ЖОЛЫ КЕСІЛГЕН ГЕОЛОГ

  • 12.12.2012
  • 611 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Медеу СӘРСЕКЕ, жазушы

Республикалық кітапханадан соғыстан бұрынғы газет тікпелерін қарап отырғанымда «Социалистік Қазақстанның» 1936 жылғы 12 наурыз күнгі ішкі бетіне жарияланған екі мақалаға көзім түсті: үстіңгісі – «Қорғасын зауытына кен жетістіру үшін күрес» деп аталған, авторы – инженер М. Қадылбеков; екіншісінің тақырыбы – «Жезқазғанның кені зерттелуде» оны жазушы – инженер Қ. Сәтбаев. Екеуінің де суреттері берілген. Маңдайлары кере қарыс, қалың бұйра шашты, еуропаша киініп, галстук таққан маңғаз қазақ жігіттері. Келісті келбеті, байсалды нышаны іске мығым азаматтар екенін аңғартқандай.
Назарым алғашқы мақалаға ауды: есімі бейтаныс, ал, көтерген мәселесі – сол күннің көкейкесті шаруасы: «Биылғы жыл – Қазақстан байлығын зерттеу ісінде күрделі жұмыс істейтін жыл. Біздің алдымызда тұрған міндет – Шымкент қорғасын зауытына керекті руда жетістіру үшін зерттеуді мейлінше күшейту… Зауыт жылына 60 мың тонна қорғасын қорытуға тиіс еді, бұл міндетті орындай алмай, нашар істеді. Өйткені, Ащысай кеніші керекті руданы жеткілікті бере алмады… – дей келіп, мақала авторы сол іске қолғабыс ету үшін жаңа кен көздерін жедеғабыл зерттеп, 1937 жылдан бастап, Шымкент зауыты жылына 140 мың тонна қорғасын қорытуға мүмкіндік беретін кен көздерін табуға тырысатынын, Жоңғар Алатауы, Іле бойы мен Балқаш көлінің жағасынан бірнеше кен орындарын іске қосатынына сендірген. Қызықтың көкесіне келесі аптада кезіктім. «Социалистік Қазақстанның» 1936 жылдағы сандарынан Қазақстан қыртысындағы қорғасын мен мырыш металына бай кен орындары туралы инженер Қадылбековтің 6 (!) мақаласын оқыдым. Бәрінен де техникалық сауаты мығым азаматтың мемлекеттік көзқарасын аңдадым. Содан-ақ, бұл кім, қазақ қауымы оны неге білмейді деген сауал көкейімде көлбеңдеді.
Амал не, сол қарсаңда беріле шұғылданып жүрген Сәтбаев тақырыбынан ауытқи алмай, М. Қадылбеков мақалаларының көшірмелерін жеке пакетке салып, үйімдегі шкаф сөресіне жөнелттім. Он шақты жылдан соң «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде Мерғали Қадылбековтің өмір жолы туралы бірнеше мақала жарияланды. Сөйтсем, ол бірнеше кен көздерін іздеп тапқан, ең ғажабы, жолды геологтың еңбегі Текелі және Кентау қалаларының ірге көтеруіне негіз болған. Бұл болса геологтар қауымының мыңнан біріне ғана тиетін ірі сыбаға! Орыстар оны «Фарт» дейді. Ондай еңбек әдетте неше түрлі мадақтармен марапатталып, Еңбек Ері, тіпті академик атандырады. Ал, Мерғали геолог даңққа бөленудің орнына еңбегі де, есімі де ел жадынан ұмыт болған. 1990 жылдардағы жарияланымдардан мен Қадылбековтердің бес ағайынды, Баянауыл тумалары екенін білдім. Бесеуінің де тағдыры күрделі, шытырман, шерлі оқиғаларға толы…
* * *
Қадылбектің ортаншы ұлы Мерғали Баян­ауланың оңтүстік беткейінен 15 шақырымдай жердегі Жаманқыстауда 1907 жылы дүниеге келген. Баянауыл станицасындағы орыс-қазақ мектебін 13 жасында бірінші шәкірт атанып тәмамдаған соң 1920 жылы Орынбордағы дарынды балалар пансионатына қабылданып, төрт жылдың орнына үш жылда оны да үздік бітірген. Он алты жасар бозбала сол жылы Қазағарком жолдамасымен Мәскеуге аттанып, яғни, 1923 жылдың күзінде Мәскеудің тау-кен институтына түсіп, геологиялық барлау факультетінде бес жыл оқып, оны да қызыл дипломмен тәмамдаған.
