Эпистолярлық жанрдағы ұлтжандылық немесе хат дегеніміз – ақиқат айғағы

  • 12.12.2012
  • 2128 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қуанбек БОҚАЕВ,
журналист

Хат!!! Хат дегеніміз көне заманнан бері адамдардың қарым-қатынас жасау құралдарының бірі болған. Ел билеушілері арасында жазылған хаттардан, тарихи деректерді білуге болатыны айтпасақ та түсінікті. Хаттарды жекелеген адамдар да жиі жазатыны белгілі. Әйгілі адамдардың жазған хаттары, олардың өмірлерін тереңірек танып-білуге болатын нақты құжат болмақ. Ағайын-туғандар, дос-жарандар арасында жазылған хаттар, олардың ұрпақтары үшін асыл мұра ретінде сақталатын оқиғалар да аз ұшыраспайды. Мұндай хаттарда, жеке тұлғалардың ауызша айтыла бермейтін көңіл-сырларын білдіретіні, сол кездегі өмір мен өмір-тірліктерін сипаттайтынын ұғыну қиын емес.
Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданнан ата-анасына, туыстарына жауынгерлер жиі хат жолдайтын еді. Мұндай хаттардың кейінгі кезде құнды дүниеге айналғаны да мәлім. 1980-90 жылдары «Майданнан жазылған хаттар» деген жауынгерлердің жазған хаттары кітап болып шыққаны осының айқын дәлелі болса керек. Сондай-ақ, қыз-жігіттер арасында жазылған ғашықтық сезімдерін білдіретін хаттардан, олардың таным-түсіні­гін, ой-өресін, тіл байлығын білеміз. Тіпті, ақындардың кейбір өлең-жырлары хат ретінде жазылған. Ал, әйгілі адамдардың бір-біріне жолдаған хаттарында ауызша айты­ла бермейтін көңіл сырларын ашып айтатын көрінеді. Осындай хаттарды оқып отырғанда әдеби шығармаларда, естеліктерде, баспасөзде жарияланған мақалаларда айту­ға болмайтындай құпиялы жәйттердің өзін, хат арқылы білдіретінін аңғару қиын емес. Осы тұрғыдан қарастырғанда хаттар дегені­міз, зерттеуге лайық өз алдына бір жанр (эпистолярлық) деп тұжырауға да болады. Бұлай дейтініміз жазысқан хаттары арқылы әйгілі адамдардың ішкі жан-дүниесін, болмыс-бітімін, оның нақты тұлғасын тереңірек білуге хаттардың көмегі зор болмақ. Өйткені, олардың айтылмаған сырлары, ашылмаған құпиясы хат жолдарында өрнектеліп, олардың адам ретінде қандай болғанын, шынайы мақсаты мен мүддесі, ойы мен арманы, күйініші мен сүйініші, өкініші, өмірге, саясатқа деген көзқарасы да бүкпесіз ақтарыла айтылады. Мұны ешқандай естеліктерде, әдеби шығармаларда, не болмаса мақалаларда қамтылмайтын, шынайы ақиқатты көрсететін нақты құжат деп тануға болады. Демек, хат дегеніміз, нақты шындықты бұлтартпай көрсететін құжат. Осы тұрғыдан қарастырсақ, хатты өз алдына жеке жанр (эпистолярлы) деп зерделегеніміз жөн болар. Белгілі қоғам қайраткері, Ілияс Омаровтың жазған хаттары мен оған жолдаған хаттарды оқығанда біз осындай тұжырымға тірелгендей болдық.
Жуықта «Раритет» баспасынан белгілі мемлекет қайраткері Ілияс Омаровтың архивте сақталып қалған хаттары «Ілияс Омаров: хаттар арқалаған сырлар» деген тақырыппен көлемді кітап болып басылып шықты. Ұлт ұлының есімі өткен ғасырдың екінші жарты­сында Қазақстан жұртшылығына кеңінен белгілі болған. Ол облыстық, республикалық басқару органдарында қызмет атқара жүріп, қазақтың рухани өміріне айтарлықтай ықпал еткен аса көрнекті қайраткер болғаны оның жеке тұлғалармен жазысқан хаттарынан айқын аңғарылады. Ол жазған мақалалар мен жасаған баяндамалар, сөйленген сөздер және ол туралы естеліктер оның қайраткерлік тұлғасын танытатыны сөзсіз. Солай болса да, осынау жинаққа енгізілген хаттарға зер салсақ, Ілияс Омаровтың аса биік парасаты мен білімдарлығы, замандастары арасында абырой-беделі өте зор болғанын, сонымен қатар, бойына ұлттық сезім берік орныққан, қандай жағдай болсын қазақтың ұлттық мүддесін қорғауды мақсат еткенін ұғынуға болады.
