БІЗ КІМГЕ КЕРЕКПІЗ?

  • 12.12.2012
  • 8477 рет оқылды
  • 2

Дос КӨШІМ,
Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы,
саясаткер

Бірнеше ғасырға созылған (Сырым мен Кенесарыдан бастап, кешегі Желтоқсан көтерілісіне дейін) қанды күрестен кейін тәуелсіздігіміз қайта орнады да, саяси сахнада ұлттық ұйымдар пайда бола бастады. Тағы да Алаштың ұстанымы, Желтоқсанның ұраны, Азаттың жанайқайы алдымыздан шықты. Бұл парадокстың себебін саясат танушы ғалымдар жан-жақты талдай жатар, алайда, Кеңес өкіметінің құрсауынан шыққан басқа республикалардың бірде біреуінде бұндай жағдай орын алған жоқ. Украина ғана ана тілін орыс тілінен арашалап алу жолында бірнеше рет ұлтшылдық туын көтерді, ал, басқа республикаларда, алғашқы кезеңде, билік басына, сол тәуелсіздік үшін күрескен ұлтшылдар келді. Бұрынғы компартияның «сенімді солдаттары» өздерінің партияларын өздері жауып, шапандарын ауыстырғанда да, шын ниеттерімен бе, әлде азаттықтың буына мас болған қазақтарды алдарқата тұру үшін бе, әйтеуір, «ұлттық мемлекет» деген сөз тіркесін күніне сан рет қайталайтын болды (90-жылдардағы қандастарды қайтару мәселесі, тіл туралы заңдар да сол жылдары көтерілді. Маған сенбейтіндеріңіз «Тәуелсіздік декларациясы» мен «Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның» мәтінін тағы бір қарап көріңіздер). Бірақ, көп кешікпей, бәрі бұрынғы таз қалпына түсті. Орыстанып үлгірмеген, одақ кезінде де өздерінің тілі мен дінін, мәдениетін сақтап отырған ұлттар ешнәрселерін жоғалтқан жоқ, ал, әрқашан кеш қозғалатын, орысшыл болып келетін елдер жағдайы мүлдем басқаша болды.
Әңгімені бастамас бұрын, «ұлтшыл» деген сөзге тоқталып кеткеніміз жөн сияқты. Талас жоқ, тамаша сөз! Бірақ, сан жылдар бойы үрей мен қорқыныш тудырған, басқа ұлт өкілдері үшін «қолдарына таяқ алып, біздерді елден қуатын жандар» деген мағынаға ие болған осы сөзді ақтап алудың өзі қыйындық тудырып жүр (Ал, соңғы уақытта пайда болған «ұлтшыл-патриот» деген атау маған тіпті де ұнамайды. Ұлтын сүйген адам өзінің елін сүймеуі мүмкін емес). «Ұлтшыл» деген сөзді өзіміз ыластап, одан өзіміз қорқып, қазір «ұлтжанды» деген жасанды сөз ойлап таптық. Меніңше, «ұлтшыл» деген сөзді көпшілігіміз жағымсыз мағынасында түсінеміз деп, қашқақтағаннан көрі, оның дұрыс мағынасын – нақты, тура мағынасын өзінің орнына қайта келтірген абзал сияқты. Демек, «ұлтшыл» деген сөзді кеңірек қолданып, оның беретін негізгі мағынасын халықтың құлағына құя бергеніміз дұрыс. Екіншіден, Ұлтшылдардың арасында жүргендіктен ұлтшылдық, ұлтшыл ұйымдар туралы талдау жасау – мен үшін, қолдан келмейтін жұмыс. Талдауды бейтарап көзқараспен жасаған дұрыс. Сондықтан, қолдарыңыздағы мақала, мүмкін, ұлтшыл ұйымдар, ұлтшыл азаматтар туралы жиі қойылып жүрген сұрақтардың төңірегінде, кейде, теріс қалыптасқан түсініктерге менің тарапымнан жасалған қысқаша талдау деп қабылдарсыздар. Әрине, автор саяси-қоғамдық жұмыстармен айналысқаннан соң, бұл мақаланың саяси сипаты басым.
Ең жиі қойылатын, біздің әлсізді­гіміздің басты себебі ретінде айтылып жүрген сұрақтардың бірі «Қашан бірі­ге­сіңдер?» немесе «Бастарың неге қосылмайды?» деген сұрақ.
