«ДИУАНИ ХИКМЕТТЕГІ» МӘЖНҮН БЕЙНЕСІ

  • 26.11.2019
  • 67 рет оқылды
  • 0

Төрәлі ҚЫДЫР,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Түркі сопылық әдебиетінің негізін қалаушы Қожа Ахмет Иасауидің мол мұрасы бүгінгі күнде мұсылман түркілердің рухани қазынасына айналып отыр. Хаққа деген өзінің ішкі сезімін жырлаған ақын кейінгі ұрпаққа аманат ретінде даналық сөздерінен «дүр мен гауһар» шашты. Сопылықтың сырлы әлемін бірде ашық, бірде жасырын, енді бірде тұспалдап жеткізген ақынның хикметтері өзіндік атаулар мен ұғымдарға құрылғаны белгілі. Сондай сопылық ұғымдардың бірі – Мәжнүн бейнесі.

Жаратушыға деген ұлы махаббатты жырла-ған Иасауи өзінің бұл жолда естен танып, мәжнүн болғанын бірнеше жерде айтып өтеді.
Ғишқ түшді ғарыб жанға тұра алмадым,
Тақат қылыб хақ ічіндейүрә алмадым,
Мажнун сифат хил-хошыны көрә алмадым,
Баябанны отан қылыб йүрдім мән-ә, –
деп, өзін бетпақ даланы кезіп жүрген Мәжнүнге теңеген. Сондай-ақ, ол: «Қайда барса ишқ дукәнін онда құрды, Ләилі-Мәжнун бу дунианы дурін сүрді», – деп жырлаған.
Мәжнүн хақындағы алғашқы хикаялар Ибн Кутейбаның «Китәб уш-шеғр уәш-шұғара», Әбул Фараж әл-Исфаханидың «Әндер кітабы» мен Әбу Бәкір әл-Уалибинің «Диуани Мажнун» атты еңбектерінде кездеседі. Парсы әдебиетінде өз орнын тапқан Мәжнүн бейнесі Низамиден кейін Әмір Хұсрау Дехлеуи, Әлішер Науаи, Физули секілді классик ақындар шығармаларының басты кейіпкеріне айналған. Уақыт өткен сайын әдебиеттегі Мәжнүн тұлғасы жұмбақталып, сопылық сипат алып отырғанын жоққа шығаруға болмас. Алғашында араб дүниесінде жырланған бұл дастанда діни элементтер кездеспеген болса, парсы жұртына келген кезде сопылық дүниетанымның әсеріне ұшырай бастады. Мәжнүн – Фариуддин Аттардың «Мусибатнамасы» мен Жәләләддин Румидің «Мәснәуиінде» Хақты іздеген ғәріп (ақиқатты іздеуші) ретінде көрініс берді. Қазақ даласында Ләйлә мен Мәжнүннің арасындағы шынайы махаббатты таныстырған Шәкәрім Құдайбердіұлы болған.
Арабша «Мәжнүн» деген жынды демек,
«Мәжнүн» деп ат қойылды оның үшін, – деп ақын жырлағандай, «Мәжнүн» арабша «жынданған» деген сөз болса, сол тілде «Ләйлә» – «түн» деген мағынаға ие. Жынды адамның қараңғы түнде іздегенін табуы екіталай. «Қараңғы бөлмеде қара мысықты іздеп табу қиын, егер, мысық бөлмеде болмаса, оны іздеп табу тіптен қиын», – деп Қытай ойшылы Конфуций айтқандай, бұл атаулардың өзіндік философиялық мәнге құрылғанын көреміз.
Осы ойды тасаууфтың белді өкілдерінің бірі – Шиблидің:
«Сәххә ғиндан-насиинни ғашиқун,
Ғаира әнләмяғләмуишқилимән», –
яғни:
Адамдар менің ғашық екенімді
білгенімен де,
Ғашығымның кім екенін ешкім де
білмейді, –
деген сөздерімен байланыстыруға болады.
Сопылардың түсінігіндегі Мәжнүн – ақиқатты іздеп Хақ жолына түскен адам. Осы дүние танымда «жынды» болу әр сопының арманы. Тіпті, түркі даласындағы алғашқы ғашықтардың бірі – Ахмет Иасауида: «Қырық тоқызда ғышқы түсті куйүбйандым, Мажнунсифатхил-хошыдын қачыбтандым», – деп, өзінің қырық тоғыз жастан бастап осы жолға түскенін айтады. Иасауидің өзін Мәжнүнге теңегені сияқты жыр-жолдарды орта ғасырлық сопы ақындардың бәріненде кездестіру мүмкін. Себебі, Мәжнүн жолы – жүрек арқылы Хақты тану, әрі Онымен қауышу жолы. Сопылардың түсінігіндегі Мәжнүн –Хақтың жамалына ғашы қадам. Жаратқанның шарабы саналатын Алла махаббатынан мас болып, естен танған адам ғана негізгі мақсатқа жете алады. Хақты тану жолында мас болмаған адам – ғашы қемес.
