Елбасы және сындарлы саясат жемістері

  • 12.12.2012
  • 10836 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әділ Ахметов, сенатор,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

Кезінде АҚШ президенті Ричард Никсон мен әлемнің басқа да ірі тұлғаларының өмірбаяндық портретін жасаған Ұлыбритания Парламентінің бұрынғы депутаты, белгілі қаламгер әрі қоғам қайраткері Джонатан Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамдары» (Jonathan Aitken «Nazarbbayev and making of Kazakhstan») атты, 2009 жылы Лондон мен Нью-Йоркте ағылшын тілінде, ізінше, орыс және қазақ тілдерінде жарық көрген тартымды туындысы оқырман қауымның назарына бірден ілікті. Кітап авторы ұлткөшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дала қазағының отбасында дүние есігін ашып, еңбек жолын болат қорытушы болып бастап, есейе келе, стратегиялық тұрғыдан өте маңызды мемлекеттің іргетасын қалап, тұтқасын ұстап келе жатқан пассионар-қайраткер деп қысқа қайырады. Одан әрі Қазақстанның тұңғыш Президенті тағдырының соқтықпалы-соқпалы тар жол, тайғақ кешулерден тұратын тарихи драма екенін тамыршыдай дөп басып, ағылшын тілді әлемге паш етеді. Кітап түпнұсқасын ашқанда оқырман көзіне алдымен шалынатын әлгі жолдарды шығарманың мәнін ашатын тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні десе де болады. Қаламы қарымды қайраткер пікірінің өзегінде өз отандастарымызға бұрыннан мәлім, ал, қазір әлем кеңістігіндегі өзге жұрттар да мойындап үлгерген шындық жатыр. Ол шын­дық – бүгін бүкіл жер жүзіне танымал болған Қазақстанның қысқа да болса ғасырға татырлық егемен тарихы мен сол тарихты халқымен бірге сомдап келе жатқан Елбасының сындарлы саясатының нәтижелері. Олар көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауымға тайға таңба басқандай әсер қалдырады.
Бір сәт шегініс жасап Елімізге егемендік әкелген 1991 жылға оралсақ, ол кезде, бір жағынан, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы «егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп сарыла күткен тәуелсіздікке өзіміз қол жеткізіп, қуанышымызды қойнымызға сыйғыза алмай, бөркімізді аспанға атып жат­сақ, екінші жағынан, егемендіктің жалынан жаңа ғана ұстаған жас мемлекетіміз үшін әл­гі мезгілдің нағыз сын сағаты болғаны есімізде. Өйткені, құрамында Қазақстан мен өзге де республикалар болған бұрынғы алып Кеңес Одағы рухани тоқыраудың салдарынан саяси, әлеуметтік және экономикалық алапат дағдарысқа ұшырап, өте қысқа мерзім ішінде қиюы кетіп, күйреп қалған-ды. Бұрын мызғымастай болып көрінетін, атауының өзінен әлем үркетін тоталитарлық империя қас қағымда келмеске кетті. Бұдан жалғыз орталықтың аузына қарап, айдауында болған тәуелді экономикалық қатынастардың тамыры кесіліп, бір сәтте күрт үзіліп қалды. Мұның салдарынан халықтың әл-ауқаты құлдырап, азық-түліктің жетімсіздігі мен жұмыссыздық белең алды. Инфляция шарықтап, қаржы жүйесі тұйыққа тірелді. Міне, осындай қара құйын үйірген аумалы-төкпелі заманда, әзер дегенде жеткен егемендіктің етегі мен жағасына жармасқан шақта мемлекет тізгінін қолға алып, Ел тағдырын арқалаған Елбасының төңірегіне ел-жұрт жұдырықтай жұмылып, батыл қадамдарына тірек болды. Бүгінгі егемен мемлекетіміздің көк байрағында бейнеленген алтын күн астында самғап ұшып келе жатқан аспан сермендесіндей, тез түлеген Еліміз бен Елбасы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, кеңестік жүйе бұғауынан жылдам арылуға және егемен мемлекеттің негізін құруға, экономика мен саяси жүйенің жаңа құрылымдық өзгерістерін тез іске асыруға білек сыбана кірісіп кетті. Бірақ, бұл мақсат-мүдделердің нақты іске асырылуы оңай болған жоқ. Опырылып қалған империяның сынығынан мүлде жаңа мемлекет орнату Елбасы мен отандас­тарымыздан орасан зор пассионарлық күш-қуат пен рух жанкештілігін талап еткен болатын. Ең бастысы, халқымыз жан-жағына жалтақтамай, Елбасы ұсынған стратегиялық бағыт пен ұлт мүддесінен шығатын Қазақстанның өзіне тән жолды таңдады.
