КҮЙ СИҚЫРЫ ТУРАЛЫ СЫР

  • 26.11.2019
  • 59 рет оқылды
  • 0

Серікқали ХАСАН,
«Ақиқат» журналының
бөлім редакторы

Тау шыңдары түнде сонадайдан тым қатты зорайып көрінетін. Мезгіл жаз кезі еді. Күндіз күннің көзі бейнебір көз қарықтырғандай-ақ болып жарқырап тұрған кездің өзінде де, қапелімде алыстағы көз жеткізбестей болып көрінетін ақ тақиялы шың-құздар бір сәт Ай жарығымен тым таяу тұстан менмұндалай бастаған. Осы кезде алматылық атақты қылқалам шебері Аңсатов түнгі тау аңғарларының сұлбасына үңіле бір көз салды да, сосын қайтадан іштей тына қалды. Ол осы заманғы атақты қылқалам шебері, әрі өз шығармашылығында жүздеген тақырыптардағы көркем келісімдерді түрлі-түсті майлы бояулармен сан құбылтып, асқақтатып сөйлете алғандығымен, дәл қазіргідей алып таудың әлдеқандай бір сыр шашқандай болған таңғажайып болмыс-бейнесін дәл сол қалпында жеткізіп бере алмас еді. Өз кәсіби өнеріндегі қол жеткізбестей биік асулар әлі де көп, ал, өмір шіркін болса, осылайша зыр-зыр қағып өтіп жатыр. Ол үшін күнұзақты тау бөктеріндегі қашан өзінің сол күнге деп жоспарлаған жұмыстарын аяқтап, енді үйге қайтқанша асығып жүріп, артынша өзінің астындағы жеке жеңіл көлігімен ымырт үйіріле қаладағы үйге жетіп, табалдырықтан аттай бере, қашанғыдай әйелінің бетінен өбіп, әрі қарай тоқтаусыз өткеннің өзі де осынау тынымсыз шыркөбелек айналып жатқан ғұмыр шіркіннің бір белесті кезеңі емес пе?! Солай, одан басқаның оған, тіпті, қажеті де шамалы еді.
Ол іңір шағында балконға шығып, шылым шегіп тұрғалы бері де біраз уақыт өткен. Әзірше ішке кіріп, төсегіне жата қоятындай ойы жоқ. Ол қазір қол созымдай-ақ жердегі тау сілемдеріне осыншама көз талдыра қарап, іштей қатты ойланып тұр еді. Кешегі көктемнің жаңа шығып келе жатқан кезі болатын, бірде бұл өзінің бөктердегі қалың ағаштардың арасына шоғырланған шеберханасында күнұзақты жұмыс істеп, енді сәл тыныстап, оңашада ой кешіп отырғанында, даладан, терістіктегі әлдебір тұстан қаңқылдап ұшқан қаздардың үндерін естіді.
-Қи-и-иқ, қи-и-иқ!.. – Дала бұл кезде кәдімгідей ызғарлы болатын. Аңсатов енді аяқтарын ақырын басып, сәл ұзаған соң, кеше ғана өзінің жапырақтарын жәйіп, жайқала бастаған алма ағаштарының арасынан арғы жақтағы тік жарлы тау өзенінің етегіне қарай жүгіре жөнелді. Жер сәл дымқылдау болғанмен, бұл сонда осыншама жанұшыра жүгіріп, әлгінде ғана өзіне біраз жердей болып көрінген өрге де тез көтерілді. Әрі бұл тұс тау дариясының бір шеті мен бір шетіне көз жетпес алып көлге апарып құятын сағасына тым таяу жерде жатыр еді.
Бұның сондағы далаға шыға беріп, бірден анық көзі шалғаны тау сарқырамасының үстінен қалықтап өте беріп, бірден топтасып ұшқан үйірі мол жабайы қаздар болатын. Ойпыр-ай, олардың сондағы тағы қаншама үйірі лек-легімен мазасыз: «Қи-иқ-қи-иқ!..» – деп, асығыс алға қарай озып, алғашқыларының әлгіндегі осыншама қауанышпен қаңқылдаған үндері кенет бір-бірімен жамырасып, тым қатты шулы болып естілгесін, сондағы соңғы тізбек бір сәт өздерінің ентіктерін басқандай болып, әрі қарай мүлдем үнсіз қалықтады. Қаншама жылдардан бері Алматыда, осынау тау бөктерінде ғұмыр кешсе де, бұның бұндайды өз өмірінде бірінші кездестіруі еді.
