Этникалық анклавтан ұлттық тұтастыққа дейін…

  • 09.01.2013
  • 6807 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Еркебұлан Әлімханұлы,
Л.Н. Гумилев атындағыЕуразия ұлттық университетінің PhD докторанты, Халықаралық және аймақтық зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері

Тәуелсіздіктің жиырма жылын артқа тастап, келер он жылдыққа аяқ басқан Қа­зақстанның алдында өткен саясатты ба­ғам­дай отырып, келешектің стратегиясын дамыту міндеті тұр. Осыған дейінгі саясат «өтпелі кезеңнің жобасы» саналатын, енді, бұл белестен асқан елдің мойнына, жаңа белесті бағындыруға мүмкіндік беретін, жаһандану мен әлемдік бәсекелестікте жойы­лып кетуден сақтайтын жаңа жоба жасаудың ауыртпалығы түседі. Болашақтың стратегиясы болатын, бұл жоба да алдағы кезеңде атқарылуы тиіс шаруалар саласына орай бөлімдерге айырылып жасалатыны белгілі. Болашақ стратегияның ұлт бөлімінің міндеті «Қазақстанды моноұлтты елге айналдыру» мақсатымен ұштасып, «қайтсек ұлттық мемлекет құра аламыз, оған басты кедергілер не, оларды шешу жолдары қандай?», «қалай ұлттық болмысымызды сақтап қаламыз?» деген сұрақтарға негізделіп жатуы тиіс. Осындай идеологияны бойына сіңірген ұлттық стратегия, қандай сынақ болмасын Қазақстанның аяқта нық қалуына көмектесері айқын.
Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде жүргі­зілген ұлтаралық татулық пен толеранттылық туралы саясат өз жемісін берді. Осы сарабдал саясаттың арқасында Қазақстан татулық пен тұрақтылықты сақтай алды. Алайда, бұл қазақ ұлтының үлес салмағы 50 пайызды әрең құрап тұрған өтпелі кезеңнің саясаты болатын. Сондықтан, ол өзінің міндетін атқарып бітуге жақын. Ендігі жерде, қазақ ұлтының саны 65 пайыздан асқанда, оның саны ұдайы өсіп отырғанда Қазақстанды моноұлтты мем­лекетке айналдыру стратегиясына негіз­делген саясат қажет! [1] Бұл этникалық, діни, идеологиялық т.б. себептерге байланысты бөлшектенген қоғамды біріктірудің бір амалы болмақ.
Әлемде қабылданған тұжырым бойынша, 100 пайыз бір ұлттан тұратын ел жоққа тән болғандықтан, халқының 95 пайыздан астамын бір этникалық топқа жататын мемлекет моноұлтты деп қабылданады, оған; Албания, Армения, Жапония, Венгрия сияқты елдер мысал бола алады. Осындай көрсеткішке жетуді Қазақстанның мемлекеттік саясатының ұйытқысына айналдыру қажет. Сонда ғана ұлттық мемлекет құру (natіon state buіldіng) ісі аяқталды деп есептеуге болады.
Эмиграция мен ассимиляция: осы екеуі моноұлтты Қазақ мемлекетін құруға септігін тигізеді. Яғни, қазаққа сіңісіп, тілі мен діліне бойын үйрете білгендер қалады, ал, оған көндіге алмағандары «әдеттегідей» есікті тарс жауып кетеді. Дегенмен, халқы аз Қазақстан үшін олардың кеткенінен гөрі, қазаққа сіңгені пайдалы… Сондықтан, оларды ассимиляциялау саясатын қолға алу керек. Қазақстанның ерекшелігі сонда, біздегі ірі этникалық топтар негізінен бір аймаққа немесе бір қаланың ауданына емес, елдің бүкіл территориясына шашырай қоныстанған. Бұл ассимиляция үдерісін оңайлатады, алайда бұл жолда кедергілер де жоқ емес.