Жаңа жинақтың кіріспесінде оның «социалистік қоғамды қалыптастыру мұраттарына деген сенімі берік» болған дегендей баға берілген екен. Шын мәнінде, оның мұндай көзқарасы тек сөз жүзінде айтылып, сырттай қарағанда ғана осылай екені хаттардан анық байқалады. Социалистік қоғамға қызмет еткеннен кейін, оның мүддесін қорғауы міндеті болатыны айтпасақ та түсінікті. Алайда, ол социалистік қоғамға қызмет ете жүріп өзінің халқының мүддесін қорғауды өмірінің басты мәні деп білгені осынау хаттардан көрініс беріп отырады. Сырттай компартияның саясатын мадақтай сөйлегенімен, оның ақыл-қайраты, білімі өзінің халқын, тілі мен дінін, салт-санасын жоюға бағытталған тоталитарлық-большевиктік езгіден қазақ халқын құтқарып қалудың амал-айласын қарастырумен өмір кешкенін хаттардан ұғынуға болады. 1930 жылдарда «Алаш» арыстары қазақтың ұлттық мүддесін ашық, жариялы түрде қорғап күрес жүргізсе, олар жаппай атылған соң, мұндай амалды қолдану мүлдем мүмкін болмағаны айтпасақ та түсінікті. Сондықтан да, қазақтың ұлттық мүддесін қорғаудың өзгеше жолын табу қажет болған. Мұны, Ілияс Омаровқа жазған хаттардан, жауаптардан айқын аңғарғандай болдық.
Кітаптағы хаттардың мазмұны мен мәніне қарай сараптасақ, бірнеше топқа бөлуге болады. Мұнда Ілияс Омаровқа жазылған хаттардан, қатардағы қарапайым азаматтардан бастап, Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезовке дейін әйгілі қайраткерлердің ой толғамдары, Ілияс Омаровтың дарын қабілетіне баға беруі, оны не себептен құрмет тұтуы жөнінде көптеген мағлұматтарға қанық болдық. Сондай-ақ, Ілияс Омаровтың әйгілі өнер және мәдениет қайраткерлеріне жазған хаттарынан да, оның ақыл-парасаты, білімі мен білігі, дарын қуаты қандай болғанын ұғыну қиын емес. Жаңбыр-жаңбырдың арасымен жүргендей болып, сөз арасында немесе сөз астарында қазақтың ұлттық мүддесін қорғау мәселесі үнемі қозғалып отырады. Әрине, сол кезеңдегі тоталитарлық режимнің қанды шеңгеліне ілініп кетпеу үшін ұлт мәселесі жөнінде әр сөзді сақтықпен қолданған. Оған жазылған хаттардан, сол кезеңде Ілияс Омаровтың қазақ халқының ең басты қорғаушыларының бірі болғаны, қазақтың өнері мен мәдениетінің, әдебиетінің дамуына жөн-жоба көрсететіндей кемеңгерлігі де аңғарылады. Одан ақыл-кеңес сұраған немесе іс-әрекетіне пайдалы болу үшін ой саларлық хаттар да аз жазылмапты. Мәселен, белгілі тарихшы Бекмахановтың ұстазы әрі жанашыр қорғаушысы, әйгілі тарихшы, қазақ тарихын зерттеуші А.М. Панкратова 1949 жылы 14 ақпанда Ілияс Омаровқа жазған хатында саясатты да, оны өнер мен мәдениетті де, тарихты да қазақ зиялыларының ішінде терең түсінетін әрі қазақтың ұлттық мүддесін қорғауға шынайы берілген күрескер деп танып, оған қазақ тарихын ұлты қазақ емес мамандар жазғандықтан көптеген олқылықтар кетіп жатқанын, сол кезеңде қазақтың өркениетін жоққа шығаруға тырысатын саясат белең алғанын қынжыла баяндаған. А. М. Панкратова хатын аудармай,түп-нұсқа күйінде, ол І. Омаровқа:
«Я послала отредактированные мной последние главы «Истории Казахской ССР» и письма Вам и тов. Покровскому с моими соображениями. Андрей Павлович Кучкин подписал свою главу, но прислал мне записку, что я оказалась более придирчивой в отношении к его главе, чем казахские то­варищи. На полях своей главы он от­метил некоторые расхождения и просил вос­становить в некоторых случаях его текст. Я послала эту его главу с замечаниями на полях на Ваше усмотрение.
Прошу Вас обязательно обратить внимание на пометки А.П. Кучкина.
Читали ли Вы в № 5 журнала «Вопросы истории» рецензию тов. Кима? Несмотря на то, что он начинает и кончает рецензию с похвал, все жс в ней содержится целый ряд критических замечаний, с которыми я не могу согласиться. Его рецензия свидетельствует, что среди ряда историков существует непременное стремление ухудшить историю казахского народа, вопреки действительной исторической правде. Я совершенно не понимаю, почему грузинские цари или узбекские ханы могут считаться при аналогичных исторических условиях прогрессивными деятелями, а казахи должны чернить Аблая или Кенесары Касымова? Я ни в коем случае не могу стать на антиисторический путь оценки этих виднейших деятелей казахской истории, тем более, что наши критики не подтверждают своих выводов решительно никакими документами и историческими фактами. Вообще вся рецензия на меня произвела странное впечатление противоречивости и двойственности» деп ой толғайды.
