Қазіргі қазақ

  • 09.01.2013
  • 9878 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ақсұңқар АҚЫНБАБА,
ақын

Қазіргі қазақтың атауы –жаңа қазақ. Жаңа қазақты құрайтын ұғымдарымыз қандай, сонда? Оны былай деп санамалауға болады: «қазіргі қазақ мәдениеті», «қазіргі қазақ экономикасы», «қазіргі қазақ тарихы», «қазіргі қазақ ғылымы», «қазіргі қазақ терминологиясы», «қазіргі саясат», «қазіргі билік», «қазіргі қазақ тілі», «қазіргі қазақ журналистикасы», «қазіргі тәрбие», «қазіргі жастар» тағысын тағы – бәрі қосылып қа­зір­гі қазақты, яғни, жаңа қазақтың бітім-болмысын құрамақ. Енді, осының бәрін бүгінгі мен кешегі қазақтың мүддесімен тоғыстырып, бола­ша­ғын саралап, сараптап, уақытылы зерттеп-зерделеп, қоғамдық санақ (статистика) жүргізіп отыр­ған арнайы сараптама орындары бар ма? Әрі бұл керек пе? Әрине, ең басты қажеттілік. Негізі, қазіргі кезеңде осының бәрін қо­ғамдық санаға жеткізіп отыруға тиісті ағар­тушылық рөл БАҚ- тың мойнында еді. Бірақ, біз не­ге екенін қайдам, қазіргі қазақтың жалпы әлеуметтік көрсеткішін тек уәкілетті орындар мен ғылымға жүктеп қойғанбыз. Шындығында, ең бір жыпырлаған қате­лік­тер табылатын бір сала болса, ол дәл сол санақ (статистика) саласы болып шыға­­тын­­дығына сөз жоқ. Бірақ, ол басқа әңгіме, біз­­дің айтпағымыз, қазіргі қазаққа қатысты өз санағымыз тұрғысында…
Әсілі, қазіргі қазақтың бұрынғы қа­зақ­пен салыстырғандағы өсу дең­гейін, болашағын саралап отыруға зор мүмкіншілігі бар­шы­лық. Егер, сол мүм­­­кіншілікті дұрыс пайдалана ал­сақ қана, өзіміздің ұлттық өсуімізге жауап­кершілікпен қарайтын қо­ғам­дық са­на, сауатты қазақ түзбекпіз. БҰҰ-ның рей­тингі бойынша сауатты әрі білімді ха­лық атанған қазақстандықтардың сауаты қандай бағаммен өлшенгені біз үшін қызық болды. Әрине, бұрын жабайы көшпелілер деген бір ұғымның қосағында қосақталып жүретін қазақтың сауаттылығы әлем алдында үздік шыққаны бәрімізге қуаныш. Ең бастысы, жас ұрпақтың өз елі үшін мақтанып өскені керек емес пе? Десе де, БҰҰ-ның сауаттылықты өлшеуі хат танып, жаза білу, білім алу, шет тілдерін меңгеру, технологияны меңгеру, жұмыс жасау секілді өлшемдермен өлшеніпті. Ғажап, бұлардың ішіндегі «хат тану», «жаза білу» секілді өлшемдер өткен ғасырдың басындағы сауат­тылықтың өлшемі еді. Қазір хат танымайтын, жаза білмейтін адам бар ма? Әлбетте, шет тілдерін меңгеруде қазіргі қазақтың сауаттылығына тек қана қол соғуға болады. Ең аз дегенде, шетімізден төрт тіл білеміз. Бірақ, БҰҰ-ның көп тіл меңгеруде алға шыққан қазақтарының тең жартысы өз тілін білмейтінін білгенінде қалай болар едік. Әсілі, сауаттылық де­ген сөздің ең мағыналы өлшемі өз тілін меңгерумен өлшенсе керек-ті. Бұл өзіміздің әлем алдында сауатты ел атанғанымызға ке­ліспеу емес, тек уәж. Десе де, қазіргі сауаттылықтың өл­­шемі салыстырмалылыққа жүгінуі қажет. Мәселен, өткен ғасырмен және өзге елдермен, әр елдің ғылымда ашқан жаңа­лықтарымен, әлемдік даму тенденциясына қосқан өзіндік үлесімен, ең бастысы, өз тілін меңгеруді БҰҰ басты өлшем етіп қойса, сонда ғана қазіргі қазақ әуелі өзгенің емес, өзінің тілін меңгерумен озуға, өз тарапынан ақпараттық-технологиялық жаңалықтар жа­сау­ға ұмтылар еді. Сонда ғана біз өзіміздің болашағымызға бәсекелестік талаппен аттана алар едік. Ал, жаңа сөз арасында тілге