Делягиннің дегені мен Ресейдің көксегені бір емес пе?

  • 01.03.2013
  • 326 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сейілбек Мұсатаев,
саяси ғылымдарының
докторы

Интернет парақшаларын ақтарып отырып, ресейлік танымал экономист-ғалым Михаил Делягиннің «Основы внешней политики России – Матрица внешней политики России» атты үлкен ғылыми мақаласына тап болдық. Бұл материалдағы автордың ой-тұжырымдары еріксіз ойға салады. Мәтіндік нұсқасы «Наш современник» атты ресейлік журналда жарияланған екен. Мақала негізінен Ресейдің сыртқы саяси басымдықтарын айқындауға арналған. Өзінің жасаған геосаяси талдауының қорытындысын М. Делягин төмендегідей матрицалық таблица түрінде көрсетіп, оқырманға көрнекілікпен түсіндіруге тырысыпты:
Ресейлік сыртқы саясаттың бағыттары мен басымдықтары
* Кипр, Черногория, Израиль
Бағандарда – Ресейдің сыртқы саяса­ты­ның аймақтық бағыттары көрсе­тіл­ген, маңыздылығына сәйкес солдан оңға қарай.
Жолдарда – Ресейдің сыртқы саясаты­ның мазмұндық бағыттары берілген, маңыз­дылығына сәйкес жоғарыдан төмен қарай.
«+» – ресейлік сыртқы саясат үшін маңызды бағыт;
«!» – ресейлік сыртқы саясат үшін басым бағыт.
М. Делягиннің білгір ғалым екені жалпы танылған, оның жасаған мына матрицалық таблицасын түсіндіру үшін көп сөздің қажеті жоқ. Көзге ұрып тұрғаны – посткеңестік кеңістікке қатысты Ресейдің сыртқы саясаты үшін басым бағыт – леп белгімен таңбаланған экономикалық экспансия (кеңейту, тарату) екендігі. Осы жерде, мәселеге тереңдемей тұрып, М. Делягин деген автордың кім екеніне тоқтала кеткеніміз жөн. Әйтпесе, оқырманның кө­кейінде: – «Ресейлік сыртқы саясаттың ба­ғытын айқындайтындай Делягин деген кім сонша?» – деген сұрақтың туындары сөзсіз. Делягиннің беделі күмәнсіз, ол қарапайым ғалым ғана емес, ресейлік билікке ақыл-кеңес беруші, «аузы дуалы», саяси салмағы бар қайраткерлердің бірі. Ресейдің бұрынғы Президенті Б.Ельциннен бастап, түрлі уақыттарда С.Игнатьев, А.Куликов, Б.Немцов, Ю.Маслюков, Н.Аксененко, Е.Примаков, М.Касьянов сияқты вице және премьер-министрлердің кеңесшілері болған. Ресей Федерациясының ІІ-сыныпты мемлекеттік кеңесшісі деген ресми атағы бар. РФ Президенті Б. Ельциннен жеке алғыс алған. Өзі ғалым, экономика ғылымдарының докторы, МГИМО-ның зерттеуші-про­фессоры, Цзилинь университетінің (Қытай) құрметті профессоры, РАЕН Академигі, В.В.Леонтьевтің «Экономикадағы жетіс­тіктері үшін» медалінің иегері. Ресейден тыс, ТМД, АҚШ, Германия, Франция, Финляндия, Қытай, Индия сияқты әлем­нің түпкір-түпкірінде жарық көрген мыңнан астам ғылыми мақаланың, он үш ірі монографияның авторы. «Геополитика» Халықаралық аналитикалық журналының сарапшысы әрі тұрақты авторы. 1998 жылы Глобализация проблемаларының институтын құрған (ИПРОГ). Қазір осы институттың директоры. Жас болса да нағыз ғалым, дана саясаткер.