Елбасының реформаторлық батыл шешімдерінің нәтижесінде, ең алдымен, отандық ақша мен банк жүйелері іске қосылып, шала-жансар ел экономикасының күре тамырына қайта қан жүгірді. Еліміздің даму процесі қайта жандана бастады. Дәл сондай алмағайып кезеңде Еліне сенген Елбасы отандастарын тарихи теңдесі жоқ тағы бір алып жобаға жұмылдырды. Бұл Еуразия кеңістігінің қақ ортасында басталған Қазақстан мемлекетінің жаңа Елордасының құрылысы болатын. Шындықты айтуымыз керек, экономиканың әлі оңала қоймаған кезінде, қаражатты көп қажет ететін мұндай ірі жобаның іске асатынына күмәнданушылардың саны жетіп артылатын. Бірақ, бертін келе ол күмән сейілді. Бұрын-соңды өңіміз тұрмақ түсімізде де көрмеген құрылыс жұмыстарының ғаламат қарқынмен жүргізілгендігі соншама, бас-аяғы он жыл өткен кезде отанымыздың жүрегі – Астана халқымыздың сан ғасырлар армандап жеткен киелі егемендігінің символына айналып шыға келді. Өзіміз ғана емес, өзгелер де сүйінетін ғасырлар тоғысының ұлы жобасы деген айбынды айдарды иеленіп, әлемдік мәні бар халықаралық саяси, рухани және экономикалық форумдардың астанасына айналды. Ал, соңғы кездерде күллі түркі әлемінің мәдени астанасы деген атақты да иеленді. Бүгінгі таңда мұның бәрі айтуға жеңіл, бірақ тарихи тұрғыдан, жоғарыда Джонатан Айткен айтпақшы, табыстың өзегінде Ел мен Елбасының драматизмге толы, әрі ешқандай таразымен өлшенбейтін толағай ерлігі мен маңдай тері және ешнәрсемен салыстыруға келмейтін пассионарлық ерен еңбегі жатқанын түйсіну қиын емес.
Осы айтылғандардың дәлеліндей, «Еуразия жүрегінде» атты өзінің төл туындысынан Елбасының Сарыарқа төсіне Отанымыздың жаңа Елордасын салу туралы түбегейлі шешімге бірден келмегені, керісінше, мемлекеттік мәні де, жауапкершілігі де мол бұл ұлы мүдде төңі­регінде сарыла ойланып, көп толғанғаны, тарихта өз астаналарын ауыстырған өзге ел­дердің іс-тәжірибелерін жан-жақты зерттегені, атап айтқанда, Ресей, Бразилия, Австралия, Қытай, Жапония, Америка Құрама Штаттары, Испания, Түркия сынды мемлекеттердің астана алмастыру тәжірибелерін ой елегінен мұқият өткізіп, ондай саяси шешімдердің тек қана мемлекеттік мүдделерден туындағанына және әлгі мемлекеттердің экономикаларына тың серпін беріп, олардың қарқынды дамуына өте тиімді ықпал еткеніне көзін әбден жеткізіп алған соң ғана нар тәуекелге бел байлағаны анық байқалады. Сосын, бұл шешімнің өміршеңдігіне ел зиялыларымен қатар қоғамның консервативтік ұстанымға табан тіреген өзге пікірдегі тұлғалардың көздерін қоса жеткізіп, олардан қолдау табудың өзі де кезінде Елбасына оңай соқпағаны анық.
Елорда құрылысымен байланысты Елбасы көрегендігінің тағы бір қырына тоқталу артық болмас, сірә. Астананы салу мен дамытуды, оны ХХI-ғасырдың ең сәулетті қалаларының бірі емес бірегейіне айналдыруды, Президент тек осы қаланың Әкімінің ғана шаруасы деп есептемейді. Керісінше, еліміздің Бас қаласын тұрғызудың жауапкершілігі өте ауыр, нағыз мемлекеттік, әрі Президент ат салысатын ауқымды іс деп қарайды. Сондықтан да күнделікті бұқаралық ақпарат құралдары Астананы: Отан жүрегі; ұлттық рух пен сананың нәрі; еліміздің жаңаруының нышаны; жасампаз күш-қуаттың куәсі; жастарымыздың болашаққа деген зор үмітінің көрінісі; математикалық шешім; географиялық орталық; тоғыз жолдың торабы; стратегиялық ойлар мен ұмтылыстардың жемісі; өзгеріс локомотиві; күшті президенттік биліктің туындысы; мемлекеттің символы деген жанды эпитеттермен бекер айшықтап жүрген жоқ. Өйткені, болашақ Елорданың орнын таңдағанда Елбасы оның ажарлы болуын, тұрғындарға жайлы, эстетикалық тұрғыдан мінсіз, сәнді де сәулетті, экологиялық зияны жоқ, көлік жүйесі жақсы дамыған, мәдени және спорт кешендерімен қамтамасыз етілген, халыққа толыққанды қызмет көрсететін инфрақұрылымы жасақталған, денсаулық сақтау жүйесі, білім беретін зияткерлік мектептері мен астанаға лайық заманауи университеттері бар, сырттан ресми немесе туристік сапармен, ия болмаса қызмет бабымен халықаралық форумдарға келетін меймандарды түгелдей қабылдап алатын сапалы қонақүйлері жеткілікті, бір сөзбен айтқанда, адам парасаты мен еркіне мүлде тәуелсіз, өз бетімен жұмыс істеп тұратын заманауи деңгейі бар болашақ мегаполис болып қалыптасуын көрегендікпен жоспарлаған. Ол үшін көп ізденген, өзіміздің де, әлемнің ең әйгілі деген сәулетшілерінің еңбектерімен де жақын танысып, қаланың жоғарыда сипатталған талаптарға сай келуін бірінші орынға қойып, болашақ астана орталығын дамытудың бас жоспарының эскиз-идеясына ашық халықаралық конкурс өткізуге ұйғарым жасаған.
Бұл жөнінде Президент өз туындысында былай дейді: «Жарияланған конкурс жетекші өңірлік және әлемдік сәулет-қала құрылысы орталықтары арасында шын қызығушылық тудырды. Конкурсқа айтулы сәулет державаларынан және бұл тұрғыдан әлемге жайылған атақтары бар: Жапония, АҚШ, Австралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкістан, Польша, Чехия… сияқты елдерден елуден астам жоба түсті. Барлық жобалар Конгресс-холлға қойылды, сөйтіп олармен әркімнің танысуына толық мүмкіндік туды. Ұсыныстар топтамасының ішінен 27 жобалық әзірлеме беделді жюридің қарауына іріктелді. Сөйтіп, конкурс қорытындысы бойынша, Қазақстанның бас астанасын салудың бас жоспары ретінде заманымыздың аса көрнекті сәулетшілерінің бірі – жапон концептуалисі Кисе Курокаваның жобасы қабылданды».
