КӨПКЕ ҚАНАТТАНҒАН ТҮЗУ ҰШАДЫ

  • 04.11.2019
  • 93 рет оқылды
  • 0

ҚР Білім академиясының академигі, Целиноград педагогика институтын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетін, Жоғары аттестаттау комитетін, Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясын басқарған, ұзақ жыл ҚазМУ-де қызмет істеген, тарих ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құсайыновпен сұхбат.

Әбеке, алдын-ала келіскеніміз-дей, бұл сұхбат өмір және адами тіршіліктің қат-қабат мәселелері туралы… Сіздің пікіріңізше, қарапайым пенде қай кезде өз-өзіне «Мен кіммін? Кім боламын? Қайда барамын?» деп сұрақ қояды.
– Өмір – тынымсыз ағын. Өмір – ұзақ сұрыпталған дәуір, жазылғаны да, жазылмағаны бар дастан. Адамға кешегі күннен алыс ештеңенің, ертеңгі күннен жақын еш нәрсенің жоқтығына да көз жеткіздік. Менің түсінігімше, әр адамның екі өмірі бар. Біріншісі – уайымсыз, ештеңе ойламайтын балалық шақ, екіншісі – өмірдің жалғыз және қысқа екендігін мойындайтын байыпты шақ. Кешегің ұмытылмастай, бүгінгің ортаймастай, ертеңгің шошытпастай, қолда барды бағалай білу – әр азаматтың міндеті болса керек. Әрине, «кім боламын?» деп армандау – балалық шаққа тән нәрсе. Бала кездің, балауса күндердің құйын қуған желмен тең жарқын шуағының бірі есте, бірі ұмытылды. Қанша қиналып, сарылсақта кейде толық бір жүйеге келтіру, түсіру, саралау аса қиын екенін бүгін түсінеміз. Есте қалған кезеңнің өзі бір оқиғаның басы, екінші оқиғаның аяғы. Кезінде анау да, мынау да болуды армандадық. Сол арманға жету үшін не істеу керектігіне мән бере қоймадық. Егер сол армандаған қиялымыздың барлығы бүгінгі таңда орындалса, өміріміз де, жағдайымызда басқаша болар еді. Әр адамның өмірі қаншаға созылады – ол сол адамның қолында. Дәлдүр заманда ештеңенің байыбына бармай, соның жетегінде жүру – өзіңе байланысты шешім. Өміріңнің соңына дейін сол қалыпта өмір сүруге болады. Ал, «мен кіммін?», «қайда барамын?» деген сұрақтар өміріңнің саналылыққа аяқ басқан кезеңін анықтайды. Біз Алладан бет-жүзіміздің (яки ағзамыздың) сау болуын сұрап аламыз, ал, оның көрікті-көріксіз болуы – өзімізге байланысты. Қолда барды қадірлемей, өзімізге керектіні игере алмаймыз.
Меніңше, «мен кіммін?» деген сұрақты әр адам өзіне қоюы тиіс. Басты қасиет – адамгершілікте. Қыран құстай ұшқың келсе, жердегі қоқыр-соқырға көңіл бөлме, сені оңбағандар да еске алатындай өмір сүру – жауапты қағида. Біреуге кінә тақпа, сенің лақтырған қара тасың оған жетпеуі де мүмкін. Ал, қара тастың кірі алақаныңда қалатынын ұмытпа. Бұл – менің басты қағидам. Егер, өмір сені тізерлетіп қойса, оған өкінбе. Мұны құдайға жалбарынуға, тәубаға келуге жақындатқан жол, өмірдің ащы сабағы деп қара. Ар-ұяттың қай уақытта керектігін, ар жазасының бар жазадан да ауыр екендігін әр адам сезінуге тиіс. Арды сатып, байлық жинау – барды сатып, жұрдай болумен тең.
