Ажырасудың себептері мен салдары (гендерлік талдау)

  • 04.11.2019
  • 183 рет оқылды
  • 0

Отбасылық татулық-үйішілік берекелік пен тату-тәтті сыйластықтың ғана емес, қоғамның гүлденіп, өркендеуі мен үйлесімді дамуының тұғырлық негізі. Дей тұрғанмен, аумалы-төкпелігі көп қазіргі заманда отбасының берекесін қашырып, ерлі-зайыптылардың ажырасып кетулеріне әсер етуші факторлар көбейіп барады. Сондықтан оларды түстеп, түгелдеп отыру ерлі-зайыптылардың ажырасуының алдын алу шараларын ұйыстыруға кәдімгідей-ақ мүмкіндік тудырады. Осыған байланысты, мақалада мемлекеттік статистикалық мәліметтерге, нақты-социологиялық зерттеу нәтижелеріне сілтемелер жасала отырып, ерлі-зайыптылардың ажырасуының алдын алу үшін не істеуі және қалай істеуі қажеттілігі пысықталады.

Кіріспе

Ерлі-зайыпты жандардың ажырасып кетуі коэффициенті бойынша, БҰҰ тиісті бақылау комитетінің есебіне қарағанда, Қазақстан әлем елдері арасында 24-орында тұр. Оның алдында Бельгия, Португалия, Венгрия, Ресей, Албания, Мысыр, Тәжікстан, т.б. жайғасқан. Ал, таза мұсылмандық елдер арасында бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан ең алдыңғы орындардың бірін иеленген. Сонымен қатар, жоғарыдағы есепте, Қазақстанда да еуропалық елдердегі сияқты заңсыз некелесуден өмірге келген сәбилердің саны кәдімгідей-ақ көбейіп келе жатқандығы да қаперге алынған. Жалпы ерлі-зайыпты жандардың ажырасып кетулеріне әсер ететін факторлардың алдыңғы қатарында, ең алдымен, әлеуметтік-тұрмыстық ауыртпалықтар аталады. Себебі, махаббат қызығына елітіп, мастанған жастар ертеңгі күндері қандай болатындығына ой жүгіртіп жатпайды. Отбасылық өмірге жеңіл қарап, үйленіп, үй болуға асығады. Ал, үйлі барлы, сәбилі болысымен, бастарына түскен тұрмыстық ауыртпалықтарды көтере алмай, ұрыс-керісті үдетіп, ажырасып кетеді. Бұл өз кезегінде жас отбасының шырқын бұзып қана қоймайды. Өніп-өсіп келе жатқан жас ұрпақтың басына орны толмас ауыртпалықтар түсіреді. Олар терең психологиялық күйзелісті бастарынан өткеріп, сана-сезімдеріне өткір жарықшақ түсіреді. Сонымен қатар, отбасында күнделікті болып жататын ұрыс-керіс еңбек өнімділігіне де теріс әсер етеді.

Нәтижелік талдаулар

Қазіргі Қазақстанда ерлі-зайыптылардың ажырасып кетулері санының арта түсуіне әсер етуші негізгі себепті елімізде орныққан нарықтық қоғам сұраныстарына сай өмір сүру талаптары туындатуда. Бақуатты отбасылар қатарлы өмір сүруді талап етуші кейбір отбасы әйелдері күйеулерінің тапқан табыстарын азырқануда. Ал, мұнын өзі отбасында ұрыс-керіс тудырып, кикілжіңді көбейте түсуде. Тіптен бірқатар отбасылардың ажырасып кетулеріне апарып соқтыруда. Айталық, 2018 жылы елімізде отбасын кұрған 140 мың жастың 51 мыңы отбасылық жетіспеушіліктен туындаған кикілжіңнің салдарынан дәм-тұздары жараспай, ажырасып кеткен. Статистикалық деректер бойынша, ерлі-зайыптылардың ажырасу көрсеткіші 2017 жылы әр 1000 адамға шаққанда, 4,5% құраған болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 5,6% өскен. Әр 1000 тұрғынға шаққанда, некеге тұру 6,1% көрсетсе, ал, ажырасу 1,8% болған. Ажырасып кеткендердің 60%-дайы екі жыныстан да ең репродуктивті жаста болған. 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығында Қазақстан бойынша жаңадан тұрмыстанғандар 45,9 мыңдық санды құрап, 2018 жылдың алғашқы 6 айымен салыстырғанда, 1,8%-ға төмен көріністенген. Ал, осы аралықта ажырасқандар саны Қазақстан бойынша 23,2 мың болған. Олардың 74,3% қалалықтар, ал, қалған 3,8% ауылдық тұрғындарды құраған. Ажырасу кезінде балалар әлі кіп-кішкентай болғандықтан, балалар көп қиыншылық көрген.