Енді, сол М. Делягин жоғарыда аталған ғылыми мақаласында посткеңестік елдер туралы, оның ішінде Қазақстанға қатысты не дегеніне тоқталайық. Посткеңестік елдер жайлы: «…Ни одно из постсоветских государств (единственным и не бесспорным исключением является сама Россия) не продемонстрировало способности к самостоятельному развитию и даже существованию. Их деградация очевидна. За исключением Прибалтики, поддерживаемой и контролируемой Евросоюзом, постсоветское пространство генерирует хаос, захлестывающий Россию. Россия вынуждена ликвидировать этот хаос, для чего необходимо обеспечить развитие постсоветского пространства, приносящее прибыль России и ее бизнесу (так как на простое кормление соответствующих стран не хватит никаких ресурсов; за это не смог взяться даже Запад). Для обеспечения развития постсоветского пространства Россия должна контролировать его» – дейді. Бұл тұжырымнан тәуелсіз елміз деп, 20 жылдан астам уақыт еркіндікке елітіп жүрген егемен елдерді Делягиннің көзіне де ілмей, терезесі тең елдерге мүлдем теңемей тұрғанын байқаймыз. Ресейсіз олардың күндері қараң болмақ…
Қазақстан туралы болса: «…Стратегической целью является воссоединение в рамках единого государства России, Белоруссии и Казахстана, а затем и Украины (за исключением, вероятно, Западной) как стран, экономики которых образуют единый комплекс, не способный к нормальному функционированию в разделенном сос­тоянии. Весьма существенным является и невозможность создания полноценной границы России с этими странами, в то время как внешние границы Белоруссии и Украины в основном унаследованы от СССР, а граница Казахстана с остальными государствами Средней Азии частью обустроена, частью носит естественный характер и потому поддается обустройству относительно легко» – деп тайға таңба басқандай жазған. Тіптен, воссоединение в рамках единого государства деп астын сызып тұрып жазған (біз мәтін үзіндісінің үтір-нүктесіне тиіспей, қаз-қалпында, авторлық нұсқада беріп отырмыз). Одан ары қарай М. Делягин өзінің ойын: «…Объединенное государство может расширяться за счет присоединения к нему других государств, если это экономически целесообразно, однако изложенная конфигурация является минимально целесообразной… В стратегическом плане необходимо рассматривать не только русских, но и все население постсоветского пространства, обладающее русской или близкими к ней культурами, как разделенный народ (подобно разделенным немецкому и корейскому народам), объединение которого неизбежно и является стратегической целью российского государства… Принципиальной задачей России является сохранение своего доминирования в Средней Азии и особенно в Казахстане. Систематическое вытеснение ее китайским влиянием, осуществляемое в том числе через Шанхайскую организацию сотрудничества, должно быть остановлено и повернуто вспять» – деп өрбіте түседі. Делягиннің айтқандарына қарасақ, Ресеймен одақтасу «қасқырға қой бақтырғанмен» тең нәрсе сияқты көрінеді. Ресейдің сыртқы саясаты үшін Орта Азия елдерін, оның ішінде Қазақстанды уысынан шығармау басты ұстаным деуі де алаңдатады. Бұл ой-тұжырымдарды М. Делягин Кеден одағы идеядан әлі шынайы фактіге айналмаған кезде айтып отыр. 1990 жылдардан бері ресейлік билікке ақыл айтумен келе жатқан мемлекеттік кеңесшінің пікірі жерде қалмасы анық, оны орыстар дер кезінде қаперіне алып, тиісті саяси шешімдер қабылдап, сыртқы саясат саласындағы іс-әрекеттерінде басшылыққа алары да сөзсіз. Міне, мәселе қайда жатыр.
Сонымен қатар, М. Делягин Ресейдің сыртқы саясатының 6 принципін атап көрсетеді: внешняя политика должна максимизировать выгоды для всего российского общества в целом; разумный эгоизм; конструктивный реваншизм; балансирование интересов; добрососедство; разнообразие. Ресей бұл принциптерді қандай одақтың немесе халықаралық ұйымның мүшесі болса да үнемі басшылыққа алуы тиіс. Ресей үшін саналы эгоизмге негізделетін ұлттық мүдде қымбат, сырты жылтырап тұрғанымен, іштей ойлайтыны бөлек, түптеп келгенде ол өзінің дегенін істейді.
