. Он не добивается верховенства и подчинения себе кого-либо, он лишь хочет защитить себя, спасти себя, и, если сможет и сумеет достичь, добиться равенства. Казахский национализм – нищенствующий национализм», – деді. Бірақ, қазақ коммунистерінің бір тобы оларды сынға алды. Сәкен Сейфуллин ұлшылдықты былайша бейнеледі: «национализм бая пытается действовать и под предводительством неонационализма в новейшей красной маске, новейшими методами и более усовершенствованной тактикой. Он будет преподносить, как неонепман, под подходящей вывеской свои «фрукты» – красные яблоки. Но если будешь хорошенько пробовать его красненькие яблочки, то это окажется даже не яблоками, а редиской, сверху красной, а внутри белой и горькой. И этот неонационализм опаснее всего в Казах­стане, пролетариат должен и с него сорвать маску». Алаш зиялылары тұтастай ұлттық мүддені алға тартса, оған Кеңес үкіметі таптық тұрғыдан келіп, ұлтшылдарды қанаушы, бай-ма­нап­тардың сойылын соғады деп айыптады. Айналып келгенде, барлығы да тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. «Байтұрсыновщина», «Сейфуллинщина», «Садвақасовщина», «Ходжановщина» деп бір-бірін айыптаған қазақ интеллиген­циясы Голощекинге өздерін қудалауға жағдай да жасады. Сондықтан да, қазақ интел­лигенциясы 30-жылдары өзбек, тү­рік­пен, басқа да ұлттар интеллигенция­сы өкіл­дерімен салыстырғанда көп қырғынға ұшырады. Тарихтың сабағы осындай.
Ұлтшылдық атты феноменнің уы да бар, балы да бар. Сондықтан, ұлт­шылдық оның ұстанымдарына қарай әртүрлі. Ол бір жағынан киелі де, қасиет­ті де ұғым. Ол ұлттың тарихы, өт­кен асулары, құндылықтары, жі­гер қайратының қайнар бұлағы. Бұл табиғи ұлттық патриотизм. Бірақ, ол басқа халыққа астамшылықпен қарау, кем­сіту емес. Абай айтқандай, «ей, Құдай-ай бізден басқа халық бәрі антұрған, жаман, келеді екен, ең тәуір халық біз екен деп…» ойлау қазақтарға тән ұлт­шылдық. Оның құр мақтан екеніне Абай көз жеткізді. Бұл індетке салынған ұлт, соқыр ұлт, өз бойындағы мінін көрмейді. Бүгінгі қазақтың ұлтшылдығы, патриотизм тыраштану, еліктеуден аса алмай отыр. Тіпті, орыстар отарлаушы да болмағандай, орыстың құлдығында кіріптар болғанын мойындағысы келмейді. Ондай қазақтар енді тәуелсіз, қайсар, ұлт мүддесін ойлайтын ұлт азаматы бола алмайды, ол жалтақ, әрі кеткенде өткенді еске алып, қазақ не көрмеді деп жылайды. Болмаса мақтансүйгіш. Мысалы, біз елу елдің қатарына қосылдық деп мақтанамыз. Сол елу елдің қырыққа жуығы Еуропада, жалпы ішкі өнім жөнінен біз артта қалған кейбір еуропалық елдермен теңестік. Бұл сандық қана көрсеткіштер. Сол артта қалған елдердің қалалары, жолдары, қонақ үйлері, оқу орындары, туризм мәдениеті, тағы басқалары бізден көш іргелі.
Президент қазақтың бірлігін көбірек алға тартып келеді. Ол орынды. Басты мақсат қазақтың басын қосу. Басқа тілге, дінге ауысқан, әртүрлі партияда, руға, жүзге бөлінген халықтың басын біріктіріп, қазақ тілі, қазақ мәдениеті, дәстүрлі қазақы діни-наным сенім рухани негізіміз болу керек.
Бізде советтік заманнан қалған бір қағида бар: көпұлтты орта деп қазақты қазақ қолдаса ұлттық менменшілдік болады деген. Жоқ, қазақты қазақ қолдауға тиісті. Біздің басты мақсатымыз, қазақ­тың мәртебесін көтеру. Өзін сыйламаған ұлт басқаны да сыйламайды. Барлық ақшалы, жоғары еңбек ақы төленетін жұмыстар қазақтарға тиесілі болу керек. Ол қазақтың байлығы.
Қазақ өзінің мүддесін дөрекілік, анайы турашылдықпен емес, керісінше, икемділік, сабырлықпен тиімді іске асырып отыруы жөн. Бұл басқа ұлттарды елемеу деген сөз емес. Оларды билікке тарту керек. Олар қазақ тілін терең меңгергендер, айтқанда көнгіш, басқарылуға икемді болуға тиіс. Біз оларды қазақтың сойылын соғатын мамандар етуге, тәрбиелеуге тиістіміз. Оларды кейбір шовинистермен күресуге салып қою керек. Меніңше, бүгінгі ұлт­шыл­дықтың кейбір тұстары осындай.
Бөріхан Нұрмұ­хамедов:
– Менің ойымша, әр заманның өзіне сәйкес ұғымдары бо­луы тиіс. Белгілі сөз уақыт өте келе ма­ғынасы жағынан өзгеруі мүмкін. Сол сияқты, ХХ ғасырдағы ұлт­шылдық пен ХХІ ғасырдағы ұлт­шылдық деген сөздер екі түрлі мағынада. Жаңа айтылып кеткендей, Бисмарк ХІХ ғасырдың 2-жартысында болған. Ал, Гитлер ХХ ғасырдың басында болды. Ал, біз қазір ХХІ ғасырдың басында өмір сүрудеміз. Алдымен, қазіргі заманның сипатындағы жаһандану процесін жібермейтінімізді ескерген жөн. Бұл бүкіл ұлттық мемлекеттерді бір-біріне қосу, не жойылуын көрсететін үлкен тренд, тенденция. Бұл, бірінші мәселе. Екіншіден, біз қазір постиндустриалды, ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ұлттық мемлекеттердің өздері соңғы 400-500 жылдың ішінде қаншама өзгерістерге ұшырады. Сондықтан, үшіншіден, бүгінгі күннің ұлттық мемлекеті қандай болу керек дегенге жауап іздесек, заманына сәйкес дегенді түсінеміз. Міне, осы үш факторды ескерсек, біз ұлт деген ұғымға келеміз. Ұлт – деген бір мемлекетті құратын бір ел. Меніңше, қазақ ұлты ұғымына Қазақстанда тұратын бүкіл этностар кіру керек. Бірақ, қазақ ұлттық мемлекеті болғандықтан, қазақ ұлты болуы тиіс. Еліміз басқа да ұлттық мемлекеттердің үлгісін қарап, әлемдік жаһандану процесі жағдайын, ақпараттық, постиндустриалды қоғам екенін ескере отырып, ұлтшылдыққа өзіндік анықтама беруі тиіс. Сонымен қоса, «Бүгінгі күні қазақ ұлты қандай болу керек?» деген сауалға жауап бергеннен кейін, қандай ұлтшылдық қажет екені белгілі болады.