Ерлі-зайыптылардың ажырасуы тек отбасының берекесін қашырып қана қоймай, жалпы қоғамдық үйреншікті қалыпқа жарықшақ тудыратындығын аңлаған социологтар бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттей бастады. Зерттеу нәтижелері ерлі-зайыптылардың ажырасуына себепші болатын жағымсыз факторлардың алдыңғы қатарында әлі де болса елімізде орын алып келе жатқан елішілік әл-ауқаттылықтың төменділігін, тұрмыстың жұтаңдығын және табыс көзінің аздылығын анықтап, көрсетіп берді. Айталық, бүгінгі таңда елімізде күнделікті табыс көзі тек ішім-жемге жететін отбасылар 27%-ға жетіп жығылады. Орташа табысты отбасылар, шамалағанда, 46%-ға жақындайды. Толық қамтамасыз етілген отбасылар 14%-дай (бұлардың ішінде өте байлары 4-5% шамасында). Осыны ескерген Қ. Тоқаев ел Президенті ретінде өкілетін бастаған ұлықтауда сөйлеген сөзінде «басты мақсатым – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын барынша көтеруге, әл-ауқатын арттыруға және табыстарын молайтуға қызметтену. Әділетті әлеуметтік саясат тетіктерін орнықтыру» деп атап көрсетті. Ұлықтау рәсімі өткеннен кейін, «Euronews» телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында Қ. Тоқаев «Қазақстан экономиканы көтеруде біршама жетістіктерге қол жеткізді. Десек те, ел халқының қайсы бір топтары әлі де болса кедейшілік шырмауынан шыға алмауда. Сондықтан, ұлықтауда мемлекет басшысы ретіндегі басты мақсатым ел халқының әл-ауқатын көтеруге бар күш-жігерімді жұмсаймын» деп мәлімдеген болатынмын. Сондықтан, өзімнен де, үкіметтен де осы мәселені бірінші кезекте қолға алып, тез шешуді талап етіп отырмын» деді.
Үкімет те ел басшысының ұстанымын қолдап, өндірісті барынша дамыту жоспарын жасақтап, оны ойдағыдай етіп іске асыра бастады. Мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылды. Бюджеттік мекемелердің 1-ден 8-ге дейінгі разрядтағы қызметкерлерінің айлық жалақысы 20%-ға дейін өсірілді.
Тұрмыстық ауыртпалықтармен қатар, ерлі-зайыптылардың ажырасуына ықпал ететін басқалай да жағымсыз факторлар жетіп артылады. Солардың ішіндегі ең сорақысы – қазақстандық, соның ішінде, ең алдымен, жаңадан отау құрып, үйлі болғандардың отбасы моделінің батыстық үлгісіне жаппай еліктеуі болып отыр. Бұндайлар үшін еркіндік, күйеу мен әйел арасындағы тепе-теңдік дұрыс деп танылуда. Әсіресе, мұндай отбасылардағы әйелдердің өздерін еркін сезініп, әйел эмансипациясын, яғни өзінің күйеуінен тәуелсіздігін, құқықтылығының жоғарылығын мансұқтауы жанұя берекесін кетіріп, отбасының репродуктивтілігіне теріс ықпал етуде. Немесе бала тәрбиесіне жаман әсерін тигізуде. Мұндай қылықтық ұстанымдардың арты ерлі-зайыптылардың ажырасып кетулеріне апарып соқтырып, көптеген еркектер мен әйелдердің жалғыз өмірленулеріне ұйтқылық жасауда. Отбасылық өмірлері ұрыс-керіспен өтіп, отандасулары 5 жылдан әрі аспаған мұндайлар қазірдің өзінде Қазақстанда 26%-ға жетіп, жағылатын көрінеді. Әрі олардың басым көпшілігі екі жыныстыларда да ең репродуктивті жастағылар сияқты. Жоғарыда талданған жағдаяттармен қатар, ерлі-зайыптылардың ажырасып кетулеріне:
