ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ немесе Жетісу – алманың отаны

  • 04.11.2019
  • 97 рет оқылды
  • 0

Дина ИМАМБАЕВА,
«Ақиқат» журналының бөлім редакторы

Әлемдегі алма атаулының түп-тамыры саналатын Сиверс алмасының отаны – Қазақстан. Қазіргі алманың генетикалық «атасы» еліміздің аумағындағы Ұлы Жібек жолы арқылы әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қаланың бірі Алматы деп аталды. Алманың отаны Алматыдағы жабайы алма ағашы 1793 жылы оған алғаш сипаттама берген Ресей ботанигі Иоганн Сиверстің құрметіне «Сиверс алмасы» (Malus siversii) деген атау алды. Бұл алма сұрыбы 950-1250 метр биіктікке дейінгі Алатаудың бөктерінде өседі. Ғалымдар жабайы алманың гендерін пайдаланып, осы жемістің неше түрлі сұрыптарын алады. Яғни, Қазақ­станның жабайы жемісті ормандары ерекше генетикалық ресурстардың қоймасы болып табылады. Алма жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да айтылған. Дегенмен, бұл салада шешімін күткен өзекті мәселелер жеткілікті. Осыған орай, Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Алматы облысы әкімдігімен бірлесіп, Талғар ауданы Алмалық ауылындағы помология бағында «Жетісу – алманың отаны» атты Бақ күнін өткізді. Ауыл шаруашылығы министрлігі және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы және Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қолдауымен өткізілген шараға ғалымдар, шетелдік сарапшылар, тәлімбақ иелері қатысты.

Қоршаған ортаның ластануы, климаттық өзгерістер және басқа себептерге байланысты, соңғы жылдары жемістердің табиғи гендік қорына нұқсан келді. Онымен қоса республикадағы жеміс көшеттерінде бұрын-соңды болмаған бактериялық аурулардың таралу деңгейі артып ке­леді. Сондықтан, жеміс шаруашылығы индус­триясының дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазақстандық жабайы жеміс түрлерін сақтап қалудың өзектілігі күн тәртібінде тұр. Осыған орай форумның басты тақырыбы «Сапалы отырғызылатын материал (көшеттер) – отандық бау-бақшаны және ел экономикасын дамытудың басты факторы» деп аталды. Тұңғыш рет өткізіліп отырған форумда отандық көшеттер мен шетелдік өнімдер, бау-бақша зиянкестерімен күресу, мамандар даярлау, бағбандарды мемлекеттік қолдау сияқты ең өткір мәселелер қозғалды. Мәселен, азық-түлік сегментінде отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің кейбір түрінің үлесі жоғары болғанмен, басым көпшілігі әлі де төмен деңгейде. Оның дәлелі – жемістер мен көкөністердің дені шетелдерден әкелінеді. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің проректоры, профессор Қ.Тілеуовтің айтуынша, соңғы жылдары орташа алғанда бір миллионнан астам тонна жеміс-жидек импортталған. ҚР-ның 2017-2021 жылдарға арналған агрокешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2021 жылы жеміс дақылдары мен жүзім өсіруді 65 мың гектарға дейін ұлғайту, ал жалпы өнімді 421 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Ол үшін жыл сайын жеміс көшеттерін 3 млн талға дейін, жүзім көшеттерін жылына 0,6 млн талға дейін жеткізу керек. Айталық, Қазақстанда соңғы 5 жылда шемішке және сүйекті жеміс дақылдарын егу көлемі 1,7 мың гектарға өсті, сөйтіп барлығы 44,4 мың гектар болды. Олардың 52 пайызы фермерлер және шаруа қожалықтарының үлесінде.
Сүйекті жеміс дақылдарының арасында алма көп егіледі, оның көлемі 34, 6 мың гектар. Алманың отаны Қазақстан бүгінгі күні дүниежүзінде алма өндіруден 42-орынды місе тұтып отыр. Ол негізінен оңтүстік облыстарда, Түркістан, Алматы, Жамбыл өңірінде өсіріледі.
Ғалымдардың айтуынша, 2018 жылы жемістер мен жидектердің жалпы өндірісі 89 мың тоннаны құрады, яғни жан басына шаққанда 20,9 килограмнан келеді. Бұл тұрғындардың жеміс-жидектерге қажеттілігінің бар болғаны 49%-ын қамтамасыз етеді. Сол себепті жемістердің басым көпшілігі шет елдерден – Орталық Азия, Ресей, Иран, Қытайдан әкелінеді. Бұның өзі республикамызда жеміс-жидектердің тапшылығының дәлелі.
