ОТЫРАР КІТАПХАНАСЫ ҚАНДАЙ БОЛҒАН?

  • 04.11.2019
  • 53 рет оқылды
  • 0

ТариБекжан БЕЙСЕНБАЙ, жазушы

Алдымен Отырардың даңқты кітапханасы туралы ғалымдар не дейді, соларды тыңдайық

Сыр бойында сақтардан кейінгі өз бірлестігін құрған Қаңлы мемлекеті туралы деректер б.д. д ІІ ғ. Қытай деректерінде айтылады. Қаңлы ханының ордасы Отырар (ол кезде Кангу Тарбан деп аталған) қаласында орналасқан.
«Отырар – бір кездері атақты астана, толып жатқан керуен жолының торабы, әйгілі мәдениет, сауда орталығы… Х-ХV ғасыр Сырдария жағасында мұнан үлкен қала болмаған» – дейді Әлкей Марғұлан. «Ислам діні тарамай тұрған кезде, Отырар өлкесі, жалпы алғанда, Тұранның, Сарматтың көне мәдениеті едәуір жоғары дәрежеде болған. Ертедегі мәліметтерде Отырар жоғары мәдениетті қала, оның кітапханасы дүниежүзіндегі кітапқа бай орын болып табылады: осы жағынан ол Александриядан кейінгі екінші орынды алады, деп жазған Александария ғалымы Птоломей (бірінші ғасыр). Отырар сол Птоломей картасында бар» – деп жазады Ақжан Машанов. «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде. 53 бет. (Алматы. Қазақстан 1994)
Енді, жыл санауымыздың басында әлемде екінші орын алған Отырар кітапханасы орта ғасырларда қандай деңгейде болды? Деректерді қарастырайық:
1) Ақжан аға осы еңбегінің 56 бетінде «Өзінің ұлы еңбегін Сайф ад-Даулаға бергенде, алғы сөзінде былай деп жазады: «Сен маған музыка жөнінде қолдануға жарарлық бір кітап құрастыруды тапсырған едің. Мен оны тез-ақ орындармын деп ойлағанмын. Ондағы ойым музыка жөніндегі бұрынғылардың жазғандары бар ғой, соларды жөндеп, құрастырып, сол жазғандардың атын сақтап, сонымен орындармын деген едім, ол ойым болмай шықты, өйткені, музыка жөніндегі жазылған арабша еңбектердің дәрежесі өте төмен болды. Ерте замандарда, әлбетте, музыка жөніндегі ірі еңбектер болған ғой. Бірақ, арабша аудармалар нашар ма немесе ертедегі еңбектер бізге жетпей жоғалған ба, әйтеуір, сенің тапсырмаңа жарарлық ештеңе таба алмадым. Сол себептен, бұл мәселені тыңнан жазуға тура келді. Сенің тапсырмаңды көп кешіктіріп орындаған себебім осы» /Ақжан Машанов. «Әл-Фараби және Абай» 56 бет/.
Ұлы Ұстаздың осындағы: «Ерте замандарда, әлбетте, музыка жөніндегі ірі еңбектер болған ғой», деген сөзі ерекше ойландырады. Сонда, ол еңбектер қайда болған? Бағдат халифатына қарасты араб елдерінде болмағаны даусыз. Оны өзі де айтып тұр ғой. Әрі, ондай еңбектер болса, қайтадан жаздырмас еді ғой. Ол кезде «араб халифаты» Алдыңғы және Кіші Азияны, солтүстік Африканы, батыс Еуропаны (Испания жеріндегі Кордова халифаты) қамтитын. Бұл деректерден музыка туралы бұндай құнды еңбектердің бұл кезде араб халифатына қарайтын Александрия кітапханасында да жоқ екенін байқаймыз. Еуропада да жоқ екені айтпаса да белгілі. Европаның өркениеті ол кезде арабтардан да төмен деңгейде болатын. Ал, Америка құрлығы мен Австралия ол кезде әлі ашылмаған болатын. Сонда, қалатыны Түріктер мекені – Ұлы Дала мен Орта Азия және Қытай елі. Әл-Фарабиден мың жыл бұрын, Қаңлы елінің (астанасы Кангу Тарбан-қазіргіше Отырар)музыканттары, әншілері мен бишілері қытайларды таң қалдырғаны туралы дерек қытай шежірелерінде жазылған.
