ЖАҢА МЕДИА: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

  • 01.03.2013
  • 1700 рет оқылды
  • 1

Жания  Әбдібек,
әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ, журналистика  факультетінің 3-курс студенті

Жаңа мыңжылдықтағы ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы нәтижесінде, ғаламтор әлемдік сипатқа ие болып, таралымы мен тағылымы зор құбылысқа айналды; заманымыздың бүкіл болмысын айқындайтын ортақ құндылық болып қалыптасты. Сөйтіп, ғаламтор қоғамдық өмірдің барлық саласына дендеп енді: саясат пен экономика, әлеумет, мәдениет пен өнер, тіпті, жұмырбасты пенденің күнделікті тұрмыс-тіршілігі де желімен тығыз бай­ланысып, біте қайнасып кеткендей. Әсіресе, бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының дамуына ғаламат әсер етіп, соны сатыға кө­тер­­ді. Ғаламтор ақпарат ағынының тие­­гін ағытты, әлемдік ақпараттық ке­ңістікті қалыптастырып, шеңберін кеңейтті, журналистиканың тың саласы – жаңа медианы жасады. Бұл үдеріс Қазақстанның ақпараттық кеңістігін де айналып өтпеді. Әлі өзіндік бет-бейнесі дұрыс қалыптаспай тұрып, отандық БАҚ интернет-журналистика, яғни, жаңа медианың оң және теріс әсері­нен соңғы жылдары орасан зор өзгеріске ұшы­рауда. Алайда, әлемдік жаңалықты жақсы-жаманын сұраптамастан сіңіріп алғанымыз жарамас-ты. Сондықтан, жаңа медианың отандық БАҚ, ақпа­раттық кеңістікке ықпалын сараптап алу керек.
Бұқаралық коммуникация құралдары ғасырлар иірімінде қарыштап дамыды. ХV ғасырда − кітап, ХVІ − газет, ХVІІ ғасырда журнал жарыққа шықты. ХХ ғасырда радио мен телевизияның жасалуы ақпарат саласында орасан зор толқыныс тудырса, ал, ХХІ ғасырда аталмыш коммуникация құралдарын бір арнаға тоғыстырған Интернет пайда болды. Бұл жайт БАҚ-ның дамуына катализаторлық ықпал етіп, өнім­ділігін, пәрменділігін арттырды, жаңа медиаға (ақпараттың компьютер мен ком­му­никациялық технологиялардың, компьютермен лайықталған құрылғылар мен Интернеттің интерактивті қызметтері арқылы таралуы -wіkіpedіa.org) жол ашты. Көне түркі жазулардан бастау алып, заман көшінен қалмай, өскелең дәуірге өзінше үн қосып келе жатқан қазақ журналистикасы да бұл жаңалыққа тосырқай қарамады. Қазақ интернет-журналистикасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, нақтырақ айтқанда, 1995 жылы қалыптасты. Сөйтіп ондаған жылдың ішінде отандық интернет же­лісі -Қазnet-тің үлкен бір саласына, бір сегментіне айналды. Қазnet-тің жандануы нәтижесінде жаңа медиа арналары дамыды: көптеген БАҚ дәстүрлі түрден заманалы мәтіндер мен құрылымдарға ауысты, қазақтілді контенттер мен ау­диовизуалды ақпарат көлемі артты, таралу ауқымы кеңейіп, қолжетімді бола түсті.
Жаңа медианың журналистикаға ық­пал-әсерін екі тарапта қарастырған жөн. Ғаламтор арқылы қазақтілді ақпарат алаң­дары: порталдар, сайттар, форумдар мен блогтар қазақ аудиториясына тікелей бағыт­талып жатыр. Қазақ тілді домендер мен хостингтердің саны күннен күнге артып келеді. Қазақтілді интернет-аудитория қалыптасып, бүгінде олардың саны молайды (100 адамға шаққанда 58 тұрғын ғаламторды пайдалана алады. – kzcontent.kz ).
