Серік Ахметов сенім жүгін көтере ала ма?

  • 01.03.2013
  • 446 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,
саяси шолушы

Сыннан қорыққан адам елді басқара аламайды.
Сенека.

«Балапанды күзде санайды» демекші, өткен жылдың күзінде, бес жылдан астам уақыт Қазақстан үкіметін басқарған Кәрім Мәсімов кетіп, оның орнына елу төрт жастағы Cерік Ахметов келді. Ендігі жерде «Жаңа премьер-министр үкімет арбасын өрге сүйреп, өзіне артылған сенім жүгін көтере ала ма?» деген сұрақ кім-кімді де бей-жай қалдырмайтыны анық. Себебі, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты әлеуметтік мәселелер, тікелей, осы атқарушы билік арқылы шешіледі. Және оның ойдағыдай шешіліп, орындалуы министрлер кабинетінің кәсіптік біліктілігіне және іскерлігіне байланыс­ты болмақ.
Cанап қарасақ, еліміз тәуелсіздік ал­ға­лы бері бұл үкімет тізгінін ұстаған сегі­зінші премьер-министр екен. Бұған дейін болғандардың (С.Терещенко,Ә. Қажыгелдин, Н.Балғымбаев, Қ.Тоқаев, И. Тасмағамбетов, Д. Ахметов, К. Мәсімов) қай-қайсы да шама-шарықтарынша қызмет етті. Бірақ та олардың қайсы бірі ел экономикасын өрге бастыратындай елеулі реформалар жасады деп айту қиын. Сондықтан да, әзірге Серік Ахметовтен жұртшылық үлкен үміт күтеді деп айта алмаймыз. Оны көпшілік «міне, нағыз лайықты кандидатура» деп қабылдады десек те, асыра айтқан болар едік. Қош көре­тіндей, оның бірер артықшылығы бұған дейін үкімет басшысының орынбасары, бірінші орынбасары министр қызметтерін атқарғаны.
Бір айта кетерлігі, Серік Ахметовтың өмір жолында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянына ұқсастық бар.Мәселен, мектеп бітірген бойда еңбек жолын Теміртаудағы атақты Қарағанды металлургия комбинатында токарь болып бастаған. Сондағы зауыт-ЖТОО-ын сырттай оқып бітірген. Мамандығы жөнінен инженер-металлург. Алдымен комбинатта, сонан соң Теміртау қалалық, Қарағанды облыстық комсомол, партия комитеттерінде хатшылық қызметтер атқарған. Теміртау қаласының және Қара­ғанды облысының әкімі болған. Былайша айтқанда, басына бақ пен бақыт кездейсоқ қона салған біреу, көлденең көк атты емес, қызметтік мансаптың бар­лық сатыларынан өткен тәжірибелі шенеунік.
Серік Нығметұлы жаңадан премьерлік қызметке кіріскенде қиындау болды деу күпірлік болар. Себебі, бір-екі ауыс-күйіс болмас кабинет бұрыңғы құрамында қал­ды. Бұрыңғы құрам – бұрыңғы мін­дет. Сондықтан, жұртшылық үкімет емес, үкіметтің жаңа басшысы не істер екен, қандай өзгерістар жасар екен деп күт­кені рас. Дегенмен, оның өткен уақыт ішін­­­де қандай шаруаларды атқарғаны, не тын­дырғаны көз алдымызда. Бұл орайда біреулер: Біріншіден, Парламентте депутаттар алдында 2013-15 жылдарға арналған бюджет жобасын сәтті қорғап шықты; Екіншіден, елімізде атқарылып жатқан бірқатар бағдарламаларға жағдай мен мүм­кіндік ескеріп, нақты түзетулер енгізді; Үшіншіден, бұған дейін жиі айтылып келген «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынды; Төртіншіден, биылғы құрғақшылыққа байланысты қиын­дыққа тап болып, тығырыққа тірелген шаруа қожалықтарына, фермерлерге көмек көрсетілді; Бесіншіден, алыс-жақын шетелдерге: Германия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанға барып ол елдердің үкімет басшыларымен кездесіп қайтты, т.б айтып, саусақтарын бүгіп, санамалап шыға келуі мүмкін. Бірақ,Серік Ахметовтың орнына басқа біреу келсе де үкімет басшысы ретінде атқаруға тиісті мұндай ағымдағы шаруаларды ол да орындаған болар еді.