Мерғали Қадылбеков үздік диплом алғандықтан Санкт-Петербургте XІX ғасырдан ірге тепкен Геологиялық комитеттің (Геолком) қарамағына жіберілген. Ол болса Кеңес Одағындағы кентастарын іздейтін қызметтің жол-жобасын жасаушы, шартарапқа көктем шыға аттанып, қар түсе қайтып оралып, қыс бойы ізденіс үлгілерін осындағы құтыханада тексертіп, барланған қазынаны есептейтін бас штаб сияқты үлкен ұжым. Оның қарамағында сол жылдары екі мыңға тақау кәсіби мамандар болған. Бәрінің де іздемпаздығы атағына сай білімпаз тарландар. Сондықтан да, Геолком атқарған жұмыс күдіксіз қабылданады, ал, өздерімен деңгейлес құрылған геологиялық басқарма мен трестердің ізденістері сонда тексеріледі. Геолкомның жер-жерде бөлімшелері бар. Олардың да тұжырымы – басқалар үшін заң…
Студент кезінде-ақ, осы ұжымның кен іздеуші топтарына ілесіп кен іздеуге шығып, екі-үш жыл ұдайы өндірістік шыңдалудан өткен, сөйтіп жүріп геология ілімінің тылсым сырларына құныққан жас геолог, бұл да таңданарлық жайт, Геолком басқармасы Қазақстанның Қаратау бөктеріне 1928 жылы жасақтаған экспедицияны бастап, түстік өңірден қорғасын кенін іздеуге аттанады. Жас геологқа жүктелген міндет мейілінше жауапты: осы өңірде табылған Ащысай, Байжансай кен орындарындағы қорғасын қорын түбегейлі зерттеп, 1931 жылы басталуға тиіс, Сталиндік екінші бесжылдықта Шымкент қаласында тыңнан салынбақ қорғасын зауытын сенімді шикізат көзімен қамтамасыз ету; экспедицияның сол істі ұтымды атқаруына орай жаңа зауыттың да күш-қуаты және қанша жыл өнім беретіні анықталады; демек, бұл – мемлекеттік мәнді тапсырма; қателессең – басыңды жоясың; өйткені қорғасын қорытуды таяу жылдарда еселеп арттыруды КСРО-ның Жоспарлау комитеті кезек күттірмейтін стратегиялық маңызды шара деп жариялады…
Мерғали Қадылбековтің Қаратауға алғашқы сапары ә дегеннен-ақ сәтті болыпты. Жаздың жаймашуақ күндерінде, ол Ащысай мен Байжансайда тапжылмай отырып, терең бұрғылау жасатып, кен қорын мұқият тексерумен шұғылданады. Әдетте, жасаң мамандарға, әсіресе, кен барлауға алғаш шыққан геологтарға тән осалдық – бұрыннан мәлім кен орнын ертелі-кеш шұқылауды мезі ермек санап, тұңғыш кен ашушы атану үшін ат тұяғы жетер атыраптан тың кен көздерін табуға тырысады. Мерғали да сондай пендешілік қылықтан ада емес, өйткені, сол қарсаңда ол небәрі 22 жаста. Десек те, жас маман мадақ атаққа елікпей, екінші жылы да, яғни, 1929 жылдың көктемі мен жазында, ескі кен орнынан алысқа ұзамай, ізденісті тереңірек қабаттарға бағыттайды. Сөйткені, ақырында пайдаға шығады. Геолкомның Ленинградтағы жатақ үйінен өзіне дербес тиген қуықтай тар бөлмеде қыс бойы тапжылмай отырып, кеңседе де арифмометр құлағын дамылсыз айналдырып, тапқан кенді есептеп, екі жылғы барлауының нәтижесін шығарады: кен орнының бұрынғы қорын үш-төрт есе молайтыпты; сол есепті іле-шала ЦКЗ-дан өткізеді (кен қорын бекітетін мемлекеттік Орталық комиссия, оның шешімі – заң, ешқашанда талқыланбайды); сол акті бойынша, Шымкент зауытының құрылысы екінші бесжылдықтың жоспарына енеді… Бұл, енді, жас геолог үшін таңданарлық ғажап табыс.
Шымкентте тұрғызылмақ қорғасын зауытын (бастапқы жоспар бойынша ол жылына 60 мың тонна таза металл береді деп жобаланған, сондықтан да жедеғабыл салынып, 1934 жылдың қаңтар айында өнім берген) 20-30 жылдық шикізатпен қамтамасыз еткен соң-ақ, Мерғали Қадылбекұлы кен беруге кіріскен қос кенішті айналсоқтап зерттеуді күрт азайтып, ат тұяғы жетер төңірекке де назарын аударады.
Сөйтуіне, тағы, бір сәттілік септігін тиізген тәрізді. Алматы қаласында Қазполиметалл атанған кен барлау тресі құрылып, М. Қадылбеков сол ұжымға жетекші геолог болып қызмет орнын ауыстырған. Бұл болса кен іздеуші маманды барлау алаңына жазда ғана шығып, қысты сонау Балтық жағалауындағы Ленинградта өткізу азабынан құтқарған. Жаңа тресте ол қорғасын кенін іздеумен шұғылданған. Өйткені, Шымкент зауытын сенімді қорғасын көзімен жабдықтау ісі күн тәртібінен алынбаған, қайта уақыт ұзаған сайын өткірленіп, оған жүктелген міндет бұрынғыдан да зорая түскен. Сондықтан да, «алтын шыққан жерді белден қаз» дейтін халық мәтелін көкейінде ұстаған маман Қаратаудың қойны-қонышынан галенит пен барит кентастарын (қорғасын металын түзейтін минералдардың техникалық атауы) іздеуге бұрынғыдан құлшына кіріскен. Бұл қарсаңда оның көп-көрім тәжірибе жинақтап, ізденіс құпиясының кілтипанын оймен болжайтын көкірек көрегендігін сезіне бастаған кезі. Кім-кім, кен іздеуші геологтарда сондай сезік болмаса ол пақырдың білгір маман атануы екіталай іске айналмақ…
Мерғали геологтың осы жолдағы алғашқы олжасы турасында Қазақстан қауымына танымал журналист Мыңбай Ілес «Егемен Қазақстан» газетінің 1993 жылғы 7 қыркүйектегі санында жариялаған «Шыңыраудағы шындық» деп атаған көлемді мақаласын мынадай мәнді естелікпен бастайды…
«…1952 жылдың жазы болатын. Оныншы класты енді ғана бітіріп, оқу іздеп Алматыға аттанар алдында Қаратау қойнындағы Хантағы поселкесінде тұратын нағашым Әуесбек Алдашевтің үйіне қыдырып барғанмын… Кентау қаласы ол кезде бірі-бірінен алшақ жатқан Хантағы және Мырғалымсай аталатын шағын-шағын екі поселке еді… Нағашым марқұм әңгімешіл кісі еді. Қаратау сілеміндегі биік шоқының неге Хантағы аталғаны жөнінде ел аузында ежелден келе жатқан бір аңызды айтып берді. Мен іле-шала Мырғалымсай деген ат қайдан шыққанын сұрадым.