Амангелді Мұқан:
– «Қазаққа қандай ұлтшылдық қажет?» дегенде, біз жас мем­­­лекет екенімізді ес­­керген жөн. Екі жүз жылдай, біз Ре­сей­дің қол астында өмір сүрдік. Осы факторлар біздің сана-сезімімізді, көз­қарасымызды көп жағдайда қалыпқа түсірген сияқты. Алдындағы Патшалық отарлау, кейін­нен Кеңестік болған отарлау саясаты. Дегенмен, олар халықтардың барлығын бірдей етіп, теңестіріп, 15 мемлекет жеке республика ретінде болса да, бұл алдыңғы Патшалық отарлаудың жалғасы болып кетті. Мына, біздің 250 жылдық тарихымызда сана-сезіміміз отарлық түсінікте қалып қалды. Сондықтан, тәуелсіздік алғаннан кейін, бұл мәселелерді көтеруге шамамыз жетті. Десек те, ұлтшыл дегенде басымызды ала қашатынымыз сол заманнан қалып қалған үрей. Әсіресе, Кеңестік дәуірден қалған үрей еді. Өйткені, сонда «қазағым, елім, жерім» деген талай қайраткерлеріміз атылды. Бұл – бірінші толқын, екінші толқын, үшінші толқын репрессия. Осы репрессиялар біздің ұлт ретінде сенімімізді әлсіретіп, біздің космополит, интернационалист болып қалыптасуымызға алып келді. Сон­дық­тан, қазіргі күннің өзінде біздің ұлты­мыз­ға нақты не керек екенін айтқанда, артымызға қарайлай беретініміз – осы отарлау саясатының нәтижесі. Қазіргі таңда, ұлтшылдық дегенде бірінші кезекте, қазақ­тың елін сүюі, патриотизмі тұруы керек. Жақында, мен Вадим Кожиновтың кітаптарын қарап шықтым. Қарап отырсам, орыс халқының ұлтшылдығы, славян халықтарының бірігуі қолдан жасалған дүние екен. Яғни, зиялы қауым, ақын-жазушылары арқылы олардың ұлтшылдығы күннен-күн­ге арта берген. Ал, енді бүгінгі күні, ұлтшылдыққа тәрбиелеу, әуелі, зиялы қауымымыздың бастамасына, іс-әрекет­теріне байланысты. «Інжілде»: «Мұса пайғамбар елінің санасын тазалап, отанына 40 жылда жеткізеді. Егер, ол түзу жолмен жүрсе, мүмкін, 2 жылда жетер ме еді?! Бірақ, бұндағы 40 жыл еврейлердің санасын тазалап қана қоймай, билік басындағылардың өзгеріп, бір емес, екі ұрпақ дүниеден кететін уақыт болды» дегенге саятын, соған жуықтау түсінік бар. Сол сияқты, біздің тәуелсіздігімізді алғанымызға 20 жыл. Бұл әлі жарты жол. Айталық, бүгінгі 20 жастағылар бөлек. Мүмкін, тағы жиырма жылдан кейінгі жастарымыз бұдан басқа болар. Бірақ, айтылып кеткендей, жаһанданудың әсерін ұмытпаған жөн. Бұл процесс ұлттың ұлт болып қалыптасуына кері әсерін тигі­зіп жатыр. Айталық, қазір қазақ тілін мең­гере алмай жатып, ағылшын тілін игеріп жатырмыз. Бұл біртіндеп қазақ тілін жұтып қоя ма деген қауіп туғызады. Қазақта ұлтшылдықты тәрбиелеу үшін, мемлекеттік үлкен істер атқарылып жатыр. Дегенмен, әлемдік жаһандану процесінің ықпалы зор екенін ұмытпаған жөн. Кеңес Одағынан бізбен бірдей шыққан қырғыздар, өзбектерге, орыстарға да қараймын. Олардың бойында өзінің ұлтына, өзінің ұлттық құндылықтарына деген үлкен ықыластары байқалады. Әрине, бұл да дұрыс емес шығар. Ал, біздің жағдайымызға келгенде, біз Еуразиялық кеңістіктеміз. Жан-жақтың бәріне ашықпыз. Сыртқы тобырлық мәдениеттің келіп жатқан тасқыны көп. Осы тұста, біздің мәдениетіміз жоғалып жатыр. Қазір мемлекеттік тұрғыда жастарды тәрбиелеу жайлы түрлі бағдарламалар іске асуда. Бірақ, оның әсері аз. Себебі, телевидение, интернеттің, тіпті, бір голливудтық фильмнің әсері мол. Міне, сондықтан, мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан дүниелер осының жанында тамшыдай көрінеді. Меніңше, жастардың санасын дұрыс тәрбиелейтіндей әлі де үлкен шаралар жасалынуы тиіс.
Жарылқасын Боранбаев:
– Бұл сөз болып отырған нәрсе бү­гінгі күннің ең өзекті мәселесіне жатады. Мемлекеттік, ха­лықтық, ұлттық мақ­­сат-мүддемізді анық­тайды. Келеше­гі­мізге көз салуға кө­мек­­теседі. Расында да, бұл туралы көптен сөз болып келеді.Арғысын айтпағанда, 1998 жылғы 10 сәуірде «Қазақ әдебиеті» газетінде белгілі жазушы қоғам әрі қалам қайраткері Сәбетқазы Ақатаев «Ұлтсыздық, ұлтшылдық һәм ұлтжандылық» деген тақырыппен мақала бастырды. Онда ол, қоғамдық құбылысқа кіретін үш мәселені – ұлтсыздықты, ұлтшылдықты және ұлтжандылықтың не нәрсе екендігіне ой жібереді. Оның ойынша «ұлтсыздық» – мәңгүрттіктің белгісі. Оның табиғатында сатқындық үнемі болып тұрады деп анықтама береді. Ал, «ұлтжандылықта» – жалаң сезім, эмоция басым деп таниды да, ол саналы тірлікке, күрес жолына, әрекетке көп бара бермейді дегенге табан тірейді. Сәбетқазы Ақатаев үшін бізге ең керектісі – ұлтшылдық қасиет. Бұл бәрінен биік тұр. «Алайда ұлтшылдық та, ұлтжандылық та «ұлтсыздыққа» қарағанда өрелі қа­сиет, бірақ шынайы ұлтшылдыққа не жетсін!» – деп түйіндейді ол ойын.
Осы мақаладан кейін «Жазылған жай­дың жаңғырығы» айдарымен «Қазақ әдебиеті» газетінің 15 мамыр 1998 жылы жарық көрген 19-санында профессор Дос­мұхамед Кішібеков «Ұлтшылдық па, әлде ұлтжандылық па?» деген тақырыппен бұған үн қосады. «…Сөйтіп автор ұлт­жандылық пен ұлтшылдықты екі бөліп қарайды. Онысы дұрыс. Өйткені, бұлар екі түрлі ұғым. Бірақ, әлгі автордан келтірілген үзінділерден де мен ұлтжандылықтың ешбір кемістік, кө­ңіл толмайтын сипатын көріп тұрған жоқпын. Әрбір елін сүйген азамат ұлт­жанды болса ол кімге зиян? Әлде, ол біздің Егемендігімізді нығайтуға осалдық жасай ма? Олай дей алмаймын. Оның үстіне ұлтжандылықтан басқа, кері ұғым туындамайды. Әри­не, ұлтшылдық та халыққа керек. Бірақ, барлық жағдайда емес. Азаттық үшін, тәуелсіздік үшін күресте басқа елдің өктемдігіне қарсылық көрсетуде ұлтшылдық ауадай қажет, елді біріктіретін ұран іспетті. Бірақ, оны ұдайы қолдана берсек сананың сапамен қатынас мөлшері бұзылады..» дейді.
