ЖҰМЕКЕН ОҚУЛАРЫ ТАЛАНТТАРҒА ЖОЛ АШТЫ

  • 26.11.2019
  • 54 рет оқылды
  • 0

Соңғы біраз жылдан бері елімізде жүзеге асырылып келе жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы кең тұрғыда халықтық қолдауға ие болып, уақыт өткен сайын халықтың рухани өмірімен біте қайнасып, шапақты нұрымен тұтастай қоғамды да ажарландырып, жүзін жарқырата түскендігі көңілге ерекше қуаныш ұялатады. Бұл бағыттағы бастамалар, әрине, сан түрлі, сан шырайлы. Әсіресе, өзінің бай шығармашылығын өз туған халқының өмірімен тығыз байланыстырып, халқының арғы-бергі өткені мен өз заманының шындықтарын шырқырата айтып, оқырман-жұртшылықты рухани биіктерге жетелеп, халықтық салт-дәстүр мен өзге де ұлттық құндылықтарды, соның ішінде, туған тілдің мәйегін биіктетіп, рухани байлықты молайтуға үлес қосқан ақын, жазушылар атындағы оқулардың алар орны ерекше. Бұндай оқулар тек қазақ әдебиетінің бетке шығар тұлғаларының байлығына баға жетпес шығармашылығына терең бойлатып, олардың жауһар-жақұттарын халқына, бүгінгі ұрпаққа жан-жақты танытып қана қоймай, өз туған халқының рухани игіліктеріне асқан жауапкершілікпен қарап, өз ұлттық қадір-қасиетімізді аялап, қадірлей түсуге жетелейді. Біз бұлай деп, соңғы бірнеше жылдан бері Атырау облысында осы өңірдің төл перзенті, қазақтың классик ақыны, Қазақстанның Мемлекеттік Гимні авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұмекен Нәжімеденов атында оның туған жерінде жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауларына қарап та айта алар едік. Жұмекен есімі, оның ақындығы мен даралығы ұлттық әдебиетімізде қашан да биіктен көрінер жарық жұлдыздарға ұқсайтындығы ақынның көзі тірісінде және тәуелсіздік дәуірінен бері қарай да үнемі айтылып келе жатқандығы шындық. Әдебиеттанушы-ғалымдар оны қазақтың қасиетті қара өлеңіне өзіндік түр, болмыс пен бітім, бояу-бедер әкеліп, талант қырымен өз замандас-қаламдастарына қатты есер етумен бірге, кейінгі толқын-қаламгерлердің шығармашылық әлеміндегі құлаштарын кең сермеуге мүмкіндік жасағандығын үнемі алға тартады. Ал, шын мәнінде «Туған жердің топырағын сезе алмаса табаның Саған біткен аяқ емес – ат қазық қой, терек қой. «Өз жерімді сүйем» деген бос болып шығады, Жатпаса оның өн бойында қасіреті мен шуағы…» деп жырлап өткен ақын өзінің соңына мол рухани мұра қалдырып қана қоймай, қай-қай шығармасында да өзінің туған Қошалағы, бала кезден табиғатына тәнті болып өскен Гәнүшкені, Жайығы мен Атырауы, атақты Каспий теңізі жағалауының әбден санасына сіңіп, арманын ұлғайтып, жыр әлемінде нағыз қыранға тән биіктерде самғауға әсер-ықпалын тигізген табиғат көріністерімен бірге, туған жеріндегі сонау алыста қалған соғыс жылдарының сұрқай кезеңдері, өз көзімен көрген қиындықтарды да ел санасынан ұмыттырмай, үнемі еске салып отырады.
Атырау қаласында жыл сайын Ж.Нәжімеденов атында республикалық деңгейде ұйымдастырылып келе жатқан көркемсөз оқу шеберлері байқауын әу баста қолға алғанда, бертінде оны жоғары деңгейде өткізудің кезінде де ұйымдастырушылар осы жағына баса мән беріп жүр. Ақын өзінің қай-қай туындысында да туған жер, өскен ортасын бір сәтке назардан тыс қалдырмай, қайта шабыттың шырқау биіктеріне дейін көтеріліп, ұлттың, халықтың, кейінгі ұрпақтың тағдыр талайы хақында сыр шерткенде, үнемі тың бастау, соны серпін, таусылып бітпестей күш-қуатты да туған жердің қадір-қасиетінен алып отыратындығы байқалады. Әр жолғы Жұмекен оқулары кезінде туған жерін қастерлей білген ақынның туған елін де жыр-жүрегінің ыстығына бөлей алғандығына наза аударылғандығы қызықтырады.
