ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ

  • 26.11.2019
  • 563 рет оқылды
  • 0

Жуырда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Орта білім берудің жаңартылған мазмұны аясында қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиын жаңартылған білім беру мазмұнына көшудің барысы, жалпыға міндетті білім стандарты мен оқу бағдарламаларын жасақтаудың негізгі ұстанымдары, оқулықтардың сапасы сияқты маңызды мәселелерге арналды. Конференцияға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру, «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталықтарының мамандары, әдебиеттанушы-ғалымдар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысып, ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Іс-шара барысында ғалымдар мен мұғалімдер жаңа білім мазмұнына көшу жағдайында қазақ тілі мен әдебиеті сияқты ұлт үшін маңызы зор пәннің жай-күйіне ерекше тоқталды. Осыған орай, «Орта білім берудің жаңартылған мазмұны аясында қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияның қарарын, жиында сөйлеген әдебиетші ғалымдар мен мұғалімдердің баяндамасын ұсынып отырмыз. Жас ұрпақтың санасына адамгершілікті, мейірімді, ізгілікті қалыптастыратын көркем әдебиет пен ана тіліміздің өзекті мәселелерін қозғап, оларды шешу жолдарын ұсынған бұл материалдар оқырман қауымды бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ НЕГІЗДЕРІ

Негізгі орта білім, жалпы орта білім беру ісінде міндетті түрде басшылыққа алынатын басты мемлекеттік нормативтік құжаттар бар. Олар – «Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» және «Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты». «Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламалары осы стандарттар негізінде жасалды. Аталған стандарттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген. 2018 жылы 31 қазанда Білім және ғылым министрінің № 604 бұйрығымен аталған стандарттардың жаңа буыны бекітілді, бұрынғы стандарттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 895 қаулысымен күштерін жойды.
Аталған стандарттарда білім беру мақсаттары білім беру аяқталғанда күтілетін нәтижелер түрінде анықталған. Ол нәтижелер нақты құзіреттіліктер түрінде көрсетілген: 1) біледі; 2) түсінеді; 3) қолданады; 4) талдайды; 5) жинақтайды; 6) бағалайды.
Стандарттарда, олардың негізінде жасалған үлгілік оқу бағдарламаларында білім беру ісі аяқталғанда күтілетін нәтижелерді анықтау үшін, оны дамытуды ақпараттандыру үшін қолданылатын негізгі бағыт – Блумның таксономиясы (1956). Стандарттарда, үлгілік оқу бағдарламаларында белгіленген мақсаттар мен нәтижелер Блум таксономиясының 1956 жылғы иерархиялық жүйесіне сай анықталған. Ол жүйе мынадай: 1) білу; 2) түсіну; 3) қолдану; 4) талдау; 5) жинақтау; 6) бағалау. Бұлар – білім алушылардың танымында кезең-кезеңімен қалыптасатын ойлау дағдыларының, білім алушылардың оқу материалдарын меңгеруінің танымдық деңгейлері. Осындағы 1) білу; 2) түсіну; 3) қолдану – үш сатыдан тұратын әуелгі деңгейдегі таным дағдылары. Бұл деңгейдің практикалық сипаты басым. Ал, кейінгі 4) талдау; 5) жинақтау; 6) бағалау – үш сатыдан тұратын жоғары деңгейдегі ойлау дағдылары.
1995-2000 жылдары Л.Андерсен мен Д.Кратвол басшылығымен жұмыс жасаған психологтардың тобы 2001 жылы Блум таксономиясының жаңартылған нұсқасын өндіріске енгізді. Жаңартылған нұсқада білу – есте сақтау болып аталды, жинақтау, жасау деп аталды. Танымдық дағды деңгейлері танымдық процесс деңгейлері ретінде мына жүйеде нақтыланды: 1) есте сақтау (помнить), 2) түсіну (понимать), 3) қолдану (применять), 4) талдау (анализировать), 5) бағалау (оценивать), 6) жасау (создавать).
Қазақстанның білім беру саласындағы мемлекеттік жалпыға міндетті стан-дарттарында, олардың негізінде жасалған оқу пәнінің үлгілік оқу бағдарламаларында, оқулықтарында Блум таксономиясының 1956 жылғы жүйесі қолданылды, 1995-2000 жылдары айналымға түскен жаңартылған жүйесіне білім басындағылар әзірге мән бере қойған жоқ.
Білім алушылардың ойлау құзіреттілігін қалыптастыру мен дамыту ісінде Блум таксономиясында негізделген алты танымдық құзіреттіліктің әрқайсысының өмірлік маңызы бар. Олар өзара сатылы түрде сабақтасқан. Бір деңгейге көтерілмейінше келесі деңгейге асу мүмкін емес. Мысалы, қолдану үшін түсіну шарт, түсіну үшін білу, білгенді есте сақтау шарт. Білу, білгенді есте сақтау болмаған жерде қалған танымдық дағдыларға орын жоқ. Бұл дағдылардың әрқайсысының қалыптасу деңгейі білім алушының тыңдау (тыңдалым), айту (айтылым), оқу (оқылым), жазу (жазылым) сияқты түрлі нақты еңбек-әрекеттерінің нәтижелері арқылы анықталады.
Білім алушылардың оқудағы жетістіктері бойынша күтілетін нәтижелерді оқу мақсаты түрінде тұжырымдап бекітуге үлкен мән берілді. Блум таксономиясының иерархиялық жүйесін нақты пәннің мазмұнымен, оқытудың мақсаттарымен, оқытудан күтілетін нәтижелермен, оқушылардың оқу жетістігі деңгейлерінің сипатымен үйлестіру бағдарламаны, бақылау-бағалау құралдарын жасаушылардан да, оқулық авторларынан да, мұғалімдерден де үздік кәсіби біліктілікті талап етеді.
Білім беру ісінде Блум таксономиясын қабылдадық, жаңартылғанын емес, бұрынғы 1956 жылғы үлгісін. Соған сәйкес білім алушылардың танымында кезең-кезеңімен қалыптасатын ойлау дағдылары, оқу материалдарын меңгеруінің танымдық деңгейлері оқу мақсаттары таксономиясы түрінде мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда бекітілді.
Ендігі тұста мемлекеттік стандарттарда бекітілген осы жүйенің негізінде пәннің үлгілік оқу бағдарламаларын жасау керек еді. Пәннің үлгілік оқу бағдарламалары жасалды, бірақ оларда (5-9, 10-11-сыныптарға арналған оқу бағдарламаларында) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда бекітілген танымдық дағдыларды қалыптыстыру, дамыту мақсаттары, оқу мақсаттары таксономиясы бұрмаланды. Мемлекеттік стандарттардағы Білу, қолдану сияқты танымдық деңгей дағдылары бағдарламаны жасаушылар мен бекітушілердің назарынан тыс қалды. Блум таксономиясындағы Білім, білу аталған стандарттарда оқыту мақсаттары жүйесіндегі бастапқы саты ретінде қабылданған. Ол жоқ жерде қалған бес танымдық дағдыны қалыптастырмақ болу – әурешілік.
Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарында анық көрсетілген танымдық сипаттағы дағдылардың біразы «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламаларында қолданылмай, олардың орнына жауап беру, интерпретация, салыстыру дегендер қосылған.
Оқу мақсаттарының жүйесін өзіміз жасай алмадық, мемлекеттік стандарт деңгейінде Блумның таксономиясын қабылдадық. Білім мен ғылым саласын басқарушылар оқу мақсаттарының жүйесін өздері жасай алмай, Блумның таксономиясын мемлекеттік стандарт деңгейінде қабылдап отырып, Блумның таксономиясын да дұрыс қолдана алмады. Нәтижесінде не ол емес, не бұл емес, басқа бірдеңе шықты.
Жаңартылған бағдарламаларда оқыту мақсаттары: 1) «Түсіну және жауап беру», 2) «Анализ және интерпретация», 3) «Бағалау және салыстыру» деп, үш топқа бөлініп жүйеленді. Бұлардың алғашқы сыңарлары Блумның таксономиясындағы басты құрамдастар, қалған үшеуін бағдарламаны құрастырушылар мен бекітушілер қосқан. Бұл – білім берудің тарихы мен теориясында, оқыту мақсаттары бойынша ғылым мен білім қорында қалыптасқан, білім беру өндірісінде стандарттық деңгейде кеңінен қолданылып отырған ғылыми-әдістемелік, психологиялық, танымдық, нормативтік жүйе негізінен ауытқудың көрінісі.
Таным деңгейлері арасындағы иерархиялық жүйені бұзу жүйесіздікке әкеліп соқпай қоймайды. Оның үстіне мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар қазақ тілінде «талдау» деп анық көрсеткен атаудың пәннің үлгілік оқу бағдарламасында «анализ» болып берілгені, оған «интерпретация» секілді атаудың тіркескені қазақ әдебиеті үшін де, қазақ әдебиеттануы үшін де, қазақ тілі үшін де жетістік емес, кемістік.
Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын қолдану оқытудан күтілетін нәтижелер түрінде көрсетілген білім беру мақсаттарының жүйесіне қол жеткізу арқылы оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыруға бағытталған. Оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыруға бағытталған білім мазмұны осы мақсатты нәтижелерден түзіледі. Енді «Қазақ әдебиеті» пәнінің оқу бағдарламаларындағы осындай 14 мақсаттың бірінің сипатына назар аударайық.«Анализ және интерпретация» бөлімінің құрамындағы бес бөлімшенің бірі – Автор бейнесі деп аталады.
Автор бейнесі бөлімшесінде білім алушылар үшін 10-11-сыныптарда мынадай нақты оқу мақсаттары қойылған:
1) 10-сыныпта «шығармадағы авторлық идеяның өмір шындығымен байланысын айқындау» / «автор бейнесінің шығармадағы белгілі бір оқиғадағы көрінісін анықтау» қажет.
2) 11-сыныпта «автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау» / «шығармадағы авторлық идеяның өмір шындығымен байланысын ашу» шарт.
5-9-сыныптардағы оқу мақсаттары мынадай:
3) 5-сыныпта «эпикалық шығармадағы автор бейнесін анықтауға» тиіс, 6-сыныпта «эпикалық, поэзиялық шығармалардағы автор бейнесін анықтайды».
Әдеби шығармаларды бұлайша «эпикалық, поэзиялық шығармалар» деп топтау – қателік.Білім мазмұны, әдеби-теориялық ұғымдар деңгейіндегі қателік. Білетін маманға «эпикалық шығармалар» қатарында поэзиялық шығармалар да болатыны, ал, «поэзиялық шығармалар» қатарында эпикалық шығармалар да болатыны белгілі.
4) білім алушылардың алдына 7-сыныпта «эпикалық, поэзиялық, драмалық шығармадағы автор бейнесін анықтау» мақсаты қойылады. Бұл да қате. Білім мазмұны, әдеби-теориялық деңгейіндегі қате. Өйткені, сөз өнері, көркем әдебиет туындыларын «эпикалық, поэзиялық, драмалық» деп топтастырылмайтыны Аристотель заманынан бері белгілі.
5) 8-9-сыныптардағы мақсат – «автор бейнесі мен кейіпкерлер қарым-қатынасының тілдік көрінісін талдау», «автор бейнесінің идеялық-стилистикалық тұтастырушы ретіндегі рөліне талдау жасау».
«Қазақ әдебиеті» пәнінің оқу бағдарламаларының он төрт мақсатының біреуін мысалға келтірдік. Енді осы мысалға алынған мақсаттың жайына назар аударайық.
«Автор бейнесі» – нейролингвистикадағы, психопоэтикадағы күрделі, қиын мәселе. Әдеби шығармада автор бейнесі затты келбетімен көрінбейді, имплицитті. Оны білудің, оның мәнісін түсінудің, оны оқытудың жолдары әдебиеттану, педагогика ғылымдарында осы күнге дейін нақты анықталған емес. Оқытылатын әдеби шығармада затты келбеті көрініп тұрмаған, дерексіз, қиялдағы бейнені анықтау дағдысын қалыптастыруды мақсат ету білім алушылардың қияли болуына ықпал етуі ықтимал. Автор бейнесін анықтау әл-Фараби сипаттаған «әрекетшіл ақыл-парасат» деңгейінде, іргелі теориялық ойлау деңгейінде ғана мүмкін болмақ. Бұл – кәсіби зерттеушілердің ісі.
«Автор бейнесін анықтау» деп аталып отырған оқыту мақсатының орындалуы да қайшылықты. Мысалы, 5-сыныптағы «Керқұла атты Кендебай» ертегісін, «Қобыланды батыр» жырын, «Асанқайғының жерге айтқан сынын» оқытуда Анализ және интерпретация бөлімі бойынша мынадай мақсаттар қойылады:
5.2.2.1 – эпикалық шығармадағы автор бейнесін анықтау.
5.2.4.1 – көркем шығармадан алған әсерін сипаттап, авторға хат, өлең жазу…
«Керқұла атты Кендебайды», «Қобыланды батырды», «Асанқайғының жерге айтқан сынын» оқытуда мұндай оқу мақсаттарын қоюға қандай ғана жанның ақылы жетті екен.
Білім алушы да, білім беруші де, тіпті осы жаңартылған бағдарламаны бекіткендер де аталған шығармалардан алған әсерін сипаттап, авторға хат жаза алмайды, жазуы мүмкін емес. Ақиқаты осы. «Автор бейнесіне» қатысты оқудағы мақсат та, ол мақсатқа жеткенде күтілетін нәтиже де негізсіз, мағынасыз, мәнсіз.
Пәнді оқытуда білім алушының, білім берушінің алдына орындалмайтын, орындау мүмкін болмайтын мақсат қою және сол мақсатқа жетуді талап ету – білім алушының ақыл-ойына бағытталған зорлық, қиянат, зиянкестік. Оқу пәні бойынша білім мазмұнын бұлайша жаңартуға болмайды.
Енді мынаған назар аударайық. «Автордың бейнесі» деген ұғым, атау мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда жоқ. Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда «Автордың бейнесі» ұғымына қатысты оқу мақсаты қойылмаған.
«Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» бойынша, білім алушы шығармадағы автордың көзқарасын түсінеді.«Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» бойынша, білім алушы а) шығарма авторларының өмірлік және шығармашылық жолы туралы негізгі деректерді біледі, ә) автордың ұстанымын түсінеді.
Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда білім алушылардан автор ұғымына қатысты осы аталған мақсатты нәтижелер талап етіледі:а) шығарма авторларының өмірлік және шығармашылық жолы туралы негізгі деректерді білу, ә) автордың көзқарасын, ұстанымын түсіну.
