ОҚУЛЫҚ САПАСЫН КӨТЕРУ ЖОЛДАРЫ

  • 26.11.2019
  • 413 рет оқылды
  • 0

Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
Педагогикалық ғылымдар
академиясының президенті,академик

Адами капиталдың маңыздылығының артуы және өндірістің негізгі факторларының зияткерленуі қазіргі уақыттағы құндылықтар мен басымдықтарды қайта бағалауды талап етеді. Қазіргі уақытта әлемді сипаттайтын интеграция және жаһандану үдерістері және сонымен бірге қазақстандық социум, қоғамның әлеуметтік тапсырысындағы өзгерістер білім беруге жаңа талаптар қойып отыр, ол білім берудің мазмұнын жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатты іске асыру үшін білім беру сапасын жүйелі дамыту қажет. Осындай қызметтің құрамдас бөлігі – мектептерді сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету болып табылады.

Сапалы оқулық дайындау – өте күрделі жұмыс. Оның негізін сонау ХVI ғасырда ұлы чех педагогі Ян Амос Коменский (1592-1670) салған болатын. Ол «Сезімдік заттар әлемі картиналарда» атты ең алғашқы көрнекіленген оқулық жазды, оқу кітабі дамуының алдағы жүзжылдықтардағы даму жолын анықтады және мектеп оқулығын құрастырудың теориялық принциптерін белгіледі.
Барлық дамыған елдерде Оқулықтану ғылымы дамыды және оқулықтар осы ғылым негізінде жасала бастады. Қазіргі уақытта бұл ғылым жақсы дамыған.
Константин Дмитриевич Ушинский (1824-1870) ХІХ ғ. екінші жартысындағы оқу кітабінің ұлы теоретигі болды. Оның еңбектері сол кезде (қазір де) мектеп оқулығы туралы түсініктің қалыптасуына шешуші рөл атқарды.
Қазақ тіліндегі алғашқы оқулықты көрнекті ағартушы, педагог, ақын, жазушы Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) жазды. Ол: «Мектептерге арналып жазылатын оқу кітаптары өзінің идеялық мазмұны және нақты материалдары жағынан ана тілінің және халық даналығының бай қазынасына негізделуге тиіс. Балаға түсінікті, әрі қызықты болуы керек»- деген болатын.
Ахмет Байтұрсынов (1873 -1937): «Мектеп ұлттық болып, ана тілінде оқытуы тиіс, ал, білім беру мазмұны халық рухымен, оның салттарымен, дәстүрлерімен, бостандыққа қол жеткізу мақсаттары және міндеттерімен, заманауи білім алу ниетімен үндесуі тиіс» – деді. «Әліпби» (1910) және «Оқуға арналған Кітаптар» (1912-1914) жазғанда ол осы талаптарды басшылыққа алды.
Осы кезеңде аталған идеяны ұстанған Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Телжан Шонановтың, Халел Досмұхамедовтың, Мұхтар Әуезовтің, Жұмақан Күдериннің, Әлімхан Ермековтың және т.б. көптеген қазақ зиялыларының оқулықтары жарық көрді.
Қазіргі ғалымдар мен баспагерлердің міндеті ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ зиялылары жариялаған оқу әдебиетінің ұлттық сипаты туралы идеяны заман талабына сай толықтырулар енгізе отырып, өмірге қайта оралтуы болса керек.
Оқулықтану ғылымы объективті және субъективті себептерге байланысты елімізде жақсы дамымады. Кеңестік дәуірде қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен басқа оқулықтардың барлығы орталықта жасалды.
Оқулықтану ғылымына қатысты «Оқулықтану. Өзекті мәселелері»атты алғашқы монографиялық еңбек 2000 жылы жарық көрді. Ол 2003 жылы Мәскеуде «Просвещение» баспасында «Актуальные проблемы учебниковедения» деген атпен басылып шықты. Олардың авторлары А.Құсайынов пен У.Асылов болды. Бұл еңбектер елімізде Оқулықтану ғылымының негізін салды.
2012 жылы А.Әбілқасымова мен М.Рыжаковтың «Содержание образования и школьный учебник: методические аспекты» кітабы, ал, 2015 ж. Б.Каримова, Н.Жетпеисова, Т.Ғалиевтың «Учебник как основа формирования системного мышления обучающихся» атты оқу құралы жарық көрді.
Сапалы оқулықтар жасау үшін:
– оқулықтану ғылымын дамыту;
– теориялық сараптама жүргізу және оқу әдебиетін практикалық апробациядан өткізу үшін критерийлер жүйесін әзірлеу;
– оқулықтар авторларының біліктілігін көтеру;
– оқулықтарға теориялық сараптама жүргізу және практикалық апробациядан өткізу үшін сарапшылар дайындау;
– оқулықтарды сараптау бойынша жұмысты ғылыми негізде ұйымдастыру және олардың қорытындыларын шығару қажет.
