Жозеф Антуан Кастаньенің Қазақстан территориясында жүргізген ғылыми қызметінің зерттелу тарихы

  • 26.11.2019
  • 46 рет оқылды
  • 0

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның тарихы мен этнографиясын, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілік ерекшеліктерін зерттеуде француздық зерттеуші Жозеф Антуан Кастанье еңбектерінің маңызы зор. Аталған этнограф алдымен Орынборда, артынан Түркістан, Ташкент қалаларында тұрғандықтан, қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты өзнің көрген-білген ойлары мен тұжырымдарын ғылыми жұмыстарында қалдырды. Осылайша ғалымның еңбектері отандық ғылымдағы алатын орны ерекше. Сонымен қатар, Ж.И.Кастаньенің Қазақстан территориясында жүргізген түрлі археологиялық-этнографиялық зерттеулері, зерттеушілік қызметінің тарихы да ерекше назар аудартады. Сондықтан да, зерттеу жұмысының осы бөлімінде француз ғалымының зерттеу жұмыстарының зерттелу тарихын қарастыру мақсат етілді.
Ең алдымен, Ж.И.Кастаньенің ғылыми қызметін зерттеуде қарастыратын түрлі ғылыми жұмыстарды авторлары бойынша екі топқа бөлеміз. Алғашқы топқа алыс-жақын шет елдердің зерттеушілерінің еңбектерін жатқызамыз. Хронологиялық жағынан бұл топ авторларының жұмыстары ХХ ғасырдың 70-80 жылдарынан бастау алып, қазіргі күнге дейін жалғасады. Ал екінші топтағы авторларға отандық ғалымдарды жатқыздық.
Сонымен бірінші топтағы авторлардың ішінен алғашқылардың біріне кеңестік ғалымдар Г.Б.Никольскаяның «К истории азиатских и европейских выходцев в Средней Азии в начале XX века» [1] мен А.М. Матвеевтің «Зарубежные выходцы в Туркестане на пути к Великому Октябрю (1914 — октябрь 1917 г.)» [2] атты ғылыми зерттеу жұмысын жатқызуға болады. Авторлар аталған еңбекте Ж.А.Кастаньенің 1912 жылы Түркістан археология клубына мүше болып, бір жылдан кейін Орыс Императорлық географиялық қоғамының Түркістан бөліміне мүше болып кірген кезін сипаттап, француз ғалымының Орта Азия жерінде жүргізген зерттеулері туралы айтылады. Соның ішінде, әрине, қазақтардың тарихы мен этнографиясына да аса қатты мән берілгендігі туралы айтылады.
Кеңестік журналист, прозаик ақын, сонымен қатар қатар археолог, мемуарлар зерттеуші ретінде танымал Юрий Домбровский да ХХ ғасырдың басындағы Кастаньенің зерттеулері туралы мәліметтер қалдырған. Өзінің кітабының «Кто же Вы, Жозеф Кастанье?» атты очеркінде автор француз өлкетанушысымен Алматы қаласындағы кітапханадағы таныстығы, оның еңбектерін іздегені туралы айтып, этнографтың қазақ жерінде әрдайым «сипаттаулармен, анықтаулармен» жүргенін, осы өлкені зерттеуге «шын берілгендігі» туралы айталады [3].