Форумда бағбандар мен ғалымдар осы саланың өзекті проблемаларын айта отырып, одан шығудың жолдарына да тоқталды. Айталық, қазір еліміздегі өнеркәсіптік бағбаншылық ішкі нарықта да, әлемдік жеміс нарығында да рентабельділік пен бәсекеге қабілеттілікті көтеруге мұқтаж. Ол үшін сұрыптық саясатты дұрыс жүргізу, заманауи технологияларды қолдану, кадрларды даярлау және қайта даярлау, оңтүстік өңірлерде ірі бау-бақша кәсіпорындарын құру, қажетті материалдық-техникалық және қаржы құралдарымен қамтамасыз ету, т.б. мәселелер шешімін табуы тиіс. Сондай-ақ, қазіргі уақытта республикамыздағы бақтар мен жүзімдіктердің жартысынан астамы орта және ұсақ тауар өндірушілердің иелігінде. Бірақ, олардың көпшілігінде білікті кадрлар жетіспейді.
Тағы бір маңызды мәселе, еліміздегі бағбаншылық саласы вируссыз негізге көшіруді, отандық сорттардың сапалы көшеттерін отырғызуға көшуді қажет етеді. Алайда, Қазақстанда жеміс және жидек дақылдарының вируссыз, сертификатталған көшеттерін (отырғызылатын материал) өндіретін жаппай өндіріс жөніндегі зертхана жоқ.
Қазақстан – алманың отаны болғанмен, әлемдік нарықта елеусіз. Бау-бақша өнімдерін әлемдік нарыққа шығару үшін ең алдымен тәлімбақтардың сертификатталған, экологиялық таза көшеттерінен алынған өнімдерге негізделуі тиіс. Сондай-ақ шетелдік өнімдерді (көшеттерді) импорттауда карантиндік іс-шараларды күшейту керек. Өйткені, импортталатын бау-бақша дақылдарымен бірге көптеген зиянды ауру түрлері келуде. Мысалы, қазір алма бақтарында бактериялық күйік ауруы таралған. Өте жылдам тарайтын бұл ауру жабайы алма ағаштары үшін өте қауіпті. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің проректоры Қ.Тілеуовтің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін Қазақ аграрлық университетінде микроклоналдық көбейту зертханасы ашылған. Мұнда университет ғалымдары америкалық әріптестерімен бірлесіп зерттеулер жүргізуде.
Жиында қозғалған өткір мәселенің бірі – бау-бақша саласы бойынша жоғары білікті мамандар даярлау. Заманауи білімдермен қаруланған жас мамандар бағбаншылықпен айналысатын барлық қожалықтар мен фермерлік шаруашылықтарда сұранысқа ие болып отыр.
Ғалымдар Қазақстандағы жабайы алма ағаш ормандары ерекше генетикалық қор ретінде маңызды және қажет екенін ерекше атап айтты. Осыған орай Есік дендрологиялық бағында «Сиверс алмасы ұлттық орталығын» ашу жоспарланып отыр. Қазір мұнда 20 гектар Сиверс алмасының жабайы тұқымы егілген және жеке аумақта 28 іріктелген формасы отырғызылған. Ғалымдардың айтуынша, алдағы уақытта ең жаңа технологияларды қолдана отырып, Сиверс алмасының негізінде алманың ауруға қарсы тұра алатын, генетикалық таза және мықты үлгілерін көбейту қажет. Сондай-ақ, Сиверс алмасының генотиптер коллекциясын құру көзделген.
Гендік ресурстарды дұрыс пайдалану селекциялық жұмыстар нәтижесінде жаңа өнімдер береді, мәдени дақылдардың төзімділігі мен өнімділігін көтереді, азық-түліктің экспорттық әлеуетін қамтамасыз етеді. Сондықтан, өсімдіктер дүниесін жойылып кетуден, зақымданудан, ауаның ластануынан және өзге де ­зиянды әсерлерден үнемі қорғау керек. Ауыл шаруашылық дақылдарының жабайы туыстарын пайдаланудың тиімділігіне мысал келтіре кетейік: АҚШ-та мәдени дақылдардың жабайы түрлерін пайдаланудан жылына 340 миллион доллар табыс түседі, помидордың дәмдік сапасын жақсартатын 1 генді енгізу жылына 5-8 млн доллар кіріс әкеледі. АҚШ-тың дәрі-дәрмек нарығының 50 пайы­зы өсімдіктердің генетикалық ресурс­тарын пайдаланады. Н.И.Вавилов атындағы Бүкілресейлік өсімдіктану институтының генетикалық банкінде құны 8,0 трлн АҚШ долларына тең өсімдіктер коллекциясы жинақталған (бұл біздің еліміздің мемлекеттік бюджетінен жоғары).
