Қазақтың бес парызы

  • 09.01.2013
  • 1390 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дос Көшім,
«Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы

Қазақ тілін дамыту саясаты одан жерінуге, тіпті, қазақтардың өздерінің бойды аулағырақ ұстауына ықпал етпеуі керек. Керісінше, тіл Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс. Бұл үшін тіл саясатын сауатты және дәйекті, қазақстандықтар сөйлесетін бірде-бір тілге қысым жасамай жүргізу керек. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде.
Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады.
Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз.
Сондықтан, оған бей-жай қарамайық.
Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз.
(Қазақстан Республикасының Президенті –
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың
«Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан
мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты
Қазақстан халқына Жолдауынан)

– Өз Отанымызды «Қазақ мемлекеті» деп атау – барлық қазақтың арманы. Тіпті ежелгі арманы. Бірақ, ол қазіргі жағдайда тектен-тек орындала қалмасы хақ. Демек бізге Президент айтқандай, ең бастысы – қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Егер де, қоғамда осындай жағдай қалыптасса, өзге ұлт өкілдері де амалсыз қазақ тілін мойындап, тілді білуге икемделе түспек. Бұл бір. Екінші бір мәселе – тілге деген сұранысты арттыру, қажеттілік жасау. Ол мемлекет тарапынан жүргізу керек. Бұл жерде өзге ұлт өкілдерін кемсітуге жол берілмегені дұрыс. Мәдениетті түрде, барлық құқықтарды сақтай отырып, өзге ұлт өкілдерін тілді үйренуге, құрметтеуге тарту. Үшінші мәселе, ол – мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдау. Қазіргі қолданыстағы Тіл туралы заң, бүгінгі күннің талаптарын орындауға қауқары кем. Егер де, «Қазақ мемлекеті» деп атайтын күнге жетеміз десек, осы үш саланы қатар алып жүрген дұрыс қой деп ойлаймын. Сонда ғана біз ата-баба арман-мақсатын орындадық деп айта аламыз.
…Қазақты оятудан шаршаған адамның бірі – мен шығармын. Аттысы шауып, жаяуы шаң қауып қалған қайран бір халық. Көңілдері – керемет, айтқан сөздерінен – садаға кетесің, сынағанда – жеріне жеткі­зе­ді, шаққанда – қаныңды шығарады, зарлағанда – еріксіз жылатады, бірақ… орындарынан қозғалмайды. Сол уақытта, есіме мұсылмандықтың бес парызы түсті. «Мүмкін, бұларға да, мынау сендердің іске асыруларыңа міндетті болып табылатын парыздарың деп, қазақтыққа алып келетін нақты қадамдарды тізіп беру керек шығар» деген ой келеді. Сон­да ғана өтірікшілерінің – беттері өр­те­­ніп, көлгірсігендер – күбірге көшіп, қайсарсымақтары – қашып кетер де, нағыз қазақпын дейтін жандар ғана сөз алып, жол көрсетуге мүмкіндік алар.