Нағашым бұл жолы аңыз емес, өмір шындығынан бір әңгіме бастап кетті.
– Кешегі Голощекин заманында қолдан жасалған ашаршылықтан біздің қазақтың қара шыбындай жаппай қырылып жатқан кезі. Бұл – 1932-1933 жылдардағы ашаршылық. Сол кезде Хантағыға таяу үлкен бір сайда геологтардың кен барлау экспедициясы жұмыс істеген. Жер қойнауынан байлық іздеп жүрген бір топ орыс пен қазақтың басшысы Мерғали деген оқыған қазақ инженері болыпты. Әлгі азамат қайырымды жан екен. Аштықтан өзегі талып, көзі қарауытып, жер басына телміріп келген талай бейшараны ажал тырнағынан аман алып қалған деседі. Сонда әлгі қазақтар біріне-бірі: «Анау үлкен сайда Мерғали деген қолы ашық, жомарт жігіт бар. Өз ауыздарынан жырып, жұмырығымызға жүк боларлық ас беріп, жүрегімізді жалғады. Әжептәуір әлденіп қалдық. Бізге жасаған жақсылығы құдайдан қайтсын. Атасына мың да бір рахмет!» – деп, алғыстарын жаудырады екен. Содан әлгі сайды жергілікті халық «Мерғали сайы» деп, бертінде сол жер «Мырғалымсай» аталған, – деп нағашым әңгімесін аяқтады…
Өмірде өзің күтпеген жағдай кез бола береді ғой. Арада қырық жылдай уақыт өткенде әлгі Мерғали атты инженер-геологтың қайғылы өміріне қатысты құжаттарды қолыма ұстап, оның фотосуреттегі жарқын бейнесін көремін деп сірәда ойлаппын ба?…»
Мыңбай замандасымыз жас күнінде өзін таң қалдырған, айтуынша, халық жады сақтаған осы оқиғаны қырық бір жылдан кейін қайыра жаңғыртып, геолог қазақтың азаматтық парасатына сүйсініс білдіріп, Мерғали Қадылбековтің одан кейінгі ауыр тағдырын біршама сөз еткенімен, Мыр­ғалымсай атанған жұмысшы кентінің жұмбақ тарихын ашпайды. Сірә, нақты айғақтарды білмеген. Шындығында тарихи ақиқат ол жазғаннан өзгерек…
Мерғали геолог Қазполиметалл барлау тресіне ауысқан соң-ақ, Қаратау бөктерін шарлап, одан соң Іле аңғары мен Жоңғар Алатауына экспедиция жасақтап, қайсыбір жылдарда Қырғызстан аймағына да жетіп, бәрінен де қорғасын мен мырыштың айрықша белгілері бар кен көздерін тапқан. Әрине, қорғасын нәлі кездескен жерлердің бәрі шұқшия зерттей келе кен орны болып шықпайды. Бірақ, соған илану үшін де барлауды мұқият орындап, жыралар мен құдықтар (шурфтар) қазып тексеру керек. Үмітті құнар кездессе бұрғылау қондырғыларын әкеліп, ұңғымалар жасауға тура келеді.
Біздіңше, Мерғали Қадылбекұлының ә дегеннен ден қоя зерттеген жер – жоғарыда сөз болған Мырғалымсай кеніші. Бұл сайдағы кентасының белгілерін ол алғаш рет 1930 жылы суыр інінен тауып, зерттеу бастаған. Онысы пайдаға шығыпты. Екі жылдай шұқшия барлағанда Ащысай мен Байжансайды келешекте ауыстыратын немесе екеуіне сенімді қолғанат болатын кен қоры барын оймен шамалаған. Тек, соны аса әйгілемей жата-жастана зерттеген. Жаз айларында сол сайдың басына қос тіккізіп, кен жатқан аумақты, оның қаншалықты тереңде екенін әбден шамалағанша бұрғылау жасатпаған. Мыңбай Ілес бозбала күнінде естіген аңыз да, сірә, сол кезде туған. Ақырында 1933, әлде 1934 жылдары ол қорғасынға қаныққан ертінді құйылған қуысты жан-жақты барлаумен нақты шамаласа керек, сол жерді жан-жақты бұрғылау жобасын жасап, бұрғы ұшын тереңдегі қыртыстарға сүңгіткен. Алғашқы ұңғымада-ақ тереңнен суырылған кен үлгілері қорғасынның құнарлы нәлін көрсеткен. Бұрғылаушылар бригадасы содан соң-ақ аты жоқ терең сайдың өне бойын қуалап, геолог ұсынған жоба бойынша барлау жасап, ұңғыма санын мейілінше молайтады. Ат қойғыш қазекем сол кезде оны «Мерғали сайы» деп атайды. Бұрғылау жүрген сайға құжат жасалғанда, яки, геологиялық сипаттама мен есеп-қисап құжаттарына сол атау жазылады. Ескертуге мәжбүрміз: Мырғалымсай емес, Мерғали сайы!..
