ЖАҢА КЕЗЕҢНІҢ МАНИФЕСІ

  • 04.11.2019
  • 502 рет оқылды
  • 0

Ханкелді Әбжанов,
ҚазҰАУ«Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі,
ҰҒА академигі

Қазақстан Президентінің құзырына кіретін міндеттердің маңдайалдысы – жыл сайын халыққа Жолдауын жариялау. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын анықтайтын бұл құжат ешкімді – еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін бей-жай қалдырмайды. Қазақстанда Жолдаулар тарихы 1996 жылдан басталды. Сол жылғы қазан айының жетінші жұлдызында Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституция талабына сай, алғашқы Жолдауын жариялаған еді. Әр Жолдаудың әкелген өзіндік жаңалығы бар. Біреуі «Қазақстан – 2030» Стратегиясын жарияласа, екіншісі «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын дүниеге әкелді. «Жастар жылы» былтырғы Жолдау еншісінде.

Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – жаз айында өткен бүкілхалықтық сайлау қорытындысымен мемлекет басшысы лауазымына келген Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына алғашқы Жолдауы екендігі. Әр нәрсенің бастауы қиын. Жолдауды даярлау барысында мемлекет басшысы мың ойланып, жүз толғанса, еліміздің әрбір азаматы Жолдауды күткені, онымен танысқан соң, ой елегінен өткізгені сөзсіз. Бірден айтайық: Жолдау, ондағы пайым-тұжырымдар мен тапсырмалар, дәйектер мен деректер, барды бағалау мен болашақты болжау көңілімізден шықты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні неде десек, ол – тарихи келесі белеске өтуді ғылыми-теориялық, саяси, практикалық тұрғыдан кешенді тиянақтағаны. «Қазір бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр», деді Қ.Тоқаев сөз басында.
Иә, жаңа сапалы кезеңге өтетін мезгіл мен қажеттілік пісіп-жетілгенін ақпан мен маусым айларындағы екі оқиға – Астана қаласында бір отбасындағы бес баланың отқа орануы, Арыс қаласын тұтасымен қаусатқан оқ-дәрі жарылыстары айдай анық көрсетті. Біріншісі әлеуметтік наразылық асқынып, тұрақтылыққа қауіп барын куәлендірді, екіншісі мемлекеттік тәртіп, есеп пен бақылау сыр бергенін байқатты. Тәуелсіздік жетістіктеріне қылаудай көлеңке түсіргіміз келмейді. Жаңа әлемде жаңа Қазақстанның қалыптасқанына дау жоқ. Оның тамаша нышаны – Еуразия жүрегіндегі Нұр-Сұлтан қаласы. Дегенмен, елу мемлекеттің қатарына ендік, ең дамыған отыз елдің шоғырына жақындап қалдық деумен бөркімізді аспанға атып жүргенде біраз шаруа қараусыз кетіпті. Берекесіздік (хаос) бас көтергенін, жетімдер панасыз, көпбалалы аналар қорғансыз қалғанын байқамай қалыппыз. Осындайда Абай сынаған «айнаға табыну» дерті еске түседі. «Сыртқа қасиет бітпейді, – деген екен ұлы ойшыл отыз сегізінші сөзінде, – Алла тағала қарайтұғұн қалыбыңа, боямасыз ықыласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің?». Ақиқатына көшсек, өзімізді-өзіміз артық көрсетуге тыраштанғаннан келер тарыдай пайда жоқ. Алдағы күндері идеологиялық жұмыста, ғылыми ізденісте, БАҚ беттерінде мұны да ескеру керек. Өзін-өзі мақтау өлімнің аз-ақ алды екенін бабаларымыз ескертудей ескерткен ғой.
Жаңа сапалы кезеңге өтудің шарттары мен талаптары сан қырлы. Олар Жолдауда бес бағыт бойынша топтастырылыпты. Бәрінің түпкі көздегені – сындарлы қоғамдық диалогты Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізіне айналдыру. Ең бастысы – бұған дейін де терең талдаулар мен стратегиялық болжауларға тақырып болған мәселелер. Осыдан-ақ Елбасы саясатымен сабақтастық сақталатыны көзге түсті.