Қазақ мәселесінің шешілмей жатқан­дығының бір себебі, менің ойымша, басты себебі – біздің қазақтықтан алшақтап кет­кен­дігіміз болар деп ойлаймын. Өзіміз қазақ болмай жатып, қазақтың ұлттық мәселелерін қалай шешпекпіз? Меніңше, осы уақытқа дейін санасы бар қазақтың бәрі ішінен бір туар күй кешіп отырған сияқты. Баламызды орыс тіліндегі мектепке беріп, теледидардан қазақ тілі туралы салиқалы сөздерді айтқанда, ішімізден қылпылдап отырамыз. Күнәға белшемізден бата отырып, имандылық туралы ақыл айтқанда да ішімізден ыңғайсызданып отырдық. Байлыққа ұмтыла отырып, қарапайымдылық пен шүкіршілік туралы ақыл айтқанда да дауысымыз жарқыншақтау шығады. Бұған да шүкіршілік, ыңғайсыздықты сезінгеніміздің өзі – адамшылықтан айрылмағандық болар. Ал, егер, қылпылдауды (ұялу – өзіне өзі іштей ашулану емес пе?) білмесек – сөзіміз бен ісіміз жараспаған, нағыз екіжүзді болғанымыз! Әрине, «заман солай еді» деп, ақталғымыз да келеді. Заманды жасайтын да, өзгертетін де адамдардың өзі екенін мойындағымыз келмейді. Заманды өзгерткеннен көрі сөзімізді өзгерткен оңайырақ сияқты. Ал, бүгін заман да, заң да өзгерді. Қазақ өзінің ұлттық құндылықтарын қайта тірілтуге кірісті. Бірақ, көпшілігіміз әлі де қозғалар емеспіз. Енді, заманға жала жабудың жөнсіз де ыңғайсыз екендігін біліп, басқа бір сылтауға көштік: «Әңгіме етті қолмен жеуде немесе жеті атасын жатқа білуде емес. Жүрегің қазақ деп соқса болғаны…» деп пысықсыймыз. Шын мәнінде, пысықсу емес, көлгірсуге ұқсайды. Бос әңгіме! Ұлттық ұстаным болмағаннан кейін – бәрі бекер. Екінші біреулеріміз басымызға тақия киіп, ұлттық оюы бар шапан жамылып, үйдің төріне домбыра ілгенімізге мәзбіз. Одан қалса, Наурызда Мұхтар Шаханов пен Хасен Қожа Ахметтің қасында тұрып суретке түсеміз. Бұл да ұлтшылдықтың белгісі сияқты. Ана тілі туралы толғана сөйлеп отырып, қасымызға келген немерелерімізге «Бабушкаға баршы, платочек берсін, какой ты грязный!» деп қоямыз. Біріншіден, бәріміздің жүрегіміздің қазақ болып соққанынан қазақтың мәселесі шешілмейді екен, екіншіден, жапондардың (қытайдың, кәрістің, т.б.) жүректерінің қалай соққанында ешкімнің жұмысы жоқ, бірақ, олар тамақты таяқшамен жегенде өздерінің ұлттық мәдениеті мен ерекшілігін көрсетеді және сақтайды деп ойлаймын. Демек, ұлттық мәдениетті, ұлтшылдықты өмірде ұстану – сол ұлт өкілінің мызғымас парызы болып табылады.
Мойындауымыз керек, біздің көпшілігіміз саусағымыздың ұшын қимылдатпай-ақ, қазақ болғымыз келеді. Менің байқауымша, бұл – өзімізді алдау, қала берсе ұлтымызды алдау. Отаршылдық та, тоталитарлық идеология да, біріншіден, халықты ұлтсыздандыруға бағытталды және ол өзінің нәтижесін берген де сияқты. Сондықтан ҚАЗАҚТЫҚҚА қайтып келмейінше, бұл құрсауды бұзып шығу мүмкін емес. Бұл, сөз жоқ, өзін қазақпын дейтін әрбір адамға үлкен міндет жүктейді және ол міндетті бос сөзбен (немесе ұлттық саиттарға комент жазумен) жүзеге асыра алмайсың. Қысқасы, қазіргі қазақтарға қазақ болу да оңай шаруа емес, ал, қазақ болмайынша, ұлттық мемлекет құру да бос сөз болып қала береді.
