МҰХТАР ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ ДІН МӘСЕЛЕСІ

  • 12.12.2012
  • 1695 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бақтияр СМАНОВ,
Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі,
педагогика ғылымдарының
докторы, профессор

Әрбір ұлттың рухани өмірінде «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан ғасырлық тұлғалар, халықтың «мейірін қандырғандай» (А.Байтұрсынов) дара дарындар, кемеңгер ғұламалар, данышпан қайраткерлер болатыны сөзсіз. Және олардың ғұмырлық тағдыр-талайы, үлгі-өнегесі, қадір-қасиеті бір-біріне сәуле түсіргендей, бірімен-бірі сабақтасып, алдыңғысының игі істерін кейінгісі жалғас­тырып, толықтырып тұрғандай әсер етеді. Сон­дай ғасыр перзенттері – ұлтымыздың ұлы дарындары әр дәуірде өмір кешіп, ада­ми парыздарын мүлтіксіз орындап өткен. Ел тарихында XIX ғасырда халық-ағарту саласында Ыбырай Алтынсарин, ұлттық руха­ниятта Абай Құнанбаев ерекше орын алса, XX ғасырда, әсіресе оқу-білім саласында Ах­мет Байтұрсыновтың, әдеби-мәдени өмірде Мұхтар Әуезовтің өлшеусіз еңбектері осындай ойларға жетелейді. Мұндай мысалдарды халық тарихына бағамдап-бажайлап қарасаңыз, әр дәуірден кездестіру қиын емес. Аталған үш алыптың өмірлік мақсат-мұраттарына біз сөз еткелі отырған ұлы дарын иесі – М.Әуезов ерекше ынта-ықыласпен ден қойғаны бел­гілі. Сондықтан, Мұхаңның аса құнарлы шы­ғар­машылық мұрасы алдыңғы өткен ұлы дана­­лардың заңды жалғасы, олармен тығыз байланысқан үлгілі үрдіс іспетті деп білуге болады. Сөйтіп, ол өзінен бұрынғы арыстардың орындай алмаған игілікті істерін жүзеге асырды, «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы туған халқының рухани әлеуетін күллі әлемге паш етіп, сонау тар жол, тайғақ кешу заманының өзінде жер бетінде қазақ деген халықтың өмір сүретінін төрткүл дүниеге танытты.
Университеттегі ұстазы туралы: «Қазақ халқының рухани тарихы Абайдан кейін ерні тұшып, ерекше перзент сүйсе, ол – Мұхтар Әуезов. Біздің бұл арада аузымызға Абай тектен-текке түсіп отырған жоқ. Әуе­­зов талантының рухани төркіні Абай шығармашылығынан басталады. Ал, Абай­дың әдебиетіміздегі бірден-бір лайықты мұрагері – Әуезов», – дейді жазушы Әбіш Кекілбаев («Қазақ әдебиеті», 25 қыркүйек, 1987 жыл).
Биыл ұлы қаламгердің туғанына 115 жыл толып отыр. Бүгінгі таңға дейін жазушы шығармашылығы зерттеушілер тарапынан сан қырынан қарастырылып келеді. Алайда, әлі күнге жұрт назарынан тыс қала беретін, көп зерттеушілер аңғармайтын, енді, біразының тісі бата бермейтін жазушы шығармашылығының өте бір мазмұнды қыры, аса бір құнарлы арнасы – дін тақырыбы десек қателеспеспіз.
Дін қай кезеңде де қоғамдық сананың маңызды түрі ретінде тамыры тереңге жайыл­ған жалпы адамзаттық өркениеттің, ру­хани игіліктердің құрамдас бөлігі болып есептеледі. Сондықтан, ол әрбір елдің, әрбір халықтың тұрмыс-тіршілігінен, күнделікті өмірінен өзекті орын алған. Өйткені, дін арқылы адамзат баласы ықылым заманнан бері қоршаған ортаны танып-білудің, оны рухани меңгерудің жолдарын қарастырып келеді. Мұны саңлақ суреткер жан-жүрегімен сезінген. Олай дейтініміз, жазушының басқа шығармаларын, ғылыми-зерттеу еңбектерін былай қойғанда, тек «Абай жолы» роман-эпо­пеясының бір өзі ғана жоғарыдағы ойы­мызды дәлелдей алады. Себебі, Абайдың қай­таланбас тағдыр-табиғатын, мінез-құлық, ой-өрісін, бі­лім-білігін, данышпандық дара дарынын ашу, бар болмыс-бітімін таныту, сол арқылы иісі қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, тұрмыс-тірішілігін баян ету жазу­шыдан Абайдай ғұлама, Абайдай ойшыл, Абайдай діни сауатты болуды талап етеді. Ал, Мұхаң өз бойында осындай қасиет пен қарым-қабілетінің бар екендігін көрсете білді. Ол кемеңгер Абайдың ақындық өнерін ғана емес, оның ғұлама ойшылдығын, діни білімпаздығын, биік пайым-парасатын, асыл мақсат-мұраттарын замана оқиғалары, ке­зеңдік жағдайлар арқылы кең тыныспен жалпы ғаламдық деңгейде таныта алды.
«Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді халық даналығы. Мұны Мұхаңның өсу жолы, есею тарихынан анық көреміз. Өйткені, оның тәлім алған мектебі – ең алдымен жазушы шыққан орта – Әуез қожа әулеті, Құнанбай қажының үлгі-өнегесін көрген, тәрбие-тәлімін алған өзі көзін көрген данышпан Абайдың айналасы, одан қала берді Шығыстың клас­си­калық әдебиет өкілдерінің, орыстың, Еу­ро­паның өркендеген руханиятының озық ойлы қайраткерлерінің әдеби-мәдени байтақ мұра­лары болды.
Болашақ жазушының діни-имандылық көз­қарастары, рухани ой-пікірлері бала кезінен қалыптаса бастаған еді. Ол туралы жазушының аталас туыс ағасы Разақ былай дейді: «Мен Мұхтардан он екі жас үлкенмін. Ол 1897 жылы Бөрліге жақын Аяққарағанда, күзем жүнін алып жатқанда жарық дүниеге келді. Бала емшектен шыққаннан кейін атасы Әуез бен әжесі Дінәсілдің бауырына кіріп, мүлде бұла болып өсті. Олар көмірдей қара шашты, қара торы, сүйкімді немересін жандарындай жақсы көрді. Үнемі әлпештеп, мәпелеп өсірді. Алты жасқа іліге берген кезде атасы оған өзі арапша хат танытты. Оның ұғымпаздығының бір мысалы мынау: Бір топ бала атамыздан арабша үйренгенде, иман шартты бұрын жаттап, алғыс алғаны бар. …Атасынан екі елі қалмайтын Мұхтар Абайдың батасына да ие болды. Ұлы ақын дүние салғанда, оның қабірінің басында сарнатып құран оқыған біздің бабамыз – Әуез қожа болатын. Сонда күңіренген елдің ортасында атасымен барған қаршадай Мұхтар да қабірге топырақ салған-ды». Осындай өнегелі тәлім-тәрбиенің нәтижелерін оның есейген шағындағы еңбектерінен, әдеби шығармаларынан анық көреміз. Жазушының идеялық-саяси, тарихи-танымдық талдау мақа­лаларында болсын немесе ғылыми-зерттеу еңбектерінде болсын дін тақырыбын сөз еткенде тас жолдағы тағалаған жорғадай еркін көсілуінің түпкі сыры осында болса керек.
Сондықтан, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы бүкіл гуманистік идея­лардың да түп-төркінін, стратегиялық-тұ­жы­рым­дамалық негіздерін оның діни көз­қарастарынан, діни ұстанымдарынан іздес­тірген абзал. Өйткені, барлық әлемдік іргелі діндер ізгілікті ойды, биік адамгершілік қасиеттерді, гуманистік құндылықтарды наси­хат­тайтыны бәрімізге мәлім.
Ал, шығармадағы ізгілік нұры, гуманистік нысаналар ондағы кейіпкерлердің имандылық көзқарастары мен оны суреттеудегі автордың рухани-адамгершілік позициясын саралау барысында ашылуы қажет.
