МАҢҒЫСТАУ ТҮБЕГІН КЕҢЕСТЕНДІРУ ҚАЛАЙ ЖҮРДІ

  • 04.11.2019
  • 77 рет оқылды
  • 0

Болат Жұмағұлов,
Абай атындағы ҚазҰПУ Тарих және құқық
институтының директоры,
тарих ғылымдарының кандидаты

Кеңес өкіметі Маңғыстауда Ұлы Қазан төңкерісінен кейін 15 күннен соң орнады. Сол кездегі үкімет белсенділері тарапынан жарияланған үндеулер мен үгіттер халықтың көңілінен шыққаны рас. Осыған сенген жергілікті халық Кеңес өкіметін шын көңілімен қолдап қарсы алды. Алайда, жаңа үкіметтің «жай халыққа, жұмысшы-шаруаға еркіндік беріледі, барлық азаматтар тең құқықты болады» деген сияқты үндеулері дұрыс орындалмай, партия-кеңес саясатын жете түсінбегендердің салдарынан теріс әрекеттер белең алды. «Барлық билік – Кеңеске!» деген ұранмен жұмыс жасап, жікке бөліну, өз адамдарын қолдау етек алып мұның арасында өтірік айту, жала жабу, жалпы жұмысқа әдейі кедергі жасау, т.б. әрекеттерге жол берілді. Осындай жағдайда жергілікті халық өз арасынан шыққан беделді азаматтарға арқа сүйеді. Солардың бірі сол кездегі Кеңес өкіметінің солақай саясатының кесірінен саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған, халқының тәуелсіздігі үшін жанқиярлықпен күрескен, елі үшін қасық қанын аямаған айтулы азамат Әлниязұлы Тобанияз еді.

Тобанияз Әлниязұлы Маңғыстау өлкесі, Қаратаудың бойындағы Ақшымырау деген жерде 1875 жылы кедей отбасында дүниеге келген. Ол он үш жасқа толғанда, әкесі дүние салады. Отбасының тауқыметі мойнына түскендіктен, бала Тобанияз іні-қарындастарына қамқор болып, шаруаға ерте араласады. Жастайынан сөзге шебер, шешен болып өciп, он төрт жасынан катарға iлeciп, ел ішіндегі дау-дамайды шешуге араласады. Елге белгілі билер, ақсақалдар дау-жанжалдарға төрелік айтатын жиындарға Тобаниязды қатыстырып отырған. Кейбір кездерде төрелік жасауды оған тапсырады екен. Сондықтан, ол жастайынан «бала би» атанады. Барған сайын атағы елге жайылып, оған халықтың үміті арта түседі. Қазан төңкерісі басталғанда, Тобанияз әскери жасақшылар қолбасшыларының бірі ретінде бүкіл Адай уезінде аты әйгілі азамат болған кезі еді. Өзі жеті атасынан кедей болғандықтан, Қазан төңкерісін үлкен үмітпен карсы алып, Кеңес өкіметін орнатуға белсене араласады. Кеңес өкіметі Маңғыстауда Ұлы Қазан төңкерісінен кейін 15 күннен соң орнады. Сол кездегі үкімет белсенділері тарапынан жарияланған үндеулер мен үгіттер халықтың көңілінен шыққаны рас. Осыған сенген жергілікті халық Кеңес өкіметін шын көңілімен қолдап қарсы алды.
Жаңа үкіметті, Кеңес өкіметін қолдаудың бір айғағы 1918 жылдың тамызының 23-інде Маңғыстауға, Қараған түбегіне Астрахань қаласынан теңіз арқылы Әліби Жангелдин бастаған интернационалдық отрядтың келіп түскені бізге мәлім. Бұларды Тобанияз Әлниязұлы бастаған ел азаматтары қарсы алып, Бозашы түбегіне, елдің қалың орналасқан жеріне жеткізді. Осы кезде ел ішінде «Маңғыстауға орыс әскерлері келіпті, бұлар да баяғы патша басқыншылары сияқты халыққа қысымшылық жасайтын орыс отаршылары болар»,- деп жергілікті қазақтар сезіктене бастайды. Бірақ, Тобанияз және басқа да ел азаматтары халық арасында дұрыс түсінік жұмысын жүргізіп, жұртқа шындықты айтты. Адайлар интернационалдық отрядты қарсы алып, Әліби Жангелдинге қолдау көрсетті. Ол өз тарапынан ел арасында өкімет саясатын, оның мақсаты жөнінде түсінік жұмысын жүргізіп, Қаратөбе, Мәстек деген жерлерде Адай елінің съезін ашып, Маңғыстау революциялық комитетін құрды. Бұл 1918 жылдың күзі болатын.
Тобанияздың ұйымдастыруымен Жангелдин отряды керекті адам күшімен, көлікпен, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Ел арасындағы алауыздықтан, қауіп-қатерден, жол білудің арқасында, су тапшылығына жолықтырмай, отрядтың аман-сау, екі жарым ай жол жүріп, Ақтөбе майданына, Шалқарға жетуіне көмектесті. Жергілікті халық Әліби Жангелдин экспедициясына 600 түйе, 700 жылқы беріп, жолшыбай тамақпен, жем-шөппен қамтамасыз етті. Тобанияздың көмегімен 100-ден аса қазақ жігіттері экспедиция жауынгерлері қатарына қосылады. Тобанияз Әлниязұлы Маңғыстау революциялық комитетінің төрағасы қызметімен қатар, Қырғыз (Қазақ) дала өлкесінің төтенше комиссары Әліби Жангелдиннің Маңғыстау уезі бойынша орынбасары болып тағайындалады. Тобаниязға мұндай мемлекеттік тұрғыдағы жауапты міндеттің жүктелуін төмендегі құжаттан көруге болады:
«Дала өлкесінің төтенше комиссарының Маңғыстау уезі бойынша орынбасарына инструкция.
