Қазақтың «жерұйығы» өзіне қайтсе бұйырады? (Оқырманмен сырласу)

  • 01.03.2013
  • 418 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдірашит Бәкірұлы,
философ

Автордан: Сонымен жаңа − 2013 жыл келді. Әдетте, жаңа жылда жұрт бір-біріне жақ­сы тілектер айтып, үмітті үмітке жалғайды. Оған толық қосыламыз, тек қана «бірақ» дейтін бір мәселе бар…, ол болмаса бәрі керемет болар еді?.. Өкінішке орай, Жаңа жыл өткенді тұтас сыпырып тастап, адамдарға тіп­тен жаңа өмір силай алмайды. Өмір ондай ертегі емес. Сөйтсек − «жаңа жыл» деп жүргеніміз өткен жылдың жал­ға­сы ғана екен: көкейдегі көп арман, мәселе­лер, күдік пен үміт, жақсылық пен жамандық, қарыз бен парыз… бәрі-бәрі сол қалпында кешеден бүгінге өтті… Сон­дықтан, адамдар үшін «жаңа жыл» деге­німіз өткенге үнемі оралу десе болады. Себебі, жаңаны жаңа ететін − өткенді саралау, қателіктерді талдау…
Біз (Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ болғандықтан «біз» деп сөйлейік) өзімізді өзіміз асыра мақтап жіберуге, кейде жоқты бардай етіп көрсетуге бейім халықпыз. Онда тұрған не бар дейсіз − ежелден «бөрі арығын көрсетпейді, жүнін қампайтады» дейтін жұртпыз ғой. Оған қиялы ұшқыр халық екенімізді қоссақ – осы жағынан әлемде ешкімге де «шаң қаптырмай» кетеріміз анық… Алайда, кімде болмасын «әттең» дерлік арман бар: ол − «адам неге қиялымен қоректене алмайды, «тістегені аузында, ұстағаны қолында» болмайды?» деген. Яғни, «піс, қазаным, піс, аузыма түс» дегендей. Сонда, қазақтың ежелгі «жерұйық» деп ат қойып, әспеттеген арманы мәңгілік қиял ғана болғаны ма? Өткен жылдарға қарасақ – солай көрінеді. Құрметті оқырман, дәл осы сәтте өздеріңізбен бірге «Жерұйық» төңірегінде біраз «қиялдап» өтудің реті келіп тұрған сыңайлы. Жуырда ғана «Дегдар» қоғамдық Қоры (Дидахмет Әшімхан) Жазушылар Одағымен бірге «ұлттық арман» (идея) мәселесін талқылады. Онда ақын Аманхан Әлімұлы «Мойсейдің ерлігі» туралы баяндай келе: «Мойсей халқын құлдық санадан арылту үшін басын тауға-тасқа соғып, 40 жыл жетектеп жү­ріп өз жерұйығына орынықтырғаны» туралы деректі алға тартты. Өте тамаша мысал − ол халық (Израил жұрты) содан бергі бірнеше мыңжылдықтар бойы өз өміршеңдігімен әлемді таңқалдырып келеді. Алайда, оған біздің қосарымыз бар: − «Мойсей қандай халықты соңына ерткен?» деген. Тарихқа көз салсақ, оның халқының Отаны жоқ, қуғын сүр­гінде болғаны жазылады. Ал, өзіміздің Асан­қайғы көтерген «жерұйық» қандай? Ол − тіптен басқа. Асан ата желмаясымен желіп жүріп әр өлкені бағалайды, сол жерде отырған қандастарына: «отырған жеріңнің түгін тартсаң майы шығады, ендеше жерұйығың да осы жер, отырған жеріңде оңал, туған жеріңді гүлдендір, өзің де бақытты ғұмыр кеш» − дейді. Солай дей отырып, Асан қайғы: «Отаны бар ха­лықсың, өзіңе өзің қожасың» −дегенді қадап айтады. Яғни, бұл − қазақ халқының әуелден еркін ел екенін білдіреді. Оған «құлдық санадан арылу» үшін 40 жыл қуғында жүру қажет емес еді, өз жері мен елін берік қорғай алса – сол жеткілікті болатын. Бұл да оған бір Тәңірдің берген сыйы да! Енді, мына, мәселеге назар салайық: Асанқайғы көтерген «Жерұйық» идеясы Қорқыт бабаның қобызына ілесіп келетін «Мәңгілік өмір» сарынымен үйлесімді болып келеді. Неге? Себебі, өз жерінде бақытты өмірге қол жеткізген, игілік орнатқан қайырлы қоғамда (әл-Фарабиде − «қайырымды қала» – Ә.Б.) өмір құндылығы алға шығады. Яғни, бақытты ғұмырды бас­тан кешкен халық «мәңгілік өмір» туралы толғана бастайтыны анық. Бұл − халықтың бақытты өмірді бастан кешу сәті.