Енді, Делягин айтқан «посткеңестік кеңістіктегі Ресейдің сыртқы саяси ба­сым­дығы – экономикалық экспан­сия жасау» деген тұжырымы қалай жүзе­ге асып жатқанына қарай ойысайық. Өз­ге ТМД елдерінен бұрын, ең алдымен, Қазақстан мүше болып табылатын Кедендік одақ ауқымындағы экономикалық хал-ахуалға тоқталайық. zakon.kz сайтында жарияланған Қ. Аязбековтың сараптамалық материалындағы деректер бойынша, Кедендік одақтың ішіндегі соңғы бір жылдағы өзара сауда көлемінде Ресей Федерациясының үлесі – 65,2 %, Беларусь Республикасы – 23 %, Қазақстан Республикасы – 11,8 % алады екен1. Бұл деректен анық көріп отырғанымыздай, өзара сауда-сатттықтағы беларустардың үлесі қазақтардан екі есе көп болса, орыстардың үлесі беларустармен қазақтардың үлесін қоса алғаннан екі есе көп…
Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінің ресми мәлімет­теріне қарағанда, 2012 жылдың басында Қазақстанның Кеден одағы елдерімен өзара саудасының көлемі 1,5 миллиардқа жуық АҚШ долларын құраған: экспортымыз 487 миллион доллар (2011 жылмен салыстырғанда 4,5 % аз), импорт – 988 миллион АҚШ доллары (24,1 % көп). Экспорт пен импорттың айырмашылығы 2 есе. Кеден одағы елдеріне шығатын қазақстандық экспорттың құрамында негізінен минералды өнімдер көп (экспорттың 43,4 %), металдар мен металл өнімдері (31,8 %), сонымен қатар, химиялық өнеркәсіп өнімдері (12,0 %)2. Қысқасы, негізінен шикізат өнімдері екен.
Қазақстанның Ресейден импортында негізінен минералды отындар (жалпы импорттың 26,9 %), машиналар мен құрал-жабдықтар (15 %), қара металл және оның өнімдері (12,3 %). Ал, Беларусь Республикасының статистикалық органдары жариялаған соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның экспорты мен импортының арасында үлкен алшақтық байқалады. Біз Беларуссияға экспортқа шығарғаннан гөрі, ол елден анағұрлым көп импорттайды екенбіз. Беларуссия Қазақстанға 635,3 млн $ экспорт шығарса, бізден 92,3 млн $ импорттаған. Айырмашылық 7 еседей. Беларустардың Ресейге экспорты 11 859,4 млн $ болса, орыстардан импорттағаны – 21 409,1 млн $. Айырмашылық 2 еседей.
Көріп отырғанымыздай, Кеден одағының ішінде айдарынан жел есіп тұрғаны Ресей Федерациясы болып тұр, жоғарыда айтылғандай, М. Делягиннің ұсынған экономикалық экспансиясы ақырындап жүзеге асып жатқан сыңайлы. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген халық даналығы еріксіз еске түседі осындайда.
Ресейдің сыртқы саясатын жүзеге асыруы барысында ескеруі тиіс деп Делягиннің тұжырымдаған принциптерінің ішінде ерекше орын алатын разумный эгоизм және конструктивный реваншизм деген ұстанымдар да қазақстандық мүдде үшін аса қауіпті. Ғаламдану жағдайында әлемдік экономика өзара байланыс пен өзара тәуелділік принциптеріне негізделіп дамуда. Мұндай жағдайда өзара тиімді серіктестік алдыға шығады, саналы немесе санасыз эгоизмге орын жоқ. Бір елдің эгоист болуы басқа елдердің ұлттық мүдделеріне үлкен нұқсан келтірері сөзсіз. Ал, конструктивті реваншизм дегенді қалай түсінуге болады? Реванш – қарымта қайтару деген ұғым. Қолдан шығарып, жоғалтып, айрылып қалған қандай да бір мүлікті, меншікті, есені қайыру. Барымтаға қарымта деген сияқты. Сонда Ресейдің қайтара алмай жүрген қарымтасы не? Айтпаса де түсінікті, ол реванш – Ресейдің «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болған, арғы