ОТАНСҮЙГІШТІК ОЗАТ ОҚУДАН БАСТАЛАДЫ

  • 04.11.2019
  • 61 рет оқылды
  • 0

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі

Дені сау, сана-сезімі ояу әрбір азамат әскери қызметкер болуды армандайды. Әскери киім кигендердің сымдай тартылып, сымбатты бола кететіні тағы бар. Сондықтан, әскери қызметкер болу әрбір жастың арманы десек қателеспейміз. Әскери қызметкер болу деген сөз бұл отансүйгіш, патриот болып, шыңдалып шығу деген сөз. Шын мәнінде Отан қорғау ер-азаматтарға жүктеледі. Ал, Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебінің тыңдаушылары елін жаудан қорғайтын азамат болып шығуды армандайды. Олар осы мақсатта Қазақстан Қарулы Күштерінің айбынды офицері атануды да мұрат етеді. Бұл үшін қандай да бір қиындықтардан қашпау керек. Мұны болашақ офицерлердің бойынан көргенде қуанасыз. Кеуделерінде намыс найзағайы ұшқындап тұрған жастар Мәңгілік Еліміздің құрыштай қалқаны болып шығарына бек сенесіз.
Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебі 1984 жылы мамыр айында құрылды. Алғашында орыс тілін тереңдетіп оқыту және әскери кәсіпке бағытталған мектеп-интернат болып ашылды. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен республикалық әскери мектеп болып өзгертілді. Ал, 2003 жылы әскери мектеп-интернатқа Совет Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовтың аты берілді. ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысынан кейін, осы оқу орны Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қарамағына өтті. Мектепте 35 мұғалім сабақ береді. Олардың 10-ы жоғары санатты ұстаз да өзгелері бірінші және екінші санаттағы оқытушылар. Бүгінде мектепте төрт жүзге тарта ұлан тәрбиеленуде. Мектеп түлектерінің біразы әлем елдерінің жоғары әскери оқу орындарында білімін жалғастыруда. Бірқатары еліміздегі әскери бөлімдердің командирлері болып қызмет атқарып жүр. Мектеп ұжымы, әсіресе, өздерінен шыққан генерал-майорлар Оспанов Дәулет Рысқұлбекұлын және Адырбеков Дулат Темірғалиұлын мақтаныш тұтады.
Ұландар үшін мектепке аты берілген, биыл туғанына 115 жыл толған халық батыры Сабыр Рахымовтың есімі ерекше қастерлі. Оның мерейтойына арналған тәрбие сағаты есте қаларлықтай әсерлі өтті. Сондай-ақ, батырдың өмірі мен қызметі жөнінде музей ашылды. Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған әскери парадты жасұландықтар бастап шықты. Олардың қатарында Астана, Алматы, Қарағанды қалаларындағы республикалық «Жас ұлан» әскери мектебінің ұландарымен бірге шымкенттік өрендер де сап түзеп өтті. Сонымен бірге, Шымкенттегі «Жастар орталығында өткен жасұландықтардың мерейлі мерекелерге арналған салтанатты іс-шарасы да қызықты болды. Белгілі бір тәртіппен сымдай тартылған ұландар легі, саңқ-саңқ еткен офицерлер үні, сахна төріне мектептің жауынгерлік туын салтанатпен жеткізген құрметті қарауыл, көңілге жігер құяр марштық әуендер, оны құйқылжыта ойнаған үрмелі оркестр… бәрі-бәрі осынау кештің мәні мен маңызын ерекшелеп тұрды.