Практикалық апробацияны экспе-рименталды мектептерде толық оқу жылы бойы өткізген дұрыс болады.
Қазіргі уақытта елімізде орта білім жүйесін жаңартылған мазмұнға көшіру және соған сәйкес оқулықтар дайындау мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі заманғы оқулық оқу мате-риалының мазмұнын және оның әдістемелік тұжырымдамасын заманауи әдіснамалық, теориялық-педагогикалық және ғылыми-әдістемелік негіздерді жүйелі түрде қолданумен ерекшеленеді. Оқулықтың материалдары ойлауды ынталандыруы, белсенді шығармашылық жұмысқа деген ішкі түрткіні қалыптастыруы тиіс. Онда сабақ өткізуге қажетті материалдар толық ұсынылуы керек. Жалпы оқыту процесінің нәтижелілігі оқулықпен тікелей байланысты болады.
Отандық оқулықтардың сапасын анықтау жұмыстары «Оқулық» РҒПО жасаған критерийлер негізінде атқарылды. Мұнда оқулықтарға Ғылыми сараптама 18 критерий және Педагогикалық сараптама 56 критерий негізінде жүргізілді.
Оқулықтарға қойылатын жаңа талап-тарды ескере отырып, біздер, Академия ғалымдары, өз ниетімізбен критерийлер жүйесін жетілдіру жұмыстарын жүргіздік.
Оқулықтардың критерийлер жүйесін, біріншіден, оқулықтар авторларының құзыреттілігіне қойылатын талаптарды; екіншіден, оқулықты әзірлеуге қойылатын талаптарды; үшіншіден, әлемнің жетекші елдері оқулықтарының деңгейін және Оқулықтану ғылымының қазіргі жетіс-тіктерін ескере отырып жасау керек. Бұл өте күрделі әрі ауқымды жұмыс болып табылады.
Біз осы жұмысқа Абай атындағы ҚазҰПУ-нің «Оқулықтану» курсын оқыған докторанттарды және осы тақырыпта диссертация жазған магистранттарды да тарттық.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде оқулық жасаудың сапасы мен оның атқаратын қызметтерін жеке-жеке бағалау қажеттігі анықталды. Оқулық сапасын 15 бағыт бойынша бағалауға мүмкіндігін беретін 148 критерий жасалды.
«Оқулық сапасын анықтау крите-рийлері» әдістемелік нұсқаулығы әзірленді (А.Құсайынов, А.Рысқұлбекова, А.Мұнарбаева, 2018 ж.).
Сарапшыларды оқытып, баспаға дайындалған Математика, Жаратылыстану және Дүниежүзі тарихы оқулықтарының сапасын осы критерийлер негізінде бағаладық. Оның нәтижесі 2017 жылы «Оқулық» РҒПО өткізілген ХҒПК-да баяндалды.
Бұл оқулықтарға басылып шыққаннан кейін министрліктің шешімімен Академия оларға қайтадан сараптама жүргізді.
Сараптама нәтижелері Министрлікте талқыланып, Академия мен Оқулық орталығы дайындаған критерийлер негізінде ортақ критерийлер жүйесін жасау жөнінде шешімі қабылданды.
Бірлесе отырып осы шешімді орындау мақсатында тиянақты жұмыстар жасадық.
Ортақ критерийлер жасауда Академия жасаған жүйе негізге алынды.
Осы критерийлер жүйесін жетілдіру негізінде оқулық сапасын 19 бағыт бойынша бағалауға мүмкіндік беретін 128 критерий жасалды.
Нәтижесінде, оқулықтың дидактикалық аппаратының сапасын бағалау оқу әдебиеті оған қойылатын негізгі талаптардың орындалуын, оның құрылымына, мазмұнына, меңгеруді ұйымдастыру аппаратына, қабылдау аппаратына, бағдарлау аппаратына, иллюстрациялық материалға, электрондық қосымшаға, эргономикаға бағыттарын бағалау негізінде, яғни, 9 бағыт бойынша 64 критерий негізінде анықталатын болады.
Ал, оның атқаратын қызметтерінің сапасы үйлестіруші, жүйелендіруші, ақпарат беруші, ынталандырушы, дамытушы, түрлендіруші (трансформациялық), құндылықтарға бағыттау және тәрбиелік, өздігінен білім алуға үйрету және навигация, кіріктіруші (интеграция), бақылау-түзетуші қызметтерін бағалау негізінде, яғни, 10 бағыт бойынша 64 критерий негізінде анықталады.
Осы критерийлер арқылы бағалау кезінде оқулықтың әр бағытының сапасын жеке-жеке анықтауға және оларды жетілдіруге мүмкіндік туады, бұл жалпы оқулық сапасының көтерілуіне ықпал етеді.
Бұл критерийлер жүйесі бекітіліп, қазір 11 класқа әзірленіп жатқан оқулықтар осы жүйемен бағалануда.
