Қазақстан қайткенде АҚШ-тай бола алады?

  • 12.12.2012
  • 918 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сейілбек Мұсатаев,
саяси ғылымдарының
докторы

Америка Құрама Штаттары немесе қысқаша ғана АҚШ… Осы бірегей елдің атауы әрбір адамның ойында түрлі ассоциациялар туындатады: доллар, американдық арман, кең мүмкіндіктердің елі, демократиялық құндылықтар, жаңа әлемдік тәртіп, американдық мүдде, геосаясат, халықаралық терроризммен күрес, әлемдік қаржы дағдарысы, әскери агрессор, әлемдік гегемон ел… дегендей сарында жалғасып кете береді. АҚШ-ты қанша сынап-мінегенімен, мысы басылып, қорқып немесе жек көргенімен, «Шіркін-ай, осындай мықты елге айналсақ қой» – деп оларға қызғана да қызыға қарамайтын ел-жұрт жоқ шығар, жұмыр жердің бетінде. Сол сияқты, «Тәуелсіз Қазақ елі де күндердің күнінде АҚШ-тай жан-жақты дамыған, күшті ел болса ғой» – деген тәтті арман әрбір қазақстандықтың көкейінде ұялағанына, міне, жиырма жылдан асып барады… «Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай атамыз айтқандай, қазекем қашанда «жақсы сөз – жарым ырыс» дейтін оптимист халық қой, «көш жүре түзелер» деген үмітпен тіршілік етуде.
АҚШ тарихына зер салсақ, ол қазіргідей ақылына күші сай қуатты ел күйінде аспаннан аяғы салбырап түсе салмағанын көреміз. 1776 жылғы 4 шілдеде Тәуелсіздік декларациясы қабылданып, АҚШ-тың құрылғандығы жарияланған сәтте оның бастауында тұрған Д. Вашингтон, Т. Джефферсон, Д. Адамс, Д. Мэдисон, А. Гамильтон, Б. Франклин, Т. Пейн, Д. Джей сияқты саяси қайраткерлер бұл мемлекеттік құрылымның дами келе адамзат тарихында ерекше орны бар, әлемдік саясаттың бағыт-бағдарын айқындайтын әлеуеті зор, супердержаваға айналатындығы туралы тек армандай алатын-ды. Бірақ та, американдық мемлекеттіліктің негізін салушылар дұрыс жолды таңдай білді. Бір күндік фәни өмірде пендешілікке ұрынбай, еркіндік пен теңдікті ту еткен егеменді елдік үшін күресіп, келер ұрпақтың алдында азаматтық борыштарын адал ақтап кетті.
Американдықтар Тәуелсіздік деген қа­сиетті ұғымның мәнін терең түсінетін халық. Еуропалық отаршыл империялардың ықпалынан құтылып, тәуелсіз ел болу жолында қанды соғыстарды бастан өткергеніне АҚШ тарихы куә. 1774 жылғы 5 қыркүйекте Филадельфияда барлық колониялардан келген 55 өкілдің қатысуымен өткен Бірінші Континентальдық конгресс алғаш рет британдық метрополияға талаптарын қойды. Олар әзірлеген «Құқықтар декларациясында» американдық колониялардың «өмір сүруге, бостандық пен меншікке» деген талаптары тұжырымдалды. Ал, «Континентальдық Ассоциация» құжаты болса британдық корольдік өзінің қаржы-экономикалық саясатында жеңілдіктер жасамайтын болса, американдықтар барлық британдық тауарларға бойкот жариялауына санкция берді. 1775 жылы ағылшын корольдігі американдық колониялардың толық бағынуын талап етіп, генерал Т. Гейджге «бүлікті басу» туралы бұйрық береді. Осылайша, 1775-1787 жылдарды қамтыған Тәуелсіздік үшін соғыс басталады. Виргиния өкілі, Франко-үндістік соғыс кезінде танымал болған Генерал Д. Вашингтон харизматикалық саяси көшбасшы ретінде енді британдық агрессияға қарсы тұратын Континентальды армияның бас қолбасшысы болып тағайындалады. Тәуелсіздік үшін жанқиярлықпен күрескен американдықтарды өз мүддесіне сай пайдалануды көздеген Франция 1778 жылы АҚШ-пен одақ құрып, оған кейінірек Испания мен Нидерланды қосылады. Бұл процестер АҚШ-тың түпкілікті жеңіске жетуіне арқау болғанымен, одан кейінгі кезеңде де АҚШ егемендік үшін қарулы күрес жүргізді: 1812-1815 жылдардағы англо-американдық және 1846-1848 жылдардағы американдық-мексикандық соғыстардан бөлек, Үндістер конфедерациясының АҚШ егемендігін мойындауын заңды бекіткен «Гринвилль бейбіт келісімін» 1795 жылы жасасқанға дейін созылған жергілікті үндістермен соғыс, рента үшін соғыс (1839-1846), Техас төңкерісі (1836-1846), азаматтық соғыс (1861-1865) американдықтарды Тәуелсіздік үшін күресте шыңдады.
Әрине, бізге де Тәуелсіздік оңайға түскен жоқ, ежелгі ата-бабаларымыз бен кешегі ардақты Алаш қайраткерлері қанша күрескенімен, Тәуелсіздік таңын көре алмай өмірден өтті. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде қазақ жастары тәуелсіздік жолында құрбан болып, қайғы-қасірет шекті. Сондықтан, Тәуелсіздіктің қасиетті ұғым екенін ешқашан естен шығармауымыз керек. Ұлттық мемлекеттілік құрып отырған қазаққа «Біз Тәуелсіз елміз!» деп тоқмейілсуге әлі ерте. Саяси тәуелсіз болғанымызға жиырма жылдан асса да, рухани тәуелсіздігіміз әлі ақсап тұр, экономикалық тәуелсіздігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізді нығайту үшін талай тер төгіп, алда қыруар жұмыстар атқаруымыз қажет. Тәуелсіздік ұғымы мерекеде ғана еске алатын науқаншылдыққа айналмауы тиіс. Тәуелсіздік ұғымы болат қылыштай өткір ұғым, оны үнемі қайрап-жанып отырмаса, тез тот басып, жүзі мұқалады. АҚШ сияқты нағыз тәуелсіз ел боламыз десек осы қағиданы ұмытпағанамыз жөн.