– бірінің ата-аналарымен бірге өмірленулері (11%);
– есепті шешім жасаушылықтары (13%);
– жұбайлардың бірінің екіншісінің көзіне шөп салушылықтары (17%);
-жыныстық қатынастағы қанағаттанбаушылықтары (9%);
– өмірлік көзқарастарының сәйкес келіспеушілігі (12%);
– бірінің мәдениеттілік қарым-қатынас деңгейінің төмендігі (16%);
– үйішілік еңбек бөлінісінде тепе-теңдіктің болмауы (22%) сияқты факторларда ықпал ететін көрінеді. Ал, отбасылық ерлі-зайыптылардың бірінің ішімдікке салынып кетуі өте жаман құбылыс ретінде танылып, қарастырылады. Өйткені, бұл құбылыс қазіргі қоғамда кеңінен таралып, отбасылық қатынасқа берекесіздік әкелуде. Айталық, қазақстандық отбасылардың 20%-дайын ерлі-зайыптылардың біреуінің ішімдікке салынып кетуінен ажырасып кеткендер құрайды. Жылдан жылға жетімдер (анасы, әкесі тірі жүре тұра, балалар үйінде тәрбиеленушілер) саны артып барады. Балалар және жасөспірімдердің арнайы үйінде отбасынан тыс тәрбиеленушілердің 80 пайызының ата-анасы бала тәрбиелеу құқынан айрылғандар, қылмыс істеп, қашып жүргендер немесе түрмеде отырғандар, баласын тастап кеткендер және отбасында қалыпты өмір сүруге психологиялық жағынан мүмкін болмағандықтан, өз отбасыларынан безіп кеткендер. Нәтижесінде қоғамның балаларды өсіріп, әлеуметтендірудегі тауқыметі артып, бірқатар балалар мен жасөспірімдер ауытқыған мінез-құлыққа шалдығып, тіпті қылмыскер болып та үлгереді. Сол себепті, отбасына материалдық, мәдени, педагогикалық-психологиялық көмек көрсету, әрі әке мен ананың бала тәрбиелеудегі қоғамдық жауаптылығын арттыруы – аса маңызды мемлекеттік іс.
Тарихи және мәдени қалыптасқан отбасы институты жоғарыда аталғандардан басқа да әркелкі бүлдірушілікке шалдығуда. Америка социологтары мемлекеттің арнайы отбасы саясаты қажеттігін негіздеп, дабыл қағуда. Соның бір себебі, баламалы «отбасылардың» пайда болуы, ер мен ердің, әйел мен әйелдің немесе бірнеше адамның өзінше бір «отбасын» құруы сияқты ауытқушылықтың бірқатар елдерде етек жаюы. Қай елде болмасын, отбасы институтын бүлдіруші басты факторлар: маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, СПИД сияқты қауіпті аурулар, түнгі «көңіл көтеру» мекемелерінің коммерциялық қызметі, ақпарат құралдарының жыныстық және қатыгездік тәрбиесі, тұрмыстағы және жұмыс орнындағы күш көрсетулер мен азғындық көріністер, экономикалық қиындықтар, ұрпақтар арасындағы түсінбестіктер. Ажырасу негізінде де осылар жатыр. Сол себепті, Қазақстанда ана мен баланы қорғау, отбасы туралы заңдар қабылданып, әлеуметтік қорғау шаралары нығайтылуда. Жастар денсаулығы мен мәдениетті демалысын ұйымдастырудың, отбасы жауаптылығына тәрбиелеудің де маңызы зор.
