АЛТЫН ОРДА ХАНДАРЫ ЖӘНЕ ИСЛАМ

  • 04.11.2019
  • 594 рет оқылды
  • 0

Берекет Кәрібаев,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы

XIII ғасырдың 40-шы жылдарының басында құрылып, XVI ғасырдың алғашқы жылдарына дейін өмір сүрген Алтын Орда империясының Еуразия құрлығының шығыс бөлігіндегі халықтардың тарихында алар орны ерекше. Өзінің үш жарым ғасырлық тарихында Алтын Орда өзінен бөлініп шыққан – Қырым, Қазан, Сібір, Астрахан хандықтары, Ақ Орда, Қазақ хандығы мен Ноғай Ордасы секілді кейінгі ортағасырлық мемлекеттердің тарихында зор маңызға ие болды. Алтын Орда XVI ғасыр басында тарих көшінде қалса да, оның өзінен кейін құрылған мемлекеттер тарихында, сол аумақтағы этностардың тарихында алар маңызы қазіргі күнде артып отыр.
Алтын Орда тарихындағы әрбір мәселенің бүгінгі күндері өзектілігі өте жоғары. Сондай мәселелердің қатарына Алтын Орда хандарының Ислам дініне қатысты ұстанған көзқарастары мен жүргізген саясаттары жатады. Соған байланысты, біз бұл мақаламызда XIII ғасырдың II жартысы мен XIV ғасырдың I жартысындағы Алтын Орда хандарының ислам дініне қатысты саясаттарын қарастыруды мақсат етіп отырмыз.

Жошы ханның екінші ұлы, әрі мұрагері Батый ханның батысқа жасаған жеті жылдық жорығының нәтижесінде Моңғол империясының аумағы батыста Дунайға дейін кеңейеді. Оның құрамындағы Жошы ұлысы империяның ең аумағы зор бөлігіне айналады. Жошы Ұлысы немесе Алтын Орда алғашқы құрылған күнінен бастап Қарақорымдағы Ұлы қағанға бағынбай, дербес саясат жүргізгені белгілі. Ұлы қаған Гүйіктің діни ұстанымына қарамастан, Жошы ұлысының ханы Батый қоластындағы және тәуелді халықтар мен елдерге қатысты өзіндік саясат, оның ішінде діни саясат ұстанады. Батыйдың саясаты жөнінде сол дәуірдің тарихшыларының бірі мынадай сипаттама береді: «Ол (Бату) өте әділетті адам және мұсылмандардың досы болды, оның қамқорлығы арқасында мұсылмандар өздерін еркін сезінді. Оның ордасы мен жанында мешіт салынып, имамы, муэззины, намазға жығылатын қауымы болды. Оның патшалығы тұсында және оның тірі кезінде мұсылман елдеріне ол жағынан, оның қоластындағылар тарапынан, оның әскері тарапынан ешқандай жаманшылық болған жоқ. Түркістан мұсылмандары оның қорғаштауы арқасында тыныштық пен қауіпсіздікте өмір сүрді» [1, 15]. Ал, келесі бір араб авторы Батый туралы: «Ол ешбір дінге, ешбір сектаға кірмеген билеуші еді, ол оларды тек құдайшылықты танудың жолы деп түсінді, сөйтіп, ешбір секта мен дін ағымының жолын қумады»,- деп жазады [2, 21]. ХІІІ ғасырдағы армян тарихшысы Киракос Гандзакеций болса, өз дерегінде Батыйдың тек мұсылмандарға ғана емес, сонымен бірге басқа да діндегі адамдарға, оның ішінде саудагерлерге жақсы қарағандығын айтады [3, 50]. Бұл келтірілген деректер Алтын Орданың негізін қалаушы әрі алғашқы ханы Батый ханның дінге қатысты көзқарасы мен ұстанымын көрсетеді. Егер де, Қарақорымда Ұлы қаған Гүйік христиан дініне бет бұрып, мұсылмандарға қолдау көрсетпесе, Сарайда, керісінше, мұсылмандар хан тарапынан қысымшылықтар көрмейді. Дәл сол секілді басқа діндегілер де ешқандай шетқақпай көрмейді. Бұл Батыйдың нақты бір дінді қабылдамаса да, оның діни сабырлылығын, шыдамдылығын көрсетеді. Жазба деректер Батый ханның әкесі Жошының жаулап алушы болса да, діни ұстанымдар жағынан келгенде, оның «мұсылмандарға көмек көрсетуді қолдайтынын» жазған болатын [1, 14]. Алтын Ордада Батый хан тұсында діни еркіндіктің болғандығын ханның ұлдары мен інілерінің әртүрлі дінге кіргендігінен көруге болады. Мысалы, Батыйдың үлкен ұлы – Сартақ христиан дініне енсе, туған інісі Берке, мұсылман дінінде болады [1, 19].