тиек етіп кеткен, қазіргі қазақ деген термин тудырып отырған мұқтаждықтарға келетін болсақ, ақпараттық технология мен сөзбе-сөз (калька) аудармалардың ортасында шыр айналған «жаңа қазақ сөздерін» тіпті, кейде өзіңіз түсінбей қаласыз. Егер қазіргі сөздік қорымызды бұрынғымен салыстырмалы түр­­де сараптап шықсақ, жаңа қазақ тілі, жаңа ана тілі секілді оқулық түзер едік. Өйткені, қазақтың бұрынғы сөздерін кемел сақтаған дәстүрлі туындыларымыз бен бүгінгі ағым­дағы тілімізді салыстырып көрсек, сөздік қо­ры­мыздың өзімізді-өзіміз танымастай өз­гер­­генін және өзгере түсетіндігін ұғамыз. Бі­рақ, бізді алаңдататыны, ана тіліміздің өзіне тән ұғымда жаңаланғаны керек. Әйт­песе, күндердің-күнінде, сөзімізді баяндауыштан, бастап, бастауышпен аяқтап тұр­ма­сақ болды. Басқасын былай қойғанда, қазақ­тілді эфирлерімізде толған тұрақты тіркес­терге үңілсек: «сіздермен болған, мен Пәленбай Түгенбай» немесе «пәлен хабар Пәленбай Түгенбаймен!» секілді ұлттық ұғымға одағай сөздерден аяқ алып жүргісіз. Хош… бірақ бұл қазіргі сөздік қо­рымыздан қаншалықты жаһандасып кет­ке­ні­нің айнымас көрсеткіштерінің бірі ғана.
Ал, енді қазіргі қазаққа қатысты айтары­мыздың келесі бір түйткілді мәсе­лесіне қарай ойыссақ, бізде, әсіресе, өз ортамызда терең қалыптасып қалған бір ұғым бар: «Қазақ десең өзіңе тиеді» дегенге саятын әуелі сөзді өзімізді-өзіміз кемсітіп алудан басталатын. Мен осы мақаланы жазу барысында, басқа ұлттарды да кемсітіп, тұқыртып алатын мақал-мәтел іздеп көріп едім, таппадым. Қайта, өздерін көкке көтеріп, өзгелерге үлгі-өнеге еткен тәмсілдері жеткілікті екен. Өкініштісі, біз­дің данышпандар қазақтың қамын жеп, үн көтерсе де, әуелі сол сөздерін «қазақ десең өзіңе тиеді», «біз сондаймыз, біз мұндаймыз» деп өз-өзімізді жерден алып, жерге салатындай мақал-мәтелмен бас­тайтынын қайтерсіз. Қазақты тұқырту, кемсіту, пәленің бәрін қазақтың өзіне жабу секілді ұғым мәселеден шығудың жолы емес. Сонда қалай, дүние дөңгелеп, заман өзгеріп жатыр, ал, адамдар саналық та, материалдық та өсу үстінде емес пе? Ол өсудің, өзгерудің қазаққа қатысы жоқ па, сонда? Әлгіндей сөздерді ұмытатын, тастайтын, ұмыттыратын уа­қыт әлдеқашан өтіп кеткен жоқ па? Жер бетінде ешқандай халық бірден ұлт болып қалыптасқан жоқ. Әуелінде, ұлт ретінде белі бекімеген талай елдер кейін іргелі мемлекетке айналып, адам ретінде жабайы саналық дәрежедегілер рухани көшбасшылық дәре­жеге дейін жетті. Қазақ та бұрынғымен салыстырғанда адам танығысыз жағдайда өсті. Әрі өсу үс­тін­де. Қазақ туралы әңгіме айтылса болды, бұрынғы тау-тас жағалап, қойын қоралап, майын шайқап, құртын қайнатып, көшіп-қонып жүрген қазақтар шетелдіктердің де, өзіміздің де есімізге бірден түсе кетеді. Біздің төрде отырған шенді-шенеуніксымақтарымыз да, қазақ­ты алдап-сулай салуды соншалықты оңай көретіндігін қайтерсіз. Өйткені, қазақтың тағы бір жанама мінездемесі бар, ол қазақ аңқау, момын, қой аузынан шөп алмас халық деген… Бұл халықты ықтаған қой секілді қай жаққа бағыттасаң, солай жүре береді дегенге өзгелер де, өзіміз де сеніп алғандаймыз. Бірақ, мал жайып, көшіп-қону қазаққа ғана тән бе еді? Басқалар да мал жайған, қозы қайырып, лақ өрістеткен, сауыс-сауыс кір-қоңдарын жуып, тау-тас жастанған. Басқалар да өзге­лерге еліктеген, өзгеден үйренген.
