БАСЫЛЫМ АТЫ БЕС РЕТ ӨЗГЕРГЕН. НЕГЕ?

  • 12.10.2011
  • 503 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақ баспасөзінің тарихында «Ақиқат» журналының алар орны ерекше. Ол алдымен XX ғасырдың куәгері ғана емес, ел басынан кешірген дүрбелеңі мен сүргелеңі, қуанышы мен қайғысы, алысы мен жарысы, қаны мен тері, селі мен шері араласып кеткен аласапыран ғасырдың 75 жылын өткерген кейіпкер де өзі.
«Ақиқат» журналының тағы бір ерекшелігі – қазақ баспасөзі майталмандарының ғажайып мектебі болғандығында. Тұңғыш дүниеге келген кезінде оның басы-қасында ұлы күрескер, қаламгер, қайраткер жандардың болуы осының дәлелі. А. Асылбеков, С. Садуақасов, С. Сейфуллин, Н. Нұрмақов, Ә. Байділдин, Б. Майлин, С. Мұқанов, Н. Құлжанова, А. Елшібеков, Қ. Сағындықов… – міне, осылай тізбектеле береді.
«Ақиқат» журналы қазақ баспасөзінің айнасы. Ол ел тарихының шежіресі. Тіпті сол тарих жолдары, арналары, шоқалақтары, сүрлеулері оның өзгерген аттарынан-ақ көрініп тұр. Кеңес дәуірі келіп, автономиялы республика түндік көтергенде оның баспасөздегі қара шаңырағының бірі болып, «Қызыл Қазақстан» орда тікті. Ол бір өзі саясатты да, білімді де, өнерді де, шаруашылықты да, әде-биетті де қамтыды. Басқаша айтқанда, бүкілқазақстандық осы шаңырақтан сан-салалы басқа журналдар отау тігіп, енші алды.
Қазақ ауылын бұзып, жарып, тапқа бөліп, қырқысқан заман да туады. Ел ішін қызыл белсенді, шолақ белсенді, ағаш белсенді жайлады. Ауылдың люмпен-пролетариаты енді шабармандықпен күн көрді. Бардың малын бағып емес, талап алуды кәсіп қылды. Ел дау-дамайға қамалды. Ф. И. Голощекин Ұлы Октябрь орыс селосында жүрді, ал қазақ ауылының қасынан құйындай өтті, енді «Кіші октябрь» жасау керек деген «теориялық» анықтамамен ел іргесін шайқалтты. Жер-су реформасы, ауылды советтендіру, қазақ байларын тәргілеу – бірінен соң бірі зорлық-зомбылыққа негізделді. Мыңнан астам қазақ байларын тәргілеу шын мәнінде үстемелеп өткізілді, олардың алғашқы саны екі есеге жуық өсті. Олардың төрттен үші сауатты еді, ауыл шаруашылығының қыры мен сырын білетін, жаңа экономикалық саясатқа негізделіп, нарыққа бейімделген көзі ашық ел азаматтары жер аударылды, сотталды. Міне, осы тұста Голощекин саясатының тірегі болған, елді аштыққа ұрындырған ауыл белсенділерінің кезінде «Қызыл Қазақстан» енді «Ауыл коммунисі» атанады.
Совет дәуірінде ұлттың өзін-өзі танитын, айқындайтын саясат іске аспады, қазақ халқы «қуыршақ» автономия алды, ал Сталин конституциясымен ол «қуыршақ» советтік республика атанды. Міне, сол кезде ол 1938 жылы мамырында «Коммунист» деген айдармен қайта жаңғырды. Алайда «Коммунист» деген атпен одақтық журналдар шығатын кез келді. Міне, сол кезде «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, ол енді республикаға тән атпен – «Қазақстан большевигі», ал «большевик» деген ұғым «Коммунист» болған кезде, XІX съезден кейін «Қазақстан коммунисі» (1952, қараша) деген атпен аталды.
Қайта құру кезеңі – жаңғыру, тәуелсіз ел болу дәуірінде журнал өзінің жаңа атын тапты. Шын мәнінде «Ақиқаттан» аттамай, өткенді былапыттап даттамай, қара қылды қақ жарып, оқиғаның, тарихи тұлғаларының тарих көшіндегі алар орнын көрсетуде өзін танытты.
75 жыл тарихта аз да, көп те. Журнал өткен белестерді ой елегінен өткізсек, ол ел тарихының шежіресі ғана емес, халқымыздың өркениет дамуындағы шабысы мен табысын, этнодемографиялық қайғысы мен мұңын, қайсар, қайтпас қажырлығын да көрсетеді, кешегі кеңес кеңістігінде, бүгінгі әлемдік кеңістікте Қазақстан мемлекетінің алар орнын, болашағын еңбегінің өзегі етіп келе жатқандығы айқын білінеді.
«Ақиқаттың», міне, осындай бағытта, өрісте қарыштай берген: – елдің ырысын асырып, елдің тынысын кеңейтеді. Лайым да осылай болғай!
Манаш ҚОЗЫБАЕВ
Академик.

Алдыңғы «
Келесі »