Осыдан кейін ол мынадай ой айтады: «Меніңше, ұлтшыл емес, ұлтжанды болу керек». Осы ойды мақаланың со­ңын­да тағы да екінші рет: «Бізге керегі ұлтшылдық емес, ұлтжандылық» деп қайталайды. Себебі, «Біздің саясатымыз – тұтастық, бірлік, ынтымақтастық. Мақсатымыз – егемендігімізді берік қолда ұстап,нарық қатынасына не­гіз­делген демократиялық қоғам құру. Идеологиямыз – ұлтжандылық, патрио­тизм,интернационализм». Бұл, әрине, осыдан 15 жыл бұрын айтылған сөз-пікір.Өмір өзгерістері мұның дұрыстығын көр­сетті ме? Бәрі ойдағыдай болса, неге «Ақиқат» журналы бұл сұраққа қайта оралып отыр…
Мына мәселеге көз жүгіртелік. Біз, Қазақ елі интернационализмге икем­делгелі қашан, онда неге басқалар бізге түсіністікпен қарамайды. Мысалы, Петропавл, Павлодардың қазақ даласына қатысы қанша?! Байқоңыр туралы сөз бастасаң- «Құдай қосқан көршіміз» доқ көрсетеді? Осы ма, Жамбыл – Жәкемнің «Туысқан ел» толғауының тоқетері?! Менің ойымша, «ұлтшылдық» қасиетті күн тәртібінен алып тастау әлі ерте деп білемін. Бірақ, оған заман талабына сай келетін мағына үстеу керек сияқты. Менің ойыма санаға тез сіңетін «Ұлағатты ұлтшылдық» деген атау келіп отыр. Бұл жердегі анықтамалыққа саятын «ұлағаттың» ауқымы аса зор.Ол жұмсақ та, қатқыл да, сабырлы да, салиқалы да, тіпті, тау қозғалса тырп етпейтін төзімді де, керек жерінде кешегі «желтоқсаншылардай» «Тепсінісіп келгенде» тегеурінділік таныта алатын қазақ атанған ұлы жара­тылысқа әдемі жарасатын атау деп білемін. Қараңыздаршы, біздің билік ба­сында отырғандарда «ұлтшылдық» қасиет жоқ деп кім айта алады. Немене, олар халқына қызмет етпей ай қарап отыр ма? Бірақ…бірақ, олардың бәрінде «ұлағатты ұлшылдық» қасиет бар деп айта алмаймын. Себебі, сол, қаншасы басына күн туғанда қарасын батырып, қазір өзге елдің шотын шауып жүр. Егер, олар «ұтшылдықтың ұлағаты» болатынын түсінсе, мұндай іске бармай, «Өзге елде сұлтан болғанша,өз еліңде ұлтан болды» ұстанар еді…
Қалихан Ысқақ:
– Қазаққа ұлтшыл болу керек қана емес, қажет нәрсе. Өйткені, біз 300 жылдан астам езгіде болдық. Яғни, Ресей империясының колониясы, боданы едік. Бізге тізе әбден батып қалған. Содан, біз иығымызды көтере алмай, жасқаншақ болып қалдық. Ұлтшылдықты ең алғаш қозғаған Алаш қайраткерлері. Егер де, қайраткерлеріміз репрессия құрбандары болмағанда, ұлтшыл болып қалыптасушы едік. Былайша айтқанда, тек Алаш қайраткерлері ғана емес, бар зиялы қауымымыз осы репрессия құрбандары болды. Ал, қазіргі біздің интеллигенция деп жүргендеріміз, сол Кеңес Одағының бұрынғы қызметкерлері. Мен оларды зиялы қауым деп есептемеймін. Бірақ, олардың ішінде де интеллигенттері болуы мүмкін.
Біздің жағдайымыздағы ең қиын нәрсе – елімізде 130 ұлт өкілдері бар деп айтатынымыз. Бұл мақтаныш емес. Бұл – қасірет. Осы уақытқа дейін, біздің егемендігімізді мойындамай келе жатқан жұрт бар. Сонда, біз 70%–ымыз осы ұстанымда болсақ, қалған 30%-ға жуығы жан-жаққа тартып жатыр. Ұлтшыл болу үшін, алдымен, ортақ тіл, ортақ тіршілік, ортақ идея керек. Ұлтшылдық сонда ғана барып туады. Ұлтшылдықтың неше түрлі түрлері, уағыздары, шындығы, тірлігі бар. Біздің тіліміз, тіршілігіміз ортақ болмай, ұлтшыл болуымыз мүмкін емес. Әлі күнге дейін, тәуелсіздігімізді мойындамай отырған басқа ұлт өкілдері бар. Бұлар заман сәл қисая кетсе, біздерді тастап кететіндер. Қазақ деген ұлтты мойындағысы келмейді. Ал, ұлтшыл болғанда, кешегі Алаштың қайраткерлері Мұстафа Шоқайдан бастап, оның ар жағына кетсек, Абай, Шоқан бар. Бізге Абайдың ұлтшылдығы керек. Оның өлеңдерінде, қара сөздерінің барлығында қазақты неге сынайды дейсіздер?! Бұл жерде, мәселе қазақта емес. Қазақтың орнына кез-келген ұлтты қоя салсаң, ешнәрсе бүлінбейді. Оның қазағым дегені, халқым дегені. Ұлтшыл болу үшін, біртұтастық қажет. Біртұтастық дегенде, түрі-түсі, я болмаса діні емес, идеология біреу болу керек. Қазақстанға біз егеменді елміз дегенді мойындап қана қоймай, соны дамытуға үлес қосатын жұрт керек. Сонда, біз ұлтшыл бола аламыз. Әйтпесе, қанымыздың 80%-ы қазақ, түркі халықпыз. Ресеймен қанша жыл көрші болдық, жақсы араластық. Сонда да, олар колонизаторлық психология­сын ұмытқан жоқ. Біз ұлтшыл болу үшін, олар сол психологияны ұмыту керек. Біз, қазақ құлдық психология­дан арылуымыз қажет. Осы екеуі түйіс­кен жерде, ұлтшыл болу оп-оңай нәрсе. Өйткені, қазақ деген халықтың тір­лігі, болашағы, бүгіні – барлығы сонда тоғысады. Ұлтшылдық деген жаманыңды жасырмай, жақсыңды асырып отыру. Шеттен келетін, іштен шығатын жағымсыз нәрселерді басып тастайтындай әл-қуат болу керек. Бұл халықтың психологиясында жатуы тиіс. Бізге фашизм де, диктатура да емес, елдің басын бірік­тіретін біртұтас территория, тұтас идео­логия,тұтас кәсіп, тұтас мақсат, бола­шаққа деген үлкен бағдарламасы бар ұлтшылдық қажет. Ол бағдарлама да, сол ұлтшылдықтан туатын нәрсе. Айталық, орталық Алашорданы неге құптамады?! Олардың бағдарламасынан қорықты. 1919 жылы Ленин: «Біз өлейік, тірілейік, бірақ, Қазақстаннан, Орта Азиядан айырылмауымыз керек. Айырылсақ, бізді бір-ақ күнде Антанта интервенциясы таптап кетеді. Себебі, бізге, әуелі территория керек. Екін­шіден, өнеркәсіп қажет. Экономикамызды түзетуіміз керек. Біз баюымыз керек. Ал, мына басқа бұратана елдер бізге қызмет ету керек», – деген. 1919 жылы оны ашық айтқан, Лениндікі де ұлтшылдық. Орыс­тың аруағын асыру, орыстың әл-қуатын асыру, орыс арқылы билікке ие болып қалу. Ленин коммунизмді орнатуға тырысқан жоқ. Ол тек қана билікке жетуді ойлады. Ол, әуелі, патша өкіметіне емес, патшаның өзіне деген кектен басталған еді. Лениннің бауырын ату жазасына бергеннен бері болды. Біздің жолымыз бұл емес, біздің жолымыз басқа дегені осы. Бүкіл жұртпен ұйымдастыра,патшалық құрылысты қиратып барып, билікке жету. Сол арқылы, ол Америкамен, Англиямен, Германиямен одақтас болды. Солардан ақша, қаражат, қару-жарақты да алды. Сөйтіп, Ресей империясын құртты. Бірақ, өзі қайтыс болып, империя жасай алған да жоқ. Ол тірі болғанда, кім білсін, Ста­линнің ар жағына да асып түсер ме еді?! Біздің ұлтшылдығымыз Сталин, Ленин сияқты адамдарға қарсы тұратындай идеологияға, экономикаға негізделген болу керек. Біздің қиыншылығымыз, Кеңес Одағы тұсында халқымыз жан-жаққа шашылып кетті. Күні кешеге дейін, 2 миллионы Қытайда жүрді. Қазірдің өзінде, сонда 1 миллионнан астам халық әлі бар. Тағы бір бөлігі Индияға, Иранға кетті. Қазақтардың табан тіремеген жері жоқ. Ұлтшыл болу үшін, біз қазақтың ядросын қайта ұйымдастыру керекпіз.
