МЕМЛЕКЕТ – ТАРИХИ ҮДЕРІСТЕР АЛАҢЫ

  • 26.11.2019
  • 439 рет оқылды
  • 0

Түркілік мемлекеттер: алғашқы құрылымнан империяға дейін

Ханкелді Әбжанов,
ҚазҰАУ«Рухани жаңғыру» гуманитарлық
зерттеулер орталығының жетекшісі,
ҰҒА академигі

Мемлекет жер мен тілден көп кейін пайда болды. Бастапқыда адамдар қауымының, оған тән руханияттың, әлеуметтік-саяси және экономикалық қатынастардың, басқа да сан алуан сұранысы мен қажеттіліктерінің бірлігі мен бірегейлігі негізінде дүниеге келді. Демек, ол адамдар қауымының әлеуметтенуі мен ұжымдасуы үдерісіндегі пайдасыз, қажетсіз атавизмдерден арылудың, өсу мен кемелденудің ең биік сатысы. Бірақ, адамдар үшін алтын ғасыр басталды деуге болмас, мүмкіндігі де шексіз емес. Әрі-беріден кейін, мемлекет, салыстырмалы түрде айтқанда, адамдар өмір сүріп жатқан мекен-жайдың тап сол секілді басқасынан іргесін аулақ салғанының рәсімделуі ғана. Бұл мекен-жайдағылардың бай болуы, кедей болуы мемлекеттен бұрын ондағы тікелей өндірушілерге, билік иелеріне, ұстанған заңдары мен өмір салтына байланысты. Тарихты түзуші халық, тұлға, билік екені осыдан көрінеді. Сыртқы факторлардың әсерін де жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, мемлекеттің өміршеңдігі мен мәнді ерекшелігі халқының рухымен, тұлғаларының зиялылығымен, биліктің көрегендігімен суғарылған ішкі үдерістер жиынтығымен анықталады.
Мемлекеттің басты байлығы – халқы, тұрғындары. Халқы мен тұрғындарының қуаты һәм қамал-қорғаны – мемлекеті. Әдетте әлеуметтік негізін байырғы, автохтонды халық құрайды. Сол себепті де материалдық, материалдық емес, рухани, саяси, тілдік, тіпті антропологиялық болмысы мен келбетіндегі сабақтастықты, жалғастықты байқай аламыз. Бұлар – мемлекет аумағында тарих пен уақыт желісі үзілмегенінің айғақтары.
Түркілер мекендеген кеңістікте алғаш пайда болған мемлекеттер ж.с.д. ғасырлар еншісінде. Ғалымдардың есептеуінше, «Авестада» 16 елдің аты аталған. Олардың ішінде Бактрия, Мерв бар. Сақтар мемлекеті мен билеушілері туралы жазба деректер ғылымға кеңінен мәлім. Парсылар жаулап алғанға дейінгі (ж.с.д. VI ғ.) түркілік кеңістікте Соғды, Ферғана, Бұқара, Мерв, Хорезм мемлекеттері аса бай мұра қалдырды. Ж.с.д. қарсаңында және бастапқы жылдарында мейлінше күшейген Кушан патшалығы Орта Азиядан әрі Ауғанстанға, Пәкістанға, Солтүстік-батыс Индияға дейін, Парфия патшалығы қазіргі Түркменстан аумағынан Индияның солтүстік-батысына дейін созылып жатқан екен. Ұзақ уақыт салтанат құрмаса да, Арал мен Каспий теңіздерінің солтүстігіндегі далада Хиониттер мемлекеті, Орта Азияда кидариттер мен эфталиттер мемлекеттері өмір сүрді. Ж.с.д. 177-12 жылдар аралығында Жетісу жерінде үйсіндер мемлекетінің тарихы түзілді. Қаңлылар мемлекеті үш ғасырға жуық (ж.с.д. 1- ж.с. II ғасырлар) Ташкент шұратынан Қазалыға дейінгі аумақты алып жатты. Халқы 600 мың адамға жетіпті. Бұлардан кейін орталық Азияда, оның ішінде Жетісуда да терең із қалдырған алпауыт мемлекет Жужандар қағанаты еді.
Мемлекет тарихының осынау бастапқы жылдарын көктей шола отырып, алдыңғы мемлекетсіз дәуірінен қандай ерекшелігі бар екенін зерделегенде үш қорытынды шығаруға болады: біріншісі – sapiens-тің тағылық пен жабайылықтан толық және түпкілікті қоштасқаны. Мемлекет алтын тақта отырып әлін білмеген Аязбидің субъективизмін, ақсауытты батырдың жуан жұдырық эгоизмін, идеология мен саясаттың тұрақсыздығын көтере алмайды. Екіншісі – ендігі жерде тарих үдерісі мемлекеттен тысқары жүрмейтіні. Мемлекет өмірінде кездейсоқтыққа орын жоқ. Бәрі саясаттан туындайды, саясатпен жүзеге асады, саясаттың нәтижесі болып табылады. Демек, тарихи үдеріс мемлекет аясында жүретін болғандықтан оның иесі, негізі де мемлекет саналатыны сөзсіз. Үшіншісі – тарихтың жолы бұрынғыша бұралаңға толы екені, кең де даңғыл бола қалмайтыны. Мәселен, аса көп адамның басын біріктірген мемлекет олардың мүмкіндігін еселеп арттырды. Ішсем-жесем дегенге саятын әрі хаосы басым табиғи сұраныстың алдына мемлекеттік реттеу мен саясат шықты. Демографиялық, материалдық және интеллектуалды ресурстардың ұлғаюымен қашықтық пен географиялық бөгесіндерді еңсеру мәселесі күн тәртібінен алынды. Этникалық үдерістер тереңдеді.
Әлеуметтік негізін, тыныс-тіршілігін адамдар анықтайтын болғандықтан мемлекет те адам сияқты: әлдісі бар, әлсізі бар. Әлдінің әлсізге, әлсіздің әлдіге айналуы, этникалық кодын сақтай алуы немесе бөтеннің жыртысын жыртуы мүмкін екенін қария тарих әлденеше дәлелдеген. Табиғи-географиялық, сыртқы факторларды бекерлеуге болмайды. Әйтсе де, қанша мемлекет болса, сонша тағдыр бар. Күшеюінің немесе ыдырауының мерзімін, себептерін дәл көрсететін формула жоқ. Біреуінің жұлдызы билік иесінің талантымен жарқыраса, екіншісін әсер иесінің жеңісі ұшпаққа шығарады, үшіншісіне одақтасы себепкер болады.
Ж.с.д. 209 жылдан Маньчжуриядан Паннониге дейін көсіліп жатқан Ұлы далада Мөде басқарған ғұн мемлекеті дәурен салды. Кеңістікті түркілендіруге серпін берді. Империя бірнеше ыдырауды бастан кеше жүріп, 453 жылы қаһарлы билеушісі Атилла дүние салған соң күрт ыдырады. IV ғасырда Еуропаға басып кіргенмен, ұзаққа бармай сәтсіздікке ұшырады. Көсемі Атилла V ғасырда Римді бағындыруымен Еуропаның саяси картасын түбегейлі өзгертуге жол ашқан еді. Кенеттен қайтыс болған соң ұлдары әке ісін жалғастыра алмай, Еуропада тұрақ таппады. Немесе керісінше. Ұлы даладан кеткен қыпшақ перзенті Бейбарыс Мамлюктер мемлекетін шарықтатты, өзі және мұрагерлері Азияның, Африканың, Еуропаның тарихында өшпес із қалдырды. Бірақ, түптеп келгенде, түркілік өркениеттен гөрі араб өркениетін түрлендірді. Түркия Республикасы орналасқан Кіші Азияның ортағасырлық тарихы Византия империясына тиесілі екенін көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Қазір бұл аумақ біржолата түркіленді.
Ұлттық және ортақ түркі тарихындағы бетбұрысты ұлы оқиға 551 жылы болды: жер бетінде түркі атауымен тұңғыш мемлекет дүниеге келді. Жужандарға қарсы күресте жеңіске жеткен Бумын түркі қағанатын құрды. VI ғасыр ортасында қағанат Шығыс және Батыс болып екі мемлекетке бөлінді. Мемлекет бар жерде есеп пен бақылау, заң мен құқық, лауазым мен жазу-сызу пайда болады. Қағанаттың алғашқы ширек ғасырдағы халықаралық қарым-қатынастары, нақтырақ айтсақ, эфталиттермен соғысы, парсылық сасанидтермен одақтасуы Фирдоусидің «Шахнамасында» суреттелген. Ақынның баяндауынша, алты күнге созылған соғыс эфталиттердің талқандалуымен аяқталады, мұншама ұзаққа созылған соғысты жан баласы бұрын білген емес. 630 жылы Шығыс түркі қағанаты, 657 жылы Батыс түркі қағанаты Қытай бодандығына кіріп, жарты ғасыр азап шекті. 679 жылы Елтеріс қағанның көтерілісі екінші түркі қағанатын құруға қол жеткізді.Оның аумағы Маньчжурия мен Қара теңіз аралығын алып жатты.
Түркі мемлекетінің шаңырақ көтеруі құстың қанаты талып, аттың тұяғы тозатын орасан зор кеңістіктегі ежелден желісі үзілмеген тарихи үдерістердің қасиеті мен киесі, иесі мен жоқтаушысы кім екенін әлемге паш етті. Мемлекет пен оның халқы интеллектуалды жаңашылдықпен әрі жасампаздықпен ерекшеленетінін әліпбиі – Орхон-Енисей жазуы күмән-күдіксіз айғақтады.
Қуаты байырғы түркі қағанаттарының деңгейіне жетпесе де, VII ғасыр ортасында Бұлғар, 699-756 жж. Түргеш, 647-840 жж. Ұйғыр қағанаты, кейініректе орнына Қырғыз, Қимақ, Қарлұқ қағанаттары шаңырақ көтереді. 819 жылы Араб халифатына қараған әрі ислам дінін ұстанған Саманидтер мемлекеті бой көтеріп, Самарқанд пен Ферғананы қолына қаратты. Саманидтер құрамынан бөлініп шыққан Газневидтер мемлекеті 977-1186 жж., Гуридтер мемлекеті 1000-1215 жж. ортақ түркілік тарих беттерін жазды. Жетісудың, Мауеренахрмен Шығыс Түркістанның билігі 840-1211 жж. Қарахан қағанатына қарады. Бұл мемлекеттердің шежіресі күрес пен өзгерістерге толы. Жүздеген билеушілер алмасты, соншама соғыстар мен қақтығыстар өтті. Халықтар мидай араласты. Ең бастысы, этникалық үдерістің мазмұнын бұрынғысынша түркілену құрады. Айталық, Газневидтер мемлекетінде екі ғасыр ішінде онға жуық билеуші ауысыпты. Отыз жыл (999-1030) елді басқарған Махмұт Солтүстік Индияға, «дінсіздерге» қарсы жиырма шақты жорық жасаған екен. Оның беделінің асқақтағаны соншалық, парсының ұлы ақыны Фирдоуси «Шахнама» поэмасын сыйға тартады.Билеушілері қарлұқ тегінен шыққандықтан Газневид мемлекетінде түркілік құндылықтар үстемдік құрды.
