ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНА ҚОСЫЛҒАН СҮБЕЛІ ЕҢБЕК

  • 04.11.2019
  • 648 рет оқылды
  • 0

Дәурен Мұхамадиев,
«Ұлттық аударма бюросы»
қоғамдық қорының редакторы,
филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы негізінде аударманың екінші толқыны – 30 кітап баспадан шығып, еліміздегі 130 университеттің кітапханасына таратылды. Сонымен бірге, оқулықтардың электронды нұсқасы әзірленіп, Қазақстанның ашық университеті – OpenU.kz платформасына және Қазақстанның ашық кітапханасы – kitap.kz сайтына жүктелді. Педагогика, әдебиет теориясы, мәдениеттану, маркетинг, стратегиялық менеджмент, адам ресурстарын басқару, халықаралық бизнес, әлемдік нарықтағы бәсеке мен халықаралық бизнестің құқықтық ортасын талдап түсіндіретін оқулықтардың қазақ студенті мен оқырманына берері мол. Сол кітаптың арасында «Әдебиет теориясы: Антология» атты кітапқа тоқталуды жөн көрдік.

Америкалық ғалымдар Джули Рив-кин мен Майкл Райанның бірлескен авторлық еңбегінің нәтижесінде туған «Әдебиет теориясы: Антология» атты зерттеуі толықтырылып, өңделіп, үшінші рет қайта басылып шыққан. Қазақ тіліне аударылған аталмыш еңбекте әдебиет теориясының мәселелері бүгінгі көзқарас тұрғысынан жаңаша зерделенеді. Бұл іргелі жинақ «Әдебиет теориясы. Кіріспе» және «Әдебиет теориясы: Антология» (I, II, III, IV) атты бес кітаптан тұрады. Әр том он мың данамен шығып, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі жүз он екі жоғары оқу орнына тегін таратылды.
Джули Ривкин – америкалық белгілі әдебиет сыншысы. Коннектикут колледжінде (АҚШ) ағылшын тілінен, Америка әдебиетінен және «Қазіргі кезеңдегі жазушы әйелдер», «Әдебиет теориясы» пәндерінен дәріс береді.
Майкл Райан – АҚШ Темпл универ-ситетінің кино және медиаөнер профессоры. «Әдебиет теориясы. Кіріспе» (3-басылым), бірнеше кітаптар мен романдардың авторы.
«Әдебиет теориясы. Кіріспе» оқулығында әлемдік әдебиеттану ғылымының өзекті тақырыптары саналатын орыс форма-лизмі, жаһандану, таным, эмоция, эволюция, әдебиет сыны мен теориясының мақсаттары және олардың нейробиологиямен қарым-қатынасы сияқты аса ауқымды теориялық ұғымдар, структурализм, постструктурализм бағыттары егжей-тегжейлі зерделенеді. Әдебиеттанудың осындай өзекті мәселелері көрнекті шығармалар мысалында талданып, жаттығуларымен қоса берілген.
Антологияның бірінші томына структурализм, постструктурализм, линг-вистика, нарратология, феноменология, эмпирикалық зерттеулер топтастырылған. Сонымен қатар, бұл еңбекте телевизиялық сериалдарды талдаудың айрықша зерттеу тәсілдері де сөз болады. Әдеби мәтіндерді қабылдау және шығармаларды теориялық тұрғыдан пайымдау, оқырманның әдеби талғамы, адамзат дамуындағы әдебиеттің алар орны да жан-жақты қарастырылады
Екінші томы «Постструктурализм», «Психоанализ және психология» деп атала-тын екі ауқымды бөлімнен тұрады. Кітап постструктурализм ағымын тереңірек саралаған философиялық толғамдарға және оның әдебиетпен, тіл білімімен, психологиямен байланысына құрылған. Францияда пайда болып, АҚШ және неміс ғалымдарының зерттеулерінде кеңірек көрініс тапқан постструктурализмнің қайнар көздері, оның жеке ағым ретінде өрістеуі әдебиеттегі трансгрессиялық, яғни, бұзып-жару идеяларымен астарласа зерделенген. Жазу мен сөйлеудің байланысы, таңбаның классикалық теориясын жаңаша пайымдау, тіл, автор мен шығарма сияқты күрделі мәселелер кеңінен қозғалады. Әр бөлім жеке бір әдеби шығарманы талдауға арналған қос тараумен тиянақталады. Жан-Жак Руссодан бастап Нобель сыйлығының лауреаты Элис Манроға дейінгі бірқатар жазушылардың шығармашылығына қатысты көптеген қызықты пікірлер берілген.
