Қазақ ағартушылығы және ұлтшыл­дығы

  • 01.03.2013
  • 1385 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мәмбет Қойгелдиев, тарих ғылымының докторы

Еуропа тарихындағы бүтін бір кезең (XVII және XVIII ғғ.) Ағартушылық немесе Ақыл-Парасат дәуірі аталады. Оның негізінде ғылымның күшке айналып, жаңа өріс алуы жатты. Еуропалық ағартушылық ортағасырлық діни фанатизмнен бас тартып, феодалдық қоғамдық тәртіпті жою, жеке тұлға басының еркіндігіне, білім мен ғылымға кең жол ашуға үндеді. Орыс ғалымы Н.И. Конрад ағартушылықты жеке таңдаулы елдерге ғана тиесілі «аймақтық» құбылыс ретінде қарауға қарсы, оның пікірінше ағартушылық әлемдік-тарихи құбылыс. Қазақ қоғамына ағартушылық идеясы Ресей арқылы келгені рас. Бірақ, қазақ ағартушылығының мазмұндық және хронологиялық тұрғыдан өз ерекшелігі, тағдыры болды. Қазақ ағартушылығын, әсіресе, оның ХХ ғасырдың басына тән кезеңін, еуропалық және орыстық ағартушылыққа еліктеуден туған құбылыс ретінде қарастыру, оның табиғатын тура түсіне алмаушылыққа ұрындырар еді. Осы ретте, қазақ ағартушылығына тиесілі, оның мынадай ерекшеліктерін ескерген жөн. Қазақ топырағындағы ағартушылық идеясы ескі феодалдық тәртіп пен қоғамдық қатынастарға, діни фанатизмге қарсы бағытталуымен бірге, ресейлік отарлық езгіден құтылуға, заман сұранысына лайық білім мен ғылымды игеруге үндеді. Ұлт-азаттық үшін күрес басшылары, бұл негізгі мақсатқа жетудің жолы, қазақты ұлт ретінде біржола қалыптастырып, оның ұлттық мемлекеттігін жаңғырту арқылы жүретіндігін жақсы түсінді. Басқаша айтқанда, қазақ ағартушылығының идеясы қазақ ақын, жазушы, философ ғалымдарының шығармашылық ізденісі арқылы жалпы ұлттық жобаға айналды. Кезінде кеңестік идеология қазақ ағартушылығын Шоқан, Ыбырай және Абайдың қызметімен шектеуге тырысты. Ал, қазақ ағартушылығының ұраны-девизі ретінде ұлы Абайдың «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті… Балаңа орыстың ғылымын үйрет!» деген тұжырымы алынды. Қазақ ағартушылығының ұраны ретінде Абай сөзін алған идеологияның мақсаты қазақ мәдениетін ылғи да үй­ре­нуші шәкірт және еліктеуші мә­дениет дәрежесінде ұстау болатын. Бұл ұстанымдағы қазақ мәдениетінің түпнұсқалық (оригиналдық) мазмұны күн өткен сайын әлсіреп, ең соңында көшірме мәдениет дәрежесіне түсуге тиіс еді. Мұндай тағдырдан бізді 1991 жылы келген мемлекеттік тәуелсіздік сақтап қалды. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекеттік Тәуелсіздік бірнеше ғасырлардан бері халқымыздың ең озық, ойлы азаматтары аңсаған басты құндылык екендігі айқын. Бұл арада, біздің Абай айтқан пікірдің дұрыстығына шек келтіру пиғылымызда жоқ. Ұлы ойшыл сөзінде тарихи шындықтың табы жатыр. Орыс мәдениеті мен тілі қазақты әлемдік өркениетпен жалғастырған көпір болғаны даусыз шындық. Сонымен бірге, кеңестік идеология жасаған тұжырымды малданып тарихи шындыққа көз жұму да әділетсіздік болар еді. Ал, тарихи шындық қазақ ағартушылығының қоғам мойындаған девизі Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» (1909) деп тастаған ұраны бол­ғандығын көрсетеді. Қазақты «Маса» болып ояту Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» (1909) және «Маса» (1911) атты кі­тап­тарының негізгі өзегі болғандығы аян. Тіптен, XX ғасыр басындағы кітап, мақала жазған ұлт оқығандарының мақсат-мұраты