Бүлінген отбасыларын сауықтыру жұмыстарына септігі тиеді ме деген талаппен біздер тарапынан Түркістан облысының бірқатар аудандары тұрғындары арасында пікіртерім, халл-тестілер, нарративтік және фокустық сұхбаттар жүргізілді. Ондағы мақсат ерлі-зайыптылардың ажырасуына қандай жағдайлар әсер етеді және оның алдын алу үшін не істеуі керектігін анықтау болды. Сұралған респонденттердің жауаптарын талдау барысында анықталғандай, ерлі-зайыптылардың ажырасып кетулеріне көбіне-көп отбасы иесінің жұмыстанбауы, содан туындаған қорлыққа шыдамай, ішімдікке салынып кетуі себепші болатын сыңайлы (71%). Жетіспеушіліктен туындаған кикілжің бірте-бірте үйішілік жанжалға ұласып, өзара соқтығушылыққа ұрындыруы ерлі-зайыптылардың біреуінің екіншісіне зорлық-зомбылық көрсетуі ұрыс-керісті одан әрі ушықтыра түседі (76%). Ал, үй иесінің біржола ішімдікке беріліп, араққа салынуы, арақ ішу үшін ақша талап етуі, ұрып-соғуы келе-келе ажырасуға апарып соқтырады (84%). Ал, балаларды қорқыту, ұрып-соғу, балағаттаулар отбасының шырқын мүлдем бұзып, отбасы мүшелерін жан-жаққа бездіртіп жібереді (100%). Сонымен қатар, сұралған респонденттер ерлі-зайыптылардың ажырасып кетулерінің әлеуметтік-тұрмыстық себептері ретінде әлеуметтік-экономикалық жетімсіздіктерді (67%), кірістің төмендігін, қаражат тапшылығын (41%), жұмыстан айырылып қалу қорқыныштарын атаған (97%). Ал, сұралған респонденттердің топшалаулары бойынша отбасылық зорлық-зомбылықтың ең жеккөрінішті түріне ішімдікке салынып кеткен үй иесінің балаларын жиі ұрып-соғуын жатқызуға болады (91%). Сұрақтарға жауап қайтарған респонденттер, жоғарыда нақтыланған жауаптарымен қатар, соңғы жылдары көпшілік ортада күш көрсету, қорқытып-үркіту, балағаттау сияқты келеңсіз көріністердің жиі байқала бастағандығын да жасырмай белгілеген (67%). Әйтсе де, олардың пікірлерінше, бір адамның екінші бір адаммен сөз жүзінде керісуін зорлық-зомбылық көрсету деп қабылдауға болмайды (52%). Сонымен бірге, сұралған респонденттердің бірқатары өздерінің де көшеде зомбылық көріп, психологиялық күйзеліске ұрынғандықтарын жасырмай атап көрсеткен (47%).
Отбасы мүшелерінің өмірі мен денсаулығына қауіп келтіретін, сөйтіп құқық қорғау орғандары араласуын талап ететін жәйттер де соңғы жылдары көріністеніп қалып жүр. Мұндай жәйттер жұмыссыз қалып, соның салдарынан маскүнемдікке салынған үй иелері тарапынан, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін, бірақ айлық жалақылары төмен отбасылардан көріністенуде. Мұндай отбасыларда жетіспеушілікке байланысты туындайтын ұрыс-керіс балалардың бойында оған қарсылықты агрессиялық көңіл-күйді тудырады. Балалардың болашақтағы тағдырына теріс әсер етеді. Зорлық-зомбылықты көп көрген балалар жас кезінен ішімдікке, теріс қылықтар көрсетуге дағдыланып алады. Ал, мұның арты терең психологиялық күйзеліске ұрындырып, баланың дұрыс өсіп-жетілуіне кері ықпалын тигізеді. Сондықтан, отбасы мен әйелдер істері жөніндегі Ұлттық кеңес өз жұмысын жандандыра түсіп, «Неке мен отбасы туралы» және «Бала құқығын қорғау туралы» заңдарға жоғарыда өзектелген мәселелер бойынша қатаңдатыла түскен құқық нормаларын ұсына білгендері жөн. Әйелдер мен балаларға қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы Конвенцияға қосылған Қазақстанда зорлық-зомбылық жасаушыларды анықтап, оған қарсы шара қолдану ісі жоғары деңгейде жүргізілуі тиіс. Мүмкіндігі келгенше, әйелдер мен балаларға жасалатын зорлық-зомбылықты түп-тамырымен жою жоспары түзіліп, жүзеге асырылуы тиіс. Әрине, бұған қарап, тәуелсіздікке ие болғалы бері елімізде тұрмыстық қылмыстың алдын алуда, әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда біршама табысты істер атқарылғандығын жоққа шығаруға болмайды. Сондай игілікті жұмыстармен қатар, отбасының берекелі өмірленуі үшін тұрмысы төмен отбасыларға көмектесу, жұмыссыз жүрген отбасы иелерінің жұмыстануына жағдай тудыру, баспаналы болуларына жәрдемдесу тек жоғары биліктің ғана емес, сонымен қатар жергілікті әкімшіліктердің қызметінің не жемістілігінің, не салғырттығының көрсеткіші ретінде қарастырылуы тиіс. Отбасылық тәрбиеге жіте назар аударылып, ұлттық дәстүрлердің сақталуына, отбасында өзара құрмет пен сыйластықтың орнығуына әлеуметтік-психологиялық жәрдем көрсетіліп отырылуы қажет. Себебі тұрмыстық зорлық-зомбылық оны кешенді шешуді талап етеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерімен айналысатын мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың жұмысы бірлесе, қанаттаса, үйлесе жүргізілуін қалайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті. Үйдегі зорлық-зомбылықтың шекарасы жоқ және ол қандай да бір тұрмыстық жетіспеушіліктен ғана туындамайды. Оған ықпал ететін жағымсыз факторлар шаш-етектен. Мысалы, үйішілік психологиялық ахуал, үйлесімсіздік, т.б. Сондықтан, батыстық дамыған елдерде үйішілік зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы арнайы заңдар жұмыс істейді. Үйішілік зорлық-зомбылық көрінісі байқалса, немесе үй мүшесінің біреуі өзіне зорлық-зомбылық жасалды деп арызданса, оны жасаған тұлға қатаң жазаланады.
