«Адамның мұңы» (Қуандық Түменбайдың шығармашылығы жөнінде)

  • 12.12.2012
  • 1048 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Гүлжаһан ОРДА,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы

2008 жылы Қызылорда облысының әкімдігі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті шығарып жатқан Сырдария кітапханасы сериясынан Қуандық Түменбайдың «Қобыздың мұңы» атты жинағы жарық көрді. Бұл жинаққа соңғы жылдары және әр жылдары жазылған шығармалары топтастырылды. Ертеректе жазылған туындылардың бірсыпырасы қайта қаралып, толықтырылғандығын да баса айту керек. Қуандық Түменбай – тәуелсіздік тұсындағы өмірдің көлеңкелі жақтарын сынап, қоғамдағы келеңсіздіктерді замандастарымыздың өмір тіршілігі арқылы әшкерелеп жүрген, қаламы ұшқыр, тілі уытты қаламгерлердің бірі. Осы айтылған ойымызды аша түсу үшін оның «Қобыздың мұңы» атты жинағына енген шығармаларына үңіліп көрелік.
Жазушы шығармаларына тән бір ерекшелік – өмірдің көлеңкелі жақтарына үңіле отырып, қоғамдағы кері кеткен мәселелерді әшкерелеу екенін айттық. Осындай шығармалардың қатарында «Түрмедегі торғай» атты хикаятын атауға болады. «Түрмесіз өмір жоқ. Адамзат бостандықта қалай өмір сүрсе, түрмеге де солай көндіккен. Бірақ, адамның болмысы қызық. Олар өздерін емдеп, сәбилерді өлімнен алып қап жүрген ақ желеңді дәрігерлерден гөрі қызыл жаға тәртіп сақшыларын артық көреді. Тіпті, бірге отырған жерде дәрігердің дәрежесін төмен санап, әлгілерден именеді» деп қоғам, адам, өмір жайындағы толғаныстан басталған әңгімеде, автор қос мамандық иесінің өмірі мен тіршілігі арқылы олардың қоғамдағы орнын көрсетуге тырысқан. Т.Ахметжанның дәрігері көздегені қалтасына түскенше алғашқы көмек көрсетпейтін құлқынның құлына айналған, адам өмірін ақшамен бағалаған қаныпезер болса, Қ.Түменбайдың дәрігері оған қарама-қарсы. Ол науқасының болашағын ойлап, оған өз жалақысына дәрі-дәрмек алып беріп, адам баласын ажалдан арашалай білетін шипагер.
Қоғамдағы прокурор мен дәрігердің орны мен оларға деген көзқарастың алшақтығына жазушы көңіл аудара отырып, қазіргі өзіміз өмір сүріп отырған тұстағы қоғам дертіне шипа іздейді. Ол не? Ол – бір айлық еңбекақының күнкөріске жетпейтіндігі, тапқан табысыңның пәтерақыдан артылмайтындығы. Жазушының негізгі жетістіктерінің бірі де осы – осындай өзекті мәселелерді иірімін тауып қиюластыру. Оны мына жолдардан байқауға болады: «Бір апта бұрын мешітте некелерін қиды. Алдын ала Неке сарайына барып еді, неке туралы куәлікке қол қою үшін төленетін ақша, мұның бір айлығынан асып жығылды. Америка ақшасымен есептегенде 100 доллар айлығының 50-і пәтерақыға кетеді. Адам болғасын ауыз бен асқазан төлеуі тағы бар. Мешітке келіп еді, «Сәрсенбінің сәтті күні келуіңе болады», – деді басына даңғарадай сәлде ораған бет-аузы бір шөкім жас имам» (9-б.). Алматы қаласындағы орталық Неке сарайдың шарықтап кеткен бағасы біздің қоғамда бай мен кедей сынды екі тап өкілдерінің қатар өмір сүріп отырғандығынан хабар берсе, төменгі тап өкілдері кеңестік заманда еңбегі жоғары бағаланған дәрігерлер мен мұғалімдер екені жасырын емес. Арамызда жүрген капиталистердің көптігінен бағаның көтеріліп кетуі де заңдылық. Ал, жас отбасылардың баспанасыз, келімсектердің жертөлесін паналау – біздің қазақтың ғана сор маңдайына жазылғаны да қазіргі қоғамның шындығы. Ал, Алланың үйі саналатын мешіттің төңірегіндегі қызметкерлердің де көптің ойынан шыға бермейтіні жасырын емес. Оны автор дағарадай сәлде мен бет-аузы бір шөкім жас имамның келбетіне сыйғызған. Осы тәрізді жайттарды автор емеурінмен мегзеп жеткізген. Оны дәрігер жігіт Есенбайдың өз қарауындағы мениншома деген диагноз қойылған науқас Барболсын Әйтшуовтың мидағы ісігіне операция жасау алдындағы сөзінен де байқауға негіз бар. «– Мынау дәріңіз. Екі құты. Бөлімшеде бары осы ғана. Мұны да меңгерушіден сұрап алып отырмын. Қалған екі құтысын өзіңіз табасыз. Өте қымбат. Цифазол деген дәрі, – деп қолына рецепт қағазын ұстатты» немесе «Осы облыстық аурухана киімге жарымай-ақ қойды. Ескі-құсқы көнетоз киімдерді ескі бюджеттің еншісінде қалдырып, қаңтардағы жаңа бюджетпен жаңалап отырса қайтеді екен» (9-б.) деген жолдар – емханалар мен ауруханаларға мемлекет тарапынан дәрі-дәрмектің мардымсыз бөлінетіндігінің мысалы. Қымбат дәрілердің ақшаға табылмай, науқас жандардың жанын күйзелту ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының еншісінде болса, бюджетке өгей баласындай қарау ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығында да қыр соңымыздан қалмай келе жатқандығы жасырын емес. Қояншық ауруымен ауырған жігітке зейнетақы тағайындайтын комиссияның оның жүйкесін тоздырып, құжатын дер кезінде бермей әуре-салсаңға салуы да өмірден алынған шындық. Кез-келген адамның өз ауруын заңдастыру үшін қаншама тер төгетіні де жасырын емес. Осы сюжет азаматтардың денсаулығын тексеріп, сараптама жасайтын комиссия беретін бір жапырақ қағаздың Американың бірнеше көк қағазымен айырбасқа келетінін еріксіз еске түсіреді. Осындай қоғам дертін шенейтін мысалдарды шығармадан көптеп келтіруге болады. Мұның өзі жазушының аз сөзге көп мағына сыйғыза білетіндігінің нышаны деуге негіз бар.