АҚШ «Тәуелсіздік декларациясының» авторы саналатын Т. Джефферсон осынау маңызды құжатта: «өмір сүру, бостандық пен бақытқа ұмтылу Жаратқан иенің адамдарға тумысынан берген ажырамас құқықтары болып табылады, осы құқықтарды қамтамасыз ету үшін адамдар өздері өкілеттік берген үкіметті құрайды, егер, үкімет бұл мақсаттарға нұқсан келтірсе, онда халық үкіметті өзгертуге немесе таратуға құқылы, сөйтіп, қауіпсіздік пен бақытқа жетуге мүмкіндік беретін жаңа үкіметті құра алады» – деген қағиданы тұжырымдап, оны сол кездегі Континентальдық конгресс заңды түрде бекітті. Яғни, өмір сүру, бостандық пен бақытқа ұмтылу құқықтары – американдық арманның өзегінде жатқан принциптер. Осылайша, американдық арман құрама елдің біртұтас әрі бірегей өмір-салтына айналды. Нәтижесінде американдық арман жетегінде бақыт іздегендер Жер шарының түпкір-түпкірінен АҚШ-қа қарай ағылды, бұл миграциялық процесс әлі күнге дейін бір толастаған емес. Алдыңғы тарихын айтпағанда, тек қана 2000-2010 жылдар аралығында АҚШ 14 000 000 астам иммигрант қабылдаған.
Қазақстанның Тәуелсіздік алуы мен ұлттық экономикасының аяғына тұра бас­тауы біздің елімізге қарай иммигранттардың көптеп келуіне ықпал етіп отыр. Шетелдегі қандастарымыз туған жерге орала бастады, олармен бірге жұмыс іздеп, жөңкіліп келіп жатқан өзбек, тәжік, қырғыз, қытай қанша екені туралы нақты есеп жоқ. ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі ко­мис­сияның таратқан мәліметінше, 1991 жылдың 1 қазаны мен 2011 жылдың 1 қазаны аралығында 221,3 мың қазақ отбасы немесе 860,4 мың этникалық қазақ тарихи отанына оралған, олардың ішінде 127,7 мың отбасы квотаға іліксе, 94 мың отбасы өз бетінше көшіп келген. Республика аумағында 2009 жылғы санақ бойынша 10098,6 мыңнан аса қазақ тұрып жатыр. Қазақстанның аумағынан тысқары бұрынғы КСРО құрамындағы 14 мемлекетте және әлемнің 25 елінде әлі 4,5 миллионға жуық қазақ мекендеуде. Көріп отырғанымыздай, әрбір үшінші қазақ шетелде тұрып жатыр. Қандастарды тарихи отанға тартуға бағытталған мұндай саяси бағдарламаларды кезінде Германия мен Греция ың-шыңсыз жүзеге асырып алса, Израиль мен Ресей әлі күнге дейін ешбір дабырасыз жүргізіп келеді… Себебі, елдің дамуы үшін демографиялық ресурстың маңызы аса зор екенін олар жақсы түсінеді. Елбасының өзі бастама жасап, «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы қабылдануын исі қазақ қуана қабылдаған еді. Әсіресе, мемлекет құрушы қазақ ұлтының саны мен сапасының артуы стратегиялық маңызы зор мәселе. Осылай бола тұра, Қазақстандағы өзге кірме ұлт өкілдеріне бауырмал қазақ шетелден оралған қандастарына «оралман» деп алабөтен қарайтыны түсініксіз. Ал, «Үкіметтің 2011 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен 2011-2014 жылдары жыл сайын 10 мың оралман отбасыға квота бөлінеді деп бекітілген болатын. Үкімет бұл қаулыны кері қайтарып алды», – деген Көші-қон полициясының хабарламасы талай қазақтың үмітін су сепкендей басып отыр. Асылы, қазақтың санын өсіретін ұлы көшті тоқтатпаған абзал болар еді. Осы жерде «Оралмандар Қазақстандағы қазақтың санын арттырып жіберетін болды деп қауіптенетіндер бар ма, әлде?» деген күдік ұялайды…
Реті келіп тұрғасын, Ж. Мәкішевтің «Орыс­тар оралмандардан неге қорқады?» деген 2011 жылғы 23 желтоқсанда Abai.kz сайтында жарияланған мақаласынан үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік: «…RussiansKz.Info сайты еліміздегі бүйректен сирақ шығаруға құмар Ғаламтор порталдарының бірі екенін бәрі біледі. Жуырда осы сайттың бетінде «Оралмандар «ордасы» Қазақстанның саяси тұрақтылығына қауіп төндіруде» деп аталатын арандатушылық бағыттағы тағы бір мақала жарық көрді. Кейін білсек, бұл мақала «Оралмандар жәй ғана қауіп емес, қауіптің 100 пайыз өзі!» деген атпен www.centrasia.ru сайтында басылған екен. Өкінішке қарай, авторы өзге ұлттың өкілі емес, Сырым Жұмажанов деген қазақ ныспылы біреу болып шықты. Уызына жарымаған бауырларымыздың бірі болар деп пайымдадық. Бірақ, «отқа май құйғанды» қатты жақсы көретін RussiansKz.Info сайты бұл мақаланы көшіріп алып «Оралмандар ордасы» Қазақстанның саяси тұрақтылығына қауіп төндіруде» деген атпен қайта басқан. Аталған сайт мақаланы: «Оралмандардың сөзіне құлақ аса берсек, оларды басымызға шығарып аламыз» деп түйіндепті. Қазақтың өзі ғана шешуі тиіс мәселеге бәзбіреулердің неге бас ауырта беретіні түсініксіз. Әркім өз орнын білуі керек емес пе? Ал, бұлар тағы да Қазақтың ішкі ісіне жөнсіз араласып отыр. Бұны бізді басынғаны дейміз бе, әлде айтаққа қосылып үргені дейміз бе? Әйтеуір, жоқ жерден жаңалық ашып отырғандары анық. Ас-суымызды ішіп отырып, Қазаққа қарсы қылық көрсететін «орекеңдердің» мұндай тұрпайы тірлігіне ет үйренген. Сөз саптауларына қарағанда, мақала авторлары тарихи отанына қайтып жатқан «оралмандардан» кәдімгідей сескенетін сияқты. Себебі түсінікті. Күн сайын өрісі тарылып бара жатқан «отандастарымыз» Қазақтың өз арасындағы болмашы кикілжіңді ушықтыра түсіп, оралмандар мәселесін өз пайдасына шешпек» (сілтеме: abai.kz/node/11966) – деп мақала авторы өзінің қынжылысын білдірген. Иә, бұл ойландырарлық жәйт. Біз қашанда «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатынын ұмытпайық, еліміздің АҚШ сияқты алып мемлекетке айналуындағы басым бағыттардың бірі – демографиялық ресурс пен адами капиталды күшейту.
АҚШ-тың күшті мемлекетке айналуына негіз болған тағы бір құндылық – олардың ұлттық мүддені қорғау мен қамтамасыз етуге деген ынта-жігері. Кезінде У.Черчилль «Британияның тұрақты жаулары мен тұрақты достары жоқ, тек тұрақты мүдделері бар» дегендей, АҚШ-та өздерінің ұлттық мүдделерін үнемі жоғары қоя біледі. Олар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ ұлттық мүдделерін қорғаудан тайсалмай, өздерінің талап-тілектерін Британ империясына ашық білдіре алды. Содан бері ұлттық мүддені қамтамасыз етуге келгенде АҚШ-тың аянып қалған кезі жоқ, дипломатияны да, экономикалық санкцияны да, қажет болса әскери күшті де қолданып бағуда. Бүгінгі таңда әлемнің қайсы түпкірінде АҚШ-тың ұлттық мүддесі жоқ десеңізші: олардың ұлттық валютасы – доллар бүкіл әлемді жаулады, жер бетіндегі энергетикалық және стратегиялық маңызды аймақтардың бәрінде АҚШ-тың ықпалы байқалады, тіптен космостың өзінде АҚШ басымдық танытуға тырысуда.