Панкратова хатының соңында, тіпті, өзіңіздің жауабыңызды ауызша айтсаңыз да болады дегендей тілегін де білдіріпті. «Мне очень интересно Ваше мнение. Если будет возможность, черкните мне письменно или передайте устно с кем-нибудь из товарищей» (34-35 беттер) – деп нақты жазыпты. Бұл кезеңде қағазға түскен жазуды былай қойып, ауыздан шыққан сөзді аңдитын Сталиндік тәртіптің асқынған кезеңі болғандықтан Ілияс Омаров Панкратоваға да ара түсуі мүмкін емес екенін түсіну қиын емес. Бұл әйгілі тарихшы Бекмахановтан бастап, қазақтың көрнекті зиялылары жаппай сотталып, қуғындалған кезең емес пе. Соның салдарынан, қазақ тарихы өз мәнінде зерттелмей, жазылмай жатқанын сергек ойлы қазақ зиялылары білсе де іштей тынып, бұғып қала бергені белгілі. Мұндайда, Ілияс Омаровтың да қынжылыстан басқа амалы болмағанын 1955 жылы 10 ақпанда Бауыржан Момышұлына жазған хатында сөз арасында былай деп білдіріп өтіпті: «К большому сожалению, наши историки очень часто летают в облаках, демагогически повторяют всем известные истины и никак не хотят спуститься в низину трудового процесса, где кипит настоящая жизнь (89 бет).
Жалпы, Кеңес одағы тарихында 1937 жылдардан кейін «ұлтшылдық» деген айыппен екі рет қуғындау науқаны жүргізілген екен. Оның біріншісі, Бекмахановтың қазақ тарихына, оның ішінде Кенесары ханға байланысты «тазалау» жүргізген болса, 1970-ші жылдары Украинаның бірінші басшысы «Шелесті кадр таңдауда «ұлтшылдыққа жол берді» деген сылтаумен жүргізілген науқан болды. Сондықтан да, қазақтың ұлттық мүддесін қорғаушылар үшін өздерінің іс-әрекеттерін аса сақтықпен жүргізуге тиісті болғаны Ілияс Омаровқа жазылған хаттардан да аңғаруға болады.
Мәлік Ғабдуллинге 1953 жылғы 2 мамырда жазған хатында Ілияс Омаров, асыра сілтеу саясатымен тыйым салыну қаупіне ұшыраған «Ерсайын», «Едіге» туралы эпостарды болашақ ұрпақтың игілігіне айналдыру жолында күрес жүргізу жөнінде ақыл-кеңесін аса сақтықпен айтады. «Біз сияқты халықтарға да фольклор үлкен мұра, бірақ оны біз бір жағынан бағалай отырып, екінші жағынан оны ас­панға шығарудан сақ болуымыз керек, дәл болса біздің әдебиетімізден әлі фольклористика кетіп болған жоқ, ол қазіргі заманда бәлендей жақсылық емес, екіншіден фольклор өзіне тән өткенді өркеңдеңкіреп көрсетіп, дәріптеушілік туғызуы мүмкін.
Сол себепті әрбір эпостың артынан ере тұру керек. Екінші жағынан мұраның бәрі мұра деп кеудесіне нан пісіп жүретін жалған ұлтсүйгіштер болатын. Олар қазақтан басқа ел жоқтай қазақшалап айтқанда даңкөтендікке салынып, көрінген нәрсеге «во» деп оң бармағын шоқтыратып жүретін таусоғарлар. Әрине, бұларға тыйым салу керек. Біздің халқымыздың тарихта «скромный» ғана орны бар, кеуде кермей, мақтанбай ғана көрсетсек, біз тарих алдында кінәлі болмаймыз» (73-74 беттер).
Кітапта қамтылған жүздеген хаттарды сараптасақ Ілияс Омаров әсіресе, Бауыржан Момышұлымен жиі хат жазысқанын көреміз. Бауыржан Момышұлының бүкіл қазақ зиялылары арасынан ең жақын тартып сырласатын адамы Ілияс Омаров болғаны, олардың арасында жазылған хаттардан айқын байқалады. Бауыржан үшін Ілияс әрі сырлас-мұңдас дос, әрі ақылшы ұстаз, әрі оның өміріне де, шығармашылығына да бағыт-бағдар сілтейтін тәлімгер болыпты. Бауыржан әскерде жүргенде-ақ, шығармашылықпен айналыса бастаған кезден бастап, кейінгі шығармаларына дейін Ілияспен ақылдасып, әр туындысын қалай жазатыны, жазылған шығармалары жөнінде пікірін сұрап отырған екен. Ал, Ілияс болса Бауыржанды шалыс басудан, қызбалыққа түсуден сақтандырып, оның қазақ халқы үшін қандай тұлға болатынына дейін ескертіп, ұғындырып отырыпты. Мәселен, ол, 1955 жылы 10 ақпанда жазған хатында былай деп нақты көрсетеді: «Во-первых, твое место в нашей истории предопределено тем, что ты – наш национальный герой. Весьма вероятно, что найдутся охотники оспорить это утверждение, но есть два судьи, которые, в конце концов, присудят тебе это звание. Я имею в виду историю и народ. Я сам признаю и преклоняюсь перед единственным богом, имя которому – народ. Этот бог уж никем не созданный и никем не выдуманный, поэтому он непогрешим в своей оценке.