Бұл сұрақтардың дұрыс та, орынды да екендігін мойындауымыз керек. Бірақ, бір орталыққа бағынатын, құрылымдық жүйесі бар, қуатты саяси күш болу үшін осы бағытта жұмыс істеп жүрген сан түрлі ұйымдар, азаматтық топтар, қозғалыстар мен қоғамдық бірлестіктер болуы шарт. Бұндай күштердің, өкінішке орай, жоқ екендігін ашық айтуымыз керек. «Ұлттық ұйымбыз» деп жар салып жүрген көптеген топтардың аты бар да заты жоқ. Олардың аймақтарда, облыстарда құрылымдары, бөлімшелері де жоқ. Кейбір ұйымдар заңды түрде ашылып, тіркеліп, бірнеше іс-әрекеттер жасайды да, кейіннен «болдырып» қалады… Бірақ, сол ұйымның басшысы не белсенді бір мүшелері: «Біз «Халық дабылымыз» не «Мен «Ел бола­шағының» атынан келдім» деуден шаршамайды. Ашық хаттарға, Мәлімдеме мен Үндеулерге қол қойғанда, бөрі арығын білдірмес дегендей сан түрлі ұйымдардың аттарын тізіп жазудан біз де жалықпаймыз. Осы бір балалық қулығымыз арқылы билікті ғана емес, халықты да алдайтын сияқтымыз. Сондықтан, ашығын айтуымыз керек, бізде бір бағытта бірігетін, бір орталыққа жұмылатын республикалық деңгейдегі құрылымдар өте аз, жоқтың қасы. («Ұлы дала» деген қозғалыстың құрылғаны туралы хабарды бәріміз естідік. Бірақ, олардың не істеп, нені жасап жатқанын ешкім де білмейді. Не екені белгісіз, «Тәуелсіздікті қорғау» деген тамаша аты бар ұйымның астына Мұхтар ағамыз қол қойса да, республикалық деңгейде тіркелгенін естіген емеспіз. Ал, оралдық Ғабдолла Қажымұқан деген азаматтың құруға тырысқан «Қазақ елі» ұйымына, неге екені белгісіз, өзіміздің азаматтардың көпшілігі қарсы шығып, өре түрегелді). Ендеше, кімдермен бірігеміз, кімдер бірігеді? Екіншіден, ұлтшыл азамат­тардың ішінде, әсіресе, Алматы қаласындағы беделді, танымал жандардың арасындағы пендешілік, менмендік, бір-біріне деген қысастық толастар емес. Ең өкініштісі, осыларды бір дастарханның басына отырғызып, мәмлеге алып келетін ақса­қалдарда да үн жоқ. Ақсақалдардың өздері сол жандардың бірін жақтап, екіншісін іске алғысыз етіп жазған хат­тарға қол қоюдан аса алмай отыр. Ең қорқыныштысы, бұл қысастықтың тоқ­тайтын түрі көрінбейді. Өз басым, дәл бүгінгі күні, Мұхтар ағамыз бен Хасен және Жасаралды бір дастарханның басында бірге отырғанын көзіме елестете де алмаймын (Осыдан үш жыл бұрын біз ұйымдастырған «Қазақ ұлтшылдарының Құрылтайында» бір залда отырып, бір мінбеден сөйлеп, ойларын ортаға салғандарына құдайға шүкір дейміз). Демек, әлі де бірімізді біріміз батыр дейтін жағдайға жете алған жоқпыз. Меніңше, ең басты кемшілік те осында жатыр. Бұл жағдай, сөз жоқ, ұлтшылдардың арасын аша түседі. Бірақ, біздердің басты мақсатымыз да, мүддеміз де ешқандай да алшақтық жоқ. Осыған шүкіршілік етеміз. Біздің басымызды біріктірмейтін мәселе көтерілген ұранда емес, сол ұранды кім­­нің көтеріп тұрғанында ғана. Кейбір жағдайларда, ұлтшыл азаматтардың арасында, сол мақсатқа жетудің жолдары мен тәсілдері жөнінде ғана пікірталас болады. Бұл – қоғамдық саяси жұмыстардағы қарапайым заңдылық. Тактика жөніндегі таластар, кейде соған байланысты пікірлес топтарға бөліну (фракциялар) барлық саяси күштерде орын алады. Оппозициядағы күштердің, нақты құрылымдардың (партиялардың) әлі күнге дейін бастарын қоса алмай жатқаны да соның айғағы.
Екінші кезекте күн тәртібінде жиі көрініс табатын мәселе – «Ұлтшыл­дардың саяси күшке айналуы шарт па?» деген сұрақ.