Елбасының бастамасымен қабылданған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы үлкен саяси міндет қойылған болатын. Онда бұл міндеттің орындалуы мемлекеттік егемендікті сақтаудың, аумақтық тұтастықты және шекараның мызғымастығын қамтамасыз етудің кепілі ретін­де атап көрсетілген. Міне, сондықтан да, 20 жыл ішінде еліміздің қол жеткізген ұланғайыр табыстарының бірі – ел аумағының тұтастығын бекіткен әрі оны мызғымастай етіп шегендеген шекарасы болып табылады. Бүгінгі таңда бұл – бүкіл әлемге танылған, танылып қана қоймай, қалтқысыз мойындалған фактор. Сонымен қатар бұл – ұлтымыздың тарихында бұрын-соңды болмаған, мемлекеттігімізді айшықтайтын құн­дылық. Бірақ бұл құндылыққа қол жеткізу жолы оңай болған жоқ. Бұған тарих куә.
Мәселен, егемендік алған сонау 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағы кезінде белгіленген шекараларымыз түгелдей ашық-шашық жатқан болатын. Сондықтан да, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында Президент Назарбаев белгілеген сыртқы саясаттағы басымдықтардың ішінде, әсіресе, шекараларды межелеу, оларды халықаралық тұрғыдан заңдастырып алу ең кезек күттірмейтін мәселе болатын. Өзінің 1996 жылы халыққа арнаған Жолдауында тәуелсіздіктің алғашқы бес жылын қорытындылай келе, Елбасының: «…Халықаралық ауқымда танылмайынша, әлемдік қоғамдастық тарапынан қауіпсіздік, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымайтынына кепілдік алмайынша, мемлекеттіліктің қалып­тасуы, егемендік, экономикалық реформалар, әлеуметтік саланы дамыту туралы әңгіме қозғау құрғақ сөз болып қала береді», – деуі соның дәлелі.
Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, біздің Ел бұрынғы Кеңес Одағы тарап кеткен сәтте шекараларды рәсімдеу үшін Қытай Халық Республикасымен, Қырғызстан Республикасымен, Ресей Федерациясымен, Түрікменстанмен және Өзбекстан Республикасымен келіссөздерге белсене кірісіп кетті әрі бұл жауапты жұмысты белгіленген мерзім ішінде сәтті аяқтады. Ия, бір қарағанда бұл нәтижеге де оп-оңай қол жеткен сияқты болып көрінуі мүмкін. Ал шындығына келгенде, бұл – нағыз жанкешті ерлікке тұратын Елбасының сұңғұла да сындарлы, көпвекторлы сыртқы саясатының жемісі екендігінде күмән жоқ. Бұлайша түйіндеуге үлкен негіз бар. Олардың бәрін тәпіштеп жатпай-ақ, бір ғана мысалға ат басын бұрайық.
Қытайдың ішкі-сыртқы саясатын терең білетін, 1995-2001 жылдары Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ал кейінгі он жылда Сенат депутаты, ал қазір Мәжіліс депутаты, белгілі саясаткер, танымал қоғам және мемлекет қайраткері, Қуаныш Сұлтановтың: «Қазақтың жаңа дәуірі» («Елорда», 2010) атты сараптамалық туындысымен танысқан оқырман жоғарыда Елбасына қатысты айтылған пікірлерге дәлел болатын соны мағлұматтарды кездестіреді. Мысалы, жүздеген жылдар бойы мойындалмай келген біздің территориялық тұтастығымызды Қытайдың мойындап, шекаралық келісімге қол қойғаны таңғалдырмай қоймайды. Себебі Қытаймен шекаралас 15 мемлекеттің ішінде Қазақстан Қытай үкіметінің келісімімен жүз пайыз шекара аумағын тиянақтап алған жалғыз мемлекет екенін аңғарасың. Сосын тарихта өзімен шекаралас елдердің ешқайсысымен шекаралық келісім жасауға Қытайдың ешқашан мүдделі болмағаны аталмыш еңбекте өте тиянақты баяндалады. Тіпті дүниежүзінде ең қуатты, ең қарулы, барлық соғыстарда жеңімпаз атанған Кеңес Одағымен екі арадағы достықты үнемі насихаттап, онымен 74 жыл бойы жүздеген мәрте шекаралық келіссөздер жүргізсе де, жеме-жемге келгенде, бірде-бір шекаралық келісімге қол қоймаған. Осы бір күрмеуі қиын мәселені өте қысқа мерзім ішінде шешіп алған Елбасының мәмілегершілік шеберлігіне еріксіз бас иесің.
Қылышынан қан тамған кеңестік империяның озбыр саясатының салдарынан қазақ жастарын қырғынға ұшыратқан желтоқсан уақиғасының азалы табы 1989 жылы Семей ядролық сынақ полигонын жабуға бағытталған «Невада – Семей» қозғалысының құрылуына серпін берді. Бірақ, Кеңес өкіметінің орталық билігі қозғалыс мақсатының орындалуына мүмкіндік бермеді. Ол арман тек егемендік алған – 1991 жылы ғана іске асты. Ел сенімінің арқасында мемлекет тізгінін қолға алған Нұрсұлтан Назарбаев халқымызға есепсіз радиациялық нәубет әкелген, жер асты мен үстінде және атмосферада 40 жыл бойы 500-ге жуық ядролық сынақтар өткізілген, экологиялық зардабы әлі толық тыйылмаған, өктемшілдіктен әлі арыла қоймаған бұрынғы орталықтың тегеурінді қарсылығына қарамастан, Семей ядролық полигонын өз пәрменімен жапты. Бұдан кейін іле-шала ел аумағында орналасқан ядролық зымырандар жүйесін жоюға да бірден кіріскен болатын. Бұл жай ғана ерлік емес, бүкіл әлемнің санасын селт еткізіп, кілт өзгертті.
