Мәдениет пен өркениеттің тоғысқан мекені

  • 04.11.2019
  • 36 рет оқылды
  • 0

Нұрлан Бықыбаев,
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры

Мәдениет пен өркениеттің тоғысқан мекені Ежелгі Тараз қаласының тарихын баян ететін «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 24 наурыздағы №256 Қаулысына сәйкес құрылған. Музейіміз – көне заман ескерткіштерінің үлгі нұсқаларын жинақтаумен, сақтаумен, насихаттаумен айналысатын және осы тарихи мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе отырып, тәлім-тәрбие беретін ғылыми-мәдени және рухани мекеме. Тасын түртсең тарихы көрінетін Киелі Тараз мекенінде қазіргі уақытта, мекеме қарауында 30 Республикалық дәрежедегі тарихи-мәдени мұра тіркелген. Оның 5-і 2014 жылы «Ұлы Жібек жолының ескерткіштері: Тянь-Шань дәлізі» аталымы бойынша ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар Тізіміне қосылған. Олар: Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек, Ақтөбе-Баласағұн қалашықтары. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында Жерорта теңізі және Қиыр Шығыс өркениетін біріктірген Ұлы Жібек жолының тарихи мұрасына назар аударады. Музейіміздің қарқынды жұмыстарының нәтижесінде ICOM Халықаралық музейлер одағының шешімімен 2015 жылы «Жыл музейі» деген атаққа ие болды. Тараз қаласы Ұлы Жібек жолындағы керемет тарихи қала ғана емес, сонымен қатар, Қазақ хандығының ең алғаш туы тігілген тарихи орын. 2015 жылы хандығымыздың 550 жылдығын республика деңгейінде атап өтіп, музейіміз жаңа деңгейге көтерілді. Көне шаһарымыздың тарихымен танысқысы келген қала қонақтары мен тұрғындары сәулет өнерінің үздік туындыларымен және археологиялық құндылықтар жатқан мекендерге саяхат жасай алады. 2011-2017 жылдар аралығында Тараз қаласының аумағында археологиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп және «Ашық аспан» астындағы археологиялық паркі халық назарына ұсынылды. Қорық-музей қорында аймақтағы қолөнер, тауар мен ақша қатынастарының даму деңгейін анықтайтын керамикадан, металдан, шыныдан жасалған бірегей артефактілер жинақталған. 2018 жылы Ақыртас сарай кешені мен Айша бибі кесенесі дүниежүзілік туристік тартымды мұралар тізіміне енді. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады.
Ортағасырлық сәулетшілердің қолымен жасалған Айша бибі, Бабаджа Хатун, Қарахан және Дәуітбек кесенелері мен әр кезең шеберлері тұрғызған Әбдіқадыр мешіті, Үшарал (Абдулла Ишан) мешіті, Нәметбай және Қарақожа мешіттері, Шоқай Датқа кесенесі секілді сәулет өнерінің үздік нұсқаларымен таныс болады. Аталған тарихи мұралардың бәрі қайтадан жаңғыртылып, көпшіліктің көзайымына айналып отыр. Тарихи-мәдени мұраларымыз жайлы заманауи техникалық құралдарды пайдалана отырып, 5 тілде (қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай) QR-код арқылы келушілер ақпарат ала алады. Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұралары өркениетті қоғамның негізін қалау белгісі болып табылатыны сөзсіз. Бүгінгі музейдің алдында тұрған басты міндет жоғалған жәдігерлерді іздестіру жұмыстарын жандандыру, табылған жағдайда мемлекеттік көлемде назар аударылып, ұлттық құндылықтардың өзінің лайықты орнын табуға барынша атсалысу. Біз тарихи-мәдени мұраларымызды зерттейміз, қалпына келтіреміз және ұрпақтан-ұрпаққа қаз қалпында сақтап, Қазақстанның тұрғындары мен бүкіл әлемнің туристері үшін қолжетімді етіп жасау біздің міндетіміз деп білемін.
Мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі 2019 жылы көптеген жұмыстар атқарды. Атқарған жұмыстарының негізгі бағыты – Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 13 қаңтардағы №1277 Жарлығына сәйкес өмірге келген Ұлттық-Стратегиялық «Мәдени мұра» бағдарламасы мен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық кешенді мақалалары аясындағы талаптарға сәйкес жүргізіліп келеді.