Ұлтшыл ұйымдар 90-жылдардың басында саяси күш ретінде қалыптасты, оны билік те халық та мойындады. Тәуелсіздік үшін күрес те, демократиялық мемлекет құру да – нақты саяси мәселелер болып табылады. Бірақ, тәуелсіздік орнағаннан соң, біздің көтерген мәселелерімізді билік шешеді деп ойладық білем, арқамызды кеңге салдық. Соның салдарынан, он жыл «қалғып кетіп», 2000 жылдың басында ұйқыдан қайта ояндық. Түрлі қоғамдық ұйымдар, тіркелген, тіркелмеген бірлестіктердің естерін жинап үлгірген билікке тістері батпай, мәлімдеме мен өтініш-талаптардан аса алмай қалды. Осы уақытта күн тәртібіне бір орталыққа бағынатын саяси күшке айналу мәселесінің шыққаны да табиғи заңдылық болып табылады. Ашығын айтқанда, саяси күшке айналу дегеніміз, бірінші кезекте, – билікке таласу деген сөз, ал, билікті алу дегеніміз – биліктің құралдарын пайдалана отырып, алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру. Саяси күшке айналуға алғашқы қадам да жасалды; ұлтшылдар осыдан 5 жыл бұрын Мұхтар Шахановтың бастамасымен «Халық рухы» партиясын құруға талаптанған да болатын. Бәріміз, шашау шықпай, осы бағытта жұмыс та істедік. Әңгіме, ол партияның тіркеле алмауында емес, осы бағытта нақты іс-әрекеттің жасалуында және ондай партияны құруға толық болатындығында жатыр.
Алайда, Саяси күшке айналудың – екінші – бұрыс жағы да бар екендігін ұмытпауымыз керек. Біріншіден, ұлттық мәселе – белгілі бір топтың, халықтың бір бөлігінің ғана мәселесі емес, демек ол – партиялық мақсаттан анағұрлым жоғары. Оны партиялық деңгейге түсіру – ұлт мәселесінің маңызын түсірумен бірдей. Екіншіден, бүкіл ұлтшыл азаматтардың бір партияда болуын (демек ол партияда жоқтардың барлығы ұлтсыздану ұстанымындағы жандар болғаны ғой…) өз басым елестете алмаймын. Ұлтшыл азаматтар қазіргі партиялардың барлығында дерлік бар деп ойлаймын. Демек, ұлтшылдар, партия құра отырып, олардың қолдауынан айрылады, керек десеңіз олардан өздеріне жау жасап алуы да ғажап емес. Ұлтшылдардың саяси күшке айналу мәселесі, менің ойымша, әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл бағытты қолдаушылар жыл сайын көбейіп келеді.
Үшінші мәселе – ұлтшылдармен оппо­зи­­цияның ара қатынасы.
Бұл мәселеге бір жақты жауап беру өте қиын. Әрине, билікке сын айту жағынан ұлтшылдар опозицияға жақындау. (Бірақ, біздің сынымыз – ұлттық мәселелердің шешілуіне деген сын). Меніңше, бұл жердегі басты мәселе – оппозицияның ұстанымында жатыр. Өкінішке орай, олардың партиялық бағдарламаларында ұлттық мәселе мүлдем жоқ (Бұл мәселе туралы талай сөз болды. Бірақ, оппозиция өкілдері ұлттық мәселені әлі күнге дейін көздеріне ілмей келеді). Ал, біздер билікті сынау жолында бірігуден гөрі, билік өзгерген соң қандай мемлекет құру жөнінде ғана келісімге келе аламыз. «Орыс тілі мемлекеттік тіл болсын» деген хаттың астына қол қойған, ұлтшылдардың ашық қарсылығына қарамай, қасиетті «Азат» қозғалысын атын өздерінің партияларының атына айналдырған (билік бұл қадамды қуана-қуана қолдап, тіркеуден өткізіп бергені бәрімізге түсінікті болар) Болат Әбіловтің партиясы ұлттық мәселе жөнінде біздерге серік бола алады ма, жоқ па деген мәселе әлі де күн тәртібінде тұр. Жүздеген жылдар бойы өз мемлекетін құруды армандаған ұлтшылдардың комму­нистік идеяға деген көзқарасы тағы да белгіліі. Алайда, ұлттық мемлекет құру идеясын ұстанған ұлттық күштер мен бүгін­гі биліктің орнына келуді мақсат тұтқан оппозицияның арасында тығыз жақындық болады деу ерте сияқты. Сөз жоқ, ұлттық бағыттағы саясаткерлер мен белсенді азамат­тардың мемлекеттік билік жүйесіне, экономикаға, керек десеңіз, демократиялық құрылымдарға деген өз көзқарастары бар. Бұл бағытта оппозициялық күштермен үндесу басым. Әйтседе, әлі күнге дейін, ұлтшылдар оппозицияның «бақшасына түсіп», саяси реформа жөнінде бастамалар көтерген жоқ. Бұл – саяси партиялардың, оппозициялық күштердің майдан алаңы. Дегенмен, ұлтшылдардың қолдауынсыз елімізде ештеңе өзгемейтіндігі де талассыз шындыққа айналды деп ойлаймын. Ең бас­тысы – белгілі бір кезеңде ұлтшылдар билікке оппозиция бола алады, ал, оп­позициялық күштер ұлтшылдыққа бара алады ма, ол жағы әлі де белгісіз (Дәл осы сияқты, ұлтшылдардың барлығы – мемлекетшіл, бірақ, мемлекеттің ұлтшыл болуы да болашақтың мәселесі…)