Әсілі, имандылық мәселесі – «Абай жолы» роман-эпопеясының басты идеялық арнасы десе болғандай. Бұл, сөз жоқ, ең алдымен «ис­лам бұлағынан су ішіп, түрікшілдікпен тәр­биеленген» (Ж.Аймауытов) ұлы суреткердің жеке басының имандылық ой-пікірінен, адам­гершілік қасиеттерінен, білім-білік сауа­тынан, исламдық парасат-пайымынан, имани тәлім-тәрбиесінен туындағаны белгілі.
Осы орайда М.Әуезовтің исламдық таным-түсінігі мен жалпы діни терең білімдарлығы жөнінде көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұловтың мынадай естелігін ескере кеткен орынды: «Өзім көрген жоқпын. И.Б.-дан естідім. КСРО Жазушылар одағының фойесінде Мұх­тар Әуезов әлдеқалай Назым Хикметпен дін жайында айтысып қалыпты. «Мұхтар Назымның аузын аштырмады. Мұхтарды мұсылманшаға мұншама жүйрік деп кім ойлаған?!» – дейді И.Б. таңырқап. Тәкен Әлім­құлов ол жылдары Мәскеуде КСРО Жа­зушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқаратын. Шындығында да, Түркияда туып, мұсылманша білім алған, әлемге әйгілі түрік жазушысы Назым Хикметтің аузын кеңестік қызыл идеологияның ықпалымен өскен Мұхтар Әуезовтің аштырмауы ғажайып құбылыс демеске еш әддің жоқ.
Данышпан жазушының дін-ислам іліміне «шашасына шаң жұқтырмайтын» жампоз-жүй­ріктігін, асқан білімпаздығын «Абай жолы» романынан молынан, авторға деген ризалықпен байқап отырамыз. Суреткер шығармада өзінің әрбір ойын, пікір-тұжырымын не кейіп­кер­лерінің сөзімен, не авторлық мәтіндермен бе­кітіп отырады. Бұл – көрнекті қаламгердің ұлы жаратушыға деген рухани биік сенімін, діни танымын, ислами білімдегі телегей-теңіз сауаттылығын танытады.
Халқымыздың ақиық ақыны Әбділда Тә­жі­баевтың мына бір әңгімесі де Мұхаңның діни көзқарасын, жеке тұлға ретіндегі наным-түсінігін аңғартқандай:
«…Айманкүлді, менің шешемді М.Әуезов «Әйеке» деуші еді. Бір күні Мұхаң біздің үйге келді. Өңі сыныңқы.
Шешем мұны көріп Мұхаңа:
– Мұхтар, қарағым, қабағың жараспай тұр ғой, біреуге ренжіген сыңайың бар білем? – деді. Сонда, Мұхаң мұңайған, қабақ шыт­қан самарқау күйін өзгертпей:
– Е, Әйеке, несін сұрайсыз. Белгілі жай­лар ғой, – деді.
Сонда Айманкүл шешем жұлып алғандай:
– Құдай үйген төбені пендесі кетпендеп тауыса алмас болар, – демесі бар ма.
Мұхаң сонда қатты серпіліп, жадырай жөнелді».
Үзіндіден «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, атақты айтыс ақыны, көрнекті поэзия дүлдүлінің аяулы анасының құдіреті күшті Жаратушыға қарата айтқан: «Құдай үйген төбені пендесі кетпендеп тауыса алмас болар» деген бір ауыз сөзі жазушыға дем бергені, «жараспай» тұрған қабағын жадыратып риза еткені байқалады.
Романдағы негізгі ой арнасы, гуманистік үлгі-өнегелер ұлы Абайдың: «Құранның іші толған ізгілік іс», – деген отыз сегізінші қара сөзіндегі пікір-тұжырымынан бастау алып жатқандай. Мұны шығармадағы мынадай тақырыптық арналар арқылы, соларға ой көзімен назар аудару барысында көз жеткізуге болады:
«Абай жолы» роман-эпопеясын­дағы оқу-білімге байланысты исламдық көзқарастар;
Шығармадағы діни адамдар бейнесі;
Роман-эпопеядағы діни ұғымдар, наным-сенімдер, діни рәсімдер;
Шығармадағы дінге қатысты мақал-мәтелдер, айшықты сөздер, терминдер, фразеологизмдер.
Бұл тақырыптардың қай-қайсысы да шығар­маға жаңаша көзқарастар тұрғысынан баға беруге, бүгінгі заман талабына сай рухани құндылықтарымызды қадірлеп-қастерлеуге, гума­нистік ой-пікірлерді қалыптастырып дамы­туға септігін тигізеді.
М.Әуезовтің: «Абайға Шығыстан дарыған құндылықтардың басы – ислам діні. …Абай – анық діншіл ақын. Дін-исләмият жолының қағидаларына та­бынған, мұсылманшылықтың Алласын, пайғам­барын, иманын үнемі ауызға алып отырғаны дін ұстазының ұғым-нанымын көрсеткендей. Тілде де, ақындық сөздікте де, құранның аятынан алынған әрбір діндар мұсылманның аузында жүрген дұғалықтың, тағат-ғибадаттың сөздері бар»,– деуі бекерден-бекер емес. Мұны роман-эпопеяның өн бойынан, оның мазмұнынан, идеялық-көркемдік сипатынан байқау қиынға соқпайды.
Енді, романдағы діни тұрғыда айтылған оқу-білім мәселесіне байланысты жайларға ден қоялық. «Қияда» атты тарауда:
«Абай Зерені қойып қайтқан күні кешке, әжесінің төсегіне отырып алып, Құран аударуға кіріседі. Анасының әруағына арнайтын дағдылы «Құран-хатымды» молдаға оқытпай, өзі оқитын болды.
Бір жұма бойы сол құранды екі аударып шықты. Осы күндерде ас үстінде бір әредікте Құнанбай Абайға:
– Жай аударады екенсің, – деп еді, Абай жауап айтқан жоқ. Құнанбай мұндайда үш-төрт аударып тастайтын сыдыртқыш молдаларды есіне алып айтқан.
Абай болса ішкі себебін айтқан жоқ. Ол да жылдам оқи білуші еді.
Абай апасына сауап болсын деп, құранды өзгеше ықыласпен, асықпай, соншалық мүлгіп, мінажат қып оқиды. Құранның кейбір парасының үстінде ұзақ отырып қап, жалғыз, жасырын ойлар да ойлайды.
Онысы әжесінің адамшылық, аналық қасиеттерін жоқтау еді. Өз ішіндегі адал алғысын бағыштау да дұғалық тілек есепті көрінетін», – дейді.
Бұл үзіндіден Абайдың шынайы рухани сенімі берік, діни білімі терең екені көрінеді. Мұнда, оның Зере әжесінің әруағына арнап өзінің Құран оқуынан, әсіресе, «Кәләм-Шәріптен» (Қасиетті сөзден яки Алла сөзінен) молдаға оқытпай, өзінің хатым етуінен ислам шариғаты бойынша дүниеден озған адамның артында қалған ұрпақтарының, туысқандарының «Алла жеңілдік берсін», «Жатқан жерін жайлы етсін», «Иманды етсін», «Алланың нұрына, Пайғамбарымыздың шапағатына бөленсін» деген ізгі ниеті жатқанын білеміз. Ислам дінінде марқұмның әруағына бағыштап хатым-құран түсіріп, дұға еткенде Алла-тағала қайтыс болған адамға да, оқыған, дұға жасаған адамдарға да үлкен сауап жазатындығын ұлы суреткер ескергенін аңғарамыз.