-Қи-иқ, қи-и-иқ!.. – Сағыныш, әлде тұлабойыңды тербетіп, толғанысқа түсіретін ән сазына да ұқсайтындай ма, қалай?! Бұл сол күні қапелімде өз құлағы мен өз көзіне өзі сене алмай, етектегі жар басында, сондағы жалғыз теректің түбінде ұзақ уақыт бойына үнсіз отырып қалған. Жаңағының бәрі бейнебір қасқағым сәттегі елес қана секілді. Осындай да болады екен-ау, тегі, бүгінде осыншама егде жасқа келіп, есімі елге танымал қылқалам шебері атанса да, неге екендігі қайдан, бұл сол сәт өзін бәз-баяғы балалық шақтағыдай, күнұзақты қызық қуып, шетсіз-шексіз қиялдарға берілген күндердегідей-ақ сезініп, сонау алыстағы әманда ертегідей-ақ құлпырып тұратын өз туған жерінде, мүмкін, сондағы ирелеңдеген үлкен өзеннің ашық жағалауында отырғандай болған секілді ме-ау, қалай?! Онда да, тек баяғыдағы тарихи шежірелерде ғана айтылатындай, кезінде алқызыл қанатты қоқилар қоныс еткен әйгілі Тұщықұлақтың жағалауында емес, дәл бір есінде мәңгілік жатталып қалған ауыл клубының ішінде, дәл сондағы концерт кезінде алдыңғы қатарда еденге тізе бүгіп, қарсы алдындағы биік сахнада домбыра шанағында құйқылжыта ойнап отырып, өзі де әлсін-әлсін сілкініп, әрі-бері тынымсыз тербетіліп қоятын өнерпаз жігіттің күйін тыңдап отырған қалпым екен дейді…
Осымен жүзінші, әлде мыңыншы рет есіне түсіп отырған оқиға кезінде негізінен былайша өрбіген болатын-тұғын. Бұл оны ешқашан да өзінің есінен бір шығарған емес, дәл қазір де сондағыдай көз алдында; қайсыбір жылы (әйтеуір, бұл да дәл қазіргідей жадыраған жаз кезі еді, дәл сол жылы іргедегі Тұщықұлақ көліне жылдағыдай жұп-жұп болып, бір үйір аққулар келіп, ауыл іргесінің кәдімгідей сәніне айналып, ал, күзде алыстағы жылы жаққа қарай жұптарын жазбай, тағы да топ-топ болып, асығыс кеткен) әйгілі Нарын құмының іргесіндегі бұлардың ауылына мүлдем ойламаған жерден бір шағын концерт труппасы келе қалып, орталықтағы былайғы кездерде ілуде бір кешкілік ересектерге арналып, кино көрсетілгендігі болмаса, басқа уақыттың бәрінде көбінесе есігі мен терезесінің перделеріне дейін жабық тұратын ауыл клубында бір қызықты концерт қоя қалмасы бар ма?!
Өзінің қасында отырған, өзінен бар-жоғы екі жастай ғана үлкендігі бар Игілікті қайдан, ал, бұл бұрын мектеп залында оқушылардың мерекелік концерті болмаса, ауыл клубында өтіп жатқан мынандай үлкен концертті өз өмірінде бірінші рет көріп тұрғандықтан, сахнадан тұтастай төргі қабырғаны көмкерген полотнодағы қырдағы ауыл, түндіктері ашық тұрған киіз үйлердің жандарындағы әрі-бері шапқылаған адамдар… шамасы, сондағы бір үйде ойран-асыр той өтіп жатса керек, біреулері дөң басында әткеншек теуіп, көңілді топпен ойнап-күліп, сыңғырлаған күміс күлкіге көміліп жатса, ендігі бір тұстарда үстіне ұзындау келген, бүрмелі етекті, қысқа жеңді, жылтыраған белдігі бар қамзол киген, қос бұрымы тілерсегін қаққылаған жас бойжеткен қыр гүлдеріне өзінің құшағын жайып, қарсы ұмтылғандай болып, әуелетіп ән салып, маңайдың бәрін бір өзіне ғана баурай түссе, оның оң жағындағы келесі бір он екі қанатты киіз үйдің алдындағы айнала қоршаған тыңдармандарына домбыра шертіп, күй төгілдірткен бұйра шашты жас жігіт сені бірден өз үйіріне қарай баурай жөнелгендей болғандығы және соның бәрі дәл өмірдің өзіндей-ақ болып қатты әсер еткендігіне қайран қалып, көңілі алып ұшып, бұл сонда бейнебір өзін ауылдағы шағын клубтың залында емес, ертегідей-ақ құлпырған мүлдем басқа әлемде, бәлкім, баяғыдағы Ертөстік пен Қобыланды батырдың ауылдарында отырғандай-ақ сезіне бергендігін қайтерсің?!