Әзімбай Ғали:
– Ұлт деген – жақ­сы сараптамадан өт­кен категория. Оған мен тоқталмаймын. Бірақ, ұлттың тағы бір белгісі ретінде мо­би­лизацияны ай­та кеткім келеді. Ол халықтың және эли­­­таның мобилиза­ция­сы. Ұлттық бел­гі бұл әрдайым көте­­рілу емес, сонымен қатар, керек жағ­дай­да өзін-өзі тежеу. Ұлтшылдықтың бірне­ше түрлері бар. Мысалға, біріншісі, футбол крикеті ұлтшылдығы. Үндістанда, Пәкістанда, Жаңа Зеландияда кейбір форвардтар (беделді ойыншылар) ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы ретінде қабылданады. Яғни, олардың төрінде сол форвардының суреті тұрады. Бұл футбол крикеті ұлтшылдығы. Екіншісі, лингвистикалық ұлтшылдық. Қазіргі мемлекеттік тіл дефакті. Тілдің мемлекет­тік тіл болуы да лингвистикалық ұлтшыл­дықтың бір түрі. Дегенмен, тілінен айы­рыл­ған мемлекеттер де ұлтшылдығын сақ­тай алады. Мысалға, Ирландия мемле­кеттік тілден айырылды. Бірақ, мемлекеті бар. Тағы мысал, белорустар өз тілін өздері менсінбейді. Соған қарамастан, мемлекет болғысы келеді және ол мемлекеті бар. Жалпы, меніңше, ұлтшылдық деактуализация болмайды. Өйткені, алдымызда әлі, Индия империясы құлайды. Мысалға, малеван деген халық бар. Бұрын естімеппін. Олардың Индияда штаты бар. Ал, саны 100 миллионнан астам. Оған қоса, бұл сан күннен-күнге өсуде. Менің ойымша, олардың саны біраз уақыт өткен соң орыс халқының санынан көбірек болады. Индияда бәрі өз тілінде сөйлейді. Университетті де өз тілінде оқып, тек соңғы курстарында ағылшынша оқиды екен. Ал, біздің жағдайға келсек, отаршылдықтың дәуірі кеткен. Дегенмен де, біреулер империя (мысалы, Ресей) құрғысы келетін сияқты. Біздің элита мемлекеттік тілді керек қылмай жатса да, өзінен-өзі мойындауда. Оны айтып кету керек. Ал, енді үлкен масштабта бізге Үндістан мен Пәкістаннан колонизация қаупі бар. Сондықтан, ұлтшылдығымыздың бір белгісі ретінде үлкен массивті елімізге жібермеуге тырысу керекпіз. Күн тәртібіндегі ұлтшылдық мәселесін көтергенде халықтарды миграциялау пунктімен толықтыру қажет. Ал, қандай ұлтшылдық бізге қажет дегенде, меніңше, бізге батысшыл ұлтшылдық қажет. Яғни, біз Еуропалық одақ, НАТО-ға кіру керекпіз. Екіншіден, ұлтшылдар дінге жақын болу керек. Ұлтшылдар мен діншілдер бірігіп кете ме деген үлкен қауіп бар. Қазақ ешқашан діннен бос болмаған. Бірақ, бізде оның саяси демонстрациясы жоқ. Бұл да қосымша фактор. Бізге мемлекетшілдікке негізделген егеменді мемлекет керек. Біз, шынтуайтына салсақ, ұлтшыл емеспіз. Біз қазір мемлекетшілміз. Ал, ұлтшылдық – реалдық болу керек.
Зардыхан Қиянатұлы:
– Алдымен, ме­нің­ше, ұлтшылдық түсінігіне анықтама берген жөн. Ежелгі сөздіктерге көз сал­сақ, национализм, ин­тернационализм деген сөздер жоқ. Тіпті, Дальдің сөз­­дік­­­терінен де табылмады. Бұл – Маркс пен Лениннен келген ұғымдар. Не­ге десеңіздер, Маркстің манифесін алып қарасаңыз болады. Онда «пролетариатта отан жоқ» деген сөздерден басталып, «келешекте ұлтты жоямыз» деп аяқталады. Сондықтан, Маркс­тің кезінен бастап, Ленин екеуінің қағи­дасында интернационализм деген сөз таптық формулаға салынды. Міне, содан, сол формулаға сыймаған көзқарасты адамдар немесе оның кейбір элементтерін қолдамайтын адамдарға ұлт­шыл деген сөз тағылды. Ендеше, бұл сөз сол Маркс, Ленин­­нен басталады. Ин­тер­национа­лизм, өздеріңіз білетіндей, барлық халық­ты орысқа жақындатудан бас­талды. Барлығы тең дей келе, іс жү­зін­де орыстың игілігіндегі советтік ұлт жасалды. Мысалға, шығыстағы бұрынғы тұңғыстар, якуттар қара орыс болып кетті. Ал, егер, біз тәуелсіздік алмай, Кеңес одағы тағы 20-30 жыл жасаса, біз де сол қара орыс болатын едік. Әлемнің көне тарихында ұлтшылдық деген жоқ. Оларда ұлтын сүю, ұлтын құрметтеу деген бар. Сондықтан, ұлтшылдық ұғымы бізге маркстік таптық идеологиядан келді. Ал,интернационализм ұғымы күні бүгінге дейін жалғасып жатыр.