Жазушы Абайға әжесінің соңында қалған қайырлы ұрпақ ретінде әкесі Құнанбай ойлаған кейбір молдалар секілді Құранды сыдыртып аудартпай, жан-жүрегімен беріле оқытады. Ықыласпен, шын көңілмен асықпай оқытады. Құранның кейбір парасын (пара – хатым құранда оқылатын сүрелер тобы) оқу үстінде ол ұзақ отырып әжесінің адамгершілік, аналық қасиеттерін есіне алып ойланады. Бұдан оның таза ниетпен алғыс айтып, тілек етуінің орынды екенін, Алланың сөзі жүрекпен оқылмай тек сыртқа, өзгеге көрсету үшін оқылса, онда ол бос әрекет саналатынын, мұнафиқтық, екіжүзділік болып табылатынын Абай біледі, әрі Абай тұлғасын осыншама шынайылықпен суреттеп жеткізе алған Мұхтар Әуезов те жақсы біліп отыр. Өйткені, Абайдың мұндай наным-сенімге, игі ниетке ие болуына себепші болған бірден-бір жан Зере болатын. Бұл жөнінен біз Абайды мұсылман дінінің бүкіл қағида-шарттарын жете меңгерген, нағыз иманды адам, ислами тәрбие көрген жан ретінде танимыз.
Ал, әкесі Құнанбайдың: «Жай аударады екенсің», – деп әредіктен тиісіп қалып айтуына Абайдың оған қарсы жауап қайтармауының да, біздіңше жазушының оқырман ойлауына, пайымдауына қалдырып отырған екі түрлі себебі бар: біріншісі – баланың әке сөзіне қарсы болуы – Алла жолындағы діндар адамға қарсы келуі секілді екендігін аңғарып, әдеп сақтауы; ал, екіншісі – пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаху ғалейһи уассаламның: «Кім­де-кім біреу хақсыз, дұрыс болмаған сәтінде де қарсылық етпей (қарсы келмей), үн шығармаса, ол – ең көркем мінезділердің бірі болып есептеледі. Ондайлар жәннаттың ең үстіңгі қабатына лайық», – деген қасиетті Хадис-шәрифін ескергені деп ойлаймыз.
Расында да құран оқып, әруақтардың ризашылығына арнап бата бағыштау, «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, өткендерді еске алып, дәм беру, нәзір ету – ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан адам­гершілік парыз болмақ. Ұлы жазушы діни сенімге байланысты өз ойын: «…Жуасып, жүдеген елге ақырғы тыныштық, жұбаныш осыдан табылмас па екен, ендігі өмірдің емі бой ұсынып, сабырмен шыдап, діннен тірек іздеуге болмас па екен дейді. Әр заманда әр елдің тарихында үміт кемесі су астындағы жартасқа соғылып, талқан болған шақта, әрбір жан өз жарасымен ыңырануға айнал­ғанда, осындай момындыққа түсіп, мұңға батып – дін бесігін іздейді», – деп түйіндейді «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде.
Біз жоғарыда келтіріп отырған хатым-құран түсіруге байланысты үзінді-мысалдан әрі діни оқу-білімге қатысты ойды аңғарсақ, әрі діни рәсімнің сыр-сипатын танимыз. Діни рәсімдер – әсіресе, Абайдың сүйікті ұлы Әбіштің қазасына байланысты суреттелетін жайттарда ерекше өрнектелген. Онда Әбіштің халі нашарлап жатқанда Әбсәмет, Дәт, Өтегелді сынды Алматы маңының игі жақсыларының шынайы ниетпен көңіл сұрай барғаны, «ауырғаның жақсы», «әлсірегенің жақсы» дегендей «бәре­келді, бәрекелді» деп есіктен шығып бара жатқан «қызылға ұшқан ақ бас күшіген сияқ­танған қу құзғын», «арам құстың имиген тұм­сығы сияқты» мысықтілеу молдалардың жағымсыз қылықтары, қазақ тұрмысындағы дүниеден қайтқан адамды жерлеу рәсімдері – оның түрлері, аманаттап жерлеу тәртібі, қазаға барғандағы көңіл айту, аза тұту, жоқтау, жұбату айтудың нешеме үлгілері, онда тілге тиек етілетін халықтың ауыз әдебиетіндегі мақал-мәтелдер («Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ», «Құдайдың досы пайғамбар да кеткен», «Кербалада Қасен-Құсайын да өлген», «Ақ пайғамбар достысы Қамза да қаза болған», т.т.), жергілікті тіл ерекшеліктері (ояқ, бұяқ, шыпасын берсін, мүдем, әмісе, т.с.с.) орынды өріледі: «Топ енді өлікті қойып болып, қабыр басынан серпіле беріп еді. Таңертеңнен бері Әбсемет, Дәт екеуінің қасынан тізесін айырмаған Жамбыл, енді біраз ғана топтың ортасында жүдеп тұрған Мағашқа үн қатты. Әуелі «аһ» ұрып, жалын атты да, көзінен ыршыған ыстық жасын үлкен жүзіне ағызып тұрды. Сөйте тұра ол бұндағы дос қазақтың, бауырмал қазақтың атынан дәл осы қабырдың басында, Абайға арнаған сөз бастады. Бұл сөз – көңіл айтқан, жаралы жүректі жұбатқан, талай адал, дос бейілден тіл қатқан сөз еді. Әндетпей, дауысқа ұсатып зарлатпай, өзінің осылай сөйлеуін «Мағаш жас, жақсы түсінеді» деген сеніммен Жамбыл жырлап кетті. Маңында тұрған Дәт, Әбсәмет, Майқандар ғана емес, бүгін осы жаназаға келген жиырма шақты орта буын аталар, әкелер бар еді. Олар да тегіс тына қалыпты…

Сәлем айт барсаң Абайға,
Кеңесі жеткен талайға.
Ауырды жеңген қара жер,
Сабырлы болсын қалайда!
Бір жұтқан судай дүниесін:
Ащысын татып күйінесің,
Тәттісін жұтып сүйінесің,
Жапанға біткен бәйтерек
Жалғызбын деп жүрмесін.
Кемелге келген асыл-ай,
Тасқынды тәңір басуы-ай.
Нар көтерген ауырға
Арқасын тоссын жасымай, –
деп бастаған Жамбыл сәлемі, әуелі Әбішті жақсы жоқтап барды. Артынан Абайға қарай шебер оралып, оны жұбата сөйледі. Қайғы жалғыздықта, әсіресе, жанға батады. Сен жалғыз емессің… Елің, досың көп. Алыстағы күрсінгенің біздің мұндағы кеудемізді шарпып жатыр… Бірге жыласамыз, өзіңмен бірге де қуанайық, асылым!.. Қара қазақ халқының қадірлісі!» – дейді автор жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың «Жалғызбын деп жүрмесін» атты Абайға арнап айтылған жұбату өлеңінің шығу тарихы туралы.
Мұндағы Дәт деп отырғаны Жетісуға талай жақсы істерімен, өнегелі әрекеттерімен аты жайылған атақты Сәт болыс, ал, Әбсәмет – Құнанбай қажының інісі Жақыптың қызынан туған жиені, тарихта болған адамдар екені мәлім.
Романдағы «Шайқаста» атты тараудың мына төмендегі көрінісінде ұлы Абайдың діни біліктілігін, ислам ілімінен хабары шексіз молдығын байқаймыз:
«Жай сұрасып болған соң, Абай Әлпейім шәкіртке бұрыла қарады да:
– Ал, Әлпейім, айтшы, сен бұл күнде не оқып жүрсің? – деді.
– Наху оқып жүрмін, Абай мырза! – деп, Әлпейім «не дер екен» дегендей жылтыраған көзін Абайға қадап, күлімсірей қалды:
– Е, жынды болуға аз-ақ қалған екенсің! Арабтың өзінің мақалы бар: «Фикханы көп оқыған – ақылды болады, нахуды көп оқыған – ақымақ болады» деген, – деп осы сөздерді Абай арапша да судыратып айтып шықты».