Қазақстанда тәуелсіздік алған жылдары жүзге жуық ұлт пен ұлыс өкілдері тұра­ды деп айтылатын, кейін жүз жиырмаға шық­ты, артынан жүз отыз деп айтылатын болды. Алайда, бұл демографияның қазіргі таңда өзгергені анық, елде, осыдан жиырма жыл бұрын саны көп болып есептелген кей ұлт өкілдерінің саны қазіргі таңда айтар­лықтай азайды, бұл әсіресе еуропеидтік нәсіл өкілдеріне тән. Кезінде саны көп бол­ған неміс, украин, грек, поляк т.б. ұлт өкілдерінің басым бөлігі темір құрсау босай салысымен тарихи отанына кетіп қалды. Қала берді, Қазақстанда тұрып келген жақын шетел саналатын ТМД елдерінің ұлт өкілдері де көштің бетін байырғы атамекеніне бұрды. Сондықтан, еліміздің демографиялық картинасы айтарлықтай өзгеріске ұшырап, бұрындары ұлттардың пайыздық көрсеткіші бойынша төменгі орында тұрып келген өзбек, ұйғыр, кәріс сияқты азиаттық нәсілдердің көбейіп шыға келгені ешкімге жасырын емес. Ендігі жерде, стратегтер алдағы жиырма-отыз жылдық ұлт стратегиясын жасаған кезде, осыны қаперге алулары керек. Өйткені, бұл болашақта үлкен факторға айналғалы тұр. Оның себебі айқын. Жоғарыда айтылып кеткендей еуропалық ұлттардың көп бөлігі тарихи отанына қайтып кетті, тәуелсіздік алғанға дейін саны қазақтармен тең болып, кей жылдары басым болып келген орыс ұлтының өкілдерінің де саны азайды және Ресейдің оларды отанына көшіріп алу саясатына байланысты азаюын жалғастыруда. Еуропалық ұлттардың елімізде қалғандарының өзі көбіне жасамыс тартқандар болып келеді. Ендеше, биологиялық және саяси фак­тор­ларға байланысты бұлардың ұлт көрсеткішіндегі үлес салмағының азаюы жалғаса түспек. Ал, азиаттық ұлт­тар­дың болса, керісінше көбею үрдісі жалғасады, өйткені, олардың туу мөлшері жоғары және елдің экономикалық ахуалының тұрақтылығына байланыс­ты, осы халықтарға жататын көрші мем­­лекеттерден келетін иммигранттар тағы да бар. Дегенмен, назар аудартатын нәрсе олардың санының көбеюі емес, бұл ұлт өкілдерінің белгілі бір аймақтарда шо­ғырлана қоныстануы болып отыр. Бұл ассимиляция үдерісіне кедергі келтіретін ең үлкен фактор.
Қазақстан территориясына шашырап кеткен ұлттардан келер қауіп төмен, ал мемлекеттің ішінде кейбір этникалардың жинақы қоныстануы ойлантарлық жағдай. Мұндай аймақтар ғылым тілінде «этникалық анклав» деп аталады. Яғни, «Этникалық анклав дегеніміз – басым бір этникалық топтың территориясының ішінде жұмыла қоныстанған басқа бір этникалық қауым­дастық» [2]. Елде мұндай этникалық ан­клавтардың болуының зиян екендігі туралы мысалдарды, кейде аса зор зардаптарға алып келу ықтималдылығының бар екен­дігінен еліміздің өткенінен байқалады, шет­елдердің де тәжірибесінен алуға бола­ды.
Ең алдымен, этникалық анклавтардың ішкі не сыртқы саясат өзгерсе автономия талап ету қаупі бар екенін ескеру керек. 1960-шы жылдары тараған Жетісуда ұйғыр автономиясын құру туралы әңгімелер, 70-ші жылдардың аяғында көтерілген Ақмолада неміс автономиясын құру туралы идеялар оның айқын дәлелі. Әзірге, барлығы қалпында тұрғанда тыныш көрініп тұрған мұндай мәселелер, ертең саясат құбыла қалса жанартау сияқты күтпеген жерден бұрқ ете қалмасына кім кепіл?