XVIII, XIX, ХХ ғасырдағы орыс интеллигенциясы түгелімен Еуропадан үй­­­рен­ді десе де болады. ХХ ғасырдағы менменсіген орыстық шовинизм мен менбілемдіктің деңгейіне олар өзгеден үйрену арқылы жеткен. Бірақ, олар біз секілді ескі мәтелдерін тастамай, өзге­лер десе құдай тұтып, құрақ ұшып, ал, өзіне менсінбей қарамайды. Немесе бізді тұқыртқысы келетіндер қазақ туралы мәтел іздесе, іздемей-ақ тауып алады. Неге мен басқа ұлттарды мұқатпақ болсам, сондай мақал-мәтел тауып алмаймын? Өйткені, деңгейі өзгерсе де, мақалы өзгермеген – біз. Оған қоса, қазақты отарлап үйренгендердің ескерткісі кел­мей­тін, қазақтың есіне ұдайы салып отыр­ғысы келетін мақал-мәтелі де сол баяғы, «қазақтың көзін ашып, киім киюді, шаш қырқып, әтір себінуді үйреткен – орыс» дегенге саяды. Айтпақшы, әтір­ді кейбір қазіргі менменсіген ұлттар түсінде де көрмеген кезде, біздің Ақ Орда­ларымыздағы бекзат текті патшайымдар түр-түрімен қолданатын. «Мың өліп мың тірілген» қазақтың қайта-қайта тіріле беретін себебі де сол, кең дала мен асқар тауларды ғасырлар бойы мекендеудің арқасында ұлы рухтың етене қасиетімізге айналып кеткендігі. Сондықтан да, тау мінезді қазақтың десін басу тым қиын-ақ… Рас, үйренгеніміз де бар. Бірақ, өзгелердің де бізден алғаны көп. Қажет болса, бізге қайтаратын қарызы шаш етектен. Мәселе, ешбір ұлттың ешбір ұлтты жарат­пағандығында. Қай-қайсысымыз да бір-бірімізге ықпал ете жүріп, қазіргі ұлт­­­тық деңгейімізге жеттік. Сондықтан, еш­бір ұлттың екінші бір ұлтқа мұрын шүйіріп қарайтындай жөні жоқ. Тарихта бізге ұқсас қорлықты бек тартқан халықтар жетеді. Қай халық қорлықты көп тартса, сол халық түптің-түбінде жең­іске жетпек! Мысалға, жапон ұлтын атауға болады. Олар ұлттық идеологиясын технологиялық көшбасшылықты қолға алу арқылы оздырды, ұлт ретінде қазіргі жапонның бәсін сөйтіп түгендеді. Демек, қазіргі қазақ үшін ұлттық идео­логияның орны аса зор. Өкінішке орай, идеология туралы сөз болса, ұранға үй­рен­ген құлағымызға бірден жасанды патриоттық ұрандар есті­летіні бар. Ал, жер әлемде белі бір қисаймай, қисайса да, сыр бермей, тек қана күшеюмен келе жатқан Қытай мемлекетінің жеңіс құпиясы неде десек, әрбір қытайдың туғаннан өлгенге дейінгі өмірі, жүретін жолы ұлттық идеологияның ажырамас бөлшегі бола бі­луінде екен. Шын­ды­ғында, Ұлттық идеология деген ұран­нан тұрмайды, күнделікті тірлікпен біте қайнасудан тұрады. Оның қоғаммен етене өмір сүру жолын жасап шығуда зиялы қауымның орны тым бөлек болуға тиісті еді. Бірақ, бұл ұлт зиялыларымыз бен саяси элита ажырамас ортақ тұлғаға айналған жағдайда ғана болуы мүмкін.
