АЛТЫН ЖҮРЕК ИЕСІ

  • 26.11.2019
  • 48 рет оқылды
  • 0

Қазақ елі ата-баба заманынан жетімін жылатпаған халық. Әлбетте, өмір жолы Адам баласы үшін бір толқымалы белгісіз сыр. Құдайдың шексіз құдіреті десек, сүйікті пендесіне әр қашанда сыналып өтетін өмір өткелдері аз еместігі бесенеден белгілі. Сондай-ақ, оған адам баласы тағдырға түңілмей, әр қилы кезеңнен имандылық пен сабырлықты жадынан тастамай, бойындағы бар жігер-күшін төзімдікке буып, жанын жақсы ниетке баулыса, дұрыс жол мен ақиқат сол десек қателеспейміз.
«Жақсы мен жаман қатарынан жүреді» – деген сөз, ертеден халық даналығынан қалған. Біздің бүгінгі тілге тиек ететініміз тәлім-тәрбиелі ой беретін дүние десек, қателік болмас. Бүгінгі кейіпкеріміз өмірлік жолын жетімдікпен күресіп, соңғы жиырма жыл бойы өзінің жігер-күшінің арқасында, жетім балаларға қамқоршылық үйінің шаңырағының бойын көтеріп және де төзімділік пен сабырлыққа, имандылыққа бой тігіп, сонау жиырмасыншы ғасырдың 96 жылы Алматы облысының Талғар қаласында «НҰР» деген атаулы «Қайырымдылық отбасылық» үйін ашып, осы күнге дейін жетім балаларды тәрбиелеумен келе жатқан нардай батыр анамыз Тұяқ-Күлзия Қазкенқызы Есқожинамен сұхбаттасқан едік.

– Тұяқ Қазкенқызы, осындай қа-сиетті де, киелі істі жасау әр адамның қолынан келместігін мойындауға тұрарлық. Дегенмен, Сіз осындай дара жолды таңдапсыз, ол батырлық. Шындықты айтсам, менің өзім де өзіңізге ризамын. Елімізді аралап жүріп талай жандарды көрдім. Кейбір азаматтар жетім түгілі, өзінің балаларын жеткізуге күштері жетпей, мың бір сылтау тауып, жалқаулыққа бойларын байлап жүрген адамдар ел арасында жеткілікті. Ал, сіздің жасап жүрген еңбегіңіз дара жол. Оның айғақ дәлелдері жеткілікті және де Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қолынан «Алтын жүрек» медалі, «Мерейлі отбасы» деген республикалық байқауының жүлдегері атанудың өзі, сізді зор құрметтеуге тұрарлық екенін ерекше сезіндіреді. Осыған орай, бастапқы қоятын сұрағым, жетім балалардың қамқоршылығын ойлау, қорғау, тәрбиелеу дегендей ауыр жұмыстарға белсене кірісуіңізге не себеп болды? Осы туралы айтып өтсеңіз?