тарихындағы империалистік самодержавие, бергісі кеңестік өткен дәуірді аңсаушылық. Бұған қоса, ұлы орыс шовинизміне негізделген, әлі күнге дейін күшін жоймай келе жатқан жаңа ресейлік империялық амбиция тағы бар… Осыдан келіп, Делягиннің «Стратегической целью является воссоединение в рамках единого государства России, Белоруссии и Казахстана» деген тұжырымының астарында не жатқанын түсінуге болады. Жаман айтпай жақсы жоқ, Ресейдің Кеден одағын осылайша бұра тартып, өзінің эгоизмі мен реваншизмін жүзеге асыруынан, Белоруссия мен Қазақстанның ресейлік мүдде жетегінде кетуінен, экономикалық одақтың Ресей ықпалындағы біртұтас мемлекет сияқты саяси сипат алуынан қатты сақтануымыз керек. Кедендік одақтың Біртұтас экономикалық кеңістікке ұла­суы, одан Еуразиялық одаққа айналуы бірте-бірте ортақ парламент құру, ортақ валюта ендіру, ортақ шекара, т.б. «ортақ белгілерді» туындатып, саяси одақ болып шыға келгенін байқамай қалмайық. Мұндай «саяси одақ» тәуелсіздігімізді жал­мап жеп, түбіне жетуі мүмкін. Олай болса, Савицкий, Трубецкой, Гумилев, Дугин, Делягин, Нарышкин сияқты т.б. орыс ойшылдарының «еуразияшыл арманы» орындалды дей беріңіз. Олардан бөлек орыс шовинистері де аянып қалған жоқ. А.Солженицынның «Литературная газета» мен «Комсомольская правда» газеттерінде 1990 жылғы 18 қыркүйекте қатар жарияланған «Как нам обустроить Россию» атты атышулы мақаласын қалай ұмытамыз… Қазақстанның территориялық тұтастығына қол сұғу арқылы Ресейдің көсегесін көгертуді ұсынған солженициндік идея қоғамдық пікірдің қатты қарсылығына ұшыраған еді. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегеннің керін келтіріп, Қазақстанның ішіндегі кейбір орекеңдер де қазақтың елдігіне қатысты тосын пиғыл танытқаны жасырын емес…
Жақында, тәуелсіздік күні қарсаңында өткен кездесуде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 12-ші шақырылымдағы Қазақстанның (ҚазССР) Жоғарғы кеңес экс-депутаты, соңғы шақырылымдағы КСРО Жоғарғы кеңес экс-депутаты Нығмет Жотабаев ағамыз 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігі туралы заңның қалай талқыланып, қайтіп қабылданғанының куәгері ретінде жан-жақты әңгімелеп берген еді. Сонда, Жоғарғы кеңеске Талғар қаласынан сайланған депутат Т.Жаворонкова: «Қазақстанға егемендік деген не керек, бұрынғы Ресей империясы сияқты Қазақ империясын құрмақпыз ба?» – деп қарсы шықса, Макинскіден сайланған Ю.Сухов деген депутат: «Вопрос о независимости Казахстана следует внести на общенародный референдум!» және «Если будет принять этот закон, то русскоязычное население может оказаться в чужом государстве» – деп бүйректен сирақ шығарыпты. Жоғарғы кеңесте орын алған келеңсіз пікірсайысқа куәгер болған ағамыздың айтуынша, тәуелсіздік туралы заңымыз осындай ұзаққа созылған түрлі дау-дамай мен идеялық теке-тірестің арқасында қабылданыпты… Өкініштісі сол, Солженицын да, Жоғары кеңесте тәуелсіздігімізге қарсылық білдірген депутаттар да кезінде Қазақстанды паналап, қазақтың дәм-тұзын татқандар. Яғни, «Су ішкен құдығыңа түкірме» дегенді тәрк еткендер. Ал, қауіптісі, идеялық тұрғыдан елімізді іштен ірітуге тырысып жүргендер әлі де баршылық. Ондайларға заң жүзінде қатаң тыйым салуды дұрыс жолға қойып, ұлттық мүддеміз бен қауіпсіздігімізді тайсалмай қорғауға тиіспіз.