Енді, қазақ болу дегенімізге келейік. Меніңше, мұсылмандықтың бес парызы сияқты, қазақ болудың да бірнеше нақты шарттары болуы қажет. Әрине, бұл шарттарды бесеумен шектеу де асылық болар, олардың бесеуден көп те болуы мүмкін, бірақ, менің мақсатым Сіздерге ой салу ғана. Өзімнің пайымдауымша, ол шарттар мыналар:
1-шарт. Ата тегіңе қайтып
оралу – парыз
Осыдан бес жыл бұрын «Ұлт тағдыры» қозғалысы 16 жасқа толып, енді ғана жеке басын куәландыратын құжат алғалы тұрған мектеп оқушыларына «Ата тегімізге қай­тып оралайық!» деген акция өткізген бола­­тын. Республиканың 8 облысында жүргізілген бұл шарада оқушылармен кездесулер өткізіліп, олардың әрқайсына ашық хат берілді. Ашық хаттың бірінші бетіндегі мәтін төмендегідей: «Құрметті жас дос­тар, іні-қарындастар! Жасыңыз 16-ға толып, жеке басыңызды куәландыратын құжатыңызды аларда, әкеңіздің атына орыстандыру дәуіріндегі жасанды түрде жалғанған, біздің салтымызда жоқ «-ов» («-ова»), «-ев» («-ева») қосымшаларынан құтылып, қазақ екенімізді білдіретін «-ұлы», «-қызы» деген сөздерді қосу­ла­рыңызды сұраймыз. Егер, әке-шеше­ле­ріңіз түрлі себептермен (бұрынғы аты-жөні көрсетілген диплом, аттестат, т.б. ауыстыру қыйындығынан) қазақ тіліндегі қосымшаға көше аламаса, Сіздерден соң, Сіздердің арқаларыңызда, Сіздерден тарайтын барлық ұрпақтардың аты-жөні ұлттық нұсқада қалаптасады. Қазақтың ұлттық ерекшелігіне қайтып оралу – бәріміздің қасиетті борышымыз! Қазақи нұсқадағы аты-жөнімізге ора­лу Сіздерден басталады деп сенеміз!» Екінші бетте мынадай мәтін бар: «Әлемдегі барлық халық өз аты-жөндерін тек өздерінің ұлттық негіздерін сақтап жазады: Егер – армяндар – Акопян; әзірбайжандар – Мамедоглы; грузиндер – Махарашвили; украиндар – Костенко; латыштар – Лацис; молдовандар – Кодру; эстондықтар – Томме; түркімендер – Мақтұмқұлы; литвалықтар – Вайкуле; орыстар – Иванов болса, біздер, қазақтар, неге Момышұлы болмаймыз!» Сонымен қатар, Ашық хатта 1996 жылдың 2 сәуірінде жарық көрген Президенттің «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығынан үзінді де берілген. Өз басым, тегін жазғанда қазіргі заңда бар үш түрлі жолдың бірін (әкесінің атын жазу, «-ұлы» «-қызы» сөзін қосып жазу және «тегі» деген сөзді қосу) ғана қолдануды дұрыс көремін. Қазақтық белгінің біреу ғана болғаны дұрыс сияқты.
Бір қарағанда, қазақтықтың Бес пары­зының ішінде бұл міндетті орындау аса қыйын да емес сияқты көрінеді. Бірақ, өмірі өлмейтін бюрократия мен орыс тілді мемлекеттік қызметкерлер алтын уақытыңды да алады, жүйкеңді де тоздырады. Бұған да дайын болуымыз керек. Міндет – айлап жүгіресің бе, жылдап жүгі­ресің бе, әйтеуір талай кеңсенің табал­дырығын тоздырып жүріп, соттасып, алысып-жұлыса отырып құжаттардағы ата-тегіңді ұлттық негізге түсіру.
Орыстандыру идеологиясы өтіп кеткен жандар үшін, бұл парыз түкке тұрмайтын мә­се­ле сияқты көрінеді. Бірақ, әрбір қазақ үшін, «мен-қазақпын» деген жандар үшін «-ов» пен «-оваларды» маңдайына басқан таңба белгісі, отаршылдық қамытының нақты көрінісі ретінде қабылдану керек! Бұл іске тек өзіңді ғана емес, отбасыңды, жора-жолдастарыңды да тарту қажет. Орыс тілінің жалғауынан арыла алмаған адамның «мен – қазақпын» деп кеудесін қағуы ақиқатқа жатпайтын жағдай екенін бәріміз сене, ұғына білуіміз керек. Ата-тегімізге қайтып оралу – біріншіден, қазақ ұлтының бірлігінің көрсеткіші, екіншіден, орыс бодандығынан құтылғанымыздың белгісі, үшіншіден, қазіргі кезең үшін – азаматтықтың да белгісі. Ең бастысы, бұл шарттың талабына «Онда тұрған не бар» деп айта көрме, қазақты құртып жүрген де осы сөз!