Қарахан қағанатының атағын әлемге билеушілері мен қолбасшыларынан бұрын жайған ақын, ойшыл Ж.Баласағұн деуге негіз бар. Оның басты шығармасы «Құтты білік» мемлекетті басқарудың моральдық-этикалық қырларын билеуші мен оның айналасындағылар мысалында дәйектеген. Биліктің, оның тармақтарының парасаттылығынан әркім және барша қоғам өмірі бақытты бастау алатынын жырлаған Ж.Баласағұн (1016-1075) әлемдік биікке көтерілген түркілік тарихи, философиялық, қоғамдық-саяси ақыл-ойдың төрт ғасырлық тәжірибесін қорытындылады.
X ғасырдан бастап түрік-селджуктер Кіші Азия мен Таяу Шығыстың саяси картасын жаңаша анықтады. XIII ғасырдың аяғынан түрік-османдардың жұлдызы көтерілді. Іле мен Сырдария өзендерінің бойында бір ғасыр (1125-1213) өмір сүрген Қарақытай мемлекетін Найман хандығы өзіне қаратса, XIII ғасыр басында Найман хандығы мен Керейлер хандығын Шыңғыс хан әскері талқандады. Шыңғыс хан үлкен ұлы Жошыға Батыс Сібірді, Қыпшақ даласын, Хорезмді берді. Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатай билеген ұлысқа Мауеренахр, Жетісу, Шығыс Түркістан кірді. XIV ғасыр ортасында Шағатай ұлысының шығыс бөлігінен Моғолстан мемлекеті бөлініп кетті.
Шыңғыс ханның төртінші ұлы Толуйден тараған немересі Хулагу Иран мен Ирактан, Сириядан басқа Кавказ сыртын, Кіші Азияны қамтыған ұлысты иеленді. Айта кету керек, Моңғол шапқыншылығына дейін Әзербайжан жерінде ондаған мемлекеттер тарихы түзілген еді. Олар Кіші Мидия, Арран мемлекеттері, Саджидтер, Саларидтер, Раввадидтер, Ильдегизидтер династиясы атауымен белгілі. Бұлардың тағдыры көбінесе парсылардың, арабтардың жаулауымен, мамлюк түріктердің басқаруымен шешілді. Айталық, ильдегизидтер династиясын Шыңғыс ханнан қашқан хорезмшах Жәлеледдин құлатқан еді.
Жошының екінші ұлы Бату Волга бойын, орыс княздықтарын, ішінара шығыс Еуропаны өзіне қаратып, Ақ Орда, Көк Орда мемлекеттерін құрды. Әлемдік тарихта бұлар Алтын Орда, Ұлық Ұлыс, Жошы Ұлысы атауымен белгілі. 1380 жылы Тоқтамыс хан Ақ Орда мен Көк Орданы біріктіруге қол жеткізді. Бірақ ғұмыры ұзақ болмады. Ақсақ Темірдің Алтын Орда билеушісі Тоқтамысты 1395 жылы және Кіші Азиядағы осман сұлтаны Баязидті 1402 жылы талқандауы бүкіл түркі әлемін әлсіретпесе, күшейтпеген бетбұрысты өзгерістер әкелді. XV ғасырдың екінші жартысында Алтын Орда біржолата ыдырап, үлкенді-кішілі Үлкен Орда, Қырым хандығы, Қазан хандығы, Ноғай Ордасы, Өзбек хандығы пайда болды. Алтын Орданың ыдырауын саяси апат ретінде XX ғасыр аяғындағы КСРО-ның, КОКП-ның, социалистік жүйенің жойылуымен қатар қоюға болады. Әңгіме формациялардың, идеологиялардың тағдыры туралы емес. Батыс әлемі интеллектуалды өрлеу – Ренессанстық тарихын бастауға кіріскенде еуразиялық империя мен оның әлеуметтік негізін қалаушы түркілер кешенді құлдырау жолына түскені бұлардың болашағын бұлыңғырлатты. Қырым хандығы мен темуридтер тарапынан империяны жаңаша құруға жасалған талпыныс ергежейлілердің билік пен байлық үшін ғана таласы еді. 1405 жылы ақсақ Темір өлгеннен соң османдық Түркия қайта біріге бастады. Үдеріс сұлтан Мұрат II тұсында аяқталып, сұлтан Мехмет II жарлығымен 1453 жылдан Стамбул – кешегі Константинополь империя астанасы деп жарияланды. XVI ғасырда империя шарықтау шыңына жетті.
Сонымен, түркілер жайлаған кеңістікте бағзы заманнан Қазақ хандығы құрылған 1465 жылға дейін 100-ге жуық мемлекет тарихы түзілді.Кейбіреулерінің атауы белгілі болғанмен билеушілерінің есімі жазба деректерге түспеген. Шаруашылық-экономикалық өмірлеріне әралуандық тән.Еңбек бөлінісінің мал шаруашылығы, жер шаруашылығы, қолөнер, сауда, сәулет ісі, қаржы сынды салалары өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, дүниенің төрт бұрышындағы өзгерістер мен жаңалықтарға ашықтық көрсетті. Түркілік кеңістіктің өзгере де бейімделе алуының арқасында Ұлы Жібек жолы жұмыс істеп, уақыт пен өркениеттерді жақындастырды.VI ғасырдан «түркі» атауымен белгілі субэтнос бірде бірігіп, бірде ыдырап жаңа заман қарсаңына дейін мемлекеттердің әлеуметтік негізін қалады. Тарихына тұғыр болған жері, тілі, мемлекеті адамзатты төл өркениетімен байытты. Қытай, Араб, Парсы, Еуразия, Славян, Византия өркениеттерімен өзара ықпалдастықтары да сан қырлы еді. Түркілік мемлекеттердің ортақ тарихы қилы тағдырмен қалыптасты. Бірнеше ғасырлар да, оншақты жыл ғана өмір сүргендері бар. Мәселен, Төлеуіттер хандығының тарихы 55 жылды ғана (485-540) қамтып жатыр. Қазақ хандығының 1465-1723 жылдар арасындағы тағдыры табысты мемлекеттер тарихына мейлінше ұқсас. Россия, Англия, Франция, Түркия тәрізді елдерде уақыт үдесіне лайық заңдар қабылданып, мемлекеттік басқару жетіліп жатса, бізде де сол тақылеттес үдеріс орын алды. Айталық, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар межесінде абсолюттік монархияны орнатқан француз королі Людовик ХІV «Күн король» деген атақты иеленсе, Англияда конституциялық монархияны дәйектеген құқықтар туралы Билль «Даңқты революция» деп айдарланды. Ал, қазақтар «Жеті Жарғы» тұсын «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман», билеушіні әз-Тәуке деп ұлықтаған ғой. Қазақ хандығының халқы екі ғасыр ішінде 10 есе, жер аумағы кем дегенде 100 есе өсті. Батыста да, Шығыста да мұндай қарқын империяларға ғана тән болатын.
Тарих толқынында тербетілген түркілік мемлекеттердің негізгі дені ішкі қайшылықтары мен өзара қақтығыстардан арыла алмағандықтан, біразы жат қолына – арабқа, парсыға, орысқа, қытайға түскендіктен тәуелсіздігінен айырылды, тіпті, жойылып кетті. Мәселен, Қазақ хандығының тағдырында Ноғай Ордасы, Сібір хандығы, Өзбек хандығы үлкен рөл ойнады. Бірақ, бұларға бірігу мен тұтастық идеясы серік бола алмады. Ноғайлар XVI ғасырда үш бөлікке ыдырап, қазақ жерінен кетті. Сол ғасырда Иван Грозный Астрахан мен Қазанды бағындырды, Ермак Сібір хандығын жойды. XVII ғасырда Қазақ хандығы үш жүзге бөлінді. Қысқасы, ортақ түркі тарихында Алтын Орда ыдырағаннан кейін османдық Түркиядан басқа бірде-бір түркілік мемлекет әлемдік саясат пен халықаралық қатынастардың ықпалды күшіне айнала алмады.
Төніп келе жатқан апат қаупін қазақ билеушілері қапысыз таныды. 1711 жылы Ұлы даладан Түркия сұлтаны Ахмет III-іншіге жолданған хатта екі мемлекеттің этникалық, діни, аумақтық бірлігі қадап көрсетілген. Мәскеу отарлаған башқұрт халқын азат ету геостратегиялық міндет биігінен қозғалады. Түркілердің ұлттық қауіпсіздігі орыс билігінің күшеюімен тікелей байланыста күн тәртібіне қойылуы саяси кемелдікті куәлендіріп тұр. Хат авторы – Тәуке хан немесе аса ықпалды серігі. Хаттың орысша аудармасында былай делінген: «между нашим государством и Московским (Москов) государством есть владение, которое называют «Ака Аштак». Его жители – все сунниты. Прежде, когда это владение было в разорении, Москва силой завоевала его. С тех пор они – подданные Москвы и платят ей пошлину (бадж). Теперь же этот народ со всем своим войском и знаменем, испугавшись Москвы, переселился к нам, воспылав мусульманской верой. Если вы окажете нам помощь, мы можем отнять у неверных (кафир) восемь городов этого владения. Если мы будем действовать сообща, то нанесем урон владениям [Москвы]». Өкінішке орай, ауыр дағдарысты бастан кешіп жатқан Түркия жағы үнсіз қалды. Қазақтың Кіші және Орта жүздері XVIII ғасырда, Бұқар, Хиуа, Қоқан хандықтары XIX ғасырда Ресей бодандығын қабылдады. 1864-1865 жылдары Түркістан мен Ташкентті орыс әскері алды. Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңілген Осман империясы тарих сахнасынан кетті.