Маңғыстау уезі. Қазан айы, 1918 жыл.
Торғай облысына кетуіме тура келгендіктен, бұл жердегі тұрғындарды Кеңес өкіметі мен Қырғыз (Қазақ) өлкесінің автономиясын ұйымдастыруға дайындық жұмыстарын жүргізу үшін, Сізді өзімнің Маңғыстау уезіндегі орынбасарым етіп қалдырамын.
Сіз тікелей маған бағынатын, уездегі жоғарғы өкімет болып табыласыз, сондықтан, Сізге жүктелген тапсырмаларды орындау барысында менің көмегіме сүйенуіңізге болады… Әртүрлі шекаралық дауларды шешуге және көршілік қатынастарды орнықтыру үшін көршілеріңізбен келіссөз жүргізуге құқыңыз бар…
Қырғыз өлкесінің далалық төтенше комиссары Ә. Жангелдин».
1920 жылы 4 қазанда Бүкілқазақстандық I-съезд Маңғыстау уезін Адай уезі деп жариялайды. 1917-1920 жылдары бірде ақтардың, бірде қызылдардың қолына көшкен үкімет өз билігін Форт-Александровск қаласынан басқа жерге жүргізуге шамасы жөнді келмеді. Маңғыстау түбегінен бастап, Ойылға дейін, бip жағы Сам құмдарының оңтүстігіне, одан әрі Арал теңізіне дейін созылған кең байтақ далада көшіп жүрген ел арасында бірден-бір билік жүргізу құқы тек қана революциялық комитеттің төрағасы, «Адайдың ханы» атанған Тобанияз Әлниязұлының халық арасындағы аса жоғары абыройы мен беделінің арқасында жүрді деуге болады. Тобанияздың басшылығымен революциялық комитеттер елдің жағдайын түзеу жолында бұқара арасында саяси, мәдени-тәрбиелік, әлеуметтік шаруашылық жұмыстарын жүргізді. Алғашқыда ұлт істері жөніндегі халық комиссарының орынбасары, содан соң көп кешікпей Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару бойынша әскери революциялық комитетінің төрағасы болған С.С.Пестковскийдің қолдауымен Қырғыз (Қазақ) әскери комиссариаты арқылы Адай уезі ревкомының құрамына енгізілген Данилов пен Холодков және Форт-Александровскідегі Кеңес өкіметінің өкілдері Тобаниязға сенімсіздікпен қарайды, әcipece, уездің әскери комиссары Лаптев және уездегі төтенше комиссияның төрағасы Маньковичпен ара қатынастары барған сайын шиеленісе түседі. Оның бір себебі бұлардың барлығы Тобанияздың болыстық және ауылдық ревкомдарды құрған кезде Адай ішіндегі беделді адамдарға сүйенгенін қолдамай, оларды Кеңес өкіметіне жат элементтер деп есептеді.
Кеңес өкіметінің орнаған кезінен бастап-ақ, Маңғыстау уезінде милиция, сот, прокуратура, тағы да басқа органдар болғанымен, олардың жұмыстары Тобанияз басшылық еткен кезде, билер алқасымен, ескіден келе жатқан ел дәстүрімен байланыстырылып жүргізілді. Ел арасы алыс, көшпенді елде қылмыс та аз болатын, тіпті, қылмысқа қарсы жүйелі заңдар да жоқтың қасы еді. Сондықтан да, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы, барымта, құн төлеу және тағы да басқа ұсақ-түйек келіспеушіліктер артында өкініш, кек қалдырмайтын халықтың дәстүрлі билер сотымен шешілетін. Бірақ, Тобаниязға оның қызметінің бас кезінен-ақ орталық қырын қарап, сырттай қауіптеніп, оған сенбей үнемі бақылауда ұстаған сияқты. Сол кездің өзінде-ақ, 1921 жылы 13 каңтарда РКП Кирпартбюроның отырысында КирЦИК-тің мүшелігіне үміткер Әлниязов пен Жұбаевты бекіту туралы мәселе қаралып, онда Ішкі Іcтep Халық Комиссариатындағы материалдар анықталғанша, Әлниязовты бекітуді уақытша тоқтата тұру туралы қаулы қабылданған екен. Сол жылы 3 наурызда Қазақстан Орталық Атқару Комитетіне Әлниязовты сақтықпен қайтарып алу туралы ұсыныс жасауға шешім қабылданса, ал, 30 сәуірде енді Темір ауданынан Әлниязов үстінен түскен арыз қаралыпты.
Ақырында оны 1921 жылы 14 сәуірдегі Кирпартбюро отырысының қаулысымен Адай ревкомының төрағасы етіп бекітеді. Келесі 6ip құжатқа келсек, 1921 жылы 9 шілдедегі Кирпартбюроның жабық отырысында Адай уезіндегі жағдай туралы Данилов пен Аңғалбаевтың баяндамалары тыңдалып, мынадай қаулы қабылданған екен:
«…а/. Тек мүмкіндік туған бойда-ақ Әлниязовты ревком төрағасы қызметінен алу.
б/ Қазіргі уақытта Әлниязовқа тағы да өзінің жұмысын Адай ревкомының жалпы жұмыcымeн үйлесімді жүргізу қажеттігі міндеттелсін.
в/ Адай уезінде тұрақты жұмыс істеу үшін қызметкерлер тобы жіберілсін…».