Сондағы қатты әсерге бөленіп, өзгеше бір әлемге еніп, көпке дейін өз-өзіне келе алмағандығы соншалық, сәлден кейін, сахнаға үстіне ою-өрнекті қоңырқай кәстөм киіп, қолына қоңырқай домбыра ұстап шыққан кең маңдайлы, қақпақ жауырынды, қыран қабақты, әлсін-әлсін ішкі сезімдеріне беріліп, ернін жымқырып, теңселе толқып, сілкініп-сілкініп алатын қоңырқай жүзді, шалқақ мойынды жас жігіт шығып, күмбірлетіп күй шерте бастағанда, оның құдіретімен бірге шалқып-тасып, мүлдем тосын, өзгеше бір әлем болып көрінетін таңғажайып сиқырдың арғы жағына қарай өзінің де қадам басып, біржолата еніп кеткендігін өзі де аңғармай қалғандай еді-ау!.. Соның бәрі енді телегей-теңіз сағыныш қана болып оралып отырғандығын қайтерсің?! Пай-пай және де қандай сағыныш десейші?! Сондағы орындаушылардың өзіндік шеберліктеріне салып, домбыра шертіп, мерекелік концерттерде мектептің акт залындағы шалқыта орындаған күйлер бұған ерекше қызықты да болатын; бірақ, мына қоңырқай өңді, өзінің күйлерімен бірге құйқылжытып, дәл сол сәтте сенің қан тамырларыңды да күй сазымен тербетіп, сан толқытып, бейнебір өзінің арнасынан асып-төгіп жатқандай-ақ кейіп танытып, үнемі әрқилы қимыл-қозғалыс үстінде отырған әртіс-күйшінің күйі, оның күй күмбірін өзінің жүрегіне дейін жеткізіп, көз алдыңа күй-өмір, күй-дала, күй-шабыт, күй-шұғыла, күй-саз, күй-аңыз, күй-шалқыма, күй-теңіз, күй-мұхитты елестеткендей болған шеберлігі мен саусақтарының көз ілеспестей шапшаңдығы, кейде, тіпті, өз саусақтарынан бөлек, әлдебір құдіретті күш, сезім, көңіл-күйдің алға қарай ұзаңқырап кеткендей болып, сені де қаралай қайран қалдыратындығын қайтерсің?! Уақыт өте келе, көрермен жұртшылықтың өзінше бір сүйкімді аруына айналып үлгерген, әрі өзі де әдемі, сөзі де әдемі конферансье қыздың ілкі бір хабарлауынан есінде қалғандай, өзі де бірнеше рет байқау-сынақтардың дипломант, лауреаты болып келетін күйші жігіттің екінші, әлде үшінші орындаған күйі «Алқызыл қанатты періште құстар – қоқилар» деп аталатын. Ал, мына күйші өзінің ойнақшыған домбырасының пернелерін құйқылжыта шертіп-шертіп келіп, бейнебір сол қоқилардың сирек те болса, өте нәзік, әрі әуезді болып естілетін үні мен қанаттарын бір қалыпты тынымсыз сабалап, қоқиланып, сыланып, таранғанда, сұлулығы көз арбап, қапелімде адам тілі байланып, көздері өзгеше бір сиқырға арбалып, тұсалып қалғандай, ұзақ қалықтап тұратындықтарын елестеткендей болғанда, бұл да өзгеше бір ойға шомып, күй күмбірі, күй сыйқырымен өнбойын нағыз өмірдегі, бәлкім, дәл сол бір жылдары бір қиырдағы әйгілі Америка мен Африка, әлде табиғаты бір қалыпты жылы болып келетін шығыс елдеріндегі сулы, нулы, қоғалы, қамысты, әрі семіз сары сазандары мен басқа да дәмді балықтары шыпырлап жатқан тыныш көлдердің бірін мекен етіп, өсіп-өніп жатқан нағыз су перісі, нағыз су тәңірісі дерліктей алқызыл қанатты қаздарды тым таяу тұстан анық көргендей болған еді!.. Күмбір-күмбір, қоңыр үнді саз, әсем ауен!.. Жоқ-ау, бұның қиялындағы бұның өз рухани әлеміндегі періште қаз, алқызыл қанатты қоқилар ешқандай да алыстағы Американың Оңтүстігі мен Солтүстігі, ыстық ауасы қапырықтанып, шағын өзен-көлдері кеберсіп, шалшыққа айнала бастаған әлдебір Африка, не дәл сондай сирек кездесетін құстар мен қаздарды өз аймақтарындағы өзен, көлдерінің етегіне тартқандай бір кереметтері бар Аппенин түбегі, Тұманды Альбион, Парсы елі, Түркия, Ауғанстан мен Пәкістанда да емес, дәл бұл және барша ауыл балалары жаз бойына өзінің етегінде шолпылдатып суға түсіп, бірде қайыққа отырып, серуен-саят құрып, сондағы қамыс-қоғалардың ашығына емін-еркін қармақ салып, қызылқанаттылар мен майшабақтар ұстап, мәз-мейрам болып жүретін ерке толқындарында, кең қолтық, аумақты көл Тұщықұлақтың етегіне бауыр басып, маңайдың бәрін – бұлардың ауыл іші мен әдетте бұлар асыр сап, ойнап жүретін құм-таулардың арасына дейін алқызыл түстерімен сәулелендіріп, бейнебір ертегі әлеміне де енгізгендей болды ма, қалай?! Күй, жоқ, бұл терең сезім, асқақ әуенді күй ғана емес, сананы сәулелендіріп, кіршіксіз таза көңілге ұялататын өзгеше бір сиқырлы көріністер де еді! Бұның сондағы күй әуеніне елітіп, тым-тым алысқа қарай шығандап кеткендігі соншалық, кейін «Қоқи қаз» күйі аяқталып, жұрт дуылдата қол соғып, күйші ғайыпқа сіңіп, сахнаға келесі бір күміс көмей әнші, әлде сайқымазақ сиқыршы шыға келгенде де, бұл өзінің көкейіндегі жылы мекен, тыныштығы ұйыған шалқар көлді мекен етіп, маңайдың бәрін нұрға бөлеп, жаз бойына жергілікті тұрғындардың қуанышы мен берекесіне айналған алқызыл қанатты қоқилардың ерекше жаратылған таңғажайып сирек қалпын көз алдынан бір шығара алмады емес пе?!