Мұндай анклавтардың «бесінші колон­на»1 рөлін атқара алатын күшінің де бар екенін әсте ұмытуға болмайды. Ешқашан, бітпейтін жер дауы мен көрші елдердегі «демографиялық көктемнің» нәтижесі мемлекеттер арасында кикілжің шығара қалса, қарсы тараптың, осы мәселені көзір ретінде қолдану ықтималы бар. Халықаралық саясатқа қарасақ, бұған бірнеше мысал табылады. Сондықтан, кей сарапшылар Орталық Азиядағы лидерлік туралы тартыстарда өзбек ұлтының өкілдері көрші мемлекеттердің барлығынан табуға болатынын, тиісінше бұл Өзбекстанның ықпал ету факторының бірі екендігін еске салатыны текке емес [3]. Соңғы жылдары Қазақстанда орын алған ұлтаралық деп сипатталып дүбірі халықаралық аренаға дейін естілген кикілжіңдердің негізінен қазақтар мен басқа ұлт өкілдері шоғырлана қоныстанған аймақтарда болуы да тегін емес. Анклавтар бар жерде мұндай қақтығыстар жиі орын алады. Егер, кішігірім әлеуметтік жанжал туындай қалса, әр тарап өз жақтастарына жүгі­нері анық, тиісінше қазақтардікі қазақтар жағы, ал қазақтармен араласпаған өзге ұлт өкілінде өз ұлтының адамдарының басым болып дауласуын түсінуге болады. Сөйтіп, мұндай кикілжіңдер екі ұлттың арасындағы суық қатынас сияқты болып көрінеді. Егер, анклав болмаса өзге ұлт өкілі басқа тілдегі мектептерге барар еді, тиісінше қазақтармен де араласар еді, сөйтіп, кішігірім әлеуметтік жанжалдар ұлтаралық қақтығыс сияқты көрінбес еді, тиісінше екі ұлттың арасына сызат та түсірмес еді.
Мәскеудің, кезінде, өзінің солақай саясатын жүргізу үшін «құрылған» осы этникалық анклавтар қазіргі таңда барша ТМД елдерінің бас ауруына айналып отыр. «Еуропалық және Солтүстік Америкалық ғалымдардың көпшілігі, Орталық Азиядағы межелеу ішінара ғана ұлттық принциптерге сүйеніп жүргізілгендігінің нәтижесінде одақтық республикалардың арасында ұлтаралық деңгейде анклавтар пайда болды. Мос­кваның астарлы мақсаттарының бірі, Орталық Азия республикаларының арасында кикілжің туындатып, «бөліп ал да, билей бер саясаты» бойынша өзара қырқыстырып қойып, бас төреші ретінде республикалардың ішкі ісіне араласып отыруға мүмкіндік қалдыруда жатқан сияқты» деп жазған ғалым Н. Мегоранның ойын әрі қарай өрбітсек, бұл ситуацияны өз саясатына кеше тиімді пайдаланған сыртқы державаның, бүгін де немесе ертең де тиімді пайдалануы мүмкін екендігі аңғарылады [4].
Орталық Азиядағы анклавтарда қалып­тасып отырған қиын жағдай мыңдаған адамды қозғаған 2010 жылғы Қырғызстанда өзбек­терге жасалған шабуылдан соң, бүкіл әлем жұртшылығының назарын аудартып, халықаралық ұйымдардың Қырғызстан билігіне наразылығын тудырды [5]. Осыдан-ақ, анклавтардағы жағдайды үнемі ба­қылауда ұстамаса, күтпеген жерден кикілжіңнің орын алу ықтималдылығы жоғары екендігі байқалады. Өз кезегінде мұндай кикілжіңдер мемлекеттің халықаралық аренадағы беделіне де нұқсан келтіреді. Өйткені, этникалық қандастарына бүйрегі бұрған басқа мемлекет мұны көтеріп, нәтижесінде ішкі саясаттың ғана емес сыртқы саясаттың да проблемасына айналады. Оның үстіне кикілжің орын алған мемлекет халықаралық қауымдастық алдында тұрақсыз ел болып көрінеді.
Кикілжіңдердің туындауына мемлекет­тің экономикалық жағдайының да әсер ететінін ескеру керек. Яғни, қазір экономи­калық, әскери, саяси қауқарына байланысты «анклавқа қол жеткізу мүмкіндігі шек­теулі» екенін түсінген мемлекеттер, бұл ахуал өзгергенде өздерінің ниетін ашық көрсетуі ықтимал… Сондай-ақ, анклавтарды жан-жақты зерттеп, теориясын жасаған ғалым Е.Ю. Винокуров «анклавтар төңірегіндегі халықаралық кикілжіңдерді зерттей келе, негізі анклавтың өзі кикілжіңге тарап (себеп) болмайды. Тарап, оны қоршаған мемлекет пен материк мемлекет болады» деген тұжырым жасайды (бұл тұжырым мемлекеттің басқа ел территориясындағы анклавына байланысты айтылса да, этни­калық анклавқа да қатысы бар екенін ескеру керек – Е.Ә.) [6]. Бесінші колонна осыдан келіп шығады, әзірге көрші елдермен қатынас бірқалыпты болып тұрғанда, бұл мәселе проблема тудырмауы мүмкін, егер, қатынас нашарласа анклавты проблема ошағына айналдыру қаупі бар.