Во-вторых, ты не просто герой, а мыслящий человек. Следовательно, ты не можешь быть простым летописцем, а должен определять свое отношение к вещам, событиям в жизни народа» (85 бет). Енді, тағы бір хатында, яғни, Ілияс Омаров 1968 жылы Бауыржан Момышұлына жазған бір хатында: «В своей старой книге я хотел аргументировать две истины. Во-первых, признать тебя писателем, то есть признать такой неоспоримый факт. Это было важно, ибо обязывало бы тебя чувствовать большую ответственность. Во-вторых, я хотел опровергнуть утвердившееся за тобой клеймо националиста. Я искал в твоих трудах, в твоей деятельности следы этого эпитета, сделавшего тебя «кубыжыком» для многих слишком подозрительных людей. Я, по крайней мере, не нашел ничего этого. Может быть, я ослеп. За это не ручаюсь.
Я ничуть не сожалею, что казах, но мучительно больно переживаю множество пороков своих сородичей. Может быть, наложенных временем и обстоятельствами, а также обусловленных историческим развитием. Конечно, если использовать правильно, руками казахов можно сделать многое, можно их вести на любые ратные дела. Но стоит только их направить друг на друга, тогда можно провалить любое дело, клевать глаза друг у друга.
К сожалению, наиболее умные казахи слишком скромны, а наиболее глупые слишком нахальны и бессовестны. То что говорят вторые в силу своей нахальности и бессовестности, первые не могут опровергнуть в силу своей скромности.
Вот и ищут в Казахстане то, чего нет, – национализм. Если пустить по ветру наших недальновидных сородичей, то они если и не поймут, но создадут национализм. Будь в этом уверен! Этим людям нужен капитализм. Они могут продать родного отца. Нет более интернациональной среды, чем у нас. Национальный фашизм у нас так и не утвердился, как в других местах (Прибалтика, Средняя Азия) ввиду слабого развития капитализма, слабой приверженности к религии и большого общения с другими народами (русскими, украинскими крестьянами переселенцами). Нам не везло на руководство. Впервые в руководстве у нас член Президиума ЦК Б. Беляев. Мы радовались и радуемся этому и тому, что он, на наш взгляд, – человек русской натуры, с практическим опытом, с нужным кругозором. Так что, если и будут нежелательные вещи, они всецело будут результатом ложной информации и делом рук, в первую очередь, наших сородичей, близко соприкасающихся с фронтом и идеологией. На этом щепетильном участке должны сидеть сугубо объективные люди с холодным умом. Недоноскам там не место. Иногда сама жизнь преподносит противоречие между человеком и должностью.
Должность большая, а человек маленький, с мелкими расчетами и страстишками. Девиз такого человека – «как бы удержаться», причем то, за что он держится, дорого обходится людям.
Правда, у нас есть ограниченность, у некоторых ум работает в обратном направлении. Даже наши уважаемые писатели привезли своих жен на декаду в нарочито феодальном одеянии. Разве в этом заключается национальный характер? Чепуха все это. Нам надо в быту делать буквально революцию, чтобы не выглядывало оттуда свинство под покровом национальных черт. Надо глубже и шире смотреть на эти вещи: на жизнь, на перспективу. Тут нужна Петровская рука.
К сожалению, нельзя делать большие дела маленькими руками. Когда широта и долгота мысли ограничены, кругом неуклюже построенные здания, и ум их обитателей питается коридорными сплетнями, тут, конечно, далеко не уедешь, а время и дела требуют людей моторных, отчаянных.
Ну, хватит горевать об этом! Народ никогда не был бесплодным, отыщутся еще деятельные люди» (409-410 беттер) – деп жазады. Міне, көрсетілген хаттағы Бауыржан «ұлтшылдығы» туралы Ілияс Омаровтың ойлары, сол кездегі зиялы қауымдардың ұлт мәселесіне келгендегі ойларын мақала етіп жазбаса да, эпистолярлық жанр саналатын хат түрінде айтуларының өзі көп жайды аң­ғартады. Жалпы, Бауыржанның көбінесе, ұлт мәселесінде қызбалыққа салынуына кейбір зиялылардың асыра сілтеу көзқарастары түрткі болғанын жұртшылық жақсы білсе керек. Кейбір қазақ зиялылары, сол кезеңдегі саясатты тура мағынасында бұлжытпай ұстанғандықтан да, сергек ойлы азаматтардың нақақтан зәбір шеккен оқиғаларды да жасыруға болмас. Бұл ретте қатардағы қаламгерлерден бастап, ұлы жазушымыз Сәбит Мұқановқа дейін ұшқары көзқарас танытқан оқиғалар болғаны да шындық. Мұндай жәйт Бауыржанды да талай қынжылысқа түсірген болса керек. Мәселен, ол 1967 жылы Омаровқа жазған хатында, ұлы жазушы Сәбит Мұқановқа деген ренішін былай баян етіпті: «Мұхтар мен Ғабиттен еш нәрсе шығара алмағаннан кейін, енді мені біраз ермек еткісі келген болуы керек. Тексеріп жатқан сенің приемнигің дейді.