Ұлтшылдық дегенді ұлтын сүю деген мағынада қолдану керек. Ал, меніңше, ұлтын сүю деген мәңгілік тарихи құбылыс. Тағы бір мәселеге тоқталсам, бізде 140 ұлт өкілдері бар деп жарияланып жүр. Бұндай статистика қайдан шыққанына байланысты мәліметтер жинадым. Теориялық тұрғыда, әлемде белгілі ұлттың ішіндегі халық саны 0,01%-дан аспайтын ұлттар ұлт өкілі болып саналмайды. Бұндай халықтар үлкен ұлтқа сіңісіп кету керек. Бізде халықтың 0,5%-дан жоғары құрай алатын 8 этнотоп бар. Олар: орыстар – 27%, украиндықтар – 3,1%, өзбектер – 3%, немістер – 1,5%, татарлар – 1,5%, кәрістер – 0,7%, белорустар – 0,6%. Әзір­байжан, түріктер осыған жақын. Қал­ғандары барлығы бірігіп халық санының 2,7%-ын құрайды. 0,1% құрай алатындары – 28. 0,01% құрай алмайтындары этнотопқа жатпау керек. Сонда, бізде асырып айтқанда, 70 этнотоп бар. Америкада 200-ден аса ұлт өкілі, Ресейде 170-тен аса ұлт өкілі бар. Олар бізде осыншама ұлт өкілі бар деп айтып жар салмайды. Тағы айтатыным, бізде 212 ұлттық мәдени орталықтар бар. 1990 жылы Қазақстанда санақ болды. Міне, сонда бізде 140-тан астам ұлт өкілі бар деп жар салынды. 22 шуаш, 24 чукча, 14 сали, 9 юкагир, 5 эскимос, 2 энет және жалғыз жапон студентін ұлт өкілі деп тіркеген. Қазір елімізде қаншама дін өкілдері, қаншама ұлт өкілдері өмір сүруде. Міне, осындай жағдайда біздің қазаққа ұлтшылдық, ұлтын сүю ауадай қажет. Әр қазақ ұлты үшін күреспесе, келешекте тілімізді, ұлтымызды сақтап қалу қиын. Келешекте бұл салмақты жүк.
Досмұхамед Кішібеков:
– Барлық­тары­ңыздың ой­ларыңыз бір жерден шығып жатыр. Қазір, осы мәсе­­леге қорықпастан кірі­­суге, жарыққа шы­ғаруға мүмкіндік бе­рі­ліп отыр. Әри­не, ұлт­шылдық де­­ген ұғымның заманы өт­­ті деген дұрыс емес. Халық тұрған жерде халықты сүйетін адамдар болады. Осы екеуі тұрғанда ұлтшылдықты жоққа шығара алмайсың. Бір кездері әлемдік адам деген пікір болды. Әлемдік адам деген жоқ. Ол идеология, сая­сат жасаған нәрсе. Әрбір әлемдік адам­­ның өзінің отаны, туған жері бар. Ал, ұлтшылдыққа келсек, бұл мәселе Маркс пен Энгельстің еңбектерінде көтерілді. Бұның өзіндік себебі де бар. Халықты әлемдік революцияға дайындау керек болған. Төңкеріс үшін, халықтардың басын қалай біріктіруге болады?! Екі тапқа бөлінді:езілуші тап, езіп жатқан тап. Езіп жатқан таптарды құрту үшін, езілуші таптар ұлтына қарамай бірігу керек. Ұлт тұрған жерде олардың бірігуі қиын. Міне, сондықтан, Маркс пен Энгельс осы мәселені әдейі мақсатпен теорема қылды. Біз оны солай қабылдап, түсіндік. Екіншісі, Кеңестік тұста ұлтшылдықтың көтерілуі. Көп ұлттарды, мемлекетті біріктіріп Кеңес одағын орнаттық. Сол ұлттардың әрқайсысы республика болғанымен де, негізгі мақсаты – оларды бір халыққа айналдырып, ұлттық сезімді ұмыттырып, ортақ сезіммен өмір сүргізу еді. Ал, енді соған қарсы шыққандар – ұлтшылдар. Айтпаса да, олардың істеген істері қарсы болды. Сондықтан, бұлар жауыз болып көрінетін. Барлық зиялы қауымның репрессияға түскені осы себепті болды. Үшіншіден, ұлтшылдық деген – өз ұлтын мақтап, басқа ұлтты төмендетіп, намысына тию. Ал, бізде ол жоқ. Бірақ, ұлтшыл деп атады. Неге?! Өйткені, өз ұлтын көтерді, мақтады, тағдырын ойлады. «Қалың елім қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузына түсті мұртың» деп Абай еміреніп, ашуланып, халықтың намысына тиіп, тырнап айтты. Міне, Абай да нағыз ұлтшыл. Осындай ұлтшылды халық жақсы көреді. Халық пен ұлтшылдың арасы бір. Ұлтшыл болған адамды халық әрдайым қорғайды. Ал, енді сол ұлтшыл болған адам халықтың тілегінен шығуы, халқын дұрыс жолға салуы, алдамауы, жанын беруі екіталай болуы мүмкін. Мәселен, Гитлер өз халқын жақсы көрді. Немістер – талантты халық. Гитлер «Осы халықты алдап, жеп, кедейлікке салып байып жатқан да ұлттар бар. Соларды көріп жатсыңдар ма?» деп немістердің көзін ашты. «Еврейлер расында сондай. Бірінші империалистік соғыста олар байыды, біз осындай болып қалдық» деп сөйлегенде, адамдар шашын жұлып тыңдайды екен. Өйткені, жанып тұрып, халықты тырнап айтады. Сондықтан да, оны бәрі көтерді. Тіпті, әулиедей қарады. Әрі қарай халықтың сондай сенімін алғаннан кейін, өзінің саясатын атқарды. Ол саясаты неміс халқын құртып жіберуге дейін барды. Меніңше, ұлтшылдық сезімнің екі жағы бар. Бірінші, сезімдік жақ. Екінші, саналық жақ. Сезімдік ұлтшылдық ана құрсағында жатқаннан қалыптасады. Бала анасының құрсағында жатып ұлтшыл болып өседі. Кейін, өмірге келеді, өседі. Өскен соң, бала күніндегісін есіңе түсіреді, салыстырады. Сонда да бала күніндегісіне ешнәрсе жетпейтіндей көрінеді. Тіпті, адам емес, бұл жан-жануарларда да бар. Айталық, түркімендер ақал-теке деген жылқының түрін бір кездері шетелге 6000 долларға сатты. Сол ақал-теке Америка, Англияда өспеді. Тек, Түркіменстанда тіршілік етеді. Бәлкім, Маңғыстауда өсуі мүмкін. Яғни, жануарлар да туған жерін сезеді. Адамдар да сол сияқты. Бірақ, адамда сана, ақыл, тіршілігі бар. Ол кез-келген жерде бейімделеді. Адаптация болады. Дегенмен, санасында бұрынғы жері сақталады. Мысалға, мен өзімнің туған жерімнің адамын кездестірсем, ол маған ыстық көрінеді. Бұл – жершілдік. Ол – санасыз сезім. Осы елімізде жүріп, қазақты менсінбейтін жас жастар Англияға, Америкаға барады делік. Сонда, біреу қазаққа қатысты жағымсыз пікір айтса, сол менсінбеген балаңыз сол арада сол кісімен кикілжіңге түседі. Өзінің