САУРАНБАЙ БОЛЫСТЫ КІМ АТТЫ?

  • 26.11.2019
  • 54 рет оқылды
  • 0

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
өлкетанушы, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері,
Қызылорданың құрметті азаматы

Сыр сүлейлерінің жырларында есімі құрметпен аталатын Сауранбай кім болған, ол туралы не білеміз? Сауранбай туралы Қаңлы Жүсіп өзінің Кете Жүсіппен айтысында:
…Сауранбай, Бейсембай, мен һәм Медетбай,
Олар бір халық ішінде қадірлі адам», деп жырға қосқан.
«Сыр еліндегі Жалайырлар бұл өңірге қалай, қашан келген?» деген сұрақтар да айтылуы мүмкін. Жалпы, зерттеушілердің жазуынша Жоңғар қалмақтарынан ығысып келгендігін жазады. Бұл хақында ел ауызында мына бір өлең сақталыпты.
…Сырдарияның бойынан,
Қазалының ойынан,
Халқын түгел жинаған.
Қараталдың бойына
Текелінің ойына
Қоныстанып тойлаған, – деп Жалайыр-лардың басым көпшілігі Сыр бойынан Жетісу жеріне қоныстанғанын хабардар етеді.
Қаблиса ақын, Ескелді билер Сыр бойындағы елді үгіттеп Жетісу өлкесіне шамамен 1767 жылы көшіріпті. Бұл оқиғаны Қалқа Жапсарбаевтың дастанында көрініс берген. Демек, Жалайырлар Сыр елінің байырғы тұрғындары. 11 мамыр 1910 жылғы Перовск уезінің архивтегі құжатта; Қараөзек болысында үлкен орданың адамдары тұратынын, бұл жерге бабаларының бүгінде 9-10-шы буындарының тұрып жатқанын жазған. Осында өздерінің Кіші Орданың қазақтарымен қыз беріп, қыз алысқанын, мал бағумен бірге егіншілік кәсіппен айналысатынын, болыстарының Жалайырдан екенін жазып, болыстықта 50 үй, кейде 80 үй болып отыратындарын да айта кеткен. Сол, архивтік құжаттағы Жалайыр руының Сиыршы аталығынан Сауранбай Құлманов болатын.
Сырдағы Жалайырлар Жетісулық бауырларымен жиі болмаса да араласып тұрыпты. Мұнда ел басқарып басшы болған Ителіс Абулғазиев, Байғазы Қарабасов, Оразбай Бесбармақовтың есімдері 1866-1868 жылдардағы құжаттарда және Жалайырлардың түтін саны, жазғы қоныстарында аталып өткен. Тікелей Сауранбайдың ата-тек шежіресіне келсек; Былайша тарқалады:
Сиыршының Сырымбет аталығынан – Жанат, Тілеу, Құтыке, Қызеке. Тілеуден – Тасым – одан Жанкісі, Ақкісі, Байкісі тарайды. Құтыкеден – Өтесейіт, Байтық – одан Қабыл, Ақжігіт, Ырысберген, Өмірзақ туған. Өмірзақтан – Құлман, Елікбай, Кіндікбай тараған. Құлманнан – Нөке (Дәке), Әйке, Сауранбай. Елікбайдан – Тұрғанбай – одан Қасым, Досым, Баймахан туады. Баймаханнан – белгілі дәрігер Камал өсіп-өнген.
Сауранбайдың арғы тегі туралы атақты Дүроңғар (1859-1902 жж.) ақын былайша жырлапты:
…Атаңыз батыр өткен Өмірзақ,
Қайратпен ол да жауын қайырыпты.
Батырлық, байлық, билік бір өзіңде.