«Әдебиет теориясы» антологиясының үшінші томы үлкен екі бөлімнен тұрады. Әр бөлім өз ішінде бірнеше тарауларға бөлінген. Атап айтқанда, еңбек мәселесі, мемлекет пен идеология, тарихшылдық, тарихи философия, құрылымдар, һабитус, ориентализм, отарлық, жаһандану, мәдени бірегейлік пен диаспора, аударма, эмпиризм, этика тәрізді ауқымды мәселелер теориялық тұрғыда жан-жақты зерделенеді. Уилиям Шекспир, Елизабет Бишоп, Макс Жакоб, Джон Галт, Элис Манро сияқты белгілі қаламгерлердің шығармалары соны көзқарас тұрғысынан пайымдалады. Антологияның ерекшелігі, авторлардың ұстанымына сай, көптеген авторлардың ғылыми мақалалары жүйелі түрде сұрыпталып таңдала отыра аталған еңбекке топтастырылған.
Еңбектің алғы сөзінде авторлар анто-логияны құрастырудағы мақсаттары жайында: «…Антологияға енген мәтіндерді мүмкіндігінше, қазіргі заманға лайықтап, өзіміз сүйенген ережелерге қатысты пайымдарымызды барынша тиянақтап, жүйелеп беруге баса мән бердік… Жаңа-шылдықты басты мақсат ете отырып, осы кезге дейін антологияға енбеген шығармаларды молынан қамтып, мейлінше іріктеп, үзінді ретінде бердік. Біздің ұстанымымыз діттеген шығармалардың өзегіндегі негізгі ойды аңдатуға назар аударуымен ерекшеленеді. Осы мақсат жолында оқырман қажет деп санаған кейбір мәтіндерді құрбан еткен болсақ та, біздің таңдауымызға іліккен үзінділеріміз, қалай болғанда да, келешекте терең зерделеуге жол ашатын басты шығармалармен танысуға мүмкіндік туғызады деген үміттеміз», – деп айрықша тоқталып өтеді.
«Әдебиет – қоғамдық өмірдің айнасы» деген қанатты сөз қашанда өзінің мәнін жойған емес. Қоғамдағы болып жатқан барлық жаңалықтар, жағдайлар, оқиғалар әдебиеттің негізгі тақырыбына айналатыны сөзсіз. Саяси, идеологиялық, тарихи, экономикалық, қоғамдық мәселелер бұл антологияға енген авторлардың да назарынан тыс қалмай, аталмыш тақырыптарға қатысты азаматтық, ғалымдық көзқарастарын білдіріп, зерттеу жұмыстарына арқау болған. Мысалы, бірінші бөлімнің «Нөлден бастау» деген кіріспе мақаласында авторлар Джули Ривкин мен Майкл Райан әдебиеттің қоғамдағы роліне айрықша тоқталып өтеді. «…Әдебиет қоғамға ішінен қауіп төндіретін және әдебиетте көрініс беретін қарама-қайшы белгілерін (таптар, идеологиялар мен шындық арасындағы) де көрсетеді. Кедей мен бай немесе «еркіндік» пен «экономикалық құлдық» шындығының арасындағы қайшылықты көзбояушылықпен шешіп беріп жатса да, әдебиет оларды бәріне көрінетіндей етіп айқындауы керек» деген дәйексөздері жоғарыда айтылған сөзімізге бірден-бір дәлел бола алады. Сонымен қатар қазіргі әдеби зерттеулерде тарихқа бет бұрудың өте маңызды екенін әрі ол көптеген сыни әдістер арқылы жүзеге асатынын да ғылыми дәйекті дәлелдерімен тұжырымдап береді.