Делягин сияқты ресейлік ғалымдар мемлекеттің ресми ұстанымына балама тұжырымдар ұсынуға шебер (оларды билік ескеріп те жатыр), ал, біздің қазақ­стандық экономист ғалымдар мен саясаттанушылардың көбінесе ресми ұстанымның ауқымымен шектелетініне, бір бағытта ғана ой толғайтынына қын­жы­ласың. Бұған себеп болып отыр­ған білімсіздік пе, әлде, жасықтық пен немқұрайлық па? Басқасы басқа, мемле­кетіміз бен ұлтымыздың тағдырын шешетін өзекті мәселелерге келгенде үндемей, бұғып қалған зиялы қауым ел-жұртқа пайда әкелмесі анық. Халық жаутаңдап зиялысына қараса, ал, зиялы дегендеріміз жерге қараса… болашағымыз қандай болмақ? Ұлт зиялыларына жүктелетін міндеттің ауыр болатыны осыдан. Кезінде, Алаштың зиялы қауымы қандай еді? Елі мен жері үшін күресіп, қандықол большевиктерден тайсалмастан, дамудың балама жолдарын ұсынып, идеялық майдан ашып, ұлттық идеяның жолында құрбан болды… Қазір заман басқа, заң ауқымындағы шығармашылық, ой еркіндігі Конституциямен бекітілген, ал, Елбасы оның кепілі. Сондықтан да, алаңдамай, балама бағыттарда зерттеулер жүргізіп, түрлі саяси-экономикалық даму сценарийлерін жасап, жағымды және жағымсыз тұстарын анықтап, келешегін болжаудың маңызы зор. Бұл Кеден одағына да қатысты мәселе.
Балама бағыт-жобалардың болғаны қашанда жақсы емес пе? Түрлі жағдай­лардың әсерінен бір бағыттың нәтижелігі төмен болып жатса, оған қарағанда тиімділеу екінші жол оны алмас­тыра қояды. Бұл тұрғыда қазақстандық оппозиция да ойлануы тиіс: бір бағытта билікті сынап-міней бергеннен пайда жоқ, одан да мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын жетілдіруге септігі тиетін балама жобаларды әзірлеп, қоғам талқысына салып, билікке ұсынып, бастамашыл болған анағұрлым ұтымды болмақ. Билік те бұған үрке қарамай, серіктесіп әрекет етуді серт етсе, нағыз жасампаздыққа негізделген қоғамдық диалог дамиды. «Халық айтса қапы айтпайды» демекші, «Келісіп пішкен тонның келте болмасы» анық. Елдің саяси-экономикалық өміріндегі барлық күштер үшін де, әрбір қазақстандық азамат үшін де ортақ әрі ең биік мақсат – тәуелсіз Қазақстанды дамыту, ұлттық мүдделерін қорғау мен қауіпсіздігін сақтау болуы тиіс. Егемен ел мен саналы азамат үшін ұлттық мүдде, тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің тағдырынан артық қандай өзекті мәселе бар?
Мақала жазу барысында, осындай, мазасыз ойға беріліп отырғанымызда, белгілі отандық саясаттанушы Ерлан Қариннің «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатын оқып (2012 жылғы 11 желтоқсандағы № 219 саны, 6 бет), бұл көптің көкейінде жүргенімен, ашық айтылмай келе жатқан толғақты мәселе екеніне көзім жеткендей болды. Еліміз үшін маңызды мәселелердің бірі туралы Е. Қарин бұл сұхбатта: «…Шынымды айтсам, бұрындары өзім де бір іс-шаралар өткізсем, саясаттанушылардың конгресін ұйымдастырсақ та «еуразиялық» деген ұғымды қосуды жөн көретін едім. Ондағы мақсат – Еуразия сияқты үлкен құрлықтың атауы арқылы Қазақстанды кеңінен таныту еді. Бірақ, соңғы кезде осы бір тіркесті абайлап пайдаланатын болдым. Өйткені, кейде сол «еуразиялық» ұғымының астарында ресейлік деген түсінік жатқан сияқты болып көрінеді. Әрине, жалпы «еуразиялық» доктрина дұрыс стратегиялық бастама. Бірақ, осы тұжырымдама әр елде әртүрлі түсін­діріледі, соған сәйкес осы идея арқы­лы әр­кім өз ықпалын күшейткісі келеді. Осы тұжырымдамалар арасында белгілі бір қарама-қайшылық та бар. Бәлкім, өзіміздің де кемшілігіміз шығар. Бізде көп мәселелер бойынша интеллектуалдық қолдау жоқ. Сыртта болып жатқан үлкен оқиғаларды қорытып, сараптап отыруға