Бірінші бағыт – заман талабына сай тиімді мемлекет құру. Адамзат баласының тарихы мемлекеттің тағдыры билік саясатымен және практикасымен анықталатынын қапысыз дәлелдеді. Кеңестер Одағы, социалистік мемлекеттер халқының әлсіздігінен емес, биліктің оңбай қателескенінен, саясаттағы надандық пен залымдықтан ыдырады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы билік жүйесін қалыптастыру мен жетілдірудің мол тәжірибесі жинақталды. Тұтастай алғанда, олар оң бағалауға лайық. Бірақ өмір бір орында тұрмайды емес пе. Әлем өзгеруде. Көштен қалғымыз келмесе, біз де өзгеруіміз керек. Жаңа міндеттер, сын-қатерлер, сұраныстар алдан шығуда. Осылардың үдесінен көріну үшін билік, оның барлық тармақтары үздіксіз ізденіс, әрекет, кемелдену үстінде болуы шарт. Мұнсыз нарық пен демократияның заңдары бұзылып, «қара базар» мен көшенің жабайы тәртібі салтанат құрады. Азаматтарымыз бен мемлекетіміздің арасындағы үйлесімге қол жетпейді. Жолдау мақсатқа жету жолында басшылыққа алатын екі әмбебап формуланы күн тәртібіне қойды: 1. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». 2. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет». Осы орайда Президентіміздің Жолдаудағы: «Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға биімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады», деген байламына толық қосыламын.
Мемлекеттің құлағына халық үні жетуі үшін билік мемлекет құраушы ұлттың тілінде сөйлеуі, жұмыс істеуі, оны түсінуі әрі құрметтеуі міндетті. Несін жасырамыз, Қазақстанда тіл туралы Заңның қабылданғанына, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілгеніне 30 жыл толып, халықтың үштен бірін құрайтын жаңа буын ұрпақ өсіп шықса да, Абай мен Мағжанның, Мұхтар мен Қаныштың, Мұқағалидың тілі өмірдің төріне шықпаған күйде қалуда. Соның қырсығынан үлкенді-кішілі ұжымдарда, басқосуларда, этносаралық қатынастарда қаншама дау-дамай, кикілжің туындады десеңізші. Тілдік теңсіздік зардабын туған жерге оралған қандастарымыз шегуде. Тілге құрметтің жоқтығы теңгенің де, оқулықтың да, көшедегі жарнаманың да шырқын бұзды. Демек, тіл құрылысы саласында атқарылуы тиіс ұлан-ғайыр жұмыс тұр. Билік шын мағынасында қазақша сөйлеген сәттен оның беделі артып қана қоймайды, қазақ қазақпен қазақша сөйлеуге көшеді, мемлекеттік тіл ұлтаралық қатынас тіліне айнала бастайды. Бұл айтуға оңай, ал атқарылуы күрделі, жауапты, ең бастысы – бұдан әрі шегіндіруге болмайтын іс. Ендеше, Жолдауда айтылғандай, митингілер туралы заңнаманы жетілдіру қаншалықты қажет болса, мемлекеттік тіл туралы да Заң қабылдаудың ауадай қажеттілігі ақиқаттың нақ өзі.
Тіл мен тарих – егіз. Тіл барда тарих жоғалмайды, тарих үдерісінің тұғыры – тіл деп жатамыз. Рас сөз. Бірақ, тілсіз өткен шақ қана емес, болашақ та жоқ. Жолдауда мемлекеттік тілге басымдық берілуін ел ертеңіне алаңдаудың айқын көрінісі ретінде қабылдағанымыз жөн болар.
Заманауи мемлекет құру қиындықсыз жүзеге аспайтынын қоғамдық сана бекерлемейді. Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қиыншылықтарды жақсы білеміз. Сол бір алмағайып өтпелі дәуірде Тұңғыш Президентіміз «Алдымен экономика, сонан соң саясат» қағидатын басшылыққа алған еді. Дамудың жаңа сапалы кезеңіне аяқ басумен бұрынғы бағыт-бағдарымыз және құндылықтар реті орын ауыстырды. Бүгінде ең басты мәселе саяси реформаларды кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыруға саяды. «Еліміздің, – делінген Жолдауда, – қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз».
Бірінші бағыт осылай тиянақталса, екінші бағыттың мазмұны мен миссиясын азаматтардың құқықтарын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету құрап отыр. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көп кемшілікке жол берілгенін Арыстағы жарылыс әшкереледі. Құдай қаққанда, апат күн жарықта орын алды. Қарңғы түнде басталса, халық қайда қашар еді? Апат ақылдасып келмейді. Арыс оқиғасы ең биік мемлекеттік деңгейде талқылауды және шешім қабылдауды талап етеді. 5-10 генерал мен полковникті жұмыстан шығарумен, жауапқа тартумен жаба салатын іс емес бұл. «Әскерге жұмсалатын шығыстарды реттеп, осы саладағы қаржы жүйесін және жалпы тәртіпті нығайтатын кез келді».