2-шарт. Балаларыңды, немерелеріңді қазақ балабақшасына, қазақ мектебіне беру – парыз
Әлі есімде, 80-жылдардың басында Абай атындағы институтта дәріс беріп жүрген кезім. Сабақтың соңында бес-он минут уақыт қалдырып, ұлттық мәселе туралы сөз қозғайтын әдетім бар болатын. Бірде, қазақ тілі туралы пікір алысу үстінде бірінші курстың бір студенті қолын көтеріп, «Ағай, сіздің балаңыз қандай мектепте оқиды, орыс мектебінде ме, әлде қазақ мектебінде ме?» деп сұрады. Әлі баламыз жоқ болатын, сондықтан, «Әрине, егер балам болса, қа­зақ мектебіне беремін» дей келе, не­ліктен, осы сұрақты қойғанын сұрадым. «Бар­лығыңыз қазақ тілі дейсіздер, бірақ, балаларыңызды орыс тіліндегі мектепке бересіздер» деді он жетідегі студент. Сол уақыттағы қазақ тілі кафедрасындағы әріптестерімнің балаларының қай тілдегі мектепте оқитынын ойша шолып өттім де, …еріксіз тілімді тістедім.
Бұл «орыс мектебінде оқымаған адам – адам болмайды» деген кезең еді. Қазіргі қазақ ұлтының міндеті – «қазақ тілін білмеген адамның бұл елде болашағы жоқ!» деген ұранды жүзеге асыру. Егер, бүгін 65 пайызға жеткен қазақ осы міндетті жүзеге асыра алмаса, ертең, халықтың 99 пайызын құраған уақытта, орыс тілді болып қалуымыз ғажап емес. Құдайға шүкір, қазақ балаларының орыс мектебінде оқуы біршама азайды, бірақ, әлі де 30 пайыздан артық қара көздер орыс тілінде білім алады…
Біз қазір «сиқырлы дөңгелекті» ай­налып жүрген сияқтымыз: тілдік қажеттілік жасалмайынша, қазақ тілін­дегі мектептерге балаларды беруге деген құл­шыныс жоқ; ал, қазақ балалары қазақ тіліндегі мектепке бармайынша – тілдік қажеттілік те тумайды. Демек, бұл сиқырлы дөңгелектен шығуға деген ал­ғашқы қадамды өзіміз жасауымыз керек.
Бұл жерде де, балаңмен ырылдасып, келінмен күңкілдесіп, керек десең төсектегі әйеліңнің де теріс қарап жататындай жағдайларға тап болуың мүмкін. Бірақ, бір қадам кері шегінбей, бұл шарттың қазақтың болашағына беретін пайдасын ұстамдылықпен түсіндіре білуіміз керек. Қазақ мектебін бітірмеген қазақ – болашақта нағыз қазақ болуы екіталай. Балаларын орыс тілінде оқытқан адамдардың қазақ тілінің болашағы, ұлттың мәселесі туралы «жүрегі ауыра» сөйлеуі – нағыз екіжүзділік болып табылады (Бірде Қазақ тіліне қатысты кезекті бір комиссия құрылатын болғанда, қарап отырмай: «балалары, немерелері орыс мектебінде оқитын жандар бұл комиссияға мүше болмауы керек» дегенім бар. Комиссияға кірейін деп отырған зиялы ағаларымыздың басым көпшілігі маған дүрдие қарады…). Кез келген ортада балаларды қазақ тілді мектепке берудің қажеттігін насихаттау, талап ету – азаматтық міндет болып саналуы керек. Бұл бағытты да ұстанамын десең, Қазақты құртып жүрген «Онда тұрған не бар» деген сөзді айтпаңыздар!

