«МАҒАН ДА ЕСКЕРЕРСІҢ…»

  • 12.12.2012
  • 320 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мыңбай РӘШ,
ақын

Менің ұстазым, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов қолы бос кезінде биллиард ойнайтын, аң қағуға шығатын. Ғабиден Мұстафин екеуі, мықтап қалжыңдасатын еді. Ғабит ағамыз Социалистік Еңбек Ері атағын алғанда құттықтауға келгендерге естірте:
– Бұл Сәбитке тиесілі атақ еді, біреу өлмей біреуге күн жоқ деген осы-дағы, – деп насыбайын ауыстыра берді.
* * *
Бірде Ғабең, қасына ақын Ғафу Қайыр­бековті қосшы бала етіп ертіп шықты. Аң қағуға бет алған-ды. Аяқ астынан жауын жауып, бір шұқырға мәшине түсіп кетті. Быж-быж, дыз-дыз, дөңгелек орнынан қозғалар емес. Айнала лай, саз, батпақ. Шопыр мен Ғафу Ғабеңді сүйемелдеп теректің түбіне апарып жайғастырды. Плащпен жапты, арқасын.
– Әй, Ғафу, мына мәшине троссыз шыға алмас, айналаны шолып байқа, біреу-міреулер жоқ па екен? – деді.
Ғафудың баруынан қайтуы тез болып:
– Ғабе екі киіз үй тігілген. Бірі шопан, бірі жылқышы көрінеді. Кәзір Құсайын деген шопан келіп көмектеседі, – деді.
– Е, жөн, – деді Ғабең.
Сөйткенше болған жоқ, Құсайын шағын тракторымен келіп, сазға отырған мәшинені сүйретіп шықты.
– Бәрекелді! – деді Ғабең.
Құсайын:
– Құдай тағала, сіздерді кезіктіргенін қарашы. Кәне, үйге кіріңіздер. Бой жылытыңыздар, – деп жік-жапар болып жатты.
Құсайынның үйінде әдемі бір жас келіншек, бір бүлдіршін қутың қағады. Ғафу әлгі әдемі келіншекке қызығып, қарағыштай берген еді.
– Әй, жігіт, байқа, бұл менің әйелім, – анау ұлым, – деді Құсайын.
Ерлі-зайыптылардың жас айырмашы­лығы 40-ты тұспалайды шамасы.
– Ғафу, сәл көз ілдіріп алайын, сен әңгімелесе бер, – деп Ғабең жастыққа жантая кеткен.
– Бұл әйелдің күйеуін қара құрт шағып өлтірді, – деді Құсайын. Мен арада екі жыл өткен соң жесіріне сөз салып, екі жарты бір бүтін болайық дедім. Ол келісті. Мына бала пайда болды. Айтпақшы, – деді Құсайын сөзін жалғастырып, мені бір сұр бүйе шақты. Сол-ақ екен, тізем қақсауын, белім шойырылуын қойды. Жас жігіттей жайнап кеттім.
– Әй, Құсайын, – деді көз шырымын ала бастаған Ғабең бері аударылып түсіп, кісі өлтірген қара құрт емес, сені шаққан сұр бүйе және кезіге қалса мені де ескерерсің…

«МЫНАУМЕН АТТЫҢ БА?..»
…Ғабең келесі бір сапардан шаршап-шалдығып оралған еді.
– Босқа әуре болдық, бірде бір аң кезіксе ше, собака, – деді Ғабең.
Әдетте, Ғабең «собака» сөзін ауызекі сөйлескенде қыстырма ретінде қолдана беретін. – Мына үш кекіліктің жүнін жұлып, тамақ дайындарсың. Келетін кісілер бар, карта ойнамақпыз, – деді тағы да.
Құсни құстардың жүнін жұлып жатып:
– Әу, Ғабит-ау, мыналар кекілік емес, тауықтар ғой, – деп күмәнданған еді.
– Кекілік пен тауық ұқсас болады. Оған несіне күдіктене қалдың, ә? – деді Ғабең.
– Жо..-ға, – дей салды Құсни.
…Шынында да шопырын Қаскелең базарына жіберіп сатып алынған тауықтар болатұғын.
– Бәрінің тамағы бауыздалыпты ғой, – деді тағы да Құсни.
– Ой, бәтшағар, кішкентай құсты денесін бүлдірмей әдейі тамақтарынан атқанмын, – деді Ғабең.
– Мынау мылтығыңмен аттың ба? – деп қуақылана қараған Құсни, мылтықтың брезент қорабынан сексеуілді суырып алады.
– Әй, собака, сенің де білмейтінің жоқ, әйтеуір, – деп Ғабең кеңкілдей күледі.