-Тез-тез! – дейді өзін-өзі үсті-үстіне қамшылай түскендей-ақ болып.
Айдын өзінің түптегі тыныш бөлмесінен жүгіре басып, бірден шарбақ ішіне қарай атып шыққан. Түс кезі әлі бола қоймаған, күннің көзі тап онша ыстық емес. Бұл кезде шарбаққа кептер келіп, ертеңгілік тауықтарға шашылған тарылардың қалған-құтқандарын теріп жеп, тым қатты үймелесе қалыпты. Әшейінде бұндай кездерде, өзі анадай тұстан кептердің арасындағы ақ қанатты, не ақ бастыларын (ішінара періштедей аппақтары да кездесіп қалатын) меншіктеніп, оларға қызыға қарап, қиялданып, есіктің үйден шыға берістегі табалдырығына сылқ етіп отыра қалатын бұл енді оларды үркіте-мүркіте:
-Кіш-кіш-ш!.. – деп, қуып жіберді.
Көздерін жұмып, қайта ашса, жаңағы көңілінде сайрап тұрған елес-бейненің бірі де жоқ, бұл енді тездетіп киіз төсеніштің жоғарғы жақ бұрышының астындағы жасырулы жатқан тиын-тебендерін алып, бірден көшенің арғы бетіндегі кітап дүкеніне қарай құстай ұшып ала жөнелді. Кітап дүкені бұл үшін осы ауылдағы ең бір қастерлі орын еді. Онда астаналық қаладағы баспалардан кеше ғана шыққан жаңа кітаптармен бірге, түрлі-түсті суреттері бар, әрі өте әдемі открыткалар да сатылатын. Дүкендегі аққұба өңді, ибалы жүзді, орта бойлы, көзәйнекті сатушы апай да бұған жақсы таныс. Мектептегі үзіліс кездерінде, не осылайша сенбі, жексенбі күндері келе қалса да, бұның және бұның қасындағы достарының үнемі осында арнайы бірдеңе сатып алу үшін ғана келетіндігін білетіндіктен:
-Иә, айта ғой!.. – деп, бірден күлімсірей қалатын.
Айдын өзінің осында келгендегі ентігін баса алмай, қашан енді акварель бояуын сатып алғанша, өзінің көңіліндегі қиялға бергісіз көріністер – ауыл іргесіндегі алып көлдің бетін алқызыл алауға бөлеп, ауыл етегіне жақындап қалған қоқи қаздарды бейнелегенше, тағы да бір тағаты қалмай, өзіне-өзі:
-Тез-тез!.. – дей берген еді.
Абырой болғанда, бұл кезде дүкен ашық, іште тап онша көп адам жоқ. Рас, бұл мектепке таяу орналасқан кітап дүкеніне үнемі өзінің кластастарымен бірге келіп жүретін еді, әсіресе, әртүрлі даталы мерекелердің қарсаңында, бұлар ұстаздарға және кластағы қыздарға сыйлық жасау үшін міндетті түрде открытка сатып алуға ғана келетін. Бұнда открыткалардың түр-түрі де баршылық. Гүлдері, тағы басқа да талайғы таңсық суреттері бар открыткалар бірден көзге түсіп, үнемі сатушының алдындағы шыны сөренің үстінде осыншама көздің жауын алғандай болып, тізіліп-ақ тұрар еді. Ал, шыны сөренің астында акварель бояуы мен әртүрлі үлкенді-кішілі қылқаламдар жататын. Бұл осы кезге дейін кітап дүкеніне қаншама рет келсе де, бұндағы акварель бояуы мен қылқаламдар бейнебір үстін шаң басқандай болып, бір орыннан қозғалмай, әлі де сол бетінше жататын. Әлгіге көздері үйреніп кеткендігі соншалық, бұлар ол жаққа көз салмауға тырысатын.