«Мен кіммін?» деген сұрақтың жауабы әр азаматтың өз еншісінде. Мен – адаммын, адамдық басты қасиет – адамгершілікте. Оның қағидасы – ар-ождан. Ар – ардақты ат, оны аттап өту кінә. Астына тақ, басына бақ берген кезде ар-ұяттан безген адамдардың ел алдындағы беделі қандай болатыны – баршаға аян. Халықтың қарғысын арқалап өмір сүру қаншалықты азапты екенін тарих мың сан дәлелдеді. Бүгінгі заманда қалғыған – ой, мүлгіген – сана жетегіне ілесіп, адамгершілікті кемшілікпен салыстыратынымыз кімге өтірік.
Қауымын сүйрер көсем, дауын түйрер шешен кешегі күннің емес, бүгіннің шындығы болса деп армандаған жұрт қаншама. Кемел ойлап, кесек турайтын тұлғаны қазір ешкім көзге де ілмей, іске де жаратпайтыны өтірік пе? Кемшіліксіз жан жоқ, қатесіз қайраткер жоқ. Пенде болған соң, бәріміз де сүрінеміз, қателесеміз. Бірақ, соны мойындап, түзетуге талпыну үшін ерлік те, жігерлік те қажет. Адамның жақсы аты қолындағы атақтан да, байлықтан да артық. Ақылға тар, ақымаққа кезеңде «мен кіммін?» деп айтудың өзі қиын. Құдды, тарихтың ащы сабағы өзге жұртқа арналғандай…
Өмірді ұзарту адамның қолынан келмейді, бірақ, оны нәтижелі және мазмұнды ету – әрбір жанның өз қолыңда. Қасқыр болып туған ешқашан ит болып өлмейді. Досын қадірлеп, жауын ұмытпайды. Шеге терең қағылса, ауыр жүкті көтереді. Шындықты терең түсінсең, кез келген қиындыққа төзесің.
– Діндарлар «пешене» дейді, былайғы жұрт «тағдыр» деп жатады. Адам өз тағдырына өзі ие ме, оны өзгерте ала ма?
– Молданың айтқанының бәрі шариғат емес, бұрынғының өсиетінің бәрі қағида емес. «Ескі мешітке көкек – азаншы» демекші, менде өзімше білгенімді түйіндейін. Ойлана қарасақ, пешене мен тағдыр – екі басқа ұғым. «Пешене» – Құдайдың әр пендеге арнап, бөліп берген еншісі. Нәресте шыр етіп өмірге келгенде, бір адам оны алғашқы рет жауырынын алақанына салып жерге тигізеді. Сол адамның уысына сыйғанша Алла сол нәрестеге тиісті өмірдің сыйын салып береді. Онда не бар – оны бір Алладан басқа ешкім де білмейді. Бұл – құдайдың өз қолымен берген саған еншісі. Оны ешкім де өзгерте алмайды. Пешенеңе не жазылды – сен соны көресің. Осы имани әңгіме атадан балаға жетіп, біздің де санамызда жатталып қалды.
«Тағдыр» – өмір сабағы. Өмір – сағым сынды. Оның аласы да, құласы да, бұлағы да, жырағы да, жаманы да, жақсысы да болады. Күн мен түн қалай алмасса, өмір иірімі де сондай. Оны қалай атқарасың, ол тікелей өзіңнің еншіңде. Не күл, не бұл болу – әркімнің үлесі.
Өмірде қандай жолды таңдау – әркімнің еркі. Алдыңдағы бөгеттерден қалай өтесің, ол қандай жол – бұл арыңа байланысты. Есте сақтайтын бір нәрсе,тағдыр тәлкегін айналып кете алмайсың, сын сағатта сүрінбеу – өмір иіріміне икемделуіңе тікелей байланысты.
«Жаман», «жақсы» – бұл жалғанның құрамы,
«Неге», «қалай» – бұл өмірдің сұрағы.
Жақсыға – сөз, жаманға шөп өтеді,
Таңдағы іс – тәңірден, бұл –
тағдырдың шырағы, – дер едім.