Музыка жөнінде осындай ірі еңбектер болғанын Ұлы Ұстаз білгеніне қарағанда, ондай еңбектер Отырарда болған. Әл-Фараби бабамыз ол еңбектермен бұрыннан таныс болған сияқты. «(Бағдатқа келген)Алғашқы кезде әл-Фараби өзін-өзі ақын, әнші-күйші, музыкант ретінде танытқан. Бағдатта оның достары, шәкірттері көп болды. Оның музыкалық мектебі бүкіл араб еліне әйгілі болды» деп жазады Ақжан Машанов. («Әл-Фараби және Абай» 53-54 беттер). Әл-Фарабидің музыкалық қабілеті туралы арабтар неше түрлі аңыз таратады. Бір аңыз бойынша, «әл-Фараби бір күйді орындаса, арабтарды жылатып, екінші күйді орындағанда, арабтарды күлдіреді екен дейді. Былайша айтқанда, музыкасымен адамдардың көңіл-күйін жаулап алады» дейді. Ғұлама Шам шаһарына келгенде Сайф ат Дауланың уәзірі Әбу Жағфар деген кісі «сен музыкамен адамдарды жылатып, күлдіреді дейді. Бірақ, мен бұған сенбеймін. Шын болса көрсетші» депті дейді. Сонда, әл-Фараби бабамыз «бір күйді тартқанда, адамдар көңілденіп, шат-шадыман күйге түседі. Екінші күйді тартқанда қайғыға салынып, жылай бастайды. Үшінші күйді тартқанда барлығы ұйықтап қалыпты. Арабтар оянса әл-Фараби жоқ, аспаптарын алып, кетіп қалыпты» дейді. Осыдан кейін Әбу Жағфар уәзір ғұламаның музыкадан өте жоғары білімі бар екенін түсініп, арабтардың пайдалануына ыңғайлап бір музыка туралы кітап жазып беруін өтінеді. Әл-Фараби бабамыз «бұл еңбекті тез жазып бітемін» деп есептеген. Және қазір бәрі мойындағанындай өте тамаша жазып шыққан.
Қазақстанға келіп, өнер көрсеткен арабтың атақты композиторы, әрі орындаушысы Әл Жауади былай деп мәлімдеді: «Музыка үшін барлық адамзат Бах пен Бетховенге емес, Әбу Насыр әл-Фарабидің алдында қарыздар. Себебі, Бах пен Бетховен әл-Фарабидің музыка туралы еңбектерін оқып барып, осындай деңгейге жетті. Егер де, әл-Фарабидің еңбектері болмағанда, Бах та, Бетховен де болмас еді». Әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабына» алғы сөз жазған араб ғалымдары: 1) Ғаттас Абд әл-Мәлік әл-Хашба былай дейді: «Бұл Музыкалық ғылымның өнері жайындағы кітапты Әбу Жағфар Мұхаммед ибн әл Қасим әл-Қаржи үшін Мұхаммед ибн Мұхаммед әт-Тархани жазды». «Бұл кітап – сол тарихи дәуірден бастап, біздің күнімізге дейін ғалымдардың музыка жайында жазған трактаттарының арасындағы ең кемелі әрі толығы». 2) Ал, Махмуд Ахмад әл-Хафни былай дейді: «Екінші ұстаз» атанған әл-Фараби ұшқыр ойлы болған, араб тілімен бірге, басқа да тілдерді білген. Ол үлкен мұсылман ойшылы және музыка өнеріндегі ең көрнекті теоретик» (26 бет). «Даусыз әл-Фараби музыка өнерінің қолданбалы саласының жетік білгірі әрі осы өнердің теориялық негіздерінің барлық мәліметтерін білген. Оның осы ғылымдағы кітабы үлкен салмаққа ие болды. Себебі, Ислам әлемі орнағалы бері, араб дүниесінде мұндай орасан еңбек бұрын да, кейін де жазылмаған» (Әбу Насыр әл-Фараби. «Музыка туралы үлкен кітап» Алматы: «Колор», 2008 ж.). Әл-Фарабидің еңбектері туралы Еуропа ғалымдары былай дейді: 1)«Расында да музыка саласында әл-Фарабиге теңдес адам бұрын да, онан кейін де болмаса керек» (Фрацуз бароны Барон де Ерланже).
