ПОЛИГОН ЗАРДАБЫ ЕШ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

  • 26.11.2019
  • 45 рет оқылды
  • 0

Роза ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,
тарих ғылымының
кандидаты, профессор

Қазақстан Республикасы соңғы бірнеше ғасыр бойы түрлі себептерге байланысты көптеген ұлт өкілдері мекен етті. Бұл үдеріс тарихшылар, шығыстанушылар тарапынан жан-жақты қозғалды, сондай-ақ өздерінің жеке мүдделеріне қарай тарихи процестерді икемдеген әрқилы көзқарастар да болды. Бұл орайда біз үшін тарихи оқиғалар тұрғысынан қарау маңызды. Соның ішінде кеңестік кезеңде КСРО құрамындағы Қазақ КСР-і болған елдің ХХ ғасырда жан түршігерлік ауыр кесапатқа ұшырау тарихы аса өзекті.

1940 жылдардың екінші жартысынан бастап Қазақстан территориясының үштен бірі ядролық қаруды сынайтын зертханаға айналды. 1947 жылдың тамызында КСРО Министрлер кеңесінің қаулысымен Семей облысының аумағында шартты түрде «2-оқу полигоны» деп аталған атом полигонын құру туралы шешім шықты. Семей полигоны КСРО ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық объектісі болды. Ол үшін арнайы 18 млн га жер бөлінді. Бастапқыда адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын оларды жер астына жасай бастады. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Полигонның инфрақұрылымы Курчатов қаласын (Семей-21), реакторлар кешенін, «Балапан», «Сары-Өзен», «Г» (Дегелеңдегі сейсмокешен), «Ш» («Тәжірибелік алаң») сынақ алаңдарын, толып жатқан басқа да ұсақ тәжірибелік алаңдарды қамтиды. Семей ядролық полигонның осынау тәжірибелік алаңдарында 456 ядролық жарылыс жасалды. Осынау сынақтар атом қаруының қиратқыш қаруын айтарлықтай арттыруға ғана емес, оның жаңа түрлерін де жасауға мүмкіндік берді.
КСРО басшылығы полигон төңірегінде тұрып жатқан жергілікті халықтың тағдырын ойламастан 40 жыл бойы сынақ жұмыстарын жүргізді. Жергілікті тұрғындар өздерінің ашық аспандарын күндердің бір күні қара бұлт басатынын, өмірлері ойыншыққа айналғанын сезген де, білген де жоқ. Полигон сынаққа дайын болғаннан кейін «зерттеу мақсатында» деген желеумен ядролық қаруларды сынау, анығын айтқанда атом бомбасының жарылыстары жүргізіле бастады. Шын мәнінде, бұл Қазақстанға қарсы жарияланбаған соғысқа ұқсас еді. Әлемдік маңызы бар осындай күрделі мәселеге кірісер кезде одақтық үкімет басшылығы осындай сынақ жүргізу үшін бүкілхалықтық референдум өткізуді, ол жайында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мәлімдеуді қаперлеріне де алған жоқ. Жергілікті халықтың денсаулығы мен өмірі ешкімді ойландырмады. Тек бірінші жарылысты – атом бомбасының мұқият ойластырылған сынағын жүргізуге қарбалас дайындық жүріп жатты. Сөйтіп, 1949 жылдың 29 тамызы күні алғаш рет жер бетінде ашық жарылыс жасалды. Таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қадалып, оны шарпып өтіп аспанға көтерілген. Отты шардан соң, сұрапыл қуат пен көз қарастырар сәуле бас айналдырып жібергендей бір сәтте қолқа атар түтіннің ащы иісі әп-сәтте жан-жаққа тарады. Таяу жерлердегі ауылдарда тұратын адамдар дір ете түскен жер мен жарты аспанды алып кеткен от-жалынға таңырқап, үйлерінен қарап тұрған. Жалғыз түп шөп қалмай дала түтігіп қарайып кетті. Тышқандар, қарсақтар, кесірткелер өліп жатты. Бұл Семей ядролық сынақ полигоны ретінде белгілі №2 оқу полигонында РДС-1 (зымырандық көрсеткіш снаряды) плутоний зарядын жер бетінде сынақтан өткізу жарылысы деп аталды. Бұл КСРО-да тұңғыш атом бомбасының жарылуы еді. Полигон сынағын Лаврентий Берия, Сергей Курчатов, әскери басшылар мен ғалымдар, Кеңестік атом бомбасын жасаушылар бақылап тұрды.