ұлтын жақтай бастайды. Бұл не?! Бұл – ұлттық сезімнің оянуы. Ол кейін сана арқылы ұлтшылдыққа көтеріледі. Бұл мектептен, отбасынан, оқыған кітаптардан басталады. Тіпті, қазақ халқының эпостары қанша батырларды тәрбиелеуге мүмкіндік берді. Бөгенбай батыр, Наурызбай батырлар сол кезінде ғана емес, Отан соғысында да көрінді. Көп әдебиеттерде Мәскеуді аман алып қалған сібірліктер делінген. Сібірліктер деп отырғаны – қазақтар. Кезінде бұны «Правда» мойындап жазды. Міне, осындай жағдайлар арқылы біздің ұлттық санамыз көтерілді. Ал, енді осы ұлттық сана дегеннен пайда болған ұлтшылдық терминін қолданғанда біз 1936-37, 1953-жылғы репрессияны ойлап қорқамыз. Ұлтшылдықты жаман ұғым деп қорқамыз. Шынында, әрбір дені сау, ақылы орнындағы адам ұлтшыл. Бірақ, оның көрінісі, мәдениеті әртүрлі. Мысалға, біздің Елбасымыз Н.Ә. На­зарбаев басқа халықтарды бірдей қол­дайды. Оған қоса, қазақтарды да қарсы қоймайды. Бұл да ұлтшылдықтың бір түрі. Әрқайсымызда осындай сезім бар. Меніңше, уақыт өте келе көзқарас, таным өзгереді. Сондықтан, біздің айтып отырған ұлтшылдық пен ұлтжандылықтың негізі бір – ұлтын жақсы көру. «Чужды ли нам чувства национальной гордости? Мы любим свой язык, свою родину» деп 1914 жылы Ленин айтқан. Лениннің соған дейін қаншама еңбегі болды. Бірақ, зерттеушілер сол еңбектері мына кішкентай мақаладағы бір ауыз сөзге тұрмады деп бағалайды. Мен де сол пікірге қосыламын. Өйткені, осы сөзі арқылы орыстың санасын оятып, жүрегін қозғады. Мәскеудің қасына немістер келгенде, Сталин вокзалға барып, екі сағаттай ойланып, Кремльге қайтып келіпті. Ал, кетіп қалса, не болар еді?! Ол орыс халқының батырлары туралы Александр Невскийден бастап не үшін айтты? Сөйтіп, орыс халқы, оған қосылған біз, отанды сақтадық. Осыларды ойлап келгенде, ұлттық сана-сезім, біріншіден, психологиялық, екіншіден этникалық, үшіншіден, саналық процесс. Біз сол сана жағын көп айта бермейміз. Ал, сезім жағын бәріміз сеземіз. Қанша жамандасақ та, әрқайсымыз солаймыз. Бәлкім, сіздің пікіріңіз басқа шығар. Менің оған дауым жоқ.
Бөріхан Нұрмұхамедов:
– Егер, Ресей жоқ болса, Қазақстанда ұлтшылдық бола ма?! Екінші мәселе, Қазақстанда мұнай жоқ болса, ұлтшыл­дығымыз қандай болар еді? Досмұхамед аға, сіз жаңа, ұлт­шыл­­дық деген сөз ха­­лықтың қамын ойлаудан басталады дедіңіз. Яғни, біз тәуелсіздік алғалы, мына әлеуметтік мәселелерді халықтың арасында қаншалықты шештік?! Мысалға, қараңыз, оңтүстікті алатын болсақ, әр қазақтың үйінде 2-3 өзбектен жұмыс жасауда. Ол өзбекті өзіне тең адам деп емес, екінші сорттағы адам деп есептеп жатыр. Ол да ұлтшылдықтың бір түрі сияқты. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жуырда өзінің Жолдауында да мемлекеттің бірлігі ұлттық патриотизм деді. Енді қараңыз, мемлекет, ел, жер десек, ішінде бізге қайсысы маңызды?! Мысалға, Финляндиядан «Екі соғыстан кейін қалған жерлеріңізді неге талап етпейсіңдер?» деп сұрады. Сонда олар «Екі соғыстың, екі келісім-шарттан кейін ол жерді алсақ, әлеуметтік жағдайдың қиын болатыны белгілі. Сондықтан, біз ол жерлерді талап етпейміз» деген. Олар қазіргі заманға сәйкес әлеуметтік көзқараспен қарауда. Міне, енді Қазақстанды алып қарасақ, біздің жерді алып бөлінуіміз керек пе, жоқ әлде шетелде тұрып, Қазақстанға келіп, қазақ болуымыз маңызды ма?!
Зардыхан Қиянатұлы:
– Бірінші мәселе, Ресей болмаса, бізде ұлтшылдық бола ма деген өте қызықты. Бізді Ресей жаулап алғаннан бұрын, қазақ талай соғысты. Жоңғарлармен, қоқандармен, арабтармен де соғысты. Бірақ, Ресей біздің ұлтшылдығымыздың күшеюіне ықпалын тигізді. Неге десеңіздер, Ресей бізді жаулап алды. Біреудің отары болғаннан кейін, бұл адамдардың сана-сезімін күшейтіп оятады. Сондықтан, біздің ұлтшылдығымыз халықтың өзіне тән дамып келе жатқан құбылыс. Яғни, Ресей біздің ұлтшылдығымызды күшейтті. Екінші мәселе, мұнай болмаса қалай болар еді деген мәселе. Мұнайдың төңі­ре­гінде алып қашпа әңгіме көп. Халық­ты алаңдататыны сол. Сондықтан, Бөріханның айтып отырғаны, ұлт, мемлекет, халық бірлігі. Бұлардың бірлігін құрап тұрған төрт фактор бар. Бірінші – территория, екінші – тіл, үшіншісі – ұлттық психология, ұлттық сана, төртіншісі – ұлттық мүдде мен тағдыр. Осы төрт фактор бір бағытта тұр. Мемлекетшіл, не болмаса ұлтшыл, не халқын сүйеді деп айтса да артық болмас. Өйткені, бұл бір-бірімен байланысқан ұғымдар. Бірақ, мына бірлік деген ұғымды ұлттар мен ұлыстардың бірлігіне қатысты көбірек қолданады. Мысалы, 140 ұлт өкілін бір нысанада ұстап отыруды да бірлік деп айта береді. Бірақ, іс жүзінде бұларды ұстап отырған жоғарыда айтылған төрт күш, төрт фактор. Егер, осының біреуінен айырылсақ, ұлттың абырой-атағы жоғалады.
Әзімбай Ғали:
– Маңызды үрдістердің бірі – ассимиляция, консолидация. Біздің елімізде ассимиляциялық үрдістер арнайы ұйымдастырылмайды, мемлекет оны басқармайды. Бірақ, ол демократиялық, либералдық үрдіс. Мысалға, француз болғың келе ме, болғың келсе, тілін білсең, бол дейді. Ал, бізде, мультикультурализм деп аталады. Бірақ, ол да емес. Еуропада мультикультурализм бар. Германияда немісше, Францияда французша сөйлеуге мәжбүр. Сондықтан, ассимиляция – демократиялық, либералдық үрдіс. Бірақ, мемлекет оны қолдамайды. Біздегісі – сегрегациялық модель. Сонымен қатар, мемлекет ол үрдісті қолдамаса да, ассимиляциялық үрдістер жүріп жатыр.