Соңғы бес-алты жылдың ішінде оппо­зициялық күштер ұлтшылдардың кейбір ұрандарын көтеріп, өздеріне ұлтшыл саясаткерлерді тарта бастады. Сарабдал сая­саткер Болатхан Тайжанның өзі, 2006 жыл­ға дейін ДВК-ның ішінде жұмыс істеді де, ақыр аяғында баспасөз конференциясын беріп, шығуға мәжбүр болды. Билікте болып, кейіннен оппозицияның қатарынан табылған Жасаралды 2005-жылдары «Нағыз Ақжол» өзінің қатарына тартса, соңғы екі-үш жылда Болат Әбіловтің, Рысбек Сәрсенбаевтің Мұхтар Шахановқа жақындаса бастауы да осыны көрсетті. Осы кезеңдерде «Мемлекеттік тілді қолдау» акцияларына оппозициялық күштердің басшылары шақырыла бастады. Керек десеңіз, қазақ ұлты үшін шын мәнінде алғашқы күрескер ретінде танылатын Хасен Қожа-Ахметтің орнына мемлекеттік тіл туралы «Ашық хатқа» қарсы шыққан оппозиция көсемдеріне сөз беріле бастады. Алайда, осы әрекеттердің барлығы оппозиция мен ұлтшылдардың арасындағы алшақтықты жақындатудан көрі алыстатқандай нәтиже берді. Оппозиция өзінің тұғырында қалды да, ұлтшыл азаматтар өзінің мүд­де­сінен айнымайтындығын көрсетті. Әрине, оппозициялық күштердің арасында, олардың жетекшілерінің ішінде ұлтшыл азаматтардың бар екендігінде талас жоқ, бірақ, екі күштің бірігу мәселесі – келешектің ісі деп білемін. Меніңше, ұлт­шылдар мен оппозицияның бірігуі бүгінгі билік иелері үшін – үлкен қауіп, сондықтан, олар осы екі саяси қоғамдық күштерді біріктірмеу үшін барын салады деп ойлаймын.
Соңғы жылдары «Ұлтшылдар қазіргі билікке барып, солардың ішінде жұ­мыс жасауы керек пе?» деген сұрақ та туындап жүр.
Саясатта негізгі, принципті мәселелерден басқасы – мақсатқа жетудің сан түрлі тәсілдері болып саналады. Сондықтан, биліктің жоғарғы, орта буындарында ұлтшыл азаматтардың болуы – табиғи заңдылық. Өкінішке орай, қазақ қауымы бұл заңдылықты толық түсіне қойған жоқ сияқты. «Ұлттық мәселені шешпей отырған биліктің» ішінде болған азаматтарға тағылатын ең жеңіл баға – «өз құлқынын бірінші орынға қойған» деген айдар болар. Дегенмен, қазақ қоғамының да көздері ашылып келе жатырғаны болар, «Нұр Отанның» хатшысы Ерлан Қаринге немесе кеше ғана Арқалық қаласына әкім болып тағайындалған Берік Әбдіғлиевтарға ауыр сөз айтып, көздерін шұқыған ұлтшылдарды көрген жоқпын (Мұхтар ағасының Берік інісіне «қазақстандық ұлт» деген атауды қолдадың деп өкпелегені болмаса). Орта буын басшылардың ішінде ұлтшыл азаматтардың көптеп кезедесетініне өзім де куәмін. Өз деңгейлерінде, өздерінің қызмет орындарында олардың көпшілігі қазақ үшін біздерден артық жұмыстар жасап жүргендігіне де сенемін.
Ұлтшылдарға не жетпейді немесе біздің болашақ жұмыстарымыздың ба­ғыты қандай болуы керек?
Ұлтшыл ұйымдардың, ұлттық бағытта жұмыс істейтін топтардың ең басты кем­шілігі – ұйымдық құрылымға көшіп, облыс­тарда бөлімшелер ашып, жоспарлы түрде жұмыс жасай алмауы деп ойлаймын. Біздер өрт сөндіруші топ сияқтымыз; «ойбай, анау жерде басқа ұлттың өкілдері басы­мызға … кетіпті!» немесе «аттан, жер мәселесі қозғалып жатыр!» деген ха­бар­ды алғанда ғана бас қосамыз да, басқа кез­де белсенділігіміз көрінбейді (Ұлтшыл қоғам қайраткерлерінің БАҚ-тағы сұхбат, сарап­тамаларын есептемегенде). Кейде, «егер, үкімет бірдемені бүлдірмесе (доктрина жазбаса, жер мәселесін қозғамаса, Ассамблея құрмаса, т.т.) қазақ ұлтшылдары жұ­­мыс­сыз қалады ма» деп қорқамын… Тәуелсіздікке дейін де, тәуелсіздіктен кейін де Қазақтың орындалмаған мақсат-мүддесі жеткілікті, бірақ, оны жоспарлы, саяси тәсілдер арқылы шешу үрдісі, өкінішке орай, ұлт­шылдарда қалыптасқан жоқ. Біздер әлі де 90-жылғы «айқайшыл, көше демократтары» сияқтымыз.