Мен үріккен танадай сыртқа қашып жүрместен, барлық жақсылық-жаманшылықты елге барып көрейін деген принциппен барлық қызметтерімді – творческ[ий] тоқтатып, келесі аптада Алматыға аттанбақпын.
Шынымды айтсам, орынсыз жерде етегімнен алып, қызметтеріме кедергі болғандарына өте ренжіп отырмын. Амал қанша – барайын, көзбе-көз отырып тілдесейін.
Демек, мен опальный қазах болмақпын» (390 бет). Әрине, мұндай реніштерге басу айтып, ақыл қосып отырғандардың бірі Ілияс Омаров. Б.Момышұлы кейін Сәбит Мұқановпен тіл табысқаны, оны құрмет тұтқаны белгілі. Бауыржан, тіпті, Ілияспен өзінің жеке басының, тірлік тұрмысының түйткілдеріне дейін бүкпесіз айтып сырласып отырған. Мәселен, 1966 жылы 3 тамыз күні жазған хатында, Момышұлы жұртшылыққа беймәлім өзінің ішкі құпиясын былай деп білдіріпті:
«Менің Елена Бауыржановна дейтін цыған қызым маған жазған хатында былай деді:
«Папа. Мы отдыхаем на берегу Балтийского моря, здесь очень тихо. Нет знакомых. Здесь скучно. Вас нет, знакомых нет, и скучно – значит, можно отдохнуть». Ха, ха! У меня появились знакомые, мне нескучно. Значит, что? Надо немедленно убираться отсюда» (361 бет).
Жалпы, Ілияс Омаровқа сырын бүкпесіз айтып, ақыл сұраған немесе шығармашылығын оқып баға беруін өтінген қазақтың ақын, жазушылары мен өнер адамдары аз болмапты. Қасым Аманжоловтан бастап, Хамза Абдуллинге дейін, Әбдіжәміл Нұрпейісовтен бастап Сырбай Мәуленовке дейін қазақ қаламгерлері мен өнер адамдары арасындағы жазылған хаттардың мазмұнына үңілсек, олардың бәріне де Ілияс ең бірінші ақылшысы, сыншысы, әрі қамқоры болғанын ұғынамыз. Мәселен, Ілияс Омаровтың Жұбан Молдағалиевке жазған хатында оның өлеңдері мен поэмаларын оқып, жоғары бағалағанын әңгімелей келе сөз арасында «Мен қазақпын» поэмасын қолжазбасынан оқығанын да айтып өтіпті. Сірә, Жұбан Молдағалиев бұл дастанды ұлтшылдық дегендей жала жабылады-ау деген күдікпен әуелі Ілиясқа оқытқан. Ал, Ілияс өз кезегінде мұндай жаланың орынсыз болатынын айтып, бұл шығарманы батыл түрде жариялау қажеттігін түсіндірген болса керек. Тағы бір мысал, 1959 жылы 20 маусымда Хамза Абдуллин Ілияс Омаровқа жазған хатында: «Ілияс аға! Сізге тағы бір айтайын деген жаңалық мынау: Біз Бектұров екеуміз осы қаладағы Абылайдың Ақ үйіне бардық. Бір подполковникті жанымызға алып, асты-үстін түгел араладық. Подполковник: «Үстінен тағы бір қабат саламыз ба деген ойымыз бар» – деген пікірді айтты. «Біздің тарихи ескерткіш, пәлен-түген!» деп әзерге кедер болдық. Бірақ, олардың жоспарында болса, біздің сөздеріміз шыбынның ызынымен бірдей емес пе» – дей келіп хат иесі Абдуллин: «Менің енді сізден сұрайтыным – біз қазақ халқы өзімізді-өзіміз бейшарашылыққа ұрындыра бермейік. Қандай болмасын, тарихи ескерткішті сақтаудан абырой мен атақтан басқа келетін зиян жоқ. Сол үшін Сіз сол жақтағы үлкен адамдарға (Тәшеновке, Сәтбаевқа, Мұқанов Сәбитке, Мұхтарға) айтып, осы үйдің үстіне қабат салдырмаудың, содан соң ол үйден әскерлерді шығарып, мүлдем тарихи музейге айналдырудың шараларын қарастырсаңыздар. Тіпті, музей етуді қазір жағдай көтермейтін болса, бұзудан сақтау тіпті керек сияқты» дейді де, одан әрі хатты «Үшінші бір жаңалық. Омбы облысының Называевка ауданында 1932 жылдары көшіп келген 200 үйдей қазақтар бар екен, бәрі өздерінің туған жеріне – Ақмола мен Қызылтуға (Көкшетау облысы) көшіп жатыр. Сондай-ақ, Тюмень облысындағы қазақтар да аздап