Алтын Ордада Батый ханнан кейін христиандық жолды ұстанған, оның ұлдары Сартақ пен Ұлақшыны Қарақорым қолдаса да, олардың билікке келе алмауын, ең алдымен, Сарайдағы басқарушы топ арасында мұсылмандық топтың күшейгенінен деп түсінеміз. Алтын Орданың билеуші тобы арасында мұсылмандық топтың күшеюі нәтижесінде билікке Берке хан келеді. Оның тақты иеленуіне басқа да факторлар әсер етуі мүмкін, бірақ та біз ислам факторын солардың ішінде алдыңғы қатарлардың біріне қоямыз. Беркенің Сарайда хан болуымен исламның бүкіл Алтын Орда аумағында кең түрде таралуына, билеуші тап арасында оның ықпалының күшеюіне жол ашылады. Берке ханның жеке басының мұсылманшылдығы туралы сол заманның тарихшылары мен ХVІІ ғасырға дейінгі авторлар тек жағымды пікірлер айтады. Солардың бірнешеуінің пікірлеріне назар аударып көрсек.
1279-1333 жылдары өмір сүрген араб тарихшысы ан-Нувейри: «Ол – Солтүстік мемлекетінің (Алтын Орданы айтып отыр – Б.К.) төртінші билеушісі. Берке мұсылмандықты қабылдады және оның мұсылманшылдығы керемет болатын. Ол сенім туын жоғары ұстап, мұсылмандық дәстүрді енгізді, дін басыларына құрмет көрсетті, оларды өзіне жақын тартып, жанында ұстады, олармен достасты, мемлекетінде мешіттер мен медреселер салдырды. Ол Шыңғыс хан ұрпақтары ішінде бірінші болып исламды қабылдады, олардың ішінде исламды оған дейін қабылдаған адам туралы ешкім ештеңе айтқан жоқ. Ол мұсылман болғанда, оның халқының көп бөлігі де исламды қабылдады. Оның әйелі Джиджек-хатун да мұсылман болды, ол өзіне шатырдан мешіт салдырып, өзімен бірге алып жүрді»,- деп жазады [4, 151]. 1245-1325 жылдары өмір сүрген келесі бір араб тарихшысы Рукнеддин Бейбарыс: «661 жылы (1262 ж. қараша – 1263 ж. қараша) Татар патшасы Беркенің елшілері, (Египетке) келіп, оның исламды қабылдағандығы жөнінде хабар әкеледі»,- деген дерек береді[5, 98]. Одан әрі деректе Беркенің хаты туралы айтылып, онда мұсылман дінін қабылдаған адамдардың аты-жөндері, ру-тайпалары, олардың бала-шағаларымен, қызметкерлері мен қарауындағы адамдармен исламды қабылдағаны, мысалы, Кутлугтимур, Аджи өзінің балаларымен, Дурбай және Хорасанға аттанған 10 мыңдық әскер бәрі түгелімен мұсылмандыққа өтіп, өздері исламның заңдары мен ережелерін қабылдағандығы баяндалады [5, 98-99]. Сондай-ақ, осы деректің келесі бір жерінде Беркенің жақтастарының алғашында Хулагудың қарамағында болып, екі ел билеушісі арасындағы қарым-қатынас бұзылғаннан кейін, олардың Египетке қашып барып, исламға бой ұрғандығы айтылады [5, 100]. Ибнабдеззахр 1263 жылы Берке ханның араб елшілігін қабылдау және Берке ханның 50-60-тай әмірлері туралы айта келе, «Оның (жанындағы) әрбір әмірдің муэззині мен имамы, әрбір хатунның да муэззині, имамы болды. Балалар медреселерде қасиетті Құранды оқиды», – деп жазады [6, 64]. Араб тарихшылары Берке ханның жеке басының мұсылмандығы мен оның билігі тұсындағы Алтын Ордадағы исламның жағдайын осылай деп баяндаса, парсы тарихшыларының пікірлері олардан артық болмаса, кем емес. Джузджанидың Берке ханның мұсылманшылығы туралы деректерін төмендегіше топтастырып беруге болады:
1) Берке туылғанда әкесі оның кіндігін мұсылман әйелге кестіріп, мұсылман әйелдің сүтін ішкізген;
2) Берке жас кезінен имамның тәрбиесінде болып, Құранды оқыған, Ходжентте діни оқуда дәріс алған;
3) Ер жетіп, қол бастағанда, оның әскері тек мұсылмандардан тұрған; оның әскерінде 30.000 мұсылман болған; әскерде жұма намаз енгізілген;
4) Беркенің жанында Құранды, хадистерді, мұсылман ережелері мен заңдарын жақсы білетін адамдар үнемі болған, кітапханасы бай болып, сарайда шариат заңына байланысты пікір айтыстар үнемі болып тұрған [200, 16-19 – б.].