Бұдан біз бip жағынан Орталықтың Тобанияздың халық арасында беделді екендігін, оның Адай өлкесінде өзіндік орны бар тұлға екендігінен сескенгендігін көреміз, сондықтан, көп жағдайда онымен санасқанға ұқсайды. Бірақ, «аңдыған жау алмай қоймайды» дегендей, 1922 жылы Тобаниязға «Ақсақалдар билігін сақтайды, бұрынғы ескіден келе жатқан ата салтын дәріптейді, дін мәселесіне мән беріп, оны қолдайды, Адай еліне «хан» атанған, хан болуды көксейді. Үлкен ықпалды, беделді адам. Алаш партиясымен сыбайлас, оның батыс бөлімінің басшыларының бірі»,- деп оны қудалауға Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың өкілдері белсене кіріседі.
Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесінің жетекшілері – Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедовпен оның тығыз байланыста болғандығынан да қауіптенсе керек.
Жоғарыда айтылған белсенділер Лаптев және Манькович сияқтылардың жергілікті көшпенділердің әдет-ғұрпынан, ата дәстүрінен мүлдем бейхабар болуы, не нәрсеге болса да, таптық тұрғыдан қарап, өлшеп-пішуі, олар үшін мүлдем жаңа, дәстүрлі рулық қауымдастық адамына, ескі патриархалдық машықтан әлі арыла қоймаған, әр тұрғыдан дифференциялдауға шорқақ адамға кездескенін түсінуге шамалары жетпеді. Олар Тобанияздың көп әйел алушылыққа, қалыңдық үшін қалың мал төлеуге және өлтірілген адам үшін құн талап етуге тыйым салмайтынына ызаланды.
«1922 жылы байлар және сол сияқты антисоветтік элементтер бұрынғы Уревком төрағасы басты идеолог Әлниязов Тобанияз бастап Адай ауылдарын «Шариғатқа» сүйене отырып, кеңестендірудің жобасын жасады», – деп көрсетеді.
Көшпенділердің қала әкімшіліктерінің жарлықтарына құлақ аспай, Тобанияздың бұйрықтарын орындауы, жас баладан еңкейген қарияға дейін, тіпті елдің барымташы ұры-қарыларының да Тобанияздың ырқына көнетіндігі жергілікті кеңес қызметкерлерінің – Тобанияз контрреволюциялық топтың басшысы, қол астында Қосжанов Құрмаш бастаған қарулы тобы бар деп кінәлауына негіз болды. «Қосжанов Құрмаш бастаған бандылар қозғалысының басты дем берушісі, әpi идеологиялық жетекшісі, Адайдың «ханы» Тобанияз Әлниязов. Ол өзі де бандыларға қосылып, олардың қимылына еріп жүр…» – деп көрсетеді «Адайлар ісінде». Кейбір деректерге қарағанда, Құрмаштың Тобаниязбен байланысын өтірікке шығаруға болмайды. Бірақ, Тобанияз Құрмашты жөнге салып, оның қарулы тобын Түркмен, Хорезм жақтан жасалатын тонаушылық шабуылдарға тойтарыс беріп, халық тыныштығын қорғау үшін пайдаланған сияқты.
1921 жылы Хорезм жерінен Адай уезінің шекаралас ауылдарына бірнеше рет шабуылдар ұйымдастырылады. Бұған дейін де ұзақ уақыт бойы Адай уезінің территориясына Түркмен қарақшылары шабуыл жасап, жергілікті адамдарды өлтіріп, малдарын айдап алып кетіп отырған. Жалпы Түркмен-Адай жаугершілігінің түбі әріге, ғасырлар қойнауына кетеді, бұл әрине, басқа тарихи мәселе. Міне, осындай бүлікшілікке қарсы Хорезм үкіметінің тарапынан да, Қазақ өлкелік партия-кеңес басшыларының тарапынан да бұл әрекеттерге араласпай, жергілікті уездің өзі қорғансын дегеннен басқа шара қолданылмады. Шыдамы таусылған жергілікті халық Тобанияздан көмек сұрайды. Осыдан кейін, Тобанияз бірнеше жүз қаруланған адамдарымен 1921 жылы қыркүйекте Қоңырат қаласына барып, ешқандай қақтығыссыз ел басшыларымен келіссөз жүргізеді. Бұл шара кейін өзінің жемісін берді. Тобанияз Әлниязұлының халық қамын жеп, Қоңыратқа барып, елге тыныштық орнатуын, халық арасындағы оның абыройын, беделін арттыра түседі де, керісінше бұл жергілікті әкімшілікке, партия-кеңес қызметкерлеріне ұнамады. Ел ішінде алауыздық, күншілдік, рушылдық, бақталастық өрбиді. Партия-кеңес басшылары мен революциялық комитеттің арасындағы жұмыс бабында да қайшылықтар біліне бастайды. Жаңа үкіметтің «жай халыққа, жұмысшы-шаруаға еркіндік беріледі, барлық азаматтар тең құқықты болады» деген сияқты үндеулері, партияның, кеңестің саясатын жете түсінбегендердің, әcipece басшы қызметкерлердің арасында қайшылықтар туғызбай қойған жоқ. Біреулер революциялық комитеттің ұстаған бағытын қолдаса, шолақ белсенді коммунистер кеңесті қолдады. «Барлық билік – Кеңеске!» деген ұранмен жұмыс жасап, жікке бөліну, өз адамдарын қолдау етек алып, мұның арасында өтірік айту, жала жабу, жалпы жұмысқа әдейі кедергі жасау, т.б. әрекеттерге жол берілді. Бұл жағдай және басқа да мәселелерге байланысты Тобанияз Әлниязұлының істеген ic-әрекеттері үшін оны қызметінен алу керек деген жергілікті коммунистердің өтініштеріне орталық басқару органдарының құлақ асуына тура келді. 1922 жылы ол тұтқындалып, Орынборға жөнелтіледі.