Ұландарды мерекесімен республикалық «Жас ұлан» әскери мектебінің бастығы, полковник Ғазиз Тулеушов құттықтады. Ол Қарағанды облысы Шет ауданының тумасы. ҚР Қарулы Күштерінің әскери академиясын бітірген. Кейін Ресейдегі Омск мемлекеттік педагогикалық университетінің магистратурасында оқыған. Өскен ортасы орысша. Соған қарамастан, айтар ойын жастар жүрегіне жеткізу үшін таза қазақ тілінде сөйледі. «Бұл мерекелер әр кезеңде батырлық пен ерліктің, қаһармандықтың, адалдықтың символы болып қала бермек, − деді ол. – Қазақстан осы ширек ғасыр ішінде заманауи және кәсіби армия құруға көңіл бөлді. Біздің әскери қызметшілер әскери даярлық, үйлесімділік және жауынгерлік дағдыларын жоғары деңгейде көрсетуде». Арын байрақ, намысын найза еткен батыр Сабыр ата жөнінде тебірене сөйледі. Бұдан соң, кәсіби офицерлердің әскери шенін өсіру, мінсіз қызметі үшін берілетін әртүрлі дәрежедегі сыйлықтар, әскери сала бойынша тағайындалған арнайы мемлекеттік медальдармен марапаттау жөніндегі ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығы оқылды. «Жас ұлан» мектебінің басшылығы атынан үздік ұландарға Мақтау қағаздары, олардың ата-аналары мен мектеп мұғалімдеріне Алғыс хаттар табыс етілді.
Мектепте жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелейтін іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Мәселен, жуырда Ұлы Отан соғысының ардагері Абылайхан Қазыбековпен жасұландықтардың кездесуі өтті. Совет-герман соғысының ардагері, бүгінде жасы тоқсаннан асқан қадірменді қария Абылайхан Қазыбековтың әңгімесін жастар зейін қоя тыңдады. Отызыншы жылдардағы алапат аштық кезінде тамақ орнына топырақ татып, шөп жеп, қалай тірі қалғанын, соғыста қандай ерліктер көрсеткенін қызғылықты баяндап берді. Бастан кешкен қиындықтарын бүкпесіз айтты. «Москваны жаудан қорғап қалған Панфиловтың дивизиясы, ол дивизияның негізгі құрамы қырғыз бен қазақтар болатын», − деді қарт майдангер. Халқымыздың басынан өткен күрделі тарихтың, әлі құпиясы толық ашыла қоймаған қиын кезеңнің тірі куәсі талай қызғылықты жәйттерді де жайып салды.
Жасұландықтар Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ерғали Рысбеков, ҚР Қарулы Күштері облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қордағы подполковник Бабай Алдабергеновпен де кездесулер өткізді. Бабай Тәңірбергенұлы ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары алдымен Мемлекеттік Қорғаныс комитеті құрылғанын, ал, 1992 жылы Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойып, сол кездегі «Қазвоенкомат» пен 40-шы армияны біріктіру арқылы қалай ҚР Қорғаныс министрлігі құрылғанын айтып берді. Келесі жылы мемлекет өзінің ордендері мен медальдарын тіркеген. «Алғашқы кезде әскери басшылық құрамында өзге ұлт өкілдері болды да, олар тарихи отандарына көшіп кетті. Бізге тек жарамсыз ескі техника қалды, әскери кадрлар жетіспейтін, − деп әңгімеледі Б.Алдабергенов. – Қазір ол қиындықтардың бәрі артта қалды. Әскери техника жаңарды. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан қорғаныс мақсатындағы қуатты армиясын жасақтай білді. Елімізде бірталай әскери институттар бар. Өзінің ұлттық университеті ашылған». Ата-ана Сейдахметов мектепте өзінің балалары оқығанын, қазір немерелерін әкеліп отырғанын атап көрсетті. Жас жеткіншектерге үлгілі тәрбие беріп, ұлағатты өнеге танытып келе жатқаны үшін мектеп ұстаздарына алғыс айтты. Өз атынан мектепке Сабыр Рахымовтың портретін сыйға тартты. Мектеп басшысы полковник Ғ.Тулеушов портретті қабылдап тұрып: «Бұл біз үшін аса бағалы сыйлық!» − деді.