осы ортақ ұстанымға келіп тоғысып жатты. Егер, қорыта айтар болсақ, қазақ ағарту­шылығының толыққанды қоғамдық құбылыс ретінде көрінуі XX ғасырдың алғашқы ширегіне, яғни, алаш зиялыларының қызметіне тұс келеді. Жалпыұлттық «Айқап» журналының (1911-1915), «Қазақ» газетінің (1913-1918), екі миллионға жуық тиражбен басылған (революциялық өзгерістерге дейін) қазақ кітаптарының жарық көруі және басқа атқарылған істер, осы тұжырымға негіз бола алады. Ал, Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің және А.Құнанбаевтың ағартушылық ісіндегі орнына келсек, онда олардың қызметі қазақ топырағындағы ағартушылықтың алғашқы қадамы ретінде бағалануға лайық. Енді, қазақ ағартушылығының хроноло­гиялық ауқымы жөнінде. Салыстырмалы тұрғыдан алғанда, мәселен, еуропалық ағартушылық ешқандай да сыртқы араласусыз барлық қалыптасу және даму сатыларынан емін-еркін жүріп өтті. Сондай-ақ, оның өкілдері ешқандай да репрессия құрбаны болған емес. Ал, қазақ ағартушылығы барлық белгілерімен толыққанды тұтас қоғамдық процесс ретінде XX ғасырдың басында қарқынды өріс алғанымен, ұзаққа созылған жоқ. Бар болғаны жиырма жылға жетер-жетпес мерзімге созылды. Ал, оны бастап, бағыт-бағдарын анықтаған тұлғалар түгелдей дерлік саяси репрессия құрбаны болды. Мұндай трагедияны бірде-бір еуропалық ұлт басынан кешірген жоқ. Соған қарамастан, қазақ зиялыларының 20-30 жыл көлемінде жүріп өткен жолы кез-келген зерделі адамды таң қалдырмай қоймайды. Осы мезгілде олар заман сұранысына лайық ұлт-азаттық күрес идеологиясын қалыптастыра отырып, отаршыл билікке арыз-тілек (петиция) жазудан (1905) ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту мәселесін қолға алып, оны іске асыру әрекетіне дейін көтерілді (1917). Мұндай жағдайдың адамзат тарихында жиі көріне бермейтіндігін айтқан артық емес. Қазақ ағартушылығының, сондай-ақ, мынадай бір ерекшелігіне назар аударған жөн. Ол қоғамдық ұстаным және көзқарас ретінде қазақ, ұлтшылдығына соқпай өте алмайтын еді. Ал, қазақ ұлтшылдығы қоғамдық ойдағы негізгі де ықпалды ағым ретінде «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті арқылы толық көрініс тапты. Бұл ретте «Айқаптың» орны мен рөлі (1911-1915) қазақ ұлтшылдығының бастапқы калыптасу кезеңіне сай келсе, ал, «Қазақ» газетінің қызметі оның, яғни, қазақ ұлтшылдығының біржола кемел ағым ретінде орнығуына тұс келді. Ұлтшылдық (қоғамдық ойдағы ағым, ұстаным ретінде) бұл жалғыз қазақ қоғамына ғана емес, жалпы барлық отар елдерге ортақ құбылыс болатын. Сондықтан, болса керек, Дж. Неру осы тарихи кезеңде ұлтшылдық «бүкіл Азия елдерінде үстемдік құрған прогресшіл күш болды», – деп көрсетті (Неру Дж. Открытие Индии.Кн.2. М., 1989.С.109-113). XX ғасыр басындағы қазақ қоғамы жағдайында білімді және саналы аза­матқа ұлтшылдық ұстанымында бол­мау мүмкін емес-тін. Міржақып Дулат­ұлы айтқандай сол тарихи кезеңдегі қазақ қоғамында «шын ұлтшылдың өзі аз еді. Ұлтшыл еместердің көбі, өзімшіл, дәрежеқұмар, зорлықшыл еді». Бұл мезгілдегі қазақ ұлтшылдығының өзі ағартушылық сипат алды. Бұл тұрғыдан алғанда, ол Абай мекте­бінен шыққан ұлтшылдық, яғни, өз ұлты – қазақ елінің кемшілігін ашық сынға алып, онымен ымырасыз күреске шыққан сыншыл әрі қорғаныстық ұстанымдағы ұлтшылдық болатын. Өткен ғасырдың басындағы қазақ қоғамын, оның