Одан кейінгі замандарда бодандық басқа түсті. Сірә, халқымыз бақытты өмір­ден басы айналып, ол өмірдің қадірін бір замандары естен шығарып алса керек. Содан бастап, бізге тәуелсіздік арман болды. Ал, енді, осыдан 21 жыл бұрын тәуелсіздік қайта оралып, Асанқайғы заманындағы «Жерұйық» идеясын жаңа қырынан көрсетер кез қайта оралған сыңайлы.

Авторитаризм қалай пайда
болады?
Оның бірнеше факторларын атап кетуге болады: Біріншісі − «ұлттық фактор». Жалпы, әрбір халықтың ұлттық санасы иерархиялық сатылардан тұрады. Қазақ халқының ұлттық санасы да осы заңға сәйкес қалыптасқан. Соған сай, ұлт санасында сатының ең жоғарғы жағында «Жаратушы», «Құдай», «Тәңір» (ислам діні енгеннен кейін – «Алла») идеялары тұрады. Одан төменгі сатыда тәңіршілік заманнан келе жатқан «Әруақ» идеясы тұр. Бұл өмірден өткен ата-баба рухына бас ию арқылы көрініс табады. Әруақ − ата-бабалардың жинақтаулы бейнесі немесе рухы. Оның үлкен-кішісі болмайды. Оларға арнап Құран бағыштағанда да «барлық ата баба рухына» деп айтылады. Одан кейінгі сатыда, тіршілікте көз алдымызда жүрген үлкенді сыйлау, алды­нан кесіп өтпеу, айтқанын тыңдау, орындау (бағыну) және осы т.б. ұстанымдар тұрады. Енді, оған «аға», «отаға», «елаға» сияқ­ты принциптерді қоссақ − қазақ ұлты менталитеті жағынан авторитарлы жүйені қабылдауға рухани-мәдени тұрғыдан бір­ша­ма дайын жұрт екенін көреміз. Дегенмен, тарихи тұрғыда мұның бәрін де қауымдасып өмір сүру тетіктері деп айтуға болады.
Сондықтан, «халықтың бұл ерекше қасиетін «авторитаризмді тудырушы тікелей себеп» деп айтуға еш негіз жоқ. Өйткені, бұл қасиеттер, ең алдымен, адамдар арасындағы қатынасты реттейді. Ал, қазір, ол мемлекеттік деңгейде өзгеше сипатқа ие. Себебі, мұндай менталитетті мемлекет құру ісінде жемісті болуы үшін, ол деңгейде әділеттілік принципі басты орынға шығуы тиіс. Осы принцип үстемдік еткен жағдайда ғана адамдар арақатынасында, қоғам мен мемлекет арақатынасында шындық, әділ­дік, заңдылық секілді қасиеттер алға шы­ғып, олар мемлекеттің күшеюіне бүкіл ха­лықты жұмылдыру бағытында қызмет ете бастайды.