Жаңа медиа қоғамда журналистиканың жаңа формасын туғызды. Ол құбылыс азаматтық журналистика, интернет-журна­листика деген атпен танымал. Жаңа медиа ақпараттың мәтінге тәуелділігін жойды. Себебі, мультимедиялық, графикалық ақпа­раттың таралуы мәтіндік жүйенің баламалы тенденциясына айналды. Түсінікті де қысқа гипермәтіндер, газет-журнал мәтін­дерінің қатталуы, радиотелевизия және баспасөз мұрағаттың қолжетімділігі, іздеу жүйесінің ыңғайлылығы, интерфейстің тар­тым­дылығы бұқаралық ақпарат құралдарын ыңғайлы ете түсті. Жаңа медиа қоғамдағы демократиялық үдерістердің дамуына оң үлес қосуда. Цензураның құрсауын белгілі бір межеге дейін жойды. Интернет БАҚ-тардағы аудиториямен байланыстың оңтайлы әдістерінің болуы ақпарат тұтынушыларының ой мен сөз еркіндігіне мүмкіндік берді. Аудиториямен тығыз қарым-қатынас орнату ісі: оларды медиа ісіне тарту, қоғамдық мәселелерді талқылауға қатыстыру жаңа медианың әлеуметтік маңызын арттыра түсті. Мәселен, тұрақты жұмыс жасап жат­қан Abaі. kz ақпарттық порталы, «Мінбер» Ұлттық интернет газеті, «Замандас», Маsa.kz, Bag.kz секілді сайттардағы түсіндірме, түсініктеме (комментарий) жазушылардың өздері ашық пікірталасқа барып, айтысып жатады. Не болмаса, мате­риал туралы өз ойларын ортаға салады. Мұның өзі белгілі бір деңгейде сөз еркіндігі бар екенін аң­ғартады. Бұрынғы кездерде кері байланыс тек хат немесе радиотелевизияда телефон қоңырауы арқылы ғана орнатылса, ға­ламтор енген қазіргі кезеңде, он-лайн хат алмасу мен электронды пошталардың дамылсыз жұмыс істеуі, он-лайн тілдесулердің ұйымдастырылуы еліміздің демократиялық прин­циптерін жүзеге асырады.
Қарап отырсақ, қазір «мен» деген БАҚ барлығында дерлік веб-сайт, портал, жекелеген журналистік блогтар мен форумдар, рейтинг-сауалнамалар тіпті әлеуметтік желілері де бар. Бұл дәс­түр­лі БАҚ-тың өзі жаңа медиа арқылы ақпарат нарығына шығып отыр дегенді білдірсе керек. Алайда, телевизия мен радионы былай қойғанда, баспасөздің веб-парақтары жаңа медианың қалыпына (стандарт) көп келе бермейді. Веб-беттердегі посттардың тым шұбалаңқылығы, визуалды ақпараттың жұтаңдығы байқалады. Мәселен, АҚШ-тың «USA Today», «New-York Тіmes» «Washіngton Post» секілді ірі басылымдарының веб-беттерінде үлкен көлемдегі материалдар аз, мұнда мәтіннің неғұрлым ықшам, оқуға жеңіл болуына аса мән беріледі. Ал, біздің елде газет бетін толтыру үрдісі ғаламторға да ауысып кеткендей.
Ғаламтордың қазақтілді интернет сайт­тарға тигізетін кері әсері де баршылық. Ақ­парат ағынының толассыздығы салдарынан басқа тілдегі контенттер қазақ тіліндегі ақ­паратты ығыстырып шығаруда. Тіпті, өзіміздің елде де көбіне орыстілді ақпаратқа басымдық беріледі. Мәселен, Себебі, қазақ­тілді Қазnet-тің дәл қазіргі жағдайы орыстілді сайттармен текетіресе алатындай деңгейге жете алған жоқ. Тұтынушысы ең көп делінетін түрлі әлеу­меттік желілер мен ақпараттық-сайттар, ақ­парат агенттіктері көбіне орыс не­месе басқа тілде ақпарат таратады. Тіпті, белгілі, ауқымы кең отандық интернет-порталдардың өзі басым бағытты орыс тіліне беріп отырады.