Кен қоры, соның мөлшерін тұңғыш долбарлаған геолог М. Қадылбеков күткендей, кейіннен миллиондаған тонна кентасын берген «Мерғали сайы» Шымкенттен 180 шақырым теріскейде, Түркістан қаласының солтүстік-шығысында, 30 шақырым жерде жатқан, бертіндегі жағрафиялық карталар мен ресми құжаттарда «Мырғалымсай» атанған кент зорая келе, 1955 жылы Кентау атанып, қала құқығына ие болған. ҚСЭ-нің 1974 жылы жарық көрген 5-кітабының 378-бетінде осы қалаға мынадай анықтама берілген: «Қазақстандағы тау-кен және машина жасау өнеркәсіп орталықтарының бірі. Октябрь революциясы орденді Ащысай полиметалл комбинатының… құрамына Ащысай, Мырғалымсай, Қарасай рудниктері мен Ащысай, Мырғалымсай және Хантағы байыту фабрикалары кіреді. Ащысай комбинаты өндірген қорғасын концентраты Шымкент қорғасын зауытына, мырыш қоспасы Өскеменге, барий кентасы еліміздің мұнайлы аудандарына жөнелтіледі… 1966 жылы қабылданған жаңа жоба бойынша, Кентауды одан әрі өрістету жолдары қарастырылды. 2-3 қабатты тұрғын үйлердің орнына 4-5 қабатты, ішінара 9 қабатты зәулім үйлер салынбақ. Қала үш бөліктен – Мырғалымсай, Хантағы, Байылдырдан тұрады. Оның ең ірі бөлігі – Мырғалымсай кенті, ол темір жол арқылы қаланың екінші бөлігі Хантағымен жалғасады, одан солтүстік-шығысқа қарай 5-6 шақырым жерде Байылдыр атты үшінші бөлегі басталады. Қаладағы құрылыстың жыл сайын ұлғаюына байланысты үш кент те біріне-бірі қосылатын уақыт қашық емес. Қалада тау-кен-металлургия техникумы (жаңа ғасырда осы қалада Түркістан университетінің филиалы жұмыс істеді – М. С.), кәсіптік-техникалық училище, 4 сегізжылдық, 19 орта мектеп, мәдениет сарайы, кинотеатр, 7 клуб, 35 кітапхана, 3 аурухана, дербес перзентхана, тері-венерология және туберкулез диспансерлері, тазалық-эпидемиология стансасы, 5 дәріхана, 20 балалар бақшасы жұмыс істейді».
Жалаң сандар тізбегінен құралғанымен көңілде шаттық туғызатын, осы анықтамадан Мерғали Қадылбеков байғұс күні-түні жаяу кезіп, қолына түскен кентасын жол қапшығына сала жүріп, шаршап-шалдыққанымен асыл мұратына жетіп, соны 4-5 жыл бойы шұқшия зерттеп, ел игілігіне қосқан қымбат қазынаның 1940 жылдарда, Ұлы Отан соғысы жүрген ауыр кезеңде, одан бергі дүбірлі уақыттарда қойнындағы кентасын миллион тонналап беріп, мемлекет байлығын арттырғанын, ақырында Мырғалымсай кентінің Кентау қаласының ең бай, ең көрікті қалашығына айналғанын аңғарамыз. Жә, делік! Ғажап игілік, ғажап көрегендік! Бір ғана осы еңбегі үшін Мерғали геологтың омырауына Алтын жұлдыз қадап, Еңбек Ері атандырып, өзі іргесін бекемдеп, еңсесін шырқау биікке көтерген сәулетті қаланың бас көшесіне есімін беріп, соның төріне геолог фуражкесін киігізіп, қолына геолог балғасын ұстатып қола, иә гранит тастан зәулім ескерткішін қойған жөн-ақ еді, амал қанша? Кешегі Ұлы Отан соғысында жауға атылған он қорғасын оқтың тоғызы Қазақстан шикізатынан құйылғанын ескерсек – осы істегі М. Қадылбековтің қыруар еңбегін де ойша шамалауға болады.
1937 жылғы нәубетте «Халық жауы» атанып, атылып кеткен жолды геологтың есімі барлық геологиялық құжаттардан өшіріліп, жаңа кеніштің Мерғалисай аты да өзгертіліп, Мырғалымсай атандырылған. Тегінде, Қауіпсіздік ұжымы мұндай игілікті жым-жылас етудің неше түрлі қитұрқы амалдарын біледі. Ал, мына істе олар әділетсіздіктің асқан түрін қолданған: жаңа кенішті тұңғыш ашушы геолог Мерғали Қадылбеков емес, соның қарауында 1929 жылдан істеген, ұлты татар жер қазушы жұмыскер Миргалим Фахрезетдинов болып жазылған. Иә, тиісті құжаттар солай жасалған. Сорақы жайт: сол қастандық күні бүгінге дейін түзелген жоқ. Соны түзетейік, әділдік салтанат құрсын деген жанкүйер жан әзірше Кентау тұрғындары арасынан шықпай отыр.