Әрине, әрбір адамның өмірінде аса бір жауапты да маңызды шешім қабылдайтын сәттер болады. Менің де өмірімнің мәні мен мағынасын өзгерткен осындай бір ерекше оқиға болғаны рас. Оны көзі қарақты оқырман да, «Нұр» отбасылық балалар үйінің тыныс-тіршілігінен хабардар жандар да жақсы біледі. Осыдан тұп-тура 20 жыл бұрын жолдасым екеуміз қажет затымызды іздеп базарға барғанымызда, «апалап» етегімнен тартып, көмек сұраған қос бүлдіршіннің жәудіреген жанары мен аянышты халі жүрегімді тіліп өтті, жан-дүниемді тебірентіп, терең ойға батырған еді. Базарға барған шаруамыз жайына қалып, қос бүлдіршінді ертіп үйге келдік, жылы-жұмсағымызды беріп, киіндіріп, өздері мекен етіп отырған кәрі әжесінің үйіне апардық. Осы бір оқиға менің де, отбасымның да өмірін басқа арнаға бұрды. Сол бір оқиға бір сәт те есімнен шықпай қойды. Өйткені, сол бір кездері қаңғып, қараусыз қалған балалар көшеде жиі кездесетін. Арып-ашқан, жұпыны киінген, қайыр сұрап жүрген бүлдіршіндердің тағдыры қатты мазалайтын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадис-шәріпінде: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады» деген ғой. Бәрін бауырыма басып, ыстық құшағыма алғым келді. Өзім де бір атадан жалғыз қыз қалғандықтан, ырымдап есімімді Тұяқ деп өзгерткенін де жақсы білемін. Әкем соғыста қаза тауып, бесіктен белім шықпай, жетімдіктің ащы дәмін, өмірдің қиындығын мен де ерте сезініп өскен едім. Осынау бір ой-толғанысымды жолдасым Әнуарбекке айтып, ақылдасып едім, ол да қолдау көрсетті. Бәрі де ниетіңе қарай болатыны рас. Өзім де ұстаздық жолды таңдап, бар ғұмырымды ұрпақ тәрбиесіне бағыштаған жанмын. Мұның өзі маңдайыма жазылған тағдырым болса керек. Осылайша өмірімнің жаңа парағы басталды. Өз құрсағымнан тараған үш ұлым да сауапты істің басы-қасынан табылып, көмектерін аямады. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, бастапқыда күдікпен қарағандар да, көп қиындық пен тосқауыл болғаны да рас. Бірақ, шегінетін мен емес! Қанатымен су сепкен қарлығаштай сан-қилы тағдырдың тәлкегіне түскен балапандарымды аналық мейіріммен бауырыма басып, қайтсем бағып-қағамын, дұрыс тәлім-тәрбие беремін деген ой мені тек қана алға жетеледі. Қандай қиындық болса да жарып шығуға дайын болдым.
– Бала кезімнен жетімдікті көрдім деп айтып қалдыңыз. Сонда, сізге жетімдіктің өмірі бейтаныс емес екенін түсініп отырмын. Балалық шағыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Балалық шағым туралы айтсам, ауыртпалық пен толы қайғы. 1944 жылы маусым айының алтысы күні Петропавл облысы Ленин ауданының Ақтас деген ауылында дүние есігін ашыппын. Мен туғанда әкем марқұм он күннен кейін майданда қайтыс болыпты. Туғаннан әкемді көрмедім. Анам байғұс мен үшін көрмегені жоқ. Қара еңбектің соңынан жүрді. Анам көрікті әйел болатын. Анамның соңынан жүгірген таза адал жандар жеткілікті еді. Бірақ, анамның ойы мені жеткізуді көксеген, ондай жеңіл дүниеге бойұсынбайтын жан-анам мені ғана ойлаған екен. Анам марқұм шешімге байсалды, іске тиянақты, сөзге салмақты болған. Одан әрі әкемнің әкесі, атам марқұм, елдің батагөйі, қариясы, қажы болған еді. Атам марқұм, менің он бір жасыма дейін өмір сүріп, мені мәпелеп, құранды жаттатып, намазды үйретіп, адал және ізгі жолдарды даралап кеткен ұстазым десем де болады. Сол, он бір жасыма дейін