АЛЫП БӘЙТЕРЕК

  • 26.11.2019
  • 52 рет оқылды
  • 0

Ұлжан ПАРМАШҚЫЗЫ,
Қазақ радиосының ардагері,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Ірі ғалым, тілші, әдебиет зерттеуші, түркітанушы, дарынды ақын-аудармашы, публицист, педагог Ахмет Байтұрсынов 1873 жылдың 18 қаңтарында Қостанай облысы, Торғай атырабындағы Сартүбек деген жерде дүниеге келіпті. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы ел арасында беделді, қайратты, әділетсіз жасалған қорлық пен зорлыққа шыдамайтын кісі екен. Табиғатынан аса дарынды туған бала Ахметті өмірдің улы зары ерте оятты, ерте есейтті. Сезім дүниесін, ой әлемін тербеп, толқытады. Қалың қазақты жаншыған әділетсіздік пен ауыр тұрмыс, сезімтал бала жүрегін 13 жасында-ақ жаралайды. Әділеттің ақ туын көтерген әкесі – Байтұрсын мен оның інісі Ақтас осындай адам төзгісіз қолдан жасалған сұмдықтарға шыдамай, өзі соқтыққан ояз бастығынан ауыз-екі айтқан шындық ойларымен өшін алады. Арына дақ түсірмеудің амалы осы болды немесе ол бейшараларда не қауқар бар еді. Мұның арты дүние-мүлікті күштеп тартып алу, абақты, түрме, ұрып-соғу, Сібірге 15 жылға жер аудару. Кейін есейген шағында, кереғар ел белсенділерінің көзіне түсіп Ахмет ақынның өзі де түрме есігін ашады. Сонда жазған «Анама хат» өлеңіндегі мына бір жолдар жас кезінде көрген, сезіміне айрықша әсер еткен, түсінген, сұмдық оқиғалардан соң болса керек.
Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам,
Арнап хат жазайын деп алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді, хақ Тағалам!
Бара алмай өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң!
«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,
Жолдар көп жәннәтқа да
тарам-тарам.
Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Отырмын абақтының бөлмесінде,
Бұйрықсыз көз жетеді өлмесіме.
Тайпалған талай жорға, талай тұлпар,
Тағдырдың кез болып тұр кермесіне.
Солардан жаным, тәнім
ардақты емес,
Орынсыз күйзелейін мен несіне.
Әділетсіздіктің құрбаны болған ағалы-інілі Байтұрсын мен Ақтастың балалары кенже інілері Ерғазының қолында қалып, тәрбиесінде болады. Ахмет алғашында сауаты бар, оқи, жаза білетін көзі қарақты кісілерден дәріс алып, хат тани бастайды. Артынан жақын жердегі қолы жеткен ауыл мектебінен сауат ашады. Торғай қаласындағы екі класты орысша-қазақша училищеде, Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқиды. Ыбырай Алтынсарин негізін қалап кеткен озық үлгідегі мектептерде жүйелі де тыңғылықты тәрбие алған Ахмет 1896-1907 жылдар аралығында Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде мұғалім болып қызмет атқарады. Сол жылдары жазған өлеңдері шәкірттеріне арналған үндеуіндей болды.
Ахаң орыс-қазақ мектептерінде дәріс бере жүріп, кең шеңберде бет алған ағартушылық қозғалысқа белсене араласты, әлеуметтік өмірге үңілді, халыққа білім-ғылым таратудың тиімді, қарапайым жолын қарастырды. Қазақ тілі мен әдебиетінің тарихымен, теориясымен шұғылданып, ана тіліндегі алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарын жазып, үндеп тұрды. Халқымыздың көркем сөз мұрасын жинау, жүйелеу, зерттеу ісіне белсене араласып, баспасөзге өлең, мақала жазды. Басқа халықтардың көркем шығармаларынан өз халқына түсінікті етіп аударма жасап, қайткен күнде де ел-халықтың көкірек көзін ашуды күні-түні ойлаумен болды. Халқының көзі, құлағы, үні болса екен деп армандады. Ахаңның «Жұртыма» деген өлең толғауы осы жолда туындаса керек.
Бірлік қып іс етуге шорқақ жұртым,
Табылса оңай олжа, ортақ жұртым.
Сияқты қара қарға шуылдаған,
Үрейсіз қоян жүрек қорқақ жұртым.
Білмейсің жөнің менен терісіңді,
Ел болып іс етпейсің келісімді.
Үміт қып бәйге атындай талай қосып,
Байқадық табыс түгіл желісіңді.
Бытырап бет-бетіңе жөнелгенде,
Көрдік қой жайылатын өрісіңді.
Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар
Қайтейін өзге десе көңгішіңді.
Сықылды сынық бұтақ төмендесең,
Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?!
Қарқаралыда мұғалім болып жүргенде, айнала әділетсіздікке, патша үкіметінің саясатына қарсы наразылық білдірушілердің қатарында, халық жағында болғаны үшін Ахмет Байтұрсынов бақылауға алынады да 1909 жылы тағы да Семей түрмесінен бірақ шығады. Қараңғылық пен озбырлық басқан, оянбаған ортаға наразы көңілмен кете береді.
Кейін, Орынбор қаласына жер аударылады. Онда да өзінің қоғамдық-саяси, мәдени, әдеби өмірге араласуын еш тоқтатпады. Сол жылдары Орынборда «Маса» атты өлеңдер жинағы басылды. Сол еңбектен аздаған мағлұмат беріп жіберсек:
Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса,
Сап-сары аяқтары ұзын маса.
Өзіне біткен түрлі өзгерілмес,
Дегенмен қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса.