көшіп жатыр» – деп жалғастырады. Енді бірде, сол хатта Абдуллин: «Өзіміздің тарихымызға, өзіміздің ертеден қалған тамаша асыл мұраларымызға, надандық, ынжықтық тұрғыдан қарау – тым ұят-ақ еді. Енді өзіміздің көне мәдениеті күшті орыс, украин, өзбек сияқты көрші елдерге ұқсап, көмулі қалған асылдарымызды қайтадан қазуға кірісе бастағанымызға қай қазақтың баласы риза болмас, қуанбас дейсіз. Дәл осы кезеңде Мағжан туралы да сөз қозғалса өте дұрыс болған болар еді» дей келіп: «Бұл мәселені талқылағанда Мағжанның көптеген лирикалық және асқақ өлеңдеріне де, бұрынғыдай теріс баға емес, дұрыс баға беру керек. Мысалы, кейбір сыншылар Мағжанның «Айыр сақал көк теке» деген өлеңіне де түсінбеушілік көзбен қарайды. Шынында, ол өлең Омбы қаласында тұрушы үш жүз партиясының көсемі Мағжанды түрмеге салған Әйтпеков Мұқан дейтін кісіге қарсы жазылған. Осындай өлеңдер онда өте көп» – дейді. Міне, осы хаттың өзінен-ақ сол кездегі ұлтын сүйген адамдардың Ілияс Омаров ұлтжандылығына ерекше ден қойып, оған барынша сенгендігін байқатады емес пе. Осылай, ол қазақтың көптеген ақын-жазушыларына рух беріп, өнер адамдарын қанаттандырып отырғаны хаттардан айқын байқалады. Тіпті, Дина Нұрпейісова, Омар Шипин секілді қарттардан бастап, Евгений Брусиловский, Н.Ановқа дейін олардың қазақтың әдебиеті мен өнерінде көрнекті орын алатынын көрсетіп, ұғындырып, қанаттандырып, тіпті, тұрмыстық қажеттеріне дейін қамқор болып отырғаны, олардың Ілиясқа жазған ризашылық хаттарында нақты баяндалыпты.
Кезінде Әнуар Әлімжановты қазаққа да, бүкіл одаққа да аса талантты қаламгер деп таныстырып дәлелдеген Ілияс Омаров екенін қазіргі ұрпақ біле бермесе керек. Әнуар Әлімжановтың «Көгілдір таулар» повесін Ілияс Омаровтың жан-жақты сараптап талдауының өзіндік мәні бар. Осы шығарма арқылы қазақтың өркениеті көне Отырар қаласында қалай гүлденгенін шығарманы талдау арқылы құлшына баяндаған. Мұнда қазақ халқы жабайы емес, терең тарихы бар, мәдениеті ежелден қалыптасқанын ұғындырып, ұлттың рухын ояту, қазақтың дұшпандарына қарсы тұра білудің жолын нұсқау Ілиястың мақсаты болғанға ұқсайды. Осындай көзқарасты ұстану жөнінде, ол тіпті Мұхтар Әуезовке дейін құлаққағыс етіп отырыпты. Мәселен, 1955 жылы М.Әуезовке жазған хатында мұны нақты былай деп көрсетіпті: «В свете великих событий последнего времени канули в вечность унизительные клички «азиатщина», «ленивый восток» вместе с проклятым колониализмом. Ведь мы – тоже азиаты, но какие! Не следовало ли Вам, ведущим деятелям, громко поднять голос в унисон с историческими событиями.
Почему бы Вам не взяться за это большое дело. Ведь мы имеем веское право бросить огонь мира и дружбы в сердца людей всех материков земли. Ведь как нужен народам умный спокойный голос в нынешнее неспокойное время, когда перо, управляемое гуманным умом, действует сильнее, чем пушка, управляемая разбойничьей рукой. Ведь человечество выстрадало ценою жертв десятков поколений веское право высказать нежелание воевать» (101 бет).
Ал, Әуезовтың Ілияс Омаровтың әдебиет жөніндегі таным-түсінігін, сараптауын, ой-толғамын аса жоғары бағалағаны белгілі. М.Әуезов болса оған:
«…Сенің еңбегіңді оқып шыққаннан кейін айрықша бір түйген жайым: шынайы «адамша сөздің» басын сонда Ғабит бастаса, міне, бүгіндер содан арғы өнеге бойын, шарықтауын, нәрлі өрлеу сыйпатын сенің еңбегің аяқтап тұр деп айта аламын» (154 бет).