Екінші кемшілік – осы жылдарда біз­дің орнымызды басатын жастарды, ұлт­шыл жас көсемдерді тәрбилеп шығара алмағандығымыз. Олардың бар екендігінде күмәнім жоқ. Себебі, ұлттық намыс пен ұлттық рух Кеңестік психология сіңіп кеткен үлкендерден көрі еркіндікте өскен жастарда болуы шарт. Бірақ, біздер бұл бағытта нақты жұмыстар жасап, ұлтшыл ұрпақтың болашақ көсемдерін дайындауды жүзеге асыра алмадық деп ойлаймын. Әрине, үміт артатын белсенді жастар бар, бірақ, олар, мүмкін, біздердің аттан түспей жүргенімізді көргеннен кейін бе, саясат сахнасына ашық шығып, өздеріне тиесілі орындарын алуға именетін де сияқты. Біздің алдағы жұмыстарымыздың ішінде бұл бағыт – ең негізгі, шешуші бағыт болуы шарт.
Ұлтшылдардың болашақ жұмыстарының енді бір бағыты – тек тіл мен мәдениеттің төңірегінде қалып қоймай, экономика, әлеуметтік мәселелерге де араласу болмақ. Бұл салалардағы ұлттық мүдде, мүмкін, негізгі орынға шығатын болар. Әлі есімде, 90-жылдардың басында орыс бағытындағы ұйымдар мен ұлтшылдардың арасында әлеуметтік мәселеге байланысты қызу пікірталастар болатын. Орыс тілді ұйымдар бірінші орынға зейнетақыны көтеру мәселесін қойса (орыстардың сол уақыттағы көпшілігі зейнеткерлер болатын), біздер көп балалы аналардың жәрдемақысын көтеру мәселесін – негізгі мәселе деп санайтынбыз. Ал, экономикалық тәуелсіздік болмайынша – мемлекеттің де тәуелсіз бола алмайтыны талассыз шындық. Әсіресе, соңғы жылдардағы Ресейдің ұлыдаржавалық, Кеңестік идеологиясының шын мәнінде жүзеге аса бастағандығы ұлтшыл күштерді алаңдатуға тиіс. Қысқасы, ұлтшылдар рухани мәселемен бірге материалдық бағытты да естен шығармауы керек. Мүмкін, біздің «тіл» дегенімізден көрі, «нан», «тіршілік» деген сөз қазаққа түсінікті болатын кезеңге жеткен болармыз. Соңғы кезеңде, экономикамен қатар экология мәселесі де ұлттық мүддеге айналатын сияқты. Қазақтың жері, қазақтың болашағын ойлаған саяси-қоғамдық күш атом станциясы мәселесіне немесе атом қалдықтарын көметін қойма жасау мәселесіне өздерінің нақты көзқарастарын жариялау керек деп білемін. Қысқасы, тіл, оралман, мәдениеттен басқа да салаларды қамтитын уақыт келді.
Біз кімге керекпіз
(әзіл-шыны аралас)
Ең қызығы біздер, ұлтшылдар, бәріне де керек сияқтымыз – үйде отырып, малталарын езетін «адуынды, көбік ауыз ұлтшылдарға» да, интернетке күнде бір бастарын сұғып, кіжінетін, әр мақала ав­торына ақыл айтатын, бірақ, аты-затын көрсетуге жүрегі дауаламайтын «ақылшыл» ұлтшылдарға да керекпіз. Олардың айызын қандырып, қандарында адреналин ойнату да – біздің міндетіміз. Орыстың, әсіресе, ұлтшылдарына да керекпіз; біз десе, олар да ішкен астарын жерге қояды. Біз болмасақ, олардың айтатын сөздері таусылып, көтеретін ұрандарын жел үрлемей, желкендері салбырап қалады. Олар біздің қазіргі «зайырлы ұлтшылдығымыз» қашан «радикалды ұлтшылдыққа» айналады деп асыға күтуде. Біздің аузымыздан шыққан немесе шықпаған сөздерді мың құбылтып, арғы жағы БҰҰ мен ЕҚЫҰ, бергі жағы Ресейге дейін жеткізуде. Қазақ жерінде ұлтшылдар жоғалса, орыстың шовинистерінің аштан өлетіні түсінікті болар. Біз билікке де керекпіз. Қазақты бізбен қорқытып, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселесін тағы бір ғасырға шегеру үшін де, Ресеймен саудаласу үшін де, керек десеңіз, қазақтың алдында «ұлттық мәселе ашық айтылып жүр ғой, енді не жетпейді» деп ақталу үшін де керекпіз.
Ел боламын десең – мектепті түзе!