Елікбай аталарың, батыр Құлман, – демекші, Сауранбайдың арғы атасы елге белгілі адамдар болғанын аңғарамыз. Дүроңғар ақын жырға қосқандай, Сауранбайдың бабаларының ағайын-туыстары айтып жүргендей кедей болмағанын архив құжаттары нақтылай түседі. 1853 жылғы Ақмешітке орыс әскерлерінің шабуылынан өз күнделігіне түсірген тілмаш Искендір (Ескендір) Батыршиннің жазбасында:
…Осында Бірқазан, Батбақ өткел, Ақмешіт маңында арғын биі Достаберген, Жаппастың қалқаман бөлімінің биі Мамасейіт Бөрібаев, қыпшақ Айдынбай Естаев, т.б. көшіп жүргендерін жаза отырып, 1853 жылдың 25 шілдесінде барақ салуға 100 жұмысшының қатысқанын айтады. «…Известнейшие из них – Хусейн ходжа, Айман ходжы, Ихлас-Ходжа, Сойдак-Ходжа. Кроме того являлся к нам отряд бий Большой орды джалаиров рода Кулман Умирзаков и потом перековая на эту строну протока Бир-Казан. Сагазы с 50 кибитками». Архивте Қ.Өмірзақовтың басқа да қазақ билерімен бірге орыс әскеріне көмектескенін жазған. «…Все это подтвердил к приехавший – к султану Илекею сего 20 июля бий Большой орды джалайров рода Кулман Умирзаков» – деп тағы да жазады.
Жырау Дүроңғардың өлеңі мен архив құжаттарындағы И.Батыршинның естелік-күнделігінде Ақмешіттің алынуы жайлы жазбалары: РГиА. 1021 қорының 1 тізбесінің 102 ісінде көрініс береді және бұл Орталық архивтің 2012 жылы шығарған «История Казахстана в документах и материалах» кітапта да бар.
Перовскі уезіне қатысты 213 қорда 1901 жылы жер дауы мәселесі қаралғаны қамтылған. Осында, басқа болыс басқарушылармен қатар Сауранбай туралы да деректер берілген. №5 тізімде Сауранбай Құлмановтың Қараөзек болысы екені, жасы – 52, сауатты, сотталмағанын, уезд бастығы Панкратовтың қолдауымен 1887 жылы болыс болғандығы да қамтылып өткен.
Сауранбайдың Қараөзекке болыс болуы ауыз-екі әңгімелерде былайша айтылады. Ұрпақтары: Бодан Бұқарбайұлы мен Мұңайтбас Ағымбаевтардың әңгімесінде Жаппас руының биі, әрі байы Апбаз Бекназарұлы Жарысбаев 1868 жылы Қараөзек болысы болып сайланады. Сауранбай болыстың сенімді қызметшісі болған. Ол Науанбай арығы бойында (Қараөзек) қоныстанады. Оларды «90 үйлі-тобырлы жалайырлар деп» атаған көрінеді.
Жасынан «еті тірі» жігіт атанған Сауранбайды «Арыстан Апбаз» атанған болыс өзіне атқосшы, кейіннен шаруашылығын басқарушы етеді. Ақмешітке барып мал сатып, одан түскен ақшаға қора-қопсы салып, шөп шабатын құралдарды алып, егіншілікпен де айналысуға жағдай жасайды. Тағы бір әңгімеде Сауранбайдың 10-12 жас шамасында ауылдарына, атап айтқанда нөке үйіне Апбаз болыс келіп, түйесін шөгеріп, сусын сұратыпты. Жасалған сусынға қанып ішкен болыс, көп балалардың ішінен бір балаға көзі түсіп, осы «Көккөз баланы» маған бер, мен тәрбиелейін, қой мен қозыларды бағар деп баланы ала кетеді. Сол бала, Сауранбай болатын. Ол өз жұмысын тиянақты атқарумен қатар ауылдармен Ақмешіт қаласынан жаңа таныстар тауып, сыйлы болады. Сөйтіп, 1870-1871 жылдары-ақ елге таныла бастайды. Кедейлерге көмектеседі. Осылайша ел ішінде әжептәуір бедел жинаған С.Құлманов 1887 жылғы болыс сайлауында, 20 жыл болыс болған әрі атақты биі Апбаз бұл сайлауда да өзінің болыс болатынына күмәнсіз екен. Сонымен, сайлау болар алдында Қараөзектің екі жағалауындағы Тарақты, Арғын, Қарақойлы, Ошақты, Қаңлы, Найман, Жалайырлар мен сөз байланыстырып, өзіне дауыс беруге үгіттейді. Әрине, бұл тұста көптеген адамдардың жұмыс істегені белгілі.