Біздің елде де отбасылық-тұрмыстық қатынаста да орын алуы мүмкін делініп, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң қабылданған. Ел конституциясының 17 бабында да «ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» делінген. Дей тұрғанмен, батыстық жұртқа қарағанда, адамшылық қасиеттеріміздің жоғарылығына әрі отбасы шырқының бұзылуын қалай бермейтіндігімізге қарай арыздана бермейміз. Ал, шындығында елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған нақты тетіктер баршылық. Құқық қорғау қызметкерлері кез-келген отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықты ауыздықтай алады. Отбасының шырқын бұзып ішімдікке салынған немесе есірткі тұтынатынды азаматтық тәртіпке шақыра алады. Мысалы, үстіміздегі жылы ғана полиция қызметкерлері 800 мыңнан астам «жанжалқойды» тәртіпке шақыртып, оның 30 мыңына «ерекше талап қойылуын» заңды негізде жүзеге асыра алған. Нәтижесінде 2018 жылғы жарты жылдыққа қарағанда, үстіміздегі жылғы жарты жылдықта отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық 6-7% төмендеген. Жалпы, отбасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасындағы маңызды бағыт – ішімдікке салынып кеткен отбасы иесіне қарсы күрес болуы тиіс. Үстіміздегі жылы бас прокуратураның құқықтық статистикасы жөніндегі мәліметтер бойынша, полициялық есепте ішімдікке үйір 81 мыңдай адам тұр. Олардың 1,5 мыңдайы ғана мәжбүрлеп емдеу ұйымдарына жолданған. Ал, қалғандары тапқан табыстарының отбасылық тұрмысқа аздап болса есептесетіндігі ескеріліп, жалпы есепке алынған да қойған. Себебі отбасындағы екінше тұлға, – әйел затының балалары үшін отбасын сақтауға тырысуы мен қоғамдық талқыдан қашықтауы оларды ішімдікке әуестіктен біржолата айыруға қолбайлау болуда. Дей тұрғанмен, ішімдікке үйірлігі бар отбасы иелеріне көмек қолын созатын әрі жәбірленген әйелдер мен балаларға психологиялық жәрдем көрсететін еліміз бойынша 39 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Мысалы, үстіміздегі жарты жылдықтың өзінде дағдарыс орталықтары 16 мыңдай жанға көмек қолын созған. Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, «зорлық-зомбылықсыз 1 ай» акциясын өткізген. Көші-қон мәселелері де отбасы тұрақсыздығына кәдімгідей-ақ ықпал жасауда. Елде жаппай орын алып отырған миграциялық үдерістер, соның ішінде, әсіресе, шағын елді мекен тұрғындарының ірі кенттерге қоныс аударулары мен өзге ұлт өкілдерінің туған Отандарына көшіп кетулері әлі де тоқтай қоймаған. 1991-2018 жылдар аралығында шағын елді мекендерден 1,5 миллиондай отбасы ірі кенттерге қоныс аударса, осы жылдар аралығында Қазақстаннан өз Отандарына 2 млн 579 мыңдай адам көшіп кеткен. Себебі жұмыссыздық отбасылық тұрақсыздыққа кәдімгідей-ақ ықпал етуде.