2) Араб музыкасының жалпы тарихын жазған белгілі ғалым Г.Фармер: «Барлық ғылымдар саласында әл-Фараби «Екінші Ұстаз». Ал музыка саласын алатын болсақ, ол әл-Фараби бір өзі ғана бас король болып табылады. Басқаша айтқанда, музыка саласында әл-Фарабиге үлгі боларлық, бірінші ұстаз боларлық адам болмаған», дейді. Бұл, әрине, Еуропа ғалымдарының ойынша.
Бірақ, әл-Фараби бабамыз музыкадан осыншалық терең білімді қайдан болса да алған ғой. Әл-Фараби бабамыз өз кітабының кіріспесінде: «…Ертедегілердің осы өнер жайындағы кемеліне жеткен кітаптары жоғалып немесе араб тіліне толықтай аударылмаған болуы мүмкін» деп жазыпты (Әбу Насыр әл-Фараби. «Музыка туралы үлкен кітап» Алматы: «Колор», 2008 ж.). Бұл жерде, әл-Фараби оқыған, бірақ, араб еліне жетпеген кемеліне жеткен кітаптар қайда деп іздесек, бірден ғұламаның туған жеріндегі Отырар кітапханасы еске түседі.
2) «Ол кезде Орта Азия мен Қазақстанда Самани нәсілдері билеген. Бұхара әмірі Нұх Самани әл-Фарабиді шақыртып алып, жалпы ғылымдардың негіздері жөнінде кітап жазып бер деп өтінеді. Оның себебі сол кезде шын ғылым мен жалған ғылымдар арасын айыру қиын болып, елді алдаушы азғырушылар, жалған әулие сәуегейлер, өтірік балгер, жұлдызшылар, алхимиктер көбейіп кеткен-ді. Әл-Фараби сонда «Екінш оқулық» («Тағлим әл-Сани») атты еңбек жазып, Нұхқа сыйлайды. Сол кітап кейінде талай ғалымдардың көзін ашса керек. Атақты ғалым ибн Сина содан тағлым алған. Осы кітап біздің қолымызға әлі түскен жоқ. Оның дүниеде бар-жоғы да белгісіз» (Ақжан Машанов. «Әл-Фараби және Абай» 54-55 беттер). Ұлы Ғұламаның «әт-Тағлим ас-Сани» (Екінші ілім) деп атаған еңбегін кезінде көптеген ғалымдар оқып, көп білім алғанын, бұл еңбектің өте құнды, ғылымға қосқан үлесі өте зор болғанын айтады. Өзін Әбу Насыр әл-Фарабидің шәкіртімін деген, кейін бүкіл әлем мойындап, медицинаның атасы атанған Әбу Әли ибн Сина (Авиценна) осы «әт-Тағлим ас-Сани» еңбегін Иранның Исфаһан қаласындағы «Сиуан ал-Хикма» атты кітапханадағы көшірмесінен оқыған екен. Фарабитанушы Әнел Әзімхан деген ғалым «Ибн Синаның «Арылу кітабы» (Книга исцеления) әл-Фарабидің осы «Екінші ілім»деген энциклопедиялық еңбегінің қысқартылып, өңделген нұсқасы болып табылады» дейді. Турасын айтқанда, Әнел Әзімхан медицина саласындағы біріншілікті де Әбу Насыр әл-Фарабиге тиесілі дейді.
Ибн сина Ұлы Ғұламаны «Шейх Фараби» деп атаса, кейінгі кездегі Шығыс ғалымдары оларды бөліп-жармай «Қос Фараби» деп атапты.
Ұлы Ғұламаның «Екінші Ұстаз» атануы осы еңбегіне байланысты берілген атау дейді замандастары. «Оны Бағдат дәрігерлері өздерінің басшы адамы санайды» (Ақжан Машанов. «Әл-Фараби және Абай» 54 бет).