Ал, енді, Серік Нығметұлының өзіне дейінгі премьерлер тәрізді басқару ісінде негізінен кабинеттік стильге иек артпай, облыстарды аралап, жергілікті хал-ахуалды өз көзімен көріп қайтуы шынында да ерекшелік. Өйткені, қай нәрсені де «мың естігеннен, бір көрген артық». Әділін айту керек. Ол вице-премьер кезінде де ертеңнен қара кешке дейін кабинетінде таңылып отырмай облыстарды аралауға жиі шығатын.Жақсы жағынан алғанда «Ауру қалса да әдет қалмайдының» кері. Бұл ретте Серік Ахметовтың наразылығымен аты шығып, 2011 жылдың желтоқсанында қанды оқиғаға орын алған Жаңаөзенге екі рет барып, қайғы жұтқан жергілікті жұртпен, қамкөңіл мұнайшылармен ашық сөйлесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап қайтуын нағыз азаматтыққа, батылдыққа балар едік. Керек десеңіз, бұл істің көзін білу ғана емес, парасаттылық пен кісіліктің белгісі! Бәлкім, үкімет осылай мәселенің алдын алып, күні бұрын шаралар қолданғанда он бес адамның өмірін қиған «Жаңаөзен оқиғасы» болмас та еді.
Жасыратыны жоқ, біздің халық үшін ең бір жан ауыртарлық, тіпті, намысқа тиерлік, шешілмей келе жатқан қиын түйіннің бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесі. Тәуелсіздік алып, өз алдымызға дербес мемлекет болға­нымызға жиырма жылдан астам уақыт өтсе де біз оны елдік деңгейде жаппай қолданатындай жағдайға жеткізе алмай келеміз. Сондықтан да, атқарушы билікке әрбір жаңа басшы келген сайын жұрт емексіп: «Тілге байланысты қандай батыл қадам жасар екен?» деп бір жаңалық күтеді. Осыны сезіп жүр­ген­дей Серік Нығметұлы өткен жылы қараша айының аяғында: «Бұдан былай үкіметтің барлық жиналыстары мемлекеттік тілде өтетін болады» деп мәселені төтесінен қойды. Сөйтіп, бір отырысты түгелдей қазақша өткізді.Онда жастар тәрбиесі сөз болды. Бұрын ана тілін білмейтін сияқты көрінетін Қаржы министрі Болат Жәмішев қазақша сөйледі. Бұған талайлар қуанды. Мұндай батыл қадам қазақ тілді электораттың көңіліне кәдімгідей жылылық пен үміт ұялатты. Кейбіреулер «үкімет басшысының бас­тамасы жалғасын тауып, нақты іспен тиянақталып жатса игі» десті. Секем алатындай жөні бар. Осыған дейін мем­ле­кеттік тілге қатысты талай басшы тара­пынан жасалған жақсы әрекет бас­тама «жарқ етіп жанып, артынан жалп етіп сөніп» қалған. Бұл жолы да солай болды. Жоғары жақтан біреулер бірдеңе деді ме, әлде үкімет мүшелерінің тілдік қоры саяз болып шықты ма, әйтеуір бәрі таз қалпына түсіп, әрі қа­рай­ғы жиналыстар орыс тілінде өтуін жалғастыра берді.
Тіл дегеннен шығады. Малайзия елін артта қалған аграрлы елден алдыңғы қа­тардағы индустриалды мемлекетке айнал­­дырып, әлемге танылған дәрігер Махаткир Мохамадтан «Сіз жұмысты неден бастадыңыз?» деп сұрағанда: «Батыстық емес, жергілікті құндылыққа ден қою­дан, етпетінен жатып қалған малай тілін көтеруден бастадым!» деп жауап берген екен. Демек, үкімет басшысы табыс­ты жұмыс істеуі үшін, тек, экономиканы жақсы білетін шаруақор ғана емес, рухани сала­ны да естен шығармайтын саясаткер де болуы керек. Өйткені, мәдениетсіз, руханиятсыз экономиканы ілгерілету екіталай. Сайып келгенде «саясат дегеніміз эконо­ми­каның жинақталған көрінісі».
Кейбір сарапшылар С.Ахметов жемқор­лықпен, әсіресе, бюджет қаржысын жым­қырып жеушілермен күресті күшейтті де­генді айтып жүр. Лайым солай болғай. Кез келген мемлекетті жегі құрттай жеп, түбі­не жететін, осы жемқорлық пен парақорлық. Бүгінде Азия «жолбарыс­тары» атанып, экономикалық даму­дан алдыңғы қатарға шыққан Гонконг, Ма­лайзия, Тайвань, Сингапур, Оң­түстік Корея елдері де реформалық өзге­рістерді алдымен жемқорлықпен кү­ресуден бастаған. Және ол қадамдары айтарлықтай нәтиже берген. Мәселен, Сингапур экономикасын ұшпаққа шығарған Ли Куан Ю-ге: «Жемқорлықты қалай жеңдіңіз?» дегенде: «Тәртіп орнатуды алдымен туыстарыңыздан бастаңыз. Ең жақын деген екі-үш адамыңызды сондай қылмысы үшін түрмеге отырғызсаңыз бәрі орнына келеді» депті.