Ж.с.д. замандардағы Кушан хандығы мен ғұндардан тартып османдық Түркияға дейін өмірдің төрінде жайғасқан түркілік империяларды санасақ, көп те емес, аз да емес. Тарихтағы іздері сайрап жатыр, мұрагерлері де жеткілікті. Атилла мен Мөденің, Күлтегін мен Мұқалидің, Темір мен Ер Едігенің, Абылай мен Ататүріктің есімдерін мақтанышпен ұлықтаймыз. Алайда, бабаларымыз күндіз отырмастан, түнде ұйықтамастан құрған империяларынан қалайша айрылып қалды? Біздің ойымызша, басты себептері мыналар:
1. Империялардың түбіне негізінен этникалық және діни алауыздықтар мен қайшылықтар жеткен. Бұлар асқынғанда билеуші мен оның айналасындағылардың талас-тартысы берекесіздікпен ұлғайып, барша ауыртпашылығы халыққа түседі. Ұлттық кодты, бірінші кезекте туған тілді сақтау қаупі ұлғаяды. Осындай күйге түскен империя халқын екі жол күтіп тұрады. Бірі – тарихи отанына қайту, қандайда бір түркілік тайпаның құрамына қосылу. Екіншісі – жоғалуға бет түзеу. Еуропаға барған ғұндар, Африкада мамлюк мемлекетін құрған қыпшақтар, Орта Азияны жаулаған моңғолдар соғыстардағы жеңілісінен бұрын рухани өктемдігін, ана тілін сол кеңістікте орнықтыра алмағандықтан ыдырады, жергілікті байырғы халықтар құрамына сіңіп кетті. Бес ғасыр Балканды жайлаған түріктер де рухани, тілдік солқылдақтықтан славяндық кодты жеңе алмай, Кіші Азияға қайтты. Бұл – тарихты түзуші халықтың, оның ішінде империялық халықтың да басқа тілді, басқа дінді қол астындағыларды түркілендіру, исламдандыру миссиясы толық ашылмады деген сөз.
2. Түркілік мемлекеттер арасындағы соғыстар мен қақтығыстар тәуелсіздіктерінен айрылғанша еш тоқтаған емес. Олар ұлттық немесе жаһандық мүдделерді ойлаудан туындаған жоқ. Жалпы, тарихта халық қамын жеумен басталған соғыстар бірен-саран ғана. Тек ұлт-азаттық соғыстары мен көтерілістерді әділеттісіне жатқызуға болады. Түркілердің сыйыспай жаға жыртысуларына, қан төгуіне жауапкершілік елдің ішкі және сыртқы саясатына жегілген билік пен билеушіге артылады. Түркілер жарты әлемді өзіне қарататын ең соңғы мүмкіндіктен XIV-XV ғасырлар тоғысында Алтын Орда ханы Тоқтамысты, Осман сұлтаны Баязидті ақсақ Темірдің өлтіруімен біржолата айырылды. Тап осы ғасырларда қайта өрлеу (Ренессанс) дәуіріне енген Еуропа интеллектуалды әлеуетін барынша әуелетіп, жершарының арғы бетіндегі Американы ашты, энергияның беймәлім көздерін ерттеп мінді, найза мен қылышқа сүйенген батырды жанына жақындатпастан бір ғана оқпен жайрататын күш иесі атанды. XVIII ғасырда ол ағартушылық қозғалысына ұласты. Түркі әлемі осының бәрінен тыс тұрды. Күлтегін заманынан белгілі бірлік пен тұтастық идеясы түркілер үшін материалдық күшке айналмай, сөз күйінде қалды. Бұған билік иелерінің мәдени-имандық азғындауы қосылған соң тарих үдерістері алаңы дертке шалынды.
3. Жұт жеті ағайынды. Империялар бірін-бірі жеген ғасырлар тоғысынан беріде тарихты түзуші түркілік тұлғалар мен зиялылардан жаратылыстану, математика, техника, физика, химия сынды нақты ғылымдар бойынша жаңа буын әл-Фараби мен Авицена, әл-Хорезми, әл-Ферғани мен Ұлықбектер шығудан қалды. Шартты түрде алсақ, Америка құрлығы ашылған 1492 жылдан бері дүниенің келбетін осы ғылымдар айқындауда. Атқа міну мәдениетімен, ежелгі металлургиямен жаһанды дүр сілкіндірген түркілер енді биік технологияларды туындатушыдан тұтынушыға айналды. Ол өз кезегінде интеллектуалды өмірді жұтаң тартқызғанына қоса барша мәдениет құрылысына кесірін тигізді. Азаматтық қоғам мен демократияның уақытқа сай жаңғырмауы, адам құқықтарының сақталмауы деформацияларға жол ашты, қоғамдық сананы бұғаулады. Отарланған түркі халықтарының ұлттық мемлекеттері жойылғандықтан да тарихи үдерістер алаңы тарылды. Олардың тарихын сақтау, зерттеу, насихаттау тығырыққа тірелді.
Мемлекетті басқару мен қорғаудың түркілік моделі
Мемлекет тарихтың субъектісі емес, саяси негізі, тұғыры. Тарихтың барысы мен нәтижесін мемлекет анықтамайды, оны халық, билік иелері мен тұлғалы зиялылары анықтайды. Кеңістік пен уақыт шегіндегі тарихи үдеріс, айтулы оқиға қай мемлекеттің пайдасына шешілсе, сол мемлекет жеңісті тарихтың иесі болып табылады.
Түркілік кеңістікте мемлекетті басқарудың күрделі жүйесі мен ережелері, сабақтастығы мен тәжірибесі жинақталды. Әрине, әр дәуірде, әр мемлекетте өзіндік ерекшелік пен қиыншылықтар орын алғаны сөзсіз. Түптеп келгенде, мемлекеттің тағдыры халқының интеллектуалды әлеуетімен және ұлттық қауіпсіздіктің басты шарты – әскери-соғыс ісімен және ой-санасының жетістіктерімен анықталмақ. Оның аса маңызды құрамдас бөліктері екінші түркі қағанаты тұсында, түркілік тұтастық бар заманда тамаша нәтижелермен көмкерілген екен.
Жасақты әскер, соғыс өнері, қорғаныс ісі кез-келген мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатында басты орында тұратын міндеттерінің бірі екені даусыз. Өзін-өзі қорғай алмайтын елдің болашағы бұлыңғыр болып келеді. Қарулы күштер алып империяға да, жаңа шаңырақ көтерген жас мемлекетке де қажет. Өз әскерiн ұстай алмаған ел басқаның әскерiн асырайды деген қағида бар. Бұл қағидаларды байырғы түркі қоғамы қапысыз ұққан. Өйткені, байырғы түркі мемлекетінің дүниеге келуі, аумақтық тұрғыдан ұлғаюы, табғаштармен күресте азаттыққа жетуi, алыс-жақын көршілеріне өзін мойындатуы – бәрі, Қарулы күштер арқасында жеңіспен аяқталған қақтығыстар, соғыстар нәтижесінде жүзеге асқан еді. Түптеп келгенде, елдiң экономикалық әлеуетін нығайту, халықтың санын ұлғайту, аш халықты тоқ қылу, жалаңаш халықты киіндіру сол бір дәуірлерде үнемi демесек те, жиi-жиi бұрқ ете қалатын соғыс арқылы мүмкін болып жататын. VIII ғасырдан жеткен Тоныкөк ескерткiшiнде жазылғандай, «сары алтын, ақ күмiс, қыз-қырқын, бағалы қымбат мүлiктердiң есепсiз келiп» жатуы әскербасылардың, батырлардың, жауынгерлердiң беделін, тiптi соғыстың мәртебесi мен маңызын қастерлеуге жетеледi. Байырғы түркілер адамзат өркениетіне аз олжа салған жоқ. Солардың ішінде бір де болса бірегейі – әскери тактика, стратегия және соғыс өнері жайлы қалдырған мұрасы. Орхон-Енисей жазба деректерін оқи отырып, арғы бабаларымыз стратегиялық шабуыл мен қорғаныс, әскерді материалдық-техникалық, азық-түліктік жабдықтау, дұшпанды тұт-қиылдан басу, қоршап алу, қашқан жауды қуа жүріп талқандау, әскери барлауды ұйымдастыру, майдан мен тылдың бірлігін қамтамасыз ету, әскери мамандарды даярлау, тәрбиелеу, тиімді пайдалану тәрізді күрделі мәселелерде уақыт үдесінен шыға алғанын байқаймыз.
Байырғы түркі қоғамының ұғымы бойынша мемлекеттің қуаты бірінші кезекте қағанның тәңiрiлiк жаратылысымен, даналығымен, сонсоң ел ішіндегі татулық және бірлікпен, үшіншіден байырғы түркі қоғамындағы әлеуметтік құрылымның ірі бөлігін құраған қарулы күштердің мүмкіншілігімен анық-талады.
VI-VIII ғасырларда қазіргі Қазақстан мен Орталық Азияның сайын даласында алыс-жақын мемлекеттермен қақтығыстар, жаулап алу, соғыс қимылдары жүргенін еске алсақ, байырғы түркілердің тұрақты әскері болған деп пайымдағанымыз жөн болар. Айталық, Күлтегін жазуында Бумын қағанның 47 жолы соғысқаны, 20 соғыс жасағаны, Күлтегіннің өзі бір жылда бес жолы соғысқаны мәңгі тасқа қашап жазылған. Мұншалықты соғыс қимылдарын жүзеге асыру орталықтанған, пәрмендi мемлекеттік билік пен тұрақты Қарулы күштерді қажет ететіні сөзсіз.
Қарулы күштердің жоғарғы бас қол-басшысы міндетін қаған атқарды. Жорыққа даярлану, соғыс жариялау, әскери лауа-зымдарды беру, қызметке тағайындау, жаудан түскен олжаны әділдікпен бөлу – бәрі, қағанның ұйғаруымен ғана жүзеге асырылатын. Бүгінгі ұғымдағы қорғаныс министрі терминi «соғыс иесі», «әскер иесі» деп аталып, бұл қызметті қағанның лайықты жақын туысы немесе асқан талантымен көзге түскен Тоныкөк тәрізді тұлғалар атқарды. Өйткені, Тоныкөк мемлекеттік биліктен алыс тұрған түркі тайпасынан шыққанымен табиғат сыйлаған дарыны арқасында Елтеріс, Қапаған, Білге қағандар тұсында қолбасшы дәрежесіне көтерілген ақыл иесі едi. Түркілердің атақ-даңқын, күш-қуатын арттырған тамаша жеңістер иесi Тоныкөк өзін әрқашан қағанның бұйрығын орындаушы ретінде ғана сипаттап отырады.