«…Сенің еңбегіңдегі аса бір еңсесі биік қадірлі талап осы жолдағы қамқорлық ойда. Роман жөніндегі алғашқы айтқан, ең алғаш іріктеп алған ойларыңда қазақ әдебиеті, қазақтың бүгінгі қауымы, оқушы сыншы жүрты жай өсу ғана емес, шынайы барынша бар сынға жауап ұрардай: олқысыз, ақаусыз үлкен өнері бар орталар болса екен дейсің. Бұл соншалық адал, зор жүректің ақ ниеті. Әр жүректің түбінде жататын шынның шыны, арманның асылы. Соны айтуға бекінген сәтінде еш нәрсені (көлденең, күйбең, кейбір күйкі жайларды) елемей, аса биік тұрғыға шығып тұрып үн қатқансың» (156 бет) – деп жазыпты.
Жалпы, Ілияс Омаровқа сол кезеңдегі республика зиялыларының бәрі де құрметпен қарауы бекер емес. Орыстың әйгілі әдебиет, өнер қайраткерлерімен жазысқан хаттарынан І.Омаровтың білімдарлығын мойындап, құрметтегенін аңғарамыз. І.Омаров, тіпті, сол кезеңдегі КСРО басшысы Н.С.Хрущевке арнайы хат жолдап, экономика мәселесімен бірге бала тәрбиесі, оқу-білім туралы ұсыныс жасағанда оның дені қолдау тапқан. Мәселен, ұлы педагог А.Макаренко еңбегін мектеп ісінде қолдану ұсынылған еді. Сөйтіп, осы кезде Макаренко шығармашылығы кеңінен насихатталғаны І.Омаровтың ұсынысының нәтижесі екенін білдік.
І.Омаровтың өз басынан халқының мүддесін жоғары қоюды өзіне де, өзгеге де өнеге етуден жаңылмаған аса парасатты, әрі аса білімдар тұлға болғаны жөнінде естеліктер аз жазылған жоқ. Мұны, осы кітаптағы хаттардан да нақты білуге болады. Жалпы, Ілияс Омаров қазақ ұлтын жойылып кетуден сақтаудың ең оңтайлы амалы, ең күшті қаруы қазақтың әдебиеті мен өнерін дамыту, қазақ ұлтына шынайы берілген патриоттардан кадрлар даярлап өсіріп шығару деп түсінген. Республика басшысы Д.А.Қонаевқа жазған хатында: кадрларды іріктеу мен өсіру дұрыс бағытта келе жатқаны жөнінде пікірін білдіре отырып, солардың арқасында әдебиетіміз бен өнеріміз, мәдениетіміз гүлденетінін қадап айтыпты. Сөйтіп, кадрларды қазақтың ділі мен тілін ұлттық мәдениетін жақсы білетін қазақтардан іріктеу жөніндегі ойлары да қолдау тапқанын аңғаруға болады. Сөйтіп, сол кезеңде әрі білікті, әрі патриот кадрлардың арқасында тіліміз бен діліміз өшпесе, ұлттық мәдениетіміз гүлденсе онда қазақ деген халық мәңгі жасай бермек деген сенімді ол берік ұстанған және осы жолда күрес жүргізуді өзінің өмірінің мәні, азаматтық парызы деп біліпті. Тіпті, қайтыс болардан бірнеше күн бұрын ғана 1970 жылы 16 шілдеде «Қоштасу хат!» деп достарына арнап жазған хатында ол өз басының немесе отбасының, дос-жарандарының мүддесін емес ақтық сөзін осы мәселеге арнапты. «Қоштасу хаты» оның кейінгі ұрпаққа, қазақ зиялыларына айтып кеткен өсиеті деуге де лайық. Сондықтан да, аталған хатты толық жарияласақ І.Омаровтың тұлғасы шын мәнінде қандай болғанын нақты білеміз.
Қоштасу хат
Қадірлі достар!
Мен осы сәтте осынау ақтық сөзімді өз қолыммен қағазға түсіре алмай, ауыр дерт жерге жаншып, талпына-талпына талықсып, амалсыздан, басымда отырған балама айтып жаздырып жатырмын.
Халім ауыр. Ажалмен бір адамдай-ақ алысып ем, ол енді жеңіп барады. Қол жетер жерде менің кішкене сағатым жатыр. Адам өміріндегі аяулы уақыттың адал таразысы – осы сағат қой. Бірақ, менің сағатым тым шапшаң соғып, соңғы сәттерімді тым жеделдетіп келе жатқан секілді. Сіздермен қоштасар кезім таянды…
Басымда айтылмаған ойларым бар еді. Олардың бәрі – өз қолыммен, өз басыммен орындай алмай кетіп бара жатқан – ел, халық алдындағы азаматтық, перзенттік парызым.