Ал, американдық ұлттық мүдденің әлемдік ауқымды қамтуына американдық әскери-теңіз флотының капитаны Альфред Тайер Мэхэннің 1890 жылы жарық көрген «Теңіз күштерінің тарихқа ықпалы. 1660-1783 жылдар» атты еңбегі күшті ықпал етті. Бұл еңбек Американың әлемге үстемдік етуіне арналған кешенді нұсқаулық іспетті болды, А.Т. Мэхэн тарихтағы ұлы державалар теңіз кеңістігінде билік орнатуы арқасында туындағанын, АҚШ теңіз флотын дамытпайынша өзінің әлеуетін толық жүзеге асыра алмайтынын дәлелдеуге тырысты. Мэхэннің бағдарламасы флотты нығайтумен қатар, планетаның түрлі түпкірлерінен американдық стратегиялық әскери базаларды орналастыруды, Атлант және Тынық мұхиттарының арасындағы қарым-қатынасты ыңғайлы ететін жасанды арнаны (Панама каналы сияқты) салуды да қамтыды. Оның ойынша, флот мәселесін оңтайлы шешу арқылы АҚШ колониялық иеліктерге тез қол жеткізеді, тек құрлықтағы территориясымен ғана шектелмей, әлемдік ауқымда ұлттық мүддесін қорғауға қабілетті болады. Кемеңгер капитанның айтқанын Ұлттық конгресс қалт жібермей, 1900 жылы АҚШ әскери-теңіз флоты 12 есе өсіп, сол кезде әлемдегі үшінші орынға шығады. 1914 жылдан бастап АҚШ үкіметі Мэхэн көрсеткен өзге де стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға кіріседі. Оның нәтижесі қалай болғанын айтып жату артық болар: теңіздегі жылжымалы авианосец флотын айтпағанның өзінде, қазір әлемнің барлық аймағында АҚШ-тың әскери базалары бар… Иә, бүгінде АҚШ-тың «қолы өте ұзын».
Ал, Қазақстанның ұлттық мүддесі қалай қамтамасыз етілуде? Біз АҚШ сияқты әлемді билемей-ақ, алдымен өз еліміздің ауқымында ұлттық мүддемізді шынайы жүзеге асыруды мықтап алсақ үлкен олжа болар еді. Иә, Елбасымыздың саяси қызметі арқасында әлемдік ауқымда имиджімізді қалыптастыра алдық: ядролық қарудан бас тарттық, әлемдік және дәстүрлі дін съездерін өткіздік, ЕҚЫҰ мен ИКҰ төрағалық еттік және т.с.с. Бұл әлем мойындаған, біздің мақтаныш тұтатын жетістіктер. Дегенмен, мемлекет құрушы қазақ ұлтының басты мұрат-мүддесі мен ұлттық мемлекеттіліктің басты белгісі – қазақ тілін 20 жыл бойы толыққанды мемлекеттік тілге айналдыра алмай келеміз. Қазіргі Кедендік, келешектегі Еуразиялық және өзге одақтардың құрамында ұлттық мүддемізді қорғауда есе жіберіп алмау жағы да көкірегі ояу, көзі ашық деген әрбір қазақстандықты қатты алаңдатады…
Ұлттық мүдде қашанда патриотизммен ұштасады. Американдықтар – отаншылдық сезіміне берік патриот халық. Олардың патриотизмі бірнеше ұстанымдарға негізделген: біріншіден, өз азаматтарын өзге елдердің азаматтарынан ерекше екендігіне сендіру және соған нану; екіншіден, отбасы қасиетті шаңырақ ретінде танылған, оны мемлекет қорғайды әрі қолдайды; үшіншіден, американдықтар ұлтына, дініне қарамастан тең құқылы; төртіншіден, Америка ұлы ел; бесіншіден, үстемдік және басқыншылық. АҚШ конституциясының бір бабы елге қауіп төндіретін кез-келген елге бірінші болып шабуыл жасауға рұқсат етеді; алтыншыдан, Американың досы да, жауы да жоқ, Америкада мәңгілік ұлттық мүдделер ғана бар. Осы принциптерге негізделіп өскен жас американдық ұрпақтың ұлттық рухы биік, намысы берік, өмірлік мақсаттары айқын, армандары амбицияға толы. Дегенмен, «американдық нацияның» жер шарындағы басқа ұлттардан жеке-дара ерекшеліктері бар ұлт екенін бесіктен бастап миға сіңдіретін саясаттың әсерінен американдық патриотизм отан қорғаудан әлемдік гегемония, басқыншылық, өктемдік сатысына қарай өтіп бара жатқандай әсер қалдырады. Бұл бағытта американдық өнер мен мәдениет, кино, музыка оның көмекші құралдарына айналды. Жаһандану үрдісі де американдық арманды жан-жақты өркендетуге ықпал етуде.
Американдық патриотизмнің өзегінде тұрған ділдің ерекшелігі – индивидуализм. Американдық саяси мәдениетте мемлекет, қоғам немесе отбасы емес, индивид басты құндылық болып табылады, яғни, адам автономды және өзіндік бағалы бірлік ретінде қарастырылады. Индивидуализм идеясы протестантизмнің асыл құндылығы ретінде Америкаға алғашқы қоныс аударушылармен бірге келді. Мұндай саяси ілім ауқымында адамның ажырамас құқықтары (саяси теңдік, ар-ождан бостандығы, сөз, ой еркіндігі т.б.) негізделді, бұл өз кезегінде либерализм идеологиясының мықтап орнығуына алып келді. Діни және саяси дәстүрлермен қатар индивидуализмнің тамыр жаюына иммигранттардың психологиясы да күшті ықпал еткенін ұмытпауымыз керек: өздерінің туған жерінен саяси, діни тұрғыдан қысым көріп, тастап кеткен немесе жақсы жұмыс пен еркін өмір үшін ел-жұртымен қош айтысқан келімсектер жаңа жерде, бөтен отанды қабылдап, игілікті өмір сүруге, тіптен әл-ауқаты шалқыған деңгейге жетуге алдын ала дәмелі болатын. АҚШ президенті болған кезінде Дж. Кеннеди американдықтарды «иммигранттардың нациясы» деп тегін атамаған. Американдық максимализмнің (барлық нәрседегі үстемдік, үлкен заттарға, биік үй, дәу автоға құмарлық) тамыры осында жатса керек. Мұндай психологиялық дайындықтың әсерінен олардың жаңа қоғамға бейімделуі басқа адамдарға қарағанда жоғары еді. Осы жерде американдық құндылықтар мен АҚШ-тың жаңа азаматтарының үміттері бір-бірімен қауыша кетті: индивидуализм жеке бастың табысын дәріптеу мен тек өз күшіне сенуді қамтиды. Иммигранттар ешкімнен көмек күте алмады, олар тек өз күштеріне ғана сенді. Американдық индивидуализмнің үштағаны: жеке табыс – іс-әрекетке дайын тұру – өз күшіне сену. Яғни, американдық патриотизмнің астарында жатқан индивидуализм ділінде мақсатты бағытталған күш-жігердің, адам іс-әрекетінің нәтижесі болып табылатын жеке табыс пен мерей жатыр. Индивидуализм мен либералды идеология американдық ділдің келесі бір құрамдас бөлігін – мемлекетке деген қатынасты да анықтайды. Олардың түсінігінде мемлекеттің басты қызметі – индивидтің дербестігі мен тәуелсіздігін барынша еркін жүзеге асыруына қажетті жағдайлар жасау. Осыдан келіп, әрбір американдық азамат мемлекетті қорғауды өзінің өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен бірдей деңгейге қояды.