Өтеміс қажының еңбегінде де Берке хан және оның мұсылманшылдығы туралы көп айтылады. Онда жоғарыда келтірілген деректерден басқа, Беркенің діни ұстаздары туралы, Аллаһтың көмегімен жалғыз өзінің Хулагу әскерін жеңуі туралы ұзақ әңгіме айтылады [7, 96-99]. «Дешті уалайаты Берке-ханның қолына өткенде, ол дінсіздердің көбін исламға кіргізді», – деп Берке хан туралы деректерін тәмамдайды Өтеміс қажы [7, 99]. Берке хан халифпен де қатынас орнатып, Батыйдың тірі кезінде одан қымбат бағалы киімдерді сыйға алған [1, 17].
Міне, осылайша Берке ханның мұсылмандығы мен оның билігі тұсында ислам дінінің Алтын Ордада үлкен қолдауға ие болып, кең қанат жаюы туралы деректерді жалғастыра беруге болады.
Жоғарыда келтірген деректерден байқағанымыздай, Берке ханның өзі әйелімен, билеуші әулеттің, жоғарғы биліктегі әмірлердің басым бөлігі хан секілді исламды қабылдайды. Сол сияқты Дешті Қыпшақтың тұрғындары да бұл процестен тыс қалмайды. Алтын Ордадағы тұрғындардың қанша пайызы Берке хан тұсында мұсылман болғандығын дәл айта алмасақ та, біз жергілікті халық арасында исламның рөлі өсіп, ықпалының артқандығын байқаймыз. Берке ханның діни саясаты Алтын Ордада ислам дінінің орнығуы мен бекуіне мықты негіз қалайды. «Процестің күшті болғаны сондай, оны кейіннен билікте болған несториандар мен шамандық бағыттағылары тоқтата алмайды» [8, 113].
Ислам дінінің Дешті Қыпшақ аумағында күшеюі оның құндылықтарының басқа рухани құндылықтардан жоғары тұруына, оның басқалардан үстем болуына алып келді. Үстемдікке жеткен ислам діні бүкіл Дешті Қыпшақ аумағындағы барлық тұрғындар үшін, көшпелі тайпалар үшін де, қалалық тұрғындар үшін де ортақ, біртұтас рухани кеңістік қалыптастырады. Бұл рухани кеңістіктің ортақ құндылықтарына: Аллаһ, Мұхаммед пайғамбар, Құран, шариат, хадистер, Мекке, Медине, Қағба және тағы басқа ислам дініндегі қасиетті ұғымдар жатты. Мұсылмандықты қабылдау арқылы көптеген тайпалар бұрынғы шамандық негіздегі дүниетанымынан, этикадан, моральдан ажырап, жаңа ислам өркениетіндегі құндылықтарға ие болады. Географиялық жағынан алғанда, ХІІІ ғасырдағы Жошы Ұлысының шығысы мен батысы аралығында өмір сүрген тайпалар жалпылама атаумен қыпшақтар деп аталса да, шаруашылық, аймақтық, тілдік-диалектілік, ерекшеліктерге сай өзіндік, өздеріне ғана тән, дүниетаныммен өмір сүрген болатын. Оған Моңғолия аумағынан келген түрік тілдес және моңғол тілдес тайпалардың рухани дүниетанымы, рухани өмірі келіп қосылса, сонда ислам діні орныққанға дейінгі Жошы Ұлысындағы тайпалардың рухани өмірін ала-құла затпен, әр түстегі нәрсемен салыстыруға болады. Этникалық жағынан алғанда, барлық тайпалар үшін қыпшақтану процесі белең алып жатса да, ХІІІ ғасырдың екінші жартысында осы процестің исламдық фактордың ықпалымен жүруі, рухани өмірде исламның жетекші орынға шығуы, барлық тайпалар үшін бір ғана рухани кеңістіктің қалыптаса бастауы – міне, осылардың бәрі ХІV ғасырдың басында қыпшақтану процесін өзінің мәресіне дейін жеткізеді. Берке хан тұсында Алтын Ордада ислам дінінің осылайша, биліктің ең жоғарғы тұрғысынан қолдау табуы – исламның бұл мемлекетте ең басты дінге айналуына негіз қалап, жергілікті қыпшақ этносының жаңадан келген этноэлементтерді өз бойына сіңіруінде маңызды рөл атқарады.