Ақын атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауына даярлық ақынның туған жерінде биыл да ерте басталды. Бұл тұрғыда облыс басшылығы мен Әсия Қыстаубаева жетекшілік ететін облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы да аянып қалмағандығы байқалады. Ең әуелі аудандық деңгейде өткен байқау-сынақтардың кезінде Жұмекен жауһарларын жарқырата білген жас дарындар ерекшеленіп, облыстық сайысқа жолдама алса, ал, облыстық байқауда алдағы республикалық деңгейде өткізілмек байқауда өнер сынасып қана қоймай, қазақтың маңдайына біткен дара дарынның шығармашылық биігін өз көркемсөз оқу шеберлігі арқылы өз дәрежесінде көрсете білу машығындағы даралыққа баса мән берілді. Дәл осындай сын, дәл осындай жауапкершілік еліміздің әр өңіріндегі атақты ақын атындағы биылғы байқау-сынаққа қатысуға тілек білдірушілердің арасында да қызу өткендігі анық. Бұны біз жуықта облыстың Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен Ж.Нәжімеденов атындағы республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің төртінші рет ұйымдастырылып отырылған байқауынан анық аңғарғандай болдық. Соның алдында ғана Атырау өңіріне ат басын тіреген зиялы қауым өкілдері мен еліміздің әрбір облысынан және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан келіп, сайысқа қатысушылар облыс орталығындағы ақынның қалаға ерекше сән беріп тұрған ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Әдебиет майталмандары ақын шығармашылығының ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің алтын қорына қосылғандығы мен алып тұлғаның қашан да дараланып тұратындығы жайындағы естеліктерін ортаға салды. Салтанатты шараны облыс әкімінің орынбасары Айбек Крамбаев қысқаша сөз сөйлеп ашып, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың сынақ-байқауға қатысушыларға арнаған құттықтауын жеткізіп, қазақ әдебиетінде есімі алтын әріптермен жазылып қалған дара тұлғаның атындағы байқауға қатысуға тілек білдірушілердің жыл сайын ұлғайып, аталмыш шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып келе жатқандықтарына ризашылығын білдірді. Қатысушылардың алдағы сынағына сәттіліктер мен әр жүйріктің де өз биігінен көріне білулеріне тілектестігін жеткізді.
Биылғы байқау кезінде бір анық көз жеткізгендігіміз, ақын атындағы байқау жыл өткен сайын, өзіндік ерекшеліктерімен көңіл аудартып, соны сипаттарға ие болуда. Ақын жырлары өзінің терең ойлылығы, телегей теңіз сезімге құрылғандығы және формалық жаңалығы, күрделілігімен ерекшеленсе, прозалық туындыларының қай-қайсысы да тек Жұмекен қаламына ғана тән, Жұмекеннің сөз саптауы, оның бейнебір кестелеп тоқығандай әсер етіп, көркем образ мен тілдік қуатына баса мән беруімен менмұндалайтын. Мәселен, суреткердің прозасындағы «Қауқары жоқ қара шыламыр көңіл алдауға ғана жарады» («Бір үзім нан»), «Қара бала үлкен жігіт, со жылы жасы он екіге толған…», «Бір-бір саусағы кішігім күрекке сап болғандай еді» («Бетпе-бет») және басқа астары терең сөйлемдерін әсерлі жеткізу ішкі образға еніп, Жұмекен қалам құдіреті арқылы бейнелеген кейіпкердің өзі болып үн қата алған жастың ғана қолынан келер еді. Соғыс жылдарындағы адамдардың өмірін әр қырынан бейнелейтін, сол кездің рухы мен тынысын анық байқататын «сұлы наны», «құмаршықтан пісірілген табанан», «қанша еркек болайын десе де, ашуланған кезде әйел болып шыға келеді» дегендей сөз, сөйлемдер мен жергілікті тұрғындардың сөз саптауларындағы «мүбақ кісі», «самар-аяқ», т.б. танымдық тұрғыдағы сөздерді тыңдармандар жүрегіне образды түрде жеткізе білу әбден шиырыққан шеберліктің ғана арқасы деуге болар еді.