Ғаламтор журналистиканы қоқысқа айналдырып та жібергенін коммуникативист ғалымдар мойындап отыр. Қаңқу сөздер мен жалған фактілер, моральдық сапасы төмен ақпараттар легінің толассыздығы, бір-біріне айдап салу, сыртынан ғайбат сөз айту деген секілді проблемалар біздің интернет-журналистикада да белең алып келеді. Бұл турасында профессор Кәкен Қамзиннің пікірі өте орынды: «Қазіргі қазақстандық ақпараттық кеңістікте блогтық жұтаң тіл, кибер ой жүйесі жедел қалыптасып келеді. Тіпті, аса бай, аса құнарлы қазақ тілінің ва­рианты осы деуге сенгің де келмейді. Сауатсыздық пен білімсіздіктің көрінісін іздесеңіз, тап қазір блогосфераға жүгініңіз. Өтпелі, уақытша құбылыс болса да, қазіргі Интернет сауатсыздық резервациясына, шала сауаттылардың дау-дамай, байбаламы мен бетжыртыс алаңына айналды. Ол – индивидтер, жіктер, әлеуметтік топтар мәдениеті мен көзқарасының айнасы, сонымен қатар психологиялық терапия, тұрмыстық тауқыметтен, сыбағалы мифологемадан дистанциялық тілдесу, ақпарат алмасу арқылы арылудың әдісі. Белгілі бір дәрежеде көңілдегі кірді кетіру, психологиялық дерттен емделу тәсілі. Ин­тер­нет – ортақ тарихи талқының, ортақ тарихи құлазудың да көрінісі» (Қамзин К. Мен ұлттық журналистикаға қызмет етемін! // http://abaі.kz). Шетелдік мас-медиа зерттеушілерінің: «Интернет – это социальная анархия. У системы нет никакого управляющего органа», – деуі тегін емес. Расында да, бас-көзі жоқ ақпарат алаңында не айтылып, не жазылып жатқанын реттеп жатқан ешкім жоқ. Мұның салдарының түрлі жағдаяттарға алып барып жатқаны да мәлім. Ұлтаралық дүрдараздық, діни экстремизм, адам ұрлау, адам саудасы, нәсілдік кемсітушілік, әлеуметтік тең­сіздік секілді әлемдік проблемалардың бір ұшы ғаламтормен байланыстырылады. Онымен қоса, түрлі «тәртіпсіз» ақпа­рат­тар, көлеңкелі қызметтер, суицидке итермелейтін контенттер тағы бар. Мұның барлығы сұрыпталмастан қазақ аудиториясына сіңіп жатыр. Ертең зардабын тартпасымызға кім кепіл?
Жаңа медианың дилетанттық, яғ­ни, кәсіби емес журналистиканы қалып­тастыруы журналистиканың болмысына нұқсан келтірді. Журна­листердің кәсіби абыройы мен жұмысына кедергі келтіретін көзқарас қалыптасты. Блоггерлер, оқырман-ав­торлар журна­лис­ти­каның тілдік, стильдік мән-мағынасын төмендетті. Публицистиканың эмоцио­налды-экс­прессивті деңгейі әлсіреп, мәтін­­нің көркемдігі мен мәні, мазмұндық жүйе­сі арзандады. Ғаламтор тілі деген атауды иемденген «подокаффтық сленг» қазақтілді ақпарат кеңістігіне де теріс әсер етті. Тіл­дік нормалардан тыс немесе сленгтік мәтіндер қазақ тілінің күш-қуатын одан әрмен әлсірете түсті. Бұл ана тіліміздің тазалығы мен прогрессивті дамуын те­жейтін жайт. Онсыз да мемлекеттік тілі­міз тұғырына қона алмай отырған бүгін­гі таңда ғаламтордағы қазақ ті­ліне мұндай кері әсері − «жығылғанға жұдырық». Германиялық RTL-дің бас редакторы Петер Клэппель: «Интернет жақсы журналисті ұшпаққа шығарады, жаман журналисті шыңырауға түсіреді» деуінің шындығы бар. Себебі, жаңа медианың соны мүмкіндіктері арқылы жетістікке жетіп журген журналистер аз емес.Интернет журналистің ауди­ториямен байланысын одан әрмен тереңдетіп, жан-жақты етеді. Ақпарат жинаудың белгілі бір айла-тәсілдерін мең­герген журналистке интернет таптырмас құрал. Ал, шыңырауға түсіретіні жалған ақпаратқа әуес, жалаң сөзге құмар, қабілет-қарымы төмен журналистердің сорына бітуі де мүмкін. Қазіргі кезде оқиға орнын барламай-ақ редакцияда отырып, интернет-ресурстарына арқа сүйейтін жур­налистер қаншама? Авторлық құқыққа қол сұғушылық, шығармашылық ұрлық (плагиаттық) жолмен өзгенің еңбегін пайдаланып, соңынан араздасып жататын­дар да жиі кездеседі. Жоғарыда айтылғандай, интернет-журнализм журналист кадр­лардың кәсіби сауатсыздығы мен білім­ділігін қажет етпейтіндіктен, бұл салада сауатсыздық дендеп барады.