Елбасының сындарлы саясатынан туындаған антиядролық бұл қадамның ешқашан мәнін жоймайтынына сенім мол. Өйткені, ядролық лаңкестік қаупі белең алып тұрған мына алмағайып заманда, әрі планета бетінде жинақ­талған ядролық зымырандар жүйесінің жалпы санының 8400-ге жеткенін былай қойғанда, тек бейбіт атом аясында электр қуатын өндіретін реакторлардың санының өзі де бұл күнде 440-тан асып, таяу жылдары одан бетер көбейетіні көрініп тұр. Оның үстіне техногендік немесе табиғи себептердің салдарынан жарылған Чернобыль және Фукусима секілді атом электр стансаларынан тараған радиация салдары бүкіл әлемнің төбе шашын тік тұрғызып, әлі алаңдатып отырғаны жасырын емес. Сонымен қатар, бейбіт атом объектілері мен олардан шығатын мыңдаған тонна ядролық улы қалдықтардың өздері де лаңкестердің қолына түссе, әлем қауіпсіздігіне төніп тұрған айбалта екені дау тудырмайтын шындық. Жалмауызға да жан керек демекші, әлгі қатерлердің алдын алмаса, істің мүлде насырға шабатынын ядролық алпауыттардың өздері де терең сезініп, кейінгі кезде жиі-жиі бас қосып, төніп келе жатқан ядролық лаңкестіктің жолын кесетін шаралар қабылдауға мәжбүр болып отыр.
Осы айтылғанның дәлеліндей, кейінгі 65 жылдың ішіндегі ядролық қауіпсіздікке бағышталған ең ірі жаһандық саммит 2010 жылы Вашингтонда өткізілген еді. Оған әлемнің 47 мемлекетінің басшылары мен БҰҰ, МАГАТЭ және Еуропа Одағы сынды үш халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысып, күн тәртібіне енгізілген: атом қаруының лаңкестердің қолына түсіп кету қаупін болдырмау және ядролық материалдарды сақтау туралы маңызды мәселелерді талқылаған болатын. Бұл саммитке Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Барак Обаманың арнайы шақыруымен келіп, саммит мінберіне бірінші болып көтеріліп, ядролық отын банкін құру, ядролық материалдарды сақтау және ядролық қаруларды таратпау жөніндегі бұрын қабылданған келісімді қайта қарап, түзетулер енгізу қажеттігі туралы сындарлы пікірлерін ортаға салған болатын.
2011 жылы Сеулде өткен антиядролық саммитке қызығушылық танытқан мемлекеттердің саны 53-ке жетіп, жоғарыда аталған ең беделді халықаралық ұйымдардың қатарынан Интерпол да табылды. Сеулде өткен саммиттің негізгі нысанасы күннен-күнге қарқын алып келе жатқан ядролық терроризммен күрестің негізгі бағыттарын белгілеу және әлем қауымдастығының қауіпсіздігіне төніп келе жатқан аталмыш қатердің жолын кесуді ойластыру болатын. Демек, жаһандық мәні мен маңыздылығы жағынан бұл саммит 2010 жылы Вашингтонда өткен антиядролық саммитпен тең түспесе, кем түскен жоқ. Бұл саммитке Ел­­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев тағы да АҚШ президенті Барак Обаманың және Оңтүстік Кореяның президенті Ли Мен Бактың арнайы шақыруымен келген болатын. Атап айту керек, Қазақстан лидеріне деген құрмет Вашингтон саммитінде қаншалықты жоғары болса, Сеул саммитінде де соншалықты биік болды. Сеулдің алқалы жиындар мен маңызды көрмелер өтетін СOEX орталығындағы дөңгелек үстел басына жиналған әлем көшбасшыларының арасынан, оның ішінде, АҚШ пен Қытай сынды екі алып ядролық мемлекет басшыларының ортасынан ядролық қарудан әлдеқашан бас тартқан бейбіт Қазақстан Президентіне орын берілді. Әлемдік саясат сахнасында ешнәрсе жайдан-жай болмайтынын ескерсек, бүкіл әлем назарына іліккен Қазақстанға көрсетілген бұл құрметті Елбасы мен Еліміздің ұзақ жылдар бойы жүргізіп келе жатқан сындарлы саясатының жемісі деудің реті келіп тұр.
Біріншіден, мұны әлемдегі алып ядролық арсеналы бола тұра, одан өз бетімен бас тартқан және әлемдегі ең қатерлі ядролық полигонды өз пәрменімен жауып, өзгелерге үлгі көрсеткен Қазақстан Президентіне берілген әлем қауымдастығының әділ бағасы деп қабылдаған лазым. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені Семей ядролық полигонына дәл сол кезде Елбасы тыйым салмағанда АҚШ-тағы Невада, Қытайдағы Лобнор және Ұлыбритания мен Францияның, жер шарының басқа аймақтарында орналасқан ядролық сынақ алаңдарының жабылуы екіталай болар еді. Демек, Қазақстанның батыл қимылы әлемнің антиядролық санасын оятуға үлкен түрткі болған басты фактор екенін ерекше атап айту парыз.