Көрініп тұрғандай, Ұлы Ғұлама араб елдерінің билеушілерінің өтініштері бойынша, екі кітап жазған. Және екеуін де көп қиналмай, оп-оңай жазып шығыпты. Бұл еңбектерді қазіргі ғалымдар адамзат ғылымына қосылған өте құнды еңбектер деп бағалайды. Басқа ғылымдар саласында мүмкін әл-Фараби бабамыз «Екінші Ұстаз», ал осы еңбектер арналған музыка, медицина саласында даусыз «Бірінші». Осы жерде еске түседі. Кезінде гректер де Тоқсары мен Анақарысты әулие, данышпан санаған. Ұлы Дала перзенттерінен гректердің арасында болған екі-ақ адам туралы тарихта мәлімет бар. Олардың біріншісі – Тоқсары. Тоқсары шамамен б.д.д.VII-ғасырдың басында дүниеден өткен.Тоқсары Грек еліне келгенде, жасы отыздар шамасындағы жас жігіт болатын. «Тоқсары Скифияға қайтып оралмаған, ол Афинада қайтыс болды, кейіннен ұлттық қаһарман ретінде танылды. Элладалықтар оған жат елден келген Балгер-әулие ретінде жыл сайын құрбандық шалады» (Лукиян «Скиф және қонақ»). Лукиянның «Тоқсары мен достық» атты еңбегінде «Біз жақсы адамдарға арнап құрбандық шаламыз. Солардың құрметіне орай, ас беріп, той жасаймыз. Себебі,өлі разы болмай, тірі жарымайды. Әрине, мәселе тек оларда ғана емес, біз өлген адамдарға құрмет ете отырып, тірілерге олардың жақсылықтарын уағыздаймыз.Сондықтан да, тірі жүргендердің көпшілігі соларға ұқсап, артына жақсы сөз, өшпейтін із қалдырғысы келеді»-дейді Тоқсары әулие. «Оның өлген кісіні тірілтетін балгерлігі туралы аңыз көп. Бәрін тізіп шығу мүмкін емес.Гректердің Балгер әулие ретінде мінажат етуінің өзі Тоқсарының асқан емші болғандығын толық дәлелдейді» (Т.Жұртбаев. Дулыға 1 том).
Екі түрік ғалымы: 1) б.д.д. VII ғасырда өмір сүрген Тоқсары Еуропаның ең көне өркениеті саналатын грек елін дәрігерлік білімімен таң қалдырса; 2) б.д.IX ғасырында өмір сүрген әл-Фараби сол дәуірдің ең үлкен өркениеті араб елін дәрігерлік білімімен мойындатыпты. Бұл түріктердің медицина саласындағы білімі мыңдаған жылдар бойы әлемнің алдыңғы қатарында болғандығын көрсетеді.
Әл-Фарабиден 1500 жыл бұрын өмір сүрген Анақарыс дана Европаның ең көне өркениеті деп жүрген гректерін білімімен таң қалдырған екен. Анақарыс шамамен б.д.д 620-555 жылдары өмір сүрген
«Анақарыс – аңызға айналған скиф, өзінің Грецияға жасаған саяхаты кезінде даналығымен даңққа бөленді және Солонның ықпалымен өмірін философия ғылымына арнады», – дейді Платон. «Ол скифтер мен эллиндықтардың дәстүрін, өмірді жеңілдетудің жолдары туралы жазды және әскери айла-тәсіл жөнінде сегіз жүз өлең шығарды. Ерекше шешендігімен көзге түсті, «скифтік сөйлеу мәнері»,- деген мәтел оның осы қасиетіне байланысты қалыптасқан» (Д.Лаэртский).