Жас отбасылардың ажырасып кетулері де қазіргі Қазақстанда өте өткір мәселелердің бірі ретінде қарастырылуда. Ажырасу – бұл ерлі-зайыптылардың арасындағы некенің ресми бұзылуы. Бұл үдеріс сот шешімімен жүзеге асырылады. Ал, жас жұбайлардың ажырасуы экономикалық ахуалдың, жұмыссыздықтың салдары. Қазіргі жастар үшін материалдық әл-ауқаттылық еркіндіктен көп жоғары ұғым-түсінік. Бұрынғы «бала сүю», «сүйіспеншілік», «түсіністік», «ауыр жағдайды бірге бөлісу» сияқты адамгершілікті қатынас қағидаттары келмеске кетті. Оның орнын «ешектің артын жусаң да ақша тап» деген принцип басты. Осыны арқаланған қазіргі жастар «бір-бірімізді танып білуіміз» керек дегенді сылтау етіп, некелеспей жатып бірге тура бастайды. Бірінің кейбір қылықтары екіншісіне ұнамай қалса, ажырасып кете береді. Тіптен соңғы санақта бірге өмір сүріп жатқан жас жұбайлар «заңды некеде тұрады ма, жоқ, әлде тұрмайды ма» деген анықтаушылық сұрақ қойылды. Себебі, қазіргі жастар отбасылық тұрмыстың ауыртпалықтарынан қашқалақтап, ажырасып жүре береді. Әрі бұл қылықтарын дұрыс деп санайды. Осыдан болар, қазіргі қазақстандық жастардың ұғым-түсінігінде «отбасын құру» өмірлік құндылықтардың қатарында ең соңғы қатарларда орналасқан. Әрине, үйлі болып отбасын құрғанға дейін бірін-бірі ұнатқан екі жастың бірін-бірі танып алулары шартты құбылыс. Бірақ, некелеспей жатып, бірге тұрулары, келе-келе бірі екіншісінен көңілі қалса, басқаға кетіп қалуы дұрыс емес. Әрі көбіне-көп ажырасуға бастамашылықты көтеру әйел тарапынан болады. Себебі, әйел жұмыссыздықтан уақытша туындаған қиыншылықтарды көтере алмайды. Жұбайының табыс табуын талап етеді. Ал, ажырасып кеткеннен кейін, бала асыраудың бар қиындығы тек өз басына түсетіндігіне терең бойлап, ой жүгірте бермейді. Ашу үстінде бар нәрсені бүлдіріп алады да, артынан опық жейді. Ең сорақылығы бала мен әке арасындағы байланыс үзіледі. Бірін бірі танымай кетеді. Демек ерлі-зайыптылардың болымсыз нәрсеге бет жыртысып, ажырасып кетпеулері үшін барлық мүмкіндіктер пайдаланылуы қажет. Мысалы, Таразда «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында «Отбасы орталығы» жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық соттың ұйымдастыруымен жұмыс істейтін орталық ренжісіп қалған ерлі-зайыптыларды татуластырумен айналысады. Орталықта отбасы-неке даулары бойынша сотқа дейін және соттан тыс реттеу институтын дамыту шаралары жүргізіледі. Мұндай іс-шараларға бітімгер судьялар, медиаторлар, психологтар мен әлеуметтанушылар қатысады. Олардың міндеті жанжалдасқан ерлі-зайыптыларды татуластыру және ажырасу санын мейлінше азайту болып табылады. Орталықтың қызметі жас жұптарға тегін тренинг, курстар ұйымдастыру, ерлі-зайыптылардың, ата-аналардың жеке, мүліктік құқықтары мен міндеттеріне, алименттік міндеттемелерге, бала құқықтарына байланысты құқықтық кеңес беру. Қосылып отбасын құруға ниеттенгендер үшін олардың өзара жарасымдылығын сынап, байқаулар ұйымдастыру. Жоғарыда мысалданды. Пікіртерімге қатысқан респонденттердің бірқатары ерлі-зайыптылардың ажырасып кетуінің бір себебі ретінде нәрестелі болмауды атамаған (51%). Екінші себеп ретінде кейбір үйленгендердің бір-бірін білмей тұрып-ақ, қосақ құратындығын мысалдаған (49%). Ал, ерлі-зайыптылардың балалары болғанымен ажырасуларының себебі «шектен тыс жағдайға да (мысалы, біреуінің екіншісінің көзіне шөп салуы немесе жыныстық қатынаста қанағаттанбауы немесе қызғаныштық сезім немесе біреуінің дөрекілік мінезді болуы, т.с.с.) байланысты дегендер 26% болды. «Ата-ананың ажырасып кетулері балалардың психологиясына, дұрыс өсіп-жетілуіне теріс әсер етеді» деп санайтындар 54%. «Ажыраспастан бұрын екі жақта маманның көмегіне жүгіну керек» дегендер 20%. «Ерлі-зайыптылардың ажырасуы тек отбасылық қана емес, жалпы қоғамдық апат, өкінішті дерт» деп есептейтіндер 100% көрсеткішті көрсетті. Пікіртерім жауаптарының растамалығы соңғы жылдары мысалданып жүрген статистикалық мәліметтерімен де дәлелдене түседі.