Этнограф Ж.И.Кастаньенің ғылыми қызметі, соның ішінде Түркістан аймағында жүргізген түрлі зерттеулерінің тарихы Орталық Азия бойынша әлемдегі жетекші зерттеушілердің бірі, Францияның Коллеж де Франс ғылыми мекемесінің ғалымы, тарихшы, тарихнамашы және өнертанушы Светлана Горшенинаның еңбектерінде жақсы көрініс тапқан. Автордың «Центральная Азия в творчестве Жозефа-Антуана Кастанье» атты ғылыми жұмысы француз ғалымының қазақ жеріндегі Орынбор, Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстарында алдымен археологиялық, кейіннен этнографиялық, тарихи зерттеулер жүргізгенін айтады. Сонымен қатар С.М.Горшенина Кастаньенің ХХ ғасырдың басында әлемдік ғылымда әлі толығымен қалыптаса қоймаған компаративтік ғылыми әдісті қазақ тарихына қатысты қолданғанын ерекше атап өтеді. Себебі Жозеф Антуанның Түркістан аймағындағы жерлеу орындарының генезисін Солтүстік Африка, Америка, Палестина елдеріндегі зираттармен салыстырғанына автор назар аудартады [4]. Ал автордың «Странный археолог Кастанье» атты еңбегінде француз ғалымының шамамен 1920-1921 жылдары Францияға кетуге мәжбүр болған жағдай ретінде жаңадан орнаған кеңестік биліктің «шетелдік тыңшы» деп таққан айыбы себеп болды деп, Кастаньенің Орта Азияда, Түркістанда болуының негізгі себебі не болды екен деген сұрақ қояды. Қалай дегенмен де, автор француз ғалымының Қазақстаннан Францияға өзімен бірге Түркістанның алғашқы археологиялық картасын ала кетсе де, Азиядан алған әсерінен кете алмағанын, артынан өзінің естелік жазбалары мен еңбектерінде Орта Азияда болған кезін ерекше ностальгиямен еске алатынын атап өтеді [5].
Сонымен қатар С.М.Горшенинаның «The Private Collections of Russian Turkestan in the Second Half of the 19th and Early 20th Century» атты ғылыми еңбегінде тікелей болмаса да, жанама түрде көптеген фактілерде автор Кастаньеге сілтеме жасайды [6]. Жозеф Антуанның Түркістанда жүріп жазған еңбектері «археология, гидрология, спелеология, фольклор, дінтану, архитектура және саясатқа арналды» деп атап өтеді.
Жозеф Антуан Кастаньенің Қазақстанда жүргізген ғылыми жұмыстарының түпкі мақсаттарын анықтауға тырысқан зерттеуші С.Маджи да болды. Ол француз ғалымының Орта Азиядағы қызметін сипаттайды. Оған қоса Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдары Орта Азия территориясында болған поляк романисі Б.Ясенскийдің Кастанье ағылшындық «Интеллидженс Сервис» құпия қызметінің тыңшысы болды деген ойын талдай келе, Жозеф Антуан шынымен де Түркістанда тыңшылық әрекетпен айналысты деуге асықпау керек деген пікір білдіреді. Себебі, С.Маджидің ойынша, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары шетелдік азаматтардың көпшілігіне «тыңшы», «халық жауы», «шетелдік тыңшы» деген айдарлар өте жиі тағылған. Алайда, зерттеуші-ғалым С.Маджи Кастаньенің шетелдің тыңшысы болмады дегенге де толық келіспейді: автор өзінің еңбегінде Жозеф Антуанның антикеңестік ұйымдармен байланысына қатысты шындыққа ұқсайтын деректер де кездеседі деп көрсеткен [7]. Осылайша, Кастаньенің Түркістандағы қызметіне қатысты сипаттаулар келтіріп, жұмысының мақсатына біржақты баға беруден қашады.
Сонымен қатар, Кастаньенің Орта Азиядағы ғылыми қызметі тарихшы-археолог ғалым Б.А.Литвинскийдің де еңбектерінде кездеседі. «Кастанье – ученый-исследователь или любитель-краевед?» атты риторикалық сұрақ қоятын бұл еңбекте автор Жозеф Антуанның Түркістанда жүргізген ғылыми зерттеулеріне тоқталып, оны археолог, этнограф, тарихшы ретінде сипаттайды [8].
2002 жылы жарық көрген Өзбекстанның этникалық құрылымына арналған кітапта «Французы в Узбекистане» атты тармақша бар. Оның авторы тарихшы В.А. Германов Орта Азия жеріне келген түрлі атақты саяхатшылар мен ғалымдарды атап, солардың ішінде Кастаньені ерекшелейді. Себебі аталған француз ғалымы Түркістан, Ташкент өңіріндегі жүргізген ғылыми зерттеулері осы өңір халықтарының тарихы мен этнографиясын зерттеуге үлкен көмек береді деп атайды [9]. Ресейлік белгілі тарихшы Т.В.Котюкованың Кастаньеге қатысты еңбегі де В.А.Германовтың ақпараттарына ұқсас. «О вкладе выходцев из стран Западной, Центральной и Северной Европы в научное изучение Русского Туркестана в конце XIX – начале ХХ в.» атты бұл жұмыста автор Түркістанға келген көптеген шетелдік ғалымдар, саяхатшылардың ішінде Кастаньенің шоқтығы биік екенін айтты. Бартольдтың естеліктері негізінде Т.В.Котюкова француз ғалымының зерттеуді тиянақты жүргізгенін аңғартады [10].