Екінші фактор деп мемлекетті бас­қару тұтқасын қолға алған тұлғалардың ха­лықтың, осы ментальдік қасиетін өз ың­ғайына қарай бұруын және оның кері нәтиже беруін айтамыз. Бұл жағдайда «аға», «елаға» принциптерінің формалды жағы сақталады да, мазмұны басқа арнаға – өзінен төменгі сатыда тұрғанды бағындыру, айтқанды орындату, дегенге жүргізу секілді әрекеттерге ұласады. Әрине, онда тұрған не бар – мемлекеттік құрылым осыны талап етеді! Дегенмен, егер бұл «әділеттілік» принципі негізінде құрылмаса, онда «аға», «елаға» ұғымдарының астарына басқа мағына кірігіп, ол – пайдақұмарлық, ман­сап­қорлық, қулық, өтірік, аярлық және т.с.с. толып жатқан жағымсыз құбылыстарға жетелейді. Ең өкініштісі, осының бәрі де «ұлттық менталитет» ретінде ұсынылады. Бұл көп кешіктірмей-ақ жағымпаздықтың небір сорақы түрін тудырады. Онда «кішінің үлкенге деген сый-құрметі» жоқ…
Үшінші фактор ретінде ел басқаратын немесе халыққа сөзі өтетін танымал тұлға­лардың билік басындағыларға қарата «асыра мадағын» алар едік. Мұны жеке фактор етіп көрсетуге толық негіз бар, себебі, қазір бұл эпидемиялық кеселге айналып кетті… Өйткені, мемлекет болсын, қоғам болсын – бәрін де адамдар қауымдастығы деп тану қажет. Ал, адамдар қауымдастығы болған соң, онда қателіктер де болуы заңды. Болмаса оны бүркемелеп, халықтың «елағаға» деген құрметі ретінде көрініс табатын ментальдық қасиетін өз беделін көтеру үшін немесе қарақан басының жағдайын жақсарту үшін қолдану – нағыз аярлық. Және де, оны халық атынан сөйлету – тіптен, қылмыс. Халық өз жағдайының қандай екенін жақсы біледі. Ол тележәшіктің ішін­де емес, өзінің шынайы жағдайында өмір сүруде. «Олай да бұлай» деп қанша сай­рағанмен, ол өмір қаз-қалпында қала бермек. Өйткені, «жоқтан бар жасау» тек Құдайдың қолындағы іс. Ендеше, елге шын жақсылық жасағысы келген адам ел үшін бар жауапкершілікті мойынға алған адамнан идол (жасанды Құдай) жасаумен емес, оның қызметін мейлінше жемісті болуына атсалысуы қажет.
Біз бұдан басқа да көптеген факторларды атап шыға алар едік. Мысалы, олардың қатарына «билік факторы», «білім факторы», «геосаяси факторлар» және т.б. енеді. Алайда, олардың әрқайсысы ұзақ талдауды талап ететін құбылыстар болғандықтан, қысқаша қайыруға мәжбүр болдық. Біз бұл мақалада тәуелсіздікке барар жолда «тәуекелге төнер қатер» тұрғысынан аса қауіпті қадамға айналып бара жатқан факторларды ғана атап өттік.
Қазіргі қазақ елінің «жерұйық» идея­сы дегеніміз − «күшті мемлекет құра отырып, аса қиындықпен келген тәуелсіздікті мәңгілік ету, ата мекенді бақытты өмір мекені – жерұйыққа айналдыру арманы. Ендеше, осы ортақ ұлы мақсат жолында бұра тартып, ұлы арманды аяқтан шалушы әрекеттер – ұлт болашағына қарсы әрекеттер деп саналып, алдымен халықтан моральдік бағасын алуы қажет. Содан кейін, ол әрекеттердің нақты зардабын анықтап алу еш қиындық тудыра қоймас деп ойлаймыз.