Осының бәрі акварель бояуының қадір-қасиетіне байланысты есіне түсіп жатыр ғой, әйтпесе… Жалма-жан сатушы апайдың алдына дейін жете беріп, тездетіп көз салса, баяғы акварель бояуы әлі де сол қалпында еш міз бақпай тұр. Бұл оны тездетіп өзінің бағасына сатып алып, жүгіріп үйге келген соң, түптегі өзінің бөлмесіне барып, аз кідірді де, бірден далаға шықты. Шарбақтың іші тым-тырыс. Манағы жемтіктерге таласып, пыр-пырлаған кептер де жоққа тән. Ең бастысы, бұл өзінің сурет дәптеріндегі ақ парақтарын қойып, сурет салғысы келген ағаш сәкінің үсті көлеңкелі еді. Өзі үйдегілер кешкілік өрістен кештетіп қайтатын сауын сиырларын тосып, ай жарығымен далада отырғанда, пайдаланатын көнелеу орындықтардың біріне отырып, ақ параққа әуелі қарындашпен алдағы өзі суреттейтін кескін-келбеттерді бейнелемес бұрын, қаншама күндерден бергі көңілін тасытып, көз алдынан бір кетпей қойған алқызыл қанатты қоқиларды қайтара бір өзінің көз алдына дейін елестетіп әкелді. Иә-иә, Тұщықұлақ көлі мен іргедегі ауыл ішін алқызыл алауға бөлеп, алыс өңірлерден ұшып келген қоқи қаздардың бұл өмірдегі ең бір теңдесі жоқ сұлу көріністері енді жәй ғана бір қиял, не қиялдан қиялға ұласып, ақ қанатты арманға айналған елес-бейне де емес, нағыз шынайы өмірдің өзіне де айнала бастаған.
Осыншама әсерленіп, іштей қатты толқып отырғанда, бұл өзінің қолына қарындашты қалайша ұстап, алғашқы бір кескін-келбеттерді тамылжыған табиғат көріністері – өзен, көл, қамысты, қоғалы жағалау, ашық аспан асты, шұғылалы күн, алыстан менмұндалаған кең даламен ұштастырып, қалайша сөйлете бастағандығын да аңғармай қалды. Әрі қарай бәрі өз-өзінше-ақ дөңгелеп кете барған. Бертінде бұның алғаш ауыл клубындағы сахнадан құйқылжыған күйлерін тыңдаған күйші, сондағы бейнебір нәзік, сезімтал, өз құдіреттерін өз тірліктері, өздерінің табиғат-ана сыйлаған таңғажайып көріністерімен көрсетіп, дәлелдей алған алқызыл қанатты қоқилар да ұмытылған, бірақ, оның есесіне, өмірде бақытты балалық шақтағы сол бір кезең, сондағы күй әуені, күй құдіретімен әлдебір алыс қиырлардан жылы жаққа жеткенше асығып, қаңқылдай ұшып, маңайдың бәрін алқызыл түсті әсем көріністерге бөлеген қоқи қаздардың кітапта да, аңыз-ертегілер мен жыр-дастандарда да сирек кездесетін ғажайып көркем келісімдері «Алқызыл қанатты қоқилар» атты көркем полотносында ғана сақталып қалды.
…Сол күні төбеден қанаттарын тынымсыз сабалап, саулап ұшқан қаздардың соңғы легі өзінен тым қашықтап кетсе де, бұл көздерін қайта жұмып, өзінің есіне қайтара бір баяғыда ауылда, сондағы бүгінде қайтара бір жөндеуден өткізіліп, ауылдың орталық базарына айналдырылды дейтін бұрынғы ауыл клубының ішінде, әрі десе, дәл сондағы өзінің тағдырын мүлдем басқа жаққа қарай бұрып әкетуге себепші болған концертте, домбыра шанағында ойнаған жігіттің «Алқызыл қанатты періште құстар – қоқилар» күйін күмбірлеткендегі жаны толқып, ерекше бір күйге бөленген шақтарына қайтара бір тап болғандай-ақ сезінді. Сондағының бәрі-бәрі – клуб ішіндегі ине шаншардай да бос орын қалмағандығы, адамдардың концерт басталғалы бері, рахат бір күй кешіп, жүздері жана бастағандықтары мен өзінің қасында отырған ұл-қыздар да күй күмбірімен бірге қуанып, бірге шалқығандай-ақ болса да, бұл күйдің дәл бұлардың ауылының іргесіндегі атақты көлдің бұрынғы өткен тарихи шежірелерімен тығыз байланысы барын, не бұның өзіне ерекше қатты әсер етіп, алдағы өз болашағын өнерден, онда да бейнелеу өнерінен және дәл тұңғыш тырнақалды «Алқызыл қанатты қоқилар» атты көркем полотносынан табарын еш сезінбегендігіне дейін де есіне түсе берді. Сондағы адамдардың жүздері – ауыл ересектері – қариялар, жастар, жұмысшылар, өзі күнде бірге ойнап-күлмесе де, мектепте, көшеде, көгалды далада жиі көріп жүрген ұл-қыздар, өзінің қасында күйге елітіп, әлсін-әлсін жүздеріне шуақ үйіріліп отырған ағалары Шынтақ пен Игілікке дейін де көз алдында…
Әлгі бір көктемгі өздерінің жылы мекеніне қайтып оралған жабайы қаздардың өзінің кеудесінде баяғыдағы алқызыл қанатты қаздарға деген сағыныш сазын қайта оятқан қаңқылынан кейін, бұл өзінің әлгінде есіктері ашық қалған шеберханасына қайтып келіп, тездетіп киініп, қаладағы үйіне қарай бағыт алды. Үйге келген соң, төрдегі «Алқызыл қанатты қоқилар»-дың алдында үнсіз ұзақ кідіріп, бір сәт көздерін тас қып жұмып, іштей бұл көркем шедевр әлі өмірге келіп, өзін өнердегі және өмірдегі өрге шығарып үлгерместен бұрынғы кез, алыста қалған бақытты балалық шақтағы ауыл клубының сахнасында домбыра шанағында ойнаған өнерпаздың күйін тыңдап отырған шақтағы санасына сәуле шашқан алқызыл қанатты қоқиларды қайтара бір көз алдына дейін елестете берді.