– «Отбасы тәрбиесі» дейміз. Ғалымдар бұған түрлі анықтама береді. Ал, енді, дұрыс отбасында өспеген, тіпті жасынан жылылықты аз көрген жандар бар ғой. «Балалар үйі» тәрбиеленушілерін айтып отырған жоқпыз. Осындай туғанынан жан-жағынан таршылық, жатбауырлық көргендер туралы не айтасыз?
– «Отбасы – ошақ қасы» деген қанатты сөзге біз көп көңіл бөлмейміз. Тәлім-тәрбие, әсіресе, бала тәрбиесі ошақ қасынан басталады. Жауапкершіліктің де, адамгершіліктің де алғашқы қадамы осыдан. Ата-ананың мейіріміне бөленбей, ықыластан тыс қалу, сөз жоқ, өте ауыр соққы. Шырақтың жануы да, көңілдің жайнауы да, талаптың серпілісі де, өшуі де, өмірден түңілу де – ошақ қасынан. Ащы да болса шындық: қазақ «көңілсізден көзсіз бала туады» дейді.
Өкінішке қарай, қатыгездіктің шырмауына оралған, тумай жатып өзегі өртенгендердің саны көбеймесе азайған жоқ. Оны өзгертуге қоғам икемдік те, ынта да танытпай тұр. Соған бір дәлел – жуырда интернет бетін шулатқан Рудный балалар үйіндегі оқиға. Әрине, көпшіліктің көзайымы үшін жасалған бір-екі балалар үйі болуы мүмкіндігін жоққа шығармаймыз. Бірақ, балалар үйінің көбі Рудныйдағыдан алыс кетпегеніне сенімдіміз.
Адамдықтан безу мысалы шаш-етектен. «Жалмауыздан қанды ауыз туады» деген қазақтың өмірлік әпсанасы ақиқатына енді үңіліп қарайтын болдық.Бұл ретте «Көмбенің иесі екеу, біреуі – көрген, біреуі – емген» деуден басқа не айтамыз.
– Қоғам (орта) мен азаматтың қалыптасуында қандай байланыс, үйлесім немесе қиғаштық бар?
– Кімді болса да, қоғам тәрбиелейді. Орта қандай болса, адамға сол ортаның ықпалы сөзсіз әсер етеді. Қазір сананы тұрмыс илеп те, билеп те жатқан кезде қоғамның ағымына қарсы жүзу мүмкін емес. Мәселе, өмір сүріп отырған қоғамың қандай екендігінде. Қазір қалыптасқан, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын қоғам жоққа тән. Қайда қарасаң да, қоғам екіге жарылған. Бірі- заңды да, адамгершілікті де аяққа таптап, белшесінен басқандар, екіншісі – арба сүйретіп, күнін әрең көріп жүргендер. Бұл неден? Жалпы, барлық жастардың басын қосып тәрбиелейтін, бір идеяның алдында жұртшылықты тізе бүгілтіп мойындататын шымыр жүйенің жоқтығынан.
2019 жылды «Жастар жылы» деп айдарладық. Дұрыс-ақ делік. Бірақ, осы жастардың басын қоса алатын мықты бір идея қайсы? Ел де, сіз де, біз де осыған қам жейміз. Даңғаза идеяны күнде айтуға, ай сайын жариялай беруге болады. Алайда, оның негізі не, ұстанымы қайсы, әсері қаншалықты, шығыны мен пайдасы анықталған ба – осыны кім талдап-таразылайды? Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын, тәрбиелі адам тағалаған атпен тең екенін түсінгіміз келмейді.
Жастарды тәрбиелеуге қатысты өткізген шаралар мен думандардың санынан кісі жаңылады. Бірақ, соның жақсысы мен жасығын ажырататын жұртшылықты қалыптастыра алдық па? Өзімізді жасампазбыз деп жиі айтамыз, өмірде жалғаймын деп үзіп, түзеймін деп бұзып жатқандар тіпті көбейді. Осыларға «әй!» дейтін әже, «қой!» дейтін қожа бар ма? Қоғамның ең асыл міндеті – жамандықты тыю ғой.