Семей облысының бүкіл территориясы мен көршілес елді мекендердің аумағы ядролық жарылыстың өнімдерімен ластанды. Қара түтінмен араласқан қызыл жалын айналаны тұтас шарпыды: орасан зор от жалыны қызыл тілімен жан-жағын тегіс жайпады. Солдаттар ауыл-ауылдардан кішкентай балаларды шұғыл жинап, әскери машиналарға, жүк көліктеріне, не болса соған отырғызып жарылыс эпицентрінен аулаққа әкетіп жатты.
Бұл жарылыстан Семей облысының бүкіл территориясымен бірге Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ көршілес елді мекендер қатты зардап шекті. Радиация радиусы эпицентрден алыс қашықтықтарға да сұмдық жылдам тарады. 1,2 млн адам сәулеге шалдықты, олардың өмірі шешіліп қойған еді. Кезекті ядролық сынақтан кейін эпицентрден 110 шақырым аумақта радиациялық фон 1 сағатта 4000 микрорентген болды. Атом бөлшектерінің ыдырауы жалғасып, одан әрі тізбекті реакция 350-400 шақырым радиусқа жетті. Бұл адамдардың ағзасын аяусыз зақымдады. Ересектер де, балалар да – барлығы сәуле дертіне ұшырап жатты. Бұлар өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісіктің патологиялары. Жалпы алғанда, рак ісігі сынақтар басталғалы бері үш есе өсті. Семей полигонына жақын аудандарда әртүрлі ауытқулар, тәндік және естік кемшіліктері бар сәбилер дүниеге көп келеді. Бұл індет бүгінде еліміздің бірнеше ұрпағының денсаулығына әсер етіп отыр. Бұған дәлел – аяқ-қолы жоқ сәбилердің тууы, ауру түрлерінің көбеюі. Ата-ана үшін бұдан асқан қайғы жоқ екені шындық. Мамандардың айтуынша, соның бәрі қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты. Бұдан адамдар ғана емес, жер де азап шегеді. Жылма-жыл радионуклидтердің жинала беруі жердің құнарлығын азайтады. Жердегі темір, мыс, магний және басқа металдар әр түрлі дәнді дақылдар арқылы адам организміне сіңеді.
Нақты статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні елімізде 18 мың мүгедек бала, 19 мың жаңа туған сәби сал ауруынан зардап шегеді. Олардың 20%-ы ғана қайта оңалтудан кейін сауығуы мүмкін, ал, көбісі лейкемиядан қиналып қайтыс болады. Олар қазақ жерін әлі де бүркеп тұрған радиоактивті сәулелерге қарсы тұруға қауқарсыз.
Өкінішке қарай, осы жойқын дерттің барлығы адам қолымен жасалғаны қорқынышты. Әсіресе, әскери өнеркәсіп иелері КСРО саяси басшылығының ұйғарымымен өздерінің адам үшін қауіпті өнер табыстарын іске асыруға жанталаса ұмтылды. Бұл жобалар қазақ халқына ғана емес, сонымен бірге Қазақстан аумағында тұратын бүкіл халықтарға – Кеңес өкіметі кезінде «достық», «бауырластық» ұрандарына қарамастан жазықсыз, репрессиялық саясатпен қазақ жеріне зорлықпен көшірілген жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдеріне қарсы бағытталған болатын. Сондықтан, ядролық қаруды сынау әрекетін бір сөзбен «геноцид» деп атау лайық. Кеңес кезеңінің шындығы осылай дейді. Өкінішке қарай, бүгінгі күні жоғарыда аталғандай адамзат үшін зиянды жобалар әлі де жалғасуда. Мәселен, Ресей Федерациясындағы шартты түрде «Капустин Яр» деп аталатын полигонда жүргізіліп отырған сынақтарды қылмыс деуге болады.
Атом қаруын сынау кезінде алған радиациядан адамдар өмірден ерте кетеді. Өлім себетін қаруларды ойлап табатын жандар жауызбен тең, өйткені, олар қорқынышты мутанттардың тууына жағдай жасап отыр. Олар адамгершілік пен адамшылықты ұмытып, радиацияның адам ағзасына қалай әсер ететінін зерттейді. Тіпті, осындай зерттеушілік мақсатпен кемтар болып туған сәбилердің, ересек «мутанттардың» музейін құрған, ол «Траухомотоз мекемесі» деген құпия атаумен аталады. Бұны адам жаратылысын қорлау демеске лажымыз жоқ.