Ал, Р.К.Кузахметов болса өзінің «Оренбургские исследователи истории и культуры народов Востока» атты зерттеу жұмысында Ж.А.Кастаньенің зерттеу әдістерімен қоса еңбегінің маңыздылыңын сипаттайды. Атап айтқанда, өлкетанушы ғалымның Қазақстан, Орта Азия өңірінде жүргізген зерттеулері арнайы ғылыми еңбек болып жарияланды және олар қазіргі күні өте құнды дереккөздерге жатады деген ойды айтады [11; 88-89 бб.].
Тағы бір ресейлік ғалым Т.И.Тугайдың «Представители Оренбургской губернской админиcтрации и краеведческих обществ в изучении Казахстана и Средней Азии» атты зерттеу жұмысы да ерекше маңызға ие. Орынбор губерниялық әкімшілігінің әскери және азаматтық шендегі шенеуніктерінің Қазақстан мен Түркістанды зерттеуіне арналған бұл еңбекте Орынбор қаласының да ғылыми қоғамдарының өлкетанулық қызметтері талқыланған. Осы зерттеуде автор Кастаньеге де қатысты ақпараттар береді. Атап айтқанда, Т.И.Тугай Жозеф Антуанның Қазақстан территориясында алғашқылардың бірі болып көптеген үңгірлерді зерттегеніне назар аудартады. Аталған өлкетанушының сол кездегі белді ғалымдар В.В.Бартольд пен Н.И.Веселовскиймен археологиялық ескерткіштерді жіктеу, бірегейлендіру мәселелеріне байланысты ашық полемикаға түсетінін айтады. Ал, Орал облысы аумағында өзі тапқан археологиялық заттарға «үлкен ғылыми маңыз» беріп, арнайы мұражайларда сақтау керектігін ескерткенін хабарлайды [12].
Қырғызстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Тарих және мәдени мұралар институтының ғылыми қызметкері Г.Жексембекова да өзінің еңбектерінде Жозеф Антуан Кастаньенің қызметтерін де сипаттаған. Қазақтардың халық емдері туралы зерттеуінде Кастаньенің қазақтар арасында түйнеме ауруын қалай емдейтінін айтқаны келтірілген. Бұл жерде автор Кастаньенің әр аймақтағы қазақтар қалай емдейтінін жетік меңгергеніне назар аудартады [13]. Ал, қазақтар арасындағы шаманизм элементтері туралы жазған еңбегінде Г.Б.Жексембекова француз ғалымының қазақтар арасындағы «жын», «шайтан», «албасты» ұғымдарына қатысты деректеріне сілтеме келтіріледі [14]. Осылайша, автор Кастаньенің қазақтардың этнографиясын өте жақсы сипаттағанын жасырмайды.
Иванов В.А., Гарустович Г.Н., Пилипчук Я.В. сияқты зерттеушілердің бірлесіп шығарған «Средневековые кочевники на границе Европы и Азии» атты монографиясы да Кастаньенің Қазақстандағы ғылыми қызметін зерттеуге үлкен мүмкіндік беретін еңбекке жатады. Себебі бұл ғылыми жұмыста авторлар Ж.А.Кастаньенің өмірі мен шығармашылығына кеңінен талдау жасап, ортағасырда Қазақстан территориясында өмір сүрген көшпелі тайпалардың археологиялық ескерткіштері мен жазба деректерін кешенді зерттейтін бұл монография көптеген фактілерге француз ғалымының еңбектеріне сілтеме береді. Оған қоса Кастаньенің еңбектерін Қазақстан өлкесін археологиялық және этнографиялық зерттеуде алғашқы дереккөз болып табылатын, теңдесі жоқ зерттеу жұмыстары деп атады.
Сонымен қатар, автор монографияда Кастаньенің зерттеу жүргізу әдіс-тәсілдеріне де таңданысын білдіреді. Атап айтқанда, далалық жұмыс жүргізу мен қорғандарды сипаттауға байланысты Қазақстанның Ақтөбе облысындағы Ашу-Сай қорғанын зерттеу әдісі өте жүйелі болғанын айтады [15; 82 б.].