Тобанияз Әлниязұлына қарсы қозғалған айыптауларының мәні КАЗЦИК-тің төтенше өкілі мен облыстық партия комитетіне, Қозыбековке 1922 жылы қыркүйектің 6-да ГПУ-дің Адай уезі бойынша өкілі Рыбоследовтың жолдаған мәліметінде баяндалған. Тобанияз Әлниязұлы мен оның серіктеріне төмендегідей: қырдағы тұрғындардан қару-жарақ жинау жөніндегі ГПУ органдарының ic-қызметіне көрсеткен қарсылық әрекеті, жеке дара «хандық» билік орнатқаны, соның ішінде 1921 жылдың азық-түлік жөніндегі салықтың орындалмай қалуы ревком төрағасының әлегінен деген айыптар тағылды. Бұған мынадай архив деректері куә: 1922 жылғы 11 наурызда Қырғыз облыстық, РКП(б) комитетінің президиумының мәжілісінде (№5 хаттама) Адай уезіндегі жағдай туралы баяндама тыңдалып (баяндамашы Ильин), баяндамашының айтуы бойынша «Адай уезіндегі революциялық комитет сол Уревком төрағасы Әлниязұлының қалауымен құрастырылған, ешқандай есеп-қисап жүргізілмеген, Тобанияз Әлниязұлы өз дегенімен жүреді. Азық-түлік ресурстары дұрыс ұйымдастырылмаған және тиімсіз түрде бөлінген…» – дей келіп, Адай революциялық комитетіне деген көзқарасты өзгертіп, Әлниязұлын орталыққа шақырту керектігі жөнінде хабарлайды. Осылайша неше түрлі жала жабу негізінде түрмеге түскен Тобанияз Әлниязұлын босату жөнінде мынадай дерек бар: 1922 жылы 6 желтоқсандағы Қырғыз облыстық РКП(б) комитеті президиумының мәжілісінде (№47 хаттама) Тобанияз Әлниязұлы туралы баяндама тыңдалып (баяндамашы Пилявский), көпшіліктің сұрауы бойынша беделді адамдардың кепілдігі негізінде Тобанияз Әлниязұлының босатылуы туралы шешім қабылданады. Бірақ Қырғыз облыстық РКП(б) комитеті президиумының 1923 жылғы 23 қаңтардағы мәжілісінде Тобанияз Әлниязұлы туралы тағы да мәселе қаралып, талқылау нәтижесінде Әлниязұлының үстінен жасалынатын прокурорлық қадағалау (надзор) мен сот органдарының шараларына кедергі жасамау керектігі туралы қаулы қабылданыпты.
Революциялық комитетінің төрағасы Әлниязұлы Тобанияздың орнынан алынуының бірінші себебі, оның Хорезмге жорығы болса, екінші себебі, партия, кеңес қызметкерлері мен ревком аппаратының арасындағы қайшылықтар болды.
Хорезмге сапарынан кейін, республиканың жоғарғы органдары ревкомның жұмысын, оның ел арасындағы жүргізген саясатын қатты тексеріп, олардың басшыларын қысымға ала бастады. Кейін орнынан алып, қылмыстық іске тартты. Сол кездегі уез халкының үкімет саясатына қарсы белең алған наразылығын революциялық комитеттің басқа да беделді азаматтарынан көрді. Соның ішінде Тобаниязды барлық келеңсіз жағдайды ұйымдастырушылардың басшысы ретінде айыптап, оның соңына шырақ алып түсті. Осыған бір дәлел №1353-ші Бүкілодақтық Төтенше комиссияның бір құжатында оған мынадай мінездеме береді: «Тобанияз Әлниязұлы әулетті, құрметті тұқымнан, Қазақстанда өте беделді, белгілі адам, патша үкіметі тұсында бірнеше жыл болыс болған, бұрын да, қазір де үлкен бай… Барлық Адай жерінде үлкен беделді, ықпалды адам. Ол 1920-1923 жылдары округ революциялық комитетінің төрағасы болды, ол жұмыстан түскеннен кейін де адайды басқаруын қойған жоқ, хан атанды. Өзіне «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген жазуы бар дін уағызына сәйкес мөр жасатты. Кеңес үкіметінің заңына бағынбай, ел арасында үстемдік жүргізеді. Ел ішіндегі жағдайды тұрмыстық, дін жолымен шешті», – делінген. Осы сияқты мінездемелерді бұдан басқа бірнеше құжаттардан кездестіруге болады.
Тобанияздың бүкіл қазақ халқының, оның ішінде Адай округі, елінің алдында ықпалы аса зор болғанын, партия-кеңес органдары да, мемлекеттік біріккен саяси басқарманың аппараттары да мойындаған. Ол революциялық комитеттің төрағасы жұмысында жүргенде, Адай округінің 1919 жылға дейін Түркменстанға бағынуына наразы болып, Орынбордағы Қырғыз (Қазақ) Республикасының басшыларымен 4 айдай сөйлесіп, осы жұмысты дұрыс шешіп, Адай округі 200 жылдан кейін, Қазақстанның құрамына енген.
Маңғыстау түбегінен бастап, Ойылға, бip жағы Сам құмдарының оңтүстігіне, одан әрі Арал теңізіне дейін созылған кең байтақ далада, көшіп жүрген ел арасында бірден-бір билік жүргізу құқығы тек қана революциялық комитеттің төрағасы, «хан» атанған Тобанияз Әлниязұлының басшылығымен жүрді десек қателік болмайды.