Ұйғыр ұлтының өкілдері соңғы он жылда аз дегенде 23%-ға өсу керек еді. Өйткені, олар жан-жақтан келіп жатыр. Соған қарамастан, олар 6%-ға ғана өсті. Қалғаны қайда кетті? Олар отбасымен қазақ болып жазылып жатыр. Ассимиляциялық процес­терге бір ұлттар көнеді. Мысалға, өзбек – Қазақстанда үшінші ұлт. Өзбектер бірнеше мемлекеттерде проблема тудырды. Қырғызстанда, Түркіменстанда да үлкен мәселе болып көтерілді. Консолидация маңызды. Сегрегациялық мектепті бөліп тастау. Мысалы, мен орыс бөлімінде оқитын студенттерге «Сендер мектепте он жыл оқыдыңдар, кейін, институтта төрт жыл оқыдыңдар.Бірақ, қызметке сендер жарамайсыңдар. Өйткені, сендер қазақша білмейсіңдер» деймін. Он төрт жыл оқып, қазақша хат тіркеуге жарамау деген бұл не деген оқу?! Өйткені, бізде сегрегациялық модель. Айталық, өзбектер аттарын қазаққа икемдеп жатыр. Дегенмен, олардың ұлттық сана-сезімі өте жоғары. Оның үстіне, Өзбекстаннан өзбектер келіп жатыр. Бұл ассимиляциялық үрдістерге жол бермейді. Біздің мемлекет оны қадағаламайды. Оның үстіне, бізге этнографиялық ағартушылық жетіспейтін секілді. Шынына келсе, династиялық принциппен бөлінген бізге ең жақын халық – өзбек. Сондықтан, саясатқа коррекция керек.
Амангелді Мұқан:
– Бүгінгі күні бізге қандай ұлтшылдық қажет деп жатырмыз. Типологиялық жағынан қарасақ, ұлтшылдық саяси және этникалық болып бөлінеді. Осы тұста, үкімет жағынан, саяси ұлт­шыл­дықты да басым ұстаған жөн шы­ғар. Екінші, этникалық жағынан да қатты болу керек. Себебі, мен кеше «Шетелдегі қазақтың әдебиеті, өнері» деген экспедицияға барып, Өзбекстанды көріп қайттым. Енді, Моңғолияға, Қытайға барамыз деп отырмыз. Байқағаным, қазір қазақтар ассимиляцияға ұшырап өзбек болып бара жатыр. Көшкендері көшті. Қалғандары отыр. Тіпті, қазақ мек­тептерінің өзінде, қазақ тілі тек қа­зақ тілі және әдебиеті сабағында, бастауышта 1-2 сыныпта жүреді. Сонда, олар, басқа пәндерді маман жоқ деген сылтаумен өзбекше жүргізеді. Яғни, 5-10 жылда ол жақтағы қазақтарымыз да өзбек болып кетеді. Ал, біздің елімізде керісінше. Бірақ, этникалық жағынан ұлтшылдығымызды ұстауымыз керек. Бізде оған кеңістік бар. Яғни, басқа ұлттардың ішіне өзіміздің ұлттық құндылығымызды енгізу.
– Халықаралық «Фридом Хаус» ұйымының мәліметінше, жер бетіндегі мемлекеттердің 75%-ында ұлттық статус бар екен. Мысалы, поляк, чех, өзбектер тағы да басқалары өз Отандарында үстемдікке ие. Сіздерше, қазақ сол дәрежеге көтерілді ме?
Зардыхан Қиянатұлы:
– Бұл бір жақсы сұрақ екен. Біздің қазақта ұлттық мемлекет деп жариялайтын мүмкіндік әбден бар. Қазақтың саны 65%-ға жетті. Басқа мемлекеттерді қарап отырсаңыз, адам саны сол 50-60%-дан асқаннан кейін ұлттық мемлекет статусын береді. Бірақ, біздің басқару жүйемізде біршама кемшіліктер бар. Айталық, негізгі заңымыз – Конституцияны алса да болады. Онда, қазақ деген сөз үш жерде ғана қолданылады. Байырғы қазақ жерінде деген бастапқы сөзі бар. Конституцияның 7-бабында қазақ тілі мемлекеттік тіл дегені, содан, 7-бабының 2-тармағында орыс тілі қа­зақ тілімен тең қолданылады деген сөз бар. Менің ойымша, мемлекетімізге қазақ деген ұлттық статус берілуі күн тәрті­біне кешікпей қойылуы тиіс. 2025 жылы халықтың 95 %-ы қазақ тілін біледі дегенге қол жеткізу қиын. Мысалға, түрлі әлемдік жобалар бар. Олардың көпшілігі бізде орыс тілінде жазылады. Не болмаса, біздегі ақпараттық кеңістікті қараңыз, орыс тілінде шығатын – 4000 БАҚ болса, қазақ тілінде – 400. Салыстырсақ, арасалмағы 40:1. Сондықтан, қазіргі кезде бізде ұлттық статус болады деп айту қиын. Бірақ, бұны тастамай, бұл мәселені көтере беру керек.
Бөріхан Нұрмұхамедов:
– Алдымен, мен алдында өзім қойған сұрақтарға жауап бергім келеді. Қойылған сауал бойынша, қазақ дегенде, қазақты ұлт ретінде емес, қазақты этнос ретінде түсініп отырмын. Себебі, қазақ ұлты – Қазақстанда тұратын бүкіл ел. Сол се­бепті, қазақ ұлтшылдығы мен патриотизм тең ұғым болу керек. Ол ұғым тең болу үшін, әуелі, біз әлеуметтік мәселені шешіп алғанымыз жөн. Себебі, біздің бай, кедей болып бөлінуіміз бір мәселе. Біз Кеңес одағынан өтпесек, бәлкім, ондай болмас еді. Дегенмен, өттік, бұл проблема бар. Меніңше, ұлтшылдықтың ішінде бұл мәселе шешіліп, тиісті орын алуы керек. Үшіншіден, қазақ ұлтшылдығы ашық болуы керек. Қазақ кез-келген мемлекетте өмір сүруге дайын болмаса болмайды. Басқа ұлттар келем десе, қазақ ашық болуы тиіс. Біз изолицанизм деген жолмен кетпеу керекпіз. Біздің миграциялық заңымызды қарастырсақ та, біз келіп жатқан өзбектерді, тәжіктерді бөліп жатырмыз. Яғни, біз өзімізді жабық түрде қарастырудамыз. Біз одан кету керекпіз. Ұлтшылдық ашық түрде болуы тиіс. Үшіншіден, «Мен алғашқы төрт Халифтердің кезеңінде өмір сүрмегеніме өкінемін. Себебі, олар қалыптастырған қоғам әділетті болатын» дегенге саятын Бисмарктің сөзі бар. Менің ойымша, ұлтшылдықтың ішінде әділетті қоғам түсінігі де орын алу керек. Ал, жаңа айтылып отырған мәселе, қазақ өзінің ұлттық мемлекет деңгейіне жетті. Бұнда ешқандай да жалтақтаудың қажеті керек жоқ. Біз психологиялық комплекстан құтылуға тиіспіз. Ресей болғаннан кейін, біз өзімізді осылай сезінеміз. Біз бұрын колония болғанбыз дегенді қою керек. Кеше Президентіміз «Керек болса біз кез келген ұйымнан шығып та кете аламыз» деді. Сондықтан, жалтақтық керек емес.