Осы жолдардан ұғатынымыз маса сергектікті, қозғалысты, ұйқыдан оянуды, серпіліс пен ізденісті сәулелейтін астарлы бейне екені белгілі. Халқын қоғамға енжар, жалқау күйден арылуға үндейді. Масаның негізгі қазығы – жұртшылықты оқуға, өнер-білімге, рухани көтерілуге шақыру. Адамгершілікті, мәдениетті уағыздау. Ахаңның тақырып қойылысынан, ой-жүйелеу мәнерінен, өрнектеуінен Абай, Ыбырай өлеңдеріне жақындық, үндестік байқалады. Сол ғұламалар сияқты Байтұрсынов та айнала қоршаған ортаға сын көзімен қарайды, қоғамына көңілі толмайды. Халқын сүйетін, халқым деп жаны шырқыраған Ахаң қоғамның сол бір келеңсіз көріністеріне салқын қарай алмады. Жан ауыртып, жүрек сыздатып қасірет сөзін қағаз бетіне түсірді. Түсіргенде қандай! Ақын айтайын деген ойын көркемдеп жеткізуде, бейнелі сөз табуда шебер емес пе? Олай етпесе халқын сүйген ірі тұлға Ахаң – Ахмет Байтұрсынов бола ма?
Ана тіліміздің әдебиетін көркем аударма саласымен де байытты. Аударма – жинақ бастыру ісінің алғашқы қарлығашы болды. Өзі аударған Крыловтың, Пушкиннің, Лермонтовтың көркем шығармаларын төл шығармамыздай қабылдауымыздың өзі тегін емес. Бұл да Ахаңның арқасы еді. Әдебиетіміздің әрбір саласын жеке-жеке көрсетіп, нақтылы мысалдармен дәлелдеуі, әрбір сөздің балама атауын тауып өз орын-орнына қолдана білуі – қазақтың тұңғыш әліппесін жазған Ахаңның аса білімдарлығы еді. 1909 жылы аударма негізінде «Қырық мысал» атты жинағы жарық көреді. Ол кісі әрбір аудармасының соңынан өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін жанынан қосып түсінік беріп отырған. Байтұрсыновтың творчестволық мұрасы қазақтың көптеген зиялыларының назарында болды. Кезінде халқымыздың бір аяулысы Сәкен Сейфуллин былай деп жазды: «Айналып келіп таразыға тартылған, сыннан өткен деп Ахаңның ғана атын айтамыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған кісілер санаулы. Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаңның салған әдебиеттегі орны, қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі – біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер. Қай кезде де архивтен табылар ізгі мұра».
Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында Абайдың – Абай Құнанбаевтың ақындық дәрежесін бірінші болып дәлелдеген жан. «Онан асқан бұрын-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Қай жерде ақындар жайынан я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмайды. 1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті», – дейді Ахаң. Оқып қарасам басқа ақындардың сөзіндей емес. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Шынына келсек, Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушы қауымның түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан, ақсаулы білімнен болатын кемшілік. Не нәрсе жазса да ақын түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қарамай жазады. Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, артық», – деп жазды. Бұл тек данышпанды, данышпанның түсінгендігі емес пе?
1923 жылы Ахаңның елу жылдық тойында сол кезде жиырма алты жастағы Мұхтар Әуезов лебізі былай болды: «Ахаңның халыққа қызметі қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған мәңгілік ескерткіш. Халқының еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны мен кемімейтін екпіні кім еді? Ол екпін, ұйықтаған қазақты айғайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып, қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ та ауыр бейнетті міндет етіп алған Ахаңның екпіні болатын». Қазақтың ғұламасы Абайды бірінші таныған Ахметті – ғұлама Ахметті Әуезов осылай суреттеді. Аңқылдаған ақкөйлек қазақ деген халықтың жанашырлары бірін-бірі осылайша әспеттеді. Бұл репрессияға ұшырап, жазықсыз жапа шеккен, халқымыздың ұлттық мәдениетіміздің мақтанышы Ахмет Байтұрсынов еді.
Өзіміздің аяулы қаламыз Алматының Жамбыл мен Байтұрсынұлы көшелерінің қилысында көп жүргінші елеп-ескере бермейтін елеусіз ғана жер үй бар. Бұл өмірінің соңғы кезеңінде Ахаңның отбасымен тұрған үй. Иесін іздеп үй екеш үй де мұңайғандай. Есік алдында өздері отырғызып, өсіріп, аялаған, қазірде алып бәйтерекке айналған жуан қарағашпен бірге сырласқандай, мұңдасқандай боласың. Қайран аға, осы бәйтерек түбінде талай сүйеніп тұрып, халқының болашағын ойлап, көзіне жас алған да шығар. Осы үлкен адамдық қасиетіңіз үшін Сізге ұрпақтарыңыз борыштар ғой!
Балалар, бұл жол басы даналыққа,
Келіңдер, түсіп, байқап, қаралық та.
Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп,
Соларды көре тұра қалалық па?
Даналық өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер, іздеп тауып алалық та!

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.