Жолдау сот және құқық қорғау жүйесіне аса жауапты міндеттер жүктеді. Ендігі жерде басы дауға қалған адамға қатысты билік органдарының шешімдері мен әрекеттері жаңадан құрылатын әкімшілік әділет құрылымының назарынан тыс қалмайды. Ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайтуға Парламент пен Үкіметке тапсырма берілді.
Сыбайлас жемқорлық ауыздықталмай тұр. Екі премьер-министр, ондаған министрлер мен генералдар, жүздеген әкімдер, түрлі деңгейдегі бірінші басшылар, мыңдаған мемлекеттік шенеуніктер жұмыстан қуылды, ұсталды, сотталды. Тұз сасыса не себеміз дегендейін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлері заңды аз бұзбайтыны құпия болудан қалды. Аң мен құсты қалағанынша құртып, дандайсыған браконьерлер жануарларды қорғайтын инспекторларға оқ жаудыра бастады. Халыққа Жолдауында осының бәрін қаперге салған Президентіміз: «Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі», деп көрсетті. Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 млрд теңге бөлінетін болды. Аз қаражат емес. Полиция қызметінің беделі, жұмысының тиімділігі артқанын тілейік.
Ата-ана балабақша мен оқудағы ұл-қызының өміріне алаңдауды қойғанда, жастар адал еңбегімен, қабілетімен лайықты тұрмысқа ие болғанда, зейнеткерлер баспанасыз, дәрі-дәрмексіз көшеде қалмайтын күн туғанда, құқықтық Қазақстанды әлем құрметтейтін болады.
Дамудың сапалы жаңа кезеңінде инклюзивті экономика факторы үшінші орынға жайғасқан екен. Ғасырлар тоғысында, яғни, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысына дейін Қазақстанның ішкі жалпы өнімі жыл сайын 9-10% өскенін ұмытқан жоқпыз. Бүгінгі меже сол рекордты жаңарту емес. Ендігі көздегеніміз – шикізаттық менталитеттен бас тарту, еңбек өнімділігін ұлғайту, квазимемлекеттік сектордың әлемдік бәсекелік қабілетін дамыту, дамыған агроөнеркәсіптік кешен құру. Бұған дейін де айтылып келген экономикалық мәселелер қозғалды. Мәселен, салық жүйесін жаңғырту, көлеңкелі бизнестің жолын кесу, ақша-кредит қатынастарын одан әрі реттеу, Ұлттық қордың қаржысына иелік етуді жетілдіру инклюзивті экономиканың өзегінде тұрғаны баса көрсетілді. Әрине, алға озып кеткен елдердей өнеркәсіптік төңкерісті сәтімен аяқтап, постиндустриялы қоғам құрғанға не жетсін. Көкірегім сайрап тұр, құдай тілді байлап тұр дегендейін, отандық техника мен технологияның, материалдық өндірістің кенже қалғандығы алға басқан аяқты кері тартуда. Бірақ үмітсіз емеспіз. Жолдау біраз күдік-күмәннің пердесін серпіп тастады. Осылардың біреуіне ғана тоқтағанды жөн көріп отырмыз. Ол – жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтыны жаһанға жарияланғаны. Жерсіз Отан да жоқ, мемлекет те жоқ. Жерінен айырылған халық – панасыз, қорғансыз халық. Жер – экономиканың, бірінші кезекте ауыл шаруашылығының материалдық негізі. Шындығына келсек, біз әзірге аграрлық елміз. Индустриялық келбеті толық қалыптасқан қалаларымыздың саны онға жетер-жетпес қана. Алматы мен Астананың, Ақтөбе мен Семейдің, Жезқазған мен Түркістанның шет жағында малмен күн көріп отырғандар жетерлік.
