Кітапқа көзқарас – мәдениеттілік өлшемі

  • 01.03.2013
  • 1127 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дархан Мыңбай

Таяуда ел халқына ұсынған «Қазақ­стан – 2050» стратегиясында Елбасымыз: «Интеллигенция қалыптасқан мем­лекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құнды­лықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және бола­шаққа құлшынысты болуға тиіс» деп атап көрсетті. Сондай-ақ, бағ­дар­ламалы құ­жат­та «Қазақ халқы және мем­лекеттік тіл даму үстіндегі қазақ­стан­дық азаматтық тұтастықтың бірік­тіру­ші ұйт­­қысы болып келеді» деп анық айтыл­ды.
Осы тұрғыдан келгенде, халық рухани құндылықтармен жетілетіні, мәдени парасатпен елдік істерді жүйелейтіні түсінікті. Руханияттың қайнар көзі, дәстүрдің алтын арқауы – елге, яғни, қалың оқырманға берері мол толыққанды туындылар, шыққан күндей шын шығармалар, атқан таңдай ақиқат дүние­лер.
Кітап – қай заманда да киелі құндылық, асыл қазына. Сондықтан да әрбір халық мәдениетінің биіктігі мен ділінің беріктігі шы­ғарған кітабымен, оның мазмұнымен, көр­­­кем­дігімен, сапасымен, сауаттылығымен өлшенетіні анық. Кезінде тарихымызды тара­тып айтып, дәстүрімізді дәріптеп жазатын заманды аңсадық. Сол мамыражай заман, міне, туды. Ел болып, еңсе тіктеп, сан алуан тақырыпта кітап шығаруға мүмкіндік алдық. Бейнелеп айтсақ, жазам деген адамға тақырып та жетерлік, жағдай да бар, басып шығарамын деген қаламгердің баспасы және дайын.
ТМД елдері ішінде кітап шығару ісіне қолдау көрсетіп жатқан нақ Қазақстандай бірде-бір мемлекет жоқ. Мәселен, 2011 жылы елімізде жалпы таралымы (тираж) 16 млн. 300 мыңнан асатын 5324 аталым кітап жарыққа шыққан екен. Бұл көрсеткіш адам басына шаққанда жыл сайын мемлекетіміздің бір тұрғынына бір кітаптан келетінін көрсетіп тұр. Аталған меже жылдан-жылға өсіп келеді. Бірақ, «біз сан қуамыз деп сапаға нұқсан келтіріп жатқан жоқпыз ба?» деген заңды сұрақ алдымызда көлденең тұрады.
Айтайық дегеніміз, кітап бір күн оқылып, ертеңінде ескерусіз қалатын мер­зім­дік дүние емес. Ол – ұрпақтан ұр­паққа мирас болатын рухани жәдігер. Қазір біз әйгілі «Александрия кітапханасы» мен «Отырар кітапханасын» аңыз етіп айтамыз. Сондай-ақ, Армениядағы Матенадаран қолжазбалар орталығында V ға­сырдан бергі көне кітаптар сақтаулы тұр. Бұл мұралар армян халқының ұлт­тық мақтанышына айналған. Тасқа басыл­­ған кітапты қадір тұтып, киелі санау – әлем халықтары секілді, біздің ұл­ты­мыздың да әлімсақтан бергі қасиеті. Кеңестік тоталитаризм жылдары араб қар­пінде жазылған ескі жәдігерліктердің бар­ша­сына тыйым салынғанда, тығырыққа ті­рел­­­ген аталарымыз оларды киізге орап, кесене, зираттарға апарып жасырғаны, көмгені – ескішілдіктің сарқыншағы емес, көмекті кімнен күтерін білмеген шарасыздық еді. 50-жылдардың соңында бірсыпыра бастамашыл адамдар «Абайдың қолжазбасы, кітабы біріктірілген қос қазанға жасырылған екен» деп, Қарауылды әрі-бері кезгенін де жұрт аңыз қылып айтады. 70-жылдары Отырарда археологиялық қазба жұмысы жүргізілгенде, халықтың бірінші сұрағы – «Кітапханасы табылды ма екен?» болғанын да жасырмаймыз. 90-жылдары Алтайдан Атырауға дейінгі ауылдарда ескі кітаптар табылып жатты. Тіпті, Орталық Азиядағы үлкен мұқабалы Құранның бір нұсқасы қарапайым қазақ ауылынан шықты. Тарихымызда «кітап ұстаған», «кітап ашқан», «абыз» («хафиз» – арабтың сөзі, «жаттаушы» дегенді білдіреді) деген ұғымдардың да ізі сайрап жатыр. Ата-бабаларымыз заманында Құран сөзін кітап сөзіне балап, оған имандылықпен, асқан ыждаһаттылықпен қараған. Айналып келгенде, осының бәрі халықтың рухани мұраға деген, кітапқа деген қамқорлығы мен құрметі еді.