Атом қаруын зерттеушілер Семей полигонында 468 ядролық, 125 ашық ауадағы және жер бетіндегі жарылыстар жасады. Соңғы жарылыстар 1989 жылы жүргізілді. 4 қазанда болған жарылыстың зарядтық қуаты 60 килотонна болатын. Ал, 19 қазанда зарядтық қуаты 75 килотонна жеті жарылыс жүргізілді, олар Хиросимадағы атом бомбасының жарылыс қуатынан анағұрлым асып кетеді.
Атом қаруын сынаудың Қазақстан тұрғындарына тигізген зияны, адам өлімінің, науқастардың көбеюі ақыр соңында халықтың ашу-ызасын туғызды. «Шыдамның да шегі бар» дегендей, тұтас бір елді атом қаруының азабына душар етуге тоқтам салатын уақыт жеткен еді. Осылайша, кеш те болса халық көп жылдық ұйқыдан оянып, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылды. Оның көшбасшысы Одаққа белгілі ақын, халық жазушысы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов болды. Ол 1989 жылдың 26 ақпанында телеарнадағы тікелей эфирден сөйлеп, Қазақстандағы ядролық сынақтарды тоқтату туралы мәлімдеме жасады. 1989 жылдың 28 ақпанында Алматы қаласындағы Жазушылар одағы ғимаратының алдында өткен митингіде «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын құру туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, бұл қозғалыс 1989 жылдың 6 сәуірінде ресми тіркелді.
1989 жылдың маусым айында Москвада өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің І съезінде О. Сүлейменов өзі басшылық еткен ұйымның мақсаты мен міндеттерін, қоятын талаптарын баяндап берді. Олжас Сүлейменов 1989 жылдың 23 қазанында КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында сөйлеген сөзінде Одақ үкіметінің жарылыстардың саны мен қуатын қысқарту жөніндегі уәделерін орындамағынын мәлімдеді. Сөйтіп, ядролық сынақтарға халық атынан мораторий жарияланатынын, алдағы уақытта жарылыс жасалған жағдайда Қазақстан бойынша жаппай қарсылық көрсетілетінін айтты.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Олжас Сүлейменов пен академик Андрей Сахаров КСРО тарапынан ядролық сынақтарға біржақты мерзімсіз мораторий жариялау туралы ұсыныс енгізді. 1989 жылдың 14 қарашасы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ядролық сынақтардың тұрғындар денсаулығына қауіпті салдары туралы қарар қабылдап, Кеңестер Одағының үкіметіне және Жоғарғы Кеңесіне ядролық полигонды жабу талабын қойған мәлімдеме жасады.
«Невада-Семей» антиядролық қозғалысы халықаралық сипат алып, бүкіл әлем жұртшылығы, АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Жапония, Германия және басқа елдер қолдады. Қазақстанда бұл қозғалыс ерекше серпіліс туғызып, бүкіл халықтың қызу қолдауына ие болды. 42 елдің 2000-дай парламент мүшелерінен тұратын делегация бүкіл дүниежүзінде ядролық сынақтарға тыйым салуға шақырған ашық хат жариялады. Осыдан кейін АҚШ-тың Невада полигонында, Нью-Йоркте, Италияда, Германияда, сондай-ақ Ресейде мыңдаған адам қатысқан бұқаралық қарсылық акциялары өтті. 1989 жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі ұсынысты КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу қабылданды. Онда былай делінген: «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да, онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада-Семей» қозғалысын құрдық». Осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір дауыстан «ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын» деп мәлімдеді.
«Невада-Семей» антиядролық қозға-лысының құрылуында және жаппай қолдауға ие болуында Олжас Сүлейменовтің қосқан үлесі зор. Осындай әрекеттердің арқасында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ел Үкіметінің шешімімен 1991 жылы Семей полигонын жабу туралы шешімі шықты. №409 Жарлыққа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойды. Осылайша, 40 жылдан кейін ғана зұлымдық ордасы – атом қаруын сынайтын полигонды жабуға қол жетті. 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылдың мамырында оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.