Қапаған қаған үшін
Түн ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым, – дейді ол.
Елтеріс қаған осылай етпесем
Ел де, халық та жойылар еді,– делінген Тоныкөк ескерткішінің мәтінінде.
Әйткенмен, Тоныкөк Отан алдындағы, елдiң азаттығын сақтап қалудағы өзiнiң қызметiн, сiңiрген еңбегiнiң бағасын түсiне бiлдi. Бiлгендiктен:
Бұл түркi халқына
Қарулы жауды келтiрмедiм,
Атты әскер жолатпадым, – дей алған.
Байырғы түркі әскерлері темірдей тәртіпке бағынды. Бұйрықты орындаудан бас тартқан немесе орындай алмаған жауапты адамдар қатаң жазаға тартылып отырған. Мәселен, қырғыздарды кенеттен басу үшін тау асып бармақ болған Тоныкөк әскері адасып, көп қиыншылық көреді. Ал, сол қателікке ұрындырғаны үшін жол көрсетуші адам өлім жазасына кесіледі. Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін зерделей отырып, түркі қоғамындағы Қарулы күштер тек сыртқы саясат міндетін шешу үшін пайдаланылғанын ұғамыз. 19 жыл шад болған, 19 жыл қаған тағында отырған Білге 30-дан астам рет қол бастап, жорыққа шыққанда алыс-жақын мемлекеттерді бағындыруды ғана мақсат тұтқан екен.
Байырғы түркілер қандай соғысқа болмасын – жаулап алу, Отан қорғау, азаттық үшін мұқият дайындалған. Қауіп қайдан болса, қатер содан дегендейін, өздеріне қырғи-қабақ мемлекеттердің ішкі қоғамдық-саяси өмірін жіті қадағалап отырғаны өз алдына, сол елдерге тыңшы жіберіп, жасырын ақпараттар жинауды, дипломатиялық қарым-қатынастардың мүмкіндігін пайдалануды дәстүрге айналдырды. Бүгiнгi және болашақтағы қарсылас елдің қарулы күштерінің санына, әскер басшыларының қабілет-қарымына, кімдермен одақтасуға ұмтылатынына зор мән берген екен. Әліптің артын бағып отыра бермей, соғысты дұшпан жерінде жүргізуге ұмтылғанын да байқау қиын емес. Тоныкөк ескерткішіндегі мәліметтерге зер салсақ, байырғы түркілер өздеріне қарсы одақ құру жолына түскен табғаштарды, оғыздарды, қытандарды басын біріктірместен, жеке-жеке талқандағанын көреміз. Осынау тарихи фактілерден іргелі екі теориялық-методологиялық тұжырым түюге болады. Біріншісі – байырғы түркі қоғамының әскери-соғыс ілімінде дұшпанға привентативті соққы беру теориясы мен практикасы тәп-тәуір қалыптасқаны, екіншісі – ел экономикасының сол заман үшін ұзақ саналатын соғысты жүргізуге қажетті шығындарды көтере алатындығы. Әйтпесе, Елтеріс қаған 47 рет жорыққа аттанып, 20 соғыс ашар ма еді, Күлтегін барлығы 25 рет жорық жасап, 13 рет соғысар ма еді. Бұл арада мына мәселені де естен шығармауымыз керек: бірде бір мемлекет тек соғыспен ғана өзінің әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, саяси, рухани, т.б.с.с. негiздерiн нығайта алмайды. Соғыс – ең ақырғы амал. Орхон-Енисей ескерткіштерінде соғыс тақырыбы басымдық алып жатқанынан байырғы түркілер қоғамы соғысқа сүйеніп қана күн көрген екен, жер бетінде сақталып қалған екен деген ой тумауға тиіс. Тізеліні бүктіруі, басы барды жүгіндіруі, кедейді бай қылуы, азды көп қылуы тұтастай алғанда елдің экономикалық өмірінен туындаған нәтижелер. Экономикасы кемел мемлекет қана уақыт талабына сай әскер жасақтай алады әрi ұзақ немесе қауырт соғыстар барысында жинақтаған тәжiрибелерiн жүйелi iлiмге айналдырады. Қазақы ұғыммен айтсақ, экономикасы әлжуаз елдiң соғысқа үйiр болуы баз бiреулердiң қолы көтере алмайтын шоқпарды белiне байламақ болған әурешiлiгiн елестетедi.
Байырғы түркі жазба ескерткіштерінде жорық пен соғыс мәселесінің жиі көтеріліп, есесiне экономикалық жай-күйдің үстірт баяндалуын елбасылар мен қолбасшылардың соғысқұмарлығы емес, қайта олардың ұлттық қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қойғаны ретінде қабылдағанымыз жөн. Себебі үздіксіз милитаристік саясат жүргізген мемлекет тарих сахнасында көп тұра алмайды және артына өшпес мұра қалдыруы да неғайбыл.
Байырғы түркілер жүргiзген соғыстар мақсат-мүддесiне қарай үш түрге жiктеледi. Бірі – елдің, халықтың азаттығы үшін жүргізген соғыс. Бұған табғаштардың отарлауы мен үстемдігінен құтылу мақсатында Елтеріс қаған жүргізген соғысты жатқызуға болады.
Екіншісі – сырттан келген жаудан Отанды қорғау соғысы. Күлтегіндей қолбасшының Орданы оғыздардан қалай қорғағаны терең философиялық толғаныспен баяндалған:
Күлтегін анасыз ағын мiнiп,
Тоғыз ерін шанышты.
Орданы бермеді,
Шешем қатын оған ілескен
аналар. Жеңгелерім, келiндерiм,
қанымдарым түгел күң
болар едің,
Өлiктерiң жұртта, жолда
жатар едіңдер.
Күлтегін жоқ болса,
Көп өлетiн едіңдер,
деп сөйлейді тастағы жазу.
Үшіншісі – байырғы түркілердің басқа мемлекеттерге қарсы жүргізген соғысы. Орхон-Енисей ескерткіштерінде соғыстың үшiншi түрі жайлы көп айтылып, егжей-тегжейi тәптiштелген. Тағы айта кетейік, бұл тезис мемлекеттің агрессивтi, милитаристік сипатын анықтайтын айғақ-дерек емес, замананың менталитетiн, халықаралық қатынастардың мәмілегерлiктен гөрі күшке көбірек жүгінгенін ашады. Бумын, Құтлығ, Елтерiс қағандар басқарған халық жаман соғыспағаны рас, дегенмен бұлардың дүниетанымдық философиясында бейбiт тұрмыс, алаңсыз еңбек, думанды да шуақты күндер, азаттықты қорғай бiлу бiрiншi орында тұрды.
Байырғы түркілік қарулы күштердің негізін атты әскер құрады. Тастағы жазуларда қаған мен қолбасшылар мінген жауынгерлік аттардың шабысы, желісі, аты, түрі, тұрқы, тағдыры үлкен құрметпен тізілген. Мәселен, Күлтегін жаумен шайқасқанда боз ат, ақ айғыр, ақбас ат, торы ат, алып шалысты ақ ат, азбан ақ ат, қаракер ат мiнгенi суреттелген. Дұшпан орналасқан жерге дейiнгi қашықтық аттың жүрiсiмен өлшенген. Жауынгерлердiң ұстаған қаруы, үстiндегi киiмi, бес қаруы шапшаңдыққа, ат үстiндегi қимыл-әрекетке бөгесiн болмауына зор көңiл аударылғаны ақиқат.
Соғыс шығынсыз болмайды. Әйткенмен, байырғы түркiлер дұшпанды, қарсыласын жеңудi басты мiндет санағанмен, өз қатарынан адам шығынын мейлiнше азайтуды құп көрiпті. Соғыс барысында қарсылық көрсетпей, қойылған шартты қабыл алған елдi-мекендердiң тұрғындары босқа қырылмай, мал-мүлiктерi де талан-таражға түсiрiлмедi. Ал, айтқанға көнбей, қарулы қарсылыққа барған мемлекеттiң әскерi де, бейбiт халқы да аяусыз талқандалатын, байлығы тәркiленiп, адамдары құл мен күңге айналатын. Әсiресе, басшыларға қолданылатын жаза ауыр едi. Өйткенi, байырғы түркiлер басшысынан айырылған елдiң, қауымның азып-тозатынын, қарсыласуға қауқары қалмайтынын жақсы бiлдi. Оны өз бастарынан да өткiздi. VII ғасырдың басында азаттығынан айрылып, табғашқа тәуелдi болудың себептерiн iздегенде ең алдымен билеушiлердiң, қағанның да бiлiмсiздiгiн, ел iшiндегi бiрлiктiң бұзылуын алға тартатыны осыдан.
Бiлiксiз қаған отырған екен
Бұйрығы және бiлiксiз екен
Бәрi де терiс болған екен
Бектерiнiң халықтарының
Түзу еместiгi үшiн
Табғаш халқының алдауына
иланғаны үшiн
өтiрiгiне көнгендiгi үшiн
Iнiлi-ағалының дауласқанынан
Бектi-халықтың жауласқанынан
Түркi халқы елдiгiнен айрылды
Қағандығынан айрылды, – дейдi Күлтегiн жазуы.
Байырғы түркiлердiң империясы өзiне дейiнгi, өзiнен кейiнгi империялар тәрiздi басқаларды жаулап алумен қалыптасты. Ал, нақты елдi өзiне қаратудың әскери-соғыстық жоспары қағанның, мемлекет қайраткерлерiнiң, әскербасылардың қатысуымен жан-жақты талқыланған соң бекiтілетiн. Қабылданған шешiмдi жүзеге асыру жауапкершiлiгi жеке тұлғаға артылатын. Басқаша айтқанда, шешiм қабылдау ұжымдық форматта жүрсе, шешiмдi орындау нақты қолбасшыға тапсырылатын. Мемлекеттiк саясаттың басым бағытына жегiлген қолбасшының эмоциялық жай-күйi, тапсырма тағдырына толғанысы, жеңiстi сәттегi қуанышы Тоныкөк ескерткiшiнде тамаша көрiнiс тапқан. Аяқ астынан қалыптасқан ахуалға орай аз күшпен саны басым жауға ерiксiз аттанғанда қол астындағы нөкерлерi ғана емес, қағанның да бойын қорқыныш билегенiн Тоныкөк батыр шалыс мiнезбен жайып салады.