Осы тақырыпқа орай мына бір тағылымды оқиға есіме түсіп отыр. Есімі елге танымал мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың екі мыңыншы жылдың басында Шымкент қаласына сапарлап келді. Бұл кісі кезінде осы облысты басқарып, бойындағы бар қажыр-қайраты мен тәжірибесін өңірді өркендетуге жұмсаған айтулы тұлға-тын. Сол еңбегіне сай жұрт жапырылып құрмет көрсетіп, Асекеңе: «Сіз Шымкентке дүйім жұртты қызықтыратын дендропарк, иппод­ром салдырып бердіңіз, бұл ісіңіз ұрпақтан ұрпаққа мәңгіге қалады» деген сыңайда мақтау-марапаттау сөздер айтып жатты. Сол кезде Асанбай Асқарұлы ойланып тұрып: «Халқымызда «елу жылда – ел жаңа» деген сөз бар. Заман өзгерген сайын, әр ұрпақ ғимараттарды өз талғамына сай өзгерте беруі мүмкін. Ал, ұрпаққа мұра боп жететіні – тек кітап қана. Соны ойлай келе, көп даярланып, ұзақ толғанып «Ұлы Тұран­ның ұлдары» атты кітап жазып, жа­қында жарыққа шығардым. Кітап шығару да үлкен ілім екен. Тәуелсіздікке қол жеткен соң бұрынғыдай Мәскеуге жалтақтамай жазу үшін көп нәрсені қайта ақтарып, жаңаша жүйелеуге тура келді. Соның арқасында бірталай әдебиетті қайта оқып шықтым. Ұрпақ алдында тындырған шаруам, қалдырған мұрам деп осы кіта­бымды айтар едім. Бұл еңбе­гім замандас­тарыма, тұстастарыма ғана емес, келер ұрпаққа арналады. Жиған-тергенімді, көр­ген-түйгенімді қағаз­ға түсіруді де үл­кен сауапты іске санадым» деген еді.
Айтса айтқандай-ақ, кейін Шымкент­тегі дендропарктің жан-жағы жекешеленді­ріліп, өзгеше құбылды. Ипподром да өзгеріске түсті. Қарап тұрсақ, қайраткер ғұ­мыр тәжірибесін салмақтап, көріп-біліп айтқан екен. Бұл жерде өмір көрген, көңілге көп нәрсе түйген, ұдайы ат үстінде жүріп, жазу-сызудан ал­шақтап қалған адамның кітап шығаруға деген құрметін, оған деген жауапкершілік сезі­мін аңғарамыз.
Бүгінгі қоғамда «кітап оқитындарға қара­ғанда кітап жазушылар көбейіп кетті» деген сын-пікір айтылып қалады. Әдебиет атты күмбезді өз қолымен қаласып жүрген белгілі ақын-жазушылардан бөлек кітап жазуды «көрінсем, жарқырасам» деп атақ қуып, ермек еткен әуесқой жазармандардан аяқ алып жүргісіз.
Жалпы, салақиятты, көзіқарақты жұрт ұғы­нуы тиіс бір мәселе бар. Қаламгер жақсы жазылған кітабының міндетті түрде жарық көретініне, рухани құндылықтар қатарына енетініне кәміл сенімді болу керек.