1266 жылы Берке хан қайтыс болғаннан Алтын Ордада Өзбек хан таққа келгенге дейінгі уақыт ішінде исламға Берке хандай қолдау көрсеткен хан болмады. 1266-1282 жылдары хан болған Мөңке Темірдің (Менгу Темір) діни көзқарасы жөнінде араб деректері ешқандай мәлімет бермейді. Бірақ Берке хан тұсында кең дамыған Алтын Орда мен Египет арасындағы қарым-қатынастар жалғаса береді. Араб деректерінің Мөңке Темір хан туралы өте аз мәліметтер беруін біз, оның мұсылман дініне кірмегендігінен деп білеміз. Сондай-ақ, деректер Мөңке Темір ханның мұсылмандарға қарсы жасаған іс-әрекеттері жөнінде ештеңе айтпайды. Рукнаддин Бейбарыс та Мөңке Темірдің мұсылман болмағандығын көрсететін мынадай бір дерек кездеседі. Берке хан тұсынан бері Алтын Ордада тұтқында жатқан Румның сұлтаны Иззеддин Кейкаус 1278/1279 жылы қайтыс болғанда, Мөңке Темір оның ұлы Масуд сұлтанды әкесінің әйелі Урбай хатунға үйлендірмек болады. Бірақ, Масуд мұны адамгершілікке жатпайтын, ешбір ережеге сай келмейтін ұсыныс деп, одан қашуға мәжбүр болады [1, 103]. Мұсылмандық тұрғыдан ханның бұл ұсынысы өте ұятты, өте жабайы, ешбір ақылға сыймайтын болса, дінсіздер тұрғысынан алғанда, ол кәдімгі, қарапайым шаруа секілді болып көрінеді. Мөңке Темір ханның бұл әрекеті оның қандай дінді ұстанса да, тек мұсылман болмағандығын көрсетеді. Одан кейін билікке келген Туда Менгу ханның мұсылмандықты қабылдағанын араб тарихшысы Рукнеддин Бейбарыс хабарлайды [1, 105]. 5 жыл хан болып, сопылық жолға түсуіне байланысты, ол биліктен өз еркімен бас тартады да, орнына Тула Бұқаны қалдырады [1, 105-106; 122]. Осылайша, 1312 жылы тақ билігіне Өзбек хан келгенге дейін Алтын Ордада ислам діні жоғарғы билік тарапынан кең қолдауға ие болмаса да, жекелеген билеуші әулет өкілдерінің ықпал етуімен тарала береді, өзінің рухани өмірдегі маңызын арттыра түседі.