Иә, айтпақшы, бірнеше жыл бұрын қазақтың кең байтақ жері өзінікі емес екенін бұрынғы жерлесіміз, қазіргі көр­­ші елдің халық қалаулысының аузынан естіп, ғаламда жоқ «жаңалық ашыл­ған­да», сол саяси элитамыз, зиялыларымыз дүр сілкінуі керек еді. Олай болмады, суы­рылып шығып сөйлегендері бірен-саран болды. Сондағы көрші елдің халық қалаулысының жыры – тағы да сол қазіргі қазақтың бойынан әлі баяғы көшпенділікті көретіндігі. Яғни, қазақтар көшіп-қонған жерінің бәрін өзінікі деп есептей берген болып шығады. Ғажап, олар өздері де бертінде ғана отырықшы болмап па еді? Ал, біз болсақ, іштей: «Сонда біз өзгенің жерін ғасырлар бойы күзетіп келіппіз-ау, сонда біз не үшін қырылғанбыз, бабаларымыз бөтеннің жері үшін басын бекер беріпті-ау?» – деп «қамығумен» шек­телдік. Егер, біз рухты ұлт болмасақ, аме­рикандық профессор Смал-Стоцкий «орыс емес халықтарды ұлт ретінде жоқ қы­­лып жіберу» деп баға берген қанмен тұрғызылған қызыл қоғамнан аман шығар ма едік? Демек, кей-кейде жеме-жемге кел­генде ел намысын қорғайтындардың кім екендігіне көзімізді жеткізетін Жири­новскийлердің сандырағы да керек секілді. Егер, солар қазақтың шынайы ішіне үңіліп көр­се, халықтың ыза­лы намысынан шошып қашар еді. Өйткені, қазақ – көп қасіретті ішіне сақтап, жиып жүріп, бір-ақ күні астаң-кестеңін шы­ғаратын бірден-бір өршіл де намысшыл халық. Бұл қасиет қашаннан бері қанымызда бар, оны ешқандай заман өзгерте алмайтын етене қасиетіміз. Оған өзгелер жомарттық, кешірімділік деп баға беріп жүр. Шындығында, олай емес. Бәрін айтпағанда, қазіргі қазақтың бұ­­­рын­ғы қасиеті мен киесі осы жердің топырағында. Кейде өзіміздің жағымсыз мінез­дерімізден шаршағанда, өзімізше оқы­маған, қараңғы заман деп баға беретін со­нау заман­дардағы бабаларымыздың біліктілігі мен парасаттылығына, қабі­лет­тілігіне және табиғатпен керемет ете­нелігіне қайран қаласыз.
Әлемді асырап отырған байлығы ас­ты-үстіне жасырынған алып жерді ие­леніп, сол үшін басын беріп, құрбан болудың өзі, ел басқарып, қол бастаған текті бабаларымыздың құдіреттілігіне көз жеткізбей ме? Сол құдірет қазіргі қазақтың жалпы «менін» сақтап отырған жоқ па? Біздің тарихты орыстар өз мүддесімен зерттеп, үйретіп, түсіндіріп болған. Еуропа да қызыл империяны қаралап көрсету үшін КСРО -ның оя-қоясын шығарып, қазақты аса бір қорлықтан көз ашпаған ұлт ретінде зерттеп те берді. Бірақ, қа­зақ­тың тарихын өзі секілді ешкімнің зерттеуі, қаттауы мүмкін емес. Демек, қа­зіргі қазақтың тарихын түзу, шынымен де, ұлттық идеологиямыздың ең басты мін­деті болуы қажет.
Иә, қорыта айтқанда, қазақ та бас­қа ұлттар секілді біріккенше рулық, тайпалық эволюциядан өтіп, басқа түскен талай тағдыр мен тарихты, төңкеріс пен күрестен өте жүріп бұрынғы қазақтан бүгінгі қа­заққа дейін жүріп жетті. Егер, ниеті харам отаршыл саясат қазақты саналы түрде жоюдың ең бір айуан түрлерін қолданса да, қазақ құрып кетпеген болса, қайта басын тіктеп, өзгелерді санастыратын деңгейге жетіп отырсақ, онда Құдайдың назарында қазақтың да ұлт ретінде бар екендігі хақ. Демек, бұдан қазақ Құдайдың оң назарындағы ұлт болуға тиісті деген қорытындыға келеміз. Жалпы, мемлекеттік, ұлттық деген ұғымдар салмақты деңгей жүктейді. Егер, елдікті сақтаудың дәстүрлі мектебі қалыптаспаған болса, онда ешбір ұлт жеке ел ретінде мемлекет бола алмас еді. Яғни, қазақтың өзіндік мемлекеттік дәстүрлі мектебі қалыптасқан, және ұлттық тұтастықты сақтауда негізгі жүкті көтеруші күш – халықтың ерен күш жігері зор. Сосын, жауапты тұлғалар және зиялыларымыз да бар. Ең бастысы, соған сай ұлттық идеологиямыз бар ма? Бар деп айтсақ, өтірікші боламыз, айтпасақ, тағы болмайды… Ал, қазіргі қазаққа керегі, ұлт­тық идеологияның бар немесе жоқ екен­дігінің сөз жүзіндегі анықтамасы емес, қоғаммен етене өмір сүруі! Шешімін табай алмай келе жатқан талай ұлттық мәселе тек сонда шешімін табар еді. Ең бастысы, өзгелерге майдай жағатын «екінші сортты немесе төменгі сортты» ұлт екендігімізді мүлдем естен шығару. Қалай дегенмен де. Тәуелсіздіктің жиырма жылындағы қазіргі қазақ бұрынғы қазақ емес. Иә, жер бетінде қазақты құртқысы келгендерден қан сасыған естелік қалды. Есесіне, қазақ атты өлмейтін ұлт қалды! Осы күнге жеткендіктен де, қазіргі қазақ деген термин пайда болды емес пе? Біз болсақ, бүгінгі алаштың бір парасын ғана сөз еттік…

Алдыңғы «
Келесі »