Ақын атындағы кезекті байқауды ұйымдастырушылардың алдын-ала бірқатар игілікті істерді қолға алып, қатысушылардың ақын, жазушының бай шығармашылығын әр қырынан қамтып, идеялық-мазмұндық жағын байыта түсуге баса мән бергендіктерін де байқауға болады. Байқауға қатысушы жиырмаға жуық үміткердің шығармашылық тұрғыдағы бәсекелері кезінде олардың Жұмекен шығармашылығын терең білетіндіктері, оның туындыларын қызығып, құмарта оқығандықтарымен бірге, соны да рухы биік, әрі бүгінгі күн, бүгінгі адамдардың рухымен үндес туындыларды таңдай білгендіктері көңілге қуаныш ұялатты. Соның нәтижесінде қатысушылар өздерінің даралықтары мен шеберліктерін өздері қалағандай дәрежеде таныта алумен бірге, рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы жұмекентануға өзіндік өрнектерін қосып, Жұмекен оқуларының қазақтану, елтанудағы келешегі зор екендігіне көз жеткізе түскендей болғандығын айтқымыз келер еді.
Белгілі жазушы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығы және «Құрмет» өрденінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов төрағалық еткен, құрамында белгілі ақын-жазушылар – Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Бауыржан Қарабеков, Әбілхан Төлеуішов, Жұмабай Құлиев, Серікқали Хасан сынды қаламгерлер бар ақылдастар алқасы атақты ақын атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің биылғы сынақ-байқауға үлкен даярлықтармен келгендіктеріне, олардың әрқайсысының Жұмекендей ұлы ақын, кемел суреткердің шығармашылығына терең бойлап, өздері таңдаған поэзиялық және прозалық туындыларды бар бояу-бедері, сән-салтанатымен көркемдеп, жарқырата көрсетудегі шеберліктері мен даралықтарына баса мән берді. Нәтижесінде байқау-сынақтың Бас жүлдесі алматылық, Алматы қаласындағы №24 лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Динара Баймұхамбетоваға бұйырды. Бірінші орынды маңғыстаулық жеке кәсіпкер Әлия Бекішова, екінші орынды М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Нұрсұлтан Бақтыбай мен Ақмола облысынан келген Еркебұлан Байқасов, үшінші орынды солтүстік қазақстандық, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Нұрсұлтан Әлімбаев, Қостанай қаласындағы балалар шығармашылығы мектебінің қызметкері Сырым Жанжігітов және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Ақбаян Алпысбай иемденді. Екінші күні Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті. Облыс әкімінің орынбасары Айбек Крамбаев жиында республикалық көркемсөз оқу шеберлері байқауының жеңімпаздарын аймақ басшысының атынан құттықтап, оларға дипломдар, гүл шоқтары, қаржылай сертификаттармен бірге, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында облыста жүзеге асырылып отырылған дәстүрлі сынақ-байқауға белсене қатысып, мемлекеттік тілдің мерейін үстем етуге атсалысқандықтары үшін облыс әкімінің «Алғыс хаттарын» берді. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің «Тіл туралы» Заңының қабылданғандығына 30 жыл толуына орай тағайындаған «Алғыс хаты» облыста мемлекеттік тілдің дамуына елеулі еңбек сіңірген бір топ зиялыларға табыс етілді. Олардың арасында облыстық «Атырау» газетінің арнаулы тілшісі Меңдібай Сүмесінов, «Атырау бас жоспар» ЖШС-нің директоры Әділбек Шәкіров, Индер ауданының Елтай ауылдық округі, Ақдала мәдениет үйінің директоры Камалиден Ізімов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов сынды танымал тұлғалар да бар.