Жолды геологтың сол жылдары іздеп тапқан кен орындары – бір ғана Мерғалисай емес, бірнешеу, ең ғажабы, солардың дені сүбелі кен қоры бар кеніштер. Мысалы, ол басшылық еткен экспедиция 1933 жылы Алатау аңғарынан Қастек, Шынасылсай, келесі жазда Ұзынсу, 1935 жылы Қаскелең және Жоңғар Алатауынан Текелі кенін ашқан. Соншама кен көзін тауып, соларды зерттеп әрі жаңа ізденістер жасау үшін 1936 жылы Мерғали Қадылбекұлы үкіметтен 3 миллион сом қаржы алып, барлау өрісін кеңейту мақсатымен Орталық Қазақстанға аттанған. Жаз бойы Сарыарқа қиырын шарлап, 8 жерден (!) кен көздерін табады, бәрі де қорғасыны мен мырышы бар, әредік мысқа құнарлы кендер. Тынымсыз геолог басқарған экспедицияның сол жазда шолғын барлау жүргізген аймақтары – Ұлытау өңірі, Есіл бойы, Көксала, Майқайын, Баянауыл, Берікқара, Қарағайлы, Спас-Өспен, Қызылеспе; оны аз десеңіз, күзге таман Шу мен Іле өзендерінің бойынан да қорғасын кенінің танымал белгілерін тапқан…
Бұл деректерді біз М. Қадылбековтің 1936 жылы «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде* жариялаған мақалаларынан алғанымызды ескерту парыз. Ең ғажабы, еңбекқор геолог барлық мақалаларында өзі ғана емес, экспедицияға қатысқан геолог әріптестері де іздеп тапқан кен көздерін түгел атап, бәріне де сипаттама беріп, сол кен көздерін зерттеуді жеделдету жайын сөз етеді. Геологиялық ізденіс нәтижелерін ұғынықты түсіндіріп, қорғасын кенін Қазақстанның қай түкпірінен іздеуге де нақты ұсыныстар жасаған.
* * *
Мерғали Қадылбековтің кен барлаушылық ғұмырының жетінші жылында Текелі сияқты аса ірі кен орнын ашуы оның беделін биікке көтеріп, қазақстандық геологтардың алдыңғы легіне шығарған. «Социалистік Қазақстан» газеті 1935 жылы оған «Жас ғалым» деген дара атаумен бас мақаласын арнаған. Мерғалидың кен іздеу жолындағы таңғаларлық тамаша табыстары ғылыми-геологиялық конференциялар мен республикалық ресми жиындарда Үлкен Жезқазғанды әлемге әйгілеуші Қ. И. Сәтбаевпен қатар аталып, республикалық газеттер екеуінің суреттері мен мақалаларын да бір бетте жариялаған. Мерғали Қадылбекұлының білімпаздығын, іскерлігі мен кәсіби көрегендігін Қазақстан К(Б)П Орталық комитетінің бірінші секретары Л. И. Мирзоян жоғары бағалап, алқалы жиындарда О. Жандосов пен М. Қадылбековті өндіріс білгірлері деп даралап атаған. Сондықтан да, 1937 жылдың басында Текелі қорғасын-мырыш комбинаты құрылғанда республика басшылары инженер-геолог екеуіне үлкен істі мойындарына артып, Жандосовты бас директор, Қадылбековті сол өндірістің техникалық жетекшісі, яки бас инженері міндеттерін атқаруды сеніп тапсырған. Бұл енді отыз жастың шебіндегі қос азаматқа көрсетілген зор сенім. Алайда?
ОГПУ жендеттері Мерғали Қадылбековті Текелідегі жұмыс кабинетінде 1937 жылдың 30 мамырында тұтқындап, Алматының Орталық түрмесіне жеткізген. Оразалы Кәкімұлы Жандосов Алматыдағы кабинетінде қамауға алынған.
* * *
Рузима Қадылбекованың айтуынша (әкесі тұтқындалған кезде он жаста), көкесі Кеңес Одағында сол қарсаңда жапа-тармағай жүрген «Үлкен террордан» құтылмасын сезген. Өйткені, мамырдың аяқ шенінде, жазғы каникулға шыққан кезде әжесі екеуін Отар стансасында тұратын Садық ағасының үйіне апарыпты…
Содан кейін Мерғалиды қызы да, туыстары да көрмеген. Соңынан сұрау салып та іздемеген. Әкесін, ағасын іздеушілердің қосаметкей жазаланып, қашық қияндарға аттандырылып жатқанын олар білген. Анасы Бибімәрияның атынан жазылған арызға көп уақыт зарықтырып, тілдей хат келген. Онда айтылған жайт: «М. Қадылбеков 58-баптың пәленше тармақтары бойынша 10 жылға сотталды, хат жазысуға рұқсат жоқ…». Сол хабарға имандай сенген сорлы анасы 1960 жылға дейін, 96 жасқа жетіп, қылтамақ дертіне ұшырап, бір жұтым сусын тамағынан өтпей шөлдеп жатқанда: «Мерғалиым дәм жазған күні елге қайтады. Оның кәсібі үкіметке аса керек, сол үшін де бір қиын жерде жер қазынасын іздеуде жүр. Мен енді ұлымды көрмейтін болдым, ал, сендер үміттеріңді үзбеңдер. Алла жазса көресіңдер!..» – деумен тынысы үзіліпті. Шындығында әлгіндей хабар алған шерменделердің бәрі де: «Сұрау салған етжақының ату жазасына кесіліп, үкім дереу орындалғанының белгісі…» екенін бертінде, көп жыл өткен соң білген. Бұл да жазалау жүйесі қаныпезерлікпен ойлап тапқан қитұрқы амал…
Мерғали Қадылбеков 9 айға созылған ұзақ тергеуден соң, КСРО Жоғары сотының әскери алқасының 1938 жылғы 27 ақпан күнгі үкімімен, РСФСР-дың Қылмыстар кодексінің 58-бабының 7, 8, және 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілген (үшеуі де үкіметті әлсірету, құлату мақсатымен терроршы топ құрып, белсенді қарсылық ұйымдастырғаны үшін қолданылатын ауыр жазалар, әсіресе қимыл-әрекеті террорға жатқызылатын 8-тармақ). КСРО Жоғары сотының көшпелі Әскери алқасының 4 н-1496/60-санды үкімінде қылмыскердің қай күні, қай жерде атылғаны туралы ештеңе айтылмаған.