Ұлттық мемлекеттің негізгі шарттарын жүзеге асыру жолында қазақ қауымының өзі екіге жарылып бара жатқан сияқты. Қазақ жерін мекендеген басқа ұлт өкілдері, бұл «мылтықсыз майданды» сырттан бақылауда, бірақ, көпшілігінің бүйрегі «қазақ ұлтының қайта тірілуі мен ұлттық құндылықтардың жаңғыруына» қарсы жаққа бұратыны да талассыз шындық. Білмеймін, біз кімдерге кінәлі болып, не жазып қойдық, бірақ, «қазақ мәселесі» десе тыжырына қалатын отандас­тарымыз жеткілікті деп ойлаймын.
Тәуелсіздік қайта оралғанан кейінгі жыл­дары ұлттық жаңғыру мәселесі сөз болса, біздің ресми органдар қанша қазақ мектебінің, қанша балабақшалардың пайда болғанын тілге тиек етеді. Иә, осы жиыр­ма жылдың ішінде қазақ тілінде білім бере­тін 800 дей мектеп ашылыпты. Егер, 50-60-жылдардағы тың игеру кезінде 800-дей қазақ мектебінің жабылғанын есімізге алсақ, біз, қазақ мектептері жөнінде 61-жылдың деңгейіне жетіппіз. Кімнің алдында мақтанамыз, кімге ақталамыз? Осы жиырма жылдың ішінде Алматыдағы қазақ мектебінің саны 56 есе өсіпті (Бұрын бір ғана мектеп болса, қазір 56 қазақ мектебі бар). Ал, Шығыс, Солтүстік, Орта­лық аймақтарда, біздің тілімізбен айтқанда, орыс тілді өңірлердегі қазақ мектептерінің саны да, сапасы да сын көтермейтін деңгейде. Алыс ауылдардан аудан орталықтарына, өндірісті елді мекендерге қазақ азаматтарының көшіп келуі тоқтайтын түрі жоқ. Бірақ, оларға арналған қазақ мектептері жоқтың қасы. Сондақтан, балаларын орыстіліндегі мектепке беру кең орын алуда. Соның салдарынан болуы керек, кейбір аудандарда қазақ мектептерінің саны 1991 жылдың деңгейінде қалған. Әрине, бұл жердегі басты мәселе – азаматтардың (оның ішінде, қазақтардың) әлі де болса, мемлекеттік тілдің болашағына деген сенімдерінің жоқтығы… Бұл психологиялық мәселені шешу тек қана мемлекеттің жұмысы емес, азаматтық қоғамның да міндеті. Алайда, азаматтардың балаларын қазақ тіліндегі мектепке бермеулерінің басқа да себептері бар. Мен осы мәселелерге қысқаша тоқталып кеткім келеді: Біріншіден, тәуелсіздік кезеңінде аралас мектептердің көбейгені ешкімге құпия емес. Ол жерде сабақтан басқа іс-шаралардың барлығының басқа мемлекеттің мемлекеттік тілінде жүргізілетінін бәріміз білеміз. Балаларын қазақша үйреткісі келген көптеген ата-ана осындай жағдайды көргеннен соң, «балаларымыз шала орыс не шала қазақ болғанша орысша оқығандары дұрыс» деген пікірде болды. Бұдан шығатын жол біреу-ақ сияқты. Ол аралас мектептердегі оқу тәрбие жұмыстарының, бірінші кезекте, қазақ тілінде жүргізілуі. Тек қана бір тілде – орыс тілінде жүргізілуге тыйым салынуы қажет. Көрнекі құралдар, сабақ кестелері де осы талапқа кіреді. Үйірмелердің барлығына да осы талап қойылуы шарт. Мектептің директоры міндетті түрде қазақ тілін толық меңгерген маманы болуы керек. Егер, бұл мәселелер шешілмесе, аралас мектептерді орыс тіліндегі мектептердің қатарына жатқызуға толық болады. Екіншіден, қазақ мектептерін салуды жоспарлағанда, оның орналасатын жеріне ерекше көңіл бөліну қажет. Орыс тілді елді мекендерде, қазақ мектептерінің (олар өте аз, балалар жан-жақтан жиналады) орталықта орналасқаны дұрыс. Елді мекеннің жан-жағында бытырай орналасқан оқушылардың келіп кетуі мәселесін осылай шешуге болады. Ал, біздер мониторинг жүргізген елді мекендерде, керісінше, қазақ мектептерінің көпшілігі елді мекеннің шетінде орналасқан. Қаланың бір шетінен екінші шетіне қатынаудың қиыншылығынан көптеген ата-ана балаларын орыс мектептеріне беруге мәжбүр болады. Әрине, бұл мектептер Кеңес өкіметі кезінде, қазақ халқының, қазақ тілінің «екінші сорт» болып тұрған кезінде салынған. Бір ғана мысал, Зерендідегі қазақ мектебі аудан орталығының ең шетінде, Зеренді көлінің жағасында орналасқан. Мектептен көрі демалыс орнына ұқсайды. Қыстың көзі қырауда қаланың екінші шетінен, бұл жаққа келудің өзі үлкен ерлікті талап етеді. Үшіншіден, ең басты проблема – бұрынғы орыс тіліндегі мектептердегі бала санының азайып келе жатқанын, ал мемлекеттік тілде оқитын оқушылардың көбейіп келе жатқандығын ескере отырып, бұл аймақтардағы орыс тілді мектептерде оптимизация жүргізу