Жоғарыдағыдай этникалық анклавтардың зияндығы туралы дәлелдер көп, мұның барлығы анклавтардың зияндығын, күтпе­ген жерден кикілжіңдердің орын алу ықти­малдылығының жоғары екендігінің дәлелі. Сондықтан, осы анклавтарды жойып, оны «сіңдірудің» стратегиясы жасалуы қажет. Өйткені, этникалық анклавтар мен басқа ұлттардың бір өңірге шоғыр­лана қоныстануы өзге ұлттардың қа­заққа сіңуіне, яғни, ассимиляциялануына кедергі келтіреді. Бір аймаққа шоғыр­ланған олар тілін де, салт-дәстүрін де сақтауды жалғастырады, егер, қалың қа­зақ­тың арасына тарап кетсе, жергілікті халықпен араласа-құраласа келе ондаған жылдар ішінде өздерін қазақ бейнесінде сезіне бастайтыны анық…
Анклав туралы жан-жақты терең зерттеулер жүргізіп, оның теориясы мен классификациясын жасаған көрнекті орыс ғалымы Винокуров «Анклавтар кикілжіңнің потен­­циалды ошақтары» деген сипаттама жасай­ды [7]. Мемлекеттің ендігі саясаты, осы анклавтарды жойып, бір аймаққа ұйысқан ұлттарды елдің әр аймағына таратуды көздеу болуы тиіс. Әрине, қазір Сталин заманы емес, бір ұлтты тұтасымен жұлып алып басқа аймаққа күшпен қоныс аударта салатын және мұн­дай тәсілді қолдану өзінің кері реакциясын беретінін тарих дәлелдеді. Сол себепті, бұл анклавтарды революциялық емес, эво­люциялық жолмен біртіндеп жоюдың стра­тегиясын жасау қажет. Қалай? Мұның бірнеше әдісі бар. Ол үшін «жаңалық» ашудың қажеті жоқ, тағы да сол тарихтан үлгі алуға болады…
«Ұлттардың ұстаханасы» аталған КСРО кезеңінде ұлттарды араластырудың көп­­­теген «тамаша» саясаты қалыптасты. Оқу бітірген жас маманды жолдамамен басқа өңірге жұмысқа жіберу, жұмысқа тарту, ұлтаралық некелер, тағы басқа сондай толып жатқан кеңестік идеологтардың жасаған «жұмсақ» саясатының озық үлгілерін алып, оларды талдап, жіберілген қателіктер мен артықшылықтарын ескеріп және қазіргі заман мен Қазақстанның ыңғайына бейімдеп барып қолдануға болады. Осындай жолдармен этникалық анклавтардың жойылуына күш салу қажет. Неге оларды басқа өңірлерге, әсіресе Солтүстік облыстарға «ынталандырып» көшіру бағдарламасын жасамасқа?!
Қазақстандағы этникалық анклавтар қо­ныстанған география сулы, құнарлы және табиғаты көркем жерлер. Ендеше, солтүстік облыстарға емес, күнгей өңір­лер­ге қоныстануға ұмтылған шетелдік қандастарымызды да осы аудандарға, оның ішінде аталған ұлт өкілдері басым қоныс­танған елдімекендерге көшіріп алуға болады. Осылайша, олардың үлес салмағы азаяды және қазақ мектептері көбірек ашылады, сәйкесінше қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейеді. Мүмкін жастардың өз облыстарында немесе қалаларындағы ЖОО-да бі­лім алуына тыйым салған дұрыс болар (ең болмағанда мемлекеттік тапсырыспен оқитындарға)… Мұндай саясатқа да көпұлтты мемлекеттердің жиі жүгінетіні әлемдік тәжірибеден байқалады. Егер, жастар өз өңірлерінде білім алса, олар ата-анасы мен өз ортасынан ұзап кете қоймағандықтан, өзінің ұлттық болмысына айтарлықтай өзгеріс енгізбейді, ал, басқа жаққа барып оқитын болса, бөтен ортадан өзіне жаңа таныстар тауып, жаңа ортаның басым дәстүріне бейімделіп ұлттық бейнесіне елеулі өзгеріс енеді. Әрі басқа әлеуметтік топ өкілдерімен араласа келе бойларында толеранттылық қасиет пайда болады. Олардың оқыған өңірлерінде жұмыс тауып, отбасы құрып қалып қою ықтималдылығы тағы бар. Әрине, «жастарды өз өңірінде оқуға тыйым салу туралы шешімді тек өзге ұлт өкілдеріне ғана арнап шығара алмаймыз, ондай жағдайда бұл олардың құқығын кемсіту болып есептеліп, ірі халықаралық дау да тудыруы мүмкін, әрі басқа ұлттардың наразылығын, қазаққа деген өкпесін арттырады». Бұл саясатты барлық азаматтарға қолданған дұрыс, оның қазақ ұлты үшін де берері зор болмақ, оған қорытынды да қысқаша тоқталып өтетін боламыз.