Гередот пен Страбон «жеті ғұламаның бірі» деп мойындаған Анақарыс туралы Диоген «кеменің зәкірі мен дөңгелекті ойлап тапқан – Анақарыс» деп мойындаса, Страбон өзінің әйгілі «География» атты еңбегінде: «Эфор Анахарсисті данышпан деп атайды, ол өзінің шексіз адалдығымен, тазалығымен және ақылдылығымен жеті данышпанның бірі болды» – дейді. Ол Анахарсис ұста көрігін, екі табаны бар зәкірді және құмыра жасауға арналған дөңгелек жозыны ойлап тапқан дегенді айтады», – дейді. Бұлардан көрініп тұрғандай, сол кездері Еуропаның ең дамыған елі атанған гректерді көшпенділерден барған екі-ақ адамның өзі бірі балгерлік ілімімен мойындатса, екіншісі шешендігімен, ақылымен таң қалдырыпты. Гректер Анақарысты дөңгелекті, кеменің зәкірін, ұста көрігін және құмыра жасауға арналған дөңгелек жозыны ойлап тапқан дегенді айтады. Ал, шын мәнісінде Анақарыс оларды ойлап тапқан жоқ. Бұл бұйымдарды Ұлы Дала ұлдары одан әлдеқашан бұрын ойлап тауып, пайдаланып жүрген. Анақарыс тек соларды гректерге үйретуші болды. Анақарысты туған еліне қайтып оралғаннан кейін жақын бауыры патша Савлийдің атып өлтіргенін, гректер Анақарыстың ата-баба дәстүрін, дінін өзгерткеніне байланысты деп түсіндіреді. Ол да дұрыс шығар. Оған қоса, Анақарыс ғұламаның гректерге скиф елінің ғылым-білім, өнердегі жетістіктерін, әсіресе скифтердің әскери айла тәсілі жөніндегі құпияларын (сегіз жүз өлеңмен жазылған) нағашы жұртына (Анақарыстың шешесі грек қызы болған) үйретуін «сатқындық» деп бағалауы да мүмкін-ау деген ой келеді. Анақарыс білімділігімен гректерді мұнша таң қалдырса, нағыз ортасы бұл кезде қандай деңгейде еді. Гректер ұста көрігін енді көріп жатса, бұл кезде Алтайда болат қорытатын пештерді ойлап тауып, болатты күнделікті өмірде қолданып жатқан болатын.
Әл-Фараби бабамыз да өзінен 1500 жыл бұрын өткен Анақарыс данышпан сияқты жан-жақты білімділігімен арабтарды таңқалдырыпты:
«Бағдатта оның достары, шәкірттері көп болды. …Бағдатта атақты ғалым-астроном әл-Баттаниға еріп астрономия обсерваториясында көп істеген. Сол астрономия ғылымына байланысты және соны қолдану үшін әл-Фараби тағы бірнеше ғылымдар саласына атсалысады.
Алдымен, ол астрономиялық аспаптар жасауға кіріседі: астролобияны қайта жасайды. Екінші жағынан ол оптикалық аспаптар жасайды, ойыс-парабола айна жасайды. Көптеген бақылаулар жүргізеді; уақыт өлшеу үшін күн сағатын жасайды. Осылардың теориясын беру үшін ол математикалық әдіске көшіп, сфералық-тригонометрия негізін жазды.
Оптика заңдарын геометриялық әдіспен дәлелдеудің шебер әдістерін ойлап шығарады, яғни, геометриялық оптика негізін береді. Сонымен байланысты архитектуралық құрылыстарға негіз салады. Астрономия – архитектура – музыка – осы үш саланы бірдей, бір әдіспен зерттеу негізін қалайды…
Осылармен қатар, ол табиғаттану саласында көп еңбек етеді. Соның ішінде алхимия, физика, медицина салаларында зерттеулер жүргізді» (Ақжан Машанов. «Әл-Фараби және Абай» 54 бет). Осы мысалдардан көрініп тұрғандай, түркілерден шыққан екі данышпан: Анақарыс гректерді, Әбу Насыр әл-Фараби арабтарды білімімен қайран қалдырыпты. Бұларға әл-Фарабиден мың жыл бұрын Қытай елін музыкасымен таңғалдырған қаңлы елінің (Астанасы Отырар) өнерпаздарын қоссақ, түріктердің өркениетінің, оның ішінде, Отырар (Кангу Тарбан – Фараб) қаласының ғылым, білім, мәдениетінің өте жоғары болғаны даусыз.
Ұлы Ғұламаны араб билеушілері: Бағдат халифі әл-Мұхтадир досым деп құрметтесе, Сирия билеушісі мен Түркістан билеушілері кітап жазып беруін өтінеді. Ал, Ұлы Ғұлама бұл өтініштерді еш қиналмай, керемет орындап берген. Кітап жазуға тапсырыс беру де кез келген адамға жасалмайды. Осы ғылым саласында терең білімі бар, басқа ғалымдардан білімі, дарыны оқ бойы озық адамдарға кітап жазуға тапсырыс берілетіні сөзсіз. Демек, әл-Фараби ғұламаның бойынан араб билеушілері арабтарда жоқ жоғары білімі бар екенін анықтаған.