Журналист, жазушы Әлішер Тоқма-ғамбетов «Балталы» атты 1947 жылы жазған мақаласында Балтасы Наймандардың жайын айта келіп: …30 жыл ұдайымен елге үкім жүргізген Апбаз бен Сауранбай билікке таласады. Сол таластың үстінде Сауранбай өзінің тобын көбейту, қара көрсету мақсатымен Балталының бір топ адамын сайлау болып жатқан ауылға жеті түнде жаяу-жалпы қудыртып алады. Бұдан шығатын қортынды, Сауранбай айлалы адам болғанға ұқсайды. Бұл сөзімді ақын Асқар Тоқмағамбетовтың 1975 жылғы шыққан «Жыр күмбезі» кітабындағы Сауранбай болыс хақында айтқаны да нақтылай түскен. Өйткені, Асеке Апбаз бен Сауранбайды көріп өскен-ді. Асеке «…Сауранбай аз сөйлеп көп тыңдайтын адам. Тәкаппарлығы мен зымияндығы болса ішінде жатады. Көзінің қарасынан аласы көп шағыр, қадалған адамын жасқандырып тастайтын уыты бар. Өзіне қарсы ұмтылар серпінді күшті танығыш. Ондайды қапысын тауып бір-ақ ырғытып жолбарыс мінезді кісі». Сондықтан да, оны жұрт «Шағыр көз жолбарыс» деп атап кеткен. Сауранбай онша семіз емес, әбі-тәбі келген сұлуша кісі» – деп жазған. Болысты көзі көрген Асқар Тоқмағамбетовтен артық баға беретін адам бүгінде табыла қоймас.
Қараөзек болысын Апбаз – 6 сайлау, 19 жыл басқарса, Сауранбай – 8 рет сайланып, 25 жыл болысты басқарған. Сауранбай Апбаз биден бұрын дүние салып, Ақтайлақтағы №10 бекеттегі қорымға жерленіп, басына темір жол бекеттеріне пайдаланылған қызыл кірпіштен төртқұлақ салады. Ол төртқұлақ сол қалпында тұрса, Апбаз Бекназарұлының басына салынған мұнара (қамесектен тұрғызылды ма екен? – Т.Д.) әлдеқашан құлап қалған.
Сауранбай ағайындарын, болыстағы адамдарды еңбек етуге үйретеді. Кейбіреуіне күш те көрсеткен уақыттары кездеседі. Екінші бір жағымды ісі –парақорлыққа қарсы болған деседі. Әдемі киінген, киімдерін жиі ауыстыратын баласы – Ыбырайға (Ибрай) – «бұны ненің ақшасымен алдың» деп тексеретін болыпты. Жалпы, Қараөзек бойына қоныстанған Кішіжүздің руларынан басқалары Жетісу бойынан келдік, – деп отыратын болған. Оны бүгінгі ұрпақтары айтып жүр. Өзін тәрбиелеген Апбазға Қараөзек бойынан жайлы қоныс береді. Ол жер бүгінде де «Апбаз түбегі», «Апбаз көңі» деп аталады.
Сауранбай Құлманұлы болыс басқарушысы болудан бастап елдің басын біріктіріп, арықтар қазуды қолға алады. Сырдария өзенінен саға алып, үлкен жарма қазылады. Жұртшылық бұл арықтың Сауранбайдың басшылығымен қазылғандықтан, арықтың атын «Сауранбай» атандырады. Сол атау бүгінге дейін «Сауранбай каналы» аталып келеді. Сауранбай қаздырған арықтың тоқтаған жерінен жаппастықтар арықты жалғастырып «Кілем-жайған» көліне жеткізеді. Каналдың бұл тұсын «Науанбай» атандырыпты.