Жо-жоқ, дәл қазіргі сәттегі бұның көкейін тесіп, іштей қатты ойландырып, толғандырып қойған жәйт ол да емес-ті. Бүгінде базарға айналып, күнұзақты «алыңдар, алыңдар» деп шуласқан адамдардың үндеріне толған бұрынғы ауыл клубы бұл үшін қазір де өзінің есінде мәңгілік сақталып қалғандай сыңғырлап, күй күмбірімен осыншама шалқытып-ақ тұрғандай ма, қалай?! Сондағы домбыра шанағында ойнаған өнерпаз жігіттің төгілдіртіп, құйқылжыта түскен күйі… Бірінен соң бірі шалқып, дәл бұның көз алдына алқызыл қанаттарымен дүн-дүниенің бәрін алқызыл алауға бөлеп, бері қарай жақындап қалған қоқи қаздардың періштедей сұлу бейнелерін көз алдына дейін елестеткен күй… Жо-жоқ, бұл бертінде бұл күйді әр жерде, әр іргелі өнер шаңырақтарындағы биік сахналарда небір өнер тарландарының орындауларында тағы қаншама рет тыңдап, сол күйдің күмбірінің өнбойындағы тылсымы терең сырларын аңдап, мерейін әбден-ақ қанықтырмады ма?! Әйтсе де, солардың бәрінде де, алғаш ауыл клубындағы домбыра шанағында ойнаған өнерпаз жігіт орындаған күйдің есері естен кетер ме?! Сол өнерпаз, сондағы өз өнерін осыншама төгілдіртіп, шалқытып баққан күйші жігіт кім?! Сол бұлардың ауылына қай өңірден және қай өнер труппасымен бірге келіп еді?! Бірақ, сол жүргенде, Айдынның көптен бері бір қиырдағы туған жерге қарай бір барып қайтқысы келіп, іштей қатты оқталып жүргендігін бұның шығармашылығына құрметі ерекше, әрі бұның әрбір ой-толғанысы мен әрбір іс-қимылдарына айрықша мән беретін әйелі, мамандығы бойынша физика саласының оқытушысы, доцент және өзі Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде болашақ жас мамандарға дәріс оқып, ғылыми жұмыстарға баулып келе жатқан Айбарша ғана жақсы білетін. «Соның бәрі сағыныштан ғой, әйтпесе, тап қазір оның шалғай өңірдегі туған жерге сапарлап кететіндей жөні жоқ еді ғой», – деп те ойлайтын. Айбарша туған жер өзінің жұбайына әр барған сайын, өзіне әрдайым зор күш-қуат сыйлап, жігеріне жігер қосатындығын анық сезінсе де, оның жалғыз бір өзін жолға шығарып жіберуге біртүрлі бата алмайтындай еді. Солай!
Өзі қатардан қалмай, күнделікті жұмыс жасап, балалары мен немерелеріне дейін қарайласып жүрсе де, ол өзінің жұбайының осы кезге дейін шығармашылықта көптеген биік табыстарға қолы жетіп, өзінің жүрген ортасы мен отбасылық өмірдің де берекесіне айналып келе жатқан живописьші екендігі мен оның бүгінде тәуліктің қай уақытында жұмыс істеп, қай уақытында демаламын дегендігіне қарамастан, үйдегі барлық жағдайын жасап, барлық ұсыныс-тілектерімен де оңай-ақ келісетін. Кеше де ертеңгілік өзінің «Лексус» жеңіл автокөлігімен тау бөктеріндегі шеберханасына жұмыс істеуге кеткен Аңсатов түсте оқыстан үйдегі әйеліне телефон шалып: «Өзім шеберханада шәй қайнатып ішіп, манағы ертеңгілік өзің беріп жіберген дәмді тамағыңды түгелімен жеп алдым», – деп қойып, өзінің ондағы көптен бергі жұмыстанып жатқан табиғат-ананың құдіретіне қатысты көркем полотносына қатысты «ерекше шабытпен жазу үстіндемін» дегенді де аңғартып, бір қуантқандай-ақ болғанмен, кешкілік үйге әдеттегіден гөрі сәл ертерек оралып:
– Әлгінде ғана ұшаққа билет сатып алдым. Ертең кешкілік елге қарай ұшамын, – дегенде, манадан бері ас бөлмесінде күйбеңдеп жүрген Айбарша мына тосын жағдайға тіптен қатты таңырқап, оқыстан «ық-ық» деп ықылық атып қала жаздағандай болғанмен, іштей тез ымыраға келе қалды.