Амангелді Мұқан:
– Мен қойылған сұраққа тікелей жауап бергім келеді. Қазақ сол үстемдік ететін дәрежеге көтерілді ме дегенде, мен толық емес деп жауап беремін. Құқықтық жағынан бізде бәрі бар. Бірақ, адам факторы тұрғысынан қор­қақ­таймыз. Мысалға, мен жақында Оралда болып қайттым. Орыстың ғұламаларына қойылған ескерткіштерді алудың өзінде жалтақтық бар. Біз Ресейге әуелі, экономикалық жағынан алаңдаймыз. Сосын, қалған жағынан да алаңдаушылық бар. Сондықтан, өзіміздің ұлттық батырларымыздың ескерткіштерін қоя алмаймыз. Қарасам, Абайдың ескерт­кішін қою үшін, бір мезгілде Пушкиннің де ескерткішін қоюға дейін бардық. Сол­түстік өңірлерде жалтақтық басымдау. Жалпы, іргеміздегі Ресей мен Қытай сияқ­ты алып мемлекеттер тұрғанда, әзірше біздің толыққанды экономикалық және саяси еркіндік алдық деуіміз артықтау. Өйткені, біз қабырғасы жаңа қатайып келе жатқан жас мемлекетпіз. Бірақ, қазақтың «Құдайдан үмітім бар» деген қанатты сөзіне иек артсақ, еліміздің болашағы әлі алда. Оған негіз қаланған. Тек, осы өзіміз әңгіме етіп отырған ұлтшылдықтың оң үлгісі қажет.
Жарылқасын Боранбаев:
– Не үшін Созақ көтерлісшілері басын айбалтаға тосты?! Олар Кеңес үкіметін жеңіп шығамыз деп ойлады деп айта алмаймын. Әйтсе де, олар сол жасаған тірліктерінің ұрпаққа ұлағат болатынын түсінді. Алаштың айтулы ардагерлері де солай етті. Ұлтшылдықты ұлағатпен көмкерді. Әңгіменің төркіні «Аттандау» емес, «Ақырын жүріп, анық басуда…» Мысалы, мен өзім 45 жылдай жас ұрпаққа ана тілінен дәріс бердім. Мыңдаған шәкірттің санасына шым-шымдап «ұлағатты ұлтшылдықтың» дәнін септім. Содан да болар – Базарбаев Сүйерхан дейтін шәкіртім қазақ елінің символы –Астана қаласында орнатылған «Бәйтеректі» сомдады. Қазақ елінің туын көтеріп Елшілікте жүргендері де бар…
Сонымен айтар, сөзді түйіндесем, бізді қазіргі таңда, келешекте де «ұлтшыл­дықтың ұлағаттысы» керек деп білемін. Ол болса да – жауапкершілік, іс-қимыл, қолда күш болмаса да іштей беріспеу, өткеннен сабақ ала отырып, келешектің көкжиегін қолдан келсе кеңіте беру, әз халқыңа қолдан келсе көмектесу, қиын күндерде, қуанышты күндерде бірге болу, еңбегіңді сатпау, өз-өзіңді құрметтей отырып өзгенің құқығына қол сұқпау, тәуелсіздік тұғырын шайқайтын кез-келген әрекетке ымырасыздықпен қарау, Евразия құрлығын тең жайлаған өзіміздің ұлы жұрт екендігімізбен орынды мақтана, жеткен жетістігімізге шаттана білу, ынтымақ-бірлігімізді,терең тамырлы тірлігімізді көздің қарашығындай сақтау, бізді қолдап тұрған бір Алланың барына шәк келтірмеу, ата-баба аруағына адал болу, мүмкіндігінше бойға сіңген жаман әдеттерден арылу, «Біріңді, қазақ, бірің дос, Санамасаң істің бәрі бос!» дейтін Абайдың аталық сөзін жадымыздан шығармау т.б. осыған жатады деп біле­мін. Әрине, «көппен көрген ұлы той» бо­ларына сенемін…
Әзімбай Ғали:
– Бізге үлкен қазақ ұлты болу керек деп ойлаймын. Қазақ болғысы келе­тін­дер, бірақ, қазақша білетіндерді құрай­тын, интеграцияның құндылықтарын қабылдайтын үлкен қазақ ұлты керек. Тілдік және мәдениеттік статус болу керек.
Досмұхамед Кішібеков:
– Қазақ ұлты келешекте болуы мүм­кін. Оған уақыт керек. Қазақ халқы, Қазақстан мемлекеті, Қазақстан халқы бар. Міне, осыны ажыратуымыз керек. Қазақ ұлты деп басқа ұлттар жазылғанмен де, олар қазақ ұлты емес. Соған сәйкес, үстемдік дәрежеге келешекте көтерілуіміз керек. Қазір соған жетеміз деп айту да ерте сияқты. Құдайға шүкір, біз көп нәрсеге 20 жылда жеттік десе де болады. Бірақ, айтып жатқан мәселеміз одан да ұзақ уақытты керек етеді.
Зардыхан Қиянатұлы:
– Канттың «Тәтті, тәтті дей бергеннен, аузың тәтті татымайды» деген сөзі бар. Сол сияқты, біз қазақ дей бергенмен де, қазақтікінің бәрі алтын емес. Қазақта да осалдықтар бар. Бейжайлық, жалқаулық, қонақжайлық, дарақылық бар. Отбасылық қонақжайлығымыз мемлекеттік қонақжайлыққа ауысып барады. Қазақтың өз аузыңа тиетін нәрсесі басқаға тиіп жатқандары да жоқ емес. Мысалға, моңғолдардың «Кісінікін кісі жегенше, өзіңнің итің жесін» деген ма­қалы бар.
Досмұхамед Кішібеков:
– Бұл да бір ұлттық пікір ғой.
Зардыхан Қиянатұлы:
– Сондықтан, қазақта дарақылық бар. Ұлтшылдық мәселесіне келгенде, біз қазақтың осындай осалдықтарынан арылу керекпіз. Өйткені, ұлтшылдық мәселесіне келгенде, осы тұстарды ескер­ген жөн. Мысалға, жаңа Бөріхан айт­қандай, ұлтшылдықты ашық қойып, Аман­гелді айтқандай жалтақтықты тыйып, жинақыланғанымыз жөн. Жаманды ішімізден де іздей білген дұрыс. Халықты жақсы көріп, бірақ, кемшіліктерін де айта білгеніміз абзал.
Амангелді Мұқан:
– Еврей тілінде шығатын бір газет бар. Кеңестік тұстағы «Пролетарии всех стран, соединяйтесь» деген сияқты, олардың да газетінде атауынан кейін, «Каждый еврей ответственен за каждого еврея» делінген екен. Жаңа ғана, Абай атамыз «бірінді қазақ, бірінді дос санамасаң, істің бәрі бос» деп айтты дедік. Қанша ақылды деп санаған еврейлеріміздің айтқаны, осы Абай атамыздың айтқанынан артық емес.

(Суреттерді түсірген Азамат Құсайынов)

Алдыңғы «
Келесі »