Сөз бар да іс бар. Ұлттық банктің мә­лі­меті бойынша, өткен 2012 жылы ЖІӨ 5 пайызға өсіп, құнсыздану 6 пайызды құраған. Сыртқа тауарлар шығару 69,2 млрд. долларға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға өскен, алайда оның 62,2 пайызын, яғни, 43,3 млрд. долларын әдеттегідей мұнай мен газ құраған. Сол сияқты шеттен тауарлар сатып алу да 24,5 пайызға өсіп, 32,1 млрд. доллар шамасында болған. Елімізге келген тікелей инвестицияның мөлшері 11,7 млрд. долларды құраған. Мұнан кейіннен Елбасы 20 млрд. деп түзетті. Мұнда Серік Ахметовтың үлесі бар деп те жоқ деп те айта алмаймыз. Бар дейін десек, ол үкімет басшысы тізгінін жылдың аяқталуына үш ай ғана қалғанда ұстады. Жоқ дейін десек, бұрыңғы үкіметтің құрамында экономикаға қатысты салаға жауап беретіндей вице-премьер қызметін атқарды. Ал, биылғы жылы құнсыздану 6-8 пайыз төңірегінде болады. ЖІӨ өсімі өткен жылғыдағыдай 5 пайызды құрайды (Халықаралық валюта қоры мен Азия даму банкінің болжамынша 6-6,3 пайызға өседі) деген болжам айтылып жатыр. Міне, осы жылы үкімет басшысының инфляцияны ауыздықтап, ЖІӨ-нің өсімін көтеріп, өзінің іскерлігін көрсетуіне толық мүмкіндігі бар.
Өз бастамаларымен немесе мүдделі орындардың тапсырысымен Серік Ахме­товтың халық арасындағы рейтин­гісін зерттеп, қара терге түсіп жүрген ұйымдары да аз емес. Солардың бірінің зерттеу нәтижесіне қарағанда сұрау сал­­ғандардың 40 пайыздайы жаңа пре­мьердің жұмысына көңілі толатынын, ал, 20 пайызы қанағаттанбайтынын, қалған бөлігі қалыс қалып немесе «біл­меймін» деп жауап берген. Олардың бәрі де үкімет ең бірінші кезекте азық-түліктің, коммуналдық қызметтің қым­баттауына жол бермесе, дәрігерлік қызметтің сапасын жақсартуға ықпал етсе, парақорлық, жемқорлықпен кү­ресті одан әрі күшейте түссе деген тілек білдірген. Әйтсе де, мұндай кез кел­ген сұрау салудың салыстырмалы екенін, кемшілігі болатынын ескерген жөн. Тағы бір байқағанымыз, жұрт­тың көбіне Серік Нығметұлының қара­пайымдылығы, ұстамдылығы ұнайды екен.
2013 жылғы қаңтарда үкімет құрылы­мында біраз өзгерістер жасалынып, бұрын-соңды болмаған Аймақтық даму министрлігі деп аталатын жаң министрлік құрылды. Оның басқару тізгіні бұған дейін «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары, Экономикалық даму және сауда министрі, Павлодар облысының әкімі қызметтерін атқарған Бақытжан Сағынтаевқа берілді. Міне, осыны біреулер тікелей Серік Ахметовтың мемлекет басшысын сендіріп, жүзеге асырған жоспар-жобасы деп жүр. Сондай-ақ, ол құрылымды өзгерту, міндеттерді бөлу арқылы өзінің асығыс әрекет-шешімдерге бармайтынын, байсалдылықпен жұмыс істейтіндігін көрсетті, дейді. Мүмкін солай да шығар. Өйткені, асығыстық ешкімге де абырой әпермеген. Ал, аймақтық министрлікті құрудың қисыны бар. Олай дейтініміз, халқы көп болмағанымен, территориясы үлкен біздің ел үшін жергілікті билік орындарының жұмысын қадағалап, ширатып отыратын орган керек-ақ. Мұндай министрлік Өзбекстан мен Қырғызстанда болмағанымен, көршілес Ресей Федерациясында бұрыннан жұ­мыс істейді. Оны қазір Слюнев Игорь Николаевич дейтін министр бас­қа­ра­ды. Ал, Қытайда мұндай аймақ­тық даму және шекаралық қарым-қаты­нас мәселелерімен коммерциялық минис­трлік айналысады. Бір минис­трліктің артық-кемдігінен мемлекет бюджетіне аса көп ауыртпалық түсе қоймас. Ең бас­тысы, ол күткендегідей қайтарым мен пайда берсе болғаны.