ауыртпалықты білдіртпеген атамның арқасы екенін сол кезде сезіндім. Одан кейін ауыртпашылыққа терең өмірлік тәжірибенің кезі басталды дегендей-ақ. Қара жұмыстың соңынан өзім де жүре бастадым. Трактор да жүргіздім, мал да бақтым, айтарымдай-ақ көрмегенім жоқ. Он үш жасыма келгенде анамнан рұқсат сұрадым: «Анашым, мен облысқа кетемін, білім алғым келеді. Шаршадым қара жұмыстан. Қашанғы жүремін осылай. Сіз тұрмыс құрыңыз. Маған бауыр керек. Сізге жалғыздық жараспас» деп, анамды көндіріп тырысуға бел будым. Бір жаны жақсы адам болған, бірге жұмыс істеп сыйласып жүрген ағаға анамды қосқым келді. Ол кісі де, жолдасынан ерте айрылып жалғыздықтың соңынан жүрген абзал жан еді. Өзі алдында менімен қалжыңдасып анаңды маған бер деп, сөзге тартатын. Болғандай-ақ, басында қимай, түсінбей, ашуланып жүретін едім. Уақыт өте бәрін дұрыс түсініп шешімге келдім. Анам да біразға дейін: «Мен де бірге барамын» деп, көнбейтін. Ол заман ауырдың астымен жүрген кезең еді. Қазір айтқан сөзіңе сенбейтін жандар көп. Сонымен, уақыт өте анам да түсініп, қияр-қимас сапарға шығарып салды. Сол уақытта, алыс бір туыстарымыз Петропавл қаласында тұратын. Мен сол үйге барамын деп, әйтеуір жолға шықтым. Қайдан, қалаға жетіп келе кімді табасың. Адасып, шаршап, бір үйдің қасында тұрсам, тура әлгі бала маған келгендей-ақ, маған да бір жаны жайдарлы бір татар ұлтының әйелі:«жетімсің бе?» деп, сұрады. «Иә», дедім. Әлгі әйел зар илеп жылап жіберді. Содан кейін үйіне алып келді. Анасымен жалғыз тұратын жан екен. Анасы да зар илеп, «Құдай бізге қыз берді» деп, мені жуындырып, киіндіріп, тамаққа тойдырып, көп нәрсені үйретіп, таза абзал жандар болып шыға келді.
Азамат балам-ау, айта берсем, айтар өмірімді бір мақалаға сыйғыза алмаспын. Дегенмен, Аллаға шүкір! Маған қол ұшын созған адамдардың көпшілігі иман жанды, пейілі дұрыс жандар екеніне көзім жеткені рас. Соның құдіреті ме, бір Аллаға аян! Мен де осындай адал жолды таңдап жанымды мейірбандылыққа жұмсаудамын. «Өткенді ұмытсаң, болашақ өміріңде қателесіп қалуың да мүмкін». Сол себептен әрқашанда жақсылықты ұмытпау парыз. Ал, біреуге қамқоршыл болып ізгі ниет көрсетсең, алдыңнан Құдай жарылқайтыны ақиқат.
– Рахмет даналық сөзіңізге, осындай игі дүниелерді бастағаныңызға жиыр-ма жылдан астам уақыт өтіп бара жатқаны белгілі. Осы жиырма жыл аралығында кім сізге демеушілік көрсетті? Сонымен қатар, қанша бала осы уақыт аралығында тәрбиеледіңіз? Реті келгенде сұрайын, сіздің қажы екеніңізді білемін, қажылыққа бар-ғанда не тіледіңіз?
– «Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз адам қорған болмас» дегендей, Құдайға шүкір, қиын-қыстау сәттерде қол ұшын созып, көмек бергендер де көп болды. Қуансам бірге қуанып, жыласам бірге жылаған, жылы сөзбен, ақ ниеттерімен дем беріп, қолдау көрсеткен Елімнен-жұртымнан айналайын! Баршаларына Алла разы болсын! Сондай-ақ, алғашқы он жыл бойы Қанат және Виталий деген екі кәсіпкер жігітке мың алғыс! Білмеймін, қайдан естігенін екі жігіттің біз туралы, танымаймын да басында, уақыт өте бауырласып кеттік. Неге десең, екі жігіт бір күні келіп: «Апа, біз білеміз, бұл оңай тірлік емес, рұқсат болса біз көмек беріп тұрсақ деген оймен келдік» деп, тоқсан сегізінші жылдан бастап, екі мың сегізінші жылға дейін демеушілік көрсетіп, ай сайын сегіз жүз мың теңгеден