Кешкілік ас ішіліп, көңілдері бірленгеннен кейін, Айбарша күйеуінен олай-бұлай деп, артық-ауыс ештеңе сұрамастан, ертеңгі жолға шығардағы қажет болатын киім-кешектерін де үнсіз жүріп, ақырын даярлай бастады. Тек төсекке бастары тиген кезде ғана Айбарша жұбайына соңыра оның қолға ұстайтын жолсөмкесіне салынған көйлек, галстук, ауыстырып киетін шалбар, спорт кәстөмі, жұқа шұлықтары мен тағы басқа ұсақ-түйек керек-жарақтарына дейін тізбелеп айтып жатып:
– Қанша дегенмен, соңыра сен барғанда, ауылдағылар да қуанысып қалады ғой! Үйлерінен бір шәй беріп, сені қонақ етіп қалғысы келетін ағайындардың да қатары аз болмас! Бірақ, олардың бәрінің де балалары, шүлдірлеген немерелері бар ғой! Құр қол баруға болмас, ертең тәңертең мен Көкбазарға барып, ерте піскен апорт пен қасына тағы бірқатар жылтырақ бірдеңелерді қосып алып келермін, – дегенді де құлаққағыс еткен.
Ертесіне тәңертең Айбарша кешегі өзінің айтқандарының бәрін де тап-тұйнақтай-ақ етіп, дер кезінде атқарып шықты. Эһ, әйел жаны енді қашан да солай ғой, ол мана орталықтағы Көкбазарға барғанда, ауылдағы ағайын-туыстардың балалары мен немерелеріне ғана емес, бұның ондағы етжақын бауырлары болып келетін ересектерге дейін де елеусіз қалдырмай, тағы талай дүниелерді сатып алған. «Мынаны сен соңыра өзің түскен үйдегілерге, мынаны ана үйге, мынаны мына үйге барғанда, берерсің», – деп, артынша соның бәріне ен таққандай қылып, тәптіштей айтып жатқандығын қайтерсің?! Кеш түсті. Әуежай басы ығы-жығы адамдарға толы. Аңсатов ішке кірместен бұрын да ұшу алаңына алып әуе лайнерлерінің бірі келіп, бірі кетіп жатқандығын сезіп, көңілі бірден алып-ұшып сала берді. Жалма-жан қолындағы ай бейнелі сағатына қарап еді, жоқ, бұның кезегі келіп, ұшақпен көкке көтерілулеріне арада әлі жарты сағаттай уақыт бар екен. Тіркеуден өткен соң, етектегі шыны дүңгіршекте газет-журнал сатып тұрғандардан мерзімдік басылымдардың жаңа сандарын да сатып алғысы келді. Несі бар, соңыра салонда отырып, газет-журналдардағы жаңалықтар мен былайғы кездерде көз салып, көңіл аударуға еш мұршасы жоқ талайғы тәуір дүниелерді де құмарта оқыр еді. Аңсатов мана қаланың «Орбита» ықшамауданы жағындағы он бес қабатты үйдің сегізінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерінен тұмсығы дала қырандарына көбірек ұқсаған алып «Бойнг» көкке көтерілерден сағат жарымдай уақыт бұрын шыққан болатын. Қызық-ау, тәйірі, ертеңнен бері өзі де ширақ қимылдап, ара-арасында балконға қарай шығып, іргедегі алып таудың қар басқан шың-құздарына қарай үңіле қарағандай болғанмен, тәмам енді лифтімен зыр етіп, төменге түсіп, үйдің есігінің алдына дейін келіп тұрған таксиге отырар кезде, мүлдем үнсіз қалған Аңсатов әлгінде ғана іштен өзімен бірге шыққан әйелінің құлақ түбінен сыбырлай естілген мазасыз сауалдарына орай:
– Әрі-бері жүргендегі жолымды қосып есептегенде, мен соңыра ауылдан бір жеті, не, әрі кетсе, он шақты күннің ішінде Алматыма қайтып ораламын ғой, – деп жауап берді.
Әрі қарай таксимен асығыс жүріп кетті.
