АСЫЛ АҒАНЫҢ ЖАН ЖЫЛУЫ

  • 12.12.2012
  • 757 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Елімізге танымал ғылым және әдебиеттің аса көрнекті өкілі, академик Зейнолла Қабдоловтың атын бір кісідей танып білгенмен, жеке бас таныстығым жоқ болатын. 1982 жылы қыркүйек айының он сегізінші жұлдызында, Алматы қаласында жаны жайсаң жақсы ағамен танысудың сәті туды. Өзім ардақ тұтып сыйлайтын ағам Қалдыбек Сәбденұлының 50 жылдық мерейтойында кездесіп, тілдесуге мүмкіндік болды. Ол кезде Қалдыбек ағай Алматы облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы болып қызмет істейтін.
Заманның талабы ма, жоқ өзінің шешімі ме, мерейтой дегені болмаса, ағайын-туыстың басын қосқан жиыны өз үйінде өтті. Сол жиынның аса құрметті қонағы болып, төрінің басында Зейнолла ағай мен оның асыл жары Сәуле апай отырды. Той болған сон қонақтарға кезегімен құттықтау сөз беріліп жатты. Алғашкы беташар тілек сөзді айтқан Зейнолла ағамыз терең сезіммен толғана тұрып, Қалекеңе үлкен баға беріп, өзінің азаматтық көзқарасын білдірді. Ол кісінің мәнерлеп, әсерлеп айтқан сөздері зергердің қолынан шыққан асыл заттай, көңілге қуаныш ұялатты. Той иесін де марқайтып тастады. Сөз реті келіп құттықтау сөз маған да тиді. Мен алдын-ала хатқа түсіріп жазып барған құттықтау тілек сөзімді оқып бердім. Құттықтау сөзімді аяқтағанда, той қонақтары қол соғып, қуаттап жатты. Ал, Зейнолла ағам болса, «Апыр-ау, мына жігіт біздің ауылдан болды ғой, не әдебиет, не журналистиканың маңайында жүрген біздің шәкірттерімізден болар, сөз саптауы соған ұқсап тұр», – деді. Сол кезде Қалдыбек Сәбденов «Зейнаға, бұл менің қарындасым Ұлдының жолдасы, Шымкенттен келіп отыр, сонда облыстық соттың мүшесі болып қызмет істейді мамандығы – заңгер», – деді. Сол кештен бастап Зейнолла ағамен арамызда жылы қарым-қатынас, адами сыйластық басталып еді. «Ұлылыққа тән қасиет – қарапайымдылық» деген кағиданы естіп өстік. Зейнолла ағай мен Сәуле апай тұрмыста да, адами ортада да, қоғамдық орындарда да, сол ұлы қасиет карапайымдылық деген ұғымның шеңберінен шықпастан, сол арқылы елдің де, халықтың да, Елбасының да құрметіне ие болған асыл жандар екеніне араласа келе көзім жетті.
Біз ол кісілермен ұзақ жылдар отба­сылық аралас-құралас, сырлас көңіл­де өмір сүрдік. Зейнолла ағамен әрбір кездесу, әңгімелесіп сырласу, жан-дүниеңді байытып біліміңе білім, ақылыңа ақыл, парасатыңа парасат қосып, бір белеске шыққандай сезімде болатынсың. Ол кісінің терең біліміне, әдебиет әлеміндегі айсбергтей алып тұлға екендігіне еш­кім­нің де таласы болмаса керек. Ол кісіден тәрбие алған шәкірт ғалымдары, мемлекеттік қызметтің биік тұғырынан билік айтып жүрген сауатты да салиқалы, ел тізгінін ұстап, Елбасының оң қанатында жүрген абыройлы азаматтардың өзі ұлы ұстаз деп құрмет тұтады.
