ЛЕВ ТОЛСТОЙДЫҢ ШЫН СЫРЫ

  • 01.03.2013
  • 998 рет оқылды
  • 3

«Рассказом о том, как «проснулся» он сам, Толстой будил мир» (штж 17-18 том 251-бет) .
«Исповедь» – Толстойдың терең әрі қуатты шығармаларының бірі». Бірегейі. Бұл шығарма 1879 жылы жазылған. Лев Толстойдың «Смерть Ивана Ильича», «Много ли земли нужно человеку», «Отец Сергий», «Воскресенье» сияқты жауһар туындылары, басқа шығармаларынан мазмұн-мән жағынан да, тақырып тереңдігі жағынан да аса биік көрінеді.
Толстой – өзін өте қатыгез, қатал сынға ал­ған жазушы. Шын мәнінде өзін ақиқи сын тезіне сала білген жан ғана шынның дәмін, ләззатын татпағы хақ-дүр. Осы орайда, Абай­дың «Қолымды мезгілінен кеш сер­ме­дім», «Жүрегіме қарасам, инедейін таза емес» дегендейін өзі туралы өткір сындары ес­ке түседі. Өзін қатты сынап, қателігін бүк­песіз мойындай білген өр тұлғалы Бауыр­жан Момышұлы да – бұл тұрғыда өзін-өзі аяма­ғандардың бірі.
«Исповедь» – Толстойдың басқа өмірге бет­бұрысы. Иман мен ақиқат іздеген жанның ащы зары. «Исповедь» – «талайғы кәрі дүниеден» мағына іздеп шарқ ұрған жанның жанайқайы. «Исповедь» – Толстойдың рухының өмірбаяны. «Ис­поведь» – ақиқатты аңсап іздеген адам рухы­ның ауыр сілкінісі, шындықты іздеу жолында «қанын дария, сүйегін көпір» қылған арлы кісінің жан тебіренісі.
Толстойдың күнделіктері мен хаттарына, ол туралы зерттеу еңбектеріне назар аударсақ, 1870 жылдан кейінгі кезеңдерде оның ішкі әлемінде үлкен өзгерістер болғанын аңғарамыз. Оның 1880 жылдан кейінгі шығармаларында өмір мен өлім, сенім мен ақиқат, адам өмірінің мәні сияқты тақырыптар терең қозғалады.1886 жылы жазылған «Много ли земли нужно человеку» әңгімесі де осы маңызды тақырыпты көтереді.Басты кейіпкер Пахомның өмірі жарық күнде Хақ нұрынан ғапыл қалып, сағым қуған адамдардың өмірін еске салып, оқырманды терең ойға жетелейді. Әңгіме желісі кең жердегі таршылықтан, тар жердегі кеңшіліктің артық екенін ұғындырады. «Отец Сергий» әңгімесіндегі басты кейіпкер Сергийдің ішкі әлеміндегі арпалысын, оның шындықты іздеу жолындағы жүрек тербетерлік ізденістерін оқығанда көзі қарақты адамның бейжай қала алмасы хақ. Толстой «Смерть Ивана Ильича» хикаяты өлімнің «тәтті күйін» шертеді.Қатерлі дерт құрсауына шырмалған кейіпкер өлімді ойлау арқылы, өз өмірінің мәнін ұғынғандай болады. Толстойдың қай шығармасын болмасын, адамның ішкі жан дүниесіндегі толғаныстар, адамның өз-өзімен болған күресі сыртқы оқиға желісінен гөрі басым мәнге ие екенін аңдаймыз. Бірақ, бұл басымдық сюжет желісінің тартымдылығына ешқандай көлеңке түсіретін басымдық емес. Қайта Толстой әңгімелерінің оқиға желісі адамды өзіне ғана тән қарапайым қайырлы өрнегімен баурайды. Шынында да адамның нағыз өмі­рі оның ішкі әлемінде, оның жүрегінде жү­ріп жатады. Адамның бүкіл өмірі сол жү­ректегі өмірге тікелей байланысты. Жүрегі былғанған адамнан таза өмір үлгісін іздеу бос әурешілік болмақ. Осы иірімдер Толстой шығар­машылығының өзегі десе де болар.
Аталған кезеңдегі Толстойдың ішкі әлемінде болған өзгерістер, ақиқатты іздеудегі жанкешті ынтызарлығы оның хаттарынан да аңғарылады. Толстойдың хаттары – эпистолярлық жанрдың шедеврлері ғана емес, оның рухани ізденістері Һәм көзқарастарымен нақышталған соқтықпалы, соқпақсыз өмір жолы. Ұлына жазған мына бір хатында былай дейді: «Вообще, надо помнить, что все соображения о Таптыковых (жер), о деньгах, имеют, в сравнении с вопросом о твоей душе которая гибнет и может воскреснуть, имеют так же мало значения, как комариное крылышко на возу». «Дүние тезек сияқты: үйілген сайын сасиды, шашылса жерді тыңайтады» дегенді айтқан Толстой өз ұлына сені жер мен ақша ақиқаттың аулынан адастырып барады, бұл сен үшін ең қатты мән беретін сұрақ дегенді ескертеді. Осы 80-жылдардан кейінгі жазылған еңбектері үшін Толстой шіркеуден аластатылды. Бірақ, ол ақиқаттан аластатылған жоқ, қайта оған жақындай түскен болатын. 