Байырғы түркi қоғамының әскери-соғыс iлiмiнде жауынгерлердiң әскери-патриоттық рухын көтеруге зор мән берiлген. Жауынгерлер арасындағы патриоттық жұмыс шешушi шайқас алдында кең көлемде жүргiзiлгенiнен Тоныкөктiң мына сөздерi хабар бередi:
Мен бiлге Тоныкөк
Алтын қойнауын аса келдiк
Ертiс өзенiн өте келдiк
Келгенi-батыр дедiм
Неге қашамыз көп (екен) деп
Неге қорқамыз азбыз деп
Неге басындырамыз тиiселiк,
дедiм. Тиiстiк, қудық.
Жеңiспен қанаттанған әскердiң күшi әлденеше артатынын Күлтегiн, Тоныкөк сынды қолбасшылар жақсы бiлген. Найзамен шаншу, қылышпен шабу, садақтан ату тәрiздi өнердi жете меңгерген олар шайқас ортасына кiрiп кетiп, жауынгерлерiне үлгi көрсетуiмен олардың жүректiлiгi мен батырлығын арттырған. Осылайша жауынгерлер ортасындағы әскери-патриоттық өрлеудiң отын өшiрмей, жеңiстi шайқасты екiншiсiне жалғастырып жiберудi жиi қолданған екен.
Екiншi күн (тағы) келдi, дейдi Тоныкөк жазуы,
Өртше қызып келдi
соғыстық
Бiзден екi шетi жартыдай
артық едi.
Тәңiрi жарылқағаны үшiн көп
деп бiз
Қорықпадық, соғыстық,
Жеңдiк, қағанын ұстадық.
Жеңiстi, жеңiмпаздарды марапаттаудың да сындарлы жүйесi қалыптасқан едi. Айрықша көзге түскендерге атақ-дәрежелер берумен бiрге материалдық ынталандыру да қолданым тапты.
Соғыстың барысын өз пайдасына шешу үшiн байырғы түркiлер жер ыңғайын, географиялық мүмкiндiктi, уақыт факторын, тағы басқа сәттердi оңтайлы кәдеге жаратудың мол тәжiрибесiн жинақтағаны тастағы жазулардан тайға таңба басқандай көрiнедi. Олар жауласқан мемлекеттiң бейбiт халқын ақпараттық-психологиялық тұрғыдан ырқына көндiрудi де ұмытпағаны белгiлi.
Сол түнi халық сайын елшi
жiбердiк,
дейдi Тоныкөк.
Ол хабарды есiтiп
Он оқ бектерi, халқы
Түгел келдi, жүгiндi
Келген бектерiн, халқын
Жиып-терiп жатқанда
Аздаған халық қашқан едi
Он оқ әскерiн аттандырдым.
Соңғы екi жолдың астарында үлкен әскери-саяси есеп жатыр. Қашқан халықты қайтаруға әрi бағындыруға жаулап алушы әскер емес, бағынған елдiң өз әскерi қолданылған. Ал, бұл «бөлiп ал да билей бер» принципiнiң талабына дөп келетiнi айтпаса да түсiнiктi.
Байырғы түркi қоғамының әрбiр мүшесi жастайынан соғыс iсiне даярланған тәрiздi. Тастағы жазуларды оқи отырып, тұлғаның кемелденуi шайқастардағы жеңiсiмен өлшенетiнiн байқаймыз. Бiлге қаған алғаш соғысқа аттанғанда он жетi жаста болса, отыз жасқа толғанда мұндай соғыстардың он төртiн бастан өткередi, яғни соғыссыз бiр жыл отырмаған. Ал, Күлтегiн он жасында ер атын алып, он алты жасында ел-жұрты құрметтеген әскербасы дәрежесiне көтерiледi.
Әскери-соғыс iлiмi мен тәжiрибесi бiр сәтте пайда бола қалған жоқ. Олар ғасырлар бойы тiрнектеумен жиналды. Бұл қазынаның теңдесi жоқ құнды екенiн қапысыз ұққан арғы бабаларымыз ұрпақтан-ұрпаққа ауызша аманаттауды мiсе тұтпай, «мәңгi тасқа» өшпестей қылып қашап жазуды қалағанында бiз әлi игере қоймаған тылсым сыр мен құпия бар. Әйтпесе, Құтлығ қағанның тасына «Жауға тиiп, iнiме, ұлыма сонша өсиет қалдырып, Елтерiс қағаннан айырылмаған, тәңiрiлiк Бiлге қағаннан айырылмайық, азбайық дейiн. Солай оқыттым», – деген ұлағатты сөздер жазылар ма едi?!
Байырғы түркiлердiң әскери-соғыс iлiмiн кейiнгi түркілік этностар мен мемлекеттер оңтайлы қолданып, уақыт талабына сай байыта түскенi сөзсiз. Солардың iшiнде қазақ халқы да бар. Байырғы түркiлердiң заңды мұрагерi бабаларының бай iлiмiне сүйене бiлгендiктен кейiнгi ұрпақтарына ұлан-ғайыр жердi қалдырды.
«Мәңгі ел» заманынан сақталып қалған «мәңгі тастардағы», Тариат ескерткішінде айтылғандай, «мың жылдық, түмен күндік жазу белгілерді» оқығанда, байырғы түркілер мемлекетін басқару мен қорғау моделінде әлеуметтік негізінде зиялылар мен мамандар көрнекті орын алғанын байқаймыз.
Байырғы түркі зиялылары қалыптасу мен дамудың ұзақ жолынан өтіп, ел өмірі мен тағдырында, санасы мен танымында қапысыз орныққаны олардың әлеуметтік-кәсіби жіктелуінен және әр әлеуметтік-кәсіби топты бейнелейтін термин-түсініктердің мемлекеттік, жалпы этностық дәрежеде қолданымға енгенінен көрінеді. Бұл – мәселенің бір қыры. Екіншіден, зиялылар тарихи үрдістің объектісі деңгейінде ғана қалмай, оның белсенді субъектісіне де айналғанын методологиялық пайыммен дәйектеудің танымдық әлеуеті зор. «Мәңгі ел» заманында мемлекеттің саясаты зиялылар қызметі арқылы жүзеге асты және мемлекет зиялыларға қатысты өз саясатын түзе алды. Осылайша зиялылардың мәртебесі мен кұрамы да анықталды. Егер, байырғы қоғамдағы зиялылар қауымын пирамида түрінде бейнелейтін болсақ, оның ұшар басында қағандар тұрады. Сол заманның сенім-нанымына сәйкес, қағандар әуелде тәңірден жаралғандар ретінде қабылданды. Бұл түсінікті қағандардың өздері де қоғамдық пікір мен санаға үздіксіз сіңіріп отырған, жай түркі халқы ғана емес, зиялылар да мақұлдап, мойындаған. Айталық, табғаштарға қарсы жүргізген азаттық күрес жылдарын еске ала отырып, Тоныкөктің: «сонша ойландым. Содан соң тәңірі білік бергені үшін өзімше оны қаған еттім», – дейтіні осыдан. Бірақ, жаратылысы бөлек қағандардың бәрі бірдей мінсіз болмайтынын, оларға көзсіз сеніп, құлай берудің қажетсіздігін де естен шығармаған. Білікті, біліксізі болатынын, білікті қағанды ұлықтап, біліксіз қағандарды ретіне қарай аяусыз сынай білген. Қолға алған мемлекеттік істі шешуде немесе аса жауапты сәтте табансыздық, қорқақтық көрсеткен қағанды әжуалап, шаншып өтуді сөлекет көрмеген. Тағы да Тоныкөктен айғақ келтірейік. Табғаштар мен түргештердің әскер жинап, өздеріне қарсы соғысқа аттанғалы жатқанын естіген қағанның (Қапаған болса керек) жауымен бетпе-бет кездесуге батылдығы жетпегенін былайша суреттейді:
... Елші келді…
Бізді қыруы мүмкін деді.
Түргеш қағаны жиналды.
Он оқ халқы қалмай жиналды, – деді.
Табғаш әскері де бар,- деді.
Сол сөзді естіп қағаным:
«Мен үйге қайтайын», – деді.
Қатыны өлген еді,
Соны жерлейін, – деді.
Байырғы түркі қоғамында қаған шексіз билік иесі болмаған. Мемлекеттік мәселелерді шешуде айналасының да пікірімен, кеңесімен санасып отырған. Бұл тіпті көшпелілер демократиясының мәнді ерекшелігі болса керек. Қағандардан кейінгі орында бектер, тархандар, шадтар жайғасты. Бұлар – мемлекеттің саяси элитасы, жолбасшылары, қағанның тума-туыстары, балалары, құда-жекжаттары, қалтқысыз сеніміне ие болғандар. Әдетте олар аймақтарда, ұлыстарда, жаулап алған өлкелерде мемлекеттің саясаты мен билігін жүргізді.
Зиялылардың осынау екі тобын байырғы түркі заманында білгіш кісілер, батыл, алып кісілер деген түсінік-терминмен айшықтаған екен. Әйткенмен, бұлардың арасында таққа талас, баққа талас, айтыс-керіс аз болмағаны ақиқат.
Зиялылардың келесі тобын әскербасылар құрады. Мемлекет пен халықтың тағдыр-тәлейі білектің күшінде, найзаның ұшында, қылыштың жүзінде тұрған сол бағзы уақыттарда әскери тактика, әскери стратегия, соғыс өнері аса биік деңгейге көтерілген. Шайқасты даярлау мен жүргізудің, жауды қоршап алу, айналып өтудің, тұтқиылдан басу, титықтатудың, шешуші ұрыста жеңіске жетудің, стратегиялық шабуыл мен қорғаныстың, стратегиялық қару мен резервтің төңірегіндегі қазіргі тұжырымдарға қайнар көз болуға әбден жарайтын қағидалар көне түркі жазуларында мейлінше мол. Күлтегіннің, Тоныкөктің, басқа да қолбасшылардың аз қолмен қалың жауды жеңгендігі жайлы оқиғалар мен ақпараттарды тасқа қашап жазуы байырғы түркілік әскери мамандар мен зиялылардың соғыс ісіндегі биік әлеуметтік-кәсіби деңгейін көрсетсе керек. Зиялылардың осынау тобын «соғыс иесі, әскер иесі», деген төл түсінікпен атаған. Күлішор ескерткішінің мәтінінде мынадай жолдар бар: «табғаштар мен татабыларды жеңді, бес рет соғысты. Күлішор соғыс иесі, әскер иесі болып даңқы шықты».