Птоломейдің заманында Александрия кітапханасы әлемде ең үлкен кітапхана дегенмен, шын мәнінде Рим, Грек, Үнді және Мысыр әдебиетін сақтаған ең үлкен бөлігі б.з.б. 48-47 жылдарда Юлий Цезарь мен мысырлықтар арасындағы сұрапыл соғыс кезінде өртеніп кеткен. Кітапхананың екінші бөлімі, яғни, Птоломей заманында жинақталған шағын қоры Феодосия дәуіріне дейін сақталған. Оны 341 жылы Серапион махалласына шабуыл жасаған фанатик христиандар өртеп жіберген. Яғни, аталмыш ғылым қазынасы Искандерия қаласын арабтар алудан 301 жыл бұрын жойылып кеткен (Уикипедиядан). Демек, Әбу Насыр әл-Фарабидің заманында Отырар кітапханасы әлемдегі ең үлкен кітапхана болған. Александрия кітапханасы өртеніп кететін 341 жылдан Отырар кітапханасы жойылған, 1220 жылға дейін Отырар кітапханасы әлемдегі ең үлкен білім қазынасы болды. Өз оқу орындарында оқытып шығарған мамандарына Билеушілері мұндай құрмет көрсетуі ақылға симайды. Бұл жерде басы ашық нәрсе әл-Фараби бабамыз араб елдерінде оқымаған, Анақарыс бабасы сияқты Ұстаздық етуге барған. Тек басқа елден келген Ғұламаларға ғана билеушілер осындай құрмет көрсетуі мүмкін. Қожа Ахмет Яссауиды тәрбиелеген ұстазы отырарлық Арыстанбаб әулие 32 діннің негіздерін білген деген дерек тегін болмаса керек. Демек, әл-Фараби бабамыз мұндай жоғары білімді туған жері Отырарда, Ұлы Отырар кітапханасынан алған. Отырардың Ұлы кітапханасы болғаны даусыз Шындық!!!
Отырарлық өлкетанушы, этнограф Әбілда Жұмашев деген қария: «Мен 1960 жылы үлкендермен бірге Түркістанда тұратын нағашыларыма барып, үлкен жиынға қатыстым. Нағашыларымның көршілері өзбектер болатын. Нағашым бізді көршілеріне «Отырардан келген туғандарым» деп таныстырды. Сонда, қонақтардың ішіндегі бір жасы 80-дерге келген өзбек қария «Бұл кісілер үлкен, киелі жерден келген қонақтар екен ғой. Біздің бала кезімізде үлкен бабалар «Отырарда Ескандерия кітапханасынан кейін екінші орын алатын үлкен кітапхана болған. Моңғол, жоңғар шапқыншылығы кезінде жойылып кетті. Кейін Отырардың қалған халқы Түркістан, Шымкент, Шілікке көшіп кетті» деп отырушы еді» деген сөзі менің бала жүрегіме өмір бойы жазылып қалды. Демек, Отырардың Ұлы Кітапханасы туралы ауызша дерек Отырарды моңғолдар қиратқан 1220 жылдан 19-ғасырдың соңына дейін осы өлке халқының есінде сақталған» деп, еске алады. Бұдан шығатын қорытынды, Клавдий Птоломейдің «Географиясы» Отырар кітапханасында моңғол шапқыншылығына дейін болған, оны осы өлкенің халқы кезінде оқып, білген сияқты. Кітапхана жойылғанмен, халықтың ауызша дерегінде аңыз болып сақталып қалған.