Шынында, АҚШ бірегей ел, ол әуел бастан-ақ өзге елдерден бөлек даму жолына түсті. Либералды идеология американдықтардың бойында авторитарлық билікке деген жиіркенішті сезімді қалыптастырған. Американдықтардың уақыт туралы түсініктері де бөлек, олар болашаққа бар назарын аударады, ал, өткенге онша мән бермейді. Оларда осы сәтті өткеннің жалғасы деуден гөрі, болашақтың бастамасы деп ойлауы басым.
Американдық бірегейлік те басқа ұлттарға қарағанда өзгеше. Өзге ұлттарда ұлттың өзін-өзі айқындауының балама факторлары – ортақ тарих, тіл, салт-дәстүр, дін т.б. бар. Халқы дүниежүзінің түпкір-түпкірінен жиналған Америкада ондай ортақ құндылықтар жоқ екені белгілі. Таңқаларлығы, соған қарамастан «американдық нацияның» бірлігі нақ осындай факторлармен қамтамасыз етіледі, яки, өздерін ұлт-нация ретінде түсінуге қажетті құндылықтардың орнын жоқтатпайтындай идеологиялық конструкция жасалған. Балаларды жастайынан мемлекеттік туды сыйлауға үйретеді, мектепте сабақтар Америкаға адал болуға ант етумен басталады. Мектептерінің бастауыш сыныптарында-ақ, оқушылар Тәуелсіздік декларациясы не екенімен танысып, оның қалай дүниеге келгенін театрландырылған қойылымдармен ойнап көріп, интерактивті оқып үйренеді. Американың негізін қалаған және өзге де президенттердің әйгілі нақыл сөздері жатталады. Мысалы, А.Линкольннің: «Сен Америка маған не береді деп ойлама, керісінше, менің Америка үшін қандай пайдам тиеді деп ойла» – деген тұжырымы мәтелге айналған. АҚШ-тың тарихи оқулықтары отандастарының ерлік істеріне толы. Ал, жекелеген азаматтардың ішінен патриотизмнің белгісі ретінде мемлекет туын үйлерінің төбесіне шаншып қоятындары да табылады. АҚШ-та патриот болмау – оспадарсыздықпен тең, ондай адам сөгіс алмаса да, отандастарымен тіл табысуы қиындайды. Он американдықтың тоғызы өз елінің әнұраны шырқалғанда масаттанып, көкірегін мақтаныш кернейді екен. АҚШ-тағы сүйікті символдарға: американдық ту, Бостандық статуясы, әнұран, ақ басты қыран (елтаңбадағы), Ақ үй және «Құдайым Американы жарылқай гөр» әні (God bless Amerіca).
Қазіргі Америкадағы мақтан тұтарлық және бір ерекшелік – күрделі мәдени орта. Мартин Лютер Кингтің күресіп қол жеткізген құндылығы – нәсілдік дискриминацияның жойылуы, адамның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы басты орында. Бала кезден әрбір американдықтың миына мына қағида әбден сіңіріледі: барша адамдар нәсілдік, ұлттық, діни, тілдік, жыныстық және жас ерекшеліктеріне қарамастан тең құқылы, олардың бастапқы мүмкіндіктері де бірдей. Қысқаша айтқанда, Америкада тұратын адамдар қанша жерден жиналған әртүрлілігіне қарамастан ең алдымен американдық азаматтар, басты күш осы. Яғни, бірліктегі көп түрлілік принципінің жарқын көрінісі осы елден көрінеді.
Сонымен қатар, әскери-патриоттық тәрбие де АҚШ-та назардан тыс қалмаған. Өз жерінде отан қорғау соғысын бастан өткермесе де, АҚШ жер шарындағы «ыстық нүктелердің» көбіне тікелей қатысқан немесе жанама ықпал еткен ел. Сондай соғыс ошақтарына қатысқан ардагерлермен мектептер тығыз байланыс орнатқан. Бұл елде түрлі ардагерлер ұйымдары бар: екінші дүниежүзілік, Вьетнам, Камбоджа, Панама, Ирак, Ауғанстан, т.б. соғыстарға қатысқан ардагерлер өзара ұйымдасып, мүдделес клубтарын құрып алған. Олар жас ұрпаққа отан алдындағы борышты өтеудің қасиетті міндет екенін айтып жеткізіп, өнеге көрсетеді. АҚШ-тағы әскери-патриоттық тәрбиеге елеулі үлес қосатын институт – скауттық ұйымдар. Бұл іс-шаралар кешені армияның болашақ кадрлық резервін сауатты түрде жасақтауға мүмкіндік береді. Осылайша, АҚШ-тағы патриотизм түсінігі – өмірдің құрамдас тізбегі, қоршаған шынайылықты түйсіну мен мінез-құлықтың элементі. Американдықтар бұл сөздің мән-маңызы туралы ойланбайды да. Олардың патриотизмдері психологиялық жағынан ыңғайлы, ол адамдарға өз қоғамында оңтайлы өмір сүруге, әлеуметтік байланыстар орнатуға, жанжалдарды шешуге де қызмет етеді. Мемлекет патриоттық сезімді нығайту мен кеңейтуге тікелей және жанама үгіт-насихат, БАҚ, мектеп тәрбиесі арқылы өз үлесін қосады. Қорыта айтқанда, АҚШ-ындағы патриотизм өз еліне деген соқыр махаббат болмаса даңғаза ұран емес, ол туған елді одан әрі жақсартуға деген ақ тілек пен шын іс-әрекет.