Екіншіден, мұны тек бейбіт атом саясатының ұтымдылығын ғана емес, полиэтникалық және көпконфессионалды мемлекет ішінде этносаралық, мәдениетаралық, дінаралық татулықтың үлгісін кейінгі 20 жыл ішінде бүкіл әлемге паш етіп отырған, ешкімді шеттету мен кемсітуді білмейтін, ішкі саясаты сындарлы, сыртқы саясаты көпвекторлы, экономикасы тұрақты даму жолына түскен Қазақстан мемлекетіне көрсетілген зор сенім деп қабылдаған абзал.
Үшіншіден, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 64-сессиясы 2009 жылы әлемдік мәні бар шешім (64/35) қабылдап, 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-шаралардың халықаралық күні деп жариялаған еді. Бұл ұлағатты шешімнің қабылдануына ұсыныс беріп, бастамашы болған Қазақстан мемлекеті екенін де әлем қауымдастығы жақсы біліп отыр. Демек, аталмыш шешімнің Елбасы мен Еліміздің биік абыройына тағы да абырой қосқанын жоққа шығаруға болмайды.
Төртіншіден, 2010 жылы Қазақстан президентінің Вашингтон саммитінде көтерген залалсыз деңгейде байытылған ядролық отын банкін біздің елге орналастыру туралы ұсынысына МАГАТЭ бірден қолдау көрсетіп, әлемнің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей ықпал ететін бұл жобаны Қазақстанда іске асырудың нақты жолдарын белгілеп те үлгерді. МАГАТЭ бұл басымдықты ядролық қаруға ие алпауыт елдерге емес, неге біздің елге беріп отыр? (Иә, бұл сияқты сұрақтардың туындайтыны әбден мүмкін.) Себебі кеңестік заманда атом қасіретін бастан кешірген Қазақстанға МАГАТЭ үлкен сенім артады және қойылатын талаптардың біздің Елдің тарапынан бұлжымай орындалатынына да ешбір күмән келтірмейді.
Сосын, уран қоры жағынан әлемде Австралиядан кейінгі екінші орынды, ал, оны өндіру бойынша бірінші орынды иеленетін біздің елге әлгіндей банктің экономикалық тиімділігі де аз емес. Өйткені қазірдің өзінде өздеріне қажет электр энергиясының сүбелі мөлшерін атом электр стансаларынан алатын мемлекеттердің ірі тобы ядролық отынды біздің елден алады және электр энергиясын өндіретін ондай атом реакторларының саны жуық арада Аспан асты елінде де күрт өсетіні белгілі болып отыр. Оның үстіне, ядролық физикамен айналысатын ғалымдардың пікіріне қарағанда, ядролық энергетика саласының нәтижелері металлургия, медицина, биотехнология, ақпарат технологиялары, т.с.с. салаларда да кеңінен қолданылатынын ескерсек, сол салаларда іске асырылуы жақындап қалған халықаралық жобалардың нәтижелері мемлекет саясатының, экономикасының және ұлттық қауіпсіздігінің нығаюына да оң ықпалын тигізетіні күмән тудырмайды. Демек, аталмыш банктің тиімділігі де келешекте ұлғая беретініне сенім мол.
Жоғарыдағыларды ескере отырып, болашақ антиядролық саммиттер мен бейбіт атомға немесе жаппай қырып-жоятын қару-жарақтарды таратпау, ия болмаса, ядролық қарудан ада аймақтардың санын ұлғайту мәселелеріне бағышталатын алқалы жиындардың бірде-бірі Қазақстансыз өтпейтініне көз жеткізуге болады. Мұның дәлелі ретінде Сеул саммитінде Президент Назарбаевтың нақты сараптамаларға негізделген, соны идеяларға толы, қысқа да нұсқа сөзінің үлкен ықыласпен тыңдалып, әлем көшбасшыларының көңілінен шыққанын және шетелдік ақпарат көздерінде оның кеңінен талқылап, оң баға беріліп жатқанын айтсақ та жеткілікті. Демек, осыдан 21 жыл бұрын Елбасы қабылдаған антиядролық шешімдердің жалпы планеталық құндылыққа айналып отырған сындарлы саясат екенін ХХІ ғасыр қайта дәлелдеп, ядролық лаңкестіктен құтылудың жалғыз ғана жолы ядролық қарулардан жаппай бас тарту екеніне де әлем қауымдастығының көзін жеткізіп отыр. Сосын бұл шындықты жаппай қырып-жоятын қаруы қамбасында тұрған БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері болып табылатын алпауыт бес мемлекеттің басшылары түсінбей отыр деуге де негіз жоқ. Солай бола тұра, әлгі тажал қаруды біржолата жойып жіберу, біріншіден, олардың қаперіне де кірмейді, екіншіден, ондай шешім қабылдауға олардың батылдықтары да жетпейді. Себебі, бір-біріне сенбейді. Сондықтан, олардың қазіргі тірлігі бір-бірінің немесе қолдарында атом қаруы бар өзге мемлекеттердің ядролық зымырандар жүйесін нысанаға алып, күндіз-түні бақылау жасау мен ядролық қаруға иелік етуге белсенділік танытып отырған өзге мемлекеттерге мүмкіндік бермеудің жолдарын қарастырудан әрі аспай отыр.
Егемендік алғалы бері Еліміз бен Елбасы көпжақты мемлекетаралық қарым-қа­ты­настарға айрықша мән беріп, саяси, әскери және сауда-экономикалық әріптестікті дамытуға әрі интеграциялық бастамаларды іске асыруға және ең бастысы, жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің тұрақтылығына кепіл болып отырған Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ), Еуропа Одағы (ЕО), Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Кеден Одағы (КО), Еуразиялық Экономикалық Қауымдастық (ЕурАзЭҚ) және Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (ИЫҰ), Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт Ұйымы (ҰҚШҰ) сынды ірі халықаралық ұйымдармен өте тығыз байланыс орнатты. Және олардың кейбіріне төрағалық жасап та үлгерді.