Зейнолла ағамыз да өзінің өмір жолында үлкен әсер берген, болашақ өмірге жолдама алуына игі ықпалын тигізіп, өмірлік бағыт-бағдар сілтеген ұлы ұс­тазы М.Әуезовті бүкіл жан-дүниесімен жақсы көріп, алласына сыйынғандай ау­зынан тастамайтын. 1996-97 жылдары ол кісі өзінің ұстазы жайлы «Менің Әуезовім»деген роман эссесін жазды. Қарапайым ұғынықты тілмен жазылған бұл еңбегі оқырман қауымының жүре­гіне жылылық ұялатып, ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынастың, өмір сүрудің мәні мен мағынасын, адам жанының асыл қасиеттерін әдемі әдіптеген, биік мақсаттарға, көрінбеген көк жиектерге көңіліңді жетелейтін туынды болды. Оқырман қауым жоғары бағалаған бұл шығарманың иесіне Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты деген құрметті атақ берілді. Сол жылдары, яғни, 1997 жылы мен Бас прокуратурада қызмет істеп жүрген кезімде 50 жасқа толып, ел қатарлы мерейтой өткізуіме тура келді. Бұл тойды Шымкент қаласындағы «Сарыарқа» акционерлік қоғамының «Сарыарқа» саябағында 7 маусым күні өткіздім. Той қонағы ретінде, аса қадірлі ағам Зейнолла Қабдоловты да шақырдым. Ол ағайын-жолдастың көмегінің арқасында биік дәрежеде өтті. Оны елімізге танымал ғалымдар, Ұлттық Ғылым академиясының академиктері Зей­­нолла Қабдолов, Зейнолла Молдахметов, Қалдыбек Сәбденов сияқты көрнекті тұлғалар құттықтау сөз айтып ашты. Сондағы Зейнолла ағаның мына бір айтқан сөзі әлі есімде қалыпты. «Кеше ғана Иманғали Тасмағамбетов бастаған делегация Парижге аттанып кетті, маған да жүр деген еді, 5 жылда жазатын «Менің Әуезовім» дейтін шығармамды 5 айда бітіремін деп, өзімнен-өзім жарысып, қаламым тоқтап қалады деп, бармадым. Парижге бармағанмен, Шымкентке осы тойға келмеуге мүмкіндігім болмады. Ұлы Ғабең өзіне дейінгі қазақ әдебиетінің бес классик жазушысын «алыптар тобы, шоңдар шоғыры» десе, Владимир Стасов өзіне дейінгі бес ұлы композиторды «Могущая кушка» деген екен. Солар айтқандай, қазақ даласында жұлдыздың бес бұрышындай, бес биік заңгер болса, соның бірі Бекет деп білемін, сондықтан, бұл тойға келмеуге амалым болмады. Келгеніме толқып та, шалқып та, қуанып тұрмын», – деген еді. Ұлы ұстаздың бұл тілегі маған тағы да көп міндеттер жүктегендей болды. Халықтың сеніміне селкеу түсірмей қызмет істеуіме міндеттеме алғандай болдым. Осыған дейін де, осыдан кейінде ұлы ағаларымыздың сенім-өсиетіне адалдық танытып, арман тілегімді іс-әрекетіммен дәлелдеуге тырысып келе жатқан сияқтымын. Халықта «Жақсымен жүрсең, жетесің мұратқа», «Жақсымен жанастыра жүр», – деген сияқты қасиетті қағидалар бар. Сол айтқандай жақсы ағаның жанында жүру мен үшін үлкен бақыт болды.
Асыл ағаның жарқырап елге танылуына жақсы жарының жан шуағы, мөлдір махаббаты, кісілік келбеті, аналық асыл қасиеттері сөзсіз игі әсерін тигізгеніне көзім жетті. Қадірлі ағамыз қатты науқас болғанда, Сәуле апайдың ауыр күндерді арқалай отырып, ағаның айығып кетуін бар болмысымен тілеп, қызмет ете жүріп, сол күндердің ыстығы мен суығын сезінген естелік күнделігін жазу арқылы оқырманға ой түсірген, зерделі, өнегелі ісін ерекше сүйсініп түсіндім. Осы бір ұлы адам жайлы шағын ғана естелік жаза отырып, бұл кісімен бірге өткізген күндерді көз алдыма елестетсем, көзден кетсе де, көңілден кетпейтін, жаныма жауһар сезім ұялатқан асыл жанның жан жылуы бойыма қуат, ойыма өріс беріп, адамдарға тек жаксылық сыйлау қажет деген ұғымды ұлы ұстаздың ұғындырғанын асыл қазынам деп есте ұстадым.
Сәуле апай маған естелікке ұсынған бір кітапта жазған автографында «Зекең тірі болса, ұзақ ғұмыр, сұлу өмір сүр деп, естелік айтар еді, ал сол сөзді тағдыр маған жаздырып отыр» деген екен. Ал, сол сұлу өмірді Зейнолла ағам сүрді деп есептеймін. Оның жан сұлулығы, жүрек жылуы, пейіште болар пейілі халқына қалдырған мұрасымен бірге өмір сүре береді.
Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері – құрметті судьясы, заң ғылымдарының докторы,
профессор

Алдыңғы «
Келесі »