Ал, жақсы кітап деген не? Оның өлшемі қандай?.. Жақсы кітап бұрын-соңды жарық көрмеген, жұртшылыққа ой салып, жансарайын ашатын, тәлім-тәрбиелік мәні терең, ақылдың кені, кі­сі­ліктің кілті болуға тиіс. Бұдан бөлек, кі­таптың басты құндылығы саналатын сауаттылығы мен көркемділігімен қоса, полиграфиялық безендірілуі (дизайны), қа­­ріп түрі (жас ерекшелікке қарай әріп тұр­патына дейін түрлі өзгерісті қажет ете­ді) талапқа сай мінсіз болуы керек.
Бүгін ақыл таразысына салып, сабырмен қарайықшы: осы талап орындалып жатыр ма?
Қазіргі әсіре іскері, пысығы бар, данқ құмары бар – көп адам қолдағы қаржысын, байлық пен беделін пайдаланып кітап шы­ғарғысы келеді. Жасыратыны жоқ, баз бі­реу­лер дүниесін малданып, сапасы мен сау­аты төмен «кірпіштерді» басып жариялауды үрдіске айналдырды. Ал, бірақ ол кі­тап оқырман талғамын өсіре ме, өшіре ме, бәсекеге шыдай ма, шыдамай ма – ол жа­ғына басқа біреулер, басқа ғасырда бас қатыруы керек секілді. Біраздан бері айтылып келе жатқан тағы бір күрделі мәселе бар. Жазуға икемі барлар облыс, мекеме басшыларынан жалынып-жалпайып кітабын шығартып, содан кейін «өткізіп бер» деп тағы да сол орындардың маңайын жағалап жүру әдетінен әлі де арыла алмай келеді. Тіпті, әлгідей әдіспен кітабын шығарып алған кейбір талапкерлер, таныс-тамыр­лықпен кеден қызметкерлеріне, дәрі­гер­лерге, теміржолшыларға әке-көкелеп өт­кі­­зіп кететіні де айтылып жүр. Көзбен көр­гендердің айтуынша, ақырында әлгі кітаптар кеден, темір жол бекеттері мен аурухана бұрышында үйіліп, жосықсыз материалға айналады екен. Бұл мемлекет пен халық алдында обал емес пе?! Со­нымен бірге сұранымы болмаса да, оқырманы табылмаса да бір шыққан кітапты қайта-қайта бастыру автордың өзі мен баспаның беделіне нұқсан кел­тіретін жайт болуы керек.
Жалпы, автор табу, кітап әзірлеу, оны жүйелі басып шығару, адресті оқырманға жеткізу – ұлт мәдениетінің құрамдас бөлігіне айналуы тиіс. Бүгінде «Бір жылда бес кітап шығардым» деп мақтанып, күпінетіндер ақын-жазушы деген тұлғаның паро­дия­сы ретінде ұғынылатын кезге кел­дік. Қан­­ша дарынды, алғыр болса да ешбір жазушының бір жылда бес, тіпті, үш кі­тап жазуға адами, рухани, тіпті, кәсіби мүм­кіндігі жетпейтінін естен шығар­майық. Әрнені үзіп-жұлып, отбасы, ошақ қасындағы әңгімелерді домбаздап, өзінің фи­зиологиялық қажеттілігін өтегеніне дейін тізіп жаза берсе, әдебиетіміздің әлеу­еті, кітабымыздың кепиеті қаншалық­ты деңгейде қожыра­мақ? Егер, кітап сауатты, маңызды, аса құнды болса, оқырман бір-бірінен естіп, оны іздейді, қалай да оқығанша асығады. Демек, ең әуелі жақсы жарнама да, мүшелін молынан қайыратын жылнама да – жақсы кітаптың өзі.