Айтқандай-ақ, осы өзгерістің артынша Министрлер кабинетінің отырысы өтіп, онда Аймақтық даму министрлігінің бас­ты қызметі өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен еліміздің эко­но­микасы салаларының мүмкіндігі негі­зінде қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталатыны айтылып, «Аймақтардың дамуы», «Қол жетімді баспана – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2030», «Жұмыспен қамту – 2030», «Ақ бұлақ» бағдарламаларын, сондай-ақ, Тұр­ғын үй шаруашылықтарын қайта жарақтандыру, моноқалаларды дамыту мәселелерін жүзеге асыру міндеті осы министрлікке жүктелді. Жауапкершілігі зіл батпан, осынау, бағдарламалармен өзекті мәселелерді атқару жаңадан құры­лып жатқан, тәжірибесі кемшіндеу минис­трлікке ауыр тимес пе екен деген күдікті ой қылаң береді.
Көңілінде титтей кір жоқ, түймедей нәрсені түйедей ғып айтып, қуанатын қайран қазекем-ай! Біреулер Серік Ах­метовтың, өткен жылы Шымкентке барған сапарында үкімет басшысымын деп сіресіп қалмай ұлтжанды ақын Мұхтар Шахановпен құшақтаса амандасқанын мақтан етіп айтып жүрді. Осы орайда әйгілі американ жазушысы Марк Твеннің: «Қызмет баспалдағымен көтеріліп бара жатқанда адамдармен жылы амандасыңыз, өйткені, қайта түсіп төмендеп келе жатқанда сол адамдармен ұшырасып қалуыңыз мүмкін» деген өмірден түйген өсиеті еске түседі. Демек, биліктің мәңгілік емес екенін, қарапайымдылық әр адамның абырой-беделін арттыратынын ұмытпағаны жөн. Әдетте, отбасы кез келген қайраткер мен тұлғаның сенімді бір тірегі деседі. Осы тұрғыдан алғанда, Серік Нығметұлының зайыбы Любовь Михайловна мен әлдеқашан бойжетіп, ержетіп азамат қатарына қо­сылған балалары 33 жастағы Жанна және 28 жастағы Данияр тұрғанда, оған ешкім де «отбасылық мәселені жете тү­сін­­бейсің, интернационалист емессің, халықтар достығына қырың қарайсың» деп ешкім де кінә арта алмайды. Тіпті, ол кейбір басшылар секілді қазақбайшылық, ағайын-туыс, жекжат-жұрағаттық былық-шылықтан да аулақ болуы мүмкін.
Бәрін айт та бірін айт. Түсіне біл­генге қазіргідей жаһандану жайлап, қымбат­шылық қысып, ауық-ауық экономи­калық-қаржылық қауіп тұрған заманда Қа­зақстан үкіметінің алдында ішкі және сыртқы бағытта қыруар шаруаларды атқару міндеті тұр. Талайдан бері әрекет жасалып келе жатқан ДСУ (Дүние жүзілік сауда ұйымына) тиімді шарт, міндеттемелермен ену, сондай-ақ, аймақтық интеграция ретінде үлкен үміт артылып отырған Беларусь және Ресеймен бірігіп құрған Кедендік одақ және қалыптасып жатқан Біртұтас экономикалық кеңістікте есе жібермей, тиімділікпен жұмыс істеу соның бір тармағы. Бұған қоса, республика үкіметінің алдына еліміздің келешек дамуына бағдарланған «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасын әр кезең және жылдар бойынша нақтылап жүзеге асыру, оған тиісті министрлік пен ведомстволардың, облыстардың іс-әрекеттерін үйлестіріп, жұмылдыру басты міндет етіп қойылып отыр.
Қалай дегенмен де, бізге ең керегі – Се­рік Ахметовтың басқаруындағы Үкі­меттің кәсіптік біліктілікпен жұмыс істеп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетіп, халқымыздың игілігіне, оның әл-ауқатын арттыруға қызмет еткені. Бәріне уақыт төреші. Серік Нығметұлының атқарушы биліктің жұмысын жандандырып, оған қандай серпін мен екпін бергенін тіршілік болса көреміз.

Алдыңғы «
Келесі »