Рузима Қадылбекованың 1956 жылдан бастап арызданып, неше мәрте қадала талап етуімен оның қолына 1960 жылғы 16 маусым күні жазылған екі түрлі құжат берілген. Алғашқысы – орыс тілінде толтырылған тұтқындалушының жалпылама анкетасы. 22 тармақтан тұратын 4 парақ бланкіге қылмыскердің жауабы тергеушінің қолымен түскен алуан деректерді орысша емлесін сақтап, жазылған қалпында келтіреміз:
…фамилиясы – Кадильбеков Мергалий, 1907 жылы Қарағанды облысының Баянаульский ауданының Жаман-Кистауский ауылында туған, Алматының Дзержинский көшесіндегі 58-үйде тұрған, соңғы қызметі – Текелі кен басқармасының техникалық жетекшісі, мамандығы – кен барлаушы инженер, ВСГ-нің (сірә, «Всесоюзный сообщество геологов» қоғамы) 1924 жылдан мүшесі, қауымдық жағдайы – ешқандай меншігі жоқ, «1917-1929 жылдар аралығында қандай партияға, қауымдастыққа, иә ұжымға мүше болдың?» деген сұрақтарға тұтқын: «бірде-біріне мүше болғаным жоқ» деп жауап берген, тұтқындалған кездегі қауымдық жағдайы – қызметкер, одан кейінгі «Патша әскерінде, ақ гвардияның құрамында, Қызыл армияда болдың ба» деген үш тармаққа да тұтқын «Болғам жоқ» деп қысқа қайырған. «Шыққан тегің кім?» деген сұрауға – «1925 жылға дейін кедей отбасында тәрбиелендім, одан кейін әкем жеке шаруашылық құрған» депті, ұлты мен азаматтығы жөніндегі сұраққа – «қазақпын, КСРО-ның азаматымын» десе, партиялығы туралы – «БК(б)П-ға алғашқыда 1920 жылдан, одан кейін 1931 жылдан кандидатпын, білімім жоғары техникалық, Москваның геологиялық барлау институтын бітірдім, әскери есепте жоқпын, бұған дейін сотталған емеспін», – деп жауап беріпті. Тұтқындалған уақыты – 30 мамыр 1937 жыл. Жұмбақ жайт: біз сөз етіп отырған анкета 1937 жылғы 14 қарашада толтырылған. Екінші құжат – КСРО Жоғары сотының 1960 жылғы 14 маусымда Мерғали Қадылбековтің қылмысты ісін қайта қарап, марқұм болған геологты бұдан 23 жыл бұрынғы қылмыстан ақтаған үкімнің машинкаға басылып, мөрмен расталған көшірмесі. Бұл құжатты ықшамдап келтіреміз.
«КСРО Жоғары сотының Әскери алқасының 4 н-1496/60-санды анықтамасы.
Алқаға төрағалық етуші – юстицияның генерал-майоры Костромин, алқа мүшелері – юстиция майоры Васильев және юстиция подполковнигі Тарасов.
1960 жылғы 14 маусымда Жоғары Әскери прокурордың тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, біз, жоғарғы құрамда, РФССР-дың УПК-ның 378-бабына сәйкес, 1907 жылы туған, Қарағанды облысының Баянаульский ауданының Жаман-Кистау ауылының тумасы, 1937 жылдың 30 мамырына дейін Текелі кен басқармасының техникалық жетекшісі міндетін атқарған Мергалий Кадильбековтің КСРО Жоғары сотының Әскери алқасының үкімімен 1938 жылғы 27 ақпанда 58-баптың 7, 8 және 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесіліп, қылмыскердің жеке мүлкін тәркілеу туралы және бұл үкімнің кассация бойынша қаралмағандықтан жазаланған істі біз қайта қарадық.
Қылмысты іс бойынша Васильев жолдастың баяндамасы тыңдалды. Оған қоса Бас әскери прокурордың аға көмекшісі, юстиция полковнигі Титковтың осы істі зерттеген тұжырымдамасын тыңдаудан кейін КСРО Жоғары сотының Әскери алқасы төмендегідей а н ы қ т а м а жасады:
Сот алқасы Кадильбековті 1935 жылдан бастап Қазақ КСР-ында жасырын түрде жұмыс істеген, Кеңес өкіметіне қарсы ұйымдасқан ұлттық ұйымға мүше болғанын анықтаған, өзін осы ұйымға тартқан Уразали Джандосовпен бірге зиянкестік әрекеттер жасап, нақты айтқанда, кеніштің тезірек өнім беруіне бөгет жасаған.
Бас әскери прокурордың Кадильбеков туралы соңғы тұжырымдамасында кейіннен мәлім болған айғақтардан оның бұл қылмысқа қатысы жоқтығы анықталған, сондықтан да бұрынғы үкім қайтадан қаралуға тиіс. Сөйтуге негіз болатын айғақтар мынадай: Кадильбековті соттауға өзінің жауабы, яғни, кеңес өкіметіне қарсы зиянды әрекет жасайтын ұлттық ұйымға Уразали Джандосов мүше болуға 1935 жылы өзін зорлап тартқанын мойындауы себеп болған; Кадильбековтің сол жауабы басқадай қылмыстары үшін тұтқындалған А. Шарибаев, И. Игенов, У. Джандосов және Д. Коссаевтың тергеу үстіндегі жауаптарымен бекіген, олардың бәрі де Қазақстанда жасырын түрде жұмыс істеген, Кеңеске қарсы күресуге ұйымдасқан ұлттық ұйымға мүше болғанын мойындап, Кадильбековпен тізе қоса зиянкестік жасағанын дәлелдеген.