Алтын Ордада исламның толығымен және түпкілікті түрде жеңіске жетіп, мемлекеттің ресми дініне айналуы – тікелей Өзбек ханның есімімен байланысты. Бұл туралы араб және парсы тілдеріндегі деректердің көбі жазады. Өзбектің билікке келер қарсаңында Сарайдағы билеуші топ арасында діни мәселелер бойынша екі топ болған секілді. М.Г.Сафаргалиевтың дәлелдеуі бойынша, бірінші топ – шамандықты ту еткен дін басылары мен қалалық саудагерлер тобының өкілдері болған [8, 331 – б.]. Рашид ад-диннің «Жылнамалар жинағы» жалғасының анонимді авторының жазуы бойынша, Өзбектің билікке келуі былайша баяндалады: «Сол кезде Дешті Қыпшақтың, Хорезмнің және басқа да өлкелердің билігі Өзбек ханға ауысты. Ол былай болған еді. Сол елдің ханы Тоқтай болатын. … ол (9.VІІІ. 1312) жылы Сарай маңында Еділ өзенінде кемеде қайтыс болды. … әмірлер мен нойандар билік мәселесіне келгенде, дауласа бастады. Сарай әмірлерінің бірі Кутлук Темір: «Таққа Тоқтайдың ұлы отыруы тиіс, бірақ, ол үшін Өзбекті ұстап алуы керек, өйткені, ол (біздің) жауымыз, ал, содан кейін ғана Тоқтайдың ұлын билікке әкелуге болады», – деп айтады. Ол (әмірлер) мұнымен келіседі. Тоқтайдың өлімін естіген Өзбек Сарайға келеді, ол әмірлердің жасырын әрекеттерінен хабарсыз болатын. Сол әмірлердің арасында Құтлұқ Темір деген тағы бір әмір (болып), ол әмірлердің ойын Өзбекке білдіреді. Әмірлердің Өзбекке жаулығының себебі мынада болатын. Өзбек үнемі оларды ислам дінін қабылдауға үгіттеуші еді. Ал, әмірлер болса: «Сен бізден бағыну мен жарлыққа құлақ асуды күт, ал, біздің сенімімізде, қандай дінге қарайтынымызда шаруаң болмасын, қалайша біз Шыңғыс ханның заңы (тура) мен жарғысынан (ясак) бас тартып, арабтар дініне кіреміз»? – деп жауап қайтаратын. Ол (Өзбек) өз дегенінен қайтпайтын, соған байланысты, әмірлер оны жек көріп, оның көзін құртпақ болды. Сол мақсатпен ол той ұйымдастырып, сонда оны өлтіруді ойластырады. Өзбек тойға келгенде, сол баяғы әмірлердің жоспарын естірткен Құтлық Темір оған белгі береді. Өзбек (қауіпті) сезіп, дәрет алуды сылтауратып, далаға шығады. Сол әмір (Құтлұқ Темір) ере шығып, әмірлердің жоспарын айтып береді. Өзбек бірден атына мініп, қашып кетеді. Әскерін жиып әкеліп, (оларды) жеңіп шығады. Тоқтайдың ұлын және Шыңғыс хан ұрпақтарының 120-сын өлтіреді… Өзбек Дешті Қыпшақтың тағына келіп, өте күшті билеуші болады. Ол сыртқы сұлулығы мен адамгершілігін, діншілдігін бір өзіне ұштастыра білген, мұсылмандықты нығайтқан ханзада болды» [9, 141 – б.].
Басқа деректерде Тоқтай ханнан бұрын оның мұрагер етіп тағайындаған ұлының қайтыс болғандығы айтылады [9, 174]. Біз бұл жерде Өзбек ханның дінге қатысты саясаты жөнінде қарастырып, отырғандықтан, сондай-ақ оның Алтын Ордадағы басқа да жүргізген саясатына оның билікке келуі мәселесіне терең бармаймыз. Сонымен, деректерде Өзбек хан билікке келгеннен соң, оның жүргізген діни саясаты туралы «әмірлер мен қызметкерлерді, көптеген ұйғырларды, яғни, ламалар мен сиқыршыларды өлтіріп, «өз жеріне исламды жариялап, дінсіз болған көптеген әмірлерді өлтіргендігі, исламды басқа діндерден жоғары қойғандығы», «Аллаһтың жауларының көзін құртушы, дін жолындағы күрескер екендігі», «өзіне қарсы шыққандардың көзін жойғандығы» жөнінде айтылады [10, 174;11,206;12, 277;13, 290]. Ибн Кесирдің «Мұхаммедтің заңы басқа заңдардан жоғары тұрды» деген дерегі Өзбек ханның исламды мемлекеттің ресми діні етіп жариялағанын білдіреді.