Дұрыс. Мемлекеттік стандарттардың талаптарын орындау жалпыға міндетті. Оқытудан күтілетін нәтиже түрінде мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда көрсетілген осы мақсаттарды назардан тыс қалдырып, олардың орнына білім алушылардан автордың бейнесін анықтауды талап етуі дұрыс емес, бұрыс. Оқытуда дұрыс емес, бұрыс мақсатты көздеу білім алушыны адастырумен бірдей.
Үлгілік оқу бағдарламалары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленеді. Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында авторға қатысты оқытудан күтілетін нәтижелер қандай екені көрсетілді.Стандарт бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер – оқу мақсаттарын, білім мазмұнын анықтаудың негізі. «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламаларындағы «Автор бейнесін анықтау» мақсаты стандарттарда көрсетілген мақсаттарға, нәтижелерге сай келмейді.
Білім беру аяқталғанда, оқытудан күтілетін нәтижелер «Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында», «Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында» алты топқа бөлініп жүйеленген. Пәннің оқу бағдарламасының мазмұны, оны ұйымдастыру, оқытудың мақсаттары мен міндеттері, әдістері мен амалдары, бақылау-бағалау жүйесі оқытудан күтілетін осындай нәтижелермен үндесуі шарт. Пән бағдарламаларында оқыту мақсаттары оқытудан күтілетін нәтижелерге тікелей қатысты қойылуға тиісті, оқыту нәтижелері оқыту мақсаттарына сай болу керек. Білім беру ісінің оқытудан күтілетін нәтижелерге бағытталуы туралы мемлекеттік ұстанымның мәнісі сонда.
«Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламалары және олардың негізінде дайындалған оқулықтардың жайы 2018 жылдың наурызында осындай күйде еді. Бұл жайындағы ойларымызды біз сол кезде бұқаралық ақпарат құралдарында айттық. Бірақ білім беру стандарттарын жасаушылар да, үлгілік оқу бағдарламаларын жасаушылар да өз сөзінен басқа сөзді ұқпады.
2018 жылы 31 қазанда(БҒМ № 604 бұйрығымен) білім берудің барлық деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті жаңа білім беру стандарттары жаңадан бекітілді. Ол стандарттарда, бұрынғыша, Блум таксономиясының 1956 жылғы үлгісі қолданылды. «Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттарының жүйесі сол бұрынғы қалпында, оқулықтар да сондай.
Осында келуге жиналып жатқанда, 7-сыныпта оқитын немеремнің қазақ әдебиеті оқулығының титул парағынан кейінгі бірінші (кітап беттеуі бойынша 3-бет) бетіндегі кестеге көзім түсті. Кестеде «Күлтегін» жырының тұсында оның авторы көрсетіліпті. Көрсетілген автор – халық. Осы кестеде «Көксерек» те тұр екен. Оның жанры әңгіме болып көрсетіліпті. 10 сыныпта Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы повесть болып оқытылуда.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2019 жылғы 7 наурыздағы № 105 бұйрығымен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізілді. Жалпы орта білім беру деңгейінің жаратылыстану-математика бағытындағы 10 – 11-сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұзақ мерзімді жоспарында«Б.Мұқай. «Өмірзая» романы, Лира Қоныс. «Тиын» әңгімесі» деген жол «Б.Мұқай. «Өмірзая» романы, «Ерболат Әбікен «Пәтер іздеп жүр едік» әңгімесі» болып өзгертілді. Жалпы орта білім беру деңгейінің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10 – 11-сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұзақ мерзімді жоспарында «М.Мағауин. «Шақан шері» романы, Ш.Айтматов. «Боранды бекет» романы, Ұ.Есдәулетов. «Біз түркілерміз» деген жол «М.Мағауин. «Шақан-шері» романы, Ш.Айтматов. «Алғашқы ұстаз» повесі, Ұ.Есдәулетов. «Біз түркілерміз» болып өзгертілді. Үлгілік оқу бағдарламасының мәтіні өзгермеді, онда оқытылатын шығармалардың тізімі өзгеріссіз қалды. Білім алушылар үлгілік оқу бағдарламасы бойынша Лира Қоныстың «Тиын» әңгімесін, Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романын оқиды, үлгілік оқу бағдарламасын жүзеге асырудың ұзақ мерзімді жоспары бойынша Лира Қоныстың «Тиын» әңгімесін оқымайды, Ерболат Әбікеннің «Пәтер іздеп жүр едік» әңгімесін оқиды, Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романын оқымайды, «Алғашқы ұстаз» повесін оқиды.
Жоғарыда талданып, сараланған жайлардан «Қазақ әдебиеті» пәнінің негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейлеріне арналған жаңартылған мазмұндағы бағдарламаларының мазмұны туралы бірнеше тармақтан тұратын қорытынды ой өріліп шығады. Мен солардың бәрін емес, біреуін ғана көрсеттім. Ол мынадай:
«Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламалары, олардың негізінде жазылған оқулықтар «Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» мен «Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» талаптарына сай келмейді, қайшы келеді.
«Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламалары мен оқулықтарының 2019-2020 оқу жылындағы күйі осындай. «Алдыңдағы келер заман» не дайындап тұр?
Қазақ әдебиетін қазақ халқының баламасы жоқ байлығы, ұлттық рухани құндылығы ретінде қорғайтын, сақтайтын, насихаттайтын, дамытатын, ел игілігіне айналдыратын, оны оқу мен оқытуға жанашыр болатын, жоқтаушы, сұраушы болатын екі мекеменің бірі қалғып, бірі мүлгіп отырса да, жағдай түзелер деп үміт етеміз.
Жанғара Дәдебаев,
филология ғылымдарының докторы,профессор
Еліміздегі білім алу үрдісіндегі өзгерістер мен бүкіл өркениетті әлемдегі ақпараттық даму білім берудің дәстүрлі қалыптасқан жүйесін, әдістері мен технологиясын таңдауда жаңашылдық танытуды қажет етіп отыр. Осыған орай мектептегі «Қазақ әдебиеті» пәнінің функциясы дұрыс, түсініп, шапшаң, мәнерлеп оқуға төселдірумен шектелмейді, оның басты қызметі – оқушыларды көркем сөзге баулу. Ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлы айтқандай баланың «ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып» жеткізуіне мүмкіндік беріп, көркем сөз әлеміне жетелейтін сара жол – оқу сабақтары. Міне, бүгінгі күні түпкі нәтижесі бағдарламада көрсетілгендей:
1) қазақ балалар әдебиеті мен әлем әдебиеті үлгілерін талдай отырып, ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды бойына сіңіруіне;
2) көркем шығармадағы тілдік қолданыс ерекшеліктеріне бақылау және талдау жасай отырып, тілдік құралдарды саналы түрде дұрыс таңдауына және өмірлік тәжірибесінде қолдануына;
3) алған білімі мен дағдыларын өмірлік жағдаяттарда және басқа адамдармен қарым-қатынас барысында пайдалануына көмектесетін оқыту үрдісіндегі жаңа бағыт – диалогтық қарым-қатынас негіздері басшылыққа алынған. Десек те бүгінгі әдебиетші-ғалымдар, педагог-ғалымдар, әдіскерлер мен пән мұғалімдері жиналып отырған конференцияда жаңартылған білім бағдарламасы жағдайында жасалынған «Қазақ әдебиеті» оқулықтары шын мәнінде сөз өнері құралы міндетін атқарып отыр ма? деген мәселенің алға тартылып, кеңінен талданып отырғаны әлі де кемшін тұстар бар екенін айқын байқатады. Әсіресе, осы тұста жоғары оқу орындарында мамандар дайындау мен қазіргі мектеп тәжірибесі арасындағы сәйкессіздік анық байқалып қалды.
Жоғары оқу орындарында қазақ әдебиеті курстарынан білім беру бағдарламасының мақсаты – орта мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жоғары әлеуметтік және азаматтық жауапкершілікке ие, төмендегідей бағыттар бойынша жоғары білікті мамандар даярлау:
– жан-жақты дамыған оқушы тұлғасын қалыптастыру және тәрбиелеу;
– орта мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті салалары бойынша жүйелі білім қалыптастыру;
– орта мектептердегі қазақ тілі мен әдебиетінен оқу үрдісін заманауи-ғылыми деңгейде ұйымдастыру;
– ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру.
Білім беру бағдарламасының негізгі міндеттері:
– қоғамның әлеуметтік тапсырысына және білім берудің әлемдік стандарттарына сәйкес орта мектептердегі болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін сапалы кәсіби дайындықпен қамтамасыз ету;
– орта мектептердегі болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің негізгі басым құзыреттіліктерінің жүйесін, жалпы ғылыми және арнайы білімдік дағдылары мен шеберліктерін қалыптастыру;
– рухани және интеллектуалды өзіндік даму жолдарын, психологиялық сауатын, ойлау және мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.
Аталған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру аясында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің филолог мамандар дайындайтын институтында «Әдебиеттануға кіріспе», «Халық ауыз әдебиеті», «Әдебиет теориясы» курстарынан бастап, «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Хандық дәуірдегі әдебиет» болып әрі қарай тарихи-монографиялық ұстанымға сай қазақ әдебиеті дәуірлерге сай кезең-кезеңімен сатылай оқылады. Бұрын да солай болған, қазір де солай. Мәселе осынша теориялық білімнің қазіргі қазақ әдебиеті мұғалімдеріне қажеті бар ма? Өйткені, қазір мектепте қазақ әдебиеті мүлде басқа бағытта лексикалық тақырыптарға құрылған мазмұнда оқытылып, көптеген классик ақын-жазушыларымыздың шығармалары ескерілмей қалған ғой.
Қоғамдағы, білім саласындағы өзгерістер жоғары оқу орындарындағы қазақ әдебиетін оқыту мәселелеріне қатысты «Қазақ әдебиетінен жаңартылған білім мазмұны», «Қазақ әдебиетін оқытуда қолданылатын жаңа технологиялар», «Бағалаудың өлшемдік технологиясы» атты жаңа курстардың бағдарламада белгіленіп, мектептегі қазіргі жаңартылған білім мазмұнын игеретіндей кәсіби маманды дайындауға баса назар аудару қажеттілігіне әкеліп отыр. Аталған курстар бойынша болашақ филолог мамандар қазіргі «Қазақ әдебиеті» оқулықтарының жаңа мазмұнын, қазақ әдебиеті сабақтарын оқу мақсаттарына сай ұйымдастырып, жүргізе алу, оқытудың жаңа технологияларын, белсенді және интербелсенді оқыту әдістерін, критериалды бағалауды қолдана алу, Блум таксономиясы, сыни тұрғысынан ойлау тапсырмаларын құрастыру, орындату тәсілдерін біледі, меңгереді.
Жоғары мектеп педагогикасының күрделі де маңызды бір мәселесі – студентті болашақ мамандығына оңтайландыру, кәсіптік біліктілігін дамыту, кәсіби бағдар берудің жаңа жүйесін жасау, іскер және құзіретті маман дайындау. Мұндай маман дайындау үшін білім беру үдерісін белсенділендіру, оқытудың жаңа формалары мен әдіс-тәсілдерін жетілдіру қажет. Оқу үдерісін белсенділендіру – берік те тиянақты білім берудің жолдарын қарастыру, студенттердің шығармашылық ойлауына, ізденуіне мүмкіндік жасау, оларды келешек мамандығына қызықтыра алу, оқу үдерісін ғылыми негізде ұйымдастыру және т.б. Осы бағытта биылғы оқу жылынан бастап университетте бітіруші түлектер бір оқу жылы бойында мектепте күнде ұстаз-тәлімгердің қасында сабаққа қатысып, сабақ беріп, оқушымен, ата-анамен, ұжыммен, жалпы жұртшылықпен қарым-қатынаста болып, мұғалім роліне толықтай енуі қамтамасыз етілді. Бұрын педагогикалық тәжірибеге арнайы 2-3 ай уақыт бөлінетін. Ал, қазір Алматы қаласы мектептерінің көбісі дерлік қамтылып, әр мекемеде түрлі пәнді, соның ішінде қазақ әдебиетін де ұйымдастырып, жүргізетін болашақ мұғалімдер тәжірибеде сынақтан өтуде. Университеттің саясаты – кәсіптік даярлаудың сапасын жақсарту, біліммен қамтамасыз етудің ғылыми-әдістемелік жүйесін түбегейлі жаңарту, оқытудың формалары мен әдістерінің түрлерін өзгерту, ондағы алдыңғы қатарлы оқу-тәрбие тәжірибелері мен қазіргі қоғамның сұраныстарының алшақтығын жою, білімдегі жаңашылдықты саралау, білімді жетілдіру үдерісіндегі үздіксіздікті қамтамасыз ету. Заман талабы мұғалімдерге жан-жақты жетілген, көпсалалы дайындық иесі болуды жүктейді. Тәуелсіз мемлекетімізге еңбекқор, кәсібін терең түсінетін, үнемі өзгеріп отыратын жағдайларға өзінің білімі мен іскерлігін әртүрлі әрекеттердің айналасында қолдана білетін қабілетті мамандар қажет. Білім беру талаптарына бұл «құзыреттілік» ұғымы арқылы анықталып отыр. Мектептерде ұйымдастырылып отырған үздіксіз педагогикалық тәжірибе осындай кәсіби құзыреттілікті игеруге дайындық болып табылады деген сенімдеміз.
Ойымызды сабақтай келе, болашақ филолог мамандар жоғары оқу орнында алған теориялық және практикалық біліктерін толыққанды пайдаланып, қолдана алуы үшін, жалпы әдебиетті сөз өнері ретінде меңгерту үшін мектептердегі «Қазақ әдебиеті» пәні классикалық дәстүрден ауытқымай тарихи-монографиялық ұстанымда оқытылуы тиіс деген ұсыныс айтамын. Бұл өз кезегінде оқушыларымызды сөз өнерінің қуаты күшті шығармаларымен танысып оқуына, шын мәнінде, сөздің құдіретін түсініп, ойын өсіріп, талғамын дамытуға септігін тигізеді.