БҰҰ-ның биологиялық алуантүр­лілік туралы конвенциясында «Жер байлығының ең маңыздысы бар­лық халықтар мен ұрпақтар үшін өсімдіктердің генетикалық ресурс­тарын сақтау» деп жазылған. Сондықтан, әлемдегі мемлекеттер дами­мыз деп қоршаған ортаны қорғауды шетке ысырып қойған жоқ. Әзірге Қазақстанның өсімдік қоры қорғауға мұқтаж қал­пында. Қаланың тау беткейінен отап тасталған алма бақтары енді қалпына келмейді. Мәселен, 1970 жылғы жеміс ағашта­рының санағы бойынша, Алматы облысында 3 млн 51 мың апорт ағашы өскен (бүкіл республикадағы алманың 80 пайызы). Қазір олар 100 мыңға жете ме, жетпей ме – белгісіз.
Жеміс-көкөніс өсіретін шаруашылықтар тиімді жұмыс істеу үшін ғылымның көмегіне арқа сүйеуге міндетті. Қазіргі таңда Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары шығарған сұрыптар бағбандардың жеміс дақылдарын өсіруге қажетті сұранысын толық қамтамасыз ете алады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бау-бақша өсірушілерді субсидиялар арқылы қолдау көрсетсе, Жеміс-көкөніс институты шаруашылықтарды ғылыми сүйемелдеу бойынша мақсатты іс-шаралар жүргізуде. Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры С.Садықовтың айтуынша, алдағы уақытта институттың ғылыми зерттеулерін қаржыландыру көлемін ұлғайту көзделіп отыр. Атап айтқанда, іргелі зерттеулер жүргізуге, селекциялық зерттеу жұмыстарын атқаруға бөлінетін қаржыны ұлғайту қарастырылған. Апорт өсірумен айналысатын фермерлер мен шаруаларға мемлекеттік жәрдем көрсеткенде ғана алманың бірегей сұрыптарын қайта жаңғыртуға болады. Ол үшін арнайы субсидия бөлу және т.б. қолдау шаралары қажет. Себебі жеміс өсіру бірден пайда әкелмейді, шығыны көп, ұзақ баптауды талап ететін жұмыс. Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жеке кәсіпкерлерге жеміс бақтарын өсіру, арнайы гранттарға қол жеткізу, бау-бақша қожалығын құру, экотуризммен айналысу, мектептерді көгалдандыру, алманың зиянкестерімен күресу жөнінде тиімді ақыл-кеңес бере алады. «Біздің институт шаруашылықтармен тікелей жұмыс істеуге дайын. Біз топырақтың құрамынан бастап, қандай дақылды өсіру керек, көшет, техникалық қамту, мамандармен қамтамасыз ету сияқты барлық қызметті көрсете аламыз. Шаруашылықтың дамуына қажетті тиімді іс-шараларды жоспарлы түрде жүзеге асырамыз және бұның барлығы шаруа қожалықтары үшін қолжетімді», – деді институт директоры С.Садықов.
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы басқарма бастығының орынбасары Есенбай Исламов «Бақ күнінің» пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде бақша өсіруде, ең алдымен, суармалы жерлерде жаңа бақ өсіру, көшеттер өсіретін отандық тәлімбақтарды дамыту, дайын өнімдерді сақтауға арналған қоймалар құру, оны қайта өңдейтін мүмкіндік жасау, саланың фитосанитарлық жағдайын жақсарту, зәкірлік кооперацияны жүзеге асыру қажеттігін атап айтты. «Бақтардың аумағын ұлғайту үшін тамшылатып суару жүйесін орнату керек. Жаңа бақтарды отырғызу отандық аграрлық ғылымды тарта отырып, жергілікті тәлімбақтарды дамыту есебінен жүргізіледі», – деді Е.Исламов.
Иә, дастарханымызға түсетін жеміс-жидектің өсіп-өнуі оңай емес. Ол шаруалардың күнделікті тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Ол үшін ең алдымен таза, дені сау көшеттер қажет. Ал, ғалымдардың іргелі зерттеулерінің жемісі – сапалы, экологиялық таза, дәруменге толы жеміс-жидекке қол жеткізу қаржылық қолдаусыз мүмкін емес. Сондықтан, ғылым мен ауыл шаруашылығының, ғалымдар мен шаруалардың өзара әрекеттестігі көп мәселенің шешімін табуға септігін тигізеді. Ал, іргелі ғылым мен қолданбалы ғылым арасындағы байланыс мемлекеттің мықты қолдауынсыз мүмкін емес.
Жеміс-көкөніс шаруашылығы дақылдары әр адамның күнделікті тұтынуына қажетті өнімдерге жатады. Бұл бағыттың мемлекеттік азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан да маңызы зор. Сондықтан, форумға қатысушы ғалымдар мен тәлімбақ иелері жеміс-жидек өндіруде ең дұрыс шешім – отандық отырғызылатын материалға (көшеттер) көшу екендігін тағы да атап айтты. Шетелдік көшеттерден бас тартып, өзіміздің отандық өнімге басымдық беру бағбандар үшін де, жеміс-жидектердің гендік қорын сақтау үшін де тиімді.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.