Ислам дініне қатысты көзқарастар мен саясатты Жошы ұлысының сол қанатындағы тарихи дамулардан да байқауға болады. Орда Ежен ұлысының билеушілері Орда Еженнің, Күнқыранның, Қонышаның (Куйнджи), Баянның қандай дінде болып, қай дінге қолдау көрсеткенін дерек мәліметтері атап айтпайды. Дегенмен де, олар Батый, Мөңкетемір, Тоқтай хандар секілді ислам дінін қабылдамай-ақ, мұсылмандарға қолдау көрсеткен деуге болады. Оған ұлыстың Жошы ұлысының бір бөлігі бола тұрып, Сарайдағы хандардың билігіне толық мойынсұнуы және ХІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап, ұлыстың құрамындағы Сыр бойы қалаларының қайтадан қалпына келтіріліп, гүлдене бастауы жатады. Бұған дейін айтылғандай, Батыйдың мұсылман саудагерлеріне қолдау көрсетуі, Беркенің исламға өтіп, оған кең қолдау жасауы тек Алтын Орданың батыс бөлігіне ғана емес, бүкіл Алтын Ордаға қатысты болды. Ал, Сыр бойындағы қалалардың қалпына келтіріліп, гүлдене бастауы – ұлыс билеушілерінің сол өңірдегі тұрғындарға қамқорлығынан деп түсінуге болады. Өңір тұрғындары моңғол жаулап алушылығына дейін мұсылмандар болғандықтан, өңірдің гүлденуіне орда ежендіктердің дінді қолдауының да қатысы бар дейміз. Алтын Ордадағы Тоқтай мен Өзбек хандардың тұсында Орда Ежен ұлысын басқарған Сасы Бұқа ханның (1320-1321 жылы қайтыс болған) Сыр бойындағы әскери, әкімшілік және діни орталық болған қала – Сауранда жерленуі, оның ислам дініне өте жақын болғандығын көрсетеді. Ал, оның ұлы Ерзен хан туралы Муин ад-дин Натанзи: «Ол өте ақылды, діндар, алғыр және дінді құрметтейтін патша болды. Отырар, Сауран, Женд және Барышкенттегі медреселердің, ханакалардың, мешіттердің, басқа да қайырымдылық ғимараттардың көбін ол салғызды. … Ол 745 жылы (1344/1345) қайтыс болып, денесі Сығанақ қаласында жерленген»,- деп сипаттама береді[14, 129-130]. Ерзен ханның ислам дініне қолдау ретінде жүргізген бұл іс-әрекеттеріне қарап, оны Орда Ежен ұлысының «Өзбегі» деуге болады.
Жалпы алғанда, біз Орда Ежен ұлысындағы ХІІІ-ХІV ғасырдың басындағы тарихи дамуды Алтын Ордадан бөліп қарамаймыз. Осы кезеңде Алтын Ордада болған барлық процестер, оның ішінде ислам дініне қатысты мәселелер де Орда Ежен ұлысына да ортақ болған деп санаймыз. Осылайша, біз Дешті Қыпшақ аумағындағы моңғолдық және Моңғолия аумағынан қоныс аударған түріктік этнокомпоненттердің ХІІІ-ХІV ғасырлардағы қыпшақтану процесіне ислам дінінің ықпалын анықтау барысында, алдымен, ислам дініне Жошы ұлысындағы билеушілердің қатынасын көрсетуге тырыстық. Жазба деректердегі мәліметтерге талдау жасай келе, біз Батый ханнан Өзбек ханға дейінгі Алтын Орда билеушілерінің исламға деген көзқарастарын бірнеше топқа бөлеміз.
1) Мұсылмандықты қабылдамаса да, ислам дінінің Алтын Орда аумағында таралуына қарсы болмағандар. Олар – Батый, Мөңке Темір, Тула Бұқа, Тоқтай хандар.
2) Мұсылманшылдықты қабылдап, ислам дінінің Алтын Ордада орнығып, кең таралуына ықпал еткен хандар. Олар – Берке, Туда Мөңке және Өзбек хандар. Біз бұл топқа Орда Ежен ұлысынан Ерзен ханды жатқызамыз.
ХІІІ ғасырдың басынан ХІV ғасырдың ортасына дейінгі бір ғасырлық тарихи кезеңде ислам дінінің Алтын Ордада орнығуына, таралуына және ресми мәртебе алуына хандардың ислам дініне қатысты көзқарастары мен жүргізген саясаттары маңызды рөл атқарды деген қорытындыға келеміз.
Исламның Жошы ұлысында жетекші дінге айналуына ресми хандармен бірге, билеуші әулет өкілдерінің де өз ұлыстарында ұстанған саясаты аса шешуші болмаса да, өзіндік рөл атқарады. Алтын Орда тарихынан билеуші әулет өкілдерінің дінге қатысты көзқарастарын айқын байқауға болады. Оған дәлел ретінде Өзбек ханның Шыңғыс әулетінің 120 өкілін өлім жазасына кесуі жатады. Сондай-ақ, араб тарихшылары ибн Дукмак пен Ал-Айни билеуші әулет өкілдері мен жоғарғы билікке жақын тұрған әмірлер – Тунгуз бен Мунджуктың ұлы Таздың Өзбек ханның дінге қатысты саясатына қарсы шығып, оларды және солармен бірге жақтастарын өлтіргендігін хабарлайды [15, 323;16,515-516 – б.]. Орда Ежен ұлысында мұндай сипаттағы оқиғалар туралы айтылмайды. Бірақ та, біз ислам дінінің Орда Ежен әулетінің өкілдері арасында таралуын, олардың мұсылмандықты қабылдауын мынадай жолмен біле аламыз.