«Соғыс иесі, әскер иесі» атанғандар қағанның қарауында болғанмен қоғамдағы мәртебесі жағынан кейде қағанмен иық тіресіп қалатын. Осы орайда Тоныкөктің мына сөздерінде терең мағына жатыр деп білеміз:
Бұл түркі халқына
Қарулы жауды келтірмедім
Атты әскер жолатпадым
Елтеріс қаған осылай етпесе
Оған еріп мен өзім де осылай етпесем
Ел де, халық та
Жойылар еді
Осылайша еткеніміз үшін
Менің де ұйғарғаным үшін
Ел тағы да ел болды
Халық та қайта халық болды.
Қаған мен әскербасылардың Отан қорғау мақсатында тең төрағалық, тең мәртебелік келісімге тоқталуына, бір сатыда орналасуына көрінбейтін майдан, көне түркі тілімен айтқанда, «құпия сөз» адамдары да аз ықпал етпеді. «Құпия сөз» әлеуеті мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түзілген арнайы қызмет жүйесімен бекемделді. Яғни, байырғы түркі мемлекетінде зиялылар мен мамандардың бір бөлігін арнайы қызмет саласындағылар құрады. Олар жазба ескерткіштерде елші, хабаршы, тілді атауларымен белгілі, негізінен соғыс қаупі қарсаңында қарсыластар жағындағы ахуал жайлы ақпараттар жинағанда ауызға алынып отырады. «Құпия сөз» иелері шекараның екі жағында да белсенділік танытқан. Әрине, деректерде бұлардың аты аталып, түсі түстелмейді.
Байырғы түркілер қоғамның іргетасын шайқалтпаудың тағы бір пәрменді тетігі үгіт-насихат пен кешенді идеологияда жатқанын жақсы білді. Мұнда тәңірілік сенім-нанымды бекемдейтін салт-дәстүрлердің тұтас жүйесі қалыптасты. Оны қоғамның мүшелері ұстанған және кейінгі ұрпаққа өнеге-өсиет ретінде жеткізе білген. Білге қаған ескерткішінде қазаның артын күту рәсімі былайша суреттеледі:
(Өлімге келген) сонша халық
шашын, құлағын кесіп бетін
тілгіледі (кесті). Өзінің тәуір
(жақсы) атын, қара кісін, көк
тиынын мөлшерсіз (көп)
әкеліп, табыс етті.
Сөз жоқ, мемлекеттің ішкі үйлесімділігіне дүниетанымдық қызмет ететін тәңірлік сенім-нанымдарды арнайы адамдар тобы атқарды. Оларды шартты түрде идеолог зиялылар мен мамандар деп атап отырмыз. Жазба деректерде олар «жаршы» деген атаумен беріледі. Сөз қылып отырған замандағы ұстанған идеологияның нағыз айнасы – «Ырқ бітіг». Ғалым Ғ. Айдаров кезінде «Ырқ бітігті» тәкпірнама деп түсіндірді. «Ырқ бітігте» адамның түсін жорудың нұсқалары (65 нұсқа) берілген. Мәтінде қағанның тағын сыйлауға, байлықты құрметтеуге, еңбексүйгіштікке үгіттеген, ұрлық-қарлықты даттаған, жерді, табиғатты, қоршаған ортаны аялауға шақырған, от басындағы береке-бірлікті дәріптеген, бала тәрбиесіне зор мән берген, алдағы күннен түңілмеуді насихаттаған ой-тұжырымдар, қағидалар мейлінше мол. «Ырқ бітігтің» «күні-түні алтын тақ үстінде отырып қуанамын. Сонша біліңдер: игі ол» деген түс жору нұсқасымен басталуы автордың идеологиялық позициясын көрсетсе керек. Ескерткіш жас ұрпаққа арнау сөзбен аяқталады: «енді сүйікті ұлдарым, біліп қойыңдар, – делінген онда. – Бұл «Ырқ бітіг» игілікті ол. Барыс жыл екінші айдың он бесі күні Тайғунда тұратын тәуекелдігі Буруа – Құры шәкірттері Ісіг-Санғун және ИтаЧуқ үшін жаздым».
Қысқасы, идеолог зиялылар мен мамандар уақыт үдесіне сай міндеттерін атқара алды. Бұл салаға мемлекеттік маңыз берілгені қағанның да тәрбие-насихат жұмыстарынан тыс тұрмағанынан көрінеді. Мойыншор ескерткішінің бір жерінде қаған аузынан: «…Орда орнаттым. Жаз сонда жайладым. Құлшылық етуді сонда жасадым. Жазуды сонда жаздырдым» деген сөздер шықса, іле-шала: «қорған маңын жайладым. Табынуды сонда табындым», деп ақтарылады. Суджа ескерткішінде каған: «…құтты жаршымын… Менің дабысым мен билігім күн шығыс пен батысқа дейін жетті», – дейді. Жаршылар кісі өлімінде де, жеңіс мейрамында да мемлекеттік идеологияның басы-қасында жүрді.
Байырғы түркі жазбаларынан ұстаздар мен ғалымдардың биік мәртебесін көре аламыз. Ғалымдар мен ұстаздар мемлекеттік саясатқа тікелей араласпағанмен, өздері даярлаған шәкірттеріне, солар арқылы ел өміріне ықпал ете алды.
Ғалымдардың маңдай алдысы, біздің ойымызша, Иоллығ тегін. Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштеріндегі толғаныстар, философиялық ой-түйіндер, ұлағатты сөздер мен тұжырымдар Иоллығ тегіннің шығармашылық, ғылыми ізденістерімен дүниеге келді. Білге қаған ескерткішінде елбасының атынан айтылатын мынадай сөздер бар: «…мұнша мықты ережелерді, заңдарды, дүниенің төрт бұрышындағы халықтарды игердім». Ережелерді, заңдарды игерген, әрине, мемлекеттік билік, өкілі Йоллығ тегіннің өзі болатын. Білге қаған ескерткіші мәтінінде айтылатын Йоллығ тегін жайлы мәліметтерді Йоллығ тегіннің авторлық құқығын қорғағаны, патенті ретінде қабылдағанымыз жөн. Мұнда: «Білге қаған жазуын Йоллығ тегін жазды, – деп үшінші жақтан хабарлайды да, іле-шала автордың еңбегі нақты сипатталады. – Мұнша күмбезді, жазу өрнегін түркі Білге қаған туысы мен Йоллығ тегін айдан артық төрт күн отырып, жаздым, өрнектедім».
Ұстаздар қауымына ықылас айрықша. Оларға арналып еңбектер жазылды, сый-сияпат жасалды. Ұстазды құрметтеу қағанға да, қарапайым жанға да тән болған. Суджа ескерткішінің мәтінінде ұстазына Иақлакар хан жүз ер мен жайлау бергені бекер айтылмаса керек. Иақлакар хан ата ұрпағын ерлік істерде өзінің ұстазындай болуға шақырады. Ырқ бітігте ұстаз мәртебесі ұлықталып, шәкірттерінен бұрын ауызға алынады.
Түйіп айтқанда, мемлекет қолдаған ғалымдар мен ұстаздардың ізденісі болмаса, руна жазуының ұлан-ғайыр аумаққа таралуы мен орнығуы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы мүмкін болмас еді.
Байырғы түркі қоғамындағы зиялылар мен мамандар қатарына сәулетшілер, безендірушілер, құрылыс ісінің шеберлері жататыны сөзсіз. Ақын-жазушылар да осы топтың қатарын толықтырды. Тіпті біраз ғалымдар байырғы түркі жазуларын поэтикалық шығарма жанрында таныған ғой. Мұның сыртында бағзы заманнан жеткен осынау ескерткіштерде жеңіс тойы жайлы аз айтылмаған. Ал, тойлардың ақын-жыршыларсыз, әншілерсіз өтуі мүлде мүмкін емес. Қазіргі тілмен айтқанда, бұлар – суреткер және өндірістік-техникалық интеллигенцияның бағзы замандағы алғашқы буындары. Сәулетшілердің, безендірушілердің, құрылыс ісі шеберлерінің ақылы мен қиялынсыз, шығармашылық табысынсыз Орхон-Енисей ескерткіштерінің «Мәңгі тас» дәрежесіне көтерілуі, он бес ғасырға жуық уақыт бойы адамзат өркениетінің ажырағысыз құрамы бола беруі мүмкін емес еді. Сонымен, байырғы түркілік зиялылар мен мамандардың әлеуметтік-кәсіби құрылымы айтарлықтай күрделі екен. Олардың әрқайсысының қоғам өміріне ықпал күшіне қарай мәртебесі де нақты анықталыпты.
Біз сөз қылып отырған мәселенің тағы бір маңызды қыры – зиялылар мен мамандарды даярлау жолдары мен құрамындағы сандық-сапалық өзгерістер болып табылады. Жазба деректердегі мәліметтерге көз жүгіртсек, болашақ мамандар арнайы оқу орындарында тәрбиеден өткенін көреміз. Бұл – бір. Екіншіден, зиялылар мен мамандардың өздері де шәкірт даярлап отырған. Мәселен, Тоныкөк «мен өзім Табғаш елінде тәрбиелендім» десе, Құтлығ қаған «Қапаған, Елтеріс елінде тәрбиелендім» дейді, кейінгі ұрпақтарына елді аздырып алмауға өсиет қылғаны, оларды оқытқаны айтылады. Мамандарды даярлайтын оқу орнының бар екендігі Ырқ бітігте де еске салынып кетеді. Ондағы екі шәкірттің есімдері бүгінге жетіп отыр.
Білге қаған мен Күлтегін, Тоныкөк пен Мойыншор тұсындағы мамандардың сандық және сапалық өсуін анықтап білу мүмкін емес. Әйткенмен сол замандарда да бұл мәселе немқұрайды, атүсті қаралмағаны назар аудартады. Әсіресе әскери мамандар санына үлкен мән берілген. Айталық, Құтлық қаған табғаштарға қарсы азаттық соғысын бастағанда қасына алғашқыда 17 ер жиналғаны, кейін олар 700-ге жеткені Күлтегін ескерткішінде айтылады. Осы мәлімет Тоныкөк ескерткішінде де қайталанады. Демек, зиялылар мен мамандар қатарының ұлғаюын байырғы түркілер жақсылықтың, күш-қуаттың артқанының нышаны ретінде түсінген.