Авторитарлық басқару тетіктерінің қалыптасуы және зардабы
Басқару тетіктерін шамадан тыс бір орталыққа жинақтау мынадай келең­сіз құбылыстарды тудырды: Әкімші­лік басқарудың барлық буындарында дер­­лік мемлекеттік қызметкерлердің же­ке кәсіпкерлікпен айналысуына немесе мем­лекет ресурстарын өздерінің ком­мер­циялық мақсаттарына пайдалануына жол ашады. Соның арқасында, маңызды мемлекеттік шаралар жеке кәсіпкерліктің көлеңкесінде қалып, бұл мемлекеттік қызметкерлердің мемлекет пен халық алдындағы жауапкершілігінің жойылуына, оны елемеуіне, одан бас тартуына алып келді. Және де, олар мемлекеттік ресурсты коммерциялық іске қосудан түскен пайданы мемлекетпен бөліскенді қаламайды. Тек өз қалталарының қамын ойлады. Іс осылай насырға шапқанда, жергілікті шенеунік жоғары жақтың (мемлекеттің деп ұғыңыз – Ә.Б.) нұсқауын тек өз пайдасына кедергі келтірмесе ғана орындайды. Егер, ол нұсқау, қандай да бір себептермен, оның қалтасына түсер пайданы шектейтін болса, онда нұсқаулар сол күйінде қала береді. Оған нұсқаулардың орындалуын қадағалайтын мемлекеттік механизмдердің әлсіздігі немесе коррупцияланған болуы оңтайлы жағдай туғызады! Сондықтан, бұндай «саботаж» түрін жалған ақпараттармен бүркемелей салу, не тексерушіге пара беру арқылы «жауырды жаба тоқу» еш қиыншылық туғызбайды. «Ақша, тек қана ақша!» деген қоғамда мұндай әрекетті «орындалды» деп келістіре салу әбден мүмкін, әрі, солай жасалуда. Нәтижесінде мемлекеттің дамуын «шенеуніктердің есебі бойынша» және «іс жүзіндегісі» деп екіге жарып қарайтын жағдай орнады. Мысалы, өткен жылы ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков қызық ой айтты: «Мен министр болғанға дейінгі министрлік статистикасы тек шенеуніктер көрсеткен көрсеткіштерге (ресми дерекке) сүйенді. Ақпаратта осы деректерде көрсетілген модельдің бейнесі насихатталды. Ол көрсеткіш бойынша бәрі тамаша! Біз алдыңғы дамыған ел қатарында шарықтап бара жатырмыз. Ол есеп бойынша әлем бізге қызыға да қызғана қарауда…» деді. Ал, өткен жылдың желтоқсан айындағы Мәжіліс отырысында депутат Дариға Назарбаева жергілікті билік ұсынатын деректер шындыққа сай еместігін, оған күмәнмен қарау керектігін ашып айтты да.
Мінеки, шенеуніктердің осындай «тынымсыз еңбегі» нәтижесінде бізде керемет «мемлекет үлгісі» пайда болыпты-мыс… Алайда іс жүзінде қалай? Біз орнатқан мемлекет үлгісі барлық жағынан қағаз жүзіндегі деректерге сай ма? Баспасөз бетінде, кейде, тіпті, күлкілі жағдай да кездеседі: мысалы, өткен жылы бір телеарна елдегі толағай табыс пен шаттық өмір туралы көтеріңкі пафаста хабар берді. Хабар сенімді болғаны соншалық, жұрт оған күмән келтірмеді. Алайда, келесі сюжетте «еліміз суицид жөнінен алғашқы орындарда» екені ашық айтылды. Іле-шала көрсетілген графика оның басты себебі әлеуметтік жағдайдың қиындығынан туындайтынын паш етті. Сонда, әлгінде ғана айтылған «тамаша өмір» қайда кетті? Ол сюжет бойынша елімізде бір де бір суицидтік жағдай орын алмауы керек еді ғой? Міне, сөйтіп, телехабар (газет, журнал т.т.) алғашқы бетте «бізде бәрі тамаша» десе де, келесі беттердің біріндегі материал сол «тамашаның» бәрін жоққа шығарып тұрады. Ендеше, мақтанудың да жөні бар емес пе? Егер, көзі ашық журналист осылай шатасса, білімі таяз халықтан не сұрайсың?! Бұндай келеңсіз әрі ыңғайсыз жағдайды болдырмаудың бір ғана жолы бар: ол − қашанда тек шындықты айту!