Мұнда «фикх» – ислам заңдары, тәртіптік ережелері, «наху» – араб тілінің грамматикасы жайлы оқу-білімге байланысты араб халқы арасында кеңінен тараған мақал-мәтелдерді арапша Абайға айтқызуынан ғұлама қаламгердің өзінің де арабтың ауыз әдебиетінен мағлұматы барлығы айқын аңғарылады. Немесе «Түн-түнекте» атты тарауда кемеңгер жазушы Абай­дың ақыл-ой, парасат-пайымын, оның талғам-тұжырымын, діни көзқарасын, сопылық ілімге байланысты өзінің жеке ой-пікірін мына сөйлем­дерден танытады:
«Абай күндіз ойлана жүріп, бірнеше кеш бойы осылайша отырып жазу жазады. Күңгірт көңілден кешіп өткен ойлар күздің ақ сұрғылт бұлтындай. Сол реңсіз ойлар толқыны тудырған жолдарын күйлейді. Бір сәтте өлең боп оралған ойлар:
«Құранды молда теріс оқыр,
Дағарадай болып сәлдесі.
Өзімшіл көңілі бек соқыр,
Бүркіттен кем бе жем жесі?..» – дегендей жайларға құйылып оралады. Тағы бір сағаттарда Абай ишан, имам, халфе, хазіреттермен олардың өз тілінде сөйлеседі. Олардың жер-жебіріне жете, ызалана соқтығады.
«Молдалар былай тұрсын, хусусән бұл заманның ишандарынан да бек сақ бо­лыңыз. Олар фитнәи-ғалам, өздерін аһли тариқат біліп, басқаларды жеткізбек дағуа­сын істейді. Олардың барлық қуаты – басындағы сәлдесі, қолындағы тасбиғы. Одан басқа түк те жоқ. Наданның наданы, зор­лықшыл жыртқышы, топасы солардың өзі!» деген жолдарды жазып, ызалы көңілі ширығып отыр еді», – деуі арқылы «фитнаи-ғалам» – әлемге іріткі салушы, «аһли тариқат» – тарихат қауымы яғни сопылық ілім жолындағы адамдардың сол кездегі іс-әрекеттерін қатты сынға алып отыр. Мұнымен тұрмай, романның кей жерінде аталған ілімді қуушыларды «ишан, пірдің алдындағы мүриттер бейнесіндей» деген сөздермен, олардың өз терминдерімен мысқылдайды. Бұл бүгінгі егемен еліміздің тұс-тұсынан көрініп қалатын сопылық ілім жолын қуушыларға оның тек прогрессивтік-танымдық жағына мән беруіне ой салатын жайт екені байқалады. Мұның қыры мен сырын, өкінішке қарай әлі күнге, қалың көпшілік қауымға не зиялылар тарапынан, не діндарлар тарапынан тиянақты әрі жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіл­мей келе жатқаны қынжылтады.
Ал, Құнанбайдың қажылық сапары барысында Мәдина-Мұнаууарадағы Мұхаммед Расул­улланың, хазіреті Әбубәкірдің, хазіреті Ғұмардың және хазіреті Фатиманың жатқан жерлеріне зиярат жасағаны, онда хазіреті Ғаббас, хазіреті Хамза, хазіреті Ғұсман қабыр­лары жатқаны, Сағды Бин Уақас, Ғабдрахман Бин Ғауф және хазіреті Ғайша сынды сахабаи-кәрімдер, пайғамбардың дос-жарандары, ең жақын адамдары сонда жаны жай тапқандығы, олардың ғашараи-мүбашшара (жұмаққа тікелей баратын он адам) деп аталатыны, Мүкәррам-Меккеге барар жолда қай жерде ихрам киетіні, Байтулла ішіндегі Қағба жанында неше рәкәт намаз оқылатындығы, қажылыққа баратындар, не барып келгендер болмаса, жай адамдардың біле бермейтін жайлары екені анық.
«Абай жолы» роман-эпопеясынан діни оқу-білім, ислам іліміне қатысты, осы секілді сан алуан мысалдарды келтіруге болады. Оқырман шығарманы оқи отырып, ондағы: «…Парсы, түркі кітаптары бұны, біресе Шираздың гүлзарына әкетеді. Самарқанның мазар ғимараттарына қадалтады. Мәру, Меш­һедтің миуалы, бұлбұлды бақтарына, сал­қын самал хауыздарына үңілтеді. Ұлы ақындар мекен еткен Ғират, Ғазна, Бағ­дат­тың сарайларына, медреселеріне, кітап­хана­ларына тартады. Осылардан бір ауық орысша кітапқа түскенде Орта Азия, Иран, Араб жер-суы, шөл-құмы, қала-сауда тірлігін айқын тани түскендей болады. Абайды бү­гін өзіне үңілдірген – жаңағы елдер мен уәләяттардың дәл бүгінгі көрінісі…
Оқи отырып, кей жайларды анық айқын етіп хатқа жазып келеді. Керуен көшетін сауда жолдары – барлығы да бүгін айрықша керек болған», – деген жолдардағы иісі мұсылман дүниесінің тыныс-тіршілігіне көңіл қояды.
Шығармадағы келесі бір тақырып – роман-эпопеядағы діни адамдар бейнесі. Әйгілі туындыда сымдай тартылып, бір-бірімен жалғасып жатқан тартыс көп, онда қатысатын кейіпкерлер де аз емес. Олардың келбет-кес­кін­дері ішкі-сыртқы ерекшеліктерімен, ой-сезім, тебіреніс-толғаныстарыменен тұтас пси­хо­логиялық құрылым, әлеуметтік пор­трет құрайды. Онда ақын тағдыры мен халық­тың тыныс-тіршілігі қат-қабат алына отырып, бүкіл қазақ тұрмысының сан алуан қыр­лы этнографиялық, психологиялық, рухани шырайлары шынайы бейнеленеді. Сол арқылы эпопеяда халқымыздың ары, намысы, арман-мақсаты, күллі болмыс-бітімі тұтастай көрінеді. Шығармадағы ерекше сипатталатын адамдар бейнесі – қажы, қожа-молда, муфти, имам, мәзін секілді дін өкілдерінің кескін-келбеті. Әсіресе, туындының «Еңісте» атты тарауында Ақшоқыдағы қыстауда Кішкене молда мен Абай арасында болған әңгіме-диалог оқырманға қызықты әсер қалдырады.
«Кішкене молда қазір тоқтайтындай емес екен:
– Абай, Сіз исләмият, ғарабият жолын­да сөйлесеңіз, мен еш нәрсе айтпас едім. Сіз кімнің кітабын, нені айтып отырсыз? Дүнияуи ғылым мәжүси, насранилерде қаддимнен бар болатын, бәлки ешбір мұ­сылман ғалимі оны өзіне қанағат қылар­лық, шүкірана етерлік білім санамағаны қайда? – деді.
Абай:
– «Ешбір ғұлама» дейсіз, «айтпаған» дедіңіз. Өзгені қойғанда Пайғамбардың хадисінде «ғұламаның жазу жазған қара сиясы – шаһидтің қанынан қымбат» деген сөзді қайтесіз? Екінші – ғалемнің, инсі жанның жаралмыш тарихын, тек «Қыс­сасүл Әнбиеден» білген білімнің аты да білім бе? Адам қауымының бар нәсілінің мінез-құлқын тек қана «Қырық хадис», «Лаухынама», «Фикхқайдәни» тұрғысынан тани білген де жұбаныш па? – деп еді».
Абай сол кездегі дүмше молдалардың, қари-мәзіндердің білімсіздігін осылайша әшкерелеп отырады. Ол дін дегеніміз – соқыр сенім емес екендігін, дін ілімі тек бір арнада, бір салада ғана білім қууды мойындамайтынын исламдық қағидаларға сүйене дәлелдейді. Шығармада дін адамдарының келбет-пішіндері, діни көз­қарастары тек қожа-молдалар, хазірет-хал­фе­лер немесе ишан, қари, имамдар бейнесі ар­қылы ғана емес, романдағы әрбір діни сауаты бар кейіпкерлердің дүниетаным-пайымдаулары арқылы да танылып жатады. Мұның бәрі – М.Әуезовтің кеңестік қатал кезеңнің өзінде қа­лай ой түйгенін, діни көзқарастарының ұлан-ғайыр екендігін, ислами білімінің соншалықты тереңдігін көрсетеді. Атақты суреткер: «…Абай – дінсіз емес, қайта дін тұтынушы, ила­ну­шы адам болады. Сонда, ол өзінің елі тұтынып отырған мұсылманшылық дінін­де. Сол діннің Алласын және де басқа да бірталай қағидасын ақын өзінің нанымы етеді. Дінді түсіну, тұтыну және бағалау жайында, әрине, заманындағы исламшыл дін басылардың, апологеттердің ұғымынан сан рет аулақ кететін пікірді Абай өлең сөздері мен қара сөздерінде көптен-көп танытады. Кейде оның діні шартты түрдегі, тек адамгершілік мақсатына ғана арналған дін болатыны бар», – деп гуманистік ойлардың, ізгі қасиеттерді меңзейді.