Байырғы түркілік зиялылар мен мамандардың бойына үздіксіз дарытылған әрі ерекше қастерленген қасиеттер аз болмаған. Бұл орайда соғыс өнерін жетік игеру, ішкі-сыртқы саясатта бұрқ ете қалуы мүмкін үрдістерді болжай білу, соларға алдын-ала қамдану, қатерлі дұшпанға төтеп беру үшін одақтастар табу, мемлекеттегі ынтымақтастық пен үйлесімділікті сақтай алу тәрізді көрегенділік пен біліктілік аса жоғары бағаланады. Шын мағынасындағы білгіш кісілер, батыл кісілер халықтың бағына жаратылатыны аксиома ретінде қабылданды, оның тағылымы мен сабақтары тарихи айғақтармен бекемделді. Зиялы қауымның еліне, халқына адал қызметі ғана ұлықталмай, олардың мәртебесі мен қасиетіне дақ түсіретін лайықсыз қылықтар тілге тиек етілді. Бұл орайда мемлекеттің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін алауыздықтан сақ болуды ескерткен жолдардың мән-мағынасы айрықша.
Мемлекет өміріндегі зиялылардың мәртебесі мен тәжірибесі кейінгі тарихи дәуірлерде жалғасын тапты. Мемлекетті басқару жүйесіне аздаған өзгерістерді Қарахан билеушілері енгізді. Егер, Күлтегін тұсында қаған тағы әкеден ініге көшетін болса, енді қағанның баласы, тіпті әулетке жатпайтын ықпалды жан да билік тізгінін қолына алатын болды. Дегенмен қаған мен әскер басының мемлекеттегі мәртебесі аса биік деңгейде сақталды. Елді әскерсіз басқару мүмкін еместігін Ж.Баласағұн «Құтты білікте» баса көрсеткен. Қарулы күштерді молынан қаржыландырмай тәуелсіздік баянды болмайтынын ескертеді.
Мемлекетті басқару мен қорғаудың түркілік моделі аяусыз бұрмаланып, табан асты етілген тұсы отарлау мен тоталитаризм кезеңіне дөп келеді. Дегенмен, ғасырлар бойы шыңдалған әрі әлемдік өркениеттің үздік жетістігі дәрежесіне көтерілген әлеуетті біржолата жоқ қылып жіберу мүмкін емес екен. Азаттықтың арқасында бүгінгі қазақ зиялылары, студент жастар төл мемлекетінің тарихи бастауларымен, қайнар көзімен қайта табысып жатыр.
Мемлекет және мемлекеттілік
Адам баласы пайда болғаннан мемлекеті құрылғанша ұлан-ғайыр уақыт өтті. Әр нәрсенің бастауы қиын. Түркі халықтарының шаруашылығы мен мәдениетіне, тілі мен әлеуметтік ұйымдасуына, салт-дәстүрі мен менталитетіне тән бастапқы сипаттары мемлекеттері шаңырақ көтергенше қалыптасты. Осы құндылықтарды ішкі-сыртқы тағылық пен жабайылықтан, уақыт өте келе ашкөздік пен тойымсыздықтан сақтау мүддесі биліктің, кейінірек мемлекеттің шығуына түрткі болды. Бірақ, бұдан мемлекет пайда болғанға дейінгі дәуірде тарих үдерісі үш тұғырдың біреуінсіз жүрді деген ой тумауы керек. Жер – мемлекеттің материалдық негізі, билік – саяси бастау-бұлағы, яғни үшінші тұғырдың орнын, толық толтырмаса да, жоқтатпайтын тетік жұмыс істеп тұрды. Мемлекеттен хабарсыз, инстинктпен өмір сүретін жануарлар да тиесілі аумағы, ұрпағы, болашағы үшін жан беріп, жан алысады ғой. Түптеп келгенде, бәсекеге қабілетті, өзін-өзі танудың, елішілік қайшылықтарды шешудің биік сатысына көтерілген этнос қана мемлекетін дүниеге әкеледі. Мемлекет – тіл мен жерді, иесі нақты халықты, соның төңірегіне топтасқан басқа да этностарды сақтаудың, ортақ іске жегудің, кемелдендірудің басты ұйымы.
Адамзат тәжірибесі мемлекеттің даму сатысы әралуан болатынын көрсетіп отыр. Солардың аражігін ашатын методологиялық байлам-тұжырым ғылыми ақиқат үшін керек. Айталық, жыл санауымызға дейінгі І мыңжылдықта түркі тектестер мекендеген Еуразия кеңістігінің негізгі бөлігінде сақ мемлекеттері дәурен құрғаны белгілі. Сақтардың соғыс өнері, сұлулықты ұлықтаған аң стилі, шаруашылық-мәдени кешеніндегі үздік жетістіктер баяны антикалық және византиялық деректерде молынан сақталған. Солармен таныса келе, мемлекет өмірін, адамдардың қарым-қатынасын қоғамның әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі реттегенін байқаймыз. Сақтар, дейді Геродот, эллиндіктердің өмір салтын жақтырмайды, одан іргесін аулақ ұстайды. Ал, әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдің басымдығы, заңнан да бұрын қолданылуы мемлекет ру-тайпалық қатынастар биігінде тұрғанын айғақтайды. Дәстүрге сүйенген сақтар заң түзуде, тұрақты әскер жасақтауда көш ілгері кеткен іргедегі Қытаймен, айшылық алыстағы Грекиямен, Иранды билеген Ахеменидтер әулетімен бәсекелесе алғаны мемлекетінен бұрын аумақтық бірлігі мен тілдік біртектілігі отансүйгіштікке ұласып, ұзақ уақыт барысында лайықты әлеуетке ие болғанын куәлендіреді.
Халықтың тұтасуы мен мемлекетінің шығуына септескен ру-тайпалық қатынастар менталитетінің, араға отарлық және тоталитарлық ғасырлар түссе де, кешегі кеңестік түркілерде әлі күнге дейін орын алып отырғаны ерекше назар аударарлық құбылыс. Әу баста прогрессивті рөл атқарған ол келе-келе тежеуішке айналды. Трайбализм дерті қоғамның бойынан әлі сылынып тасталған жоқ. Пайдасы бір тоғыз десек (жеті атаға дейін қыз алыспау, ұжымдық жауапкершілікті сезіну), зияны – үйірімен үш тоғыз. БАҚ мәліметтері бойынша, ол кадр саясатына, қаржы-қаражат бөлуге, атақ-дәрежемен марапаттауға әсер етеді екен. Студенттердің, әскердегі жастардың санасын улауда. Өкініштісі – осы құбылыстың неліктен жаны сірі екенін ашатын зерттеу жоқтың қасы.
Мемлекетті жарылқаушы абсолютке айналдырмау керек. Ол тарихтың жанды тұғыры тіл құрылысына да қатысты. Сақ, байырғы түркі мемлекеттері тарих сахнасынан кеткеніне мыңдаған жылдар өтті. Еуразиялық түркілер парсы, қытай, араб, моңғол үстемдігін бастан кешті. ХVI ғасырда Ресей отарлауы басталды, татарлар, қазақтар, өзбектер, т.б. ғасырлар бойы бодандықта қиналды. Соған қарамастан тілі, тілдік біртектілігі сақталып қалды, ғылыми этимология, ономастика, тарихи география нәтижелерімен қолдау табуда. Осы орайда қоғамдық-гуманитарлық ғалымдар арасындағы пікірталастың басты тақырыбы сақтардың мемлекеті мәселесі емес, қай тілде сөйлегені төңірегінде жүріп жатқанына назар аударған жөн. Әйгілі ғалым Қ. Салғараұлы 2012 жылы жарық көрген «Ежелгі түріктер» монографиясында: «Рас, қазақстандық ғалымдар соңғы кезде археологиялық қазба мұралар дерегіне сүйеніп, сақ тайпаларының түрік тілінде сөйлегенін айтып, түрік тектес халықтар тобына жатқызып жүр. Бірақ, бұл тұжырым әлемдік ғылымда жалпылама қолдау тауып, әлі орныға қойған жоқ. Оған, шет жағасын жоғарыда айтқан, сақтарды «қазіргі Иран жерінен ауып келген арийлер, үнді-еуропа тілінде сөйлейді» деген пікірдің жарыса айтылып, күні бүгінге дейін ғылымда қабаттаса қолданылуы дәлел бола алады», деп жазады. Демек, болмыс-бітімінің тамыры тереңге тартқан халықтар жат өркениет пен мемлекеттер қарамағына өте қалғанда да, жинақы өмір сүруін тоқтатпаса, билік тарапынан мақсатты-нысаналы қысымға ұшырамаса, міндетті түрде жұтылып немесе жойылып кете бармайды. Бәрі мемлекетінің бар-жоғымен анықталатын болса, бүгінде мемлекеттер санына сәйкес жүздеген тілдер ғана сақталып қалар еді. Бұған ежелгі және ортағасырлардағы Кавказды, Қытайды мекендеген түркілердің тағдыры айғақ-дәлел. Мәселен, қазіргі Әзербайжан аумағындағы мемлекеттерді ж.с.д. IV ғасырдан беріде біресе парсылар, біресе арабтар, біресе курдтар билеп келді, ара-тұра байырғы халық өкілдері билік құрды. Ирандық Нәдір шах 1747 жылы өлген соң ғана толық егемен мемлекет дүниеге келді. Міне, осындай аласапыранға қарамастан әзербайжан халқы ж.с.д. ХІV ғасырдан түркі тілде сөйлеген киммериялықтардың, ж.с.д. VІІІ ғасырдан беріде сақтардың мұрасы негізінде қалыптасқан өз тілімен, жерімен, тарихымен түркі әлемін нұрландырып отыр. Рас, Ұлы дала түркілері кейінде де бөтен тілді, бөтен дінді мемлекеттерден оқшауланған жоқ. Азияның, Африканың, Еуропаның халықтарымен, мемлекеттерімен ықпалдасқан түркі өркениеті өз іргетасында бой көтерді, нығайды, өркендеді. Адамзатқа киіз үйді, үзеңгіні, шалбарды, етікті әкелген түркілер бөтеннің әсерімен ғана ілгерілеуі еш мүмкін емес.
Ортақ түркі тарихына, Қазақстан тарихына тұғыр ретінде тіл, аумақ факторын тану, мемлекеттануда методологиялық биік өреден көріну тарихшыларды шаруашылық, мәдениет, этнос, ұлт, азамат, құқық, мемлекеттік аппарат, т.б. іргелі құндылықтар мен атрибуттарды зерделеуде көздеген мақсат-мұратқа – ғылыми ақиқатқа жақындата түспесе, еш адастырмайды.