Отбасының баланы жан-жақты әлеуметтендіріп, қоғамдық өмірге қосудағы рөлінің төмендеуі жеткіншектерге көшенің, антиморалдық тұлғалардың ықпалына түсу, жетегіне еру мүмкіндіктерін арттыра түсті. Олар жас өспірімдерді келеңсіз істерге итермелеп, қоғамдық өмірімізге жат қылықтарға баулуда. Өскелең ұрпаққа уытты заттарды тықпалап, сатып жүргендер де, оларды жыныстық қатынастарға ынталандырып итермелеп жүргендер де, ішкіліктің түр-түрін өндіріп, «ішкіш» жастардың неғұрлым көбейе түсуіне ықпал жасап жүргендер де солар. «Сыбайластық» деген әлеуметтік ауруды қоздырып, тәртіп пен заңға қайшы өмір сүруге, екі жүзді моралдық стандартқа жастарды итермелеп, өз тәжірибелерінде баулитын да солар. Осының бәрі жинақтала келіп, отбасы институты мен мектептің жеткіншектерді жаппай дұрыс әлеуметтендіріп, қоғамдық рольдар жүйесіне қосуында көп қиындықтар тудырып жүр. Демек, отбасының бала тәрбиелеудегі функциясын әлсіретуге болмайды. Керісінше, мемлекеттік оқыту мен тәрбиелеу мекемелері көмек қолын созып, барлық отбасылардың тату-тәтті, тәлім-тәрбиелі өмірленуіне ұйытқылық жасап отырулары қажет.
2019 жылдың жарты жылдығы есептері бойынша, ең көп тараған отбасылар бүгінгі Қазақстанда – үш адамдық отбасылар (26,7%); бұлардан кейінгі екінші орында – төрт адамдық (22,2%); үшінші орында – бес адамдық (11,7%); алтыншы орында – алты адамдық (5,6%); жетінші орында – жеті адамдық (1,9%) отбасылар жайғасқан. Ал, 8-10 адамнан тұратын отбасылар бар-жоғы 0,2% құрайды. Қазақстанда 6.419.508 әйел жынысты, 5.737.197 ер жынысты жандар тұрады. Олардың ішінде әйелдердің 52% некелі жар атанса, 28,2% некелеспеген, жесір атанғандары – 12,6%, ал, ажырасып кеткендер – 7,0%. Бұл көрсеткіш ерлер арасында былайша көріністенген. Ер азаматтардың 57,1% некелі; некелеспегендер – 36,9%; ажырасып кеткендер – 3,5%; әйелдері қайтыс болып, үйленбегендер – 2,5%. Жалпы қазіргі Қазақстандағы үйішілік қатынас бағыныштылықты патриархалдық қатынас үлгісіндегі ерлері әйелдеріне үстемдік ететін нұсқада қалыпталған жүйелік құрылым. Статистикалық мәліметтерді саралағанда, байқалатын тағы бір ерекшелік, басқа елдерге қарағанда Қазақстанда жаңадан үйленгендердің басым көпшілігінің ата-аналарымен бірге тұратындығы (87,3%). Жаңадан үйленгендердің 12,7% ғана ата-аналарынан бөлек тұрады. Бұл көрсеткіштер, бір жағынан, жаңадан үйленгендердің, әлі де болса ата-аналарының қамқорлығына зәру екендіктерін білдірсе, ал, екінші жағынан мұндай қамқорлық кейде отбасында ұрыс-керіс тудырып, жаңадан үйленгендердің арасына жарықшақ тудыруы мүмкіндігін де теріске шығара алмайды. Мысалы, пікіртерімге тартылған респонденттердің 24% мұндай жағдайдың орын алуы мүмкіндігін терістемеген.