Қабатай БИДАНА,
педагогика ғылымының кандидаты,
Абай атындағы ҚазҰПУ доценті

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ МАҚСАТЫ МЕН ФУНКЦИОНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТІ

Елбасы Н.Назарбаевтың 2004 жылғы Жолдауында білім берудің әлемдік бәсекеге қабілетті жаңа сатысына көшуіміз керек екендігі баса айтылды. 2012 жылғы «Әлеуметтік- экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауы негізінде ел Үкіметі «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық жоспары» бекітілді. Ұрпақ тәрбиесі үшін бұл құжаттың маңыздылығы ерекше. Құжаттағы негізгі міндеттердің жалпы мазмұны: мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың отандық және халықаралық практикасын зерделеуден, білім мазмұнын жаңғыртуды қамтамасыз ету мен білім сапасын бағалау мен мониторинг жүргізу жүйесін дамытудан тұрады.
Жалпы функционалды сауатты адам деген қандай адам? Оның қандай ерекшелігі бар? Бұл сауалдарға кешенді түрде жауап іздеген халықаралық зерттеу ұйымдары жеткілікті. ЮНЕСКО пайымында функционалды сауатты адам – қазіргідей мың құбылған заманда әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық өмірге белсене араласуға бейім, сондай-ақ, тұла бойы өмір бақи білім алуға қажетті қадір-қасиетке толы жан. Жалпақ тілмен айтқанда еті тірі адам! Қалай болғанда да жасанды интелект пен ХХI ғасырдың үздік 10 дағдысының пәрменіне қарсылық таныту күн өткен сайын қисынсыз болып келеді. Жаһандық бәсекелестік тұжырымдамаларының ықпалы ең әуелі білім беру саласын нысанаға алатыны түсінікті.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) оқушылардың функционалдық сауаттылығына қатысты тұрақты халықаралық бағалау жүргізіп келеді. Еліміз бұл аламанға алғаш рет 2009 жылы қатысқан. Зерттеу нәтижесінде: «Қазақстанның PISA мен TIMSS-қа қатысу нәтижесі республикадағы жалпы білім беретін мектептер педагогтерінің мықты пәндік білім беретіндігін, бірақ оны нақты өмірдегі жағдайларда пайдалануға үйретпейтіндігін көрсетеді» деген қорытындыға келген. Яғни, мұны «құрғақ теория бар, іс-әрекет жоқ» деп түсінеміз. Ұлттық жоспар аясында осы бағдарламаға мемлекеттік қазынадан 25 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ұлттық жоспардың негізгі орындаушылары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДБҰ және жергілікті атқарушы органдар болып бекітілген.
Оқушыларға басы артық абстрактілі-теориялық білім мен бітпес тапсырмалар беруді жойып, білім мазмұнының неғұрлым практикалық сыпаттағы болмысын қалыптастыру кешенді жобасының қысқаша тарихы осындай.
Енді, бағдарлама мазмұнына оралайық. Осында қазақ әдебиеті бағдарламасына қатысты және барлық пәндерге де қатысты бағдарлама жауаптыларының санатына БҒМ Ғылым комитетіне қарасты салалық зерттеу институттарының қосылмағаны қателік болған. Себебі, ұлттық жоспардың нақтылы іс-әрекетке бағытталған жоспарында зерттеу институттары жоқ. Аралары онсыз да алыс практиктер мен теоретиктердің бір-бірін түсінбеуі бұдан соң мүлде алшақтап кеткен сыңайлы.
Әдебиеттен 5 сыныпта кімдерді оқығыңыз келеді?
Өзіңізді бір сәт 11 жасар ақылды оқушы сезініп, төмендегі екі бағдарламаның бірін таңдаңыз. Жауап ретінде 1 /бұрынғы/ және 2 /жаңа/ бағдарлама, 3 /ұсыныс/ сандарын қолданыңыз.
Бұл екі бағдарлама мазмұнына қатысты мақалаға арналған сауалнама. Сондықтан, өзіңізді оқушы орнына қойып, олардың физикалық, танымдық мүмкіндігін ескере отырып жауап берулеріңізді өтініп сұраймын. Ал, бағдарламаның методикалық жағы ол бөлек тақырып. Бұл жерде тек бала бір жылда осынша шығарма оқи ала ма? Бәлкім, сіздің нақтылы жауабыңыз бағдарлама жасаушыларға әсер етер. Тіпті, әсер етпесе, баламалы бағдарламалар жасау мәселесі күн тәртібіне шығады. Ұсыныс барысында жас ерекшелік, сан және сапа деген өлшемдерді басты назарға алсаңыздар.
Бірінші тізім ескі бағдарлама, екінші тізім жаңа бағдарлама бойынша берілді. 1. «Әдебиет пәні», «Халық ауыз әдебиеті», «Тұрмыс-салт жырлары», «Мақал-мәтелдер», «Қанатты, нақыл сөздер», «Жұмбақтар мен жаңылтпаштар», «Ертегілер», «Аңыз әңгімелер, шешендік сөздер», «Әпсаналар», «Әдеби ертегілер. «Ақселеу Сейдімбек. «Әйел-Ана» ертегісі», «Мысал өлеңдер», «Махамбет Өтемісұлы. «Соғыс», «Қызғыш құс» өлеңдері». «Ыбырай Алтынсарин. «Өзен» өлеңі, «Дүние қалай етсең табылады?» әңгімесі» «Абай Құнанбайұлы. «Қыс», «Ғылым таппай мақтанба» өлеңдері, «Сұлтанмахмұт Торайғыров. «Шілде» өлеңі», «Мағжан Жұмабаев. «Қысқы жолда», «Сағындым», «Балалық шақ» өлеңдері», «Сәкен Сейфуллин. «Ақсақ киік» өлеңі», «Ілияс Жансүгіров. «Күй» поэмасы», «Мұхтар Әуезов. «Ақын қонақтар» («Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінді)», «Сәбит Мұқанов. «Лашын» («Өмір мектебі» романынан үзінді)», «Ғабит Мүсірепов. «Жаңа достар» («Қазақ солдаты» романынан үзінді)», «Сапарғали Бегалин. «Бала Шоқан» («Бала Шоқан» повесінен үзінді)», «Қалмақан Әбдіқадыров. «Қажымұқан» (хикаяттан үзінді)», «Қасым Аманжолов. «Жамырап күнде жас өмір» өлеңі», «Жұбан Молдағалиев. «Ар-ұят туралы» өлеңі», «Сырбай Мәуленов. «Менің Республикам» өлеңі», «Қуандық Шаңғытбаев. «Сабалақ» өлеңі», «Мұқағали Мақатаев. «Фантазия», «Барлығы да сендердікі», «Мен таулықпын» өлеңдері», «Сәкен Жүнісов. «Ақырғы бәйге» («Ақан сері» романынан үзінді)», «Қадыр Мырзалиев. «Ана» өлеңі», «Қабдеш Жұмаділов. «Қозыкүрең» («Сәйгүліктер» романынан үзінді)», «Жұмекен Нәжімеденов. «Сен ақылды болсаң екен», «Жаманыңды көрмесем» өлеңдері», «Нәсіреддин Серәлиев. «Аңсау» әңгімесі», «Тұманбай Молдағалиев. «Бауырлар» өлеңі, «Фариза Оңғарсынова. «Оюлар» өлеңі», «Мұхтар Шаханов. «Нарынқұм зауалы» өлеңі», «Күләш Ахметова. «Қазағым менің» өлеңі», «Даниэль Дефо. «Робинзон Крузо» («Робинзон Крузо» романы)» Қорытындылау (1 сағат)». Барлығы 48 туынды. 68 сағат. 4 тоқсан, 5-сынып.
2. «Керқұла атты Кендебай» ертегісі, «Қобыланды батыр» жыры, Асан қайғы «Асан қайғының жерге айтқан сыны» аңызы, Дулат Бабатайұлы «О, Ақтан жас, Ақтан жас» өлеңі, Ыбырай Алтынсарин «Қыпшақ Сейітқұл», «Атымтай Жомарт», «Дүние қалай етсең табылады?» әңгімелері, Ахмет Байтұрсынұлы «Егіннің бастары» мысалы, «Адамдық диқаншысы» өлеңі, Бердібек Соқпақбаев «Менің атым Қожа» хикаяты, Марат Қабанбай «Бауыр» әңгімесі, Тынымбай Нұрмағамбетов «Анасын сағынған бала» әңгімесі, Джек Лондон «Мексика ұлы» әңгімесі». Барлығы 11 туынды. 68 сағат. 4 тоқсан, 5-сынып.
Ескі бағдарлама бойынша Қазақ әдебиеті пәнінің 8-сыныптағы базалық білім мазмұны. Пәнді оқыту үшін бағдарлама материалдарын оқуға 56 сағат, тіл дамыту, шығармашылық жұмыстарға 8 сағат, сыныптан тыс оқыған шығарманы әңгімелеуге 4 сағат, барлығы 68 сағат бөлінген. Пәннің білім мазмұны төмендегідей тақырыптарды қамтиды:
1) «Кіріспе» (1 сағат). Қазақ әдебиеті туралы жалпы түсінік. Әдебиеттің адам өмірінде атқаратын қызметі туралы.
34. «Ежелгі дәуір әдебиеті» (5 сағат):
1) «Ежелгі дәуір әдебиеті туралы түсінік» (2 сағат). Түркі халықтарына ортақ әдеби құндылықтар жөнінде (шолу). «Алып Ер Тоңа» дастаны. Көне замандарда өмір сүрген түркілер көсемі Алып Ер Тоңа туралы бізге жеткен деректер. Туған жерін сыртқы жаудан қорғауы, түркі жұртын бірлікке үндеуі. «Алып Ер Тоңа» – ХІ ғасырда бізге Махмұд Қашғари жазып алып жеткізген, атадан балаға мирас болып қалған жоқтау жыр. Бұл жоқтаудың ежелгі түркі әдебиетінің алғашқы нұсқасы ретінде «Түркі сөздерінің жинағы» деп аталатын кітапқа енгендігі. Алып Ер Тоңа ХІ ғасырдағы Иранның ұлы шайыры Фирдоусидің «Шаһнама» дастанының кейіпкері;
2) «Орхон ескерткіштері. «Күлтегін жазуы» (1 сағат). Жазба ескерткіштердің тарихи оқиғалар мен тұлғаларға арнап, тасқа қашалып жазылған жырлар екендігі. Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің зерттелу тарихы. Орхон жазуларының мазмұны, композициялық құрылымы. Батырлар жырына ұқсастығы. Жанрлық сипаты. Жыр мазмұнынан түркі тайпалардың сол кездегі өмірі, тұрмыс-тіршілігінің көрініс беруі. Жырдың танымдық, тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы: жырдың композициясы туралы;
3) «Қорқыт ата кітабы» (1 сағат). Аңызға айналған Қорқыт ата бейнесі. Қорқыт айтқан нақыл сөздердің тәрбиелік мәні. Қорқыттан қалған нақыл сөздердің қазіргі қолданыстағы қазақ мақал-мәтелдерімен ұқсастығы. Қорқыт ата кітабының зерттелуі. Жырдың сюжеті, композициялық құрылымы. «Қорқыт ата» кітабындағы кейіпкерлердің Алпамыс батыр жырымен ұқсастығы. «Дерсеханұлы Бұқаш туралы жырдағы» кейбір мотивтердің Айман-Шолпан жырында қайталануы. Әдебиет теориясы: аңыз және әпсана. Пәнаралық байланыс: музыка (Қорқыт күйлері);
4) «Оғыз қаған» жыры (1 сағат). Жырдың бізге жету тарихы, зерттелуі. Оғыздардың Көк Тәңірге табынып, көк бөріден тарайтындығы туралы деректер. Көкбөрі туралы аңыздың түркі тайпаларының барлығында кездесуі. Жырда ел қорғау, қаһармандық рухтың көрінуі. «Оғыз қаған» жырының құрылысы, қазақ эпостарымен ұқсастығы. Әдебиет теориясы: тақырып пен идея.
35. «Ислам дәуіріндегі әдебиет (Х-ХІІ ғғ.)» (9 сағат):
1) «Ислам дәуіріндегі әдебиет туралы түсінік (шолу)» (1 сағат). Ислам дәуірі әдебиетінің өкілдері, шығармаларындағы ізгілік идеялары және эстетикалық ой-пікірлер. Ислам дәуіріндегі әдебиет – күллі түркі халқына ортақ рухани мұра;
2) «Әбунасыр әл-Фараби. «Қашықтасың туған жер», «Бауырым, қанша сүйгенмен», «Қағаздың түсіп бетіне», «Тамылжып бал тыныштық айналамнан», «Тіршілікте құрыштай бол төзімді» (2 сағат). Әбунасыр әл-Фарабидің өмірі, туған жері, өлеңдері мен ғылыми еңбектері. «Қашықтасың туған жер» өлеңіндегі ақынның туған жерге деген махаббаты, сезімі. «Қағаздың түсіп бетіне» және «Тіршілікте құрыштай бол төзімді» өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкердің Отан алдындағы парызы, достық, адалдық туралы ойлары. Әдебиет теориясы: лирика туралы түсінікті тереңдету;
3) «Ахмет Йүгінеки (Ахмед Махмұтұлы Жүйнеки)» (1 сағат). Өмірі мен шығармашылығы. Ақын өмір сүрген тұстағы тарихи-әлеуметтік жағдай. Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» («Хибатул-хақайық») шығармасы. Қолжазбаның біздің дәуірімізге жету тарихы. Жырдың композициялық құрылымы, сюжеттік желісі, идеялық мазмұны. «Ақиқат сыйы» дастанында көтерілген тақырыптар: адамгершілік, оқу-білім, т.б. Дастанның көркемдік сипаты. Ақынның сөз қолдану ерекшелігі. Әдебиет теориясы: тақырып пен идея, архаизмдер;
4) «Ахмет Йасауи. «Хикметтері» (1 сағат). Қожа Ахмет Йасауидің өмірі мен шығармашылығы. Хикметтердің дидактикалық сарыны мен ондағы шешендік, поэтикалық оралымдар, нақыл сөздер. Қ. Йасауи тілінің қазақ тіліне жақындығы. Әдебиет теориясы: сопылық поэзия туралы;
5) «Жүсіп Баласағұни. «Құтты білік» (үзінді)» (1 сағат). Ж.Баласағұнидың өмірі. «Құтты біліктің» әлем әдебиетінің асыл мұраларының бірі екендігі, түркі тілдес халықтарға ортақ өлеңмен жазылған трактат екендігі. Дастанда адамға білім мен ғылымның не үшін қажет екендігі, жалпы адам баласын ғасырлар бойы толғандырып келген ізгі мұраттар, ел басқару, моральдық-этикалық, т.б. тұрмыстық мәселелердің арқау болуы. Поэманың бүгінгі таңдағы өміршеңдігі, тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы: қисса, дастан;
6) «Махмұт Қашғари. Мақал-мәтелдері, «Қордайдың аққу-қазы қаңқылдайды» өлеңі» (1 сағат). Махмұт Қашғаридың өмірі мен шығармашылығы. Оның түркі тілдерінің дамуына қосқан үлесі. «Қордайдың аққу-қазы қаңқылдайды» өлеңіндегі туған жерге, табиғатқа деген ақын сезімінің шынайылығы. Тіл бейнелілігі. Әдебиет теориясы: мақал-мәтелдер туралы;
7) «Рабғузи. «Лұқман хакім» («Қисса – ул Әнбиадан» үзінді)» (1 сағат). Рабғузидің өмірі мен еңбектері. Туындыдағы табиғат, жаратылыстың пайда болуы және әулие-әнбиелер, пайғамбарлар туралы түсінік. «Лұқман хакім» әңгімесіндегі адамгершілік идеясы. Әдебиет теориясы: миф туралы;
8) «Сәйф Сараи. «Түрікше Гүлстан» (1 сағат). С.Сараидың өмірі мен шығармашылығы. Бұл еңбек парсы ақыны Сағдидың «Гүлстан» кітабының түркі тіліндегі аударма нұсқасы екендігі. Аударма туындының өзіндік ерекшеліктері. С. Сараидың төл туындысы – «Суһаил мен Күлдірсін» шығармасы туралы. Шығарманың өсиет-өнегесі, адамгершілікке (жомарттық, қанағатшылдық) баулитын тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы: нәзирашылдық дәстүр.
36. «ХІХ ғасыр әдебиеті» (9 сағат):
1) «Махамбет Өтемісұлы. «Ереулі атқа ер салмай», «Мұнар күн», «Мен құстан туған құмаймын», «Жалғыздық» (2 сағат). М. Өтемісұлының өмірі, оның өмір сүрген дәуірі. Өлеңдерінің тарихи мәні, халықтың арман-тілегін жырлауы. Махамбет жырларының жауынгерлік, асқақтық, күрескерлік сипаты. Өлең-жырларының жанрлық ерекшеліктері, бейнелеу тәсілдері, ішкі ырғақтары мен теңеулері. «Ереулі атқа ер салмай» өлеңінің тақырыбы. Өлеңнен көрінетін көтерілістің мақсаты мен міндеті. Өршіл, прогресшіл романтизм. «Мұнар күн» өлеңіндегі ақынның сыры, қайғысы, элегиялық сарын. «Мен құстан туған құмаймын». Ақын поэзиясындағы асқақ арман, жігер. «Жалғыздық» өлеңінің философиялық лирикаға жататындығы. Әдебиет теориясы: әдебиеттің қоғамдық мәні. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, музыка (Құрманғазының «Кішкентай», «Сарыарқа» күйлері), кино («Кісен ашқан» фильмі);
2) «Шортанбай Қанайұлы. «Зар заман» өлеңі» (1 сағат). Шортанбай Қанайұлының өмірі мен шығармашылығы. Ақынның толғау өлеңдеріндегі заман зары, отарлық езгіден азып-тозып бара жатқан қазақ елінің тағдыры туралы. «Зар заман» өлеңінің тақырыбы мен идеясы. Өлеңде көрінетін Ресейдің отарлау саясаты, оның қазақ халқына әкелген зобалаңы. Ақынның отаршылдыққа, ол әкелген жаңалыққа қарсылығы. Бейнелі тіл нақыштары. Әдебиет теориясы: өлең құрылысы туралы түсінікті кеңейту;
3) «Майлықожа Сұлтанқожаұлы. «Ілімге толса көкірек» толғауы» (1 сағат). Майлықожаның өмірі мен шығармашылығы. Толғау өлеңдеріндегі ғибратты ойлары. Ақын жырларындағы шығыстық сарындар. Жақсылық пен жамандық қасиеттерді салыстыра сипаттауы. Толғаудың тілі, тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы: толғау туралы түсінік;