Қайда барсаң, «аттанға» айқай қосып жүргендерді көресің. «Көрнекті іс – үлгі, көріксіз іс – күлкі» екенін ұмытып кеткен жоқпыз ба, осы?.. Ісі кенеулінің есімі елеулі болып бара жатқандай. Қазанға не салсаң, шөмішке сол ілінген заман. «Көпке қанаттанған түзу ұшады» дегендей, дәл қазір жастардың басын біріктіретін, күбірлеп ой қозғайтын, дүбірлеп тойда озбайтын адал да озық идея қажет. Өз басым ол идеяның негізін білім, дәстүр, тәжірибе құрауы керек деп санаймын.
– Үлкендер «бұрын махаббат-сахабат болған жоқ, дәстүрмен және сыйластықпен үйленді (тұрмыс құрды), қазір алып-ұшқан махаббат бар, бірақ, сәлден соң жалп етіп сөнеді» деп жатады. Сіздің ойыңыз.
– Біздің балалық-жастық шақтағы махаббат пен қазіргі махаббат арасы жер мен көктей. Қазір – «апамды кім алса, жездем солдың» заманы. Әйтеуір ыржық қызға – тыржық күйеу табыла кетеді.
Қазіргі махаббаттың қыр-сырын ашу үшін өзің де дәл солардың ортасында болуың қажет. Ол жастан кеткен біздерге талдау жасау қисынсыз. Біз – сүймегенге сүйкенбеу, сыйлық қымбат емес, сүю қымбат екенін мойындаған буынның өкіліміз.
«Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деген нақыл бізді адастырған жоқ. Бүгінгі отбасын тастап, балаларын еңіретіп қатын алғыштарға айтарым:«Жас арқалағаннан тас арқалағаның жеңіл!». Бұл да – халықтың мың жылғы даналығы. Қай заманда да ата-ананың келісімімен, дәстүрдің ақ-адал жолымен үйлену бақытқа жеткізеді. Қазір шекара ашылды, шетке еркін шығу көбейді. Бұл дәстүрді де, отбасылық құндылықтарды да сынайтын шақ. Қазақ елі осы сыннан абыроймен өтсін деп тілеймін.
– Мамандық таңдау деген бір қызық сәт бар. Жалпы бүгін әу баста таңдаған мамандығымен жүргендер некен-саяқ. Осы туралы не айтасыз?
– Нарықтық экономикаға икемделуіміздің сәтсіздігінен мамандық таңдау саласында көштен кеш келе жатқанымыз шындық. Бұрын жұрттың көбі экономист, юрист боламыз деп талаптанғаны ақиқат. Ол мамандықтар қазіргі заманның талабына сәйкес келе ме, жоқ па – оған көңіл бөле қоймадық. Қазанға қақпақ, есікке іргенек керек. Қанымызға сіңген әдет бойынша міндетті түрде жоғары білім алу – ата-ананың мүлтіксіз орындайтын қағидасына айналды. Хан да, қара да бас иген мұғалімдік мамандықты жермен-жексен еттік. Астананың өзінде бүгінгі таңда мұғалім жетіспейді. Ауылдарда бұрынғы ауыл шаруашылығы мен өзге де мамандықты игергендер сабақ беріп жүргенін Қазақ білім академиясын басқарған кезімде өз көзіммен көргенмін.
Ұлттық университеттердегі мамандықтарға баруға көпшіліктің қалтасы көтермейді. Әйтеуір, жоғары білім алу үшін кез келген мамандықты таңдауы сондықтан. «Бүгін қасқа, ертең басқа» өмірде оқу бітірген соң жұмыс жоқ, қай жерден тамақ табарлық жұмыс табылса болды, сол жұмысты істейді. Тасқа тісі өтпеген не істейді, сол тасты жалаудан басқа ештеңе қалмайды.