Эпопеядағы Абайдың Семейдегі діни қызметкерлермен қақтығысып, олардың өз­дері сүйеніш еткен қасиетті кітаптарындағы (Тәурат, Забур, Інжіл, Құран) мысалдарды пайдалана отырып, өз қаруларын өздеріне жұмсап, пікір-таластарда үнемі үстем шығып отыруы жайдан-жай емес. Оны орнын тауып, орайлас­тырып отырған жазушының білімдарлығы. Мысалы, ұлы ақынның аузынан «әділет, халық, халыққа адал қызмет ету» деген сөздердің қай­таланып шығуы, оның «көңіліне бекіген тұрақты ойы», «бойындағы гуманизмі» орыс досы Е.П.Михайловты да қызықтырады. Соған орай автор: «…ислам тарихы – білім, ол үлкен білім! Тек қандай тарихшы жазғанын талдау керек…– деп Михайлов бүгін исламға байланысты шығыс туралы, Абайды қайран еткен, қызықты жаңалықтар айтып кетті. Ислам, араб өнері, жалпы дүниежүзінің ғылым, сана табысына көп ғасырлар бойында аса зор жемістер берген. Ескі антик өнері мен Еуропаның біріне келіп шыққан ояну дәуірінің арасында жатқан бірнеше жүз жылдар меңіреулігі бар. Сондағы көп ғасырдың қараңғылық заманына сәуле беретін тек араб мәдениеті екенін айтып өтті. Арыдағы Сократ, Платон, Аристотель мирас­тарын бүгінгі өнерлі халықтар қауымына өзінше өсіріп кеп жеткізушілер шығыстан шыққан данышпандар болғанын ескертті», – дейді достар арасындағы терең мазмұнды әңгіме жайлы. Бұған қоса қазақ даласындағы патшалық Ресейдің миссионерлік саясаты, қа­лың қазақ арасындағы ислам дінінің ықпалы, оның қаладағы басым көрінісі Абайға дін адамдарын жаңа қырынан тануына, олармен бұл тақырыптардағы пікір алысуларға үлкен дайындықпен баруына ықпал етеді. Осы ретте ол «жау жағадан алғанда, бөрі – етектен» деген секілді ел ішіндегі ең залалды әлеуметтік топтың бірі – сауатсыз, тоғышар дін иелері, дүмше молдалар екенін ұмытпайды. Оған ұлы ақынның отыз сегізінші қара сөзі де айғақ.
Патша өкіметінің тұрғысынан терең айла­керлікпен жүргізілген отарлау саясаты ауанымен айтқан кемеңгер ақынның: «Халықты ендігі тарихта жақсылыққа, жарыққа бас­­­т­ай­­тын дін деп білмеймін» (М.Әуезов. «Ақын­дар ағасы»: «Қазада» атты тарауы) деген сөзінен жандарал Абайды дінсіздігі үшін ұнатып қалады. Оның ойына басқадай жымыс­қы ниет келіп, христиан дінін, оның ішінде православие тармағын мақтап сөйлейді. Қазақтар секілді Ресей империясы қарамағына енген Сібірдің бұратана халықтарының көпшілігі өз діндерін тастап, христиандықты, православиені қабылдап, ышқынып жатқанын мысал етіп ұзақ толғайды. Жандарал дін үгітшісі ретінде христиан дініне өткен қазақ сияқты ұлт өкілдері бұдан былай тез өсетінін, бақытқа тез жететінін баяндайды. Абайға қамқоршы, ақылшы секілді толғанып, ол Пушкин, Лермонтовтар ғана емес, орыс православие шіркеуінің өте ақылды, аса білімді өсиетшілері бар екенін, Қазан қаласындағы атақты миссионер Н.И.Ильминскийді, Түр­­кістан даласына мәлім болған миссионер Н.П.Остроумовты, өзі жақсы білетін Омбыда тұратын ағартушы-миссионер А.Е.Алек­торовтарды атайды. Ақмола, Се­мей облыстарын әкімшілік жағынан бір гене­рал-губернатор, дін істерін бір епископ Семейде Ертістің екінші жағындағы қазағы көп Сло­бодкеге орналасатынын баяндайды. Бұл соңғы жылдары қолға алынып «миссия» атты шір­кеу салғызып, қазақтың жетім балаларын шо­қындырып, «ізгілік миссионерлік» деген саясатпен «тәрбиелеп» келе жатқан жағдайлардан Абайдың да хабары бар еді. Жандаралдың түл­кі саясатын, опасыз ойын ұққан Абай:
«– Менің халқым діндар болмаса да өздерін мұсылманбыз деп санайды. Оның тарихы, болашағы жақсылыққа ауысып өзгереді, өседі деп үміт еткенде, мен мүлде дінді өзгерту арқылы жақсылыққа жетеді екен деп ойлаған емеспін. Халқым шала мұсылман болса, мен өзім де сондай ғана мұсылманмын. Шала діндар күйінде күн кешемін. Бұл жасқа дейінгі өмірімде дін ұстазы, дін өсиетшісі болып көргенім жоқ. Сөйтіп, мен нашар молда болған кісі едім. Енді, менен «жақсы поп жасауға болады» деген сіздердің сенімдеріңіз қалайша туғанын әлі аңғарып болғаным жоқ» – деп ашық жауап береді. Сөйтіп жандарал Лосовский Абайды көндіре алмай жайына кетеді. «Миссия», «миссионерлік» секілді іс-әрекеттерге байланысты патша әкімдерінің жүргізіп отырған саясатын жазушы роман-эпопеяның кейінгі жаңартылған нұсқаларында орыстың төңкерісшіл зиялысы Ф.И.Павловтың аузымен айтқызып, өз ойын мығымдай түседі: «– Имамдар, байлар қаланың кедейлерін, қырдың қараңғы халқын алдайды, адас­тырады. Оларға көзге шұқып тұрып көрсетіп, нені айтады? Мынау почтаның қасында, каланчаның жанында тұрған ақ шіркеуді көрсетеді. Онда кім бар, не бар? Бұл шіркеуді «миссия» деп атайды. Оны өзіңіз де білесіз. Ал, осы миссияда кім тұрады? Үлкен дінбасылары тұрады. Анау Омскідегі генерал-губернатор дәрежесіндей Ақмола, Семей екі облысының дінбасысы епископ тұрады. Ол епископ Андриан осы қазағы көп Слободка қаласына әдейі кеп орнаған. Неге? «Қазақтың, татардың халқын шоқындырамын», «Іслам дінінен христиан дініне ауыстырамын» деп келіп отыр!» – дейді «Шайқаста» атты тарауда. Енді бірде, тағы да: «Орыстың попы да жаман, мұсылмандардың моллалары да жаман… Бұлардың екеуінен де халыққа жақсылық жоқ. Олар және халықтарды бір-біріне тек дін жағынан қарап, араз етіп жау етуді ойлайды», – деп ұлттарды айдап салып, дінаралық алауыздық туғызу сияқты патша саясатының астарын аңғартып, келеңсіздіктің басты себебінің күрмеу жібін ағытады.