Клавдий Птоломей (Шығыста оны Баттилус немесе Баттимус ал-Қалавдий деп атаған). II ғасырда (90-168 жж) Мысырдың Александрия қаласында жасаған грек ғалымы. Птоломей астрономия, география, геометрия және физикаға тиісті үлкен шығармалар жазып қалдырған. Ол алғаш астрономиямен шұғылданып «Мегале синтаксис» («Ұлы түзілу») деп аталған 13 беттен тұратын шығарма жазған. Бұл шығарма кейінірек араб тіліне аударылып «Ал-мажистий», («Алмижистий») деген атпен белгілі болды. 1175 жылы кремоналик Герордо бұл шығарманы араб тілінен латын тіліне аударған және «Алмагест» деп атаған. Птоломейдің екінші шығармасы «Карталар сызу қолданбасы» немесе («географиядан қолданба»), қысқаша «география» деп аталған. Птоломей Географиясы 8 кітаптан тұрады. Бұл кітапқа Птоломей сызған 26 кесте үлгі етілген. Соның ішінде Еуропа бөлігі-10, Африка-4, Азияға-12 кесте берілген.
Птоломей Географиясында бірнеше карталары (27 мемлекеттің 64 кіші облысының карталары) да көрсетілген. Птоломей бұл шығарманың бірінші бабында географияның міндеттері және дүние картасын жасауда қандай картографиялық проекциясын қолдану керектігін баяндаған. Қалған баптары жоғарыда көрсетілген 26 кестеден тұрады. Яғни, әр бір картада көрсетілген мемлекет, қала, тау, өзен, халықтар туралы қысқаша жаңалықтар берілген. Жалпы алғанда, бұл шығарманы дүниенің географиялық атамасы деп атаса да болады.
Азия Птоломей географиясының V-VΙΙ баптарында 12 картада берілген, 48 уәлаятқа бөлінген. …Синд, Мадин, Қобул, Шом, Хирот, Азербайжан және Торбанд түркий халықтар мемлекеті, Аллах жері, Туғузғуз жері, Синистон, Яъжуж және Маъжуж жерлері сияқты уәлаят аттары аталған.
Сыр бойында сақтардан кейінгі өз бірлестігін құрған Қаңлы мемлекеті туралы деректер б.д. д ІІ ғ. Қытай деректерінде айтылады. Қаңлы ханының ордасы Отырар (ол кезде Кангу Тарбан деп аталған) қаласында орналасқан.
Тағы бір айта кететін қызықты дерек: еуроцентристер осы Александрия кітапханасының негізін гректер салды деп жүр. Бірақ, бұл жалған. Александрия қаласының орнында бұрын да көне қоныс болған. Ең негізгісі, атақты кітапхананың негізін гректерден мыңдаған жыл бұрын осы Египет жеріндегі көне өркениеттің негізін қалаған, сырттан келген халық – Атланттар қалаған. Атланттар өздерінің көне отаны Атлантида суға кеткен кезде көптеген құнды құжаттарды, көне карталарды, ғылым-білімнің өте құнды жазбаларын осы жерге жинақтап, сақтап кеткен.
Гректер бұл жазбалардың өте құнды екенін түсінгендіктен, осы жерге қала салдырып, кітапхананы қорғауға алып, қосымша кітаптар жинақтап, әлемдегі ең үлкен ғылым ордасына айналдырған. Римдіктер Египетті жаулаған кезде осы кітапхананың негізгі көне құжаттар қорын тонап алып кеткен. Кейіннен бұл құжаттар, көне карталар, еуропалықтардың атымен жарық көрді. Орта ғасырларда Еуропадан шықты делініп жүрген атақты географтар, картографтар осы көне карталардан көшірме жасаушылар. Герард Меркатор, Ян Бушмехерс, Пири Рейс және т.б. осы Алаксандрияның көне құжаттарынан – карталарынан көшіргендер. Түрік адмиралы Пири Рейс өз картасын сызу үшін көне карталарды пайдаланғанын жазып кеткен. Ал, Еуропалық картографтар мыңдаған жыл бұрын жойылып кеткен Атлантида аралдарын, тіпті, ол аралдардың аттарын да, қалың мұз астында қалған Антарктиданың картасын да дәл көрсеткенімен көне карталардан көшіргенін жасырады. 341 жылғы өрттен кейін Александрия кітапханасы бірінші болудан қалды.
Қорыта келгенде, Отырар кітапханасы Отырар қаласын моңғолдар қирататын 1220 жылға дейін әлемдегі ең үлкен ғылым ордасы болған. Ол ғылым ордасынан Әбу Насыр әл-Фараби, Арыстанбаб сияқты әлемдік деңгейдегі жүздеген Ұлы Ғұламалар білім алып шыққан.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.