Қазіргі мамандық дағдарысы осы аяда. Қазақстанның қай өңіріне қандай мамандық керек екенін, ауылға дейінгі қажет мамандардың саны, сапасы мемлекетті де, мемлекетшіл азаматты да ойлантуы тиіс. ХХІ ғасырда отырып және жүз-жүздеген оқу орнына ие бола жүріп, «түген деген жерде маман жоқ, мына мамандық тым көбейіп немесе азайып кетті» деу – мәдениетті түрде айтқанда, жердегі мал-жанға емес, аспандағы айға қараумен бір есеп.
– Тазалық, тәртіп деген қасиеттер қалай қалыптасады? Қазір қарапайым әжетхана туралы биік мінберден де әңгіме, сын айтылады. Мысалы, киелі орынға барасыз, бірақ, жанынан дәрет алатын жер таппайсыз. 21 ғасырдың автобаны бойында көлікпен бара жатасыз, жанынан 19 ғасырдың әжетханасын көресіз. Мәселе қалай реттелуі керек?
–«Ескі сөз – жана сөздің қазығы»дегендей, тазалық – денсаулық кепілі, иманның жартысы. Тазалық бар жерде арық семіреді, ауру жазылады. Сондықтан, әр пенденің тазалықты сақтауға ынталы екеніне еш күмән келтірмеймін. Бірақ, оның мектебі, дәстүрі – отбасының өзінде ғой. Бұлақ басынан жөнге қойылса, өте жақсы, ал, олай болмай жатса, мұны балабақша мен мектеп мойнына алуы тиіс. Жапон мектебінде оқушы сынып пен дәлізді рахаттанып жуады. Бізде бұрын солай еді, қазір оны ар көретінді шығардық қой. Ал, тәртіпке келсек, менің өз көзқарасым бар. Біз осы тәртіпті елміз бе? Оған күмәнім бар. Бауыржан батыр айтқандай, тәртіпке бас июге енжармыз. Ит мініп, ирек қамшылаған тентек өзін дәу санаған кезеңде тәртіпке бас идік деп айту әлі ертерек шығар.
Жалпы, елдегі тазалықтың бір көрсеткіші – әжетхана. Екі-үш жыл болды, бір бастамашыл жастар «туризмді дамытар алдында әжетханамызды түзейік» деп, жақсы бастама көтеріп жатыр. Қазір осы бағытта алғашқы игі қадам да көзге шалынды. Астана-Бурабай тас жолы бойындағы әжетханаларды көріп, риза болып қалдық. Басқа да күре жолдың шетіндегі немесе өңірлерге баратын түрлі жолдардың бойындағы әжетхана мәселесін дұрыс шешу үшін жолдар нарығы қатынасын реттей білуіміз қажет. Елге, адамға керек нәрсенің ұсақ-түйегі болмайды. Салық төлеуші мемлекеттен қарапайым қажеттілікті дұрыс шешуді талап етсе, жауаптылар дұрыс жұмыс істегені жөн.
Сыныққа сылтау іздеп, жүре берсек, қазан түбінде шеміршектің қалатыны ақиқат.
– Өткенде бір егде профессор апай әріптестеріне: «Балаларымызды сыртта оқыттық, шетке жібердік. Енді, қарттар үйіне даярлана берейік» деді. Бұл – күрделі мәселе, бірақ, мысалы, АҚШ-та шағын көлемді «Қарттар деревнясы» деген қорғалатын аймақтар бар. Өздері қалауынша өнім өсіреді, зейнетақысына қосымша ақша табады, мәдениет үйлері, шайханалары бар – кешкісін сонда шүйіркелеседі. Жоқ, қазақ қарияларына өлім-жітім мен «омыртқада» (қысқы сыбағадан ауыз тию) бас қосу жете ме?