Ал, қазақстандық патриотизмнің хал-ахуалы қалай? Қанағаттанарлық деуге болар, ал жақсы деуге аузың бармайды. Әлем чемпионатында алтын медаль алып тұрып, Қазақстан әнұранының орнына беймәлім әуен ойнағанда селт етпеген спортшыны, әкімшіліктің төбесінде желбіреген жыртық жалауды, сенбілікте көк байрақпен қоқыс тасыған жастарды да телехабардан барша халық көрді… Расында, Елбасымыз Жолдауында көтергендей, патриотизмді дамыту өткір қажеттілік. Бірақ, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу ісін жалаң ұранға айналдырмау қажет, ол өмірдің қажеттілігімен тікелей байланысып жатуы тиіс. Қазақстандық патриотизмнің ұйыстырушы мәйегін қазақ ұлты құрайды, сондықтан, қазақ ұлтына жүктелетін міндет жүгі аса зор. Яғни, қазақ бір жағынан ұлтшыл (нацизмге апаратын кеудесоқтық, астамшылық, өзге ұлттарға шекеден қарау емес), екінші жағынан отаншыл болуы қажет, бұл Қазақстан халқын патриотизм аясына ұйытудағы төл ұлттың өз әлеуетін жүзеге асыру кепілі. Осындай көкейкесті мәселеге өз заманында Алаштың асыл заматтары да ерекше мән берген. Ж. Аймауытов бұл тұрғыда: «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері» деген екен. Сол сияқты, Елбасымыз, депутаттар мен мемлекеттік қызметшілеріміз, жалпы, ел элитасы қазақ тілінде неғұрлым көп сөйлеген сайын, Қазақстан халқына мемлекеттік тілді құрметтеу мен меңгеруде үлгі болары сөзсіз. Сонымен қатар, шетелдерге ресми іс-сапармен шыққанда Қазақстанның билеуші саяси элитасы патриоттық сезімге қылаң түсірмей, таза қазақ тілінде сөйлеп, қажет жағдайда аудармашылар көмегіне сүйенсе Қазақстан халқының отаншылдық рухы артады және егеменді ел ретінде имиджіміз қалыптасады, қазақ тілі өзінің мемлекеттік тіл екенін әлемдік саяси аренада шынайы көрсетер еді. Сонда ғана қазақ тілі нағыз мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріліп, отаншылдықтың өзегіне айналады. ҚР Сыртқы істер министрлігі шет тілдерінен бірден қазақ тіліне аударатын аудармашы мамандардың қатарын көбейтуге күш салса нұр болар еді…
Қазақстандағы патриотизмнің мәйегі – мемлекет құрушы ұлт – қазақ ұлты екенін ескерсек, қазақтың ішкі бірлігі мықты, әл-ауқаты мен ел халқын ұйыту әлеуеті жоғары болуы тиіс. Бұл үшін қазақтардың барлық сапалық көрсеткіштерін жақсарту қажеттілігі туындайды. Ал, қазақ халқының басым бөлігі дәстүрлі түрде ауылды жерлерде қоныстанған. Сондықтан да, ауыл – қазақы ұлттық ерекшеліктердің, салт-дәстүрлердің алтын бесігі. Алайда, тәуелсіздік алғалы бері ауылдардағы әлеуметтік-экономикалық ахуал қиын жағдайда. Ауылдарды дамыту Қазақстан үшін басымдыққа айналуы шарт, бұл өз кезегінде қазақ ұлтының жаңғыруына ғана емес, бүкіл ел экономикасының дағдарыстан шығуына оң әсер етеді: біріншіден, ауыл шаруашылығы дамиды, яғни, кең-байтақ қазақ жері ауыл шаруашылығына қолайлы және оның игі дәстүрі бар; екіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туып, экономикалық тәуелсіздігімізді нығайтамыз; үшіншіден, стихиялы ішкі көші-қон тұрақталып, әлеуметтік кернеуге әкелетін – ауылдардан қалаға жұмыс іздеп келу, қалалар маңынан заңсыз жер басып алу, қылмысқа әкелетін – жұмыссыздық әсерінен қылмыс жасау, маскүнемдік пен нашақорлыққа салыну, зинақорлыққа бару сияқты келеңсіз көріністер мен оларды тудырушы факторлар ауыздықталар еді. Кең-байтақ Қазақстанды өндірістік-инновациялық қана емес, аграрлы ел ретінде дамытудың да стратегиялық маңызы аса зор. Жалпы, әлемдегі орын алып отырған хал-ахуал мынадай жағдайды көрсетіп отыр: егер мемлекет әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шеше алмаса, онда қосымша келеңсіз проблемалар туындайды: мемлекеттің жалақы, зейнетақы, шәкіртақы, жәрдемақы, өтемақы сияқты халыққа төленетін әлеуметтік-экономикалық төлемдерді «қысып», «үнемдеу саясаты» өкінішке орай, ойламаған жерден, ереуілдер мен төңкерістерді, қылмыстар мен тәртіп бұзушылықтарды, экстремизм мен терроризмді туындатушы көп факторлардың біріне айналып шыға келеді, айналып келгенде, биліктің әлеуметтік саладан «үнемдеген» қаржы-қаражаты осылармен күресуге және зардаптарын жоюға жұмсалады…
Ғаламдану мен нарықтық экономика жағдайында адамдар санасында «Отан» деген қасиетті ұғым әлеуметтік-экономикалық мұқтаждықтарды қамтамасыз етумен бағалана­тын тоғышар деңгейге жетті, бұл тек посткеңестік қоғамдардағы бұқара халыққа ғана тән емес, мұндай үрдіс дамыған мемлекеттерде де бай­қалуда. Космополиттенген сана дендеген адам­дар үшін қай елде өмір сүруге қолайлы жағдай болса, сол ел олардың отанына айналуда. Сенген халқын алдап, бюджетті тонап, шетелге қашып жатқан шенеуніктеріміз соның бір дәлелі… Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу барысында, біз осы келеңсіз үрдісті туындатушы алғышарттардың алдын алуымыз қажет. Қазақстандағы отаншылдыққа тәрбиелеу мемлекеттік билік пен азаматтар арасындағы екі жақты қарым-қатынас арнасында жүруі тиіс: бір жағында азаматтардың «менің өз елім үшін қандай пайдам тиеді» деген патриоттық сезімі, екінші жағында мемлекеттің өз азаматтарына деген қамқорлығы, олардың әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсартуына барынша жағдай жасауы. Мұндай екі жақты қарым-қатынас болмаса шынайы патриотизмнің дамуына аса қажетті саяси-идеологиялық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани негіздерге сызат түседі…
А. де Токвиль «Америкадағы демократия» деген еңбегінде АҚШ жеріне алғаш аяқ басқан сәттен өзін таңқалдырған жәйттерге: «Среди множества новых предметов и явлений, привлекших к себе мое внимание во время пребывания в Соединенных Штатах, сильнее всего я был поражен равенством условий существования людей. Я без труда установил то огромное влияние, которое оказывает это первостепенное обстоятельство на все течение общественной жизни. Придавая определенное направление общественному мнению и законам страны, оно заставляет тех, кто управляет ею, признавать совершенно новые нормы, а тех, кем управляют, вынуждает обретать особые навыки. Вскоре я осознал, что то же самое обстоятельство распространяет свое воздействие далеко за пределы сферы политических нравов и юридических норм и что его власть сказывается как на правительственном уровне, так и в равной мере в жизни самого гражданского общества; равенство создает мнения, порождает определенные чувства, внушает обычаи, модифицируя все то, что не вызывается им непосредственно. Таким образом, по мере того как я занимался изучением американского общества, я все явственнее усматривал в равенстве условий исходную первопричину, из которой, по всей видимости, проистекало каждое конкретное явление общественной жизни американцев, и я постоянно обнаруживал ее перед собой в качестве той центральной точки, к которой сходились все мои наблюдения» – деп тоқталады.