3-шарт. Барлық жерде, барлық жағдайда тек қана қазақ тілін қолдану, қазақ тілін талап ету – парызың
Ұлт қоғамдық өмірдің барлық саласын­да өзінің ана тілін қолданғанда ғана ұлтты­ғын сақтап қалады. Сондықтан, Қадыр ағамыздың «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген өлең жол­да­рына сын көзбен қарайық: «Өзге тілдің бәрін біл және құрметте, бірақ, өз тіліңде сөйлеп, жаз» деген дұрыс сияқты. Бастығыңнан ұрыс естірсің, кейбір жолдастарың теріс қарап кетер, алғашқы кезеңде тіпті балаларың да сенің бұл «қырсықтығыңды» түсінбес, бірақ ұлттық құндылықтың бастауы болып саналатын ана тілің толық сақталмаған жерде ұлт та, қазақ та болмайды. «20 жыл бойы мемлекеттік тіл өз деңгейіне көтерілген жоқ» деген сөзді көп айтамыз. Тілді тірілту үшін – оған ҚАЖЕТТІЛІК керек. Ал, қажеттілік екі ғана жолмен жасалмақ; біріншісі – заң арқылы (заң жүзінде мін­­деттеу, талап ету), екіншісі – табиғи түрде, адам құқығы мен еркіндігін ұста­на отырып тілдік қажеттілік жасау. Біреулердің жағасынан алып, «қазақша сөйле» деуге болмайды, бірақ, өзің де жан адамға «орыс тілінде жаз, сөйле» деген сөзді айтқызба! Ана тілінде, мемлекеттік тілде, жазу, сөйлеу – біздің Конституциялық құқығымыз. Егер, бұл құқықты өзіміз ұстанбасақ, мемлекеттік тілімізді ешкім де мойындамайды. Прибалтика елдері осы ұстаныммен орыс тілінің үстемдігін жеңе білді (олар орыс тілінде сөйлеген адамдарға не жауап бермеді немесе өздерінің ана тілдерінде жауап берді. Олар орыс тілділердің латыш не эстон тілін түсінетіндеріне не түсінбейтіндеріне көңіл аудармады. Біздер де басқалардың аузына жармасып, олардан қазақ тілінде сөйлеуді талап етпей-ақ қоялық. Бірақ өзіміз оларға тек қана ана тілімізде мемлекеттік тілімізде) жауап берелік. Бұл шарттың адам құқығы мен еркіндігіне негізделгенін естен шығармайық. Барлық қазақ тілді азаматтар осы шартты орындауға көшкенде ғана мемлекеттік тіліміз өзінің күшіне енеді.
…Осыдан оншақты жыл бұрын Ақ­төбе облысының азаматтары («Азат» қозғалысының мүшелері) «Тұран Әлем банктің» бланкілері қазақ тілінде емес, бұл біздің заңымызды бұзады» деп сотқа арыз түсірді. Сонымен бірге, адамдарға қызмет көрсететін операторлардың қазақ тілін түсінбейтіндігін, олардың орнына мемлекеттік тілді білетін адамдарды қызметке алу қажеттігін де жеке мәселе ретінде қойды. Сот «Тұран Әлем банк» бас­шыларын үш рет сотқа шақырып келтіре алмағаннан соң, сыртынан жауап­­қа тартып, ұмытпасам 30 000 тең­­­ге айыппұл салды. Ертеңіне үкімнің көшірмесін қолдарына алған жігіттер банк басшылығына кіріп 100-ге жуық адамдардың тізімін ұсынып: «Егер, бланкілер жеті күнде қазақ тілінде болмаса, келесі аптада мына тізімдегі бірінші болып тұрған адам арыз түсіреді. Бірдей іске енді сот отырысы болмайды – демек, 30000 теңгені тағы да мойындарыңа іледі. Одан соңғы аптада келесі кезектегі адам арыз береді…» депті. Бір аптадан соң банк барлық бланкілерді қазақшалап қана қоймай, алты орыс тілді қызметкерді (операторларды) жұмыстан шығарып, орнына қазақ тілін білетін адамдарды алыпты.
Жоғарыдағы келтірілген мысалдың өзі бұл парызды ұстанудың оңай емес екендігін көрсетеді. Әңгіме ұстамдылықта, мәдениеттілік пен сауаттылықта ғана.