Кітап шығару ісінде сөкеттеу көрінетін мына бір келеңсіздікті де айтпай кетпеуге болмайды. Мысалы, қоғамдық маңызы бар тақырыпты қозғайтын кітапқа талғамы төмен автор өзінің отбасылық суреті, яғ­ни, бажа-балдыз, абысын-ажын, бөле, жиен, жекжат-жұрағат, құдаларының су­ретін енгізеді (астына ұялмай «менің құ­дам, түгенше, т.с.с», «құдамның құда­сы Бурабайда», т.б. жазуларды да қыс­тырып қояды). Бұл – қай жағынан алып қарағанда да этикалық нормаға, өрке­ниеттілікке жатпайтын жағымсыз жайт. Бұған қоса, суреттердің астына жазылатын мәтін біресе бірінші жақтан, енді бірде үшінші жақтан жазыла береді. Фамилиясын, атын жазуда бірізділік жоқ. Суреттің астындағы сөздер ой салудың орнына, жұртшылықты үркітетін ессіз сөздермен, орашолақ тіркестермен тіз­бектелетінін де байқап жүрміз. Әрине, әулетке, шектеулі тума-туысқа арналған альбом, естелік, мерейтойға арналған құт­тықтаулар жинағы, мемуар кітап өз алдына, жеке басылып шықса, жанрына сай болса әңгіме басқа болар еді. Оған тыйым салуға болмайды, тек әдептен озбай, орнымен, ұрпаққа лайық етіп шығарған абзал. Бұрын-соңды таныс-біліс болмаса да халықтың танымал тұлғаларын әлдебір іс-шараларда, жекелеген той-томалақта, ме­ре­ке­лік концерттерде көріп қалып, олармен жанасып суретке түсіп, кейде сыртынан ресім­деп, өзінше сурет қорын жинап, соның бәрін кітапқа кіргізіп жіберу дарақылық қана емес, ұят тірлік дер едік. Бұл – ең әуелі авторға, сонан соң сол кітапты шығарған баспаға сын болуға тиіс.
Бүгінгі қазақ қағазы мен кітабы ұят­тан беті қызарып тұр. Баспагерлер қар­жы-қаражат жолында мораль, этика (әдеп) дегенді жинап қойып, кез келген тап­сырысты қомағайланып ала береді. Ертеңгі күні сапасыз кітаптағы баспа аты сол мекеменің мәңгілік сапасыздық, жауапсыздық қоңырауы болатынын ес­кер­­мейді. Өз абырой-беделін, имиджін ойламайды. Ақшасын берді екен деп, бар­лығын кітапқа тоғытып сапырылыс­тыра беру – баспагердің өзін, кәсібін сыйламауы, тіпті мәдениетсіздігі дер едік. Сонда, баспалық өлшемдер, полиграфиялық шешімдер қайда қалды? Мәселен, дастар­қан басында тамақ ішіп отырған суретпен қатар, біреуді ақтық сапарға шығарып салып жатқан фотоны беру тәжірибесіздік пе, талғамсыздық па? Не үшін, кім үшін беріліп отыр? Дәлірек айтсақ, үйдегі отбасылық альбомда жиналатын суреттерді жалпы оқыр­манға ұсынудың қаншалықты қажеті барын автор да, баспагер де білетін уақыт жетті деп ойлаймыз.
Көпшіліктің кітапқа деген ынтасы саябырсып бара жатқанда, азды көбейтеді деген ықыласты оқырманды осындай сүреңсіз кітаптармен үркітіп алмаймыз ба? Олар «шы­ғарылған кітаптардың сиқы мынау бол­са, жазушыларың анау болса, басқадан не үміт, не қайыр?» деп теріс айналып кетпей ме? Енді, 30-40 жылдан кейін бүгінгі шығарылып жатқан кітап үшін ұлт ретінде, қоғам өкілі ретінде ұялмаймыз ба?
Рас, кез келген істен елге, ортаға, өзіне пайда іздегені дұрыс шығар. Алайда, хал­қымыз «Құсты сойса да, құланды сойса да қасапшы сойсын» демей ме? Кітап шы­ғарудың технологиясы исі мұрнына бар­майтын жекелеген «баспагерлер» ұлт классиктерінің мұраларын жариялау­ды әдетке айналдыра бастады немесе «шы­ғарамыз» деп оңды-солды жарнамалап жүр. Сондайлардың кесірінен, ертеңгі күні Абай мен Мағжан, Жүсіпбек Аймауы­тов пен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов және басқа да көрнекті тұлғалар мұрасы қате, жүйесіз басылса, әлем алдында масқарамызды шығармай ма? Дүниеде текстология деген ғылым саласы бар, бізде ол кешеуілдеп дамып отыр. Корректоры қыдырып кеткен, ре­дак­торы басылымға көз салмай ақша алатын, «негізгі нұсқаны» сауатсыз, «әді­лет» пен «әбілетті», «жиһан» мен «жи­ғанды», «сақар» мен «сахрды» түсін­бейтін компьютерші басқан «классика» қазақ әдебиетін және оның мың сан оқырманын қай жарға құлататынын ойлаудың өзі ауыр.