Білетін мамандардың пікірінше, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін еселеп арттыруға қол жеткізетін мүмкіншіліктер баршылық. Себебі, біріншіден, ауыл халқының басым бөлігін құрап отырған қазақтар мал бағу мен жерді баптаудың қыр-сырын ықылым заманнан игерген. Атқа міну мәдениеті бізден басталған. Ұлы Дала алма мен қызғалдақтың отаны. Урбанизацияның күшеюімен осы мұрадан айырылып қалуға болмайды. Ал, ондай қауіп бар. Қазірдің өзінде айран мен қаймақтың қоспасы «иогурт» атауымен бөтеннің қалтасын қалыңдатуда. Қазы мен қымызды патенттеп алғысы келетіндер алыс елдерде пайда болыпты. Еттен дәм, апорттан иіс жоғалды. Кигеніміз Қазақстаннан арзан бағамен әкеткен тері мен қой жүнінен тігілген шетелдік қымбат киімдер. Екіншіден, Жолдауда дөп басып айтылғандай, «елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті». Жерді пайдалануға кесе-көлденең тұрған басқа да бөгесіндерді жұлып тастайтын уақыт келді. Үшіншіден, дамыған елдің бәрінде аграрлық тікелей өндіруші мемлекет тарапынан көрсетілетін сан-салалы қолдау мен көмекке сүйенеді. Біздің шаруаларға да қаладағыдан еш кем емес әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылым қажет, өндірген өнімін экспорттауға жағдайы, қаражаты жете бермейді, балаларын соңғы талапқа сай жабдықталған заманауи мектепте оқытқысы келеді. Күндіз тезек теріп, кешке жылы сумен жуына алмайтын ауыл еңбеккері қаланы емес, өзін-өзі асырай алмайды. Президент Жолдауындағы: «Ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мүмкін емес», деген жолдарда бұлтартпас ақиқат бар. Әрі-беріден кейін, XXI ғасырдағы қала мен деревня тұрғындары арасындағы айырмашылық жұмыс орнында, жермен байланысында ғана болуы керек. Адамдардың әл-ауқатына, тұрмыс деңгейіне ол шешуші ықпал етпеуі тиіс.
Дамудың жаңа кезеңі төртінші бағыт – әлеуметтік жаңғырусыз оң нәтижемен көмкерілуі мүмкін емес. Президент Қ.Тоқаев оның алты құрамдас бөлігін егжей-тегжейлі талдады: біріншісі білім беру сапасын жақсарту, екіншісі отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, үшіншісі медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, төртіншісі мәдениет қызметкерлерін қолдау, бесіншісі әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту, алтыншысы зейнетақы жүйесін дамыту. Түптеп келгенде, осылардың әрқайсының тағдыры алдыңғы үш бағытқа байлаулы. Алдыңғы үш бағыт өз кезегінде әлеуметтік жаңғырусыз мән-мағынасы жоқ құрғақ сөз ғана.
Білім саласындағы сандық көрсеткіштер бойынша (сауаттылық, міндетті орта білім, балабақшамен қамту, т.б.) біз әлемдік озық елдер қатарындамыз. Талантты оқушыларымыз да баршылық. Бірақ, табыстан бас айналатын уақыт емес. Білім берудің мазмұны мен методикасы, технологиясы мен методологиясы күрделі өзгерістер үстінде. Солардың тиімді жақтарын Қазақстан жағдайында кәдеге жарата алмағанымыздың көрінісі оқулықтардың сапасын және мұғалімдердің әлеуметтік-кәсіби даярлығын биік деңгейге көтеруге қол жетпегені. Мұның сыртында қала мен ауыл мектебі арасындағы алшақтық қоғамды алаңдатуда. Бастауыш сыныпта «Әліппені» «Сауаташумен» алмастыру, үш тілді оқыту, пәндер санын жойдасыз көбейту сынды эксперименттер, жүйесіз реформалар интеллектуалды әлеуетті тыртық қылмаса, артық қыла қоймады. Үш ауысыммен оқитын, ғимараттары әбден тозған мектептер бар.
Жағдайды оңалтуға ұшан-теңіз қаражат кажет, Жолдау алғашқы қадамға жол ашты. Президент Үкіметке «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын қаржыландыруды келесі жылдан 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырды, ал, ұстаздардың жалақысы 25% өсетін болды. Нақты шаралар медицина саласында да жүзеге асырылмақ. Кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көтерілмегені қаперге салынды. Жолдаудан ғылым туралы кешенді талдау-толғаныс күткен едім. Алайда, Президент бұл мәселені тым қысқа қайырды: «Ғылым саласындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етеді. Біз ғылымсыз еліміздің дамуын қамтамасыз ете алмаймыз», дей келе, Үкімет аталған мәселені ғылыми зерттеулердің деңгейін көтеру және оларды тәжірибеде қолдану тұрғысынан қарастырғанын жөн санады.