Романдағы христиандықты қабылдатып, шоқындырылған Бутин Мекеш деген бала туралы мағлұмат та – өмірде болған тарихи шындық. Ол 1912-1913 жылдары Семей қаласындағы бес жылдық мұғалімдік семинарияның бірінші сыныбында М.Әуезовпен бірге оқыған. Ол – Бутин Стефан деген оқушының прототипі. Оны кезінде мұрағат құжаттарынан белгілі ғалым Қайым Мұқаметханов ағамыз тауып, баспасөзде жария етті. Сол құжатта, сынып оқушыларының тізімінде төртінші ретпен Бутин туралы мәлімет беріледі: «Бу­тин – Стефан Владимиров, год рождения – 1891, сословие – новокрещенный из киргиз, вероисповедание-православного, получает казенную стипендию». Мекеш те семинарияның бірінші сыныбын жақсы оқып, Мұхтармен бірге екінші сыныпқа көшкен. Шы­ғармада Бутин деп фамилиясы ғана беріліп, Мекеш деген атын «Михаил, Мишка» деп көрсетеді автор.
Міне, осы деректер арқылы суреткер сол кездегі діни идеологияның, мемлекеттік саясаттың бағыт-бағдарын байқатады. Расын­да да, дін саясаттан тыс, ел билігінен аулақ болғаны жөн. Ондай болмаған жағдайда ел­дің шырқы бұзылады, халықтың бірлігі кетеді, берекесі қашады, мемлекеттің ырысты ынты­мағына сызат түседі. Сондықтан, заң талабы бойынша қаншама «дін – мемлекеттен бөлінген» десек те, дінаралық үйлесімділік пен өзара түсіністікке ұлтаралық келісімнің негізгі шарты ретінде мән беріліп, әрдайым мемлекеттік саясаттың басты назарында болғаны орынды. Мұның барлығын ұлы Әуезов біліп, олардың дәп бір басы-қасында болғандай, соны өз көзімен көр­гендей, қолымен қойғандай етіп оқыр­ман­ға жеткізіп отыр. Ол Орыс православие шіркеуінің Қасиетті синоды, оның жұмыс тәртібі мен жергілікті жерлердегі құры­лымдық бөлімшелері – епархиялық бас­қар­­малар жөнінде, христиан дінінің діни мере­келері, жалпы қағидаттары мен кейбір діни қызметкерлердің келеңсіз әрекеттерін жетік білетінін аңғартады. Оқырманға Абай­дың діни көзқарастары М.Әуезовтің рухани сенім-нанымы секілді әсер қалдырады. Өйткені, ұлы ақынның діни ой-пікірлерін таныту әрекеті үстінде автор өзінің жан-жақты діни сауаттылығын (исламмен қоса христиан, иу­да, будда сынды басқа да әлемдік дәстүрлі діндерді, олардың тарихын терең білетінін) көрсетіп отыр. Шығармада ислам дінін жазушының, тіпті, кейбір діни қызметкерлерден де артық білетінін байқау қиын емес. Алайда, суреткер әлемдік діни ой-пікірлерге байланыс­ты қаншалықты көсіле жазғанымен заман ағымына сай тізгінді тарта отырып, кей тұста сол кезеңнің ыңғайына қарай сақтықпен сөз саптағанын сеземіз. Бұл, әсіресе, ислам жайына байланысты жайларда жиі аңғарылып жатады. Ол жөнінде жазушының өзі: «Абай ислам дінінің үгіт-өсиетін өте шартты түрде ғана шамалы, шақты жерге ғана керекке жаратты», – деп асқан сақтықпен дәуір талабына орай сыр шерткен болады. Шәкірттің ұстаздан бата алуы – халықтық әдет-ғұрыпта ежелден келе жатқан діни дәстүр. Бұл – адал ниет, жақсы тілек білдірудің белгілі бір діни рәсімі. Мұны жазушы шығарманың алғашқы «Қайтқанда» атты тарауында былайша өрнектейді:
«Бұлар хазіреттің қорасына кіріп, асау құнанды ат қораға байлағанда, хазірет өзі көріп, сыйлық екенін іші біліп, үн қатпаған болатын.
Кейін үйге кіргенде Жұмабай Құнанбай­дан сәлем айтты да:
– Мына баласына – өзіңіздің шәкіртіңізге фатихасын сұра деп еді,– деген.
Хазірет:
– Бәрәкәллә, бәрәкәллә… бирахматика я архамар-рахимин, – деп отырып, Абайға қол жайып бата берген-ді». Яки, болмаса, «Жолда» атты тараудағы Қарқаралыға мешіт салғызып біткенде қазағуар имам, молла Хасен Саратауының да Құнанбайға берген батасы оқырманға әсерлі: «– Қарадан туған хан өзіңсің… Мәсжідтің кәләм шәрифтегі бір исмі Бәйтолла… Құдай тәбарака уа тағаланың үйі… Оны надан қауым, қараңғы сахара ортасына салған сен, иеңнің сүйген құлының бірі боларсың… Ынша алла… – деп көп атқамінер, старшын, ұлықтар алдында, алғыс айтып, фатиха беріп еді… Жаңағыдай бұл дүние мен ол дүниенің берекесін бір-ақ берген хазіретке Құнанбай сол жиыннан қайтар шағында бір ат, бір түйе беріп, үйіне апартып салған»,– деп автор кестелі сөзден тамаша этнографиялық көркем көрініс, жанды сурет жасайды. Мұндай мысалдар романда жиі кездеседі. Оның әрқайсысына ден қойып, зерделеу арқылы талай діни құндылықтардың байыбына барамыз.
М.Әуезов және Құран-Кәрім ілімі туралы айтқанда, ұлы жазушының романда жан сүйсіндіретіндей етіп қасиетті кітаптағы бар-жоғы бес аяттан тұратын 105-ші «Филь» сүресіндегі «Әләм тәрәкәйфа фағала раббука би асхибиль филь» деген бірінші аятты Абай қирағатымен оқытып, оның кирилл әрпімен оқылуын – транскрипциясын беруі; одан оны қазақ тіліне аударуы; бес уақыт намазда оқылатын тәкбір-таһлил дұғалықтарды, 113-ші «Фәлақ» сүресінің «Құл ағузу бирабби фәлақ, мин шаррима халақа уа мин шарри нәффәссәти филь ғұқад» секілді аяттарын келтіре, оны тәржімалай түсіндіруі; соқыр қаридың 36-шы қасиетті «Ясин» сүресін Бұқар мақамымен: «Я-син уәл қурануль хаким» деп создыра бастап келіп, «ләтунзира қауман ма унзира» деген бесінші аятқа келгенде жаңылып барып түзеп кетуі, мұсылмандықтың бес парызының бірі – намаздың түрлері мен оларды орындау тәртіптері шынайы әрі әсерлі шыққанын айтқан абзал.
Енді, Қоңыр әулиеге байланысты әңгімелер мен әулие үңгірі ішінде жалпы мұсылман пендесі көбінесе қорыққанда оқитын «Аятүл күрси» сүресін Мағашқа оқытуына келелік.
«Әулие» – араб тіліндегі «уәли» сөзінің көпше түрі. Негізінен екі мағына береді: бірі – Алланың сүйікті құлы, яки, досы, Алланың ең жақын адамы; екінші мағынасы – қамқоршы, басшы деген ұғымды таны­тады. Біздің қолдануымызда әулие сөзі осы екі мағынада да бірдей қамтылады. Кейде ерекше қасиетті әулие адамды жерлеген зират оның атымен «Қаспан әулие», «Жабай әулие», «Зәріп әулие», «Құралбай әулие», «Жалаңаш әулие», «Қорасан әулие», «Шымыр ата әулие» деген секілді аталып, әулие сөзі зират, мазар, бейіт ұғымының бала­масы ретінде де қолданылады.
Негізінен әулие – ислам дініндегі қалыптасқан дәстүр бойынша тау-тасқа, өсімдік-ағашқа, өзен-бұлаққа, арасан суға, белгілі бір затқа емес, тек адамға қатысты қолданылатын анықтама. Сосын дін-ислам тарихында ешбір әулие көзі тірісінде өзін «мен әулиемін» деп айтпаған. Ол әулие екенін өзі де сезбеген, оны басқа сырт адам да байқамаған. Тек әлгі ерекше қасиетті кісі дүниеден озған соң ғана өзінен кейінгі білетіндер, көз көрген замандастары, жалпы жұрт оның бойындағы өзгеде кездесе бермейтін сапалық белгілері арқылы марқұмның әулие екендігі туралы ұғымды қалыптастырған. Одан кейінгі ұрпақтар сол әулиені аса құрмет тұтқан, өмірден таршылық көріп, қысылған шақтарында Алладан медет, әулиеден көмек сұраған.