Жаңа медианың дәстүрлі БАҚ-қа ық­палы туралы түрлі пікірде, коммуникативистер. Өйткені, соңғы кезде дәстүрлі мас-медианың өзінде ғаламтордың тілдік ерек­шеліктері мен ақпараттың берілу формасына еліктеу бар. Мәселен, интер­нет тіліндегідей қысқа да нұсқа жазу, лид- мәтіндер, визуалды ақпараттарды мейлінше мол беру үрдісі дәстүрлі БАҚ-ға да үйреншікті болып барады. Кейбір мамандардың пікірінше, жаңа медиа дәстүрлік БАҚ-қа бәсекелес емес, оның жаңа технологиялық жалғасы, жаңа формаға енген трансформациясы деп қарастырған жөн десе, басқа сарапшылар жаңа медиа күндердің күнінде дәстүрлі БАҚ-оның ішіндегі баспасөзді уақыт көшінен ысырып тастауы да ғажап емес: «Газет оқу 1975 жылға дейін туылған ұрпаққа тән. Олардың қатары мол болып тұрғанда, газеттер өмір сүре береді. Мүмкін, ақпарат құралы ретінде болмас, бірақ, қайталанбас бірегей өнім түрінде қалады, «басты газет оқырманы» – билік. «Билік жасарған сайын, газеттер де оған қызықсыз болып қалмақ» (www.aіkyn.kz). Ал, шынтуайтына келгенде, медианарықта анағұрлым сапалы, бәсекеге қабілетті және ары қарай дами алатын БАҚ қалуы бек мүмкін.
Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» (2009 жылғы 6 ақпанда өзгертілген) Заңға сәйкес, Қа­зақ­­стандағы интернет-ресурстары, атап айтқанда, портал, форум, блог, чат, WAP-портал, интернет-телевидениесі дәс­түрлі бұқаралық ақпарат құралдарына теңестірілді. Демек, жаңа медиа БАҚ дәре­жесіне теңес­тіріліп, үлкен мән берілді. Ен­дігі уақытта, интернет-ресурстарына басқа БАҚ секілді аса жауаптылықпен қарап, сапасыз дүниелермен былапыттай беруге болмайтыны анық. Журналистиканың та­ралу формасы ауысса да, оның халық алдындағы мақсат-міндеттері өзгерген жоқ. Яғни, интернет-журналистика елі­міздің дамуына, қоғамдық өмірдің қай саласы туралы сөз қозғалса да, аса кір­пияздықпен, сауаттылықпен, байып­ты­лықпен болжам-байламдар жасауы тиіс.
Жаңа медианың басты ұмтылыстары мен ұтылыстары осындай. Бір білеріміз, ғаламтор пайдасы мен зиянының ара сал­мағына қарамастан адамзаттың ажырамас құндылығына айналып үлгерді. Енді, оны санамыздан аластату мүмкін емес. Тек ғаламтордың, оның әсерінен туындаған БАҚ формасы – жаңа медианы өз ой-сана­­мызға лайықтап қолдансақ болғаны. «Қай елдің баспасөз күшті болса, сол ел­дің өзі де күшті» деп Алаш қайраткері Мір­жақып Дулатов ХХ ғасырда айтса, ХХІ ғасырда бұл аталы сөздің де формасы өзгергендей. Яғни, қай елдің ақпарат кеңістігі, ғаламторы күшті болса, сол ел ғана өзінің «ақпараттық иммунитетін» қа­лыптастырып, ақпараттық экспанциядан қорғанбақ, басқаға мойындатпақ, танытпақ.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Аңыз бен ақиқат жайлы ауыз толтырып айтар ой аз емес,десек те мақаланы мейлінше қысқа әрі нұсқа жазсаң мазмұнды болар еді деп бағалар едім..Дегенмен жақсы жазылған

Пікірлерге тыйым салынады.