Кастаньенің екі бөлімнен тұратын «Древности киргизской степи и Оренбургского края» атты еңбегіндегі бір бөлімі Орынбор өңіріне арнаса, екіншісі – Қазақстанның археологиясы мен этнографиясына арналады. Осы екінші бөлімі жоғарыда аталған монографияда авторлар ұжымымен ерекше талданады. Әрбір бөлім ішінде археологиялық ескерткіштер типі, көлемі мен орналасу аймақтары бойынша жіктелгеніне назар аударылады [15; 84 б.].
Дәл осыған ұқсас сипаттаулар А.Д.Таировтың «Источники реконструкции древних караванных путей в степях Центральной Евразии» атты еңбегінде де кездеседі. Автор француз ғалымының Қазақстанда жүргізген зерттеулерінің ерекше тарихи маңызға ие екенін атап өтеді [16].
Ал, ресейлік зерттеуші В.М.Павлейчуктың «Проблемы и перспективы охраны объектов геологического наследия Актюбинской области Республики Казахстан в «Общеуральском» аспекте» атты еңбегін-де Кастаньенің Қазақстанның батыс аймақтарындағы үңгірлерде 1905 жылы алғаш рет зерттеу жүргізгендігі туралы айтып, өлкетанушы ғалымның еңбектерінің әлі күнге дейін тарихи ғылыми маңыздылығы ерекше екені айтылады [17].
А.К.Кукушкинаның «История исследо-вания археологических памятников Нуринского региона Сарыарки» атты қазақ елінің орталық Сарыарқа аймағындағы археологиялық ескерткіштер туралы зерттеу жұмысында Жозеф Антуан Кастаньенің Нұра өзенінің бойындағы бұрын болған, ал, қазіргі кезде түрлі себептермен жойылып кеткен, сақталмаған 2 кесене туралы жазбаларын талдайды. Автордың айтуынша, Кастанье аталған кесенелерді А.И.Левшиннен кейінгі зерттеген екінші ғалым болды дейді [18].
Сонымен қатар, Кастаньенің Қазақстанның батыс аймақтарындағы темір дәуіріне жататын археологиялық ескерткіштерді зерттеулері зерттеушілер Т.А.Набокина мен А.А.Евгеньевтің еңбектерінде де көрініс табады. Алғашқы автор «От любительства к науке: особенности коммуникаций уральских историков-краеведов и профессиональных ученых» атты зерттеуінде Жозеф Антуанның Орал облысы мен басқа да батыс аймақтарда тапқан археологиялық ескерткіштеріне сипаттама берсе [19], А.А.Евгеньев өзінің «Вклад Оренбургской археологической экспедиции в исследование сарматских памятников Южного Приуралья» атты мақаласында атақты француз ғалымының батыс аймақтардағы темір дәуірінде өмір сүрген сарматтардың тарихи-археологиялық мәдениет ерекшеліктерін жүйелі түрде зерттегені туралы айтады [20].
Зерттеуші ғалымдар И.В.Кучумова мен Л.Ф.Сахибгарееваның «О французских исследованиях по истории Южного Урала» атты зерттеу жұмыстарында француз ғалымының Қазақстанда жүрген уақытында 1912 жылы елеулі еңбек жазғаны туралы айтылады. Бұл жұмыстың құндылығы оның мазмұнында болып табылады, себебі аталған еңбек 1773-1775 жылдары Е. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі туралы жазылған болатын. Жалпы осы көтеріліс барысын сипаттап, ол қозғалыста қазақтардың қатысқаны туралы да айтылады [21].
Тағы бір ресейлік ғалым В.В.Ткачев болса өзінің «Срубная культура на территории Западного Казахстана» атты еңбегінде Кастаньенің «Древности Киргизской степи и Оренбургского края» атты еңбегін талдап, батыс және басқа Қазақстанның бөліктерінің тарихы мен этнографиясына қатысты еңбек екенін атап өтті. Сонымен қатар аталған еңбекті В.В.Ткачев «өлкенің археологиялық деректерінің ең алғашқы жинағы» деп сипаттайды [22].
