ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОҒАМНЫҢ РУХЫН КӨТЕРУДІҢ НЕГІЗІ

  • 04.11.2019
  • 772 рет оқылды
  • 0

Сара Қараманова,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың өзекті проблемаларын анықтап берді. Бұл мақала Қазақстан қоғамы үшін тағдырлық маңызға ие. XXI ғасырда жаhандану дәуірі жағдайында қазіргі қоғамның барлық салаларында үлкен өзгерістер пайда болып, рухани кризистер туындады. Осындай өзгерістер біздің қоғамда көрініс бере бастады. Сондықтан, бұл мақаланың маңызы ерекше.
Азаматтық қоғам – өте күрделі жүйе, оның дамуына, қалыптасуына субъективті және объективті факторлар әсер етеді. Субъективті бөлігін сана, рух сферасы құраса, ал, объективті бөлігі қоғамның материалдық сферасы болып табылады. XXI ғасырда экономикалық дамудың нәтижесінде адамдар ыңғайлы және жақсы өмір сүре бастағанымен, олар өздерін бақытты және рухани дамыған қалыпта сезіне алмады. Сондықтан, біз XXI ғасырдың басты проблемасы – рухани дағдарыс, руханият және рухсыздық туралы айтқымыз келіп отыр. Адамзат баласының рухани тәжірибесі – адамзат баласының оңтайлы тарихындағы өзінің қолымен жасаған мәдениеті болып табылады.
Мәдениетті сақтау – адамзатты сақтаудың кепілі, ал, адамзат мәдениеті – бұл дүниежүзі халықтары мәдениетінің жиынтығы, сондықтан, әрбір халық мәдениетін сақтай отырып, өзін де сақтайды. Елбасы өз мақаласында қоғамның назарын – қоғам рухын көтеру мәселелері, оны шешу мен қойылған мақсаттарға жету жолдарын көрсеткен. Ол ең алдымен қоғамдық сананы өзгерту қажеттілігін атап, «кең көлемде жүргізіліп жатырған өзгерістер» қоғамдық сананың озықтығымен жүргізілуі тиіс. Сонда қоғамдық сана саяси және экономикалық өзгерістерді жай ғана толтырушы болмай олардың өзегіне айналады.
Өз мәдениетін сақтау, ұлттық мәдени тамырымызды діңгек ету, тарих, ұлттық әдет-ғұрыптар – қоғамды рухани жаhандандырудың негізгі талаптары екенін Елбасы атай отырып, бүгінгі қалыптасқан жағдайды ескеріп, әрбір қазақстандыққа қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды бағыттарын көрсетті. Бұл дегеніміз әрбір адамның, ұлттың, жалпы алғанда, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі. Бәсекеге қабілеттіліктің негізгі құрамаларынан басқа, оны қамтамасыз ететін бөлімдері білім, компьютерлік сауаттылық, тілдерді игеру және мәдени ашықтық болып табылады.
Қоғамдық сананы дамытудың маңызды бағыттары ретінде Елбасы өз мақаласында прагматизм деп көрсетті. Прагматизм дегеніміз бүгінгі қоғамда қалыптасқан нақты жағдайды ескере отырып, әрбір адам және барлық ұлт, барша халық өздерінің мүмкіншіліктерін және жетістіктерін бағалай отырып, шынайы мақсаттар аясында топтасуын айтады.
Қоғам санасын жаhандандыруда ұлттық біртектілікті, ұлттық код, ұлттық мәдениетті сақтау маңызды бағыттар болып айқындалады. Елбасы сонымен бірге, «Өзіміздің ұлттық әдет-ғұрыптарымыз тілімізбен, музыкамыз, үйлену салт-дәстүріміз – бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бізбен мәңгі бірге болуы тиіс» деп атап көрсетті. Қоғамдық сананы жаңғыртудың тағы бір маңызды аспектісі – білімді ту ету болып табылады. Білімді адам – мәдениетті адам деп айтатынымыз да сондықтан.
Қоғамның негізгі басымдықтары – білім, білімге деген құштарлық, жоғары деңгейлі білімділік болуы тиіс, себебі, бұл қоғам дамуының кепілі, сондықтан, құндылықтар ішінде білімділік – басты құндылық болса, онда сол ұлтты жетістіктер күтіп тұр деп, Елбасы атап көрсетті. Қоғамдық сананың көкжиегін кеңейтуде қоғамның ашықтығы, бүгінгі әлемнің жетістіктерін сезіну мен қабылдай алу бағытындағы үндестік пен өзгенің тәжірибесін ала отырып әлемдік жаhандану процесіне кірігу қажеттілігі айқын. Өз кезегінде осы бағыттардағы қоғамдық сананы жаңғырту біздің қоғамның қалай дамуына байланысты екенін Елбасымыз тағы да атап өтті. Бұл даму революциялық емес, эволюциялық мазмұнда болуы керек, себебі біздің еліміз өз тарихында қасіреті мол болған талай төңкерістер дәуірін бастан өткізген. Бүгінгі дәуірде әлемнің аймақтарындағы төңкерістердің немен және қалай аяқталғандығын көріп жүрміз. Қоғамның эволюциялық дамуы бұл табиғи процесс. Сондықтан, біз Қазақстанның осы жолмен дамуын таңдағанымыз дұрыс.