4) «Абай Құнанбайұлы. «Адамның кейбір кездері», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Кешегі өткен ер Әбіш», «Тұла бойың ұят, ар едің», «Талаптың мініп тұлпарын» өлеңдері, он жетінші қарасөз» (3 сағат). А. Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласы негізінде ақын шығармашылығы туралы мәлімет беру. Абай шығармаларының өлшем-өрімдері, бейнелілігі. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы». Абайдың поэзияға қоятын биік талабы мен міндеті. Ақынның өлеңді «өнер» деп түсінуі. «Адамның кейбір кездері». Өлең құдіреті, оның дүниеге келу сыры, ақынның шығармашылық психологиясы. «Кешегі өткен ер Әбіш», «Тұла бойың ұят, ар едің», «Талаптың мініп тұлпарын» өлеңдеріндегі ақынның жан күйзелісі, гуманизм мен философия. Әбдірахман бейнесі. Он жетінші қарасөз. Абайдың қарасөздері туралы қысқаша мәлімет. Қарасөздің мазмұны және ой түйіні. Ақынның өлеңдері мен қарасөздерінің сабақтастығы жөнінде. Әдебиет теориясы: өлең мен қарасөз туралы түсінік. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы (ХIХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның саяси-әлеуметтік жағдайы);
5) «Шәкәрім Құдайбердіұлы. «Қалқаман-Мамыр» поэмасы» (3 сағат). Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығы туралы. «Қалқаман-Мамыр» дастанына өзек болған тарихи шындық, шығарманың композициялық құрылысы, кейіпкер бейнесін даралап берудегі шеберлігі. Жырдағы халықтық әдет-ғұрыптың, ұғым-түсініктің көрінісі. Жырдың көркемдік ерекшелігі. Әдебиет теориясы: образ туралы.
37. «ХХ ғасыр әдебиеті» (25 сағат):
1) «Тұрмағамбет Ізтілеуұлы. «Адамдық іс», «Арқаңның ауруы не, қозбайтұғын» өлеңдері» (1 сағат). Т.Ізтілеуовтің өмірі мен шығармашылығы. «Адамдық іс», «Арқаңның ауруы не, қозбайтұғын» өлеңдерінде білім мен ғылымды, адамдық ізгі қасиеттерді насихаттауы, жастарды имандылыққа шақыруы, сондай-ақ оқу-білім ізденіс нәтижесінде табылатынын айтуы. Өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі. Әдебиет теориясы: өлеңдегі ырғақ;
2) «Жамбыл Жабаев. «Жаныс ақынға», «Патша әмірі тарылды», «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр» дастандарынан үзінді» (2 сағат). Жамбылдың өмірі мен шығармашылығы, Жамбыл – ауыз әдебиетінің ірі өкілі, айтыс ақыны, жыршылық өнердің шебері. «Жаныс ақынға» арнау өлең үлгісі, онда ұстазы Сүйінбайды пір тұтуы. «Патша әмірі тарылды». 1916 жылғы патша жарлығына ақынның іштей қарсылығы, жан күйзелісі, халыққа, жастарға деген жанашырлығы. «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр» дастандары. Сұраншы, Өтеген батырлардың өмірде болған тарихи тұлғалар екендігі. Сұраншы батырдың ХІХ ғасырдың орта тұсында Қоқан хандығына қарсы, Өтеген батырдың Жоңғар шапқыншылығында көрсеткен ерліктері суреттелуі. «Сұраншы батыр» дастанының «Қобыланды батыр» жырына ұқсастығы. Ақын дастандарының тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы: гипербола, эпитет, теңеу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ тілі. «Жамбыл мұражайы» телесабақ.
3) «Мағжан Жұмабаев. «Түркістан» өлеңі, «Батыр Баян» поэмасы» (3 сағат). Ақынның өмірі, шығармашылық жолы. Мағжан нәзік лирик, сыршыл ақын. «Түркістан» лирикасы. Өлеңдегі туған жерге, елге деген ақынның мақтаныш сезімі. Тұран елін, оның тарихын перзенттік сезіммен жырлауы. «Батыр Баян» поэмасының тарихи-әлеуметтік негізі. Абылай хан, Батыр Баян бейнелерін даралап сомдауы. Баян батырға тән биік рух, отты сезім. Поэманың көркемдік ерекшелігі. Әдебиет теориясы: поэма жанры;
4) «Міржақып Дулатұлы. «Шешенің балаларын сүюі» өлеңі» (1 сағат). М.Дулатұлының өмірі мен шығармашылығы. «Шешенің балаларын сүюі» өлеңінің тәрбиелік мәні. Ананың балаға деген махаббатын жырлауы, ақынның әр балаға анасын сыйлауды, қадірлеуді насихат етуі;
5) «Мұхтар Әуезов. «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі (үзінді)» (3 сағат). М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы. «Қараш-Қараш оқиғасы» тарихи шындыққа негізделген көркем туынды. Повестегі Бақтығұл, Тектіғұл, Жарасбай бейнелері. Бақтығұлдың тағдыры. Кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен мінез ерекшеліктерін суреттеудегі жазушы шеберлігі. Повестің тақырыбы, сюжеті мен композициясы, көркемдік ерекшелігі. Әдебиет теориясы: сюжет;
6) «Тахауи Ахтанов. «Күй аңызы» әңгімесі» (2 сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы. «Күй аңызының» өнер тақырыбына жазылған шығарма екендігі. Әңгімедегі Естемес, Оразымбет, Жаңыл образдары. Күйдің нар идірген құдіреті. Әңгімедегі өнер иелерінің тағдыры. Жазушының сөз қолдану шеберлігі. Әдебиет теориясы: әңгіме жанры;
7) «Мұқағали Мақатаев. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы» (2 сағат). М.Мақатаев шығармашылығы туралы. Поэмадағы табиғатты қорғау, аялау идеясының халықтың дәстүрлі дүниетанымымен, ұлттық наным-сенімдерімен сабақтастықта суреттелуі. Ана мен бала, адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынастың эпикалық туындыда көркем бейнеленуі. Поэманың тақырыбы мен идеясы, сюжеті мен композициясы. Әдебиет теориясы: сюжет пен композиция. Пәнаралық байланыс: музыка: Н.Тілендиевтің «Аққу» күйі. «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» телесабақ;
8) «Шерхан Мұртаза. «Бесеудің хаты» драмасы (үзінді)» (3 сағат). Ш.Мұртазаның өмірі мен шығармашылығы. Тарихи драмада бейнеленген өмір шындығы. Қазақстанда ХХ ғасырдың басында болған тәркілеудің зардабы. Отыз екінші жылы қасақана жасалған қазақ халқының басына түскен ауыр қасірет. Ашаршылыққа араша түскен қазақтың бес асыл азаматының бейнесі. Әдебиет теориясы: драма жанры. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы (1930-32 жылдардағы ашаршылық);
9) «Қабдеш Жұмаділов. «Қаздар қайтып барады» әңгімесі» (2 сағат). Қ.Жұмаділовтің өмірі мен шығармашылығы туралы. «Қаздар қайтып барады» әңгімесіндегі шетелдегі қазақтардың ата мекенге, елге деген сағынышы. Әңгіменің негізгі кейіпкері – қарттың мойнынан түспеген қырық жылғы бойтұмардың символикалық, тәрбиелік мәні. Тақырыбы мен идеялық мазмұны. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы (дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы);
10) «Олжас Сүлейменов. «Арғымақ», «Қыз қуу» өлеңдері» (1 сағат). Ақынның өмірі мен шығармашылық жолы. Әлем және қазақ әдебиетіндегі орны. «Арғымақ», «Қыз қуу» өлеңдеріндегі пафос, ұлттық өрнек, ұлттық мінез, таным-түсінік. Әдебиет теориясы: теңеу, өлең құрылысы;
11) «Төлеген Айбергенов. «Ана», «Аруана – бауыр дүние» (1 сағат). Т.Айбергеновтің өмірі мен шығармашылық жолы. «Ана» лирикасының идеясы, көркемдік ерекшелігі. «Аруана – бауыр дүние» өлеңіндегі аруананың туған жерге деген махаббаты. Т.Айбергенов өлеңдерінің құрылымдық ерекшелігі. Пәнаралық байланыс: музыка: Құрманғазының күйі «Қайран шешем», Динаның күйі «8 март»;
12) «Төлен Әбдіков. «Қонақтар» (хикаяттан үзінді)» (2 сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылығы. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, қала мен дала адамдарының мінез-құлқы. Хикаятқа арқау болған ұрпақ тәрбиесі. Әңгіменің тақырыбы мен идеясы. Әдебиет теориясы: хикаят;
13) «Дулат Исабеков. «Әпке» драмасы» (2 сағат). Әпкесінің бауырларына деген қамқорлығы, махаббаты. Әпкенің жан дүниесінің байлығы, адамгершілік болмысы. Туындының тәрбиелік мәні. Пьесадағы адамдар арасындағы психологиялық тартыс. Әдебиет теориясы: драма жанры.
38. «Әлем әдебиеті үлгілері» (5 сағат):
1) «Әбілхасан Рудаки. «Өмір маған ақыл айтты», «Егіз жолдар» (1 сағат). Ә.Рудакидің өмірі мен шығармашылығы. Парсы поэзиясының атасы атанған ақын өлеңдеріндегі дидактикалық сарын. Өлең жолдарындағы ақыл-парасат, адамгершілік, имандылық қасиет туралы ақынның қалдырған өлмес мұрасы;
2) «Омар Һаям. «Рубаилар» (1 сағат). Әлем поэзиясында рубаиларымен артына өшпес із қалдырған ақын екендігі. Рубаиларының тақырыптары. Философиялық мәні. Қазақ әдебиетіне жасаған әсері;
3) «Расул Ғамзатов. «Менің Дағыстаным» әңгімесі (үзінді)» (1 сағат). Р.Ғамзатовтың өмірі туралы. «Менің Дағыстаным» – патриоттық туынды. Елін, тілін, туған жерін сүйген ақынның үні. Туған тілін ұмытқан баласын «өлдің» деген ана қасиеті. Шығарманың тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы: рубаилар;
4) «Шыңғыс Айтматов. «Найман ана» романынан үзінді» (2 сағат). Аңыздағы ана трагедиясы. Мәңгүрт ұғымы туралы түсінік. Адам санасын қолдан өзгертудің апарып соқтырар қасіреті. Ананың өз баласының қолынан мерт болуының себептері. Пәнаралық байланыс: балет. («Найман ана», қоюшы режиссер Б.Аюханов). Театр («Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклі, қоюшы режиссер Ә.Мәмбетов).
39. Қорытындылау (1 сағат).
«Қазақ әдебиеті» пәнін оқу арқылы оқушылар меңгеретін дағдылар жүйесі. Қазақ әдебиеті бағдарламасы оқушылардың сауаттылығын, олардың әдеби және эстетикалық талғамдары мен сезімдерін дамыту, ойлау қабілеттері мен танымдық және коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру бағытында құрастырылған. Қазақ әдебиеті пәнін оқу арқылы оқушылар:
– қазақ әдебиетінің құндылық ретіндегі болмысын, ұлттық мәдениеттегі маңызды орнын құрметтейді және бағалайды;
– қазақ әдебиетінің мәдениетаралық қарым-қатынастағы рөлін, қазақ халқының қалыптасқан тарихын, алға қойған міндеттерін, мәселелерін, қарама-қайшылық пен қиындықтарын анықтайды және түсінеді;
– түрлі жағдайларға бейімделе білу және өздігінен шешім қабылдау дағдыларын қалыптастырады;
– заманауи, ғылыми және қоғамдық дамуға сәйкес дүниетанымын дамытады.
Оқу пәнінің 10-сыныптағы базалық білім мазмұны:
1) түсіну және жауап беру: әдеби шығарманың сюжеттік-композициялық құрылысын талдау арқылы идеялық мазмұнын терең түсіну, әдеби шығармадағы көтерілген мәселелерді ұлттық мүдде тұрғысынан ашу, көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау, көркем шығармалардан алған үзінділерді ғаламдық тақырыптағы мәселелермен байланыстыру, шығармадағы ұлттық құндылықтардың әлемдік тақырыптармен үндестігін ашу;
2) анализ және интерпретация: әдеби шығарманың композициясын уақыт пен кеңістік тұрғысынан талдау, шығармадағы авторлық идеяның өмір шындығымен байланысы, шығармадағы автор стилі мен көркемдегіш құралдардың қызметін ашу, көркем шығармадағы көтерілген мәселелерге талдау жасау арқылы өзіндік пікірін қосып, шығармашылық жұмыс жазу, әлем және қазақ әдебиетіндегі құндылықтардың үндесуін талдап, өзіндік ой қорыту;
3) бағалау және салыстыру: шығарманы мазмұндас туындылардың үлгілерімен салыстырып, тарихи және көркемдік құндылығын бағалау, көркем шығармадағы көтерілген мәселелердің жаңашылдығына сыни тұрғыдан баға беру, шығарманың идеясын жалпыадамзаттық құндылық тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазу, шығарманы идеялық жағынан мазмұндас туындылармен салыстыра отырып, әдеби сын жазу.
10. Оқытылатын көркем шығармалар тізімі:
1) Абай Құнанбаев «Сегіз аяқ», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Болыс болдым, мінеки», «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңдері; Он жетінші қарасөз, Отыз екінші қарасөз, Отыз үшінші қарасөз, «Ескендір» поэмасы;
2) Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек» романы;
3) Ә. Кекілбаев «Аңыздың ақыры» повесі;
4) М. Мағауин «Шақан – шері» романы;
5) Ш. Айтматов «Алғашқы ұстаз» повесі;
6) Ұ. Есдәулетов «Біз түркілерміз»;
7) Қ. Жұмаділов «Тағдыр» романы;
8) Ш. Құсайынов «Томирис» драмасы;
9) Ш. Мұртаза «Тәуекел той» әңгімесі.
Бағдарламада оқыту мақсаттарының жүйесі бөлім бойынша әр сыныпқа берілген.
1) Түсіну және жауап беру:
Білім алушылар:
10-сынып.
1. Көркем шығарманың мазмұны мен пішіні 10.1.1.1 әдеби шығарманың сюжеттік-композициялық құрылысын талдау арқылы идеялық мазмұнын терең түсіну.
2. Әдеби шығарманың тұжырымдамасы 10.1.2.1 әдеби шығармадағы көтерілген мәселелерді ұлттық мүдде тұрғысынан ашу.
3. Көркем шығармадағы образ 10.1.3.1 көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау.
4. Шығарма үзінділерімен жұмыс 10.1.4.1 көркем шығармалардан алған үзінділерді ғаламдық тақырыптағы өзекті мәселелермен байланыстыру.
5. Қазақ әдебиетіндегі ұлттық құндылықтардың әлемдегі орнын білу 10.1.5.1 шығармадағы ұлттық құндылықтардың әлемдік тақырыптармен үндестігін ашу.
2) Анализ және интерпретация:
1. Әдеби шығарманың композициясы.
10.2.1.1 әдеби шығарманың композициясын уақыт пен кеңістік тұрғысынан талдау.
2. Автор бейнесі 10.2.2.1 шығармадағы авторлық идеяның өмір шындығымен байланысын айқындау.
3. Көркем шығарманың тілі 10.2.3.1 шығармадағы көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметін талдау.
4. Шығармашылық жұмыс 10.2.4.1 көркем шығармадағы көтерілген мәселелерге талдау жасау арқылы өзіндік пікірін қосып, шығармашылық жұмыс (эссе, әңгіме, өлең, әдеби және еркін тақырыптарға шығарма) жазу.
5. Қазақ және әлем әдебиетіндегі құндылықтар 10.2.5.1 әлем және қазақ әдебиетіндегі құндылықтардың үндесуін талдап, өзіндік ой қорыту.
3) Бағалау және салыстыру:
1. Тарихи және көркемдік құндылығы 10.3.1.1 шығарманы мазмұндас туындылардың үлгілерімен салыстырып, тарихи және көркемдік құндылығын бағалау.
2. Заманауилығы мен жаңашылдығы 10.3.2.1 көркем шығармадағы көтерілген мәселелердің жаңашылдығына сыни тұрғыдан баға беру.
3. Әдеби эссе:
10.3.3.1 шығарманың идеясын жалпы-адамзаттық құндылық тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазу.
4. Әдеби сын 10.3.4.1 шығарманы идеялық жағынан мазмұндас туындылармен салыстыра отырып, әдеби сын жазу.
Қос бағдарламадағы білім мазмұнының берілуіндегі айырмашылық жер мен көктей. Ескі бағдарламада мақсаттың орындалуындағы нақтылық деген атымен жоқ. Оны мойындауымыз керек. Жалпы шолу! Бір сағатта бір кезең не бір ғасырдың көркем мұрасы туралы ҰБТ-лық ақпаратты /үлгерсе/ беру. Ал, жаңартылған оқу бағдарламада оқу мақсаттарын едәуір күрделендіріп алған. Тіпті бакалавр деңгейінде де ауыр болып келетін тақырыптар көп кездеседі. Бұл туралы бағдарлама авторлары «қазіргі оқушылардың деңгейінің жоғары, танымдық, ақпараттық мүмкіндігінің мол» екендігін алға тартады. Ал, оқу мақсаттарының сынып жоғарылаған сайын күрделене түсуі, керісінше, құптарлық жағдай. Яғни, оқу мақсаттары арқылы берілетін тапсырма арқылы білімнің дағдыға айналу үдерісі орын алған. Бұл жаңа бағдарламаның бірден бір ерекшелігі деуге болады.
Дейтұрғанмен оқу мақсаттары туралы әлі де пысықтайтын жайттар жетерлік деп ойлаймыз.