ұмтылысымыз аз. Зиялылар, сарапшы қауым жаңағы айтып отырған түркі бірлігі, еуразияшылдық деген сияқты идеяларды талқылап, жаңа идеялармен толықтырып, өзіміздің тұ­жы­рымдамамызды ұсынбайды. Мысалы, Ресейдің өзінде еуразияшылдық идея­ның бірнеше нұсқасы бар. Әр топтың көз­қарасы әртүрлі. Және олар әрқашан бас қосып талқылап, уақыт өткен сайын дамы­тып, жетілдіріп отырады. Сосын доктрина ретінде шығарады… Ал біздегі зерт­теушілер, зиялылар ондай масштабты тақырыптарға қызығушылық танытпай ма, әлде деңгейлері жетпей ме, әйтеуір сілкініс жоқ. Тек қана сол идеяларға пікір берумен ғана шектеліп жатырмыз» – деп ой толғайды. Мінеки, мәселе қайда жатыр…
Көріп отырғанымыздай, саяси ғылым саласында ел-жұртымыздың тағдырына қатысты өткір мәселелер жетерлік. Соның ішінде, алыс-жақын шет елдердің Қазақстанға деген, ондағы мемлекет құрушы төл ұлт – қазаққа деген ресми ұстанымдарымен қатар, Делягин сияқтылардың не дейтіндеріне де мән беруіміз қажет. Қазір ақпарат ғасыры болғандықтан, ақпараттық соғыс бас­ты орында, бүгінгі әлемде ұлттық мүд­дені көксейтін идеялық теке-тірес пен идеологиялық майдан қызып тұр. Біздің одан тыс қалып немесе бейқам болуымыз қатерлі болмақ. Сырт елдің бізге деген ресми саяси ұстанымының астарында жатқан түрлі жымысқы пиғылдарды білуге тырысу ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етудің бірден-бір бағыты екені даусыз. Бұл мемлекеттің өзін-өзі сақтау инстинкті іспетті. Сол үшін, әрбір азаматтың өз қызметі арқылы ұлттық мүддені қорғауға қолынан келгенше атсалысуы парыз. Тағы бір ресейлік ғалым А. Зиновьев: «Государственность суверенна. Это значит, что она законно (формально) не признает в рамках своего подвластного общества никакой другой власти над собой и не делит власть ни с кем, кто (и что) находится вне государственности… Государство поддерживает, охраняет, организует и даже в какой-то мере создает экономику не для экономики самой по себе, а для себя, как источник своего существования и как арену своей жизнедеятельности» – деп батыл көрсетуі көп нәрсені аңғартады.
Осы жерде айта кететін тағы бір жәйт бар. Ол – «көпвекторлы сыртқы сая­сат» ұстанымы. Қазақстанның сыртқы сая­са­тындағы көпвек­торлық ұстаным деген жақсы-ақ әрине. Бірақ, бұл әлем елдерінің басым көпшілігі үшін жалпылама ұстаным. Глобализация дәуірі көпвекторлы, көп­бағытты ынтымақтастыққа не­гіз­делген. Дегенмен, дамыған шетелдер көпвекторлықты жалпы мойын­дағанымен, оны ресми ұстаным деп қа­был­дамайды. Олар үшін әлемде дос та, жау да жоқ, тек қана мәңгілік ұлттық мемлекеттік мүдделері ғана бар. Ұлттық мемлекеттік мүдделеріне сәйкес келсе дос, сай болмаса жау. Яғни, сыртқы саясаттағы жай бағыттары мен басым бағыттары анық. Қазақстан үшін де бұл қағиданы ескеретін кез келді, сол кезде сырт әлем біздің ұлт­тық мүдделерімізбен есептесіп, елеп-еске­ретін болады. Көпвекторлы сыртқы саясат ұстанып, жалпыға бірдей жалпылдап, «жалпақшешей» болғанымызбен, бәрібір бүкіл әлемге жақпасымыз анық. Түптеп келгенде, сыртқы саясат ұлттық мүддемізді қорғау мен жүзеге асыру үшін қызмет етуі тиіс.
Толғанысты ойдың тоқ етері: Ресей сыртқы саясатында маңыздылықтары мен басымдықтарын нақтылап алған ел. Әлемдік аренада да өзінің ұлттық мүдделеріне сәйкес «иә» немесе «жоқ» деп ойын ашық айта алады, онысын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде бірнеше рет көрсетті. Және, ойға алғанын іс жүзіне асыра алатын, әскери күші қуатты, түрлі ресурстарға бай ел. Ондай елмен одақтасқанда пайдамен бірге айланы да үнемі ойлауымыз керек.

Алдыңғы «
Келесі »