– Түн қанша ұзақ болса да, таңның ататынына, сақалға – ақтың, көңілге дақтың түсетініне, жастықтың – жалын, кәріліктің – дауасыз дерт екеніне көз жеткізіп жатқан жайымыз бар.
Батыс елдеріндегі «Қарттар үйі» мен біздегі «Қарттар үйін» салыстыра алмаспыз. Ол жақтағы жағдай баяғыда реттелген, жақсы дәстүрге орныққан. Дамыған елдерде қарттар, тіптен, шау тартқанда артындағыларға салмақ салып, азапқа ортақтаспау үшін әлгіндей әлеуметтік үйге өздері-ақ барады. Бізде бала-шағасы не әкесін, не шешесін «Қарттар үйіне» тапсырса, қандай күйге түсерін көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші. «Қарттар үйіне» өз еркімен барған бір қазақты көрмедім. Бара қалған күннің өзінде балалары мен келіндерін теледидардан, газет-журналдар бетінен жамандаудан аузы босамайды. Баланың бас ұстазы – ата-анасы. Қалай тәрбиеледің – соның сауабын аласың. Қазақтың «Өз қолыңда болмаса әкең де жат» деген бір мақалы бар. Сол кезең біздің қоғамға да жеткен тәрізді. Кейде «кәрінің бары игі» деп айтамыз-ау, бірақ кейбір «күлге шөккен кәрі бурадай» қарттарды көргенде жаның құлазиды.
Мен қарттарды міндетті түрде «Қарттар үйіне» тапсыру керек деген ойдан мүлде аулақпын. Егер, бала-шағасының мүмкіндігі болса, алақанына салып күтсін, бақсын, оған еш қарсылық жоқ. Ал, егер, ондай мүмкіндік болмаса ше? Өмір сүру бар, дұрыс қартая білу де бар. Біз көп жағдайда өмірді баяғыша бағалаймыз. Заман талабына сай әрекет жасауды түсінгіміз келмейді. Кей кезде қариялар ойдың – у, өмірдің – су, үміттің – бу екеніне көз жеткізе алмай жатады. Той-томалақ қызығына әбден дағдыланған шал-шауқан ағалар, замандастар қолында ештеңе болмаса да, төрт қабырғаға қарап отыруды өзіне ар санайтыны шындық. Өткен өмір өтті, болашақ – арман, бүгінгі тіршілік – өмірдің сыйы екеніне бас ию ешқашан қорлық емес.
Иә, бізге қартаю мен қарттықтың бақытын сезінудің өзгеше форматтары керек. Несі бар, жөнімен шүйіркелессін. Өнерпаздары ән айтсын, шымырлары би билесін. Шахмат және басқа да ақыл ойындарының пайдасы зор. Жүйелі серуен, таза ауадағы замандастар сұхбаты одан да жақсы. Ал, ең асылы, отбасы-әулетіңнің, немере-шөберелеріңнің қызығын, қуанышын бөлісу. Бұл – нағыз табиғи дәрі, Құдайдың бұйыртқан шипасы.
Ақсақал екенмін деп төрге шығып алып, әсіре мақтанудан басқаны білмейтін қариялар, бір ауыз батадан гөрі, тост секілді ұшан-теңіз бас-аяғы жоқ сөз айтатындар өзіне де, өзгеге де қадірсіз деп білемін.
– Кітап оқу әлсіреді, газет-журнал қарау азайды. Қазір халық смартфонымен (қалта телефонымен) әлем ақпаратын оқып жүр. Бүкіл отбасы (ақсақалынан бөпесіне дейін) телефонға шұқшиған сәттің суретін бәріміз бастан кешіріп жатырмыз. Осының арты не болуы мүмкін?