1960 жылы осы істі қайтадан қарағанда мәлім болған айғақтарды тексеруден кейін Кадильбековтің нақақтан айыпталғанына көзіміз жетті.
Кадильбековті кеңеске қарсы ұйымға мүше болуға тартқан әрі өзі де сол үшін 1938 жылы айыпталған У. Джандосов 1957 жылы біржола ақталып, қылмысты ісі қысқартылды. Сондай-ақ 1955-1959 жылдарда Джандосов ұйымдастырды деген ұйымға мүше болғаны үшін сотталған Игенов, Шарибаев, Коссаевтың нақақтан жазаланғаны анықталып, кешірімге жатқызылды.
Қосымша тексеру мақсатымен біз Текелі комбинатында сол кезде жұмыс істеген еңбек ардагерлері И. М. Бондарев, И. Г. Баздеров, П. Е. Павлов және басқалар Кадильбековтің аса сауатты инженер екенін және жұмысты жанын сала жақсы істегенін нақты айғақтармен сипаттады. Кадильбеков Текелі кен басқармасының техникалық жетекшісі ретінде ұйымдастыру жұмысын ерекше ынта-жігермен атқарған және өндірістің ділгір қажеттерін дұрыс шешкен. Ал, қарауындағы адамдар жұмысты ақсатса, иә төзуге болмайтын олқылықтар жіберсе, соларды жазалау туралы жоғары органға хабарлап, дер кезінде дабыл көтерген…
КСРО Жоғары сотының Әскери алқасы Бас әскери прокурордың тұжырымдамасын ескере отырып, қосымша тексеру жасап, осы іске байланысты жиналған барлық материалдарды мұқият қараудан соң төмендегідей шешім жасады: КСРО Жоғары сотының Әскери алқасының көшпелі сессиясы Кадильбеков Мергалийдың қылмысты ісі туралы 1938 жылғы 27 ақпандағы үкімін жаңадан мәлім болған қосымша айғақтарға байланысты күшін жойып, оны айыпты еткен қылмысты тоқтату қажет деген шешімге келді.
Осы үкімнің алқа мүшелерінің қол қоюуын растаушы капитан Пашков,
Москва, 16.06.1960 жыл».
Мерғали Қадылбековтің «Кеңес үкіметіне қарсы қылмысын» өзіне «мойындатып», басын жойған 1938 жылғы алғашқы үкім де, 23 жылдан кейінгі, 1960 жылғы, сол «қылмыстың» бастан-аяқ ойдан шығарылғанын, «жаңадан мәлім болған қосымша айғақтарға байланысты» алғашқының күшін жойып, ақтаған үкімді де қабылдаушы КСРО Жоғары сотының Әскери алқасы екендігіне, қадірменді оқырман, мән бере қараңыз! Екі үкімде де бірден көзге түсетін келеңсіз жайт: «Текелідегі қорғасын кенін игеруді зиянкестікпен кешеуілдетті» деген жалғыз «айғақты» қылмыс деп таныған – жергілікті НКВД емес, Мәскеудің Әскери алқасы. Демек, осы істің күрмеуі түу баста Үлкен астанада байланып, яки, сол бойынша кімдерді тұтқындау туралы тапсырма Ішкі істер наркоматының жоғарғы басшыларынан өрбігені ақ киімді қара жіппен жамағандай ап-анық көрініп тұр. Ал, қазақстандық тергеушілер қосымша қылмыс іздеуге бастарын қатырмай, талай сорлыны арандатқан үйреншікті әдіске бас ұрып, Текелі комбинатының екі басшысын және солармен бірге істейтін бірнеше бейбақты тұтқындап, кеніш құрылысын қасақана «кешеуілдеткеніне» айғақтар іздеген. Шынтуайтын айтқанда, іздемеген, тек «күнәларын» мойындатуға табандатқан 9 ай (!) жұмсаған.
