«АЛТЫН АДАМ» ЖӘНЕ ДИМАШ

  • 04.11.2019
  • 100 рет оқылды
  • 0

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласын білмейтіндер кемде-кем. Себебі, тарихта үлкен жаңалық саналған «Алтын адам» осы өңірден табылған. Бүгінде бұл музейге әлемнің түкпір-түкпірінен келетін шетелдік туристердің қатары көп.
Биылдың өзінде Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Корея, Норвегия, Венгрия, Германия, Австрия, Франция, Үндістан мемлекеттерінен келушілердің қарасы басым. Оған соңғы жылдары әлемдік деңгейде танылып келе жатқан әйгілі әншіміз Димаш Құдайбергеннің қосқан үлесі де қомақты. Мұнда келген шетелдіктерді әңгімеге тартсаңыз, «Алтын адамды» Димаш арқылы білгенін айтады. Бірде әнші Димаш Құдайберген «Алтын адаммен» түскен суретін «Инстаграмдағы» парақшасына жариялайды. Бұдан соң оның әр елдегі фан-клубтары мен жазылушылары бұл ескерткіштің қайда орналасқаны туралы өз бетінше ғаламтордан іздеп, қызығушылығы артады. Сөйтіп, Димаштың арқасында Қазақстанға, оның ішінде Есік қаласына ат терлетіп келіп жатқандар саны көбейген.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Тасқын Тойбаевтың айтуынша, бір Димаш Құдайбергеннің өзі елімізге қаншама туристің жолы түсуіне септігін тигізіп жүр. «Егер, Димаш Қазақстанның туристік аймаққа сұранып тұрған жерлерінде суретке түсіп, әлеуметтік желіде насихаттаса, бұдан біз ұтар едік. Мұны тиісті мекемелер ескеріп, Димашқа ұсыныс айтса, қарсы болмайды деп ойлаймын» дейді ол. Шын мәнінде, әлемдік мәдениет пен өркениетке жаңалық ретінде қосылған «Алтын адамның» орны сақталмаған. 1963 жылы Есік көлінде үлкен сел жүргендіктен, өзеннің жағасын су шайып кеткен. 1969-70 жылдары археологтар осы жағалаудағы қорғанды зерттеуге кіріседі.
«Алтын адам» табылған қорған бұл өңірдегі обалардың ішінде ұрлықшылардың тонауынан аман қалған жалғыз қорған. Бұған оның ортаңғы емес, шеткі қабірде жатуы түрткі болған. Бұл археологтар үшін үлкен сенсация деуге болады. Қабірден 4000-нан астам алтын бұйымдар, темір қылыш пен қанжар, қола айна, балшық, металл мен ағаштан жасалған 31 бұйым, сонымен қатар сабында аққу мойны бейнеленген күміс қасық, үлкен және кіші күміс тостағандар, ағаш шөміш, 26 ақық пен әйнек тастардан тізілген моншақ табылған. Бүйір жақтағы қабірдің байлығына қарағанда, орталық қабірдің қандай қазынаға ие болғанын елестетудің өзі қиын.
«Алтын адамды» зерттеуші, археолог-ғалым Бекмұханбет Нұрмұхамбетұлы: «1963 жылы Есік көлі тасып, маңындағы ауылды шайып кеткен кезде сол жердегі автобекет те тасқын астында қалған екен. Осы автобекетті қайта салу үшін құрылыс орнына барлау жасалды. Сол жерде 4-5 оба бар екен. Көп ұзамай 1969 жылы Кемал Ақышевтің тапсырмасымен Айтбек Амандықов екеуміз зерттеу жұмыстарын бастадық. Алғашында қорғанның тұтас аумағын қоршап, тең жартысын қаздық, онымыздан түк шықпады. Бір жылдан кейін қазба жұмыстарын қайта жалғастырдық. Айлар бойы айтарлықтай ештеңе таппағанымызға қынжылдым. Бірақ түйсігімнің түбінде бір ой мені осы жерден жібермей тұрғандай сезімде болдым. Әбден кетуге айналғанымызда бульдозермен тағы бір түрткіздік. Осы заматта бульдозердің тұмсығы бөренеге тірелді. Бұл оба екі құдықтан сәл қиыс шетте, үлкен қорғанның бір жақ жанында жатыр екен. Ары қарай күрекпен арши бастадық. Алдымен ағашпен қапталған обаның сыртын түгел тазаладық, кейін бөренелердің төбесін аштық. Обаны жасағанда бөренелерді жымдастырып, қиюластырып бекіткен екен. Биіктігі 1,5 метр. Алдымен сол ағашпен қапталған табытты тазалап шықтық. Обаны ашпас бұрын мән-жайды Кемал Ақышевке айтып, ол кісі бастаған археологиялық топ жұмысты ары қарай жалғастырды. Үш жыл бойы еңбектеніп, «Алтын адамның» алғашқы макетін жасатты» деген еді бір естелігінде.
Елбасы Н.Назарбаев: «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті. Дала халқы өз көсемдерін осылайша ұлықтап, оның мәртебесін күн секілді құдірет деңгейіне көтеріп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен де мол хабар береді. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі» деген болатын.
Келер жылы «Алтын адамның» табылғанына 50 жыл толады. Осы тұрғыда Мәдениет және спорт министрлігі 2010 жылы салынған музейдің де таршылық ететінін ескеріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа музей салуға рұқсатын беріпті. Жан-жақтан келушілерді емін-еркін күтіп алып, мәдени-тарихи құнды жәдігерлерді жайлы орналастырмақ. Музей «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің жанындағы аумақтан бой көтереді.

Салтанат Шырынхан

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.