«Әу, дүре соғуға
шақырдыңдар ма?»
(Сәду Машақовтан естігенім)
…Осыдан көп уақыт бұрын Семейдің «Екпінді» аталатын облыстық газетінің екі мыңыншы саны жарық көргеніне орай, Алматыдан Сәбит Мұқановты арнайы шақырса керек. Үлкен жазушыға шапан жауып, сый-сыяпат жасаған соң, қазақтың ұлттық ойыны ойналыпты. Соның бірі:
– «ұшты-ұшты»…
– ұшты-ұшты самолет ұшты!
– ұшты-ұшты бүркіт ұшты. Жұрт жапатармағай қол көтерісіп жатыр.
Бір уақытта:
– Ұшты-ұшты… пойыз ұшты! – дегенде Сәбең әңгімелесіп отырып, байқамай қол көтеріп қалса керек.
– Бітті, кәне, Сәбе костюміңізді шешіңіз, ойын шарты бойынша он алты рет сабаумен дүре соғамыз! – десе керек ойын-сауықты жүргізуші!
– Һай, естерің дұрыс па? Мені, сонау, Алатау аясынан шақырғанда дүрелеу үшін шақырдыңдар ма, – деп Сәбең көзін шадырайтады.
– Ендеше, табанда бір шумақ өлеңді жатқа айтасыз…
– Жарайды бұған келісемін, – деп Сәбең жұртқа қарап:
– Сәбитті мен секілді таба аласың ба-ай,
Кемпір мен шал ойнайды напрасна-ай.
Ойнаса жігіт пенен қыз ойнасын,
Екеуі бір-бірімен согласн-ай…
Ха-ха, – деп дүреден дін аман құтылып кетсе керек.

Өгізі бұзаулап…
Жазушылар Одағының келесі бір құрылтайында Ғабиден Мұстафин проза жанрынан ұзақ баяндама жасады. Бір кезде Сәбит Мұқановтың көрнекті қазақ жазушысы екенін, көптеген романдар мен дастандар жазғанын айта келіп, Сырдария жөнінде жазған көлемді романына сын жебесін суыра сөйледі: «Сәбиттің қауынының ішінде есегі қышқырып, өгізі бұзаулап жатады…» Қайсы бір тұстары қаттамаларға ұқсап кетеді…
…Сәбең бұл сынға шамданған жоқ, әдеттегі сөзіне басып:
– Дұ-ұ-рыс, – деді күлімсіреп.
«Аса» деп өзгерт!
О, тоба, саған өтірік, маған шын. Жазушылар Одағында кеңесші болып қызмет істеп жүргенімде ақын-жазушылардың мүшел тойларының оны-мұнысын әзірлеу бізге тапсырылатын. Бірде М..-ның шақыру билетін әзірлеу керек болды. Жарнама мекемесіне барып, тапсырыс бердік, шақыру билетіндегі «көрнекті ақын» деген­ді қомсынып, мәртебелі М… аяқ астынан айқай-шу шығарып, екі көзі шыныдай шатынап, «көрнекті» сөзін менсінбей:
– Көрнектінің алдына «Аса» сөзін қосуды неге ұмыттыңдар, панимайштар! – деп текіреңдеді.
– Ау, Сіздің деңгейіңізге «көрнектінің» өзі көбіректеу еді ғой, – деп едім.
– Бәлем, тұра тұр, – деп тұлан тұтып шығып кетті.
Кейін білдік. Біздің билетіміз жайына қалды. Той иесі ақша төлеп басқа жерден «аса көрнекті» деген айдармен шақыру билеттерін бастырып, таратыпты. «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» деген осы-дағы.
О, тоба, десейші, осы әлін білмеген, әлектер «аса» тіркесіне неге құштар бол­ды екен. Болар іс болды, «ұлы» сөзін сұрама­ғанына шүкір делік.

Бақайға шыққан шөп…
Қалтай Мұхамеджанов зайыбы Фәридаға «Моншаға кеттім» десе керек.
– Әу, іс сапардан келе сала моншаң не, демалып, ваннаға жуынсаң нетеді? – депті.
– Түу, Фәридаш, сен де қызықсың, ванна қайда қашар дейсің. Командировкада жүргенде бақайларымның арасына шөп шығып кетіпті. Соларды моншада сабалап шықпыртпасам болмас! – депті.

Оспанханның тапқырлығы
Оспанхан бір шөлмек арақ, бір шөлмек қымызды стол үстіне қойып:
– Әке, оңашада ызғытайық! – десе керек.
– Әу, тентек су мен қымыз төбелесіп жүрмесін, балам, десе:
– Әке, оның гәбі бар, Шешем келе қалса қымызды ғана көретін болады, қырық градусты қымқыра қоямыз, – депті. Оқыс есіктен кіріп келген шешесі:
– Құлыным-ау тапа тал түсте бұларың не? – десе Оспанхан:
– Әке, қатыныңызды құрықтай қойыңыз, біз қымыз ғана ішіп отырмыз ғой, – депті. Ал, керек болса!..

Алдыңғы «
Келесі »