мәселесі деп ойлаймын. Қазіргі орыс тіліндегі мектептердегі оқушылардың саны мен мектептердің сиымдылығын салыстыра қарасаңыз, қазақ тіліндегі мектептерді салуды он жылға шегеруге анық болады. Бір ғана мысал, Риддердегі 16 орыс тіліндегі мектептің сиымдылығы 10 048 оқушы. Ал, сол мектептерде оқып жатқан оқушылар саны – 5522 бала. Осындай жағдайда жалғыз қазақ мектебіне («Шаңырақ») бала симай, жергілікті биліктің тағы бір мектеп ашуды жоспарлауы ақылға симайды. Егер, оптимизация жасалса, кемдегенде 600 орындық тағы 8 қазақ тілді мектепті ашуға болады. Мысалы, №17-мектептің сиымдылығы 960 оқушы болса, ондағы қазіргі оқитын балалар саны – 342. Демек, 618 орын бос тұр. Ал, №3 мектепте 1176 бала оқуы керек. Бірақ, ондағы бала саны – 586 ғана. 590 орын тағы да бос. Менің ойымша, 1940 адамдық №14 мектептегі 500 баланы (тағы 1140 орын бос тұр) 3-мектепке көшірсеңіз, мың орындықты қазақ мектебі пайда болады. Әрине, орыс тілді мектептердің ата-аналары өз балаларының екі көшені кесіп өтуіне қарсы болып, жандары шығып отыр. Бірақ қазақ тілді мектептің оқушыларының 5 шақырым жерден келіп-кетуіне ешкімнің де бастары ауырмайды. Бұл жерде ата-аналармен түсіндіру жұмыстарының жүргізілмейтіні (бұл жергілікті әкімшіліктің, ішкі саясат басқармасының, қоғамдық ұйымдардың міндеті) көрініп тұр. Демек, бұл жерде министрлік тарапынан нақты бір бұйрық не ереже қажет. Бір жерде тұрып, бір-бірлерінің жағдайларын түсінбеген ата-аналар заңға бағынулары керек. Осы жерде зорлықпен көшірілген басқа ұлт өкілдеріне соңғы нандарын балаларының аузын жырып берген, үйінің төрін ұсынған ата-аналарымыз түседі. Қазір сол келгендердің балалары қазақтың мектебіне бос бөлмелерін беруден бас тартып отыр. Демек, бізде мемлекеттік тілдегі мектептің – мемлекеттік саясат екендігі ұмытылған. Айта кету керек, Теміртаудағы соттасу да осы мәселеден туындаған. Төртіншіден, қазақ мектептерін ашуды жоспарлауда, мектеп салуда көп жылды қамтитын, перспективалық көзқарас керек. Мысалы, Риддерде 600 орындық мектеп салынады дейді.. (Әлі де «дейді»…). Бірақ, қазақ оқушыларының саны қазірдің өзінде 620-ға жеткен. Демек, ол мектеп салынамын дегенше, оқушылардың саны 800-ден асады. Дәл осындай жағдай басқа аудандарда кездеседі. Бесіншіден, тағы бір анық көзге түскен кемшілік – қазақ мектептерінің ғимаратының, техникалық базасының төмендігі. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданындағы мектептің ғимараты – жүзу бассейні болса, Ақмола облысындағы Елтай елді мекеніндегі 320 бала оқитын қазақ мектебі аурухананың ғимаратына орналасқан. Ал, сол жердегі 130 бала оқитын орыс тілді мектеп типтік 3 қабатты ғимаратта. Бұрынғы жүзу бассейнінде орналасқан мектептің кейбір сынып бөлмелерінде терезе де жоқ! Бастауыш сыныптың балалары, «стакан» деп аталатын, аузы-мұрны жоқ отауда дәріс алуда. Ал, мектепке айналған ауруханада спорт залының болмауы ешкімді таң қалдырмайтын болар. Бұндай жағдайлар Шығыс Қазақстанның Глубокое ауданы орталығындағы мектепте де кездесті. Бұндай мектептерге қандай ата-ана балаларын береді және бұл дискриминация әлеуметтік әділетсіздікке, кейін әлеуметтік жарылысқа алып келетінін ұмытпалық. Сөзіміз дәлелді болу үшін бір ғана облыстағы жағдайды мысалға алайық. Қарағанды облысындағы (басқа облыстарға қарағанда жағдайлары біршама жақсы деп есептелінетін облыс) жағдай мынадай:
260 қазақ тілінде оқытатын мек­тептің
48 мектеп пешпен жылытылады;
95 мектепте су тасымалданады;
170 мектептің дәретханалары далада орналасқан;
53 мектепте толық жабдықталған медицина кабинеті жоқ;
98 мектептің спорт залы жоқ;
82 мектепте спорт алаңы жоқ;
94 мектепте асхана жоқ…
Әрине, бұлардың барлығын орыс тілінде оқытатын мектеппен салыстырып беруге болады. Бірақ, біздің мақсатымыз екі тілдік ортаға от тастау емес. Алтыншыдан, ең бастысы, алыс ауылдардағы аудан орталықтарына, шағын қалаларға көшіп келіп жатқан қазақ отбасыларын есептей отырып, қазақ мектептерімен қамтамасыз етудің нақты мемлекеттік жоспары жасалуы керек. Ондай болмаған жағдайда, орыс мектептерінде оқитын қара көздер көбейе түседі.