Революциялық комитеттер, ауылдық кеңестер, кейін Тобанияздың ұсынысымен ауылдық революциялық комитеттер болып қайтадан құрылып, елдің жағдайын түзеу жолында бұқара арасында саяси, мәдени-тәрбиелік, әлеуметтік-шаруашылық жұмыстарын жүргізеді. Ел тек революциялық комитетті таныды, ел арасында бұлардың қажеттілігі арта түсті. Партия-кеңес ықпалы халық арасында мардымды түрде жүрмеді. Мұның бірінші себебі, ол кезде партия қатарына тартылғандардың саны өте аз болса, олардың білім деңгейі, саяси сауаттылық өpici өте төмен болды. Сондықтан, халық арасында кеңестің жұмысын тиянақты түрде үгіттеуге шамалары келмеді. Халық бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрпын, салт-санасын, әлеуметтік жағдайын күрт өзгертіп, партия-кеңес саясатына сәйкес жүргізуге аса ынталы болмады. Екіншіден, ауылдық кеңестерде, ауылдарда шаруашылық қызметтеріне жастар, «тілектестер» тобы тартыла бастағанмен, комсомолдар қатарына кірушілер саны көбейгенімен, бұлардың белсенділігі де онша артып жарымады. Үшіншіден, партия-кеңес жұмыстарына кіргендердің арасында басшылық жұмысқа, билікке таласуға әуестенушілер де аз болған жоқ. Осыны іске асыруда өтірік-өсек, пара беру арқылы жақын туыстарын билік орнына, сауда-саттық жұмысына орналастыруға бар күштерін салды, мұндай жағдай кеңес саясатын жүргізуге аса зор қиыншылық әкеліп, үкімет ісіне келеңсіз көлеңке түсірді. Осындай келеңсіз жағдайларға төтеп беретін бip ғана орган – революциялық комитет болды. Революциялық комитеттің жүргізген саясаты халықтың салт-тұрмысын, әдет-ғұрпын, ескіден келе жатқан ел арасындағы қарым-қатынасты, дау-жанжалды, соның ішінде, жер дауы, жесір дауын, барымта-қарымталарды сол кездегі Кеңес заңы мен оның саясатына байланыстыра отырып жүргізуге тырысу болды. Кейінірек Адай жеріндегі контрреволюциялық топтардың істерін тергеу құжаттарының «Революциялық заңдылықты «Шариғатпен» алмастыру» деп аталатын тарауында былай деп көрсетілген: «1922 жылы байлар және сол сияқты антисоветтік элементтер бұрынғы Уревком төрағасы басты идеолог Әлниязұлы Тобанияз бастап, Адай ауылдарын «Шариғатқа» сүйене отырып, кеңестендірудің жобасын жасады. Бұл жоба бойынша Адайлардың объективті жағдайларын ескергенде, бұрынғының сарқыншақтарын жоюға болмайтындығын… Бұл жоба Дауылов пен Өтегеновтың жазуымен, Әлниязұлының құрастыруымен III Бүкілқазақ съезіне бекіту үшін Қазақстан Орталық Атқару комитетіне ұсынылды». Мемлекеттік саяси басқарманың №2560 мәлімдемесінде Әлниязұлына берген қысқаша мінездемесінде көрсетілгендей, ол 1925 жылдан кейін өкімет жұмысында болмаған, өзінің байырғы қонысында, Буракөлде үй салып, шаруашылықпен айналысып, көшіп-қонып жүрген.
1927-1928 жылдардан бастап, Адай округінде алым-салық, мал дайындау науқаны кезіндегі асыра сілтеушіліктің салдарынан халық арасында наразылықты күшейте түсті. Үкімет саясатының бұрмалаушылығынан байлар да, орта шаруалар да, тіпті, 10-15-тей қой, 3-4 қарасы бар кедейлер де тіркелуге ілігіп, болмаса барлық малын салыққа төлеп, қайыршылыққа ұшырай бастады. Осыдан қашып, бас сауғалау үшін бірқатар байлар, әлді шаруалар басқа жерлерге үдіре көше бастады. Осындай ауыр жағдайлардың орын алу себебі заң бұрмалаушылардың тарапынан болып жатқанына жоғарғы үкімет басшылары мән бермеді. Кезінде тың-ғылықты шара қолданудың орнына, мұны елдің беделді азаматтарына жапты. «Елдің арасына іріткі салушылар, халықты үкіметке қарсы бас көтеруге ұйымдастырушылар» деп қылмыстық іске тартуды көбейтті. Біріккен саяси басқарманың контрреволюциялық «Адайды құтқару» тобы туралы тергеу құжаттарында: «Әлниязұлы Тобанияздың бастамасымен құпия жиналыс өткізіліп, онда елді Түркменстанға, Ауғанстан мен Персияға көшуге үгіттеу жүргізілді», – деп көрсетілген. Құжаттарға қарағанда, осындай келеңсіз жағдайлардың бел алуының басты себебі Тобанияздың басқаруымен ұйымдастырылып жүрген ic делініп, мұның үстінен неше түрлі мәліметтер жинаған. Құжаттардағы мәліметтерге қарағанда және Тобанияздың тергеу кезіндегі жауабы бойынша да партия-кеңес органдары, Қазақстандағы Мемлекеттік біріккен саяси басқармасы Тобаниязды орнынан алғаннан кейін де, «заңдық жолын тастаған жоқ, ел осы кісіге бағынады, осының айтқанын жасайды» деп, соңынан қалмаған. Ел ішіндегі ыңғайсыз жағдайларға дейін Тобанияздың ықпалымен болып жатыр деп білген.