Осылайша жоғарыда келтірілген тарих-намалық еңбектердің бәрін салыстырып қарасақ, барлық авторлар бірауыздан Жозеф Антуан Кастаньенің өте үздік зерттеуші болғанын айтып, оның зерттеу жүргізу методологиясын ерекше атап өтеді. Сонымен қатар көптеген авторлар Кастаньенің Қазақстан жерінде жүргізген зерттеулері туралы тікелей емес, жанама түрде зерттеген. Атап айтқанда, С.М.Горшенина мен С.Маджи сияқты ғалымдар француздық ғалымды Орта Азия елдерінің тарихын зерттеу шеңберінде қарастырса, ресейлік ғалымдардың барлығы Ресеймен шекаралас аймақтар – Қазақстанның батысы мен солтүстік аудандары контексінде зерттейді. Қалай дегенмен де, осы фактілер арқылы аталған өлкетанушының еліміздегі жүргізген зерттеу жұмыстары мен олардың сипатын осындай тарихнамалық деректер арқылы құрастыра аламыз. Сондықтан да Кастаньенің қызметі сипатталған әрбір ғылыми жұмыстың ерекшелікі бар екені белгілі.
Сонымен қатар атақты француз өлкетану-шы ғалымы Жозеф Антуан Кастаньенің Түркістан мен Орта Азияда жүргізген зерттеу жұмыстары туралы тарих-намалық деректер отандық қазақстандық ғалымдардың еңбектерінде тікелей зерттел-меген. Алайда, бұл осы тақырып бойынша мүлдем жұмыстар жоқ деген сөз емес. Себебі отандық бірнеше ғалымдардың еңбектерінде Кастаньенің қазақ жеріндегі ғылыми қызметі сипатталып, еліміздің тарихына қатысты еңбектеріне тарихи баға берілген.
Осындай отандық ғалымдардың ойлары-ның алғашқыларына С.К.Қосанбаева-ның «История становления и развития этнографии Казахстана (XVIII – XX вв.)» атты еңбегін жатқызуға болады. Осы кітаптағы қазақ этнографиясының қалыптасу тарихына қатысты бөлімде Кастаньенің ғылыми қызметі туралы қысқаша келтірілген. Атап айтқанда, автор Жозеф Антуанның қазақ этнографиясын зерттеудегі ерекше орнын сипаттайды [23].
Белгілі тарихшы К.Есмағанбетов пен Ғ.Исаханның мақаласында француз ғалымының Мұстафа Шоқайға жолдаған кезекті хатында: «Иә, қымбатты досым, орталарыңда өмір сүріп, қайғы-қасірет пен үміттердің куәсі болған мен қазақ-қырғыздар, башқұрттар, татарлар, өзбектер, солар секілді жұртшылыққа үнемі сүйсіне қарадым. «Орынбор өлкесі мен Қырғыз даласындағы көне ескерткіштері» деген Сіз айтып отырған кітабымды, басқа да еңбектерімді тарихта алатын орны ерекше батыр түрік-монғол тайпаларына арнадым,» – деген жолдары арқылы қазақ даласының тарихы мен көне ескерткіштеріне деген асқан қызығушылықтан қолға алынған жұмыс болғандығын байқатады [24].
Ал, Ұ.Т.Ахметованың «Из истории изучения археологических памятников в Казахстане (по материалам Оренбургской ученой архивной комиссии)» [25], «Қазақ тарихынан сыр шерткен мұражай» [26], «Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясының құрылуы және қызметі (1887-1918)» [27] сияқты зерттеу жұмыстарында Кастаньенің Қазақстанның батыс өңірлерінде жүргізген зерттеу жұмыстары туралы ақпараттар келтіріледі.
Отандық зерттеушілердің бірі Сатыбалдиева Мастур болса, өзінің «Материалы раннего железного века в коллекции Центрального государственного музея Республики Казахстан» атты еңбегінде француз ғалымының Қазақстан территориясында ХХ ғасырдың басындағы зерттеу жұмыстары мен тарихи жәдігерлерді табуын сипаттайды. Атап айтқанда, Кастаньенің Орал уезіндегі қорғандарды қазып зерттеуі мен Верный уезінде 800-ге жуық қорғанды жергілікті халық өз беттерінше қазып, ішінен шағатай дәуіріне жататын алтын мен күміс заттар мен әшекейлерді алып кеткені туралы мәліметтерін келтіреді [28].