Әулиелер Аллаға құлшылығынан әсте танбаған, жаны таза, нағыз діндар, тақуа, сәбидей пәк адамдар болған. Өзі үшін емес, халқы үшін қызмет еткен; кедей-кепшіктер, жарлы-жақыбайлар, кемтар-кембағалдардың мұң-мұқтажын ойлаған. Олар жаратылысында өте қарапайым, кішіпейіл, ақ ниетті, таза жүректі ақкөңіл адал жандар болған, обал мен сауапты арашалаған. Әулие ешкімнің ақысын жемеген, ешкімді ренжітпеген, қиналғандарға қол ұшын берген. Бата сұрағандарға берген батасы, айтқан тілегі қолма-қол қабыл болған немесе түсінде аян берген. Әулие жөніндегі осындай орнықты көзқарас, тиянақты тәртіп (басқа діндердегі секілді сайланбалы, не дінбасы бұйрығымен көзі тірі діни қызметкерлерге берілетіндей емес) тек ислам дінінде ғана кездеседі. Бұл мұсылман қауымының бас кітабы – Құран-Кәріммен байланысты, оның терең сырлы сүрелері мен әуезді аяттарындағы өнегелі мазмұнда баян етілген. Мұны автор жақсы біліп отыр.
Айталық, Аятүл күрсиден кейінгі 258-ші аятта әулие (яғни, жекеше түрі уәли) жөнінде айтылады. Онда «Алла уәлиу әлләзина әману» (Алла иман келтіргендердің досы) немесе Юнус сүресінің 62-ші аятында: «Әла инна әулия аллаһи лә хәуфун алейхим уә ләһүм яхзанун» (расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды) деген қастерлі аяттармен іштей байланыстырылған, олардың бір-бірімен сабақтасып қатарласа тұрғанында үлкен мән жатыр деп ойлаймыз. Бұл мысалдар да қаламгердің Құранның аят-сүрелерін, оның құрылымдық мазмұнын, әулие феноменіне байланысты танымдық мәселелерді жақсы білетіндігін байқатса керек-ті. Сондай-ақ, автор «Қырық хадис», «Лаухынама», Фикхқайдани, «Қиссасүл әнбия», «Шарқ Ғаб­дулла», «Мантиқ», «Ғақайд», «Қафия», «Фикх», «Наху» секілді діни кітаптар мен оқу пәндерін, Әлішер Науаи, Қожа Хафиз, Шайх Сағди, Фирдоуси, Физули, Бабыр сынды Шығыс классиктерінің шығармашылығын, «Сейітбаттал Ғази», «Жамшид», «Мың бір түн», «Жүсіп-Зылиха», «Ләйлі-Мәжнүн», «Көрұғлы» сияқты хикая-дастандарды орынды пайдаланады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссалам­ның өсиет еткен «Мән лә хаяун уә лә иманун ләһу» (кімнің ұяты жоқ болса, соның иманы жоқ), «Хайрун нас мән янфағұн нас» (адамның жақсысы адамға пайда келтірген адам), «Иннамәл ағмалу бин ният» (әрбір іс ниетке байланысты) сияқты т.б. хадистері, шариғат үкімдері, хатым құран түсіру, бәддұға оқу (теріс бата беру), бата алу, жаназа шығару, табыт қағу секілді діни рәсімдер мен ислам дініне байланысты толып жатқан термин сөздер туындыда шебер ұсынылады. Сол кездегі ел өміріндегі діни жағдайды, қазақ арасындағы діндарлықтың деңгей-дәрежесін, Семей қаласындағы діни қызмет, іс-әрекеттерді, ондағы «Қос мешіт», «Тас мешіт», «Сарт мешіт», «Қазақ мешіт» деп аталатын үш-төрт мешіт пен оның имамдарын (Ғабдулжаппар, Ғабдыразақ, Хисами, Жамалиддин, Мірқұрбан ахун, Мәлікаждар қари, Әшім қожа), Шәріпжан хәлфе, Самат қари, Самұрат мәзін, молла Хасен, Ғабитхан молда, Кішкене молда, Бұхараи-Шәріптегі Мір-Араб медресесін тәмамдаған Сармолла сияқты тарихта болған діндарларды автор жақсы білетінін байқатады.
Дін, адамгершілік, мораль, тәрбие тақырыбы туралы әңгімелегенде ұлы ақынның шығармашылығындағы қара сөздердің алар орнына айрықша тоқтала кеткен мақұл. Олай дейтініміз, қара сөздерді пайдалану арқылы жазушы өзінің діни тақырыптағы өрісті ойларын молынан жеткізе алған. Мұны ол авторлық баяндауларда да, кейіпкер сөздерінде де, диалогтарда да ұтымды қатыстырып оты­рады. Бұл жөнінде шығармада кейіпкерлер сөзі арқылы ашық мәтінмен айтылады да. Мәселен: «– Мен соңғы айлардағы кейбір «Қара сөзден», «Өлең сөздеріңізден» дін өсиетіне дағдыланған молла ақынның аңғарын байқағандай болатұғым. Ойлаушы ем, осындай сөз үлгісі ағамды оқып, ұғып, жаттап жүрген қазақ қауымының көбіне түсініксіз ғой. Осылай сөйлеудің қажеті қанша екен?» – деуші едім. Жаңағы моллалармен шарпысқан, – деп Әбіш күлді де, – сөзіңізге қарағанда, сондайлық сөз үлгісінің орны бар екен дедім. Өзінің арналатын адресі бар екен деп, солайша жазуыңыздың себебін түсіндім»,– дей отырып, оның мәнін ұлы ақын өзі түсіндіріп ашады.
Ақиқат, әділдік, шындыққа байланысты әмір-мағруф жасағанда:
«…Әрине, «хақиқат» әртүрлі. Ислам діні өз хақиқатын бар мұсылман айтатын «иман» ішінде келтіреді. «Амантұ билләһи уәмәләйкатиһи, уакутубиһи, уәрасу­луһ», – дейді Абай. Осылайша, жазушы шығармада ойшыл ақынның дін, мораль, тәрбие тақырыбын сөз еткен он екінші, он үшінші, жиырма жетінші, отыз бесінші, отыз алтыншы, отыз сегізінші, қырық бесінші қара сөздерін ретке қарай келтіріп отырады. Көрнекті қаламгер қара сөздер туралы (Абай) «өзі тапқан бір алуан көркем сөздің түрі… Адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді… Мұсылман дініне иланған тыңдаушыларына Құдайдың, Пайғамбардың, иман, парыздардың жайларын көбірек айтады. Мынау оқушылармен әңгімелескенде өз ойына соларды серік етеді… тату, тыныш мәжіліс құрғандай болады… Өзінің қасында жақын жүрген шәкірт достарына, үміт еткен жақсы жастарына аса бір жылы жүректен ағалық өсиет етіп айтқан», – деп өз бағасын, анықтамасын береді.