Жошы ұрпақтарының, оның ішінде, Орда Ежен ұрпақтарының да тарқатылуын таратқан Рашид ад-дин олардың шежіресін ХІІІ ғасырдың соңына дейін жеткізеді. Сол тарқатылымдағы есімдерге қарап, исламның билеуші әулеттің арасында қалай таралғанын байқауға болады. Жошы ұрпақтарының шежіресін Рашид ад-дин бес буынға дейін олардың есімдерімен көрсетеді [17, 66-78]. Бірінші буынға – Жошының ұлдары жатады. Олардың есімдері – Орда, Бату (Батый), Берке, Беркечар, Шейбан, Тангут, Буал, Чилакун, Шингкур, Чимпай, Мұхаммед, Удур, Тука-Тимур, Шингкум. Жошының өзі 1179 жылы Шыңғыс ханның 18 жасында дүниеге келгенін, ал, қалған ұлдар – Шағатай әкесінің 22 жасында, Үгедей – 25, Төлей – 32 жасында туылғанын ескеріп, орта есеппен әкесі мен ұлдарының арасын – 24 жыл деп есептейміз [18, 387-388].
Жоғарыда келтірілген Жошының ұлдары шамамен, 1200-1220 жылдары, яғни, Дешті Қыпшақты жаулап алғанға дейін туылған. Біз оларды бірінші буынға жатқызамыз. Жошының 14 ұлының біреуі – Мұхаммедтің ғана есімі ислам дінімен байланысты.
Екінші буын өкілдері: Орда Еженнің ұлдары – Сартақтай, Құли, Құрмиши, Күнқыран, Чурмакай, Кутуку, Хулағулар – шамамен 1220-1230 жж. туылғандар. Есімдердің бәрі – түріктік және моңғолдық есімдерге жатады.
Үшінші буынға жататындар Орда Еженнің немерелері – шамамен 1240-50 жылдары туылғандар. Олардың есімдері – Куинджи, Тумакан, Туман, Мынгкан, Аячи, Мұсылман, Темір Бұқа, Үшбұқа, Бесқұртұқа, Бұқатемір, Дерк. Батыйдың ұрпақтары арасында Барақ, Ахмед, Сабыр деген есімдер кездеседі. Біз бұлардан исламға қатысты бірнеше есімді көріп отырмыз.
Төртінші буын өкілдерін 1260-70 жылдары туылғандар деп, ал, олардың арасынан – Мубарак, Хәлил, Ходжа, Ильяс, ал, одан кейінгі буын өкілдерінен – Данишменд, Хасан, Мәлік, Туевкет (Тәуекел), Бахтияр, Адил, Қарақожа, Абай сынды есімдерді кездестіреміз [18, 66-78].
Үшінші, төртінші буын өкілдері ХІІІ ғасырдың екінші жартысында дүниеге келгендіктен, ислам дінінің Шыңғыс ұрпақтары арасында таралуына байланысты Жошы ұлысындағы билеуші әулеттің өкілдері өз ұрпақтарына өздерінің бұрынғы, дәстүрлі есімдермен қатар, мұсылманша және араб, парсы тілдеріндегі есімдерді көптеп қоя бастайды. Мұның өзі ислам дінінің, мұсылмандық дәстүрдің, араб, парсы тілдеріндегі сөздердің билеуші әулет арасына тереңдеп еніп кеткендігін көрсетеді. Ал, ХІV ғасырдың бірінші жартысында Жошы ұлысында дүниеге келген Жошы ұрпақтары арасында Ильяс, Тавакул-ходжа, Махмұдхожа, Ибрахим, Арабшах, Тимур-Шайх, Әли, Хасан, Ахмед және т.б. көптеген мұсылманша атаулар ұшырасады [19, 34-37].
ХІV ғасырдың ортасынан бастап билеуші әулет өкілдері арасында мұсылманша есімдердің өте көп ұшырасуын біз, ислам дінінің, шариаттың, мұсылмандық әдет-ғұрыптардың, Жошы ұлысы аумағында толығымен жеңіске жеткендігін көрсететін факт деп түсінеміз. Билеуші әулет арасында мұсылманша есімдер қою дәстүрін жергілікті қарапайым халық та тез қабылдаған деп ұғынуымыз қажет. Өйткені, жаңа әдет-ғұрыптардың билеуші әулет арасында тез сіңісуі қарапайым халыққа да қатты әсер етіп, олар да бұл әдет-ғұрыптарды тез қабылдайды. Осылайша, жоғарыда айтылған ойларымызды түйіндей келе, мынадай қорытындылар жасаймыз.