Бүгінгі таңда Қазақстан жоғарыда аталған абыройлы халықаралық форумдардың толыққанды мүшесі ғана емес, өзінің ұтымды бастамаларымен олардың жұмыстарын жандандыруға да барынша атсалысып келеді. Мәселен, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 1992 жылы өткен 47 сессиясының мінберінен сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның планета бетінде бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін 1992 жылға дейін бар болғаны 8,3 миллиард АҚШ долларын жұмсағанын тілге тиек етіп, бұл қаржының қорғанысқа жұмсалатын Ұйымға мүше елдерінің бір жылдық жиынтық бюджетінің бір пайызына да жетпейтінін, керісінше, бұрынғы онжылдықта аталмыш елдердің қару-жараққа бөлген қаржысының бір триллион долларға жуықтағанын сынға алған болатын. Ал бүгінгі әлем қару-жараққа он жыл емес, тек бір жылдың ішінде ғана 1,5 триллион доллардан аса қаражат жұмсайтыны белгілі. Осыған орай, әлгіндей олқылықтың орнын толтыру мақсатында Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Бейбітшілік қорын ұйымдастыру қажеттігін және сол қорға БҰҰ-ға мүше мем­лекеттердің жыл сайын қаруға жұмсайтын жылдық бюджеттерінің бір пайызын аударып отыруды ұсынды. Бұл идеяға БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун да қолдау көрсеткен-ді. Сол сессияның мінберінен Елбасы Азия кеңістігінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған Өзара Іс-қимыл және Сенім Шараларының Кеңесін шақыру идеясын және әлемдік экологиялық апатқа айналған, Семей ядролық полигоны мен адами факторлардың салдарынан арнасы кеуіп қалған Арал теңізінің қатерлі салдарын жоюдың БҰҰ-ның қаржылай қолдауынсыз іске аспайтын жобалар екеніне мүше-мемлекеттердің көздерін жеткізген болатын. Қысқа қайырып айтар болсақ, БҰҰ аясында өткізілген жаһандық мәні бар алқалы форумдардың бірде-бірі, айталық: Бас Ассамблеяның үшінші мыңжылдықтың басында (2000 жылы) өткізген Саммиты болсын, 2005 жылы Алматыда өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Лаңкестікпен күрес жөніндегі комитетінің арнайы жиыны болсын, Бас Ассамблеяның 2007 жылғы алпыс екінші және 2011 жылғы алпыс алтыншы сессиялары болсын Елбасының қатысуынсыз өткен емес. Сосын Елбасы ұсыныстарының бәрі дерлік халықаралық қауымдастықтың тарапынан тек қана қызығушылық емес, нақты қолдау да тауып жатады.
Мәселен, Азиядағы Өзара Іс-қимыл және Сенім Шаралары Кеңесін ерекше атап өтудің қисыны бар.Өйткені Елбасының өз бастамасымен өмірге келген бұл Кеңес Еліміздің сыртқы саясатында ерекше басымдыққа ие. Оның негізгі мақсаты – Азия мемлекеттерінің арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда бұл форумға Азия территориясы мен халқының 90 пайызын қамтитын 22 мемлекет мүше. Сосын бұл Кеңестің келе-келе ЕҚЫҰ, ШЫҰ немесе ИЫҰ сияқты өте абыройлы халықаралық ұйымға айналуы да әбден ықтимал. Себебі бұл Кеңесті қазірдің өзінде ЕҚЫҰ-ның Азиядағы аналогы деп жүргендер аз емес. Өйткені, екі форумның да мақсат-мүдделері өте ұқсас. Екеуінің де көздейтіні жер шарының ірі кеңістіктерінде орналасқан мемлекеттердің тыныштығы мен тұрақтылығын және қауіпсіздігін сақтау және соның негізінде мәдениетаралық, өркениетаралық және дін­аралық татулықты нығайта отырып, орын алуы мүмкін шиеленістерді тек үнқатысу арқылы, яғни, дипломатиялық жолмен шешу болып табылады.
2010 жылы БҰҰ-нан кейінгі әлемдегі ең ірі халықаралық форум – ЕҚЫҰ – ұзақ тал­қылаудың нәтижесінде төрағалық тізгінді Ұйымға мүше Азия мемлекеттері, ТМД және мұсылман елдерінің арасынан бірінші болып таңдалған Қазақстанға жүктеген еді. Бұл біздің Ел мен Елбасына көрсетілген үлкен сенім болатын. Жауапкершілігі ауыр сол сенімнің үдесінен шығу үшін, Ұйымның үш өлшемі бойынша іске асырылуға тиісті қыруар істің қай-қайсысы да Елбасының тікелей басшылығымен мұқият ойластырылған бағыт-бағдарға сәйкес жүргізілді. Қазақстан төрағалығы Ұйымның беделіне қылау түсірмей, Елбасы ұсынған төрт қағидаға: сенімге, дәстүрге, ашықтыққа және төзімділікке негізделді. Айтылған сөз атылған оқ демекші, әлгі қағидалар жыл бойы Ұйым аумағында Қазақстан төрағалығымен өткізілген күллі шараның өзегіне айналып, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жаппай қолдауына ие болды. Соның арқасында, Қазақстан өз сөзін­де тұратын, зайырлы мемлекет екенін әлем қауымдастығы алдында және бір рет дәлелдеп шықты. Сонымен қатар, Ел мен Елбасының абыройына абырой қосып, беделін асқақтатқан және бір фактор мынау: біздің алдымызда Ұйымға төрағалық жасаған мүше мемлекеттердің бірде-бірі 1999 жылдан бері, әрбір үш жылда өтіп тұруға тиісті, Ұйымның кезекті саммиттерін өткізе алмаған-ды. Ал, біздің мемлекет болса, Елбасының халықаралық аренадағы биік беделінің арқасында, Ұйымға мүше 56 мемлекеттің келісімімен, кезекті саммитті өте жоғары деңгейде өткізіп қана қоймай, консенсуспен қабылданған Астана декларациясына да Ұйымның қолын жеткізді. Егемен Қазақстан тарихының алтын әріппен жазылатын беттерінің біріне айналған Ұйымның Астана саммиті мен Астана декларациясы кейінгі жылдары тоқырауға ұшырай бастаған Ұйым беделінің қайта қалпына келуіне де үлкен септігін тигізгенін атап айту лазым.