жіберіп тұрды. Алла разы болсын! Ұзақ ғұмыр жасасын! Иманды жігіттер екен. Он жыл бойы асырау деген оңай тірлік емес. Бас демеуші болған осы жігіттер еді. Он жылдық тойымызды да жасап берді. Одан кейін көпшілік халық та көмегін беріп тұрды. Бір күні таң ата тұрсам өзің секілді он шақты жігіт, бір жүк машина толған азық-түлік әкеліп тұр. «Бұл не? Қайдан келдіңіздер? Есімдеріңізді айтыңыздар болмаса?» десем: «Апа, біз Қаскелеңнен келдік. Есімдерімізді қайтесіз, бәрін білеміз. Біз сізге ырзамыз. Осындай тірлікті ешкім елеп жүрген жоқ. Сол себептен үндемей қабылдап алыңыз» деп, түсіріп жөндерін айтпай жөнеле кетті. Осындай да оқиғалар, одан басқа келеңсіз жайлар да болған. Бастапқы жылдары, жиырма жеті рет тоналып ұрлық болған бізде. Әкелген садақаны да ұрлағандар болды. Жергілікті полиция қызметіне барсам, үн-түнсіз жауапсыз қалған күндер де болып, табылмай кеткен күндерді де кештік. Түнді қойып, күндіз де ұрланған күндер болып көрмегенді көрген күндерге не жетсін. Амал нешік, жолдасым Әнуарбек діни қауымдастыққа, мешіттерге барып жеткізіп, айтқаннан кейін ғана тоқтады. Осындай да жағдайлар бастапқы жылдары болды ғой, балам.
Адамзаттың асылы болған Пайғам-барымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «оң қолыңмен берген садақаны сол қолың көрмесін» деп, өсиет айтқан екен. Қиналған сәтте жанымыздан табылып, жанашырлық танытқан қайырымды жандарға шексіз алғысымды білдіремін. Осынау жылдар аясында қанатымыздың астына алған 800-ге жуық бала отбасылық мейірім мен жылылықты сезінді. Кіп-кішкентай болып келген балапандар есейіп, қанаттары қатайды. Айтуға ғана оңай болғанымен, қаншама ұйқысыз түндер, толқынысқа толы күндер, қобалжу мен қуану қатар жүрді. Сол балалардың көпшілігін мектептен колледжге, колледжден жоғарғы оқу орнына орналастырып, жатаханасынан отбасы болуына дейін демеп жеткізген күндер кешкенбіз. Алматыда ұстаз болған еңбегімнің арқасы ма, осы игі істеп жүрген амалым ба, бір де бір жоғарғы оқу ректоры болсын, мектеп директоры болсын, бетімнен қайтарып көрген емес. Қазір тәубә! Сол балаларым әр салада қызметте, ұлдарым ұяға, қыздарымды қияға жөнелтіп, жіберген күндер де болды. Осы ретте айтып кететін жағдай, жақын болып кеткен достарым, Қажы қыздар қауымдастығына рахметімді білдіргім келеді. Алла разы болсын! Талай қыздарымды жөнелтіп, жолынан жығылдырмай, қолдан берген күндер де болған.
«Нұр» деп аталған ұлағатты ұяда өскен әр баламның қуанышы, жеткен жетістігі, бағындырған биігі менің өміріме шуақ болып төгілуде. Алланың қалауымен жолдасым екеуміз қасиетті Меккеге қажылық сапарға барып, құлшылық еткен кездерімізде елімнің амандығын, барша бала-шағамның баянды бақытын тілеп қайттық.
– Тұяқ Қазкенқызы, қазақта сөз бар ғой: «Су атасы – бұлақ, сөз атасы – құлақ, жол атасы – тұяқ» дегеніміз осы екен. Міне, апай, сіздің ақ жолыңызда, қайраттылығыңызда, төзімділігіңізде есіміңіздің әсері болғаны белгілі болды. Оқырмандарға қандай да тілегіңіз болса, Нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
– Әрине, Алла Тағаланың сүйікті құлдары болған Пайғамбарлардан үлгі алып, бес күндік жалған дүниеде жетімге қарайласуға, құлағанды демеп, жылағанды жұбатуға, жақсылық жасауға асығайық, ағайын! Нағыз бақыт сол!

Азамат ОМАРОВ,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.