Биылғы жыл – мүмкіндіктер жылы. Осы мүмкіндікті кеңінен түсіндіру мақсатында Жастар жылының ашылу салтанатына орай «Рухы биік ұрпақтың – болашағы жарқын» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қазіргі қоғамдағы жастардың рөлі мен орны, жастарды тәрбиелеудегі проблемалар, оларды тарихи және мәдени құндылықтармен таныстыру мақсатында қандай жұмыстар атқару және өлке тарихына деген сүйіспеншілік, ояту мәселелері талқыланды. Музейдің негізгі жұмыстарының бірі ғылыми-зерттеу жұмыстары болып табылады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында «Ақыртас құпиялары» атты республикалық ғылыми семинары өтті. Семинардың мақсаты: Ақыртас сияқты бірегей ескерткіштің ғылыми зерттеулерімен кеңінен танысуға, тарихын зерделеуге, насихаттауға және Жамбыл облысының тарихи-мәдени мұрасын танымал етіп, аймақтағы туризмді дамытудың басымдықтарына назар аударуға бағытталған. Жастардың туған жеріне және оның сан ғасырлық тарихына қызығушылығын арттыру үшін ұйымдастырылды. Семинар жұмысы арнайы ұйымдастырылған «Қолөнер шеберлерінің көрмесі», «Археологиялық жәдігерлер көрмесі», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты тақырыбы аясында жылжымалы көрме мен кітап көрмесін тамашалаудан басталды. Семинарға белгілі тарихшылар мен ғалымдары Досымбаева Айман Медеубайқызы – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, т.ғ.д., Ақымбек Ералы Шардарбекұлы – PhD докторы, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, Бондарев Михаил Владимирович-Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Түркітану» кафедрасының бас ғылыми қызметкері, Мұхтар Қожа – Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, т.ғ.д., ЖОО-ның профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Ордабасы», «Отырар», «Сарайшық», «Бозоқ», «Таңбалы», Абайдың «Жидебай-Бөрелі», «Әзірет-Сұлтан», «Есік» қорық- музейлерінің қызметкерлері, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының өкілдері, өлкетанушылар, архившілер қатысты.
Рухани қазынамыз бен құндылық-тарымызды сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, сақтау біздің міндетіміз деп білеміз. Мекемемізге қарасты 30 республикалық маңызы бар ескерткіштердің жәй-күйін анықтап, паспорт, қорғау міндеттемелерін жаңартып, жаңадан қорғау тақталарын орнатты. Бұл дегеніміз, қала қонақтары мен тұрғындарына қол жетімді ақпарат алуына мүмкіндік туды. Қызықтысы жұмыс барысында кездейсоқ жұмыртастардың, қыш табақшалар мен құмыралардың бөліктері, сонау көне заманның құралдары табылып жатты. Тараз қаласы шындығында тек қазақстандық археологтардың ғана емес, әлемдік деңгейдегі зерттеушілердің назарында екені сөзсіз.
Музейдің мәдени-ағартушылық жұмыс-тарының бірі дәрістер мен жылжымалы көрмелер болып саналды. Жыл басынан бастап, қалалық және аудандық мектептер мен ЖОО-на өлке тарихын таныстыру, рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында мемлекетіміздегі айтулы мерекелік күндері және музейдің жылдық жоспарына сәйкес «Ежелгі Тараз қалашығы»,«Көне Тараз күмбірі», «Тиындар не айтады?», «Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі», «Көненің көзі – Тараздың өзі» және т.б. тақырыптарда жылжымалы көрмелер жасақталып, дәрістер оқылды. Сонымен қатар, оқушылар мен білімгерлердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына әдістемелік көмек көрсетіліп келеді.
Мәдени іс-шаралары мен қатар, қаламыздың қоғамдық жұмыстарына да қорық-музей қызметкерлері белсене атсалысады. Атап айтсақ, төл мерекеміз Наурыз мерекесін атап өтуде де қорық-музей ұжымы өздерінің белсенділіктерін танытты. Мерекелік іс-шараға облысымыздың мәдениет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Іс-шара аясында қазақ халқының салт-дәстүрлері: бесікке салу, тұсау кесер, ұлттық ойындар: арқан тарту, қол күрес, алтыбақан, асық ойнау және мекеме ұжымының жастары «Қара жорға» биін орындады. Ұжымның қызметкерлері тек ғылыми-зерттеу жұмыстарында ғана емес, өздерінің шығармашылық дағдыларын сол мереке барысында көрсетті. Келген қонақтар қазақтың ұлттық тағамдары мен «наурыз көжеден» дәм татты.