1884 жылдың сәуірінде жазылған Толстой күнделігіндегі мына бір жолдарда терең сыр жатыр. «Я бы очень рад был, если бы вы были бы одной веры со мной. Вы вникните немножко в мою жизнь, друзья мои, семейные даже , отворачиваются от меня. Одни – либералы и эстеты- считают меня сумашедшим или слабоумным вроде Гоголя; другие – революционеры и радикалы – считают меня мистиком, болтуном… признаюсь, что это тяжело мне… И потому, по­жа­луйста, смотрите на меня, как на доброго ма­го­метанина, тогда все будет прекрасно». Е. Векилова деген орыс әйелі ұлдарының Исламды қабылдағысы келетінін, осыған байланысты хат арқылы сұраған кеңесіне Толстой: «Что касается до самого предпочтения магометанства пра­вославию.., я могу только со всей душой сочувствовать такому переходу… Для всякого разумного человека не может быть сомнения в выборе и всякий предпочтет магометанство с приз­нанием одного Бога и Его Прарока…» – деп жауап жазады.
Арды адамдық арқауы деп білген Толстой «Исповедь» арқылы өзінің өтіріктің бетпердесін сыпыруға біржола бет бұрғанын ашық айтады. «Мне нужно сорвать с глаз людей завесу, ко­­торая скрывает от них их человеческие обья­­занности» (Л.Н. Толстой 90 томдық шығ. жинағы. 26-том, 564-бет). Шын мәнінде адамның адамдық мақсаттан алыстап, адасуынан асқан бақытсыздық бар ма?! Толстой бүкіл ғұмыры мен ізденісін ақиқатты іздеуге арнады. Ол «Мен кіммін?», «Қайдан келдім?», «Не үшін өмір сүруім керек?», «Менің өмірімнің мәні неде?» деген сұрақтарды өмірінің соңғы кезеңіндегі бүкіл шығармаларының алтын арқауына айналдырды. Ол өмір мен шығармашылық бөлек дейтіндердің сапынан емес еді. Және Толстой үшін шығармашылық басты мақсат та емес. Бұны «Лермонтов и я – не литераторы» немесе «Я не мечтаю о литературной славе», «Слава я не хочу и презираю» (17-18 том 242-бет) деген сөздерінен аңғарамыз.
Өз дәуірінің ақиқатын бүкпесіз жазған бұл шығарманың Ресейде жариялануы мүмкін емес еді. Шығарма жазылғаннан кейін 2 жыл өткенде, бұл туралы жазушының өзі былай дейді: «Но этой книги в которой я рассказывал, что я пережил и передумал, я никак не могу и думать печатать в России, как мне сказал один опытный и умный старый редактор журнала. Он прочел начало моей книги, ему понравилось. Так как он просил моего сотрудничество, я сказал:Так вот, напечатайте. Он поднял руки и воскликнул: «Батюшка! Да за это и журнал мой сожгут, да и меня с ним » Так я и не печатаю» (90 томдық шығ.жинағы. 49-том. 9-бет). Осы себептерге байланысты «Исповедь» алғаш рет Ресейде емес, 1883 жылы Женева қаласында «Общее дело» журналында жарық көреді. Ал, Ресейде бұдан 13 жыл өткеннен кейін 1906 жылы жарық көрді. «Ол – әлем әдебиетіндегі ең бір шынайы кітаптың бірі». Ол – ақиқатқа ынтызар жанның шырылы. Шығарманы оқу барысында «Ақымақ едім, әлемді түзетпек болдым, ақылым кіре бастады, енді өзімді түзетуге кірістім» деген іргелі ой аңғарылады. Шынында, өзінің кім екенін, не үшін өмір сүретінін анық танып, білмеген адамның «адамзатты жөнге саламын» деуі қи­сынсыз көрінбей ме?!
Толстой шын өмірдің үлгісін іздеді. Оның аса қадір тұтқан адамдарының бірі Блез Паскәлдің мынадай құйқалы сөзі бар: «Адамдардың үш тобы бар: бірінші топ Жаратушысын іздеді және тапты. Бұлар ақылды әрі бақытты адамдар. Екінші топ Жаратушысын іздеп жүр , бірақ тапқан жоқ. Бұлар ақылды, бірақ әлі бақытсыз адамдар. Үшінші топ Жаратушыны іздеп те жүрген жоқ, тапқан да жоқ. Бұлар бақытсыз әрі ақымақ адамдар» Толстой да – жан-тәнімен, бар мүмкіндігін сарқа Жаратушысын іздеп, тауып, тануға талпынған жан. Бұл туралы ол «Исповедь» туындысында былай дейді: «Құдайды білсем болғаны мен тірілемін, есімнен шығарсам, сенбесем болғаны, мен өлдім.Құдайды іздеп өмір сүр. Сонда құдайсыз өмір болмайды». Бұл Абай хакімнің: «Күндіз-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне ғашық қылған оның әмірі» дегенімен үндес. Толстой өмірдің ұлы сынақ екенін ұғынды. Өмірдің асау дария екенін, адамның дарияға жіберілгендегі мақсаты – ағыспен ағу емес, жағаны табу екенін де жақсы түсінді.Бәлкім, сол жағалауды, жандүниені нұрға бөлейтін ақиқат жағалауын, тапқан да шығар. Оны біз білмейміз.
Абай Қалшабек

Алдыңғы «
Келесі »

3 Пікір бар

  1. Бәрі өтірік. Осындай сайқалдықтың не керегі бар? Өлген соң адам құрып кетеді. Сондықтан тұқым және байлық қалдыру керек.

  2. Рахмет, малхана бауыр.

  3. Анау “бәрі өтірік” деп бастаған малдың өзі сайқал екені жазбасынан көрініп тұр

Пікірлерге тыйым салынады.