Сынақ-байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сахнаға көтерілген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, Ақылдастар ақасының төрағасы Мереке Құлкенов:
– Жұмекен ақын өзінің соңына өлмес мол рухани мұра қалдырғандығына, соның бәрі бүгінгі тәуелсіз елі, кейінгі ұрпақтың рухани игілігіне айналып отырғандығына көз жеткізіп, тағы да ерекше қуанып тұрмын. Шын мәнінде қазақ поэзиясы мен прозасын Жұмекенсіз елестету мүмкін емес. Осыны түсініп, Жұмекен шығармашылығына зор құрметпен қараған сынақ-байқауды ұйымдастырушыларға, елдің әр қиырынан ат арытып келген қатысушыларға дән ризамын. Ең бастысы, байқауда өзіндік шеберліктерімен көрінген жастарымыз ұлттық әдебиетіміздің Жұмекен Нәжімеденовтей дара тұлғасының шығармашылығын жақсы білетіндіктері және өздерінің көп ізденіп, талмай еңбектеніп, шеберліктің биігіне шығуға ерекше талпынғандықтарымен қуантты. Олар Жұмекеннің ең қиын, күрделі деген туындыларының өзін жарқыратып көрсете білді. Жастарымыздың жарқылдаған таланты, таудай талабына куә болдық, жақсы әсер-сезімге бөлендік, – дей келіп: – Биылғы байқаудың жұмысы кезінде бұл байқауды жыл сайын кезек-кезегімен еліміздің әр облыстарында өткізсек дегендей тілектер де естіліп қалды. Түсінемін. Жақсы тілек, бірақ, Жұмекендей шығармашылығының терең тамыры өз туған жерінде, туған жерінің қадір-қасиетінде жатқан суреткер-тұлғаның атындағы республикалық байқау тек оның қастерлі топырағынан нәр алған туған жерінде өткізіле бергені дұрыс. Сонда ғана бұл байқаудың мәні жан-жақты ашылып, абыройы арта берері сөзсіз. Сонымен бірге, келер жылғы сынақ-байқаудан бастап, ақын атындағы байқаудың салтанатына қала мектептеріндегі жоғары сыныптардың оқушылары да катыстырылса, кезекті әдебиет сабағы «Жұмекен сабағы» ретінде осы залда өткізілсе, бұл жастардың ұлттық әдебиетіміз бен мемлекеттік тілдің қадірін тереңнен түсінулеріне зор пайдасын тигізер еді, – дегендей ойларын да ортаға салды.
Жұмекен байқауларының ұлттық әдебиетіміздің көшін бастап келе жатқан ақын-жазушылары мүшелері болған осы кезге дейінгі бірнеше Ақылдастар алқасына төрағалық еткен, сынақ-байқаудың өткізілу кезіндегі тәжірибесінен жан-жақты хабары бар, әрі әрдайым әділдігімен көңілден шығып келе жатқан жазушы, зиялы ағаның бұл ой-пікірлері көптің қолдауын тапқандай болды. Сынақ-байқаудың кезінде облыс әкімінің атынан қатысушыларға арналып, «Алтын шатыр» мейрамханасында қонақасы беріліп, әлгінде ғана мәдениет сарайының төрінде әрқайсысы өздері жасақтаған бейнебаян, музыкаларымен өнерлерін көрсетіп, шеберлік сынасқан жастар қонақжай дастарханның басында Жұмекендей алыптың поэтикалық туындыларын мәнерлеп оқуды жалғастырып, өздерінің қазақ поэзиясын жақсы білетіндіктері мен рухани мұраға зор құрметпен қарайтындықтарын да байқатты.
Биылғы ақын атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауын өткізу жөніндегі республикалық тендерді жеңіп алып, шараны үлкен жауапкершілікпен атқарып шыққан әлеуетті өнім беруші – Оралдым Мажанаков басқаратын «Астана Рухани Жаңғыру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де ризашылығымызды білдіре кеткіміз келеді. Ұйымдастырушылар елдің әр қиырынан өнер байқауына келген жастарға қонақжайлылық танытып, қаланың қөрікті жерлерін аралатып, тарихи, мәдени орындарда болуларына жағдай жасады. Сөз соңында айтарымыз, Жұмекендей ұлы тұлғаның атындағы республикалық оқулар жұмекентанумен бірге, елтану, рухани жаңғыру бастамаларына жол ашып, қазақ әдебиеті, қазақ мәдениеті, қазақ өнері, қазақ тілі әрдайым бірлікте дамып, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін арттыра түсетіндігіне де көзімізді жеткізгендей болды. Елдің рухы, рухани тұтастық деген, сірә, осы шығар. Лайым солай бола берсін!

Г.ИГІЛІКҚЫЗЫ,
Қ.ШЕРНИЯЗҰЛЫ,
Атырау қаласы

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.