Ажырасу, жалпылама айтқанда, әртүрлі жарықшақты құбылыстардың туындауына да жол ашып беруде. Осыдан жетімдік көріп жүрген немесе тастанды, қараусыз қалған балаларды көбейтуде. Ал, бұл құбылыс өз кезегінде жәбірленуші балалардың қатарын көбейте түсуде. Егер, бұл өсім осылайша арта берсе, 2-3 жылда-ақ некесіз дүниеге келген балалардың санын көтере түсетіндігі анық. Оған мына мысал дәлел бола алады. Некеден тыс туған балалар саны 1980 жылы Қазақстанда бар-жоғы 8% көрінсе, бұл көрсеткіш 1997 жылы 17%, ал, өткен, яғни 2018 жылы 34% көріністенген. Ауылдық жерлерде де некесіз дүниеге келген балалардың саны көбейе түсуде. Бүгінгі таңда елде дүниеге келген әрбір үшінші баланың ата-аналары некеге тұрмаған. Ең көп тараған құбылыс әкенің алимент төлеуден жалтаруы. Мұны адамгершілік нормалардың әлсіреуімен түсіндіруге болады. Ал, бұрындары мұндай жағдай датталатын, әлеуметтік-аномалды құбылыс ретінде бағаланатын. Балаларын анасымен бірге тастап кетіп, қашып жүргендер адамгершілік-моральдық және заңдық тұрғыда жазаланатын. Содан жетім-жесір қалғандардың саны жылдан-жылға азая түсетін. Әйелдердің жұмыссыздығы да көп мәселелерді тудыруда. Статистикалық мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда жалғызбасты жұмыссыз әйелдер 30%-дан астам. Оларға көбіне, көп еңбек төлемі төмен жұмыс орындары ұсынылады. Мысалы, көше сыпыру, бала бағу деген сияқты. Сондықтан, бұл мәселе де шешілуі міндетті проблема күйінде күн тәртібінен әлі күнге бір түспей келеді.
Әйел – адамзат қоғамында тұғырлық, анықтауыштық мәні жоғары әлеуметтік-демографиялық топ. Адам баласының анасы, өмірді жалғастырушы, ошақ сақтаушысы, тәрбиеші, баланы әлеуметтендіріп, қоғамдық өмірге қосатын заңғар тұлға. Әйелдің едәуір бөлігі үйішілік жұмыс пен сыртқы жұмысты бөлмей, қатар алып жүре алатын еңбеккер жандар. Дей тұрғанмен, олардың басым көпшілігі үйдегі жұмысқа, бала тәрбиесіне кәсіби еңбекке қарағанда айрықша мән береді. Сондықтан, үй шаруасындағы әйелдер еңбегі де жұмыс істейтіндер еңбегімен теңестіріліп, мемлекет тарапынан оларға да еңбекақы белгіленіп, төленіп отырса, нұр үстіне нұр жауар еді. Дей тұрғанмен, жұмыс істейтін әйелдердің өмірі өте ауыр келетіндігін де, олардың өз өмірлеріне көңілдері толмайтындығын да ескермей болмайды. Биліктік мекемелерде оларға көбіне-көп еркек жыныстылар билік баспалдағымен жоғары көтерілуге жол бере бермейді. Сондықтан болар, бүгінгі Қазақстанда саяси мемлекеттік қызметтердегі әйелдер үлесі бар-жоғы – 9,4%. Ал, ер жыныстылар үлесі – 90,6%. Сот жүйесіндегі әйелдер үлесі – 10,9%. Еркектер үлесі 89,1%. Ал, жан-жақты өркендеп, гүлденген мемлекеттерде әйелдердің экономикалық және әлеуметтік дербестігі және олардың еркек жыныстылармен тең құқықтылығы заманауи қоғамдық дамудың жағымды факторы болып есептеледі.
Бүгінгі таңда Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық жағдай бұрынғыдан да жақсара түседі деп күтілуде. Сондықтан, заңды неке институтына қолдау көрсету, отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы иелерін жаппай жұмыспен қамту әділетті әлеуметтік саясаттың өзегінде жатуы тиіс. Ұрпақ қамы, ертеңгі күнгі гүлденіп, өркендеудің тұғырлық фундаменті – отбасын нығайтуға тікелей байланысты. Сондықтан, бүгінгі таңда қоғамымызда орын алып отырған ерлі-зайыптылардың, соның ішінде, алдымен, жас жұбайлардың ажырасып кетулерінің алдын алған жөн. Себебі, ел іргесіне сызат түсіретін бұл қылықтың зияны шаш етектен. Әкесіз өскен бала да, шешесіз бой жеткен қыз да өте ауыр жүйке тоздырар психологиялық стресті бастарынан өткереді. Ал, мұндай ұрпақ ертеңгі күні елге тұтқа бола алмайды. Қоғамның гүлденіп, өркендеуіне жүрдім-бардым қарайды. Ал, ажырасқандардың өздері де жүйкелері сыр беріп, жарымжан күн кешеді. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылардың ажырасып кетулері ел халқының өсімділігіне де теріс ықпал етеді.

О. Нұсқабаев,
социология ғылымдарының докторы, профессор;
Г.Нұсқабаева,
PhD докторы, доцент,
А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.