Тобанияздың халық арасындағы беделі мен оған басшылардың көзқарасы қандай болғандығын Ғалым Ахметов ақсақалдың мына бip естелігінен көруге болады: «… Сол күні түс кезінде адайдың Тобанияз деген атақты биінің інісі мен баласы келіп тұрғанын хабарлады. Ол жылдары адай елін Кеңес өкіметі емес, Тобанияз билейтін. «Тобекең айтты» десе болды, сонымен ic бітеді. Адайлар алғашқы жылдары кеңес өкіметіне бағынбай жүрді. Қазақ республикасы құрылғаннан кейін, үкімет басшылары 1922 жылы жазда адайға Әліби Жангелдинді жіберген. Әлекең 1918 жылы Царицын, Астрахан, Форт-Шевченко арқылы келіп, адай елінің үстімен жүріп, Шалқардағы қызыл әскерге қару-жарақ жеткізгенде, адайлар, Тобанияздың айтуымен, Әлекеңе көлік жинап берген, содан бұл екі кісі жақсы таныс. Әлекең үкіметтің тапсыруымен адайға сол жолы барғанында, Тобанияздың өзін Адай ревкомына бастық етіп қойып, Кеңес өкіметіне бағындырып қайтқан. Бірақ бұл күнде Тобанияз ревком бастығы емес, жай ел ақсақалы. Дегенмен, бұл ел әлі де, ресми түрде ғана болмаса, шын бағынып болмаған». Сонымен қатар, Тобанияз алдында олардың әлсіз, дәрменсіз және ел силаған азаматтан қорқатынын да осы естеліктің мына бip жолдарынан көруге болады: «…Тобанияздың інісі сөз бастап, Елтайдың /Ерназаров-Б.Ж./ келе жатқанын Тобекеңнің естігенін, өзі келіп сәлем беретін жөні болғанымен де, сұхбаттасуға құмар болғанымен де, белінің құяңы ұстап атқа жүре алмайтын болған соң (бұл жақта арба деген болмайды), келе алмай қалғанын, сондықтан, Қазақстан ақсақалының ауылына келіп қонақ болып, қонақасы жеп кетуін өтініп, інісі мен баласын жібергенін сөздің майын тамыза, келістіріп-ақ айтты. Елтай табанда кесімді жауап бермеді, «жарайды, көрерміз» дей салды.
Тобаниязға жолығу бұл адамдардың ойында жоқ еді, сондықтан, кешке қарай аудан басшыларымен бipгe ауыл сыртына қарай шығып, Тобанияздың шақырғанына не айтамыз деп кеңесті. Елтай алдымен: «Оны барып ұстап әкетейік» деген пікір айтты. Аудан басшыларының ішінде ГПУ-дің бастығы бip қазақ жігіті бар еді, ол тұрып: «Сол Тобанияздың ауырып қалғанына сенуге де болмайды, мен білсем, сақтық етіп, келмей қалды. Ал, біз барып ұстаймыз десек, ол тегін қолға берілмейді. Былай-былай шыкқанда, 15-16 қарулы жігітін ертіп жүреді. Адайлардың қолында біраз қару-жарақ барын білем. Мен байқап отырмын, бізде бес-алты пистолет бар екен, адай жігіттері қарсылық жасай қалса, ештеңе істей алмаймыз, сондықтан, тап қазір оны ұстау мүмкін емес» деді. Сонымен ақылдаса келе, Жанайдар: «Біз оған бармайық. Барсақ жұрт: «Әне, Қазақстанның бастығының өзі бұрылып келіп, Тобекеңе сәлем беріп кетті» деп дәріптеп, оның беделі ел ішінде бұрынғыдан да арта түседі. Ұстап әкетуге қазір шамамыз келмейді. Сондықтан, оны елемеген кісі болып, жөнімізге жүре берейік» деген ақыл айтты, отырғандардың бәpi де соны мақұл көрді». Mіне, жергілікті басшылардың өздері елді ұйымдастыра алмай, оларды басқаруға шамалары жетпегеніне қарамай, ел ішіндегі сыйлы адамдардың осындай беделіне де олар қызғанышпен қарап, соңына түскенге ұқсайды. Тобанияздың өз қолымен, араб әрпімен жазылған қысқаша өмірбаянында көрсетілгендей «Оның соңына түскендер партия-кеңес қызметкерлері. Олар өтірік жала жауып, ел арасында болып жатқан алауыздықты, тағы басқа да келеңсіз жағдайларды өздерінен көрмей, менен және менің айналамдағы азаматтардан көреді» – дей келіп, «менің бip кемшілігім, партия қатарына өтпедім, себебі партия қатарына өткендердің көбі парақорлар, тағы басқа да қылмыс жасайтындар, сондықтан да, партияға кірмедім», – деп көрсеткен. Әлниязұлы Тобанияздың соңына түскен біріккен саяси басқарма ойлағанына жетіп, 1929 жылдың желтоқсанында онымен бipre тағы да бірнеше адамды тұтқынға алады. Бұл іске «Байлардың, саудагерлердің, патша үкіметінің бұрынғы Адай округі кеңес қызметкерлерінің контрреволюциялық ұйымы» деген қылмысты іске қатынасушылар деп, қылмыстық кодекстің 58-2 бабымен 70 адамды айыптап тұтқындаған.