Біріншіден, Батый ханнан Өзбек ханға дейінгі Алтын Орда хандарының ислам дініне қатысты ұстанған көзқарастарын шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа – мұсылмандықты қабылдамаса да, ислам дініне зиянын тигізбегендер, екінші топ – мұсылмандықты қабылдап, исламға кең қолдау көрсеткендер дейміз. Бірінші топқа – Батый, Мөңке Темір, Тулабұқа, Тоқтай кірсе, ал, екінші топқа – Берке, Тудамөңке, Өзбек хандар жатады. Екіншіден, Алтын Ордадағы секілді оның сол қанаты немесе бір бөлігі болып саналған Орда Ежен ұлысында да ислам діні ұлыс билеушілері тарапынан зор қолдауға ие болады. Ол, әсіресе, Өзбек ханның тұсында ұлыста билік құрған Ерзен ханның кезінде қатты байқалады. ХІІІ ғасырдың ортасынан ХІV ғасырдың ортасына дейінгі Жошы ұрпақтарының шежіресіндегі жеке тұлғалардың есімдеріне бұрынғы түріктік-моңғолдық атаулармен бірге мұсылманша есімдер көбейе бастайды. Бұл ислам дінінің Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы билеуші әулет арасында да кең таралып, мұсылмандық дәстүр олардың өмір сүру заңына айналғандығын дәлелдейді. Осылайша, Алтын Орда хандарының алғашқы кезеңде ислам дініне қатысты көзқарастарының оң болуы және Өзбек ханнан бастап ислам дінінің империяның ресми дініне айналуы – Алтын Орданы жаңа сатыға көтереді, оның өз заманында Еуразия аумағындағы ең қуатты мемлекет болуына тікелей ықпалын тигізеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Из «Насировых разрядов» Джузджани Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. – Т.II. Извлечения из персидских сочинений. Собранные В. Тизенгаузеном и обработанные А.А.Ромаскевичем и С.Л.Волиным. – М.-Л., 1941. –308 с. (Одан әрі – СМИЗО.Т.II.)
2. Из «Истории завоевателя мира» Джувейни. //СМИЗО. Т.II.
3.История монголов по армянским источникам. – Вып. II, заключающий в себе извлечения из истории Киракоса Гандазакеци, перевод и объяснения К.П. Патканова. – СПб., 1874.
4. Из энциклопедии Эннувейри. // Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. В.Тизенгаузена. – Т.1. Извлечения из сочинений арабских. – СПб., 1884.(Одан әрі – СМИЗО.Т.1.)
5. Из летописи Рукнеддина Бейбарса. //СМИЗО. Т.1.
6. Из сочинения Ибнабдеззахыра. //СМИЗО. Т.1.
7. Искаков Д.М., Измайлов И.Л. Этнополитическая история татар (ІІІ-середина ХVІ вв.). – Казан: РИЦ «Школа», 2007.
8. Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды. // В кн.: На стыке континентов и цивилизации… (из опыта образования и распада империйХ-ХVІ вв.) – М., 1996. – С. 277-526.
9. Из «Продолжения Сборника летописей». //СМИЗО. Т.II.
10. Из летописи Шейха Эльбирзали. //СМИЗО. Т.
11. Из летописи Эддзехеби.//СМИЗО. Т.
12. Из летописи Ибнкесира. //СМИЗО. Т.
13. Из описания путешествий Ибнбатуты.//СМИЗО. Т.1.
14. Из «Анонима Искандера».//СМИЗО. Т.II.СМИЗО. Т.II.
15. Из летописи Ибндукмака.//СМИЗО. Т.1.
16. Из летописи Бедреддина Элайни.//СМИЗО. Т.1.
17. Рашид ад-дин. Сборник летописей / Пер. с персидскогоЮ.П. Верховского, примеч. И.П. Петрушевского.– М.-Л.,1960. – Т.2. –248 с.
18. Сайшиял. Сказание о Чингизхане / Перевод со старомонгольского Норпола Очирова. – Улан-Удэ, 2006.
19. Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков (Извлечения из персидских и тюркских сочинений) / Сост.: С.К.Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А.Пищулина, В.П. Юдин. – Алма-Ата, 1969. – 652 с.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.