Оның ең бастысы – туған халқымның мәдени өрісі, өскелең жолы және оның ғасырлар сақтаған аса бай мұрасын байланыстыра зерттеу еді. Мен бұл салада көп уақыт әрекет, қызмет еткенімді еске алғаныммен, ол істердің атқарылуға тиістісінен әлдеқайда аз болғанына өкінемін. Ойлап жатсам, осы бір дарқан да шалқар мол байлығымызды зерттеп, түйіндеп түсіндіруде, жеткізе баяндауда едәуір олқы соғып жатқан, шіркін, осылай болса игі еді ғой деген тілек, арман көңілде қала беретін.
Халық мұрасы дегенім – әсіресе, сан дәуір, замандар көшінде өзінің қайталанбас, тозбас, өшпес қасиетімен бізге дейін жасап келген ән, күй, музыка мұрасы, дастандар, жырлар түйдегі. Бұлар – менің көзіме де, көңіл сарайыма да халқымның аса мықты тұлғасы, сын, сипаты болып елестейді. Осыларды жаңғырта, жаңарта, осы өз дәуіріміздің қажет-мұқтажына, қызметіне бар бояу, кестесімен жеткізе жарату міндеті алдымызда тұра береді. Өйту үшін бізде қазір қаншама мүмкіндіктер бар. Соларды пайдалану, пайдалануды ұйымдастыру – қандай ғанибет жұмыс, қандай абыройлы іс дер ем! Бұл менің өтеп жеткізе алмаған, бірақ, өзге азаматтар жеткізеді деген үлкен парыз екенін тағы да айтып жатырмын. Шынында, ойлаңыздаршы, біздің осы қазынамызды дүние көлемінде қай өнерпаз халықпен болса да жарыстыра, жарқырата көрсетсе, біздің бай тарихымыз, арғы-бергі өтіп келген жолымыз аян да анық болмас па еді? Сонда ғана барып, аса бай көне мұра мен жаңа өнердің құшақтаса қабысып, ұласа өркендегенін көрер едік. Сонда ғана біздің түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениеттің қаншалықты тарихқа, негізге сәйкес даму процесін анықтаған болар едік. Бұл екеуін бөліп зерттеумен мәдениет тарихы, ол туралы толық ғылыми еңбек жасалмаса керек. Менің арманым, парызым дегенім осы жұмысқа өз халімше кірісе бастау, бастап берушілердің бірі болу еді. Оған қайран болмай барады…
Келешек – жастардікі ғой. Әңгіме сол жастарға бар қазынаның қадірін жеткізіп, ел алдындағы борышқа баулып өсіруде. Ішкенге мәз, жегенге тоқ ұрпақ болмасын! Ұрпақ та, оның талантты өкілдері де үзілген емес. «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» деген дұрыс. Соларды кезінде танып, қамқор болып әкедей жан ықылас арнап, баулып отыруда.
Сайып келгенде, жастарға үлкен үміт артумен бірге үлкен ағалық қызмет жасалуы керек дер едім. Ал, бар үміт, арманның өзі осындай жоғары идеядан, зор талап, мақсаттан тумақ қой. Сол идеяны, ел сүйгіштік, отан­шылдық ойды сіңірген адам ғана биік жауапкершілікке ие болмақ. Жауапкершілік неғұрлым шын терең оймен, ақыл, парасатпен игерілгенде ғана, халық алдындағы парыз өтелмек. Бұл – нағыз азаматтың ерлік жолы болмақ.
Ғазиз бауырларым, үзеңгілес серік-дос­тарым, жақын туыс, замандастарым, бар­шаңызға ақтық рет ой көзіммен, көңіл құсыммен бір қауышып, келмес, көрмес сапарға жол арнадым…
Қош, қимасым, қызғышымдай болған есіл ел, еркін тірлік, рақат еңбек, аяулы азаматтар!
І.Омаров
(466-468 беттер).

Мұндай хаттардың бәрі де ақиқаттың нағыз айғағы емес пе. І.Омаровтың бұл өсиетін орындауға қазір даңғыл жол ашылғаны айтпасақ та түсінікті. Бір қынжыларлығы, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жатжұрттықтардың, әсіресе, Батыс пен Американың азғындаған мәдени экспанциясының шабуылына ұшырағандықтан қазақ қоғамында кемеңгер Абайдан бастап, қайраткер І.Омаровқа дейінгі ұлыларымыздың өсиетін орындауда қателіктер де, кемшіліктер де үдей түскені жасырын емес. Қазақ қоғамында қазақтың ұлттық құндылықтарынан безініп, жатжұрттықтар үрдісін өнеге ету, өршуі салдарынан қазақ жастарын азғындауға бастаған ағымдар әдебиет пен өнерде, мәдениетте бел ала түскенін жасыруға болмайды. Мұндай келеңсіздікке қарсы күресте І.Омаровтың да өмірі мен еңбегін насихаттаудың маңызы зор екенін осы кітаптың беттерін оқып, зерделегенде айқын пайымдағандай болдық.

Алдыңғы «
Келесі »