Шынында да, жастайынан жетім қалып, тағдыры ауыр қалыптасса да мойымай, өзінің зеректігі мен қабілетін шыңдап, соғыс жылдарында өшпес ерлік пен қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсеткен қазақтың батыр ұлдарының бірі, Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рахымов жөнінде қалай мақтансақ та жарасады. Соғыс басталғанда, ол полк басқарды, кейін дивизия қолбасшысы болды. 1941 жылы шілдеде жау қоршауын бұзып шыққан батылдығы үшін «Қызыл Ту» орденімен марапатталып, полковник шенін алды. Оның дивизиясы Дондағы Ростовта, Кавказда ұрыс жүргізді. 1943 жылы полковник С.Рахымовқа генерал-майор әскери атағы берілді. Одан әрі Москвадағы Бас Штабтың әскери академиясында оқиды. Оны бітірген соң, Белоруссияны, Польшаны азат етуге қатысады. Соғыс жылдары ол басқарған дивизияның жауынгерлік туына екі Қызыл Ту, Суворов және Кутузов ордендері тағылды. Ал, Рахымовтың өзі сол кездегі ең жоғары марапаттаулар: Ленин, төрт рет Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Суворов, ІІ дәрежелі Кутузов ордендеріне ие болды. Соғыстың бітуіне бір жарым ай уақыт қалғанда, Данциг қаласының маңында қаза табады.
Сабыр Рахымов туралы екі мәрте Совет Одағының Батыры, армия генералы Павел Батов былай деп жазды: «Ол өз Отанының патриоты, үлкен жүректі адам еді. Отанды сүю дегенді ерекше түсінетін еді, сондықтан да, жауды өте жек көрді. Жауынгерлер оны турашылдығы, ұқыптылығы, қамқорлығы, көпшілдігі және бұрқылдап қайнап тұрған мінезі үшін жақсы көретін еді». Міне, ұландар мектебіне есімі берілген қазақ батыры осындай! Бұл мектептің тәрбиеленушілері де батыр атасының есіміне лайық Қазақ елінің қорғаны, Отанымыздың нағыз патриоты болып шығатынына ешқандай күмән жоқ.
Жуырда Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебінің бастығы, полковник Ғ.Тулеушов, мектеп бастығының орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының бастығы, майор М.Мадрахимов, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар бөлімшесінің бастығы, ҚР ҚК қызметкері Ж.Басбақбаева мектеп ұландарымен Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы, Алғабас ауылында тұратын 105 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Омар Сапарбеков атаның отбасында болып, өмір және ерлік жолымен танысып, сұхбаттасып қайтты. Ұландар Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов туралы өз туындыларын оқып берді. Домбырамен күй тартып, патриоттық тақырыпта әндер орындады. Мектеп басшылығы Омар атаға сый-сияпат көрсетті.
Омар Сапарбеков 1912 жылғы 15 мамырда ОҚО, Қаратас ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келеді. 1938 жылы Ташкент қаласында химиктер даярлайтын курста оқиды. Содан соң, 1939 жылы әскер қатарына алынады. 1942 жылы атқыштар дивизиясында соғысқа қатысады. 1942 жылы қыркүйек айында тұтқыннан қашып, Минск төңірегіндегі партизандарға қосылады. Содан партизандар қатарында соғыса жүріп, көптеген елді мекендерді азат етуге қатысқан. 1944 жылы кезекті шабуыл кезінде жау қоршауында қалып, қайта тұтқынға түседі. 1945 жылы мамыр айында тұтқыннан босап, Кеңес Армиясына қосылып, Жапон соғысына қатысу үшін Шығысқа жол тартады. 1946 жылы маусым айында аман-есен елге оралады.
Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Орден Отечества», «Победа над Германией», «Победа над Японией» «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60, 65, 70 жыл» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін елдің экономикасын көтеруге атсалысып, абыроймен қызмет атқарады. 1946-1953 жыл аралығында салық комитетінде, 1954 жылдан колхозда ферма меңгерушісі болып қызметтер атқарған. Қазіргі таңда жары Қожабекова Ұлтаймен 2 ұл, 8 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 50 немере, 60 шөбере, 5 шөпшектің қызығын көріп отыр. Ұлы Отан соғысының ардагері Омар атамыздан бата алған ұландар өздерінің болашақта Отан қорғайтын азаматтар қатарынан көрінетіндерін сенімді түрде айтып берді.
Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебінен мектеп бастығының орынбасары – академиялық басқармасының бастығы, подполковник А.Оршабековтың жетекшілігімен 13 үздік ұлан Астанаға жол тартты. Өскелең ұрпақ бүгінгі уақыттың жаңа мүмкіндіктерін көріп қайтты. Олар біздің болашағымыз. Сол себепті, ұландардың бойындағы отан сүйгіштік қасиетті оятып, оларға елге қандай қызмет керектігін көрсетудің пайдасы зор. Сонымен бірге, жастар Жер-Ананың байлығын қалай пайдалану қажеттігін де үйрену керек.
Ұландар халықаралақ көрмеден жақсы әсерде оралды.
Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебінде ұландарды әскери патриоттық рухта тәрбиелеуде ұйымдастырылған тағы бір ерлік сабағына Қорғаныс министрлігі Авиация оқу орталығының іздестіру-құтқару және парашютті десанттық қызметінің бастығы, І сыныпты ұшқыш, парашюттік нұсқаушы – Қаратабанов Асхат Әжібайұлы шақырылды. Асхат Әжібайұлымен бірге Оңтүстік Қазақстан өңірлік парашют Федерациясының парашютті-десанттық даярлау қызметінің бастығы Козлов Владимир Николаевич пен парашютті-десанттық даярлау қызметінің нұсқаушысы Королева Екатерина Юриевна келді. Асхат Қаратабанов әлемнің шыңында – Солтүстік полюсте Қазақстанның көк байрағын желбіреткен. Батырымызды ұландар зор қошеметпен қарсы алды. Әлемнің шыңына ұшып барып, 4,5 мың метрлік биіктіктен секіргені, борттың сыртындағы ауа температурасы минус 47 градусты көрсеткендігі туралы айтып берді. Сонымен бірге, ұландарға еліміздің туын сәтті тігіп қайтқандығы туралы бейнефильм көрсетілді. Кездесу соңында Асхат Әжібайұлы жасұландықтарға игі тілектерін айтып, олардың Қарулы Күштердің қатарында ел қорғайтын батыл да қайсар әскери қызметшілер болып шыңдалып шығуларына тілектестігін білдірді.
Мектеп оқушылары жергілікті ақын-жазушылармен де жиі кездесулер өткізіп тұрады. Айталық, мектепке Ханбибі Есенқарақызы, Мархабат Байғұт, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметов келіп, өз шығармашылықтарымен қатар, жастар тәрбиесі туралы да толғамды ой-пікірлер айтып кетті. Жасұландықтар бұл кездесулерден үлкен әсер алып қоймай, рухтанып қалды.
– Отан қорғау әрбір жастың міндеті. Мен жастайымнан әскери қызметкер болуды армандадым. Сондықтан, осы мектепке келіп, құжат тапсырдым. Қызылорда облысындағы достарыма біздің мектепке келіп, оқуларын жалғастыру жөнінде жиі айтып жүрмін, – дейді бізбен әңгімесінде қызылордалық Ерасыл Бәтеш. Сондай-ақ, Жамбыл облысынан келген Арман Қырғызбай, Ақмола облысынан келген Аслан Иікбай осы мектепте оқудың өте пайдалы екенін айтады. Мұнда спорттың кез келген түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Ал, бастысы мектепте озат оқу. Отансүйгіштік дегеніміздің өзі озат оқудан басталады. Мұны мектеп оқушылары жақсы түсінеді.
Біз келешекте ұландар арасынан еліміздің мәртебесін көкке көтеретін батырлардың көптеп шығатынына сеніп қайттық.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.