Ұлан Еркінбай,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Білім Академиясының директоры,
филология ғылымдарының кандидаты

«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ПӘНІНЕН МҰҒАЛІМДЕР ДАЙЫНДАУДЫҢ  ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Негізгі орта білім, жалпы орта білім беру ісінде міндетті түрде басшылыққа алынатын басты мемлекеттік нормативтік құжаттар бар. Олар – «Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» және «Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты». «Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламалары осы стандарттар негізінде жасалды. Аталған стандарттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген. 2018 жылы 31 қазанда Білім және ғылым министрінің № 604 бұйрығымен аталған стандарттардың жаңа буыны бекітілді, бұрынғы стандарттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 895 қаулысымен күштерін жойды.
Аталған стандарттарда білім беру мақсаттары білім беру аяқталғанда күтілетін нәтижелер түрінде анықталған. Ол нәтижелер нақты құзіреттіліктер түрінде көрсетілген: 1) біледі; 2) түсінеді; 3) қолданады; 4) талдайды; 5) жинақтайды; 6) бағалайды.
Стандарттарда, олардың негізінде жасалған үлгілік оқу бағдарламаларында білім беру ісі аяқталғанда күтілетін нәтижелерді анықтау үшін, оны дамытуды ақпараттандыру үшін қолданылатын негізгі бағыт – Блумның таксономиясы (1956). Стандарттарда, үлгілік оқу бағдарламаларында белгіленген мақсаттар мен нәтижелер Блум таксономиясының 1956 жылғы иерархиялық жүйесіне сай анықталған. Ол жүйе мынадай: 1) білу; 2) түсіну; 3) қолдану; 4) талдау; 5) жинақтау; 6) бағалау. Бұлар – білім алушылардың танымында кезең-кезеңімен қалыптасатын ойлау дағдыларының, білім алушылардың оқу материалдарын меңгеруінің танымдық деңгейлері. Осындағы 1) білу; 2) түсіну; 3) қолдану – үш сатыдан тұратын әуелгі деңгейдегі таным дағдылары. Бұл деңгейдің практикалық сипаты басым. Ал, кейінгі 4) талдау; 5) жинақтау; 6) бағалау – үш сатыдан тұратын жоғары деңгейдегі ойлау дағдылары.
1995-2000 жылдары Л.Андерсен мен Д.Кратвол басшылығымен жұмыс жасаған психологтардың тобы 2001 жылы Блум таксономиясының жаңартылған нұсқасын өндіріске енгізді. Жаңартылған нұсқада білу – есте сақтау болып аталды, жинақтау, жасау деп аталды. Танымдық дағды деңгейлері танымдық процесс деңгейлері ретінде мына жүйеде нақтыланды: 1) есте сақтау (помнить), 2) түсіну (понимать), 3) қолдану (применять), 4) талдау (анализировать), 5) бағалау (оценивать), 6) жасау (создавать).
Қазақстанның білім беру саласындағы мемлекеттік жалпыға міндетті стан-дарттарында, олардың негізінде жасалған оқу пәнінің үлгілік оқу бағдарламаларында, оқулықтарында Блум таксономиясының 1956 жылғы жүйесі қолданылды, 1995-2000 жылдары айналымға түскен жаңартылған жүйесіне білім басындағылар әзірге мән бере қойған жоқ.
Білім алушылардың ойлау құзіреттілігін қалыптастыру мен дамыту ісінде Блум таксономиясында негізделген алты танымдық құзіреттіліктің әрқайсысының өмірлік маңызы бар. Олар өзара сатылы түрде сабақтасқан. Бір деңгейге көтерілмейінше келесі деңгейге асу мүмкін емес. Мысалы, қолдану үшін түсіну шарт, түсіну үшін білу, білгенді есте сақтау шарт. Білу, білгенді есте сақтау болмаған жерде қалған танымдық дағдыларға орын жоқ. Бұл дағдылардың әрқайсысының қалыптасу деңгейі білім алушының тыңдау (тыңдалым), айту (айтылым), оқу (оқылым), жазу (жазылым) сияқты түрлі нақты еңбек-әрекеттерінің нәтижелері арқылы анықталады.
Білім алушылардың оқудағы жетістіктері бойынша күтілетін нәтижелерді оқу мақсаты түрінде тұжырымдап бекітуге үлкен мән берілді. Блум таксономиясының иерархиялық жүйесін нақты пәннің мазмұнымен, оқытудың мақсаттарымен, оқытудан күтілетін нәтижелермен, оқушылардың оқу жетістігі деңгейлерінің сипатымен үйлестіру бағдарламаны, бақылау-бағалау құралдарын жасаушылардан да, оқулық авторларынан да, мұғалімдерден де үздік кәсіби біліктілікті талап етеді.
Білім беру ісінде Блум таксономиясын қабылдадық, жаңартылғанын емес, бұрынғы 1956 жылғы үлгісін. Соған сәйкес білім алушылардың танымында кезең-кезеңімен қалыптасатын ойлау дағдылары, оқу материалдарын меңгеруінің танымдық деңгейлері оқу мақсаттары таксономиясы түрінде мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда бекітілді.
Ендігі тұста мемлекеттік стандарттарда бекітілген осы жүйенің негізінде пәннің үлгілік оқу бағдарламаларын жасау керек еді. Пәннің үлгілік оқу бағдарламалары жасалды, бірақ оларда (5-9, 10-11-сыныптарға арналған оқу бағдарламаларында) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда бекітілген танымдық дағдыларды қалыптыстыру, дамыту мақсаттары, оқу мақсаттары таксономиясы бұрмаланды. Мемлекеттік стандарттардағы Білу, қолдану сияқты танымдық деңгей дағдылары бағдарламаны жасаушылар мен бекітушілердің назарынан тыс қалды. Блум таксономиясындағы Білім, білу аталған стандарттарда оқыту мақсаттары жүйесіндегі бастапқы саты ретінде қабылданған. Ол жоқ жерде қалған бес танымдық дағдыны қалыптастырмақ болу – әурешілік.
Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарында анық көрсетілген танымдық сипаттағы дағдылардың біразы «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламаларында қолданылмай, олардың орнына жауап беру, интерпретация, салыстыру дегендер қосылған.
Оқу мақсаттарының жүйесін өзіміз жасай алмадық, мемлекеттік стандарт деңгейінде Блумның таксономиясын қабылдадық. Білім мен ғылым саласын басқарушылар оқу мақсаттарының жүйесін өздері жасай алмай, Блумның таксономиясын мемлекеттік стандарт деңгейінде қабылдап отырып, Блумның таксономиясын да дұрыс қолдана алмады. Нәтижесінде не ол емес, не бұл емес, басқа бірдеңе шықты.
Жаңартылған бағдарламаларда оқыту мақсаттары: 1) «Түсіну және жауап беру», 2) «Анализ және интерпретация», 3) «Бағалау және салыстыру» деп, үш топқа бөлініп жүйеленді. Бұлардың алғашқы сыңарлары Блумның таксономиясындағы басты құрамдастар, қалған үшеуін бағдарламаны құрастырушылар мен бекітушілер қосқан. Бұл – білім берудің тарихы мен теориясында, оқыту мақсаттары бойынша ғылым мен білім қорында қалыптасқан, білім беру өндірісінде стандарттық деңгейде кеңінен қолданылып отырған ғылыми-әдістемелік, психологиялық, танымдық, нормативтік жүйе негізінен ауытқудың көрінісі.
Таным деңгейлері арасындағы иерархиялық жүйені бұзу жүйесіздікке әкеліп соқпай қоймайды. Оның үстіне мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар қазақ тілінде «талдау» деп анық көрсеткен атаудың пәннің үлгілік оқу бағдарламасында «анализ» болып берілгені, оған «интерпретация» секілді атаудың тіркескені қазақ әдебиеті үшін де, қазақ әдебиеттануы үшін де, қазақ тілі үшін де жетістік емес, кемістік.
Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын қолдану оқытудан күтілетін нәтижелер түрінде көрсетілген білім беру мақсаттарының жүйесіне қол жеткізу арқылы оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыруға бағытталған. Оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыруға бағытталған білім мазмұны осы мақсатты нәтижелерден түзіледі. Енді «Қазақ әдебиеті» пәнінің оқу бағдарламаларындағы осындай 14 мақсаттың бірінің сипатына назар аударайық.«Анализ және интерпретация» бөлімінің құрамындағы бес бөлімшенің бірі – Автор бейнесі деп аталады.
Автор бейнесі бөлімшесінде білім алушылар үшін 10-11-сыныптарда мынадай нақты оқу мақсаттары қойылған:
1) 10-сыныпта «шығармадағы авторлық идеяның өмір шындығымен байланысын айқындау» / «автор бейнесінің шығармадағы белгілі бір оқиғадағы көрінісін анықтау» қажет.
2) 11-сыныпта «автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау» / «шығармадағы авторлық идеяның өмір шындығымен байланысын ашу» шарт.
5-9-сыныптардағы оқу мақсаттары мынадай:
3) 5-сыныпта «эпикалық шығармадағы автор бейнесін анықтауға» тиіс, 6-сыныпта «эпикалық, поэзиялық шығармалардағы автор бейнесін анықтайды».
Әдеби шығармаларды бұлайша «эпикалық, поэзиялық шығармалар» деп топтау – қателік.Білім мазмұны, әдеби-теориялық ұғымдар деңгейіндегі қателік. Білетін маманға «эпикалық шығармалар» қатарында поэзиялық шығармалар да болатыны, ал, «поэзиялық шығармалар» қатарында эпикалық шығармалар да болатыны белгілі.
4) білім алушылардың алдына 7-сыныпта «эпикалық, поэзиялық, драмалық шығармадағы автор бейнесін анықтау» мақсаты қойылады. Бұл да қате. Білім мазмұны, әдеби-теориялық деңгейіндегі қате. Өйткені, сөз өнері, көркем әдебиет туындыларын «эпикалық, поэзиялық, драмалық» деп топтастырылмайтыны Аристотель заманынан бері белгілі.
5) 8-9-сыныптардағы мақсат – «автор бейнесі мен кейіпкерлер қарым-қатынасының тілдік көрінісін талдау», «автор бейнесінің идеялық-стилистикалық тұтастырушы ретіндегі рөліне талдау жасау».
«Қазақ әдебиеті» пәнінің оқу бағдарламаларының он төрт мақсатының біреуін мысалға келтірдік. Енді осы мысалға алынған мақсаттың жайына назар аударайық.
«Автор бейнесі» – нейролингвистикадағы, психопоэтикадағы күрделі, қиын мәселе. Әдеби шығармада автор бейнесі затты келбетімен көрінбейді, имплицитті. Оны білудің, оның мәнісін түсінудің, оны оқытудың жолдары әдебиеттану, педагогика ғылымдарында осы күнге дейін нақты анықталған емес. Оқытылатын әдеби шығармада затты келбеті көрініп тұрмаған, дерексіз, қиялдағы бейнені анықтау дағдысын қалыптастыруды мақсат ету білім алушылардың қияли болуына ықпал етуі ықтимал. Автор бейнесін анықтау әл-Фараби сипаттаған «әрекетшіл ақыл-парасат» деңгейінде, іргелі теориялық ойлау деңгейінде ғана мүмкін болмақ. Бұл – кәсіби зерттеушілердің ісі.
«Автор бейнесін анықтау» деп аталып отырған оқыту мақсатының орындалуы да қайшылықты. Мысалы, 5-сыныптағы «Керқұла атты Кендебай» ертегісін, «Қобыланды батыр» жырын, «Асанқайғының жерге айтқан сынын» оқытуда Анализ және интерпретация бөлімі бойынша мынадай мақсаттар қойылады:
5.2.2.1 – эпикалық шығармадағы автор бейнесін анықтау.
5.2.4.1 – көркем шығармадан алған әсерін сипаттап, авторға хат, өлең жазу…
«Керқұла атты Кендебайды», «Қобыланды батырды», «Асанқайғының жерге айтқан сынын» оқытуда мұндай оқу мақсаттарын қоюға қандай ғана жанның ақылы жетті екен.
Білім алушы да, білім беруші де, тіпті осы жаңартылған бағдарламаны бекіткендер де аталған шығармалардан алған әсерін сипаттап, авторға хат жаза алмайды, жазуы мүмкін емес. Ақиқаты осы. «Автор бейнесіне» қатысты оқудағы мақсат та, ол мақсатқа жеткенде күтілетін нәтиже де негізсіз, мағынасыз, мәнсіз.
Пәнді оқытуда білім алушының, білім берушінің алдына орындалмайтын, орындау мүмкін болмайтын мақсат қою және сол мақсатқа жетуді талап ету – білім алушының ақыл-ойына бағытталған зорлық, қиянат, зиянкестік. Оқу пәні бойынша білім мазмұнын бұлайша жаңартуға болмайды.
Енді мынаған назар аударайық. «Автордың бейнесі» деген ұғым, атау мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда жоқ. Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда «Автордың бейнесі» ұғымына қатысты оқу мақсаты қойылмаған.
«Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» бойынша, білім алушы шығармадағы автордың көзқарасын түсінеді.«Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» бойынша, білім алушы а) шығарма авторларының өмірлік және шығармашылық жолы туралы негізгі деректерді біледі, ә) автордың ұстанымын түсінеді.
Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда білім алушылардан автор ұғымына қатысты осы аталған мақсатты нәтижелер талап етіледі:а) шығарма авторларының өмірлік және шығармашылық жолы туралы негізгі деректерді білу, ә) автордың көзқарасын, ұстанымын түсіну.
Дұрыс. Мемлекеттік стандарттардың талаптарын орындау жалпыға міндетті. Оқытудан күтілетін нәтиже түрінде мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда көрсетілген осы мақсаттарды назардан тыс қалдырып, олардың орнына білім алушылардан автордың бейнесін анықтауды талап етуі дұрыс емес, бұрыс. Оқытуда дұрыс емес, бұрыс мақсатты көздеу білім алушыны адастырумен бірдей.
Үлгілік оқу бағдарламалары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленеді. Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында авторға қатысты оқытудан күтілетін нәтижелер қандай екені көрсетілді.Стандарт бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер – оқу мақсаттарын, білім мазмұнын анықтаудың негізі. «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламаларындағы «Автор бейнесін анықтау» мақсаты стандарттарда көрсетілген мақсаттарға, нәтижелерге сай келмейді.
Білім беру аяқталғанда, оқытудан күтілетін нәтижелер «Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында», «Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында» алты топқа бөлініп жүйеленген. Пәннің оқу бағдарламасының мазмұны, оны ұйымдастыру, оқытудың мақсаттары мен міндеттері, әдістері мен амалдары, бақылау-бағалау жүйесі оқытудан күтілетін осындай нәтижелермен үндесуі шарт. Пән бағдарламаларында оқыту мақсаттары оқытудан күтілетін нәтижелерге тікелей қатысты қойылуға тиісті, оқыту нәтижелері оқыту мақсаттарына сай болу керек. Білім беру ісінің оқытудан күтілетін нәтижелерге бағытталуы туралы мемлекеттік ұстанымның мәнісі сонда.
«Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламалары және олардың негізінде дайындалған оқулықтардың жайы 2018 жылдың наурызында осындай күйде еді. Бұл жайындағы ойларымызды біз сол кезде бұқаралық ақпарат құралдарында айттық. Бірақ білім беру стандарттарын жасаушылар да, үлгілік оқу бағдарламаларын жасаушылар да өз сөзінен басқа сөзді ұқпады.
2018 жылы 31 қазанда(БҒМ № 604 бұйрығымен) білім берудің барлық деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті жаңа білім беру стандарттары жаңадан бекітілді. Ол стандарттарда, бұрынғыша, Блум таксономиясының 1956 жылғы үлгісі қолданылды. «Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттарының жүйесі сол бұрынғы қалпында, оқулықтар да сондай.
Осында келуге жиналып жатқанда, 7-сыныпта оқитын немеремнің қазақ әдебиеті оқулығының титул парағынан кейінгі бірінші (кітап беттеуі бойынша 3-бет) бетіндегі кестеге көзім түсті. Кестеде «Күлтегін» жырының тұсында оның авторы көрсетіліпті. Көрсетілген автор – халық. Осы кестеде «Көксерек» те тұр екен. Оның жанры әңгіме болып көрсетіліпті. 10 сыныпта Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы повесть болып оқытылуда.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2019 жылғы 7 наурыздағы № 105 бұйрығымен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізілді. Жалпы орта білім беру деңгейінің жаратылыстану-математика бағытындағы 10 – 11-сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұзақ мерзімді жоспарында«Б.Мұқай. «Өмірзая» романы, Лира Қоныс. «Тиын» әңгімесі» деген жол «Б.Мұқай. «Өмірзая» романы, «Ерболат Әбікен «Пәтер іздеп жүр едік» әңгімесі» болып өзгертілді. Жалпы орта білім беру деңгейінің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10 – 11-сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұзақ мерзімді жоспарында «М.Мағауин. «Шақан шері» романы, Ш.Айтматов. «Боранды бекет» романы, Ұ.Есдәулетов. «Біз түркілерміз» деген жол «М.Мағауин. «Шақан-шері» романы, Ш.Айтматов. «Алғашқы ұстаз» повесі, Ұ.Есдәулетов. «Біз түркілерміз» болып өзгертілді. Үлгілік оқу бағдарламасының мәтіні өзгермеді, онда оқытылатын шығармалардың тізімі өзгеріссіз қалды. Білім алушылар үлгілік оқу бағдарламасы бойынша Лира Қоныстың «Тиын» әңгімесін, Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романын оқиды, үлгілік оқу бағдарламасын жүзеге асырудың ұзақ мерзімді жоспары бойынша Лира Қоныстың «Тиын» әңгімесін оқымайды, Ерболат Әбікеннің «Пәтер іздеп жүр едік» әңгімесін оқиды, Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романын оқымайды, «Алғашқы ұстаз» повесін оқиды.
Жоғарыда талданып, сараланған жайлардан «Қазақ әдебиеті» пәнінің негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейлеріне арналған жаңартылған мазмұндағы бағдарламаларының мазмұны туралы бірнеше тармақтан тұратын қорытынды ой өріліп шығады. Мен солардың бәрін емес, біреуін ғана көрсеттім. Ол мынадай:
«Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламалары, олардың негізінде жазылған оқулықтар «Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» мен «Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» талаптарына сай келмейді, қайшы келеді.
«Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламалары мен оқулықтарының 2019-2020 оқу жылындағы күйі осындай. «Алдыңдағы келер заман» не дайындап тұр?
Қазақ әдебиетін қазақ халқының баламасы жоқ байлығы, ұлттық рухани құндылығы ретінде қорғайтын, сақтайтын, насихаттайтын, дамытатын, ел игілігіне айналдыратын, оны оқу мен оқытуға жанашыр болатын, жоқтаушы, сұраушы болатын екі мекеменің бірі қалғып, бірі мүлгіп отырса да, жағдай түзелер деп үміт етеміз.
Жанғара Дәдебаев,
филология ғылымдарының докторы,профессор
Еліміздегі білім алу үрдісіндегі өзгерістер мен бүкіл өркениетті әлемдегі ақпараттық даму білім берудің дәстүрлі қалыптасқан жүйесін, әдістері мен технологиясын таңдауда жаңашылдық танытуды қажет етіп отыр. Осыған орай мектептегі «Қазақ әдебиеті» пәнінің функциясы дұрыс, түсініп, шапшаң, мәнерлеп оқуға төселдірумен шектелмейді, оның басты қызметі – оқушыларды көркем сөзге баулу. Ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлы айтқандай баланың «ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып» жеткізуіне мүмкіндік беріп, көркем сөз әлеміне жетелейтін сара жол – оқу сабақтары. Міне, бүгінгі күні түпкі нәтижесі бағдарламада көрсетілгендей:
1) қазақ балалар әдебиеті мен әлем әдебиеті үлгілерін талдай отырып, ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды бойына сіңіруіне;
2) көркем шығармадағы тілдік қолданыс ерекшеліктеріне бақылау және талдау жасай отырып, тілдік құралдарды саналы түрде дұрыс таңдауына және өмірлік тәжірибесінде қолдануына;
3) алған білімі мен дағдыларын өмірлік жағдаяттарда және басқа адамдармен қарым-қатынас барысында пайдалануына көмектесетін оқыту үрдісіндегі жаңа бағыт – диалогтық қарым-қатынас негіздері басшылыққа алынған. Десек те бүгінгі әдебиетші-ғалымдар, педагог-ғалымдар, әдіскерлер мен пән мұғалімдері жиналып отырған конференцияда жаңартылған білім бағдарламасы жағдайында жасалынған «Қазақ әдебиеті» оқулықтары шын мәнінде сөз өнері құралы міндетін атқарып отыр ма? деген мәселенің алға тартылып, кеңінен талданып отырғаны әлі де кемшін тұстар бар екенін айқын байқатады. Әсіресе, осы тұста жоғары оқу орындарында мамандар дайындау мен қазіргі мектеп тәжірибесі арасындағы сәйкессіздік анық байқалып қалды.
Жоғары оқу орындарында қазақ әдебиеті курстарынан білім беру бағдарламасының мақсаты – орта мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жоғары әлеуметтік және азаматтық жауапкершілікке ие, төмендегідей бағыттар бойынша жоғары білікті мамандар даярлау:
– жан-жақты дамыған оқушы тұлғасын қалыптастыру және тәрбиелеу;
– орта мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті салалары бойынша жүйелі білім қалыптастыру;
– орта мектептердегі қазақ тілі мен әдебиетінен оқу үрдісін заманауи-ғылыми деңгейде ұйымдастыру;
– ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру.
Білім беру бағдарламасының негізгі міндеттері:
– қоғамның әлеуметтік тапсырысына және білім берудің әлемдік стандарттарына сәйкес орта мектептердегі болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін сапалы кәсіби дайындықпен қамтамасыз ету;
– орта мектептердегі болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің негізгі басым құзыреттіліктерінің жүйесін, жалпы ғылыми және арнайы білімдік дағдылары мен шеберліктерін қалыптастыру;
– рухани және интеллектуалды өзіндік даму жолдарын, психологиялық сауатын, ойлау және мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.
Аталған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру аясында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің филолог мамандар дайындайтын институтында «Әдебиеттануға кіріспе», «Халық ауыз әдебиеті», «Әдебиет теориясы» курстарынан бастап, «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Хандық дәуірдегі әдебиет» болып әрі қарай тарихи-монографиялық ұстанымға сай қазақ әдебиеті дәуірлерге сай кезең-кезеңімен сатылай оқылады. Бұрын да солай болған, қазір де солай. Мәселе осынша теориялық білімнің қазіргі қазақ әдебиеті мұғалімдеріне қажеті бар ма? Өйткені, қазір мектепте қазақ әдебиеті мүлде басқа бағытта лексикалық тақырыптарға құрылған мазмұнда оқытылып, көптеген классик ақын-жазушыларымыздың шығармалары ескерілмей қалған ғой.
Қоғамдағы, білім саласындағы өзгерістер жоғары оқу орындарындағы қазақ әдебиетін оқыту мәселелеріне қатысты «Қазақ әдебиетінен жаңартылған білім мазмұны», «Қазақ әдебиетін оқытуда қолданылатын жаңа технологиялар», «Бағалаудың өлшемдік технологиясы» атты жаңа курстардың бағдарламада белгіленіп, мектептегі қазіргі жаңартылған білім мазмұнын игеретіндей кәсіби маманды дайындауға баса назар аудару қажеттілігіне әкеліп отыр. Аталған курстар бойынша болашақ филолог мамандар қазіргі «Қазақ әдебиеті» оқулықтарының жаңа мазмұнын, қазақ әдебиеті сабақтарын оқу мақсаттарына сай ұйымдастырып, жүргізе алу, оқытудың жаңа технологияларын, белсенді және интербелсенді оқыту әдістерін, критериалды бағалауды қолдана алу, Блум таксономиясы, сыни тұрғысынан ойлау тапсырмаларын құрастыру, орындату тәсілдерін біледі, меңгереді.
Жоғары мектеп педагогикасының күрделі де маңызды бір мәселесі – студентті болашақ мамандығына оңтайландыру, кәсіптік біліктілігін дамыту, кәсіби бағдар берудің жаңа жүйесін жасау, іскер және құзіретті маман дайындау. Мұндай маман дайындау үшін білім беру үдерісін белсенділендіру, оқытудың жаңа формалары мен әдіс-тәсілдерін жетілдіру қажет. Оқу үдерісін белсенділендіру – берік те тиянақты білім берудің жолдарын қарастыру, студенттердің шығармашылық ойлауына, ізденуіне мүмкіндік жасау, оларды келешек мамандығына қызықтыра алу, оқу үдерісін ғылыми негізде ұйымдастыру және т.б. Осы бағытта биылғы оқу жылынан бастап университетте бітіруші түлектер бір оқу жылы бойында мектепте күнде ұстаз-тәлімгердің қасында сабаққа қатысып, сабақ беріп, оқушымен, ата-анамен, ұжыммен, жалпы жұртшылықпен қарым-қатынаста болып, мұғалім роліне толықтай енуі қамтамасыз етілді. Бұрын педагогикалық тәжірибеге арнайы 2-3 ай уақыт бөлінетін. Ал, қазір Алматы қаласы мектептерінің көбісі дерлік қамтылып, әр мекемеде түрлі пәнді, соның ішінде қазақ әдебиетін де ұйымдастырып, жүргізетін болашақ мұғалімдер тәжірибеде сынақтан өтуде. Университеттің саясаты – кәсіптік даярлаудың сапасын жақсарту, біліммен қамтамасыз етудің ғылыми-әдістемелік жүйесін түбегейлі жаңарту, оқытудың формалары мен әдістерінің түрлерін өзгерту, ондағы алдыңғы қатарлы оқу-тәрбие тәжірибелері мен қазіргі қоғамның сұраныстарының алшақтығын жою, білімдегі жаңашылдықты саралау, білімді жетілдіру үдерісіндегі үздіксіздікті қамтамасыз ету. Заман талабы мұғалімдерге жан-жақты жетілген, көпсалалы дайындық иесі болуды жүктейді. Тәуелсіз мемлекетімізге еңбекқор, кәсібін терең түсінетін, үнемі өзгеріп отыратын жағдайларға өзінің білімі мен іскерлігін әртүрлі әрекеттердің айналасында қолдана білетін қабілетті мамандар қажет. Білім беру талаптарына бұл «құзыреттілік» ұғымы арқылы анықталып отыр. Мектептерде ұйымдастырылып отырған үздіксіз педагогикалық тәжірибе осындай кәсіби құзыреттілікті игеруге дайындық болып табылады деген сенімдеміз.
Ойымызды сабақтай келе, болашақ филолог мамандар жоғары оқу орнында алған теориялық және практикалық біліктерін толыққанды пайдаланып, қолдана алуы үшін, жалпы әдебиетті сөз өнері ретінде меңгерту үшін мектептердегі «Қазақ әдебиеті» пәні классикалық дәстүрден ауытқымай тарихи-монографиялық ұстанымда оқытылуы тиіс деген ұсыныс айтамын. Бұл өз кезегінде оқушыларымызды сөз өнерінің қуаты күшті шығармаларымен танысып оқуына, шын мәнінде, сөздің құдіретін түсініп, ойын өсіріп, талғамын дамытуға септігін тигізеді.