Ыңғайы келіп тұрғанда, өз көзқарасым мен ұсыныстарымды ортаға салғым келеді. Бүгінгі Қазақстан ғылымы жарығы бар, жылуы жоқ аспандағы айға ұқсайды. Оны ел мүддесіне жегуге жердегідердің қолы қысқа. Ғылымның пайдасын білгенмен, ғалымдарымыз үлкен қиыншылықтарды бастан кешуде. Олардың бастау-бұлағы, себебі мыналар:
1. Ғылым саласын басқарудағы заңнамалық-құқықтық олқылықтар.
2.Ғылымды қаржыландыру практи-касындағы қайшылықтар.
3. Ғылыми жобаларды іріктеудегі қателіктер.
4. Ғылыми жобаларға тартылған ғалымдар құрамының кәсіби әлсіздігі.
Ғылымдағы қиыншылықтар асқынумен дағдарысқа айналмай тұрғанда, «аурудың» алдын алғанымыз жөн.
Біріншіден, «Ғылым туралы» Заңға өзгерістер енгізу қажет. 2011 жылы қабылданған бұл Заңның көздегені ғылым мәселесін шешуді ғалымдардың қолына беру еді. Жақсы-ақ идея. Бірақ өмір осал тұстарын да көрсетті. Ғалым атын жамылған насихатшылар, яғни, өз ізденісімен жаңалық ашуға, ақиқатқа жетуге қабілетсіздер, баяғыдан белгілі дүниені қайталаушылар мен сумақайлар, яғни, плагиаторлар ғылыми жобаларды қаржыландыру конкурсында пысықайлық танытып, өзектілігі, қажеттілігі шамалы жобаларын тықпалауды сәнге айналдырды. Дегеніне жеткендер де баршылық. «Тәп-тәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылды» деген осыдан шықса керек.
Олардың жобалары берісі – қарақан басының қамынан аспайтынын, әрісі – бөтеннің жазғанын көшіріп алу ғана екенін мойындауымыз керек. Ал, жобалардың озығын қолдауға, тозығын сылып тастауға Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитеті қауқарсыз, Ұлттық ғылыми кеңестің мүмкіншілігі шектеулі. «Ғылым туралы» Заң бойынша Ғылым комитеті ғылыми жобаны ұсына да, іріктей де алмайды, яғни, мемлекеттік тапсырыс беруден тыс қалған.
Екіншіден, үлкен ғылым жасау үшін үлкен қаражат қажет. Тап қазір Қазақстан ғылымы республикалық бюджеттен болар-болмас қаржыландырылуда. Ал, қандай жобаны жүзеге асыру керектігін, оның шығынының көлемін ғалымдардың өздері анықтауда. Дұрысы – ақшаны кім берсе, тапсырысты да сол бергені ғой. Мұның сыртында дайынға майын бола кетуге әзір насихатшылар мен сумақайлар тым көп екенін жоғарыда айттық. Экономикалық мүмкіндігіміз шектеулі екенін ескеріп әрі қаражатты тиімді жұмсау үшін республикалық бюджет есебінен орындалатын жобаларға тапсырысты мемлекет беретін тәртіпке көшкеніміз дұрыс деп білемін. Мемлекеттік тапсырыспен ғылым мен технологияларды әлемдік деңгейге көтеруге болатынын Кеңестер Одағының тәжірибесі толық дәлелдеген.
Ғылым шығынын мемлекет көтеріп отырғандықтан, жобаны орындаушылардың жауапкершілігін күрт арттыру қажет. Ғылыми жоба нәтижелері іргелі монография, оқулық, құжаттар жинағы, тың техникалық, технологиялық жаңалық түрінде қалың оқырман құзырына, практикаға, өндіріске ұсынылғаны маңызды. Бұған дейін жобалар өкілетті органға есеп берумен аяқталып келді. Өзін ақтамаған осынау тәжірибеден қол үзген жөн.
Үшіншіден, қазіргі Білім және ғылым министрлігінен Ғылым министрлігін бөлек шығару қажеттілігі әбден пісіп-жетілді. Жаңа өкілетті органның ішкі құрылымы бұрынғы Ғылым академиясының бөлімшелеріне мейлінше жақын болғаны жөн. ҰҒА академиктері мен мүше-корреспонденттерінің ғылыми жобаларға алдын-ала сараптама жасаудағы, аяқталған жобаларды бағалаудағы рөлін күшейтуден еш ұтылмаймыз.