Арабша «Мәжнүн» парсы тіліне «Диуана» болып тәржімаланады. Ал, «Диуананың» сопылық әдебиетте негізгі терминдерден саналатындығы әрі оның ғашықтық әлемімен тікелей байланысты екендігі белгілі. Құл ҚожаАхметтің:
Ғариф, ғашықтар иқатның диуанаси,
Шариғат-дүр ғашықларның афсанасы, –деген жолдарынан бұған анық көз жеткіземіз. Алла жолында жүрген ғашықтар иқатта мәжнүн, диуана болады.
Тасаууф дүниетанымда Ләйлә қызаты емес, ол бұл дүниеде Ләйлә сипатында көрініс тауып, жұрттың бәрін өзіне Мәжнүндей ынтық ететін Алланың бір көрінісі. Яғни, ойымызды түрік ғалымы Усман Нурий Тупбастың сөзімен айтар болсақ: «Ләйлә көңілдерді мәжнүн етіп, тойымсыз нәпсіні жоққа шығарған илаһи (тәңірлік) бір ғашықтық көрініс».
Сөзімізді айғақтай түсу үшін «Ләйлә -Мәжнүн» дастанының түркі тілінде жазылған нұсқаларын зерттеген Агах Сирри Леуендтің еңбектеріне жүгінер болсақ, ол бұл шығарманы орта ғасырда Әлішер Науаидан басқа, Гүлшахри, Ашиқ Паша және Шахиди деген шайырлардың да жырлағанын алға тартады. Осылардың ішіндегі ХІV ғасырда өмір сүрген Гүлшахри өзінің «Мантақатут-тайр» деген туындысында Ләйлә мен Мәжнүннің шынайы ғашықтығы туралы айтып өтеді. Онда ұйықтап жатқан Мәжнүнді оятқанда, ғашықтықтан жынды атанған ақын Ләйләні танымайды. Ол өзін таныстырғанда шайыр:
Мәжнүн егер жүз болса да мейлі,
Ләйләнің екеу болуы көп қате, – дейді. Осы жолдарды автордың өзі былай түсіндіреді:
Мәжнүннің қалағаны Мәула (тәңірдің нұры) еді,
Алайда, арадағы бөгет Ләйлә еді.
Мұнда Мәжнүннің әйел затына емес, Жаратушының жамалына ғашық екендігі анық айтылған. Мәжнүн «Ләйләнің екеу болуы көп қате» деп, Құрандағы «Ықылас» сүресінің алғашқы жолына сілтеме жасап отыр. Ондағы аятта «Аллаһуахад» деп, Алланың жалғыз екендігі баса айтылған. Бұл Исламның алғашқы іргесі – Таухид ілімі.
Біздің ойымызша, сопылық танымдағы «Ләйлә» бейнесі мұсылманша имани куәліктің қысқарған түрі болуы мүмкін. Себебі «Ләиләһәиллә Аллаһ» деп, күніне бірнеше рет қайталау ақиқатты іздеушілердің негізгі зікірі болған. Бұл тасбихтың өзге зікірлерден айырмашылығы, оның сырттай айтылуында (заһири) жатса керек. Әрі мұсылманның алғаш айтатыны да – осы сөз. Сопылар «Ләиләһәиллә Алла» зікірін көп қайталап айта бергендіктен, «Ләйлә» деп ықшамдап алған болса керек. Ахмет Иасауидің:
Тілдәалгыл «Ләиләһәиллә Аллаһ»,
Ічкәсалғыл һәрнәфәсдәболгылагаһ, –
немесе:
Жан-делларнипурсәлах, тасбихлары «иләллаһ», – деген жолдарынан біраз жайды аңғарамыз.
Жүрегінде ғашық от жанғаннан бері Мәжнүннің кезетін жері – бетпақ дала. Оның жұрттан бөлініп, айдалаға қарай қашуы – ғашықтық әлеміне біржолата кіргенінен хабар береді. Сопылардың түсінігіндегі ұшы-қиыры жоқ бетпақ дала – шексіз махаббаттың символы екендігі белгілі. Иасауидің: «Мәжнүн болған соң, бийабанды отан еттім», – деп жырлауы осыған саяды. Олардың түсінігінде Мәжнүннің қалағаны Ләйлә емес, қайтаиләһи махаббатты кемелдендіру жолындағы бір себеп қана. Ақиқатты іздеушілер мазхарға ғашық болу арқылы шынайы махаббатқа кенеледі. Ал, ғашықтық дегеніміз – Аллаға жету, оны түсіну құралы.