Қабатай БИДАНА,
педагогика ғылымының кандидаты,
Абай атындағы ҚазҰПУ доценті

ОҚУЛЫҚ ӘЗІРЛЕУ – ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Жаңартылған мазмұндағы бағдарлама бойынша орта мектептерге арналған қазақ әдебиеті оқулықтарындағы өзгерістер көзге бірден байқалады. Бұрынғыдай емес, енді қазақ әдебиетінің бастау көзі сонау түркі кезеңінде, яғни, ежелгі дәуірде жатқандығы жекелеген материалдар арқылы нақтыланған. Әр сыныпта осындай ретпен айналып келіп, бүгінгі кезең әдебиетінің туындылары қамтылады. Былайша алғанда, осы 5-8 сыныптардағы оқу материалдарын кезеңдік тұрғыдан ұсыну тәсілі спираль жүйесімен жүзеге асырылған. Оқушы әр оқулықтың басында ежелгі әдебиет нұсқалары мен ауыз әдебиетінің үлгілерін меңгере отырып, кезең-кезеңімен әр оқу жылының соңында бүгінгі заман әдебиетімен таныса алады.
Қалың жанашыр қауым «Қазақ әдебиеті» оқулығын жасау барысында, ең алдымен, «Көркем мәтін материалдары қандай принциппен іріктеліп алынады?» деген мәселеге кеңірек назар аударғаны жөн. Одан кейінгі орында көңілді алаңдататыны, оқулықтардың әдіснамалық аппараттары, яғни, сұрақтар мен тапсырмалар, оқушымен бірге жасалатын басқалай креативті жұмыстар қалай жүзеге асырылатындығы.
Сонымен қатар, «Әдіснамалық аппараттың ішінде берілетін теориялық тұжырымдар қандай? Бірізділігі сақталған ба? Бастапқы қалпы қалай жүзеге асқан? Сыныптан сыныпқа өскен сайын қарапайымнан күрделіге қарай принципі қалай орындалған?» деген сұрақтар да ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл арада «Қарапайымнан күрделіге қарай деген принцип қалай жүзеге асырылды?» әңгіме де маңызды.
Сонымен бірге өзекті мәселе – оқулықтардың жазылу стилі. Бұл бәріне де: жеке берілген көркем материалға да, әдіснамалық аппараттарға да, теориялық тұжырымдарға да тікелей қатысты. Яғни, мұндайда көкейге оралатын сұрақтар: «Жатық па? Түсінікті ме? Тілі карапайым ба? Шәкірттің жас шамасына лайықты ма?» болып келуі табиғи.
Оқулық материалдарында, әдіснамалық аппараттарда кездесетін деректердің нақты фактілер мен тарихи шындыққа қаншалықты сәйкес келетіндігіне көңіл бөле қоймайтынымыз рас. Соның салдарынан жарық көрген оқулықтарда қателіктерге жол берілген.
Оқулықтардың безендірілу жағдайы неге назардан тыс қалуы тиіс? Ондағы түрлі суреттер, өрнектер, жекелеген штрих-детальдар, графикалық талаптарға және өмір шындығына, берілген көркем шығарманың мазмұнына қаншалықты сай келетіні ескерлуі керек. Шығармалардың безендірілуі жайында да қысқаша айтып өтейік. Ішінара уақыт шындығына, тарихи кезеңдерге және материалдардағы деректерге сай келмейтін суреттер кездеседі. Мысал үшін, Доспамбет жыраудың немесе соғыс кезін бейнелейтін суреттердегі штрихтарға назар аударыңыз. Негізінде, қай халықтың әдебиет оқулығы болсын, шәкірттерге сол ұлттың әдебиетінде із қалдырған, тарихында белгілі бір орны бар көркемсөз шеберлерінің шығармаларымен, әдебиет тарихындағы озық үлгілермен таныстыруды мақсат етеді. Мәселен, орыстарда сонау Жуковский, Пушкин, Толстой, Достоевский, Чехов және т.б. ірі тұлғалардың шығармаларымен таныстырса, достастық мемлекеттеріндегі көпшілік оқу құралдарындағы материалдардың да іріктелу принциптері осы ұстанымды негізге алады екен.
Дегенмен, қай халықтың әдебиеті болса да, ең алдымен өздерінің ірі тұлғалары, көрнекті тұлғалары және олардың ең атақты шығармалары беріліп отырады. Бұл арада тек қазақ әдебиетінің ғана емес, орыс әдебиетінің жаңартылған мазмұнындағы шығармаларын және көршілес елдердегі жекелеген әдебиетінің ұлттарына назар салуға артық болмас еді.
Сонымен, жаңартылған мазмұндағы әдебиет оқулықтарында жоғарыда айтылған оқулық жасаудың кейбір принциптері қаншалықты деңгейде сақталған? Ғалымдардың, әдебиеттанушылардың, ұстаздардың, жалпы оқырман қауымның осы жаңа мазмұндағы оқулықтар туралы пікірлерінің ішінде кездесетін наразылықтардың бір себебі осында. Айқын аңғарылатыны, оқулыққа бағыт-бағдар беретін тиісті құжаттарды жасаушылар халқымыздың асыл қазынасының, жазба әдебиетінің алдыңғы қатарлы үлгілерін, классиктердің туындыларын енгізуді негізгі мәселе етіп алмаған. Оқулықтарымызға көркемдігі орташа немесе тіпті дүмбілез шығармалардың екшелместен еніп кетуі сондықтан.
Көркем әдебиетке қойылатын тиісті міндеттердің бағдарламаны жасаушылар және оқулық авторлары ең алдымен тәрбиелік функциясына басымдық берген. Мысалы, 5-сыныптың қазақ әдебиеті оқулығының тарауларының атаулары «Таза, мінсіз асыл сөз», «Тәрбиенің қайнар бұлағы», «Адамгершілік – асыл қасиет» және «Отбасы құндылықтары», ал, 6-сыныпта «Туған жерім – аялы алтын бесігім», «Мен – балаң, жарық күнде сәуле болған көрнекті», «Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым» болып, тек бірыңғай тәрбиелік мақсатты көздеген. Басқа сыныптардағы қазақ әдебиеті оқулықтары осындай принциппен құрастырылғаны байқалады.
Осы келтірілген тақырыптардан туатын қорытынды, оқулық жасаушылар үшін алдыңғы қатарда тұрған әдебиеттің эстетикалық көркемдік табиғаты емес, оның тәрбиелік, кей жерлерде танымдық функциялары.
Жаңартылған мазмұндағы әдебиет оқулықтарына ескі әдебиет нұсқаларын енгізу жұмысы аса мұқият іріктеуді кажет ететіні байқалады. Мысалы, 6-сыныпта «Туған жерім – аялы алтын бесігім» деп аталатын тарауға Тұран батыры әрі патшасы «Алып Ер Тұнғаны жоқтау» деген өлеңі енгізілген және бұл қаhарман кім екеніне түсініктеме берілген. Енді осы арада бір ескертетін нәрсе, осы оқулықтардың бағдарламасын жасаушылардың сонау түркі дәуіріндегі, яғни, біздің эрамыздың жетінші ғасырынан бері кезеңдегі әдебиет үлгілерін қамтуды мақсат еткені орынды да шығар. Көне дәуірге сапар шегу, сол замандардағы жекелеген шығармаларды ұсыну біздің әдебиетіміздің тарихы тереңде жатыр дегенді білдіру мақсатынан туындағаны айқын.
Бірақ, баршамызға мәлім, көне дәуірге сапар шегу үшін оқитын шәкірттің белгілі бір тарихи-танымдық дайындығы болуы керек. Әлі орта мектепте жүрген оқушының мұндай дайындығы жоққа тән. Ежелгі түркі дәуірі мен одан бергі хандық дәуірі арасындағы әдебиетті түсіндіру үшін мұғалімдердің өздері қиналып қалады. Мысалы, 8-сыныпта әдебиеттің белді өкілі болып табылмайтын Қорқыт ата туралы материалдар беріліп, «Қорқыт ата» кітабынан үзінділер ұсынылған. А.Яссауидің шығармаларын меңгеру әзірлігі жоқ шәкіртке қиын тиетіні анық.
Ежелгі кезеңдерге қатысты тарихи материалдарды, историзм, архаизм сөздерді меңгергеннен кейін ғана сол дәуірдің әдебиетін ұға аламыз. Халық тарихының жекелеген кезеңдерін, историзмге қатысты ұғымдарды игеріп алмай тұрып, оның әдебиетін қалайша тереңдетіп оқытуға бойлауға болады? Жас шәкірт үшін тіптен қиын. Демек, ешқандай әзірліксіз түркі дәуірі әдебиетін оқыту жауапкершілікті қажет етпек. Оның үстіне бұл кезеңде қазақ тілінің әлі толық қалыптаспағаны, әдеби тілдің белгілері хандық дәуір кезеңінен бастап қана айқындала бастағаны мәлім. Демек, мың жылға жуық кезең ішіндегі тілдің даму динамикасын, ауызекі сөйлеу нормалары мен әдеби норманың қалыптасу кезеңін ескеруге тура келеді. Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай, оқулықтарға ең бірінші көркемдік талаптарға жауап бере алатын, идеялық түйіні, айтар ойы мығым авторлардың көркем туындылары енгізілуі тиіс. Осы тұста еске сала кету керек, жаңа оқулықтар жөнінде пікір білдіріп жатқан кейбір авторлар қазақ әдебиетін тереңдетіп оқыту керек деген ойларын ортаға салды. Орта мектеп болғандықтан, менің ойымша, тереңдетіп оқыту шарт емес. Өйткені, бұл шәкірттердің бәрі болашақта әдебиет немесе қазақ тілінің мамандары болмайды.
Жаңартылған мазмұндағы оқулықтардың әдіснамалық аппаратына келетін бол-сақ, бірсыпыра тәуір орындалды деп тұжырымдағанымыз жөн. Енді негізінен бұл бағыттағы ескертпелер – сұрақтар мен тапсырмалардың кейде тым ұзақ боп кетуіне, кейбір тапсырмалардың оқушы үшін ауыр екеніне, ішінара көркемдік деңгейі төмен немесе тілі күрделі өлеңдерді ұсынуға байланысты. Жаттауға кез келген өлеңнің жарамайтындығы ерекше қаперде болатын нәрсе. Поэзияның шарттарына толық келетін, тілі түсінікті, көркемдігі жоғары, ойы, идеясы айқын өлеңдерді ғана жаттауға ұсыну керек. Ал, айтар ойы екіұшты немесе аударма өлеңдерді жаттауға ұсынудың мүлде қажеті жоқ.
Жалпы, орта ғасырдағы өлеңдердің ішінде, жоғарыда айтқанымыздай, архаизмдер мен историзм сөздер көп кездеседі. Олардың көбі қазіргі шәкірттер үшін түсініксіз. Сондықтан, мұндай ұғымға ауыр тиетін өлеңдерді жаттату шарт емес.
Оқулықтардағы төртінші мәселе мәтін-дердің, сөйлемдердің дұрыс құралуы, бір сөзбен айтқанда, стиль мәселесі. Егер авторлар ойларын жеткізу барысында күрделі немесе орашолақ сөйлемдерді қолданып жатса, онда оқулық талаптары үшін ауадай қажет айқындылық, нақтылық мақсаты өз деңгейінде орындалмайды.
Сонымен бірге оқулықтардың әр тұсында кездесетін орфографиялық және пунктуациялық қателерге көзжұмбайлықпен қарауға болмайды. Бұл бір жағынан ұсақ-түйек көрінгенімен, оқушының сауаттылығын дамыту үшін өте қажетті атрибуттар.
Осы жаңа мазмұн оқулықтарындағы материалдар сағат санына сыймайды деген ескертулер айтылған. Бұны реттеудің жолы аса қиын емес, өйткені, кейбір жөнсіз ұзақ туындылар мен олардың әдістемелік аппаратын қысқартып тастаса болғаны. Әсіресе, көне дәуір әдебиетіне қатысты материалдарды.
Классикалық әдебиеттің өкілдері және олардың шығармалары аталмағандықтан, оқулықтарда қазақ әдебиеті, яғни, төл әдебиетіміз тиесінше көрініс таба алмайды. Жас шәкірт ең алдымен қазақ әдебиетінің классикалық туындыларын оқып, үйреніп, солардан эстетикалық сезімін қалыптастырып өсуі тиіс. Ал, ортақол, қалай болса солай жазыла салған туындылар көркемдік-эстетикалық талғамды, обьективті қабылдау психологиясын бұзады, әдебиет туралы дұрыс түсінікті қалыптастыра алмайды. Бағдарлама жасаушылар осы жағдайын ескеруі қажет.
Сөз соңында оқулықтың бағдарламаларын, басқа да тиісті құжаттарын және сол оқулықтың өзін жасау аса жауапты жұмыс екендігін тағы да еске сала келіп, мемлекеттік маңызы бар бұндай іске кез келген адамды араластыруға болмайтынын қадап айтқымыз келеді. Оған тек дайындығы бар, ісіне әбден берілген лайықты мамандардың ғана араласуы орынды. Сондықтан, республикамызда қазақ тілінің барлық салаларын және қазақ әдебиетінің арғы-бергі кезеңдерін арнайы зерттеп отырған екі іргелі мекеме – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтын тікелей араластыру қажет. Тіпті қажет қана емес, осы мекемелердің ғалымдарының мазмұны жаңартылған оқулықтарға орай жұмыс жасауын міндеттеген жөн. Әр оқулыққа үш автордан: әдебиетанушы ғалым, әдіскер маман және практик мұғалім болу тәжірибесі өзін- өзі ақтауы тиіс. Оқулық конкурстық негізде жасырын атпен ұсынылып, шын мәніндегі әділ қазылардың сараптауына түссе, сонда ғана әділ шешім шығарылар еді.