2016 жылы Кастаньенің Қазақстандағы зерттеу жұмыстарына қатысты «The Historical and Ethnographical Research on Kazakhstan done by Foreign Scientists of XIX–XX Centuries: the Case of J.A.Castagné’s Studies» атты зерттеу жұмысы жарық көрді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Кастаньенің Орта Азияда жүргізген зерттеулеріне арналған бұл зерттеудің авторлары Ұлжан Ахметова, Әбілсейіт Мұхтар, Аягөз Нұрманова аталған мақалада француз ғалымының қызметін жан-жақты талдауға тырысады. Жозеф Антуанның зерттеулері археология, тарих, этнография тұрғысынан қарастырылып, еңбектеріне тарихи баға беріледі [29].
Сонымен қатар, қазақстандық Ф.П.Гри-горьев, А.С.Уалтава, Б.А.Железняков сияқты ғалымдардың еңбектерінде Кастаньенің зерттеу жұмыстары туралы айтылады. Атап айтқанда, «Тамгалытас и Кайши – памятники ламаистского культа в Жетысу» атты авторлардың Тамғалы тас туралы мақалаларында Жозеф Антуанның аталған тарихи жерді зерттеудегі рөліне сипаттама беріледі. Бұдан бөлек француз ғалымының Жетісу жеріндегі бірнеше будда, тибет және моңғолдардың ғибадат орындарын көрсеткендігі туралы айтылады [30].
Осылайша, атақты француз өлкетанушы-сының Қазақстан жеріндегі ғылыми қызметі отандық зерттеушілердің еңбектерінде де, тікелей болмаса да, жанама түрде кездеседі. Ал, кейбір зерттеу жұмыстары ғалымның Қазақстандағы жүргізген археологиялық, этнографиялық зерттеулеріне арналғанның өзінде де олар тек мақала көлемінен аса алмайды. Сондықтан да, Жозеф Антуан Кастаньенің Қазақстан территориясында жүргізген ғылыми қызметінің зерттелу тарихы отандық тарих ғылымы үшін өте маңызды болып табылады.
Бахтияр ОРАЗ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Никольская Г. Б., Матвеев А. М. К истории азиатских и европейских выходцев в Средней Азии в начале XX века // Научные труды ТашГУ. — 1972. – Вып. 423. – C. 76 -115.
2. Матвеев A.M. Зарубежные выходцы в Туркестане на пути к Великому Октябрю (1914 – октябрь 1917 г.). Ташкент: Фан, 1977.- С.116.
3. Домбровский, Ю. Кто же вы, Жозеф Кастанье? [Текст] / Ю.Домбровский // Собрание сочинений в 6 т. – Т.6. – М., «Терра», 1992.
4. Горшенина. Центральная Азия в творчестве Жозефа-Антуана Кастанье // Восток: Афроазиатские общества: история и современность. 1999. № 1. С. 130-147.
5. Горшенина С.М. Странный археолог Кастанье // Звезда Востока. 1996.- № 3. -С. 147-159.
6. Горшенина. The Private Collections of Russian Turkestan in the Second Half of the 19th and Early 20th Century. Klaus Schwarz Verlag Berlin. 2004. – 205 р.
7. Маджи С. Ж.А. Кастанье как историк Средней Азии // Общественные науки в Узбекистане. -1993. – № 6.- С. 14-19.
8. Литвинский Б.А. Ж.-А. Кастанье – ученый-исследователь или любитель-краевед? // Восток: Афроазиатские общества: история и современность. -1999. № 1.- С. 147-155.
9. Германов В.А. Французы в Узбекистане [Текст] : сборник / В.А. Германов // Этнический атлас Узбекистана. Институт «Открытое Общество». – Узбекистан, 2002. – 452 с. – сс. 233-234.
10. Котюкова Т.В. О вкладе выходцев из стран Западной, Центральной и Северной Европы в научное изучение Русского Туркестана в конце XIX – начале ХХ в. // Проблемы истории, филологии, культуры. 2008. № 21. – сс. 550-571.