– Газет, кітап оқу азаймақ түгіл мүлде жойылды десе де болады. Кітаптар бұрынғыдай мол тиражбен шықпайды. Бұл – бір. Екінші, ауылдық жерлерде кітапханалар мүлдем жабылған. Дүкендерде бұрынғы кездегідей кітап сатылмайды да. Әрине, кітап оқуды қалайтын буын жоқ емес. Мұны сатып алуға олардың жағдайы жоқ және басқа да мәселелер бар. Ал, газет-журналдарға келсек, жағдай басқаша. Жалпы халық оқитын 4-5 газет болмаса, аты бар да заты жоқ, сығарға биті жоқ қаншама газеттер құр босқа шығып жатыр. Маған журналистер қауымы ренжи қоймас, көбінің ел күткен шындықты жазып, шырылдайтын қауқары жоқ. Сарыжағал газеттер – жай жарнаманың ғана айнасы.
Бұрынғы заман емес, сондықтан, жас та, кәрі де керекті материалдарды интернеттен іздейді. Өкініштісі, ондағы жазылған мәлімет дұрыс па, бұрыс па – бұған бас ауыртқандар аз. Артының не боларын өмір көрсетер, асықпайық.
Смартфонға келсек, ол – бүгінгінің әрі қаламсабы, әрі компьютері ғой. Одан шошымау керек, жақсы және керекті мәліметтерді ала білу қажет. Оны теріс нәрсеге пайдалансаң, зиян ғана емес – қауіпті.
– Қазақтың бүгінгі той-томалағын, құдайы-асын (өткізілу форматын, дарақылықты) барша оқыған сынап жүр. Сіз бұған не дейсіз?
– Дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар. Өкінішке қарай, халқымыз бұл күнде той жасауды өмірінің басты мақсаты етіп алды. Қуана білу де табиғаттың сыйы екенін, әрине, жақсы түсінеміз. Бірақ, мың жылдық дәстүрімізде бәрі де ақылмен, парасатпен жасалған. «Басқалар не ойлайды?» деген қапас ойдан құтылмай оңбаймыз. Қолда бар ма, жоқ па, оны ойламаймыз. Жасанды, ойсыз, дүбәра әдеп-ғұрып тамырлап жатқаны өтірік емес. Мұны, әрине, ел ағалары, тіпті кейбір елдердегідей басшылар қатаң тыйғаны да дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, өлім-жітім кезіндегі артық шығын, марқұмның отбасын тығырыққа тіреу ақылға сия ма? Біраз жерде діндарлар бұл туралы бір пәтуаға келген секілді. Ал, үйлену тойларында асаба не айтса – сол «дәстүр» болып кететіні өкінішті-ақ. Ұшы-қиыры жоқ, бір саптан шыққан тілек-тостар шелектеп арақ, бөшкелеп шарап ішкен заманның сарқыншағы екені түсінікті. Қиқулаған ән, дүрсілдеген би, құлақ жарып, құлық ағызатын асаба сөзі – тойды топалаңға, демалысты күрсініске айналдырғандай. Амал не, жүрекке ұстаз болуды және жүректің ұстаздық етуіне ерік бермеуді әлі үйрене алмай жатырмыз. Қалғанына халық – төреші.
– Адамның жаны әлімсақтан табиғатқа жақын. Мына жасыл әлем, жылдың төрт мезгілі, тәуліктің ұйқыдан тыс 16 сағаты сізге не береді?
– Мен жұмысбасты адаммын. Қазір баяғыдай спортпен айналысуға мүмкіндігім жоқ. Өтірік айтып не қылам, табиғатты жақсы көремін, бірақ қыдырып машықтанбағанмын. Тәуліктің әр уақытын ретті жұмсағанды ұнатамын. Құдай бұйыртқан кәсібім бар, жанымда жарым, бала-шағам, немере-жиендерім бар, демалыстың көкесі – осы!

Сұхбаттасқан:
Д.Мықтыбек,
ҚР Журналистер одағы мен Жазушылар одағының мүшесі. С.Қожанұлы атындағы сыйлықтың иегері.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.