Нұрдәулет Ақыш,
филология ғылымдарының докторы

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ БОЙЫНША «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ПӘНІН ОҚЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Әдебиет – сөз өнері. Адам жүрегін тербетіп, ақылын таразылап, тілін кестелеп айтқан сөз орнында тұрса ғана әдебиет деген өнер пайда болады. Сол өнерді қалай оқытып жүрміз? Жалпы «Қазақ әдебиеті» пәні жалпы білім беретін мектептерде «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына» сай бекітілген үлгілік оқу бағдарламалары (Ы.Алтынсарин атындағы иниститут ұсынған) негізінде тақырыптық күнтізбелік жоспар бойынша оқытылады.
Оқыту процесінде мынадай екі түрлі қызмет жүзеге асады. Бірінші– мұғалімнің оқытуы, екінші – оқушының оқуы. Әдебиетті оқытуда әдіс-тәсілдер мол-ақ, бұрыннан келе жатқан дәстүрлі зерттеу әдісі, өзіндік жұмыс әдісі, мәтінді көркемдеу, мәнерлеп оқудың орны ерекше. Жаңартылған білім мазмұнына сай сабақтарда жүзден астам тәсіл қолданылады. «Қазақ әдебиеті» пәні көркем әдебиетті, әдебиет тарихын, теориясын, сынын қамтиды. Жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы да осыған негізделген.
Жоғарыда айтылған «Стандарт» пен «Бағдарламаға» сәйкес оқулықтар жасалған. Сөзім нақты болу үшін 5-сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығынан мысал келтірейін, 5-сыныпта аптасына 2 сағат, жылына 68 сағат оқытылады.
1. «Қазақ әдебиеті» пәндік білімнің маз-мұны бөлімдерге бөлінген: түсіну және жауап беру, анализ және интерпретация, бағалау және салыстырмалы анализ, сонымен қатар, дағдыларды қалыптастыратын бөлім-шелерден тұрады. Бағдарламаның бұл бөлімі пән бойынша мынандай оқу мақсаттарынан тұрады:
1) Түсіну және жауап беру: әдеби шығармаға сюжеттік-композициялық тал-дау жасау арқылы идеялық мазмұнын түсіну, әдеби шығарманың жанрлық табиғатын тану, көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау, көркем шығармалардан алған үзінділерді шығармашылық жұмыстарда қолдану, ұлттық құндылықтардың маңыздылығын контекстермен үндестіру;
2) Анализ және интерпретация: әдеби шығарманың әртүрлі композициялық ерекшеліктерін талдау, автор бейнесінің шығармадағы белгілі бір оқиғадағы көрінісі, шығармадағы көркемдегіш құралдардың орны мен қызметін ашу, көркем шығармада көтерілген мәселелерге талдау жасау арқылы шығармашылық жұмыс жазу, қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетіндегі ортақ құндылықтарды анықтау;
3) Бағалау және салыстыру: шығар-маның тарихи және көркемдік құндылығын анықтап, бағалау, көркем шығармадағы көтерілген мәселелердің жаңашылдығына баға беру, шығарманың идеясын адамгершілік құндылық тұрғысынан талдап әдеби эссе жазу, ғылыми еңбектерді негізге ала отырып әдеби сын жазу.
Бұл сыныпта оқуға қамтылған шығар-малар «Таза, мінсіз асыл сөз» бөлімінде «Керқұла атты Кендебай», «Қобыланды батыр», «Асан Қайғының жерге айтқан сынын» оқиды. «Тәрбиенің қайнар бұлағы» бөлімінде Дулат Бабатайұлы «О, Ақтан жас, Ақтан жас» өлеңі, Ы.Алтынсариннен «Қыпшақ Сейітқұл» шығармалары оқытылады. Оқу мақсаттары:
1. Әдеби шығарманың жанрына қарай фабуласы мен сюжеттік дамуын сипаттау.
2. Әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясын анықтау.
3. Көркем шығармадағы кейіпкерлер портреті мен іс-әрекеті арқылы образын ашу.
4. Әдеби шығармадағы екі нәрсені салыстыра суреттеулер мен қарама-қарсы суреттеулерді табу.
5. Көркем шығармадағы кейіпкерлер портреті мен іс-әрекеті арқылы образын ашу.
6. Шығармадағы кейіпкерді өзіндік құн-дылығы тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазу.
7. Кейіпкерлерді шынайы өмірмен са-лыстырып бағалау.
8. Шығармадағы тілдік бейнелеу, суреттеу құралдарының (теңеу, эпитет, ауыспалы мағынадағы сөздер, қайталау, өлең құрылысы) мағынасын анықтау.
Бұл жерде біз алдымен көркем шы-ғармамен танысамыз, берілген үзіндіні оқимыз да әрі қарай талдауға көшеміз. Аптасына 2 сағат берілген соң, оқушы оқулықтағы әр жерден алынып, берілген үзіндіден ұққанына қарай талдайды, әрине, мұғалімнің көмегімен. Мақсат орындалғандай болады. «Көркем шығарманы оқыту – оқушының сөз қадірін түсінерлік ойлау әрекетін дамыту, рухани дүниесін байыту, эстетикалық талғамын жетілдіру, адамгершілік қасиетін қалыптастыру» деген болатын әдебиет зерттеушісі, белгілі жазушы Қажым Жұмалиев. Оқушы әдебиет сабағында көркем шығарманы қабылдау керек. Бұл оңай үрдіс емес. Қабылдау деген бере салғанды ала қоятын зат емес. Ол оқушының өзінің жан қалауымен, жүрек сезімімен, рухани әрекетімен жүзеге асатын дүние. Қандай жақсы көркем шығарма болса да оқушы қабылдау үшін әрекет жасамаса, автордың жан күйзелісін, шалқар шабытын бойынан өткізіп, көркем суретті көз алдына елестетіп, келтіре алмаса – бәрі бос сөз. Оқушыдағы осы сезімді ояту мұғалімнің қолында, яғни, оқушыға әдеби білім беру, эстетикалық, адамгершілік қасиеттерін дамыту үшін мұғалім әдебиетті оқыту барысында әдіс-тәсілдерді орнымен қолданады. Бір сөзбен айтқанда, жеке тұлғаны дамыту, қалыптастыруға тырысады. Бұл:
– көркем шығарманы оқуға деген қызығушылығын, ынтазарлығын ояту, жоғары эстетикалық талғам мен қажеттілікті қалыптастыру;
– сөз өнерінің ерекшеліктерін түсініп, тануға, ой көзімен зерделеуге негіз болатын білім, білік, икем-дағдыларын қалыптастыру;
– ойын сауатты ауызша (жазбаша) айта, жаза білу, байланыстырып сөйлеудегі тіл мәдениетін қалыптастыру және дамыту, өзіндік ой-пікірін дәйекті, жүйелі айта білуге баулу. Әдебиет – ұлттық танымның қайнар көзі, сондықтан көркем шығармадан алынған үзінділерді оқулыққа ендіруде төмендегідей қағидалар басшылыққа алынғанын білеміз:
– Оқушы тілін дамыту негізінде оқырмандық біліктілікті қалыптастыру.
– Оқушылардың тілдік қатынасын коммуникативтік түрде дамыту.
– Ой, ойлану, ойлату.
Ойсыз өмір сүру мүмкін емес. Бірақ бұл жердегі ерекше бір еске алатын мәселе өзіндік пікірде жатыр. Көркем туындыны оқытудың ең бастысы, сол көркем туынды туралы оқушының пікіріне, ойына ерекше көңіл бөлген жөн. Бұл пәннің басқа пәндерді оқытудан өзгешелігі де, күрделілігі де осында.
Көркем туындыны оқу бар да, талдау бар. Талдау оқусыз жүзеге аспайды. Оқу баланың өз еңбегімен, талдау мұғалімнің көмегімен, оның ұйымдастыруы, жобалауы, тиімді жағын ойластыруы арқылы жүзеге асады. Көркем мәтінді оқушы қалай оқып, қабылдайды, қандай ой туады, өз көзқарасын қалай жеткізеді – бұл оқушы мен мұғалімнің бірлескен еңбегінің жемісі болмақ.
Қазіргі әдістемеде талдау жасаудың 4 түрі бар: образ бойынша, тақырыптық, тұтас, автор ізімен. Қандай талдау түрі болса да, не мақсат көзделеді? Бұл сұраққа әдіскер Қ.Бітібаеваның сөзін негізгі ала жауап берсек:
– Оқушының туындыны қабылдауы, әсері, эмоциясын тану;
– Эстетикалық талғамын қалыптас-тыруға сеп болу;
– Таным қабілеті, ойлау белсенділігі мен дербестігін ұштау;
– Ең бастысы – көркем туынды бойынша талдау жасау, пікір айту жолдарын меңгерту /тақырыбы, авторлық идея, образдар жүйесі, сюжеттік-композициялық ерекшелігі, көркемдік-эстетикалық жағын т.б. кешенді түрде қарастыру/.
Көркем туындыны оқытып, сауатты талдауға қол жеткізу үшін автордың мақсат-мұратын, ойын білдіретін әрбір деталь, көркемдік тәсілді дәл танып, жазушы шеберлігін оқушыға дұрыс таныта білу керек.  Енді 6-сыныптың қазақ әдебиеті пәніне тоқталайық: Абай Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба», «Бірінші сөз», «Жетінші сөз», «Отыз бірінші сөз» шығармаларын оқытуға төмендегідей оқу мақсаттары қойылған:
1. Әдеби шығарманың жанрын, фабу-ласын, сюжетін анықтау;
2. Шығарма композициясындағы белгілі бір эпизодтың алатын маңызына негіздеме жасау;
3. Көркем шығармалардан орта көлемді үзінділерді мәнерлеп оқу, жатқа айту;
4. Шығармада көтерілген мәселенің әлеуметтік ролі туралы сыни хабарлама жасау;
5. Әдеби шығармада көтерілген әлеу-меттік қоғамдық мәселені идеясы арқылы түсіндіру;
6. Шығармадағы кейіпкерлер қарым-қатынасын отбасылық құндылық тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазу;
7. Әдеби көркемдегіш құралдарды пайда-ланып шығармадағы табиғат көрінісін, оқиға орнын, кейіпкер бейнесін сипаттап жазу;
8. Эпикалық, поэзиялық шығармалардағы автор бейнесін анықтау.
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай бағдарлама мақсаты, көркем әдебиеттің мазмұнын меңгеруден гөрі теориялық талдау жасау жағын басым қамтыған. Бұл мақсаттар көркем мәтінді толық оқытудан гөрі, оқушыға өзге пікірді қабылдатуды көздейді. Әрине, ғалымның пікірі құнды. Бірақ оқырманның көркем туындыдан алатын әсері қашан қалыптасады? 6-сыныпта оқитын оқушының ұғымы сыншы ғалымға аян теорияны қабылдауға әзір ме?!
10-сынып (қоғамдық-гуманитарлық ба-ғыт) «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша (Жы-лына 102 сағат, аптасына 3 cағат) дәл осы бағдарламадағы тақырыптар мен мақсаттар қайталанады, одан әрі дамытылады. Бұл сыныпта Абайдан «Сегіз аяқ» өлеңі, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Болыс болдым, мінеки», «Лай суға май бітпес қой өткенге», «Он жетінші қарасөзі», «Отыз екінші қарасөзі», «Отыз үшінші қарасөзі», «Ескендір» поэмасы, «Әлем және қазақ әдебиетіндегі ортақ құндылықтар» деген тақырыптар берілген. Оқу мақсаттары: әдеби шығарманың сюжеттік-композициялық құрылысын талдау арқылы идеялық мазмұнын терең түсіну; шығармадағы авторлық идеяның өмір шындығымен байланысын айқындау; әдеби шығармадағы көтерілген мәселелерді ұлттық мүдде тұрғысынан ашу; көркем шығармалардан алған үзінділерді ғаламдық тақырыптағы өзекті мәселелермен байланыстыру; шығармадағы көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметін талдау; көркем шығармадағы көтерілген мәселелердің жаңашылдығына сыни тұрғыдан баға беру; әдеби шығарманың композициясын уақыт пен кеңістік тұрғысынан талдау; көркем шығармадағы көтерілген мәселелерге талдау жасау арқылы өзіндік пікірін қосып, шығармашылық жұмыс (эссе, әңгіме, өлең, әдеби және еркін тақырыптарға шығарма) жазу; шығармадағы ұлттық құндылықтардың әлемдік тақырыптармен үндестігін ашу; шығарманы идеялық жағынан мазмұндас туындылармен салыстыра отырып, әдеби сын жазу; шығарманы мазмұндас туындылардың үлгілерімен салыстырып, тарихи және көркемдік құндылығын бағалау.
Оқу материалы мен оқу мақсаттарына қарап отырып, игерілетін материалдың оқушы ұғымына қаншалықты сай екендігіне ойланып қаласың. Мазмұн мен идеяны меңгеретін шығар, ал, қалған талдаулар болашақ журналист, әдебиет пен тіл маманы болатын оқушыға ғана қажет екені анық, ал, алдына ондай мақсат қоймаған оқушыға артық жүк, артық салмақ емес пе?! Материалдың мұндай күрделі болуы көпшілік оқушыны құр жаттауға итермелейді. Мұның аты – білім негізін түсінбеу деген сөз. Ал, тым жеңіл материалдың тез ұмытылуы да мүмкін. Бұл сияқты көріністермен күресуде көптеген әдіс-тәсілдер қолданылып келеді. Оқушы білімінің тиянақты болуы, түсінігінің дұрыс қалыптасуы үшін жаңа сабақты түсіндіру процесінде оларды үнемі тартып, әрекетке араластырып отыру қажет.
9, 10, 11-сыныпта «Қазақ əдебиеті» деген оқулық əңгіме, хикаяттан бастап, атышулы романдар, дилогия, трилогияларды, драма-лық жанрларды, поэма, дастандарды, жырлар мен айтыстарды түгел қамтиды. Былай қарағанда бəрі дұрыс сияқты, бірақ осы пəнді оқыту үрдісі мектептегі оқушының сөздік қорын дамытуға қаншалықты үлес қосады?! Отыз жыл сабақ берсем де, өзегімді өртейтін бір өкініш  бар. Оқушыларым сол көркем шығарманың өзін, түп негізін оқымайды. «Отыз жыл сабақ беріп, енді неге оқыта алмай отырсың?» деген сұрақ көкейлеріңізде тұрғанын білемін. Бір сөзбен айтқанда, бағдарлама да, оқулық та тек теорияға негізделген. Оны игеру үшін көркем шығарманың өзін оқып, негізінен нәр алу керек. Әр сабақта көркем шығарманы ғалымдардан кем талдамайтын оқушылардың ойында бірде бір жазушының, не ақынның бейнесі қалмайтыны қалай? Бұл аз ғана уақытта көп нәрсені оқытудан шығып отырған жоқ па?! Ары бармай-ақ, мынаған көз жүгіртейік. 1980 жылдары 5-сыныпта қазақ тілі мен əдебиеті пәніне аптасына 8 сағат берілді: қазақ тілі 5 сағат, қазақ әдебиеті 3 сағат оқытылды. Оқыту әдебиеттік оқуға негізделді, бала ұғымына сай ғана талдаулар жасалды. Ал, қазір 5-сыныпта 5 сағат оқытылады, оның 3 сағаты қазақ тілі, 2 сағаты əдебиет. Сол 2 сағатта көркем əдебиетті емес, əдебиеттің тарихы мен теориясын және әдебиет сынын оқытып кеттік, стандарт та, бағдарлама да, оқулық та соған негізделіп жасалып отыр. «Əдебиет» дейтін ғылымның көркем əдебиет, əдебиет теориясы, əдебиет тарихы, əдебиет сыны деген салаларын түгел осы 2 сағатта қамтитын болдық та, көркем əдебиет ысырылып шетте қалды. Əр аптадағы қазіргі 80 минут оқушыға не береді?!
Қазіргі баланың  өздігінен көркем шығарма оқымайтыны бəрімізге белгілі. Əр жыл сайын қазақ балаларының туған əдебиеттің нəріне қанатын уақытын неге қысқартып жатырмыз? Балаға таза көркем туынды оқытатын уақытты мектеп бағдарламасына енгізетін күн туа ма? Бұрынғы 8 сағаттың 2 сағатын орыс тілі мен ағылшын тіліне үлестірдік. Сабақтан кейін түрлі спорттық үйірмеден (баскетбол, волейбол, күрес, т.б.) шықпайтын балаларға дене қимылы қажет деп тағы осы пəндердің есебінен 1 сағат үлестірдік. Себебі ағылшын тілі, орыс тілі, дене шынықтыру пəндерінің сағаты көбейтілгенімен, оқу жоспарына артық сағат қосылған жоқ. Қосылған сағаттар қазақ тілі мен əдебиетінің бұрынғы 8 сағаттық апталық сағаттарын қысқарту есебінен жүрді. Ал, бүгінгі бала рухани жүдеулікке ұшырады десем артық айтпаймын. Енді біраздан соң бар ақыл-ойынан тоналғандарды отызында бесікке таңып отырмасақ жарады.
Осы келеңсіздікті жою үшін мектептің оқу жоспарын қайта қарап, оқу жоспарына «Көркем əдебиет» пəнін енгізіп, бағдарлама жасау керек-ақ. Біз мектепте көркем əдебиетті емес, əдебиет тарихын, əдебиет теориясын, əдебиет сынын оқытып жүрміз. Өйткені, «Көркем əдебиет» пəні оқу жоспарында жоқ, бағдарламада да жоқ, оқулықтар тек теорияға негізделіп жасалған. Бұл бағдарламаның оқу мақсаттары тек арнаулы мектеп оқушыларына лайықты. 2, 3, 4-сыныптарда да бұл бағдарламаны меңгеретіндей негіз жасалмаған. Қала оқушыларының ойы орысша, тілі қазақша екенін ескерсек, 5-сыныпқа келген оқушы кең көлемді шығармаларды 40 минутта ежіктеп оқып үлгермейді. Сөздік қоры аз болғандықтан, көркем туындының мазмұнын да меңгере алмайды. Олай болса, біздің алдымызда бірнеше міндет тұр:
1. Орта білім берудің (бастауыш, негіз-гі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сай мектептің оқу жоспарына «Көркем әдебиет» пәні енгізіліп, бағдарламасы жасалуы керек.
2. «Қазақ әдебиеті» пәні 2, 3, 4-сынып-тардан оқытылып, ертегі, аңыз, мақал-мәтел, шағын көлемді әңгіме (Ы.Алтынсарин әңгімелері) жанрын қамтыған, тек мазмұнға құрылған, тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларымен жасалуы керек (теориясыз, тек мазмұн, сөздік қор, кейіпкер).
3. 5-6 сыныптың жас ерекшелігіне қа-рай ертегінің түрлері, аңыз, шағын көлемді хикаяттар, өлеңдер көркем мәтін мазмұны, оқиға желісі, жоспар құру.
4. 7-8 сыныптарда көлемді әңгіме, хикаят, тарихи жырлар мен эпостық жырлар.
5. 9,10,11 сыныптарда қазақ әдебиеті туындыларын кезең-кезеңімен көркем мәтін және теория (тереңдетілмеген), әдеби сынның жеңілдетілген түрін алуға болады. Оқу мақсаттары да соған негізделуі керек.
Білімді жаңғыртудың басты мақсаты білім беру жүйесінің тұрақты дамуынан және оны ХХІ ғасыр қажеттілігіне сай қамтамасыз етуден тұрады. Қазіргі таңдағы білім беру саясатының ең бірінші міндеті – жоғары сапалы білім беруге қол жеткізу әрі оны тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің өзекті де, өміршең қажеттілігіне сәйкестендіру. «Білім – дүниенің ең үлкен қазынасы» екенін ескерсек, баланың көркем әдебиетті оқып, өзі талдап, өзі ойлауына, өзі шешім шығаруына жағдай жасайық.