Әлемдік деңгейде кеңінен танылып, бұл күнде дін көшбасшыларының нағыз жаһандық үнқатысу алаңына айналған, 2003 жылдан бері әр үш жыл сайын Астанада тұрақты өткізіліп келе жатқан Президенттің парасатты бастамаларының бірі – Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі. Бүгінгі таңда Еліміз бен Елбасының сыртқы саясатының өзекті бағыттарының біріне айналып үлгерген бұл форумның кейінгі он жылда қабырғасы қатайып, бұғанасы бекіді. Мәселен, 17 елдің делегацияларының ғана бастарын қосқан бірінші съезбен салыстырғанда, екінші және үшінші съездерге қызығушылық танытқан мемлекеттердің саны мен олардан келетін өкілдердің сапасы да өсіп, нәтижесінде, үстіміздегі жылы Астанада өткен төртінші съезге планетаның 40 елінен 85 делегация, оның ішінде, тек дін лидерлері ғана емес, белгілі саясаткерлер де, ірі халықаралық ұйымдардың өкілдері де өз үлестерін қосты. Сөйтіп, о бас­та Елбасының көрегендік саясатымен негізі қаланған аталмыш форум қазір жаһандық өркениетарлық, мәдениетаралық және дінаралық үнқатысу процесінің жандануына, күшеюіне, әлемдегі қауіпсіздік, бейбітшілік және келісімнің орнығуына сүбелі ықпалын тигізетін рухани үнқатысу алаңына айналып отыр.
Бұлай деуге толық негіз бар. Өйткені бұл форумға бір емес, бірнеше рет немесе тұрақты қатысып келе жатқан әлемдік дін лидерлерінің арасында бір-біріне деген сый­ластық пен сенім орнап қана қойған жоқ, сонымен қатар күллі діндердің өзегінде жатқан адамзатты бірлікке, сабыр мен төзімділікке тәрбиелейтін рухани ортақ құндылықтарды дәріптеуді өзінің мақсат-мүддесі мен мұратына айналдырған съездің өзіне деген биік құрмет те қоса қалыптасып отыр. Мұның нақты дәлелін Израиль мемлекетінен келген сефардтық Бас раввин Шломо Амардың: «Президент Назарбаев әлемдік дін лидерлерінің Біріккен Ұлттар Ұйымын ашты» деген метафоралық теңеуінен де аңғаруға болады. Сол бағаның айқын көрінісіндей, енді міне, Төртінші съезде форумның ең жоғарғы басқарушы органы – құрамы 15 көшбасшы тұлғадан тұратын Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің Кеңесі құрылды. Сөйтіп, әлемдік халықаралық ұйымдардың қатарына бейбітшілік пен келісімді ту етіп, оны адамзат таңдауына айналдыруды мұрат тұтқан, Елбасының өзі сомдаған Әлемдік және дәстүрлі діндердің съезі келіп қосылды. съездің штаб-пәтері де бүгін әлемге танымал. Ол – Астанада Елбасы арнайы салдырған, Еліміздің тұрақты дамуының символына айналып келе жатқан пирамида сынды Бейбітшілік және келісім сарайының ғимараты.
2007 жылы әлемдік қаржы институттары тығырыққа тіреліп, соның салдарынан Қазақстан экономикасы дағдарысқа ұшыраған сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен аталмыш дағдарыстан шығудың жолдарын іздестіру мақсатында Еуразия кеңістігінің жетекші ғылыми ұйымдарының басын қосуға бағытталған «Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы» деп аталатын қауымдастық дүниеге келген болатын. 2008 жылы бұл Қауымдастық әлемнің 45 елінің жетекші экономист-ғалымдары мен саяси қайраткерлерінің және іскер топтарының қатынасуымен бірінші Астана экономикалық форумын өткізген-ді. Одан кейінгі үш жылда экономикалық дағдарыстың салдарына, әлемдік экономиканың келешегіне, халықаралық валюта жүйесінің тағдырына және экономикалық теория мен практикасының көкейкесті мәселелеріне бағышталған тағы да үш алқалы форум өтті. Ал, үстіміздегі жылы өткізілген бесінші Астана экономикалық форумы өзінің халықаралық аренада кеңінен танылған ғаламдық экономиканың үнқатысу алаңына айналғандығын байқатты. Форумның мазмұны мен сапасының жылдан-жылға артып келе жатқанының дәлелін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мәселен, 2011 жылы Астана экономикалық форумына әлемнің 80 елінен 5000-нан аса адам қатысып, форумның жаңа құрылымы – Нобель сыйлығы лауреаттарының клубы ашылса, биылғы бесінші форумның әртүрлі секцияларының жұмысына қатысу үшін 90 елден 8000 ұсыныс келіп түскені және Нобель сыйлығының 12 лауреаты мен «Қазіргі заман ойшылдары» атты жаһандық рейтингке іліккен төрт тұлғаның, ел тізгінін ұстаған бұрынғы және бүгінгі мемлекет қайраткерлерінің, халықаралық ұйымдар мен аймақтық бірлестіктердің басшыларының белсенді қатысуы форум деңгейінің қандай биікке көтерілгенін айқын байқатса керек.