11. Кузахметов Р.К. Оренбургские исследователи истории и культуры народов Востока // Историко-культурное наследие народов Южного Урала: опыт исследований и практика сохранения: материалы межрегиональной научно-практ. конф. – Оренбург, 2010. – 350 с.
12. Тугай Т.И. Представители Оренбургской губернской админиcтрации и краеведческих обществ в изучении Казахстана и Средней Азии // Вестник ОГУ №5 (141) май`2012 – сс. 176-18.
13. Жексембекова Г.Б. Лечение казахских шаманов путем «переселения» недуга (көшіру) // Вопросы Истории Кыргызстана: Институт истории и культурного наследия Национальной академии наук Кыргызской Республики. – 2012. – №1. – сс. 203-214.
14. Жексембекова Г.Б. Духи и демоны в казахском шаманстве // Вопросы Истории Кыргызстана: Институт истории и культурного наследия НАН КР. – 2014. – №3-4. – сс. 265-278.
15. Иванов В.А., Гарустович Г.Н., Пилипчук Я.В. Средневековые кочевники на границе Европы и Азии [текст]: коллект. монография. – Уфа: Изд-во БГПУ, 2014. – 396 с.
16. Таиров А.Д. Источники реконструкции древних караванных путей в степях Центральной Евразии // Вестник Челябинского государственного университета. 2013. № 12 (303). История. Вып. 55. С. 68-–73.
17. Павлейчук В.М. Проблемы и перспективы охраны объектов геологического наследия Актюбинской области Республики Казахстан в «Общеуральском» аспекте // Вестник ВГУ, Серия: География. 54 Геоэкология, 2014, № 2. – сс. 54-61.
18. Кукушкина А.К. История исследования археологических памятников Нуринского региона Сарыарки // Полевые исследования в Прииртышье, Верхнем Приобье и на Алтае. Материалы IX международной научно-практической конф. – 2014. – сс. 78-91.
19. Т.А.Набокина. От любительства к науке: особенности коммуникаций уральских историков-краеведов и профессиональных ученых // Вестник Пермского университета. История. №2(29). – 2015. – сс. 65-77.
20. Евгеньев А.А. Вклад Оренбургской археологической экспедиции в исследование сарматских памятников Южного Приуралья // Материалы IX международной научной конференции «Проблемы Сарматской археологии и истории». – 2016. – сс. 84-92.
21. Кучумова И.В., Сахибгареева Л.Ф. О французских исследованиях по истории Южного Урала // Уральский исторический вестник. – №3(52). – 2016. – сс. 122-129.
22. Ткачев В.В. Срубная культура на территории Западного Казахстана // Энеолит и бронзовый век. 2018. – сс. 112-124.
23. Косанбаев С.К. История становления и развития этнографии Казахстана (XVIII-XX вв.). – Алматы, 2005. – 168 с.
24. Есмағанбетов К., Исахан Ғ. Гайак қаласында туып, қазақ даласын кезген француз. // Егемен Қазақстан. – 2005 жыл. – 26 қаңтар.
25. Ахметова У.Т. Из истории изучения археологических памятников в Казахстане (по материалам Оренбургской ученой архивной комиссии) // Вестник Прикаспия: археология, история, этнология. – №1. – 2008. – сс. 52-55.
26. Ахметова Ұ.Т. Қазақ тарихына сыр шерткен мұражай // Мәдени мұра. – 2009. – № 5 (26). – 90-97 бб.
27. Ахметова Ұ.Т. Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясының құрылуы және қызметі (1887-1918) // Тарих ғыл. докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация қолжазбасы.- Атырау, 2010. – 268 б.
28. Сатыбалдиева М. Материалы раннего железного века в коллекции Центрального государственного музея Республики Казахстан. 2009. – сс. 239-248.
29. Akhmetova U., Abilsseit M., Nurmanova A. The Historical and Ethnographical Research on Kazakhstan done by Foreign Scientists of XIX–XX Centuries: the Case of J.A. Castagné’s Studies // Bylye Gody, 2016, Vol. 42, Is. 4. pp. 1305-1314.
30. Григорьев Ф.П., Уалтава А.С., Железняков Б.А. Тамгалытас и Кайши – памятники ламаистского культа в Жетысу // Үлкен Алтай әлемі – Мир Большого Алтая – World of Great Altay. №4(3). – 2018. – сс. 394-411.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.