Уақыт не деген тез еді?! Алып әуе лайнерінің жоғары қарай көтерілгендігі де әлгінде ғана сияқты еді. Аңсатов арада бар-жоғы бір-ер сағаттай ғана уақыт өткенде, өз туған өлкесіндегі облыс орталығына да келіп жеткен. Бұл өзі ымырт үйірілген шақ еді. Ауа да ерекше тымық болатын. Әлгінде ғана көгілдір белдеулі алып әуе лайнері төменге қарай құлдилай келіп, қонуға бағыт алғанда, қаланың түнгі шамдары жағалай жылтың-жылтың етіп, бұның көңілдегі сағыныш құсын тағы самғатып, көңілін де біршама көтере түскендей болған еді. Бұлай етпегенде қайтсін, туған жердің әсері де тіптен бөлекше болады емес пе?! Бірақ, бұл кезде жасы қырықтардағы, жазық маңдай, жалбыраған қылдай қара шашын бейнебір жас кезіндегісіндей әліге дейін жалбыратып, біреуге тіктеп қарағанда, аққұба өңін оқыс жарқ-жұрқ еткізіп, еріксізден-еріксіз өзіне көңіл аудартуға мәжбүрлей жөнелетін, оның үстіне, өзінің суретшілік өнерімен халыққа кең танылып, бұған дейін талайғы атақ-дәрежелерге жетіп үлгерген белгілі қылқалам шеберін дәл бұрынғы туған жерге келіп-кетіп жүрген кездеріндегідей қала шетіндегі қос қабатты, іші-сырты бірдей шынылы әуежай ішінде де, далаға шыға берістегі есіктің алдында да ешкім асыға тосып тұрмаған еді. Бұрындары облыс орталығына бұның әуесқой суретші кезінде алғаш аудан, одан әрі Қосқұлақ көлінің жағалауындағы Қаражол ауылынан қаншама рет көркемсурет байқаулары мен қаланың Хан тоғайы маңайындағы әсем ғимаратқа шоғырланған Көркемсурет галереясындағы үлкенді-кішілі көрмелерге қатысуға келіп, бірінде сондағы көп жүлделердің біріне, ендігі бірінде бейнелеу өнеріне құлаш ұрған жасөспірімдер арасындағы байқау-сынақтардың бас жүлдесіне ие болып, өзіне кереметтей бір қуаныш-шаттық сыйлап, өркенін өсіре түскен қаласын, әрі десе, бұнда Алматыда тұратын өзінің әліге дейін хабарласып, аралас-құралас болып келе жатқан таныстары, достары, бұрынғы ауылдастары көп болғанмен, Аңсатов дәл осы жолы өзінің Алматыдан асығыс жолға шығып, біраз күнге туған жерге келе жатқандығын айтып, ешкімге ешқандай хабар беруді еш жөн көрмеді.
Енді әуедегі екі жарым сағаттық жолдан кейін, Аңсатовтың өзінің туған өлкесіндегі облыс орталығына аман-есен келіп жеткендігі осы еді. Аңсатов әуежай ішінің соңғы жылдары бірқатар архитектуралық өзгерістерге ұшырап, кең залдары ерекше құлпырып кеткендігіне қарамастан, ішке көп кідірмей, бірден далаға қарай шығып, туған жердің жұпар иісті ауасын кеудесін толтыра, бір сіміре жұтты да, әуежай ғимаратының оң жақ бетіндегі кешкі шамдары жарқырап тұрған «Қазақ сахарасы» қонақ үйінің алдындағы аялдамаға келіп тоқтап, қалаға баратын жолаушыларды тосып тұрған «Икарус-бенц» автобусына бармастан, сол жақ алаңқайдағы жағалай тізіліп тұрған таксилердің бірін қол бұлғап шақырып, ол әуежайдың алдында тұрған өзінің қасына дейін жетіп келіп, ашық тұрған терезесінен жүргізуші жігіт басын қылтита қалғанда, тездетіп:
– Қалаға!.. – деп үн қатып, одан әрі өзінің қаланың қай жеріне барып түсетіндігін айтып, не жолақысына қанша теңге алатындығын да сұрамастан, іші бос таксидің алдыңғы жағындағы орындыққа отырып, кете барды.
Жасы қырық-қырық бестердегі, өзі толықша келген, шегір көз, қоңырқай жүзді такси жүргізушісі Аңсатовтың үстіндегі киіміне, жүріс-тұрысына, қолындағы қымбат бағалы былғары шабаданы мен қос бірдей шағындау сырмалы кілті бар күреңқызыл сөмкесіне, қимыл-қозғалыстарының ширақтығы мен асығыстық ыңғайына қарап, бұндай жолаушылардың осал адамдар еместігін, олардың соңыра көлік қалаға келіп кіре бере-ақ, енді қай жаққа, қай көшеге қарай бұрылып, қай жерге барып тоқтауы қажеттігін өздері-ақ айтып, ал, енді түсерде, таксометрдің қанша жол пұлын есептегендігіне, әрі жалма-жан өзіне қайтарылмақ болған азды-кемді тиын-тебенге көз салып та қарамастан, сені бірден-ақ жарылқап тастайтындығын жақсы білетіндіктен, өзі де артық-ауыс ештеңе деместен, бірден асфальтты жолға түсіп алып, бейнебір көктегі жарық жұлдыздармен астасқандай болып, түнгі шамдары жарқ-жұрқ етіп көрініп тұрған қалаға қарай ағыза жөнелді. Шынында да, сол кетіп бара жатқанда, өзінің жомарттығына имандай-ақ сенген жергілікті такси жүргізушісінің көңілін Аңсатов та жасытқан жоқ, қаланың орталық аудандарының біріндегі қос қабатты, маңайының бәрін көпжылдық үйеңкі ағаштары көмкерген, алдындағы шағын алаңқайындағы гүлзар бағының хош иісі аңқып сала берген «Керуен-сарай қонақтары» мейманханасының алдына келіп, көліктен түсерде, ештеңе деп сұрамастан:
– Рахмет!.. – деп, оның қолына әлгінде ғана өзінің кәстөмінің төсқалтасынан шығарған қоңырқай түсті әмиянының ішінен су жаңа екі мың теңгелік көк қағазды суырып алып, ұстата салды.

(жалғасы келесі санда)

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.