1930 жылдың наурыз айының басында Тобанияздың үстінен жүргізілген тергеу ici аяқталып қалғанға ұқсайды. Оған дәлел, Гурьев округтік Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының Маңғыстау аудандық өкілі Фетисов 1930 жылдың 1 наурызында Гурьев округтік мемлекеттік саяси басқармасынан Рудаковтың қолымен Алматыға жеделхат жіберілген, онда: «Тұтқындағы «хан» Тобанияз Әлниязұлы өміріне қауіпті аштық жариялады, тергеу ісін жылдамдатып қарап, абақтыдан босатуды талап етеді. Ол жөніндегі тергеу ici аяқталды. Оны босату мүмкін емес. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 206-бабы бойынша, істе жиналған материалдармен таныстыруды талап етеді. Бірақ оны әртүрлі себептер бойынша орындауға болмайды. Айыптау қорытындысын оқып берумен ғана шектелу қажет. Облыстық прокурор бұған келісті. Өзіңіздің нұсқауыңызды жедел хатпен хабарлауыңызды сұраймын. Рудаков» деп көрсетілген. Осы құжаттан сол кездегі заң бұзушылықты көруге болады, өйткені Тобанияз Әлниязұлының аштық жариялап, қылмыстық процессуалдық кодекстің 206-бабына сәйкес іспен танысу талабы орындалмауы, оған прокурордың келісімін беруі заңсыздықты әшкерелесе, бұл ic ақырында заңды сот орнына берілмей, заңсыз құрылған үштікке түсіп, оның шешімімен 70 адам жазаланып кете барған. Міне, осындай заңсыздықтар Кеңес өкіметімен өмірге бipгe келіп, ақырында Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың Гурьев округтік бөлімі Тобанияз Әлниязұлын Алматыға толық құқықтық уәкілдігінің қарауына жіберуге қаулы қабылдайды. Бірақ, оның не үшін Алматыға алдырылғандығы жөнінде құжаттарда ештеңе айтылмайды. Осыдан кейін, көп кешікпей-ақ, 1930 жылдың 9 қазанында Қазақстандағы мемлекеттік біріккен саяси басқарманың өкілдігі үштігінің ұйғаруымен ic бойынша, айыпталушы 70 адамның 61-i (9 адам тергеу аяқталғанша түрмеде қайтыс болды) сотталды. Үштіктің шешімімен Тобанияз бастаған 21 адамды атуға, қалғандарының дүние мүлкін тәркілеп, 3 жылдан 10 жылға дейін түрмеге жабуға үкім шығарады. Бүтіндей халық тағдырын өз қалауларынша шешіп, олардың мүддесімен ешқандай санаспай отырған үкімет үшін, бұл адамдардың тағдырының осылай шешілуі пілдің шыбынды басып кеткеніндей ғана болмашы оқиға еді.
Бір халықтың бетке ұстар азаматтары, ағайын-туыс, руластар, қала берді, халқының бірлігін ойлап, елінің ұйтқысы болған есіл ерлер Кеңестік машинаның тегеурініне төтеп бере алмай, тағдырдың тәлкегінен осылай таяқ жеген еді. Ал, олардың тағдырына жаны ашиды, қызметтерінің дұрыс немесе бұрыс жақтарына әділ бағасын береді деген жергілікті басшылар, қала берді, орталықтағы үкімет керісінше тағы бip «контрреволюциялық топтың» қызметі ашылды деп жар салып жатты. Сол кездегі бүкіл кеңестік идеология мен елді басқаруды қолына ұстап отырған, «социалистік сара жолға» бастаушы коммунистік партия бұрынғы Адай округінде «ауылдарды кеңестендірудің» әлсіздігін пайдаланғаны бұрыннан белгілі, жартылай феодал Тобанияз Әлниязұлының бас болған контрреволюциялық байлар ұйымын ОГПУ қызметкерлерінің ашқандығын өз отырыстарында талқылап жатты. «Адай округіндегі ұзақ уақыттар бойы кеңес өкіметі мен коммунистік партия ұйымы емес контрреволюциялық байлар мен жартылай феодалдық элементтер, ауылдың артта қалғандығын пайдаланып, өздерінің Кеңес өкіметіне қарсы бүлдіру әрекеттерін жүргізіп келді» – деп көрсетіліп, 1930 жылы 25-26 қарашада өткен ВКП(б) Қазақ өлкелік бюросының отырысында (№24 хаттама, 10 пункт) бұрынғы Адай округінде кеңестерге қайта сайлаудың қорытындылары туралы О.Исаев баяндама жасап, оны талқылау нәтижесінде бұрынғы Адай округі ВКП(б) бастауыш ұйымдары мен аудандық комитеттеріне хат жазу туралы қаулы қабылданып, оны дайындауды Федоров деген бipeyгe тапсырған екен. Cөйтіп, «Бұрынғы Адай округі барлық ВКП(б) аудандық комитеттері мен бастауыш ұйымдарына» деген жолдау хат осылай дүниеге келген екен. Мұнда кеңестендіру саясатының барлық жерде бірдей еместігі, әлі де болса, толық кеңестендірілмей отырған жерлер бар екендігін айта келіп, оған Қазақстанның таза көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын аудандары жататындығын, соның ішінде бұрынғы Адай округі, Қарақұм, Қызылқұм және Балқаш бойы жататындығын көрсетеді. Бұл жерлер артта қалған аудандарға жатады, ол жерлерде патриархалды-рулық қатынастар қалдығы әлі де күшті, халық бұқарасының мәдени дәрежесі де өте төмен, кедейлер мен батырақтар әлі де толық ұйымдаспаған дей келіп, 1928 жылы 27 тамыздағы байларды тәркілеу туралы Қазақстан үкіметінің декретінің Адай округіне тарамауы сондықтан дейді. Себебі, ауылдағы еңбекші бұқараның дайындығы ойлаған дәрежедегідей болмады, сондықтан, халықтың бұл тобының қолымен революциялық шараларды жүзеге асыру мүмкін емес еді деп көрсетеді. Бірақ, бұл «ауылды кеңестендіру» ұранының бұл аудандарда жүзеге асырылмауы емес еді дейді. К.Жаулин Адай округінің 1928 жылғы 27 тамыздағы декреттерден босатылуын 1927-1928 жылдардағы жұтпен байланыстырады. Ауылдағы сол кездегі кеңестендіру саясатының ойдағыдай нәтиже бермеуі, партия ұйымының қатарына кедей-батырақтардың аз келуі, тіпті, ҚазЦИК-тің мүшесi, Қазақстан үкіметінің өкілі Ералиевтің өлімін де осы Әлниязов тобының жұмысы дей келе, енді, Адай өлкесіне де «Әлниязовшылдық» дегенді тауып, оған төменгідей баға береді:
«Әлниязовшылдық – бұл, социалистік бастамаларымызға қарсы байлардың шабуылы.