Америкалық әдебиеттанушы-ғалым Луис Монтроуздың «Жаңа тарихшылдық», белгілі әдебиеттанушы, мәдениеттанушы- ғалым Бетси Эрккиланың «Елизабет Бишоп: модернизм және солшылдық», Лоуренс Венути «Аударма, эмпиризм, этика», Гаятри Чакраворти Спивак «Үш әйелдің шығармасы және империализмді сынау», шығыстанушы-ғалым Эдуард Уади Саид «Ориентализм», Чинуа Ачебе «Африка бейнесі: Конрадтың «Түнекке түскен сәуле» туындысындағы нәсілшілдік» тәрізді зерттеулердің қазақ әдебиеттану ғылымы мен қазақ оқырмандарына берері мол дүние деп білеміз.
Бұл еңбекте әдебиет теориясының мәселелері жайында маңызды деректер қамтылған. Антологияда өмірден, белгілі бір туындылардан алынған мысалдармен байланыстыра отырып, тереңірек теориялық талдау жасалған.
Ал, антологияның төртінші томына ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, қазірге дейінгі әдебиет теориясының қалыптасуы, даму бағдары және оған ықпал еткен факторлар туралы жан-жақты түсінік беретін америкалық және еуропалық ғалымдардың эсселері топтастырылған. Олардың еңбектері бүгінгі қоғамдық, гуманитарлық және жаратылыстану пәндерінің арасындағы байланысты сан алуан қырынан қарастырып, аффект теориясы (С.Томкинс, И.Седжуик, Л.Берлант, Б.Массуми, С.Ахмед), нарративті эмпатия теориясы (С.Кин), когнитивті метафора теориясы (Дж.Лейкофф, М.Джонсон), когнитивті поэтика (Р.Цур, М.Тернер, Э.Сполски, Э.Харт), эволюциялық әдебиет теориясы (Дж.Кэрролл, Б.Бойд, Н.Истерлин, Дж.Готтшолл), репрезентативті емес теория (Н.Трифт), әрекетшіл желі теориясы (Б.Латур), киберфеминизм мен «жаңа материализм» теориясы (Д.Харауэй, Дж.Агамбен) жөнінде кеңінен сөз етеді. Антологияға енген мақалалар жиынтығы көркем әдебиеттің мазмұны мен құрылымын, жанрлық сипатын, көркем шығармаларды аудиторияның қабылдау ерекшеліктерін қайтадан пайымдауға, билік пен идеология табиғатын, этносаралық қарым-қатынастарды, халықаралық байланыс саласындағы жаңа тұжырымдарды, әлемдегі постотарлық ахуалды тыңнан зерделеуге жол ашады.
«Әдебиет теориясы: Антология» атты көлемді еңбектің барша оқырмандарға беретіні мол, жаңа ұғымдар мен әдебиет теориясының өзекті мәселелеріне биік талаптар тұрғысынан баға береді. Түрлі жаңа ұғымдар мен әдебиет теориясының қыр-сыры мен түрлі кезеңдерінен көрініс бере отыра, өз оқырмандарын қызықты да, тағылымды мәліметтерімен байытады.
Біз бұл шағын мақаламызда бес томнан тұратын антологиялық жинаққа арқау болған теориялық мәселелерді жан-жақты зерделедік деген ойдан аулақпыз. Оқырман қауымға аталған кітап жайында қысқаша ғана мәлімет беруге тырыстық. Антологияның құрамына енген әрбір том ауқымды теориялық мақалаларға жүк болатын дүние. Әр том туралы, оған енген зерттеулер жайында арнайы мақалалар жазу алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе деп білеміз.
Қoрытa кeлгeндe, қaзaқ тiлiнe aудaрылып жaтқaн жaңa oқулықтaр білім мен ғылымның алып кеңістігінде eл игiлiгiнe қызмeт eтер, рухани жаңғыру аясында ұлт рухaниятының кeмeлдeнiп, тaбысты eл бoлуымызғa зoр ықпaлын тигiзeтiн салмағы басым, қымбат құндылықтар дeп түйiндeймiз.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.