Мемлекеттің мәнін түсінуге немесе түсіндіруге талап қылғандардың шоғыры мол. Біздің ойымызша, мемлекет дегеніміз – нақты бір аумақтағы халықтың тағдырына жауапкершілікті мойнына алған, халықаралық қауымдастық таныған әрі өзіндік саяси-құқықтық, экономикалық, т.б.с.с. жүйесі бар Отаны.Мемлекет тарихи үдерістердің алаңы әрі олар кімге тиесілі екенін анықтайтын басты көрсеткіш екеніне айғақ-дәлелдер жеткілікті. Ал, тарихты түзушілер елінен, жерінен тысқары кетсе, ішкі тұтастығы сыр берсе, нәтиже басқаша қалыптасады. Мәселен, тағдырдың жазуымен ХІІІ ғасырда Еуропаға, Африкаға, жат елге, бөтен ортаға қоныс аударған қыпшақтар төл тарихының тұғырлары – мемлекеті мен Ұлы даладан мүлде алшақтап кеткен жоқ па?! Материалдық және саяси тірексіз ортада жалғыз тілімен олар жазған тарих, басқа да мұра жаңа тапқан отанының меншігіне айналды. Ал, сол қазына барған елінің тілінде, деректерімен, сұранысына сәйкес түзіле қалған жағдайда автордың түркілік шыққан тегін алға тартумен, шыр етіп дүниеге келген жері қазіргі түркілік мемлекетте деумен мақтанғаннан басқа қолдан не келеді. Бұл айтқандарымыз алыс Африкада мәңгілік тыныс тапқан әл-Фараби мен Бейбарыс бабаларымызға, Ресейдегі Ораз Мұхаммедке, Қытайдағы Мұқалиға да қатысты. Қалың қытайдың арасындағы сары үйсіндер, мыңдаған жылдар бұрын Америкаға кеткен азиялық түркілер ше? Санасы мен жүрегінің түбінде бабаларынан қалған сарын бірен-саранына маза бермей, ізденіске итермелейтінін бекерлеу мүмкін емес. Бірақ бүгінгі мемлекетінің тарихын түркілік арнаға бұра алмайды. Түбі бір түркілік тілде мәдени-рухани өнім беруден қалған бұлар енді қайтып үйірін таба алмас. Ортақ тарихтың тұғыры аумақ, тіл, мемлекет екені осыдан да байқалады!
Мемлекеттi басқару бүкiл халықтың және кез келген аспаздың қолынан келе бермейдi. Кеше де, бүгiн де, ертең де осылай болған, бола бередi. Бұл – бiр. Екiншiден, мемлекеттiк басқару жүйесi әрқашан азшылықтың қолында. Олар халықтың қалың ортасынан шыққан лайықты ұл-қыздары болуы керек. Азшылықтың кешкен күнi жол айрығында тұрған жолаушының қиналысын елестетедi. Қабылдаған шешiмi қате шығып, дiттеген жерiне апарар жолдан адасса, қол астындағыларды соқпаққа ұрындырады, өзi де тарихтың қоқыр-соқырынан орын тебуге мәжбүр болады. Немесе керiсiнше. Ел билеудi мiндетiне алған азшылықтың шын мағынасындағы кемелдiгi, ғасырлар тезiнен өткен салт-дәстүрдiң озығын сақтай алуы, осыларды әдiл заңдармен бекемдеп, бұлжымай орындалуын бiлгiрлiкпен ұштастыра алуы қалың көпшiлiктiң бағын ашып қана қоймайды, нағыз таланттар мен тұлғалардың қанат жаюына iргетас қалайды екен. Ұрпақ жалғастығы дегенiмiз – осы. Сабақтастықсыз iлгерiлеу жоқ. «Мемлекеттi басқара отырып, адамдарды өлтiрудiң қажетi не, – деген екен ежелгi Қытай ойшылы Конфуций. – Егер, сiз iзгiлiкке ұмтылсаңыз, халық та iзгiлiкке бой ұсынады. Тектi ердiң моралi желмен тең, жаман адамның моралiн шөп дерсiң. Жел қайда соқса, шөп сонда қисаяды». Ел билеушiнiң бойынан қандай қасиеттердiң табылуы керектiгiн айтқан басқа да ойшылдар аз емес.
Әрине, этнос үшін азат мемлекетінің болғанынан артық бақыт жоқ. Бірақ, мыңдаған тілде сөйлейтін этностардың әрқайсына мемлекетін құру мүмкіншілігін кім береді? Ол үшін адам баласы әділетсіздік, соғыс, зорлық, бақталас, тақталас тәрізді «дерттерден» хабарсыз жаратылуы керек қой. Ұлттық мемлекеттердің мәнін жоюда, ондағы байырғы халықты тілі мен жерінен жатсындыруда алпауыт империялар жүзеге асырған отарлау саясаты қиянатқа толы. Империяның ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында бүктелген мұндай мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаты бөтеннің пәрменімен анықталғандықтан тарихын елішілік қажеттілік, заңдылық қисынымен түсіну мүмкін емес. Төл тарихына отарлаушының көзімен ғана қарау құқы сақталды. Тіпті қуыршақ мемлекеттер өз халқының сұранысы мен қажетін өтей алмайтынын тарих тәжірибесі сан рет көрсетті. Бұған Кеңестер Одағы құрамындағы одақтас республикалар тағдыры айғақ-дәлел. Азаматтарының саны 20-млн-ға жуық Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан тәрізді республикаларда екінші университет ашу, жаңа аудан немесе облыс құру үшін Мәскеудің рұқсатын ондаған жылдар күтуге тура келді. Түркістан, Орта Азия әскери округтарына, құқық қорғау органдарына бірінші басшы, орынбасарлар тағайындау тек Кремльдің мақұлдауымен шешілетін. Басқа да шектеулер толып жатты. Өзбекстан президенті И. Каримов айтқандай, кеңестік қуыршақ мемлекет халықтың төл құндылықтарына мүлде сай келмеді: «Государственная машина, управляемая из центра, была рассчитана на некоего манкурта, на человека, не помнящего ни своего рода и племени, ни истории своего народа, ни его традиции. Именно поэтому образовался такой разрыв между тем, что декларировалось в системе этой государственности, и тем, что было на самом деле».
Сонымен, тарихи үдерістер алаңы – мемлекет эволюциясында екі саты болатынын ажырата алған жөн. Бірінші сатысы алғашқы мемлекеттік құрылымнан мемлекеттілікке дейінгі дәуірді қамтиды, екінші сатысы – мемлекеттілік сатысы.
Бірінші сатыдағы мемлекеттің болмыс-бітімін қазақтың қанатты афоризмі: «Бірі кем дүние» формуласымен сипаттауға болады. Бұл мемлекетте қажетті әрі маңызды құрамдас бөліктердің аз дегенде екеуі-үшеуі жетпей жатады. Мәселен, жаңадан шаңырақ көтерген шағында жүйелі билік вертикалы, ұлттық заңнамалар дестесі, мемлекеттік шекарасы, рәміздері, валютасы, алыс-жақын елдердің ресми тануы, ішкі-сыртқы саясатты анықтаудағы тәуелсіздігі болмайтыны заңды. Жылдар өте негізгі дені түгелденеді, әрине. Бірақ олқылықтары, тәжірибенің жұтаңдығы, мамандардың жетіспеушілігі, қысқасы, «бірі кемдігі» тайға таңба басқандай ұзақ уақыт көрініп тұрады. Бұлардың қалыптасуына ондаған жылдар, кейбіреулеріне ғасыр да кетуі мүмкін. Мәселен, мемлекеттің Ата заңы – Конституция. XX ғасырға дейінгі Түркиядан басқа бірде-бір түркілік мемлекетте Конституция болған емес. Большевиктік Кеңестер билеген түркі республикаларын номиналды мемлекет деп атасақ жарар. КСРО ыдыраған 1991 жылғы желтоқсанда тәуелсіздік алған бес түркілік республиканың еш біреуінде жоғарыда аталған-аталмаған құрамдас бөліктер болмағаны ақиқат. Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге 1993 жылы ғана айналымға енді. Іргелес елдермен шекараны заңдастыру әлденеше жылға созылды. Әнұранымыз екі рет өзгерді, жаңа астананың тұсаукесері 1998 жылы өтсе, үшінші атауы – Нұр-Сұлтан 2019 жылы заңмен бекемделді.
Түркілік кеңістікте мемлекеттілік, енді қалыптасу үстінде. Біз бұл жерде Кіші Азияны есепке алып отырған жоқпыз. Көлеңкелі экономика, жемқорлық, кедейшілік жойылмай, руханиятты, әлеуметтік инфрақұрылымды қаржыландыру, халықтың әл-ауқаты халықаралық стандарттар деңгейіне жетпей, мемлекеттің бәсекелік қабілеті дамыған елдермен теңелмей мемлекеттілік қалыптасты деуге болмайды.Мұндайда көпұлтты, көптілді, көпдінді сипаттағы барша әлемге де, нақты мемлекетке де, егер болашақтан үміті үзілмесе, бейбітшілікті соғыстан, татулықты дүрдараздықтан, қауіпсіздікті тұрақсыздықтан, ақылды ашудан жоғары ұстаған саясат пен идеология ұтады, мемлекеттілік сонда ақиқатқа айналады. Демек, мемлекеттен мемлекеттілікке жеткізетін өтпелі дәуір жалғасуда, әр елде әрқилы қалыптасатыны түсінікті ахуал. Бұл заңдылық мемлекет пайда болғаннан бері жұмыс істеп тұр.
Түйіп айтар болсақ, әрісі ортақ түркі тарихының, берісі Қазақстан тарихының кеңістігі мен ортасын, мазмұны мен ерекшеліктерін айқындаған тұғырлы факторларға аумақты, тілді, мемлекетті жатқызатын методологиялық пайым байтақ зерттеу объектісі мен пәніне бағыт-бағдар беріп, барлық тарихи шығармаларда басынан аяғына дейін басымдықпен алға шығуы керек. Кеше де, бүгін де, ертең де осының бәрінің берекесі алдымен елішілік ахуал екені, әсіресе тұрақтылық пен бірлікке келіп тірелетіні бірінші сыныптағы әліппеге де, күнде көрсетілетін жарнамаға да дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомадай енуі қажет.

 

Алдыңғы «

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.