Шерменделерге 58-баптың үш бірдей ауыр тармағымен байланған «қылмыс» ешқандай сын көтермейді. Нақты айғаққа жүгінейік: Жоңғар Алатауының ақар-шақар шоқылары мен ну жыныс, өткел бермес арынды өзендерін жаяу-жалпы шарлап, зор бейнетпен тапқан, жеті қат жер астында жасырынып жатқан кенін көрегендікпен көріп, ел игілігіне жаратуға асыққандар – Мерғали Қадылбеков, оның бастығы Оразалы Жандосов. Сол іске жанкештілік жасаумен жедеғабыл іздеп тапқан қазынаны тездетіп игеруге «қастандық» жасаушылар да – сол екеуі. Яғни, бір қолымен кен көзін ашса, екінші қолымен соны жасыруға ел өндірісінен тырысқан-мыс. Екінші, екеуі де Текелі тау-кен комбинатын небәрі 4-5 ай басқарған. Ол болса темір жолдан қашық тау ішінде, ел қоныстанбаған қиын жерде тыңнан ұйымдасқан ұжым. Ондай өндірісті аяғынан тік тұрғызу үшін кем дегенде 4-5 жыл керек болатынын (шынында да Текелі алғашқы кентасын 1944 жылы жөнелткен) заңгерлер білмеген бе? Білген, бірақ қасақана елемей, қылмысқа жатқызған. Демек, оларға кентасын ел экономикасына дер кезінде қосудан гөрі, бір топ кенші мен білікті мамандардың басын жою қажеттірек болған. Осыдан-ақ шынайы жауыз қос инженер емес, ОГПУ органының өздері демеске шараң қанша?!.. Жә, «Текелі тобына» неліктен мәскеулік тергеушілер шүйілген деген сұрауға жауап беру үшін, сол кезде Одақта қалыптасқан төтенше жағдаятқа шолу жасауға тура келеді…
КСРО Ауыр өнеркәсіп наркомының бірінші орынбасары Ю.Л. Пятаковтың Қазақстанға 1935 жылғы сапарында тыңнан салынып жатқан комбинаттар мен зауыттардың аса ділгір қажеттерімен тікелей айналысып, қолма-қол шешуге тырысқанын жоғарыда біз үзігін келтірген мақалаларда айқын көрініп тұр. Мерғали өз мақаласында наркомат басшысына «Нағыз мемлекет қайраткері, өндірістің шынайы білгірі» деген сипатта мадақ білдіріп, Текелі кенінің де сол қайраткер бергізген мол қаржымен едел-жедел барланғанын баса айтыпты. Амал не, жағдай күрт өзгерді. Пятаковтың 1937 жылдың ақпан айында тұтқынға алынуы (С. Орджонокидзенің 2 ақпанда атылып өлгенін осы оқиғамен байланыстыра қарап отырмыз) сол қайраткер Қазақстанда істес болған өндіріс басшыларын да жар жағасына жақындатқан. Өйткені, кеңестік жазалау жүйесі құрылған кезінен етене еткен сорақы рәсім – кімге болсын қылмысты іс қозғарда оны жалғыз шалмайды, онымен бірге істеген, аралас-құралас болғандарға түгелдей «компромат» жинайды. Нәтижесінде ондаған, кейде жүздеген адамдарды «жазалы» етіп, кеңес үкіметінің «қаскөй жауларын» мың-мыңдап табады. Ең шатағы, сол мамандардың білімі, еңбегі, үкіметтің индустрияландыру жобасына өлшеусіз зор қызмет көрсеткені есепке алынбайды. Мақсат – жауды көбейту…
НКВД қасапшылары бұл жолы да солай еткен. Ең алдымен осы наркоматтағы Главцветмет басқармасының әйгілі басшысы Шахмурадов тұтқындалып, Балқаш көлінің жағасындағы мыс алыбын тұрғызушы директор Ивановты да зауыт ауласынан қамауға алып, іле-шала Мәскеуге жеткізген (Ивановпен бірге қазақтың тұңғыш кен байытушы инженері Ж. Төленов және ондаған балқаштық инженер-техниктер қамауға алынған). «Пятаков, Серебряков және басқалар тобы» аталған «Қара тізімнен» Қарсақбай мыс зауытының 1933 жылдан бергі директоры Гулин мен 1932-1937 жылдарда Қарсақбай комбинатын, Алтайполиметалл тресі мен Зырянов кен басқармаларына жетекші болған, дарынды өндірісші Жұмажан Тәттібаев та қақас қалмаған. Шамалауымызша, мамыр айында тұтқындалу кезегі Текелі комбинатының қос басшысына да жеткен… 1937 жылдың аяғында жағдай күрт ауырлайды.
Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің бірінші секретары Л.И. Мирзоян Мәскеуге жедеғабыл шақырылып, жүрдек пойыз астанаға тақағанда, ол да тұтқындалады. Демек, бұған дейін лениншіл-сталиншіл қайраткер саналған тұлға да «Ішкі сырын жасырып, қой терісін жамылған қасқыр» болып шығыпты. Сөйтсек, Мирзоян да нағыз троцкист, рыковшыл, зиновьевшіл, каменевшіл, бухариншіл, тағы кімдершіл зиянкес топтың құрамында болыпты-мыс. Қазақстанды көтерем халден көтерген батыл әрекетті де ол халық көңілін өзіне бұру үшін зимияндықпен жасаған-мыс. Түп мақсаты жаулық болғандықтан 1933-1937 жылдар аралығында республика мен облыстарды билеуге қойған ұлт кадрлары да түп-түгел соның сыбайластары, кеңес өкіметін құлатып, Жапонияға колония етуге дайындаған серіктері. Осы «теорияға» сәйкес Қазақстан атырабынан іле-шала бірнеше мың адам, негізінен облыстар мен аудандардың бірінші, екінші, үшінші деңгейдегі басшылары түгелдей «Мирзоян тобының» мүшелері ретінде қамауға алынған. Солардың бірі – 1918 жылдан КПСС мүшесі, Қазақстанның Жетісу геберниясында Кеңес үкіметін нығайтуға белсене қатысқан «әйгілі мемлекет қайраткері, Верный қаласындағы ерлер гимназиясын тәмамдаған Ораз Кәкімұлы Жандосов. 1928-1935 жылдарда ол ҚАССР Ағарту халкомы, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының директоры, БК(б)П Кеген аупарткомының бірінші секретары болып сайланған. Жазмыштың жазуына не шара, 1936 жылы ол да Л. Мирзоянның ұсынысымен Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне көтерілген. Демек, оған да «Кеңес үкіметіне, И. Сталиннің жеке басына қастандық жасауды жобалаған қаскөй ұйым» құрған Л.И. Мирзоянның оң қолы, белсенді жақтаушысы деген айып тағылған.
(Жалғасы бар)

Алдыңғы «
Келесі »