Мал аматны башқа алыб жаны бірлән,
Ғашиқлары өлмәс бұрұн өләр ерміш, – деген Түркістаннаң пірі: «Өлмәс бұрұн жан ачығын заһарын тарттым», – деп, өзінің де өлмей тұрып, өлуге ден қойғанын айтады. Хақ жолға түскен дәруіштер Мұхаммед пайғамбардың: «Муту қабла әнтамуту», яғни, «Өлместен бұрын өліңдер», – деген хадисіне амал етуге тырысады. Парсы ақыны Мәуләуи өзінің «Фиһмәфиһ» атты шығармасында осы хадисті былай берген:
«Мәрге пиш әз мәрг ин әст, ей, фәто,
Ин ченин фәрмуд мо ро Мустафо.
Гофт:«Мутукуллукуммин қабли ән,
Ятилмәутутәмутубилфитән», –
Өлместен бұрын өл деген мынауей, фәта,
Бізге осылайша әмір берді Мустафа.
Ол: «Бәрің де ажал оғы жетпестен бұрын,
Өлуге дайын болыңдар», – деді.
(жолма-жол аударма)
Ғашықтың өз нәпсілерін өлтіруді «Өлместен бұрын өлу» дейді. Сондай жағдайға жеткен пенде ғана Хақтың жолын ариясыз берілген болып саналады.
«Бемирид, бемирид, дәринешқбемирид», –
яғни:
Өліңдер, өліңдер, ғашықтықта өліңдер, – деп, Мәуләуи «өлместен бұрын өлуді» насихаттаған. Түркі даласынан шыққан Иасауида Алла жолында жан беруді басты мақсат етіп алған. Жан бергенде де Әзірейілдің ажал оғы емес, қайта, жан алушы періште келгенше өзінің ішкі бар сезімімен өлуге дайын болу. Қамшының сабындай ғана қысқа өмірде, шайтани нәпсі үшін жаратылған «жылтырақ» нәрселерден бас тарту – ақынның басты арманы. Себебі, сопылар түсінігінде бұл өмір тек, өткінші ғана емес, сонымен бірге, пендемен Алланың арасына тосқауыл болатын үлкен бөгет. Хаққа ғашық адамдар сол бөгеттен асып түсіп, шынайы бақытқа қол жеткізуді басты мақсат санаған. Шын әулие өзінің шайтани нәпсісін өлтіріп, бар ынта-жігерін Жаратушыға бағыштайды, соның жолында өз құмарынан бас тартуды үлкен күш-қуат санаған. Тариқатқа кірген дәруіштер мен сопылар ақиқатты іздеуде өздерінің алдарында жол салып кеткен пірдің, яғни рухани ұстаздың өсиеттерін бұлжытпай орындайтын болған. Ішкі бар нәпсіні өлтіру үшін олар ханака мен қылуеттерге де отырған. Нәпсіні өлтіру туралы Алла елшісі бір соғыстан келгенінде қасындағы жарандарына қарата «Біз кіші жиһадтан (Алла үшін жасалатын қасиетті соғыс) келдік, енді үлкен жиһадқа барамыз» деген екен. Мұндағы пайғамбардың «үлкен жиһад» деп отырғаны, жау қамалы не дұшпан дарбазасын күшпен алу, өзгеге қарата қылыш сермеп, қан шығару емес, қайта, адамзат баласының басты қарсыласы – нәпсімен күресу. Өзгеге қарата тас атқаннан, іштегі нәпсіні өлтіру анағұрлым қиын әрі ауыр екені белгілі. Қазақтың «Шын батыр – қарсыласын жеңген адам емес, ашуы келгенде өзін ұстай білген батыр», – деп босқа айтпаса керек.
Расында да, ішкі нәпсінің құлы болмай, оған қарсы шыға білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сопылар белгілі бір дәрежеге жету үшін өз құмарын өлтіретін болған. Көз, қол, аяқ, асқазаннан болатын күнәлі істерден бас тарту. Тіпті, ұстаздың айтқанынан шығудың өзі де олар үшін үлкен айып саналған. Ақиқат жолында кездесетін осындай кедергілер мен бөгеттерді жеңген пенде ғана шынайы Хақ жамалын көре алады. Бар ғұмырын осыған арнаған Иасауидің арманы да осы. Фана дәрежесіне жетіп, Алламен қауышуды қалаған ақынның өз кезегінде дүниенің кейбір нәрселерінен бас тартып, қылуетке кіріп, сол жерден пана іздеуінің астарында осындай үлкен мән бар. Мұндай қадам жасау – шынайы ғашықтардың ғана қолынан келеді. «Ғашиқлар өлмес бұрұн өлерерміш», – деп жырлаған ақын, өзінен кейінгі шәкірттері мен мүридтеріне өсиет қалдырып қана қоймаған, алғашқылардың бірі болып осы қағиданы өзі орындаған.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.