Бірақ, ядролық сынақ өнімдері жердің терең қабаттарына дейін еніп, су көздерін, ауаны есепсіз ластады, адамдардың денсаулығына орны толмас зияны тиді. Әлі талай ұрпақтың өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіптің салдарын көзге елестетудің өзі қорқынышты. Хиросима, Нагасаки және Семей полигоны трагедиясынан кейінгі адамзатты дүр сілкіндіре үрейлендірген Чернобыль апатын ұмыту мүмкін бе? Бұл жолы да планета тұрғындарының басына қара бұлт үйіріліп, адамзат болашағы жайлы күмән мен күдікке бой алдырды. Сонда да неше түрлі жаңа қаруларды жанталаса ойлап тауып, баллистикалық және зениттік ракеталарды үздіксіз сынақтан өткізіп жатқан кейбір мемлекеттерге тоқтам болмай отыр. Олардың ішінде Батыс Қазақстан, Атырау облыстары аумағында және қазақ-орыс шекарасына жақын маңдағы Ресей мемлекетіне тиесілі сынақ полигонының жұмысы еліміздің тұрғындарын алаңдатып келеді. 1946 жылы 16 мамырда салынған «Капустин Яр» атты бұл сынақ алаңы зымырандардың шоғырланған орын болып табылады. Оның әкімшілік орталығы Знаменск қаласында 25 мыңнан астам адам тұрады. Дәл осында «Капустин Яр» әскери аэродромы орналасқан.
Ашық мәліметтерге қарағанда, 1950 жылдардан бастап «Капустин Яр» поли-гонында 5,5 шақырымға дейін биіктікте 11 жарылыс жасалған, олардың қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасының 65-іне тең. Мұнда ядролық сынақтардан бөлек 24 мың басқарылатын зымыран жарылған, әскери техниканың 177 үлгісі сынақтан өткен, РСД-10 зымыранының 619-ы жойылған, 2008 жылы 27 зымыран тасығыш жіберілген.
1947 жылдан 2000 жылға дейін «Изделие Т», С-25, «Беркут Р-1», Р-2, Р-5, Р-14, «Буря» қанатты зымыраны сынақтан өткен. Бұлардан басқа полигон территориясында әскери техникалық ғылыми-зерттеу орталығы, әскери бөлімдердің сынақ орталығы орналасқан.
Бұл сынақ алаңдарының барлығы Қазақстан аумағына жақын орналасқандықтан, ел тұрғындарына зиянын тигізуде. Сол себепті батыс өңірлердегі тұрғындардың үштен бірі жазылмас дертке душар болып отыр. Осылайша, ХХ ғасырдың 40-жылдарының екінші жартысынан бермен қарай Қазақстан территориясы түрлі сынақтардың құрсауында қалды. Солтүстіктен, батыстан, шығыстан үздіксіз жалғасып жатқан ядролық, әскери сынақтар мыңдаған адамның өмірін жалмады.
2018 жылдың мамыр айынан бастап елімізде атом электр станциясы салынатыны туралы хабар жарияланды. Балқаш көлінің маңайында салынуы ықтимал бұл құрылысты Ресей Федерациясы жүргізетіні мәлім болды. Мұндай аяқ астынан жария болған хабарға еліміздің тұрғындарын алаңдатуы заңды. Атом электр станциясы сияқты ауқымды жоба республика тұрғындарының қатысынсыз шешілуі мүмкін еместігі белгілі. Семей полигонындағы жарылыстар 40 жыл ішінде бұл өңірді экологиялық апат аймағына айналдырғанын, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының шекаралық аудандары ресейлік «Капустин Яр» полигонындағы үздіксіз баллистикалық және зениттік зымырандар сынағынан әлі де қиындық көріп отырғанын ескерсек, атом электр станциясының құрылысы туралы мәселенің өзектілігі түсінікті жайт. АЭС құрылысы өңірдің экологиялық ахуалын ушықтырып, Балқаш көліне елеулі қатер төндіреді. Суының жартысы тұщы, жартысы ащы бұл ерекше көл әзірге экологиясы бұзылмаған жерлердің бірі. Сондықтан, АЭС құрылысы көл суының құрылымын өзгертіп, жануарлар мен жәндіктердің жойылуына, көл суы деңгейінің түсуіне, сөйтіп, Балқаш көлінің құнды ерекшелігінен айрылуға әкеп соғуы мүмкін. Бұл онсыз да су ресурстары тапшы Қазақстан үшін ауыр соққы болмақ. Сол себепті ел тұрғындары Балқаш көлінің қазіргі қалпын сақтап қалуды қалайды. Ядролық сынақтардан аяусыз зардап шеккен қазақстандықтардың алаңдауы, әрине, негізсіз емес.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.