Дербес ғылым министрлігінің қажеттілігін жалаң статистикадан да байқауға болады: ғылыммен 20-25 мың адам айналысады, ал, білім саласындағылар бұдан жүз есе көп. Әрине, жүздің жырымен жүрген министрліктің бір пайызға бөлер уақыты да, күш-қуаты да бола бермейді.
Төртіншіден, Қазақстанның болашағы – Отандық ғылымда. Ғылымның бар саласын төрт аяғынан тең тұрғыза алмаспыз. Дегенмен, математикаға, аграрлық экономикаға, машина жасауға, минералды ресурстарға, медицинаға, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарға қатысты зерттеулеріміз бәсекелік қабілетімен әлемдік биіктен көрінбей, көркеймейміз. Біздің тағдырымыз, турасына көшсек, қорғаныс, әділет, қоғамдық даму министрліктерінің бар-жоғына байлаулы емес.
Бесіншіден, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзегінде қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар тұр. Демек, Қазақстан тарихы, қазақ тілі, әдебиеті мен өнері салалары бойынша орындалатын жобаларды бағалағанда, шетелдік сарапшыларды шақыруды, Скопусқа жүгінуді доғару керек. Кәсіби тарихшы ретінде айтарым, Қазақстаннан басқа елде дүниеге келген, білім алған, ғалым ретінде қалыптасқан, тіпті, танылған бірде-бір тарихшы, тілші, әдебиетші, өнертанушы тап осы салалар бойынша қазақстандық танымал әріптесімен қатар тұра алмайды. Бөтенге жүгінудің пайдасынан зияны көп.
Әлем Қазақстанды тану үстінде. Осыған серпін берудің тиімді жолы ағылшын тілін игеру ғана емес. Ғылым кеңістігінде ағылшын тілі үстемдік құрып тұрғандықтан, қазақстандық үздік қоғамдық-гуманитарлық зерттеулерді ағылшыншаға аударудың мүмкіншілігін арттырған абзал. Алдағы 10-15 жыл бойы осы мақсатқа мемлекет қаржы бөлсе, әлемдегі интеллектуалдық танымалдығымыз артары сөзсіз. 2030 жылдан әріде ғылымға шетел тілін еркін меңгерген мамандар келумен мәселе өзінен өзі шешіледі.
Ғылым – интеллектуалды ізденістің ең жоғарғы сатысы. Оған қатысты мемлекеттік саясат пен практика да үздік өлшемдерге сай болу керек. Сонда ғана қазақ ғылымы көркейеді.
Жолдауда жаңа сапалы кезеңге өтудің соңғы бесінші бағыты – қуатты өңірлерді қалыптастыру деп танылды. Жергілікті билік органдарына үлкен жауапкершілік жүктелді. Оның ауқымын елестету үшін 2022 жылға қарай өңірлерді дамыту бюджеті 800 млрд теңгеден асып түсетінін айтсақ жетіп жатыр. Әкімдер осы қаражатты шашпай-төкпей тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға, жылу мен суға, жолға айналдыра алса, Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуіне берік негіз қаланар еді.
Бүгінде Жолдауды жүзеге асырудың жалпыұлттық жоспары мақұлданды. Оны құқықтық бекемдеу үшін 16 Заң, Президенттің 4 Указын, Үкіметтің 17 қаулысын қабылдау жоспарланып отыр. Үдеріс басталып кетті. Оның нақты нәтижемен көмкерілуі бәрімізге зор жауапкершілік жүктеуде. Әсіресе, Президентке түсер салмақ ерекше. «Болса болды, болмаса қойды» дейтін балама да, таңдау да жоқ. «Мен халыққа берген уәделерімді толық орындаймын», деді Қ.Тоқаев. Осы сенім баршамыздың санамыз бен жүрегімізді билегенде, Қазақстан жаңа белеске көтеріледі.
Ежелгі дәуірде мемлекет басшысының немесе ең жоғарғы мемлекеттік биліктің халыққа үндеуін Манифест деген екен. Бертін келе ол саяси партияның, қоғамдық ұйымның бағдарламасы, іс-әрекетінің қағидаты ұғымының орнына қолданылды. Демек, жаңадан сайланған Президентіміздің Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын образды түрде «Тоқаев Манифесі» десек қателесе қоймаспыз.

Алдыңғы «

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.