Шығарманың көркемдік-рухани бояуын қоюлатуда суреткердің юморлық баяндауларды да шебер пайдаланатынын айтпай кетуге болмайды. Ол эпопеядағы сан алуан өмірлік құбылыстарды, кейбір келеңсіз көріністерді, ыңғайсыз жайттарды жеңіл юмормен, әдепті әжуамен береді. Мұнда да діни мағына, діни сипат танылып жатады. Мысал үшін, қалың қауым арасында «Жұман қырт» атанып кеткен әйгілі кейіпкерден: «Жидебай мен Мұсақұлдың арасы қанша шақырым екенін сұрағанда, оның айт намазынан келе жатып қолмен санағанын, сонда дәл бір мың екі жүз отыз жеті «Лә илаһа илалла» болғанын айтып күлдіруі немесе Абайға: «Бүгін әкемнің алдына бара қап ем. «Аузың ораза ма? Бес уақыт намаз оқимысың? Мұсылмандық парызын атқарамысың?» деп, дәл бір Мүңкір-Нәңкірдей тергеуге алғаны. Шынымды айтып, сол атағаныңыздың бәрінен осы жайда құлан қандай таза болса, мен де сондай тазамын дегелі бір тұрдым да, бата алмадым. Шатақ шығатын. Сонан соң қайтейін? Е, бәрі де солай дегенім. Осыған ырза болып, өзімді мақтап, күні бойы қасында сарғайтпасын ба кеп?! Амал жоқ, дәретсіз намаз да оқыдым. Өтірік ораза да болдым. Бүйте берсе, шындығына біржолата көзін жеткізейін деп өзімен бірге ауыз да аштым. Жаңа ауыз ашарға істеген барлық ыстық тамағын сыпырып-сиырып жеп, үйге қайтып келемін. Міне, сүйтіп, әкеңізді алдап соғып келе жатқан Оспан біз боламыз», – деп Оспан інісінің қарқылдап күлуі («Қияда» атты тарау) – оның ойлау өрісіне, өзіндік ішкі жан дүниесіне тән табиғи қасиет.
Роман-эпопеядағы діни ұғымдар, наным-сенімдер, дінге қатысты мақал-мәтелдер, айшықты сөздер, діни терминдер, фразеологизмдерге, осындай, ретпен зер салу нәтижесінде шығарманың рухани-идеялық көркемдік-тәрбиелік мағынасы ашылып, хәкім Абайдың ұлы тұлғасы барлық бітім-болмысымен сомдала түседі. Мұндағы басты міндет – дінді жалпы адамзат мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде саралай отырып, оның қоршаған ортаны, төрткүл дүниені танып-білудің, оны рухани меңгерудің құралы екендігін, діни сана, діни сенім-наным, діни ұйымдардан тұратын әлеуметтік рухани жүйені құрайтынын ұғыну болуы тиіс. Өйткені, күллі адам баласының даму тарихы, өсіп-өркендеуі, қалыптасып жетілуі дінмен етене байланысты. Сон­дықтан, діни наным бұрын да, бүгін де, бұдан былай да барлық адамгершілік мұраттарды, жалпыадамзаттық рухани құнды­лықтарды, гуманистік идеяларды көп­ші­ліктің меңгеруінің, шын жүрегімен қабылдауының ең пәрменді тәсілі болып қызмет ете бермек. Оған қоса қазіргі әлемдік жаһандану үрдісі, еліміздің дамыған елу елдің қатарына қосылу жолындағы әрекеті ең алдымен рухани ой-сананы жетілдіруді, ұлттық құндылықтарымызды берік орнықтыруымызды талап етеді. Ал, дін, біле-білсек, біздің рухани байлығымыздың қайнар бастауы, елдік тұтастығымыздың негізгі іргетасы. Осынау ізгілікті ой мен биік рухани парасатты Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қолдай отырып, бұл бағытта салиқалы саясат жүргізіп отырғаны әмбеге аян. Айталық, 1995 жылы қазан айында «Российская газета» басылымына берген сұхбатында:
«– Сіз өзіңізді діншіл, құдайға сенетiн адаммын деп айта аласыз ба? – деген тілші сауалына Нұрсұлтан Әбішұлының:
– Маған рухани күш, яғни, адамның ішкі жан дүниесінің тазалығы және діни сенім бір-бірімен тығыз байланысты, қатар жүретін сияқты көрінеді де тұрады. Адам әуелі рухани жағынан жетілуге қадам жасайды да, сонан кейін Құдайды мойындап, оған жақындай түседі…. Құдайға құлшылық ету жас кезде де, егде тартқанда да жарасады»,– деп жауап беруінің үлкен мәні барлығы айтпаса да түсінікті болса керек. Елордамыз Астанада Рухани келісім сарайының салынуы мен ондағы әр екі жылда бір өткізіліп тұратын әлемдік дәстүрлі діндер өкілдерінің съездері діни бағыттағы өзара түсіністік пен бейбіт өмір, рухани татулық жолындағы еліміз ұстанып отырған сындарлы саясаттың, соған сай атқарылып жатқан игілікті істердің айқын дәлеліндей.
Осы бүгінгі егемен ел, дербес мемлекет болатынымызды ұлы қаламгер сол кездің өзінде – өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында алдын ала болжап білгендей. Оған шығармадағы Абай аузынан шыққан мына сөздерді дерек көзі ретінде алға тартуға болады: «…Жылдар ма, көп жылдар ма, оны болжау өз басыма оңай емес. Менен артық білгендер, алысты көретіндер, орыс қауымының шын жақсы дана адамдары, бәлки, жыл мөлшерін де айтар еді. Әйтеуір, бір болжайтынымыз бар! Неғылса осы өздерің біліп, көріп тұрған дүние асты-үстіне келіп, астан-кестен бір өзгереді де жаңғырады. Одан арғы заман, сендердің ата-бабаң, арғы-бергі әруағың аңдап, болжап білмеген бір өзгеше заман болады!». Бұл – ұлы жазушының көрегендігі, болжампаздығы. Кемеңгер ойшыл айтқандай, ғасырға жуық уақыттан кейін кеңестік қызыл империя тарап, басқа елдер қатарлы біздің мемлекетіміз де дербестікке ие болды, тәуелсіздікке қол жетті.
Қазіргі өскелең өміріміздегі, жаңарған қоғам дамуы тұсындағы жергілікті халықтың, сондай-ақ, бүкіл еліміз жұртшылығы дәстүрлі діндер назарын аударып алаңдатып отырған ерекше мәселе – біздегі қаптаған шетелдік дін уағыздаушылардың іс-әрекеттері белең алған жағдайда ата дініміз жөніндегі мұндай мағлұматтарға мән беру бәріміз үшін аса қажетті. Бұл, әсіресе, жас жеткіншектерді бүгінгі қаптаған діни ақпараттар ағымына теориялық тұрғыда сауаттандырып әзірлеу міндетін қояды. Осы мақсатта нысаналы жұмыс жүргізу жалпы орта білім беретін мектептер мен арнаулы және жоғары оқу орындары үшін маңызды мақсат болуы керек. Мұндай өнегелі бастаманы алғашқы дала қоңырауы – ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин осыдан бір жарым ғасыр уақыт бұрын қолға алған еді. Ол: «…біріншіден, қазақ жастарының дiн жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін; екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алып кетпеуі үшін, мен соңғы кезде Мұхаммет шариғатын үйрене бастап, …осы оқу құралын құрастыруға кірістім», – деп жазды қазақ-орыс мектептеріне арнап шығарған «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты оқулығының кіріспесінде. Бұл мәселе осы күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ, әсіресе қазіргі кезеңде біздің халқымыз үшін тіпті бұрынғыдан да гөрі өзекті десе де болғандай.
Қысқасы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Мұхтар Әуезов – өз шығармашылығы арқылы, өзінің жалпы адамзаттық деңгейдегі ұлы гуманист-жазушы екендігін әлемге әйгілеген ғажайып дарын иесі, оның бүкіл дүние­жүзі өркениеттер үндестігіне, халықтар достығы мен ұлтаралық қатынастарға, дінаралық өзара түсіністік пен күллі адам баласының рухани игіліктеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Данышпан суреткердің діни тақырыптардағы ой-пікірлері – өшпес өнеге, ата дініміздің, ана тіліміздің тазалығы, абырой-беделі үшін аянбай еңбек етудің озық үлгісі ретінде бізге ой салады, еріксіз назар аудартады. Осыған қарағанда Француз жазушылары ұлттық комитетінің бұрынғы төрағасы, көрнекті қаламгер Луи Арагон: «М.Әуезов – біздің заманымыздың аса ұлы жазушыларының бірі», – деп тегін айтпаған екен-ау деген ойға қаласың. Шындығында да, Мұхаң – ұлы жазушы!

Алдыңғы «
Келесі »