Аққан ағын судың әсерінен «Шұқыркөл», «Жолбарыскөл», Талдыкөл т.б. көлдер пайда болып, шөп оруға, балық аулауға мүмкіндік туып, елге ырыс көзі бола бастады. Егіншілер: тары, бидай, қауын-қарбыз егіп, жағдайларын жақсарта түседі. Бүгінге дейін Талдыкөлден балық ауланып келеді.
1902-1903 жылдарда Ташкент-Орынбор теміржолын (1736 шақырым. – Т.Д.) салу қолға алынып, әңгімелер жүре бастағанда, 1902 жылы «Өгізкеткен» маңында Апбаз, Сауранбай, Медетбай тағы басқа адамдармен сөйлескенде олардың басым көпшілігі, теміржолдың осы күнгі жерден өтуіне ықпал етеді. Теміржол салушылардың басшыларын қонақ етіп, құрметтеп өздерінің пікірлерін өткізіпті деседі. Қалай болса да Сауранбай каналы бөгелмей, үстінен көпір құрылысын салуды мақұлдайды. Сауранбай каналының үстінен 30 сажындық ағаш көпірді С.Құлманов үш жүздей түйесін сатып, қаржы қосқан. Кейін, бұл ағаш көпір 1930 жылы бұзылып, қазіргі теміркөпір салынған. Сөйтіп, канал үстінен салынған көпір «Сауранбай» деп аталған, бүгінде де солай аталады. Тағы бір дерек көзінде, Сауранда тұрғандықтан, оның атын Сауранбай қойған дейді, мүмкін!
Сауранбай Құлмановты 13 ақпан 1912 жылы сағат 10-да Перовкі уезінің көшесімен келе жатқанда Ж.Қожамұратовтың, С.Құлмановтың қолындағы револьверін тартып алып, атқанына байланысты іс жүргізілген. Сот бірнеше рет өткен. Айыпталушы Жақып Қожамұратов өзінің 2 айлық жұмысына ақша бермегені және сиырымды ұрладың деп ұруы мені ашындырды дейді. 13 ақпан күні тағы да сөйлеспек болғанында болыс басынан ұрып, боқтайды. Қалтасынан «Браунингін» шығарғанда қолын ұстап қаруды тартып алған тұсында атылып кетіп, С.Құлманов төсінен жараланды. Баласы Ибраймен бірге ұрып-соққанын айтады. Бұл оқиға жайлы оннан астам адамдар куәге шақырылып жауап береді. Айыпталушы Ж.Қожамұратовты, С.Құлмановты жақтаған куәлер әртүрлі әңгімелер айтыпты. Жалпы, сот құжаттары 59 бетті құраған. Сот істері 1912 жылдың 16 желтоқсаны, 1913 жылдың 21 ақпанында Шаған болысы 7 ауыл тұрғыны Ж.Қожамұратовқа соттың үкімі шығып, оны 3 жыл, 4 айға бас бостандығынан айырып, сотталушылар бөліміне жөнелткен. Мұнда С.Құлманов, И.Сауранбаевтар негізінен Ж.Қожамұратовпен бірге уездік мекемеде тілмаш болып қызмет атқарып жүрген Серікбай Бедебековты араға от салып, арандатты, – деп есептеп арызданған. Ал, С.Бедебеков өзінің берген жауабында өзінің Қараөзек болысының №3 ауылында тұратыны, қазір Перовскі қаласында тұрып жатқанын, 27 жаста екенін және бұл оқиғаға ешқандай қатысы жоғын айта келіп, әкесі Бедебек Алдабергенов пен С.Құлмановтың партиялық таласы барын да жоққа шығармаған.