Мейрамгүл Нүсіпбекова,
Алматы қаласы, Түрксіб ауданы,
Д. Бабаев атындағы №115
мектептің қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі

ОҚУЛЫҚТЫ ҚҰРАСТЫРУДА ӘДЕБИЕТ ТАРИХЫН  БАСШЫЛЫҚҚА АЛУ КЕРЕК

«Балаға көп үйретемін деп, асығып шала-шарпы үйретуден гөрі, аз болса да анықтап, нық үйрету абзал» деген екен ұлт көсемі, атақты ғалым Ахмет Байтұрсынұлы. Осы тұрғыда мен әдебиет оқулығының құрылымы жөнінде айтып өткім келеді. Әдетте 6-7-8-сыныптарда «әдебиеттік оқу» оқулықтарында ертегіден басталатын. Қазір ше? 5-сынып «Керқұла атты Кендебай», «Қобыланды батыр», аңыз-әңгімелерді оқып үйренеді; 6-сыныпта «Аяз би», 7-сыныпта «Қыз Жібек» жырын, 8-сыныпта ауыз әдебиеті үлгілері жоқ. Ал, 9-сыныпта айтыс туралы шолу және Біржан-Сара айтысы берілген. Сонда оқушы ауыз әдебиеті түрлерінен толық мағлұматты қашан алады деген сұрақ туындайды. Мақал-мәтел, жаңылтпаштар, тұрмыс-салт жырлары, айтыстың түрлері мен ерекшеліктері жайында мүлдем берілмеген. Бұрындары талданып жүрген «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырларының мектеп оқушысына таныстырылмай қалу себептерін әдебиетші мұғалімдер түсіне алмай отырмыз.
Ежелгі дәуір әдебиеті – ұлттық мұра. Онымен ешкім сөз таластырмайды. Алайда, осы әдеби мұраның берілу жүйесіздігі оқушыға да, мұғалімге де қиындық туғызып отыр. 7-сыныпқа ұсынылған ежелгі дәуір әдебиетінің кезеңдерін, «Күлтегін жырын» бұрын 9-сынып оқушылары талдайтын.
Жыраулар поэзиясы 7- сыныпта Жиембет, Қазтуған жырау, 8-сыныпта Ақтамберді, 9-сыныпта Шалкиіз, Бұқар жырау мен Нысанбай жыраулар арқылы беріліп отыр. Үш ғасырды қамтыған жыраулар поэзиясымен оқушы неге толық таныспайды және оларды әр сыныпқа бөліп берудің мақсаты неде? С.Тұрсынғалиева, Г.Бәкеновалардың 9-сынып оқулығында жыраулар толық қамтылған еді.
Жалпы жаңартылған білім беру мазмұнына арналған қазақ әдебиеті оқулығының басты кемшілігі оқулықты құрастыруда әдебиет тарихын басшылыққа алмау деп білемін. Атап айтқанда, Ы.Алтынсарин – қазақ балалар әдебиетінің атасы. 5-9-сыныптар аралығында тек 5-сынып оқушылары Ыбырайдың «Дүние қалай етсең табылады», «Атымтай жомарт», «Қыпшақ Сейітқұл» шығармаларымен танысады. Ұлы ағартушының педагогикалық қызметі, алғашқы оқулығы, әңгімелері, аудармалары басқа сыныптарда оқытылмайды. Биыл ғана қолымызға тиген 10-сыныптың ЖМБ бағытына арналған оқулықтың құрылымы, мазмұны мұғалімдер қауымын алаңдатып отыр. Абай мұрасына қанша сағат берсе де көп емес, алайда «Сегізаяқты» үш тақырыпқа, «Масғұтты» тарауларға бөліп берудің себебі неде? Осы оқулыққа енген Айгүл Кемелбаеваның, Талап Сұлтанбековтың шығармаларын мектеп мұғалімдері қайдан аларын, қалай оқытарын ойлануда. Оқулық құрылымы XIX ғасыр, XX ғасыр, XXI ғасыр, қайтадан XX ғасыр әдебиеті өкілдерін қамтыған. Оқулық мазмұнының жүйесіздігі көрініп-ақ тұр. Аталған оқулықтардың ішінде құрылымы бойынша А.Ахтанова, А.Жүндібаева, Л.Жұмекеновалардың авторлығымен берілген 9-сынып оқулығы жүйелі жасалған. «Адам жанының құпиясы» тарауында Ілияс, Бейімбеттер қатарында Сәкен Сейфулиннің шығармашылығы берілмеу себебі түсініксіз. XX ғасыр әдебиетіндегі «Алыптар» тобынан С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев еңбектері 11-сынып оқулығына ене ме?
Бүгінгі күні жаңартылған білім беру мазмұнына көшудің негізгі мақсатын бәріміз де түсініп отырмыз. Пәнаралық байланыс арқылы, шиыршық әдісі мен білімді кеңейту сұрақтарына қолымыздағы әдебиет оқулықтары жауап бере ме? Қалай десек те әдебиеттің тарихы бар, сондықтан авторларды ұсынуда олардың өмір сүрген дәуірі, көтерген мәселелерінің жүйелілігі сақталу керек деп білеміз.
Екінші бір ұсыныс: тәуелсіздік жылдарының әдебиетін, проза, поэзия, драматургия жанрындағы көркемдік деңгейі жоғары шығармаларға шолу түрінде жоғары сыныптардың бірінде берілуі керек деп санаймын. Сонда бүгінгі мектеп оқушысы қазіргі қазақ әдебиетінің тынысын, көтерген мәселелерін, тәуелсіздіктің бағасын түсінер еді. Қорыта айтқанда, оқулықтардың алдағы басылымдары жүйеленіп, әдебиет тарихында орны бар көркем дүниелер енеді деп сенеміз.

Әділет Жексенбі

«Орта білім берудің жаңартылған мазмұны аясында қазақ әдебиетін
оқытудың өзекті мәселелері» атты республикалық
ғылыми-практикалық конференцияның
ҚАРАРЫ

ҚР Президенті Қ. К. Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтылған білім сапасына қатысты сындарлы ойларын жүзеге асыруға байланысты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетовтың оқулықтардың сапасын жақсартуға байланысты 10 қадамын қолдай отырып, баяндамалар мен ұсыныстардың негізінде конференция мынандай қарар қабылдады:
Конференцияға қатысушылар жалпы білім беретін мектептерде жаңартылған мазмұндағы қазақ әдебиетін оқытуда мұғалімдер оқушылардың өзіндік таным әрекетін ұйымдастырудың жаңа түрлерін, тәсілдері мен әдістерін, технологияларын меңгеру үстінде екендігі атап көрсетілсін.
Қазақ әдебиеті курсының жас ұрпақтың әдеби танымының қалыптасуында, бойында рухани құндылықтар мен ұлттық рухани кодтың қалыптасуында, ұлттық бірегейліктің сақталуындағы басты ролін ескере отырып ҚР БҒ министрлігіне мынадай пәрменді шараларды қолға алу ұсынылсын:
1. Орта мектептердегі қазақ әдебиеті курсының жалпыға міндетті білім стандарты мен оқу бағдарламалары аталған пәннің ұлттық ерекшеліктері мен қалыптасқан дәстүрін ескере отырып, мазмұндық, тілдік тұрғыдан отандық, ұлттық әдебиеттанушы ғалымдардан, әдіскер ғалымдардан және шығармашыл мұғалімдерден жұмыс тобын құрып қайта дайындау;
2. Оқу басқа тілде жүретін мектептердегі қазақ тілі мен қазақ әдебиетін жеке пәндер ретінде қайта қарау;
3. Қайта дайындалған жалпыға міндетті білім стандарты мен оқу бағдарламалары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, кең қоғамдық талқылауға салынсын. Сонан кейін ғана ҚР Білім және ғылым министрлігінің тарапынан бекітіліп, қолданысқа енгізу;
4. Оқулық авторлығына үміткер әдебиеттанушы ғалымдарға, әдіскер ғалымдарға және шығармашыл мұғалімдерге арнайы біліктілік курстарын өткізу;
5. Осы жетілдірілген стандарт пен оқу бағдарламаларына сәйкес қазақ әдебиеті оқулығының материалдары оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес іріктелген, ғалым-мамандардың сараптамасынан өткен материалдармен қайта жазуды кезең-кезеңімен жүзеге асырудың кестесін жасау;
6. Қазақ әдебиеті курсының стандартын, оқу бағдарламаларын және оқулықтарды дайындауда ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясын жауапты ұйымдар ретінде белгілеу;
7. Қазақ әдебиеті курсы бойынша хрестоматиялық шығармалардың ғылыми базасын жасақтау;
8. Оқу бағдарламалары мен оқулықтарды талдау және сараптамалық бағалау мамандарын арнайы даярлау, жабық сараптама арқылы бағалау жүйесін қалыптастыру;
9. Мектеп оқулықтарын басып шығаруға маманданған, редакторлар мен корректорлар институты қалыптасқан мемлекеттік қазыналық кәсіпорын түріндегі баспа қалыптастыру;
10. Білім стандартын, оқу бағдарламаларын, оқулықтарды пайдаланушылар ретінде ҚР БҒМ және Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы жанынан қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің республикалық ассоциациясын құру;
11. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша мұғалімдердің білімін көтеру және біліктілігін арттыру жұмысын қолға алу;
12. Білім және ғылым министрлігі құрылымында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытылу ісін үйлестіріп, қадағалап жүзеге асыратын мамандандырылған құрылым жасақтау;
Осы қарар конференцияға қатысушылардың ұсыныстарына сәйкес, негізінен, бір ауыздан қабылданып, Білім және ғылым министрлігіне және басқа да тиісті орындарға жолданды.

Дайындаған
Дина ИМАМБАЕВА

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.