Яғни, баршаға бірдей бастапқы мүмкіндіктің болуы американдық арманға ұласқанда бақытқа жету жолындағы еркін де әділ бәсекелестік туындаған. Біз де осыны дұрыс жолға қоя білуіміз керек. Әйтпесе, билік басында отырған «көкелер мен тәтелерге» арқа сүйеу, жең ұшынан жалғасу, сыбайлас жемқорлық, парақорлық сияқты қоғамымызды жайлап алған келеңсіздіктер тиылмайынша Қазақстанда баршаға бірдей бастапқы мүмкіндік орнамас…
А. Токвильді таңдандырған келесі нәрсе – Америкада пікірлері мен мүдделері ұқсас адамдардың ерікті түрде қауымдасып, қоғамдық ұйым құруға бейім болуы және құрылған ассоциациялардың қызмет ету салалары бойынша, қолдарында бар қаржы қаражаттары мен ықпал ету дәрежелері бойынша сан алуандығы еді. Көбінесе, ондай ассоциациялар пайда табуды көздемей, қоғамдық игілікке бағытталған (қоғамдық маңызды іс-шаралар, өзара көмек көрсету, волентерлік, қайырымдылық т.б.). Осыдан келіп «коммерциялық емес ұйым» деген жалпытанылған атау туындаған. Бұл ХІХ ғасырдың өзінде американдықтардың саяси-құқықтық сауаты, азаматтық ұстанымы мен қоғамдық белсенділіктері жоғары болғанын көрсетеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік емес бейкоммерциялық ұйымдар азаматтық қоғамның іргетасы болып табылады, олардың жиынтығы «үшінші сектор» деп аталады (алдыңғы екеуі мемлекет және бизнес саласы), қазір АҚШ-тағы мұндай үкіметтік емес, бейкоммерциялық ұйымдардың саны 1 млн. асып жығылады екен.
АҚШ-тың индустриалды қоғамнан постин­дустриалыға өтуі ІЖӨ мен халық табы­сының, өмір сүру сапасы мен білім деңгейінің өсуімен, күшті миграциялық қарқынмен, БАҚ кең таралуымен, үшінші сектордың дамуымен сипатталды. Саяси біліктіліктің деңгейі артып, экономикалық қауіпсіздікпен қатар тұлғаның өзін ерекшелеуіне мән беретін постматериалдық құндылықтардың маңыздылығы артты. Бұл процесс АҚШ тұрғылықты халқының негізгі материалдық сұраныстары қанағаттандырылып, әр-алуан мүдделері бар әлеуметтік топтардың қарқынды пайда болған кезеңде, ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алды. Осыдан бастап постматериалдық құндылықтарға көп мән беретін (қоршаған ортаны аялау, ерікті қоғамдық жұмыс, жеке адам мен түрлі азшылықтардың құқық-бостандықтарын қорғау және т.б.) «жаңа саясаттың» талаптары туындады. Ал, посткеңестік кеңістікте әлі күнге дейін материалдық сипаттағы құндылықтарға басымдылық берілуде, Қазақстанды қоса алғанда, бүкіл ТМД елдерінде пендешілікке толы тұтынушылық аласапыран жүріп жатыр… Бұл жерде де ойландырар мәселе жетерлік. Қазақстан нарықтық даму жолына түскелі қоғамда қарақан басты ойлаушылық (эгоизм), тұтынушылық психология, алдау-арбау, ұрлық-қарлық, тіптен қанішерлікке ұласқан қатігездік те белең алып кетті. Қайырымдылық жасаушы атымтай жомарттар бірен-саран болса, байлығы мен мансабын көрсетіп, ысырап жасаушы дарақылар жетерлік. Жеке меншігі үшін жан алып, жан беретіндер елге ортақ меншік пен қоғамдық мүлікті қорғау туралы басын қатырмайды, «өзі дегенде өгіз күші барлар» қоғамдық істерге келгенде тартынып тұрады. Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) мен халық арасында да тығыз байланыс жоқ. Қазақстанда 20 мыңға тақау ҮЕҰ бар деп айтылғанымен, олар туралы халықтың басым бөлігі хабарсыз. Сол үшін де жастардың саяси-құқықтық сауатын ашып, қоғамдық белсенділік пен азаматтық бастамашылыққа үйрететін саясаттану пәнін мектептен бастап оқыту керек, БАҚ-ты пайдаланып, азаматтық қоғам туралы насихатты, әлеуметтік жарнаманы жолға қою қажет. Біз жоғарыда айтылған жәйттерді түземестен, «Осы Қазақстанда АҚШ-тағыдай азаматтық қоғам неге дамымайды?» – дейміз…
Иә, АҚШ керемет-ақ ел. Дегенмен, «Күннің де бетінде дақ болады» демекші, кемшіліксіз нәрсе жоқ, Құдай тек «сүтті ақ, суды таза» етіп жаратқан, сол сияқты АҚШ-тың да кемшіліктері мен күнәлері баршылық. Осы мақаланың басында айтқанымыздай, әлем жұршылығы АҚШ-ты неге сынап-мінеп, мысы басылып, қорқып немесе жек көреді дейсіз… Әрине, бұған себеп болып отырған АҚШ-тың бүкіл әлемді билеуге деген ашық пиғылы; доллардың әлемдік экономканы жаулап алуы; дамушы елдерге демократиялық құндылықтарды тарату ұранын жамылып, ұлттық мүддені қамтамасыз етуге бағытталған қосарланған стандартты саясат жүргізуі; әскери агрессиясы; өзге елдердің ішкі ісіне жымысқылықпен қол сұғуы және т.с.с. Бүгінгі АҚШ-тың әлемдегі гегемон елге айналғаны баршаға мәлім. Ал, осыдан жүз жыл бұрын АҚШ «дамудың ұлы жолының» алдында тұрған болатын. Одан да бұрынырақ, 1823 жылы 2 желтоқсанда сол кездегі президент Джеймс Монро АҚШ Конгресіне арнаған жыл сайынғы жолдауында сыртқы саясаттың басты принциптерін жариялап, ол «Монро доктринасы» деген атпен тарихта қалды. Доктринаның мәні – «Америка американдықтар үшін». Яғни, еуропалық империалистер АҚШ-қа қол сұқпауы тиіс, АҚШ-та оларға кедергі келтірмейді. Осылайша, АҚШ іштей дамыды. ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында американдық экономика қарқынды дамып қана қоймай, 1871-1913 жылдары халық саны 39,8 млн. 96,5 млн. адамға өсті, бұл өсімнің 55 пайыз мигранттар есебінен еді. Өнеркәсіптік өнім өндіру, техникалық жарақтану, еңбек өнімділігі бойынша сол кездің өзінде әлем алдына шығып, импорттан экспорттың көлемі артып, АҚШ сырттан нарық іздейтін дәрежеге жетеді. Осындай жағдайда 1909-1913 жылдар аралығында АҚШ-тағы билік басына келген 27-ші президент Уильям Говард Тафт «доллар дипломатиясы» деген сыртқы саяси ұстанымды қалыптастырды. Доллар дипломатиясының мәні – әлемнің түрлі түпкіріндегі ұлттық экономикаларға АҚШ доллары түріндегі инвес­тициялар құю арқылы олардың мемлекеттік билігіне ықпал ету тетігіне ие болу еді. Қытай, Латын Америкасы елдері, Оңтүстік-шығыс Азия елдері «доллар дипломатиясының» дәмін алғаш татушылар болды. АҚШ «доллар дипломатиясы» арқылы жер жаһанды жаулады, бұл шикізатқа негізделген біздің қазақстандық экономиканы да айналып өткен жоқ. Алайда 28-ші президент Томас Вудро Вильсон өзге бағытты таңдады. Ол 1913 жылы Федералдық резервтік жүйе құру туралы заңға қол қойып, АҚШ орталық банкінің рөлін атқаратын (банкнота шығару, банкілерге қарыз беру, құнды қағаздар сатып алу және сату т.б.) тәуелсіз агенттік пайда болды. Бұл доллар монополиясы туындауының қайнар көзі еді. 1944 жылы Бреттон-Вудс келісімшарты жасалып, алтынмен қоса екі елдің валютасына – АҚШ доллары мен Ұлыбританияның фунт стерлингіне негізделген алтындевиз қалпы (стандарт) енгізілді. Осылайша, ғасырлар бойы үстемдік етіп келген алтын қалпының монополиясы жойылды. Жаңа ережеге сәйкес, АҚШ доллары алтынға тікелей таңылған әлемдегі жалғыз валютаға айналды: алтынның 1 трой унциясының (31,1034768 грамм) құны 35 $ болып бекітілді. 1971 жылы АҚШ долларының алтын резервімен қамтамасыз етілуі туралы міндет жойылып, ол енді мемлекеттіктен резервтік валютаға айналып шыға келді, бұл дегеніңіз АҚШ долларының алтындай ардақты саналуы деген сөз еді. Доллардың әлемді жаулап, барша ұлттық экономикаларға еркін енуі осындай қилы кезеңдерден өткен… Халықаралық валюта қорының мәліметінше, 2011 жылы әлемдегі барлық қаржы қорының 62,1 пайыз АҚШ долларымен жинақталған екен. Соған қарамастан АҚШ-тың сыртқы мемлекеттік қарызы 14 трлн. доллардан асады…
Долларға байланған әлемдік қаржы жүйесі жаһандық дағдарысқа ұшырауы бүгін түрлі пікірлердің туындауына ықпал етіп отыр. Әсіресе, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев әлемдік қаржы жүйесін бір елдің валютасына таңып қою дұрыс емес екенін, дүниежүзінде ұлтүстілік, тәуелсіз әрі адамзатқа ортақ валюта ендіру қажет деп батыл ұсынғаны баршамызға мәлім. Сол сияқты, АҚШ доллары әр елдің экономикасына сүліктей жабысып, кері ықпал етіп жатыр дейтін пікірлер де көп айтылып жүр… Соғыссыз-ақ, қағаз ақшамен әлемді тәуелді етуге болады екен. Иә, бүгінде долларға байланған елдер қаласын, қаламасын, АҚШ-тың тілеуін тілеуге мәжбүр болып отыр, доллар құлдыраса, өзімен бірге құрдымға талайларды ала кетпек. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызым» деген осындайда айтылатын болар…
Американдық ерекшеліктің тағы бір қыры – мемлекетті нацияға айналдырған ел екендігі. Америка жерін мекен еткен байырғы үндістердің ежелден мемлекеттілік құруда бай тарихы болғанымен, жаңа жағдайда өздерінің ұлттық мемлекетін құра алмады, еуропалық отаршылар үндістерге мемлекет құруға мүмкіндік бермек түгілі, олардың ұлт ретінде геноқорын жойып жібере жаздағаны белгілі. Оның есесіне Америка құрлығында иммигранттардың құрған мемлекеттері туындады, АҚШ солардың бірі. Яғни, жан-жақтан жиналған иммигранттар үшін «американдық арман» басты идеалға айналып, олардың ұлттық, діни, жыныстық, жас ерекшеліктері «американдық қайнаған қазан» моделінің ішінде бұрқылдап қайнап, быламық сорпаға айналып кетті. Осылайша, тең құқықтылық пен толеранттылық аясында түрлі елдердің бұрынғы азаматтары «американдық нацияға» ассимиляцияланып, «американдық өмір-салтымен» саяси әлеуметтенді. Яғни, мемлекеттің нацияға айналу процесі жүрді.
Ал, Қазақстан болса, керісінше, ұлттан мемлекет құрып отырған ел, мемлекет құрушы ұлт – қазақ ұлтының негізінде Қазақстан мемлекеті туындап отыр. Сондықтан да, біз осыны үнемі есте ұстауымыз керек. АҚШ-тағы иммигранттар есебінен пайда болған ұлттық тегі жоқ американдық ұлт сияқты үлгіні Қазақстанға күшпен, болмаса, үгіт-насихатпен сырттан таңуға болмайды. Ұлттық мемлекет болғасын, мемлекет құрушы ұлт сол мемлекеттің алтын қазығы, орталық діңгегі, ұлттық ұйытқысы, негізгі тірегі. Қазақ ұлтына артылар жауапкершіліктің жүгі ауыр. Мемлекет құрушы ұлт ретінде өзінің беделі мен рөлін арттыру үшін қазақтар ішкі бірлігін, рухы мен ой-санасын, денсаулығы мен күш-қуатын, тілі мен мәдениетін, тұрмысы мен әл-ауқатын, белсенділігі мен бастамашылдығын, жалпы айтқанда, саны мен сапасын барынша жақсартуы қажет. Бұл мақсатта билік тарапынан басымдықтар мен жеңілдіктер беріліп, түрлі ынталандыру жолдары қарастырылуы тиіс.