1914 жылдың 5 маусымында Ташкент сот палатасының тергеушісіне берген жауабында С.Құлманов өзінің 67 жаста екенін жазған. Сауранбай туралы архивтық құжаттар 1902-1919 жылдарды қамтиды. Сол құжаттың бірінде С.Құлмановты Ж.Қожамұратовтың атып, жаралағаны және соның зардабынан 1920 жылдың шамасында қайтыс болса керек. Сауранбайдың үлкен ұлы 1914-1920 жылдарда Қараөзек болысы, одан кейін інілері Әли мен Махан да бірі болыс, бірі өкіл болып қызметтер атқарған.
Сауранбайдың Ыбырайы (Ибрай) Перовскі мен Ташкентте білім алған, оқыған азамат болған. Сонымен, Сауранбайдан – Ыбырай, Махан, Әли, Жүсіпбек және 2 қыз баласы болыпты. Жүсіпбек 1941-1945 жылдардағы соғыстан оралмаған. Әлиден Жұпан, Ыбырайдың қызынан туған Едіге Қызылордада тұрады. Маханнан тараған ұрпақтар бар деп естідім.
1997-1999 жылдары менің Сауранбай туралы жазып жүргенімді естіп, Сауранбайдың немересі болмаса шөбересі Қадиша келді. Көптеген деректерімді, әкімдерге жазатын ұсыныс жобасын да жазып берген едім, ол кісі Қызылорда қаласынан С,Құлмановтың атына көше алғанын естідім. Бірақ, одан кейін Қадиша атты келіншекті кездестірмедім. Мүмкін, «іс бітті, қу кетті» деген болар. Жалпы, Сауранбай Құлманов Сыр еліндегі тұғырлы тұлғалардың бірі болғанын, оның Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіптің айтысына тоқтау айтып, татуластырғандардың бірі екені жоғарыдағы сөзімді дәлелдей түседі. Сондай-ақ, 1920 жылдың 20 сәуіріндегі «Перовскі революциялық комитеті өзінің қаулысымен «Бұзаукөл» мекенін Қараөзек болысының №1 ауыл тұрғыны Құлманов Сауранбайға беру туралы шешімі шыққан. Бұдан басқа 1918 жылдың 22 желтоқсанында Перовскі совдепін басқарған Гержод сайлау комиссия өкілдеріне берген тапсырмасында: Қараөзек болысындағы екі партиялық талас хақында, оның 120-сы бұрынғы болыс С.Құлмановтың жақтастары екенін ең оңайы, тіпті С.Құлмановты сайлауға қатыстырмауды айтады және 1919 жылдың 1 қаңтарына дейін болыстағы арыз-шағымдардың қортындысын беруді (Қызылорда облыстық архиві) тапсырған.
Қанішер атанған Гержодтың белсенді көмекшісі болған Сүлеймен Мереевтың Сауранбай ақсақалға жасаған озбырлығы 1922 жылы «Ақжол» газетінде жарияланған.
«…Елге атағы шыққан Сауранбай ақсақал дегеннің жасы 16-17 келген сұлу қызы болатын, бір ретте елге шығып сол ауылға барып қызды көріп, қалаға келіп әдейі 2 милиция жіберіп Сауранбай ақсақалды алдырып (ол кісі бұл кезде өліп кетті) қорқытып, әртүрлі бәлелерді алдына тұтып, қызыңды өзіңнің жорғаңа мінгізіп әкеп бересің, болмаса көресіңді көресің деген соң сорлы шал қорыққанынан сөз қайтармастан ауылына келіп әлпештеген жас қызын айтулы жорғаға мінгізіп жанына туған баласын қосып Сүлеймен мырза Мереевке жібереді. Ағасы қарындасын әкеліп Сүлеймендікінде екі жетідей жатып қарындасының алмадай бетін солдырып, жұрт алдында масқара болып еліне қайтады». Бұл Ескергеннің жазғаны.