рухани әлемін билеген екі құдіретті күштің болғанын бөліп айтқан жөн. Оның бірі сөз, яғни, қазақ тілінде білімдінің аузымен айтылған орынды пікір, екіншісі қоғам өмірінің сахнасына әлгінде ғана көтерілген әлеуметтік күш, елдің жоғын жоқтаған зиялылар шоғыры еді. Ал, «Айқап» және «Қазақ» сияқты басылымдар, осы екі құдіретті күшті халықпен жалғастырушы көпір міндетін атқарды. Қазақ қоғамы бұрын білмеген «зиялылар» аталған әлеуметтік топ жалпыұлттық басылымдар арқылы, түрлі баспа орындарынан шамамен миллион тиражбен жарық көрген кітаптары арқылы сөзге, сөз арқылы қазақ тіліне жаңа күш, қуат, салмақ берді, оны халыққа жақын ете түсті. Өз ретінде сөз зиялылар тобының ел өмірінде алатын орнын анықтады. Міне, осы үш қуатты күш – Сөз, Зиялылар, Мерзімді басылым – ұлт өмірін өзгертті. Ұлт өміріне жаңа мазмұн, жаңа сапа берді. Қазақ аталатын жұрт осы үш күштің қызметі арқасында өзін тұтас бір этникалық қауым ретінде сезінді, адамзат қауымдастығындағы өз орнын іздеу жолына түсті. Кезінде кеңестік идеология XX ғасыр басындағы алғашқы зиялылар буынын қазақ қоғамын ілгері емес, кейінге сүйрейтін күш ретінде көрсетуге тырысты. Бұл тарихи шындықка, ұлттық руханиятқа жасалған қиянат еді. Шын мәнінде, XX ғасырдың басындағы алғашқы буын ұлт зиялылары өзіне аса зор да жауапты тарихи міндет жүктеді. Егер, біз оны Мұстафа Шоқай сөзімен айтар болсақ, ол «халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізу» еді. «Біздің ғасырымыз, – деп жазды. Шоқай – Шоқан дәуіріне қарағанда мүлде басқа. Шоқан ол кезде жалғыз еді. Және оның алдында халқын ұлт деңгейіне көтеру міндеті тұрған жоқ болатын. Бұл мәселені ойдан шығарып алған жоқпыз. Тарих пен өмір қажеті, оянған халықтың мағыналы түйсінулері осы бір маңызды міндетті біздің алдымыздан шығарып отыр». Егер, М. Шоқай пікірін қорыта айтсақ, XX ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының алдына қойған міндеті, қазақ деген «халқын ұлт деңгейіне көтеру», өз елін «жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру» болды және осы мұратқа жету жолында халық бұқарасымен арада ортақ сана қалыптастыруға тырысты. Осы ретте қазақ ағартушылығы мен ұлтшылдығына тиесілі, мынадай, бір жағдайға назар аударуға тура келеді. Қалыпты да бейбіт даму жағдайында ағартушылық қызмет ұлттық тілдің, білім жүйесінің, жаңа сатыдағы ұлттық мәдениеттің, ұлттық бірегейлік пен сананың қалыптасуымен аяқталмақ. Басқаша айтқанда, ағартушылық ұлт үшін ұйтқы элемент міндетін атқа­рады. Сол сияқты ұлтшылдықтың да түпкі мақсат-мұраты бар. Отарлық езгі жағдайындағы елдер үшін, ол ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту немесе оны қалыптастыру. Ұлттық мемлекет азаттық жолына түскен елдің территориялық тұтастығы мен еркін дамуының кепілі. Қазақ ағартушылығы мен қазақ ұлтшылдығының тағдыры өкінішке орай қайғылы қалыптасты. Олар көздеген мақсатына жете алмай, бар болғаны жиырма жылға жетер-жетпес уақытта тарих сахнасынан ығыстырылды. Патшалық биліктің орнына келген Кеңестік билік қазақ ұлт-азаттық қозғалысын гуманизмге, өркениеттік ұстанымдарға мүлдем жат әдіс-құралдар арқылы басып жаншыды. Бүгінгі казақ қоғамның көптеген мәселелері ағартушылық және ұлтшылдық идеяларының өзінің табиғи логикалық соңына жетпей үзіліп қалуына байланысты.

Алдыңғы «
Келесі »