«Оқу әдебиеттері сапасын көтеруге бағытталған әдістемелік ұсыныстар» (А.Құсайынов, т.б., 2019 ж.) және «Қазақстандық контентті ескере отырып базалық оқулық әзірлеу бойынша әдістемелік ұсынымдар» атты еңбектер дайындалып, жарық көрді.
Қазіргі уақытта Педагогикалық Ғылымдар Академиясы Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Оқулық әзірлеуге қойылатын талаптар және оның сапасын бағалау тәжірибесі» және «Оқулықты сараптауға қойылатын талаптар және оның сапасын бағалау тәжірибесі» оқыту курстарының жұмыс бағдарламалары негізінде авторларға, сарапшыларға, баспа редакторлары мен әдіскерлеріне курстар өткізіп отыр.
Үстіміздегі жылдың 16-24 қыркүйекте авторлар мен сарапшыларға арналған алғашқы курс өткізілді.
Курсқа қатысқан тыңдаушылар өз пікірлерін былай білдіріп отыр:
Марина Асылбекова, «Алматыкітап» баспасының бас редакторы, «Русская литература» оқулығының авторы:
– курс кәсіби әрі сауатты құрылған;
– кәсіби лекторлар тартылған;
– оқулықты сараптамалық бағалау критерийлері сауатты жасалған.
Күләш Амирова, «Мектеп» баспасының жетекші редактор-әдіскері:
– PISA, TIMMS тапсырмаларын құрастыру жөнінде анық түсінік қалыптасты.
Эльвира Оспанова, «Атамұра» баспасының жетекші редакторы:
– оқулықтың барлық функцияларын жүзеге асыру бойынша терең білім алдым;
– заманауи білім берудің көптеген аспектілері бойынша өз ой-өрісімді кеңейттім.
Бахадурхан Абдуманапов, география оқулықтарының авторы, г.ғ.д., Абай атындағы ҚазҰПУпрофессоры:
– мұндай курстар бұрыннан өткізілуі керек еді.
Гибадат Орынханова, «Русский язык и литература» оқулығының авторы, ф.ғ.к., ҚазҰлтҚызПУ-нің қауымдастырылған профессор м.а.:
– мұндай курстар сарапшыларға, редакторлар мен авторларға қажет. Мен оқулықты әзірлеу кезінде жіберген өз кемшіліктерімді түсіндім;
– біз тәжірибе негізінде барлық 128 критерий жұмыс жасайтынын түсіндік;
– оқулықтарды әзірлеудің ғылыми негізін жасау қажеттігі бұрыннан туындаған проблема болатын.
Назира Бекхожаева, «Атамұра» баспасының редакторы:
– Педагогикалық Ғылымдар Академиясына осы күрделі және жауапты істі қолға алып, ел болашағына қажетті іспен айналысып жатқан тұста шығармашылық табыстар тілеймін!
Биылғы 8 тамыз күні ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов оқулықтардың сапасы және мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша мәжіліс өткізді. Мәжілісте Министр оқулықтардың сапасын көтерудің 10 қадамын ұсынды. Онда эксперттер мен авторларды дайындау және оқыту қажеттігіне, оқулықтардың сапасы үшін баспалардың жауапкершілігін арттыруға, оқулықтарға сапалы сараптама жасау қажеттігіне ерекше көңіл бөлінген.
Халықаралық тәжірибеде оқу әдебиетін дайындауда оларға баспаларда ішкі сараптама жасау жұмыстарына баса назар аудару үрдісі байқалады. Баспалар бәсекелестік жағдайында өз беделін сақтау үшін сапасыз оқулықтар шығаруға жол бермейді. Сондықтан, олар өз қызметкерлерін оқытып және жоғары білікті сарапшыларды жұмысқа тарта отырып, ішкі мониторинг сапасын күшейтіп отыр. Баспалар авторлармен авторлық ұжымдарға қатал және нақты талаптар қояды. Педагогикалық қоғам мен ата-аналар арасында теріс пікір қалыптастырған оқу әдебиетін шығару, оларды апаттық жағдайға алып келетін төтенше құбылыс болып табылады.
Қорыта айтқанда, елімізде сапалы оқулықтар дайындау үшін барлық қажетті материалдар дайындалып, авторлардың, сарапшылардың, баспа қызметкерлерінің құзіреттерін көтеру үшін арнайы курстары өткізілуде. Оқулық сапасын бағалаудың жаңа критерийлер жүйесі жасалып, бекітілді.
Енді авторлар, сарапшылар, баспагерлер, оқулықтанушы ғалымдар, «Оқулық» РҒП орталығының қызметкерлері мен оқулық сапасына қатысты соңғы пікір білдіретін республикалық пәндік комиссия мүшелері өз жұмыстарын үйлесімді, сауатты, ғылыми-практикалық негізде атқарулары қажет.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.