4-шарт. Өзіңнің ата-бабаларыңның дінін – ислам дінін қолдау, қабылдау, қолыңнан келсе ұстану – парыз
Әрине, «Барлығың мұсылман дінін ұстаның­дар» деп келте қайыру оңай, бірақ, қазақ қоғамы­ның ерекшелігін де есімізден шығармайық. Біріншіден, діни сенімге зорлық жоқ. Екіншіден, Кеңес өкіметінің кезінде біздер діннен алшақтап кеттік, мойындауымыз керек, әлі күнге дейін көпшілігіміз – атеистерміз. Үшіншіден, қазақ жеріндегі мұсылман дінінің өзі соңғы уақытта ұлтты біріктіруден көрі бөлшектеуге алып келе жатырған сияқты. Төртіншіден, діннің жолына біреулер ерте, енді біреулер кеш келеді. Менің айтпағым, мұсылман дінінің парыздарын толық ұстануға шамаң келмесе де, мұсылман екеніңді ұмытпауға тырысу. Әкелеріміз біздерді бес жасымыздан бастап, «әлқамдуллаһи мұсылманмын» дегенді айтып үйрететін.
Мұсылман діні – қазақ ұлтын бі­рік­тіруші ұлы күш. Сонымен қатар, иман­дылықтың, адамгер­шіліктің және ұлт­тық қайсарлықтың, рухтың қайнар көзі екендігін ұмытпауымыз керек. Меніңше, мұсылман дінін терең түсініп, оның басты ұстамдарын нақты ажырату үшін қазақ халқына әлі де ондаған жылдар кететін шығар. Дінге араласып кеткен халықтың салт-дәстүрі қайсы, дәстүрімізге еніп, қазақтың санасына жазылып қалған дініміздің талабы қандай – сол уақытта ғана ажырататын болармыз.

5-шарт. Қазақтың ұлттық мәселесі көтерілгенде, сөз болғанда әрқашан қолдау жасау – парызың
Қазіргі кезең – қазақ ұлтының сақ­талуы, дамуы, қазақ мемлекетінің бо­ла­ша­ғының қалыптасу кезеңі. Осы бір сын сағатта әрбір қазақ ұлттық мәсе­леден тыс қалмауы қажет. Әрине, саяси-қоғамдық жұмыспен санаулы адамдар ғана айналысады, ал, басқаларымыз қолдаушы, жақтаушы бола білуіміз керек. Бұл да ұлттың алдындағы парыз есебінде қабылдануы шарт. Ұлттық мәселе көтерілген хаттарға қол қою, қазақ мәселесі сөз болған жиындарда иық тіресіп, халықтың қатарын көбейте білуіміз керек. Ұлттың ар-намысына тиетін әрбір жағдайда өзіңнің үніңді қоса білу, ұлыларымызды қорлатпай, ардақтыларымызды басымызға көтере білу. Қазақпын деген адам қазақтың жағдайынан тыс өмір сүре алмайды. Өкі­нішке орай, ұлттық рухтың жоғалуы ұлт мәселесіне жүрдім-бардым қарауға алып келеді. Жыл сайын желтоқсанның 17 күні тәуелсіздік ескерткішіне келіп, гүлдерін қойып, құран оқуға қатысатындардың саны азайып барады… «Қытайда қазақтың дәстүр салтын қорлаған мақала жарияланыпты» деп аттан салсаң, оған да ешкім селт етпейді… Қазақ тілінің болашағы туралы «Ашық хат» жазылады, үн қосатын зиялы қауым көрінбейді…қысқасы, іштей қолдау бар шығар, бірақ, қазақ мәселесіне үн қосуды өзіне міндет пен парыз деп санау әлі санаға енген жоқ. Қалай дегенмен де, ұлт – жеке адамдардан құралады. Егер, жеке адамдар өздерінің ұлттық белгісін міндетті парыз есебінде ұстанбаса – ұлт та болмайды. Қарапайым шындық осы ғана.

Алдыңғы «
Келесі »