Қазақстан қазақ ұлтының ғасырлар бойғы армандаған тәуелсіз мемлекеті. Тәуелсіз елміз десек, өзіміздің ұлттық мүдделерімізді еркін жүзеге асыруда, қазақ тілін шынайы мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруде жан-жаққа қарап жалтақтайтын жөніміз жоқ. Қазақтарда американдық «қайнаған қазан» үлгісіндегі сияқты ел халқын құрап отырған өзге ұлттық диаспора өкілдерін ассимиляциялау пиғылы жоқ, қазақстандық ұлт саясатында ел азаматтарын бөліп-жармай, бәріне теңдей құқықтар мен бостандықтар беріліп отыр. Әрбір диаспораға ұлттық ерекшеліктерін сақтау мен дамытуға барлық жағдай жасалған. Өз кезегінде өзге диаспоралар мемлекет құрушы төл этнос – қазақ ұлтының ерекше мәртебесі, мемлекеттілікпен астасып жатқан ұлттық мүддесі, атқаратын ерекше миссиясы бар екеніне түсіністікпен қарауы тиіс. Яғни, төл этностың ерекше ұлттық мәртебесі бар, оны ұлттық астамшылықпен шатастырмау қажет. Кейбір елдерде төл этнос мәртебесі қосымша құқықтық артықшылықтарға да негіз болып отыр (мысалы, кейбір еуропалық және араб елдерінде). Төл этнос екеніміз айдан анық болса, ұлттық ерекшеліктерімізді дәл осы шақта дамытудың орнына кібіртіктеп, бүгінгі атқарылатын маңызды істерді кейінге қалдыру ата-бабалар аманатына қиянат, келер ұрпақ алдында кешірілмес қылмыс жасаумен тең. Мемлекет құрушы төл ұлттың атқаратын миссиясы осынысымен де ауыр әрі жауапты.
Енді, АҚШ-тан дүйім жұрт неге сескенеді дегенге келейік. Себебі, АҚШ әскери күш-қуаты бойына сыймай тұрған, империалистік пиғылын ашық білдіріп отырған гегемон ел. Биыл lenta.ru таратқан мәліметке сүйенсек, 2012 жылы АҚШ-тың әскери бюджеті 662,5 миллиард долларды құраған, бұл 2011 жылмен салыстырғанда 5,2 миллиардқа аз екен. Біз үшін астрономиялық цифрдай көрінетін, осынау, соманың 115,5 миллиард доллары шетелдердегі әскери операцияларды қаржыландыруға жұмсалады. Әлемдегі ең көп санды Қытай армиясы мен әскери техникасы ең мықты Ресей армиясының әскери бюджеттерін қосса АҚШ-тың әскери шығындарына жетпейді. Осыдан-ақ, көп нәрсе пайымдауға болады. Тәуелсіздік үшін болған соғыстарды есептемегенде, АҚШ жерінде кең ауқымды соғыстар болмаған. Оның есесіне жер бетінде АҚШ армиясының аяғы тимеген жер өте аз, әлемдік жаңа тарихта олардың қатыспаған соғыстары кемде кем. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Дүниежүзілік соғыстардан бөлек, АҚШ өзінің ұлттық мүддесін қорғау үшін әлемнің түпкір-түпкірінде қаншама соғыстар мен әскери операцияларды бастан өткерді (Латын Америкасы мен Африка елдерінде, Азияда Вьетнам, Корей, Ирак, Ауғанстан т.б.)… Қысқасы, АҚШ сыртқы саясатында дипломатияны әскери агрессиямен «үйлесімді» сабақтастырып келеді.
«Қой аузынан шөп алмайтын», қонақжай­лығы мен мейірбандығы өзінің ұлан-байтақ жерінен де кең Қазақ елі АҚШ-пен салыс­тырғанда бейбітшіліктің идеалы іспетті. Өз тарихында қазақтар көршілес елдерге ешқа­шан басқыншылық соғыс ашпаған, Қазақ­станның дипломатиясы атам заманнан жан-жақты қарым-қатынасқа, әскері тек қорғанысқа негізделген. Қазір де солай: тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты көп векторлы, әскери доктринасы қорғаныс сипатында. Өкініштісі сол, қазақтар төңірегіндегі өзге халықтарға ешқашан жаманшылық жасамай, бейбіт өмір тілесе де, сол өзгелер өзек­тен теуіп, қазақтарды аямай қырып-жойып, сары даласын қызыл қанға бояп, елін шауып, қалаларын өртеп қиратып, мал-мүлкін талағаны қынжылтады. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы тарихта бірнеше рет Америкадағы абориген халық – үндістер сияқты қырылу мен геноқорын жойып алу қаупін басынан өткерді. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болып, ел-жұрт ретінде құрып кетудің сәл алдында есін жинап, ханы мен қарашасы бірігіп, жат жұрттық басқыншыларды тас-талқан етіп жеңіп, туған жерден тысқарыға қуған. Ата-бабаларымыздың бейбіт өмірге деген сертінің мықтылығы тәнті етеді: өз жерінде қантөгіспен шайқасып, жауды туған елінің шекарасына дейін өкшелеп қуып барғанымен, өзге елдің шекарасынан асып, бөтен елге соғыс салмаған. Қазақтың хандары, билері мен батырлары өздеріне тілемейтін нәрсені өзгеге де жасамаған, қас жауларын жеңіп тұрса да, ашу-қаһармен бөтен елдің шырқын бұзып, басқыншылықпен қырып-жойып, тонауды қаламаған. «Батыр аңғал келеді» деген осы болар. Батырлығы аңғалдыққа ұштасқан қайран қазақ мәрт жомарт. «Қонақ келсе ет пісер, ет піспесе бет пісер» деп өзіне жетпесе де қонағынан ештеме аямаған. Кеңестік тоталитаризмнің ұжымдастыру мен тәркілеу саясатын, азық-түлік даярлау науқанын «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранға айналдырған шолақбелсенділер де қазақты қынадай қырып, шетелдерге босқын қылса, қанды репрессия жылдары алаштың зиялы қауымы жойылды. Қазақ ұлттық элитасынан айрылып, қаймағы мен майы сыпырылған көк сүттей күйге түсті, ұлттық рухы пәс көңіл болып басылып, жалтақтап қалған еді…
Ал, бүгінгі күн, Аллаға тәубе, мүлдем басқа ғой: еркіндік-теңдігіміз қолымызда, тәуелсіз елміз, өзге елдермен тереземіз тең. Енді, біз ұлттық рухымызды көтеруге тиіспіз, жалтақтау мен қорқудың уақыты өтті. АҚШ тәжірибесі көрсеткендей, ұлттық мүддені қамтамасыз ету мен оны ашық қорғаудың ешбір айыбы жоқ, бұл – өмірлік күрес жолы. Тәуелсіздік ұғымы шынайы ұлттық мүддемен суарылғанда ғана мәнді әрі қымбат болмақ.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін қорытар болсақ, дамыған АҚШ-тың өзі идеалды мемлекет емес, бұл елге тән өзіндік кемшіліктері баршылық. Қазақстан үшін АҚШ-тан үйре­нетін де, жиренетін де нәрселер көп. Алайда, АҚШ-тай болу біздің ел үшін бос қиял-арман емес, Қазақ елінің мүмкіндігі зор, тылсым жатқан әлеуеті қанша! Тек, патриоттық рухпен, ұлттық мүдделерімізді қамтамасыз ету жолында әрбір қазақстандық аянбаса болғаны.

Алдыңғы «
Келесі »