Қазақстандықтардың қоғамдық санасын жаңғыртудың нақты мәселелерін Елбасы анықтап берді. Бұл негізінен біздің халқымыздың рухани қайта түлеуін қалыптастыру еді және бірінші кезекте 2025 жылға дейін қазақ тілін кезең-кезеңмен латын ғәрпіне көшіру мақсатын қойып, бұның қоғам үшін қаншалықты маңызы барын көрсетті. Қазіргі таңда қоғамда бұл жұмыс басталып кетті, латын ғәрпі негізінде қазақ тілінің жаңа алфавиті анықталып қолданысқа енді. Бұл уақыт талабы еді және біздің мемлекетіміздің әлемдік ғылым, білім, ақпараттық кеңістігіне кірудің нақты жолы, әсіресе, болашақ ұрпақтар үшін.
Елімізде жаңа ғылыми жобаны «Жаңа гуманитарлық білім. Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша қазақ тілінде жүз жаңа оқулық» тақырыбында жүзеге асыру басталды. Ұлттық аударма бюросы құрылып, гуманитарлық ғылымдар – философия, психология, филология, дінтану, әлеуметтану бағытындағы әлемдік деңгейдегі ең жақсы деген 48-ден астам оқулықты аударуды бастап кетті. Сонымен қатар, Елбасы «Туған жер» – «Туған ел» бағдарламасын ұсынды. Мақалада атап көрсетілгендей, туған жерге деген ерекше көзқарас, мәдениет, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер – патриоттық сезімнің маңызды көріністерінің бірі және бұл ұлтты ұлт қылып қалыптастыратын мәдени-тектілік кодының діңгегі болып табылады.
Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы осынау ұланғайыр аймақты қорғап, бізге мирас етумен бірге, ұлттың болашағын, келер ұрпақты, бүгінгі бізді қорғады. Биылғы оқу жылынан бастап, еліміздің барлық мектептерінде, жоғарғы оқу орындарында өлкетану пәнін оқытуды бастап кетті, бұл өз кезегінде балаларымызда, жастарда жалпыұлттық патриотизм сезімін қалыптастыруға зор ықпалын тигізеді. Елбасы өзінің осы мақаласында кең-байтақ еліміздегі жылпыұлттық маңызы бар қасиетті, киелі орындар ұғымын халықтың санасына сіңіру мақсатында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын ұсынды. Қазіргі таңда бұл жоба қалыптасу үстінде, еліміздің барлық аймақтарындағы қасиетті орындар туралы деректер көзін жазбаша және иллюстративтік мәліметтермен толықтыру жүргізіліп, «Сакральді Қазақстан» немесе «Қасиетті Қазақстан», «Киелі Қазақстан», ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, «Киелі Қазақстанның географиялық картасы» интерактивтік формада толықтырылып, «Киелі Қазақстан» энциклопедиясын баспадан шығаруға дайындалуда. Бүгінгі күні ұлттық маңызы бар киелі дүниелер ретінде жүз нысан анықталды және 500-дей аймақтық маңызы бар нысандар рәсімделді, бұл жұмыстар әрі қарай жүргізілуде, себебі олардың Қазақстан халқының рухани мәдениетін сақтаудағы маңызы зор. Сонымен қатар, «Бүгінгі Қазақстан мәдениеті жаhанды әлемде» жобасын жүзеге асырудың өзекті міндеттерін Елбасы анықтап берді. Осы бағытта республикалық жұмыс тобы құрылып, оның құрамына көрнекті мәдениет, өнер қайраткерлері, дипломаттар, саясаттанушылар кірді. Олар әлемдік деңгейдегі мәдениет жетістіктерімен бәсекелесе алатын Қазақстан жазушыларының, суретшілерінің, композиторларының, кино және театр қайраткерлерінің туындыларын таңдай отырып, олардың әлемдік кеңістікке шығуына жол ашу бағытындағы кең көлемді жұмыстар жүргізуге тиіс. Осы масштабты жобаның аясында «Қазақстанның жаңа 100 есімі» жобасы – тәуелсіздік жылдары табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің жетістіктерін айшықтай отырып, өскелең жас ұрпаққа ұлы Абай «Болмасаңда ұқсап бақ» деп айтқандай, үлгі ретінде көрсету.
Қоғамдық сананы жаңғырту – Қазақстан қоғамын жаңғыртудың діңгегі және бұл өскелең ұрпаққа тікелей қатысты. «Жарқын болашақ тек қана жастардың өздеріне байланысты және олардың қолдарында» екенін жоғарыдағы айтылған постулаттар арқылы сезіндіру негізгі мақсат болып табылады.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.