Негізі, классикалық мұра алғысөзбен, түсініктермен жариялануы тиіс. Өйткені, тұлғалардың жазғандарына әр кезең-дәуірдің өз бағасы болуы тиіс. Бұл – оқырманды оқы­татын, талғамын өсіретін жол. Біздің құлықсыздау баспагерлеріміз жаңа замандағы кіріспе авторын іздемей, «комментарий» дегеннің не екенін де аңғармай, данышпан мұрамызды құйрық-жалын күзеп шығарып жатқанын неге жасырамыз? Жалпы, классиканы даярлауды белгілі ғылыми бағыттағы мекемелерге берген дұрыс. Мысалы, Мұхтар Әуезов мұрасын тек «М.Әуезов музей-үйі» әзірлесін. Сонда, сұраушы да, сұралатын да болады. Абайды даярлауды бірнеше қала­дағы Абайтану орталықтарының біріне сеніп тапсырайық. Классикалық мәтін даярлау­шылардың еңбегін де, өнбегін де (шәкірт даярлауын) барынша қолдайық.
Мұра-кітаптың да, бүгінгі көркем шығар­ма­лардың да оқырманға жетіп, мемлекеттің рухани дамуы қажетіне жарауы – аса маңыз­ды іс. Осы орайда білікті қаламгерлер мен ғалымдар қауымы әлемге танымал «Бір ел – бір кітап» шарасын өткізіп жүргенін мақтанышпен айтамыз. Бұл шара көрнекті ақын-жазушының кітабын республика көле­мінде насихаттап, жас ұрпаққа оқы­туды, таныстыруды көздейді. Ол акция ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана бастамасымен 2007 жылдан бері өткізіліп келеді.
Ел жаппай оқуға тиіс кітап ретінде бірінші Абайдың «Қара сөздері» таңдалды. 2008 жылы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы», 2009 жылы Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері алға шықты. «Жыл кітабы» мәртебесін 2010 жылы Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақ­пын!» поэмасы, 2011 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы, 2012 жы­лы Оралхан Бөкейдің прозасы алды. Акция Отанымыздың барлық кітапханасында өткізілді.
Әрине, кітаптың оқырманы да, бағалау­шысы да – халық. Бірақ, біз кітап сыны, ре­цензия деген ұғымдардан көз жазып қалғандаймыз. Республикалық газет-жур­налдардағы бір тілім таныстыру, екі-үш сөйлем аннотация кітап сынының жүгін көтере алмайды. Біздің жоғары оқу орын-дарында профессор Тұрсынбек Кәкішев енгізген «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» кур­сын жандандыратын, салаландыратын уақыт әлдеқашан туды.
Кітапты мазмұндау немесе сыпыра мақ­тау – бүгінгі «сынның» сипаты. Кезіндегі М.Қаратаев, С.Қирабаев, А.Нұрқатов, М.Ба­зар­баев, Р.Бердібай, т.б. тұлғалардың сынын­дай дүниелер баспа ісі үшін де, оқырмандар үшін де ауадай қажет. Мысалы, өкінішке қарай, қазір қарапайым қаламгерлер түгіл, әдебиет­шілердің өзі атын ауызға сирек алатын Мұхамеджан Қаратаевтың көркем аударма туралы сынын Тәуелсіз Қазақстанның практикалық тіл саясатына орайлы пайдала­нуға болушы еді.