Қызылорда облыстық архивтік қорында С.Құлмановты әртүрлі себеппен қудалау кең өріс алғанын көрсететін құжаттар баршылық. Қараөзек болысынан 22 адамға ақпан айында 92 түйе салады. Сауранбай ақсақал 6 түйе, 1 адам беремін десе, 1919 жылдың 20 мамырында одан партизан қосынына керек деген сылтаумен 1 аты тағы тартып алынады. Бұл деректер Қызылорда облыстық архивінің №1 қорының 2 тізімінің 50-ісінде қатталған. Жалпы, архив құжаттарында Сауранбай Құлмановтың есімін 1919 жылдың мамыр-маусым айларынан кейін кездестірмедім. Демек, ол кісі 71-72 жасында өмірден өткен. Мүмкін «Ақтайлақтағы» төртқұлағындағы көктаста жазу болар.
Сауранбай Құлмановтың үйінің (қыстауы)орны бұрынғы «қауын-бақша тәжірибе стансасында болса, Апбаз Жарасбаевтың қыстау орны Қараөзек өзенінің «Айқай» тұсында, Қараөзек ауылынан 7-8 шақырымдағы «Апбаз түбегі». Бұл жерді болыс болып тұрғанда С.Құлманов берген екен. Мұны Асқар Тоқмағамбетовтың 1965 жылы жазған «Губернатор келе жатыр» атты естелік дәптерінде жоғарыдағы сөзімді дәлелдегендей былайша баяндалған.
– Бақтияр жерінің түгіне семіресің де, енді мынау мырс-мырс күлесің, көш түбегімнен олай болса, Апбаз, – деп Сауранбай шарт ете түсті».
Жалпы, Асекең 1964-1967 жылдар аралығында өзі туып-өскен Қараөзек аймағында өмір сүрген билер мен батырлар жайлы, басқа да оқиғалармен қатар Апбаз мен Сауранбай жайында біраз зерделеген. Алайда, мақалаларының бірінде Сауранбайды Маңғыт баласы, екіншісінде Құлжан баласы деп жазады. Медетбай бидің әкесінің аты Маңғыт, Сауранбайдың әкесінің аты Құлман, Апбаздың әкесінің аты Бекназар.
Жалпы, Сауранбайдың атылу жайындағы сотқа тартылған Жақып Қожамұратов 1918-1919 жылдары болыстағы сайлау өткізу жөніндегі комиссар, кейіннен колхоз басқарып, мұраб болған. Ол қаздырған арықтар Нағи Ілиясов ауылында бар. Ал, Серікбай Бедебеков болса 1918-1924 жылдарда Перовскі уездік комитетінде жер, су бөлімін басқарса, кейіннен Тереңөзек су шаруашылығында гидротехник болып қызмет атқарды. Ол қаздырған «Майжарманның» өзі не тұрады. Ол қыстаған өңір «Серікбай түбегі» аталған. 1974-1975 жылдарда Тереңөзекте қайтыс болды. Кезінде Сералы Лапин, Өтегенов Садық сияқты қоғам қайраткерлерімен сыйлас болған кісі. Апбаз бидің әйелі
Назқоңыр мен Сауранбайдың әйелі Ұлсары ақылына көркі сай аналар болыпты.
Мақаланың қортындысы есебінде архивтік деректі келтірмекпін: …13 февраля 1912 года г.Перовск из револьвера системы «Браунинг» в проходящию по улице, ведушии к Перовскому уездному управлений волостного управителя Караузекский волости Сауранбай Кулманова ранив его в грудь на вылет, засинших бросился бежать, но был задержан Тулебеков и другиe» (257 қорда) – деп жазылған.
Сауранбай Құрмановтың қалай, қай күні, не себептен атылғанын жан-жақты жазумен қатар, заманының тұлғасы болған оның өмір жолын ұрпақтар білсін деген мақсатпен зерттеу жасадым.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.