Үнемі жүргізілетін қоғамдық жұмыстардың бір мекеме қарамағындағы 30 тарихи-мәдени нысандарға абаттандыру, тазалау жұмыстары. Әрбір тарихи-мәдени нысандарды туристерге тартымды етіп көрсету үшін күтіп-сақтау, оның тазалығын қадағалау, көркейту үшін де бірнеше жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, осы 2019 жылда «Қарахан», «Айша бибі» кесенесіне заманауи үлгідегі санитарлық-гигиеналық орындар тұрғызылды.
Тарихи нысандарымызды кеңінен насихаттау мақсатында БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнатылып келеді. Медиа кеңістікте ғана емес, өркениет көшіне бет алған даму тіршілігінде БАҚ-тың айрықша орын алатынын ешкім теріске шығара алмайды. Осы орайда «Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі» тақырыбы аясында пресс-тур ұйымдастырылды. Пресс-турға қатысқан БАҚ өкілдеріне «Қарахан», «Дәуітбек», «Айша бибі», «Бабаджа Хатын» кесенелері мен «Көне Тараз» ашық аспан астындағы археологиялық саябағына экскурсия ұйымдастырылды. Қорық-музей қызметкерлерінің республикалық, облыстық басылымдарда көптеген ғылыми және танымдық мақалалары жарияланса, музей қызметкерлерінің қатысуымен республикалық және жергілікті телеарналарда бірнеше сұхбаттары жарыққа шықты.
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі ұжымының қызметкерлері ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық жұмыстардан бөлек, қайырымдылық жұмыстармен де айналысады. Облыс аумағында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды азық-түлік себетімен қамтамасыз етті, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға мекемеміздің экскурсоводтары тарихи-нысандарға экскурсия жүргізіп, өлкеміздің тарихымен таныстырды. Атап айтсақ, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері Тараз қаласында орналасқан «Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына» арналған монументіне гүл шоқтарын қойып, өз құрметтерін көрсетіп, сталиндік террор жылдарының құрбаны 95 жасар Ольга Неплюеваға барып, хал жағдайын сұрап, гүл шоқтары мен азық-түлік және қорық-музейден естелік кітаптар табыстады. Сонымен қатар, Алғыс айту күніне орай еліміздің, мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлесін қосқан, ардақты қарттарымызға алғысымызды білдіру үшін қалалық «№2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» КММ-нің қызмет алушыларына Ежелгі Тараз қалашығында археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған құнды да бірегей жәдігерлерден жасақталған «Тараз – ғасырлар куәсі» атты тақырыпта жылжымалы көрме ұйымдастырылды.Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» КММ-нің тәрбиеленуші балаларына және Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылында орналасқан «Болашақ» атты жаздық демалыс лагерінде Арыс қаласындағы жарылыс салдарынан зардап шеккен отбасылардың балаларына да жылжымалы көрме ұйымдастырылып, көрме барысында арнайы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «МҰЗБАЛАҚ» және «КҮЛТЕГІН» анимациялық фильмдері көрсетілді.
Қорық-музейіміздің атап айтуға тұрарлық ауқымды жұмыстарының бірі – Қазақстандағы ірі жобалардың бірі «Туған елге саяхат» жобасы арқылы Тараз қаласына еліміздің алыс бұрыштарынан, сондай-ақ, көршілес елдерден келген балаларды ежелгі, тарихи қаламыздағы тарихи ескерткіштері мен заманауи ғимараттармен таныстырды. Осы жылдың ішінде «Туған елге саяхат» жобасы аясында Тараз қаласына 1000-нан аса балаларды қабылдап, өлке тарихымен қоса оларға арнайы іс-шаралар ұйымдастырылды. Іс-шара барысында балалардың назарына Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың және Президенті Қ.К.Тоқаевтың көне шаһарымызда болған уақытындағы сәттерден «Елбасы – тарихы терең Таразда» атты фотокөрме ұсынылды. Сонымен қатар, археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған құнды жәдігерлерден көрме жасақталды. Экскурсия барысында балаларға «Нұр-Сұлтан – мәңгілік елдің қаласы» атты викториналық сұрақтар қойылды. Алыс сапардан келген қонақтарымызға қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындары беріліп, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Танымдық экскурсия барысында белсенді болған балаларға ынталандыру кәдесыйлары табысталып, ал, топ жетекшілеріне музей баспасынан шыққан Тараз тарихын таныстыратын кітаптар мен бүктемелер сыйға берілді. Жобаға қатысушылар өз алғыстары мен Көне шаһарымыздың қонақжайлығы үшін ыстық ықыластарын білдірді.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.