Баспа – басып қана қарап отыратын ксерокс-мекеме емес. Бүгінгі баспа­герлеріміз ХХІ ғасырда өмір сүріп жат­қанымызды ешқашан ұмытпауы керек. Жақында ХІХ ғасырдағы Ресей баспа­гер­лері өнімдері мен бүгінгі біздің кейбір баспа өнімдерін салыстырып, ойланып қалдық. Шынында, кәсіпті сүю, оған адал болу, шын берілу маманнан жетілуді, өз ісіне жауап­­кершілікпен қарауды талап етеді екен. Әйт­песе, ол заман мен бұл замандағы техниканы, технологияны салыстыруға бола ма?
Шығарған өнімнің тұтынушыға өтуіне, яғни, оқырманға жетуіне ең әуелі баспа, оның менеджерлері мүдделі болуға тиіс. Бұл шығармашылық жұмыстан кем емес. Яғни, тиісті мониторинг жүргізу, өнімді өз дәрежесінде насихаттау (алдын ала жар­на­малау, жарық көретін мезгілін хабарлау, сарапшылардың пікірлері арқылы оқырман­дарды іздеу, табу, таныстыру рәсімін өткізу, сатылған данасы, түскен пайда көлемі жөнінде ақпарат тарату, басқа да жоспарлы істер) жүзеге асырылуы қажет.
Жалпы, мамандандырылған баспаларды дамыту, бәсекелестік ортаны толтыру арқылы алға басатын іскерлерге заң да, заман да мол мүмкіндік беріп отыр. Экономиканың барлық салаларына арналған кітаптарға, әсі­ресе, мемлекеттік тілдегі, болашақта латын тіліне көшудің кешендік іс-шараларын ескеретін сан алуан әдебиетке деген сұраныс та жасақталатын болады. Мұны ескеру керек.
Басып шығарған кітаптарының сатылған данасы – баспаның басты көрсеткіші ретінде рейтингтік деңгейін анықтайтын болады. Ал, мемлекет тарапынан берілген қаржыны ғана игеріп, аспанға қарап отыратын кез әлдеқашан құрдымға кеткен. Жазушы жақ­сы баспаны, баспа жақсы жазушыны іздейтін заман, яғни, нарық заманы келді.
«Судың да сұрауы бар». Мемлекеттің әрбір тиыны есептеулі. Қазақстан үкіметі мемлекеттік тапсырысты сапалы, таңдау­лы, бәсекеге қабілетті кітапқа беріп отыр. Оқып отырып қатесіне жүйке таусылатын балдыр-батпаққа, макулатураға тапсырыс беріп отырған жоқ. Елін, Отанын сүйетін, жауапты баспагерлер мұны жақсы түсінеді деп ойлаймыз.
«Өз ақшасына шығарып жатқандар өзі біледі» деп кітап, баспа өніміне немқұрайлы қарау қалыптасқан мемлекет­тің кез келген көзі ашық азаматына, зиялы қауымына жарас­пайтын іс, кір келтіретін әрекет деуге болады. Өйткені, бүгінгі кітап – ертеңгі ел мұрасы, халық қазынасы, тарихымыздың айнасы.
Сондықтан, ендігі жерде халық пен тиісті мамандар қажет деп тапса, баспа саласы мамандарын қоғамдық аттестаттаудан өткізу мәселесін талқылаған жөн шығар. Сондай-ақ, баспа қызметкерлерін біліктілікті көтеру курсынан, респуб­ликаға белгілі баспагерлердің шеберлік сыныбынан өткізіп отыру немесе оқытуға шетелдік білікті мамандарды тарту – уақыт талабы. Саннан сапаға көшуге, бәсекелестік біліктілік көшіне ілесуге баспа мүдделі болуы тиіс. Осы орайда, кәсібіне шын жаны ашитын баспагерлер, зиялы қауым, сауатты, көзі ашық жастар интернет, бас­пасөз беттерінде пікірталасқа қатысуы, ойларын ашық айтуы қажет деп есептейміз. Бұл – баспа және кітап ісі саласындағы көп оралымсыздықты жоюдың және кітап басып шығару мәдениетін жүйе­леудің бір жолы болар еді.

Алдыңғы «
Келесі »