Мұндай идеяға «Қазақстанда ұлтаралық татулық сақтаулы, жаңа жоба әкеліп оны бұзып алуымыз мүмкін!» деп қауіптенетін де, «бағдарлама мемлекетке қосымша жүк пен шығын түсіреді» деп ауырсынатын да адамдардың табылатыны жасырын емес. Алайда, «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген керемет нақыл бар, осыдан отыз жыл бұрын КСРО ыдырайды деп кім ойлаған, сол сияқты отыз жылдан кейін елдің ішкі сыртқы саясаты мен аймақтағы геосаясаттың қалай құбылатынын кім дөп басып болжап бере алады? Ешкім де! Ендеше, «жау жоқ деме жар астында» дегендей, осы бастан елдегі минустарды жойып, кемшіліктерді түзетуге күш салған дұрыс, ішкі саясат бекем болса қандай да болмасын сыртқы фактордың ел тұтастығына әсер етуі қиын болатыны анық. Олай болса, этникалық анклавтарды эволюциялы түрде жою саясатын жүргізу арқылы болашақты кепілдікке алуға мүмкіндік тумақ.
Түйін
Қорытындылай келе, мұндай саясаттың тек өзге ұлт өкілдері емес, қазақ ұлты ішінде де пайдалы екендігін айтып кетуге болады. Жиырмасыншы, отызыншы жылдары жүргізілген коллективтендіру саясаты кезінде қазақ руларының өздері көшіп-қонып жүрген өңірде отырықтанып, тарихи-географиялық тұтастығын сақтап қалғандығы белгілі. Кейініректе, біраз араласқанымен, олар әлі де мұрты бұзылмаған күйде отыр, бұл ұлттың біртұтастығына сызат түсіруде. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ, 2011 жылы болған жағдайдан кейін, виртуалды форумдарда сол аймақтағы негізгі ру Адайларды кінәлаған пікірлердің белең алғандығын, ру-руға бөлінушіліктің артқанын ғаламтордағы пікірталастарды ақтарған адам көре алады. Мұндай рулық психологияның аса қауіпті үрдіске айналып бара жатқаны жасырын емес, мұны қазақтың арасына сызат қаққысы келген кез келген сыртқы күштің пайдалана кету ықтималдылығы жоғары. Егер, руаралық араздықты өршітсе, онсыз да белгілі бір ай­мақ­қа шоғырланған олардың жіктеле кетуі қиынға соқпайды… Ендеше, қазақ руларын да жоғарыдағыдай тәсілдермен араластыруға күш салған жөн.

Пайдаланылған әдебиеттер:
ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН.15 қараша 2012 жыл. http://www.іnterfax.kz/?lang=kaz&іnt_іd=10&news_іd=5387 (03.12.2012 13:55)
Винокуров Е.Ю., Теория анклавов. Калининград, 2007. 49 б.
Кто лидер в Центральной Азии. // Индекс без­опасности. №1/2010. http://uzbk.org/content/%D0%BA%D1%82%D0%BE (03.12.2012 17:35)
1. Megoran N. The Border of Eternal Frіendshіp? The polіtіcs and paіn of natіonalіsm and іdentіty along the Uzbekіstan-Kyrgyzstan Fergana Valley Boundary, 1999–2000. PhD thesіs. Cambrіdge, 2002. 36-37 бб.
Partіal Truth and Selectіve Justіce: The Aftermath of the June 2010 Vіolence іn Kyrgyzstan.  Amnesty Іnternatіonal. Amnesty Іnternatіonal Publіcatіons 2010.
Винокуров Е.Ю., Теория анклавов. 224 б.
2. Винокуров Е.Ю., Теория анклавов. 224 б.

Алдыңғы «
Келесі »