Өткен жылы Елбасы әкімдерді жиып алып, оларға бірталай сөз айтты. Ол: «біздің бәрімізді халық өз ақшасына «ел басқарсын» деп жалдап отыр. Неге соны ұға алмайсыңдар!» − деді. Әкімдер төмен қарап қалды. Ол жақтың бірі – қызметіне байланысты мемлекет пен халық мүддесін ойлау болса, екіншісі – өз жағдайын ойлау. Міне, осы аталған екіұдайылықтан және қарсы жақтардың қақтығысынан жоғарыда атап өткен қоғамдағы тұрақсыздық, антогонистік көзқарастар пайда болған. «Былай тартсаң өгіз өледі, олай тартсаң – арба сынадының» кері. Сол себептен, жыл сайынғы Елбасы Жолдауында айтылатын кейбір оңды шаралар аяқсыз қалып жатады. Шенеуніктер жең ұшынан жалғасып іске асырып жатқан мұндай қылықтар қоғамда Жолдау беделіне нұсқан келтіруде.
Жалпы, мақала логикасын түсінікті етіп аяқтау үшін кез келген авторитарлық жүйе тудыратын құбылыстарды арнайы атап өткен жөн деп ойлаймыз. Олар:
• мемлекетті іштен ыдыратушы элит­аралық қақтығыстардың өршуі;
• атқарушы билік буындарының мемлекет мүддесін екінші қатарға сырғытып, жаппай жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастауы;
• басқаруға ебедейсіз бюрократиялық аппараттың қалыптасуы;
• басқару институттарының бетімен кетуі;
• коррупцияға белшесінен батқан элитаның кәсіби деңгейінің төмендеуі.
Әрине, бұндай жағдай апат емес, дегенмен, апат алдындағы жағдай. Себебі, элита мұнай мен басқа қазба байлықтан түскен пайданы там-тұмдап жырып, оның бір бөлігін әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға жұмсайды. Бірақ, мұндай «жасанды тұрақ­тылық» қоғамда түбірлі өзгерістерге әкел­мейді. Керісінше, жағдай жалғаса келе, билікке демократиялық институттарды имитациялауға жол ашады. Биліктің өзгеріп отыруына еш мүмкіндік қалмайды. Сондықтан, қоғамдық пікірде «биліктің ауысуы апатты жағдайға әкеледі» деген үрей сіңдіріледі. Бұл − билік тұғырын күшейтуге қажет идеологиялық платформа. Онымен қоса, билік әкімшілік ресурстарға сүйене отырып, саяси институттардың бәрін өз ыңғайына қарай құрады. Ал, бұл биліктің оппозицияны немесе жұмысшы наразылығын бейберекетсіздіктен туын­даған, не, ол коррупциямен шырмалған және кәсіби тұрғыда әлжуаз билікке нара­зылық деп мойындамаудан көрініс табады. Тағы бір атап өтетін мәселе − мұндай тәсіл­дер, әсіресе, сайлау кездерінде ерекше қар­қын алады. Бірақ, ол өте сақтықпен, заңның формасын формальді түрде болса да сақтай отырып жасалады. Себебі, сайлау биліктің легитимдігін қамтамасыз ететін саяси шара болғандықтан, әрі, халықаралық қауымдастық алдында заңдылыққа ие болу үшін – бұл маңызды. Осыны ескерген билік «дауыс беру еркіндігі», «әділдік» және т.б. әрекеттерді имитациялайды. Ал, шын мәнісінде, билік әкімшілік ресурстың «қосымша реттеу» мүмкіндігін іске қосып, сайлау нәтижесін бәрібір өз қалауындай етіп шығарады. Мұндай тәсілді «заңды бұзу арқылы «заңдылықты» сақтау» демеске шара жоқ. Бұл − болашағы күмәнді тәсіл.

Алдыңғы «
Келесі »