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Досеке! Мына бір жерде былай депсіз…Ең қызығы біздер, ұлтшылдар, бәріне де керек сияқтымыз – үйде отырып, малталарын езетін «адуынды, көбік ауыз ұлтшылдарға» да, интернетке күнде бір бастарын сұғып, кіжінетін, әр мақала авторына ақыл айтатын, бірақ, аты-затын көрсетуге жүрегі дауаламайтын «ақылшыл» ұлтшылдарға да керекпіз…. ..Сіздер, яғни өздерін шынайы “ұлтшыл” санайтын жігіттер халықтың арасында күнделікті етене жүріп өз миссияларыңызды атқарып жатсыздар ма? Онда біз, яғни халық сіздерді неге “жыға” танымаймыз?… Мәселеңки Шымкентте сіздердің өкілдеріңіз бар ма? Бар болса, олар Шымкент жұртшылығына танымал ма, танымал болса халық арасында олардың беделі қандай? …Меніңше Қазақстандағы өдерін “ұлтшыл” санайтын топ та, өздерін “оппозицияға” жатқызатындар да тумай жатып “нарциссизм” дертіне шалдыққан. Өзіңіз айтқан ғаламтордағы өздерінің әдемі фотосуреттері мен өздерінің айналасы ғана оқып, астына солар ғана пікір жазатын (арасындағы кейбір кері пікірлер шынайылық тудыру үшін?!) мақалаларынының “сұлулығына” өздері сұқтанып отырғаны…Мен өз басым, кейде осылардың барлығын өздерінің ерекше “отансүйгіштігі” үшін біреуден жалақы немесе басқа да сыйақы алып, сол үшін ғана науқан (сайлау,референдум) кездерінде бір-екі рет “қышқырып” қоятын қоразға ұқсатамын…
    (Әрине Дос аға, сіздің маған жауабыңыз дайын…”мен ана жерде өйткенде”, “мына жерде бүйткенде” сен қайда болдың дейсіз.)…Менің сұрағым халықтың көзін ашу үшін не істедіңіздер немесе болашақта не істемек ойларыңыз бар?
    Сіз ақылды адамсыз,,,бірнеше ғасыр бодандықта болған халықтың санасы қай деңгейде болатынын жақсы түсінесіз деп ойлаймын! “Аты-затын көрсетуге жүрегі дауаламайтын «ақылшыл»” деп ойлап қалмаңыз – шын аты-жөнімді жазып отырмын…Сәлеммен шымкенттік ұстаз інініз Өмір Шыныбекұлы.

  2. Дос аға жан айқайыңыз көпке ой салар деген ойдамын. Жалпы өз басым ұлтшыл азаматтардың бүгінгі әрекеттерін жазғандарын қарап жүремін. Алайда бізде бір жабысқан ауру бар. Бөлінушілік бірікпеу деген. Мен өзім ұлтшылдық деген ұғымммен келісемін. Ұлтшылдардың бірігуі керек деп ойлаймын. Олай болмаса алдағы ғасырда да ештеңе өзгерте алмаймыз. Бірақ билікке ұлтшыл адамдар келмесе осы қиын бола ма деп қорқамын. Соңғы кездері ұлтшылдарды басуда деп ойлаймын. Біздің әрбір ісімізде ұлтшылдық исі шығу керек. Менімше үгіт жүргізу керек. Әр жерде текке құрылтайлар мен жиынмен түкте шеше алмаймыз. Ол тек қана бос айқай, бір-біріне сөз бермей олай шеше алмаймыз. Сондықтан өздеріңіз бас болып жаңаша формасын ойлап тауып билікпен ұлтшылдар арасында диалог болыу керек деп ойлаймын

Пікірлерге тыйым салынады.