Елбасының қай бастамасын алмасақ та, олардың терең білім мен біліктің, тәжірибе мен ізденістің жемісі екеніне көз жеткіземіз. Егемендіктің бастапқы жылдарында Елбасы экономикалық басымдықтарға айрықша мән беріп, «алдымен экономика, тек содан кейін ғана саясат» деген ұстанымға табан тіреген болатын. Бұл ұстанымның өміршеңдігіне бұл күнде өзіміздің де өзгелердің де көздері анық жетіп отыр. Елбасының батыл жүргізген экономикалық саясатының арқасында Елімізге әлемдік бизнестің флагмандары әрі ең ірі инвесторлар болып табылатын Шеврон, Бритиш Петролеум, АрселорМиттал Стил, Самсунг, Дженерал электрикс, Дженерал Моторс және басқа да ірі халықаралық компаниялар келіп, мұнай-газ, металлургия және экономиканың салаларын да тез дамытуға мүмкіндік ашылды.
Тікелей тартылған шетелдік инвестицияның арқасында 1999-2007 жылдар арасында Еліміздің жалпы ішкі өнімі орта есеппен жылына 10 пайызға өсіп, мемлекетіміздің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы алғашқы нәтижелерін бере бастаған болатын. Ұсақ және орта бизнеске де жан бітті. Тарихи қысқа мерзім ішінде жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 700-ден 12000 долларға дейін немесе 16 есе өсті. 20 жыл ішінде Оңтүстік Азия жолбарыстарының бірде-бірінде мұндай өсім болған емес. Бұл тұрғыдан, 1998 жылы Елбасының бастамасымен құрылған Шетелдік инвесторлар кеңесінің Ел экономикасын қарқынды дамытуда атқарған ролін ерекше атаған лазым. Бүгінгі таңда егемен жылдар ішінде Елге тартылған шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 150 миллиард АҚШ долларын құрайды. Тек өткен бір жыл ішінде ғана Елге 20 миллиард доллар тартылғаны мемлекетіміздегі инвестициялық климаттың жоғары деңгейде екенін білдіреді. Бұлай деуге толық негіз бар. Он төрт жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан Шетелдік инвесторлар кеңесінің құрамына енген айтулы халықаралық компаниялардың саны бұл күнде отызға жеткен. Бұл орайда, жуырда ғана өткен осы Кеңестің жиырма бесінші алқалы жиынында Елбасы жоғарыда аталған он төрт жыл ішінде Қазақстанға тартылған 150 миллиард доллардың Орта Азия аймағына келген тура инвестицияның 80 пайызын құрайтынын ерекше атап өтті. Бұл сөз жоқ, әр азаматты мақтанышқа бөлейтін жетістіктер екені дау туғызбайды. Алайда мұндай нәтижелердің қай-қайсысы болмасын Елбасының толағай еңбегі мен дипломатиялық саясатының арқасында ғана мүмкін болған дүниелер екенін мойындау керек…
Сонымен, егемендікке осыдан 20 жыл бұрын ғана қол жеткізген Қазақстан бүгін нарықты экономикасы дамыған, әлеуметтік сфералары тұрақты, халықаралық процестердің абыройлы ойыншысына айналған зайырлы мемлекетке айналды. Бұлай деуге дәлел болатын уәждер жеткілікті. Ең алдымен, 1997 жылы мемлекеттіктің жаңа жүйесін қалыптастыруға бағытталған ауыр реформалар аяқталған кезде, өзінің тікелей басшылығымен Қазақстанның болашақ дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын, мемлекеттік мәні зор «Қазақстан – 2030» атты аясы ауқымды стратегиялық жоспарды ұлтымыздың лидері Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет халыққа жолдаған болатын. Ұзақ мерзімге арналған көп нысаналы бұл құжат Үкіметтің осы уақытқа дейін сатылап іске асырып келе жатқан экономиканың барлық салаларын қамтитын бағдарламаларына негіз болуда. Олардың ішінде: Ел дамуының индустриялды-инновациялық стратегиясы, мемлекеттік аграрлық азық-түлік, ауылдық территорияларды дамыту, денсаулық сақтау мен білім саласын дамыту, халықты әлеуметтік жағынан қорғау жүйесін реформалау, «Мәдени мұра», тұрғын үй құрылысы, т.с.с. бағдарламалар бар.
Тарихи тұрғыдан, «Қазақстан – 2030» стратегиясы ұзақ мерзімді жоспарлаудың ең сәтті шыққан үлгісі деуге толық негіз бар. Өйткені, бірнеше жыл бойы тиянақты дайындалғандықтан, бұл жоспар Еліміздің стратегиялық саясатының өзегіне айналған Елбасының жыл сайын халыққа арнайтын Жолдауларының да іргетасы болып отыр.
Жиырма жылда қол жеткен табыстар осындай болса, Еліміздің келешегі де жарқын болатынына сенім мол. Өйткені, қазір қарқын ала бастаған индустриялды-инновациялық бағдарламалар мен Батыс Еуропа – Батыс Қытай немесе Ел ішінде нәтижелі іске асырылып жатқан темір жол жүйелері толық іске қосылған кезде халқымыздың дәулеті таситынына титтей де күмән жоқ. Ендеше, іске сәт! Елін бастаған Елбасының сындарлы саясаты жалғаса бергей!

Алдыңғы «
Келесі »