Әлниязовшылдық – бұл, өз мүдделері үшін ауылдағы рулық, феодалдық қатынастарды және жергілікті жерлердегі біздің жұмысымыздың әлсіздігін пайдаланып отырған байлар.
Әлниязовшылдықтың бірнеше жылдар бойы өмір cүpіп және Кеңес аппараттары арқылы өздерінің контрреволюциялық бағдарламаларын нәтижелі жүзеге асыруларының себептері бұрынғы Адай партия ұйымдарының ауылды кеңестендіру мақсаттарындағы және кедейлердің байларға қарсы күресін ұйымдастыру жұмысының төмендігі, жаңа кадрларды дайындау ісінің, оларды партия және кеңес ұйымдарына тарту жұмысының ойдағыдай жүргізілмеуінен.
Әлниязовшылдықтың бұлай қанат жаюы, сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген қателіктер салдарынан партия ұйымдарының әлеуметтік құрамы да көңілдегідей болмауынан еді.
Кеңес-шаруашылық органдары жат таптық элементтерге шамадан тыс толып кетті, сондықтан, таптық жауға қарсы қырағылықтың ойдағыдай болмауымен қатар, Әлниязовшыларға қарсы таптық күресті ұйымдастырмақ түгілі, олардың өздері де Құлшаров пен Көбеевтер арқылы Әлниязовшылдықты іске асырушылар болды.
Құлшаров пен Көбеевтердің қызметі, партияның сара жолы үшін дауыс беріп, ал, ic жүзінде Әлниязовшылдықты қолдауы – зұлым сатқындық, ұлтшылдықтың ауыр түрі, сондықтан, Қазақстан партия ұйымдарының алдында негізгі міндеттердің бipi партия қатары мен кеңес органдарын олардан тазарту болып табылады. Партия мүшелері, бұл қылмыстарды көрген, өздері оған қатынаспаған, бірақ, бұл қылмыстарға қарсы большевиктерше шешуші күрес жүргізбеген, мұндай партия мүшелері оппортунизмнің шіріген көрінісін көрсетті. Мұндай партия мүшелері оның қатарында болуға тиіс емес.
Әлниязовшылдықты тек қана аса артта қалған Адай округінің ерекшелік жағдайына байланысты пайда болған құбылыс екен деп ойламау керек. Әлниязовшылдық – бұл Қазақстанның барлық артта қалған көшпелі аудандарындағы байлардың бізге қарсы күресі, жергілікті жерлердегі біздің партия-кеңес қызметіміздің осалдығын және бұқараға рушылдық пен патриархалдықтың ықпалын пайдаланушы».
«Әлниязовшылдықтың» не екендігіне осылай «жан-жақты» баға беріп қана қоймай, сол кезеңдегі дәстүр бойынша, онымен күресудің жолын көрсеткен «ақыл» да айтылады. Онда «Қазақстан партия ұйымының, соның ішінде бұрынғы Адай округі партия ұйымдарының ең негізгі міндеттерінің бipi Әлниязовшылдық сабақтарын еске ала отырып, одан большевиктік қорытынды жасап, оны таптық жау мен оппортунизмнің барлық түрлеріне қарсы күнделікті күреске пайдалану қажет – дей келіп, партия ұйымдары «ауылды кеңестендіру» ұранымен және Әлниязовшылдықтармен күресте бұқараны ұйымдастырып, оларға қарсы көтеруі қажет, өз қатарларын тез большевиктендіруі жөн, тipi Әлниязовшылармен күресті өрістету қажет», – дейді. Бұдан біз бұрыннан келе жатқан партияның өз ішінен жау іздеу тактикасын көреміз. Бұл саясат тек қана Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңестер территориясында кеңінен қолданылғаны бізге тарих оқулықтарынан да белгілі жай еді. Сондықтан, Адай даласынан шыққан, өз елінің, жерінің бірлігі үшін күрескен, ел ынтымағын қорғаушы, ата-дәстүрін берік сақтаушы Тобанияз Әлниязұлы сияқтылардың көзін осылай жою ол кез үшін түк емес еді. Бұл Голощекиннің Қазақстанда «Kiшi Қазанды жүзеге асыру керек», деп жанталасып, бұл ойын теорияға айналдырып, республика басшыларына мақұлдатып, осы теориясымағын жүзеге асыру үшін Адай ауылдарында жедел кеңестендіруге бағыттаған саяси әдісі болатын. Осымен бipгe, нақты Адай округіне бейімделген Голощекиннің саясаты округті екі бөліп, басқа округтерге бағындырып, ел бірлігін бұзу, сөйтіп, елді титығына жеткізген саясатқа қарсы бас көтере бастаған халықтың қимылын көтеріліске жеткізбей басу еді.
Бұл ic тек қана араға ұзақ уақыт салып, қана қайта қаралып, 1962 жылдың 8 ақпандағы және 1990 жылдың 26 сәуіріндегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының шешімімен айыпкерлердің әрекетінде қылмыстық құрамының болмауына орай, ic қысқартылды.
Сөйтіп Адай елінің арыстары еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана халқымен қайтадан табысып, ел тарихынан әділ орнын алған еді. Қазір Ақтау қаласында Тобанияз Әлниязұлына ескерткіш орнатылып, ол туралы баспасөзде материалдар жарияланып, оның есімін болашаққа қалдыру жөнінде біршама жұмыстар жүргізілуде.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.