Дәрі таба алмай қиналған науқасына жана­шырлық танытқан дәрігердің екі құты цифзолдың құны 500 теңгені алғаны үшін қылмыс үстінде пара алды деп айыпталуы тәуелсіздік тұсындағы көп сырды алдымызға жайып салған. Тәуелсіздік деп айтуымызға 500 теңгенің сыртындағы Әл-Фараби бабамыздың келбеті мысал. Ал, өте қымбат дәрінің екі данасы 500 теңге тұруы өткен ғасырдағы теңге құнының жоғалмаған тұсы. Күн өткен сайын ұлттық валютамыздың құнсызданып бара жатқандығы осындай мысалдардан да байқалады.
Келесі бір көркемдік деталь – қапастағы Есен­байдың терезесінің түбіне қараторғайдың ұя салуы. Жазушы осы көріністі әдемі ойната білген. Ол біріншіден, «Адал адалды аңсайды, тірі жанның киесі болады. Құмырсқаның да киесі бар. Оны өлтірсең есесі бұралаң жолда басқаша қайтады». Екіншіден, құстар кез келген жерге ұя салмайды. Қарлығаштың ұясын бұзбайтын қазақ оны жақсы ырымға балайды. Сол секілді басқа жер құрып қалғандай түрменің терезесіне салған қараторғайдың ұясы да Есенбайдың бұлыңғыр күндерінің артында жарық сәуле тұрғандығынан хабар береді. Жазушының хикаяты «Түрмедегі торғай» деп атауы да тегін емес. Әңгіме түрмеге ұя салған қараторғай жөнінде емес, қоғамдағы орны торғайдай ғана жас дәрігердің қыл үстіндегі тағдырына құрылған. Ешкімге зияны жоқ, күн көріспен ғана жүрген екі кішкентай тіршілік иесінің өмірін салыстыра білген жазушы параллелизмді шебер пайдаланған.
Жазушының ұстанымы – тірі жанның киесі барына саяды. Оны нағашысының тағдырынан байқауға болады. Кезінде аңшы болған наға­шысының көңіл сұрай барғанда: «Маған ақбө­кеннің киесі жолықты. Үш рет атып құлата алмадым, сосын, машинамен қуалап жүріп таптап өлтірдім, – деді еріндері дірілдеп. Бүркіт атып түсіргеніңді білесің бе? – деді кемсеңдей қойып. Басымды изедім. Өңінен өкініш пе, әйтеуір бір күйікті көңілдің табы сезілді» (22-б.), – дейді автор. Бір бүркітті атқан Есенбай осынша қырсыққа душар болса, аңшы болған нағашысының баласының өз оғы өзіне тиіп, әйелі соның уайымынан өліп, өзі ақбөкеннің киесіне ұшырап, төсек тартып жатуы нанымдылықпен суреттелген.
Алайда, автор Есенбайдың тірі жанға титтей де қиянат жасамағандығын, оның өз кәсібімен ұштастырған. Отан алдындағы борышын Ауған соғысында өтеген ол, Политехтің автоматикасында оқитын студент жігіттің өмірін сақтап, елге қайтарғаны, түрмеде жатып өлім аузындағы адамды ажалдан арашалап алғандығы – оның дәрігерлік борышын адал ақтап жүргендігінің мысалы.
Жазушы шығармада қазіргі таңда төңіре­гімізде болып жатқан оқиғалар арқылы оқырманға ой салған. Ол – сыбайлас-жемқор­лықтың шегінен асқандығынан «кішкентай» адамдардың құрбандыққа шалынуы. Бұл – өзіміз куә болып жүрген түйені түгімен жұта­тын­­дардың судан құрғақ шығатынын, енді, біреулердің болмашы тиын-тебен үшін бірнеше жылға бас бостандығынан айрылып, түрменің тар қапасына түсетіндігінің нанымды да шынайы бейнеленуі. Түрмеде өзіне қол жұмсаған бір фирманың бас есепшісінің ату жазасына кесілуі Қазақстанды сүлікше сорып, шетел асып кеткен миллиардер жерлестеріміздің талтаңдап, өмірді белшесінен басып жүргендігін еске салады. Жазушы қоғамдағы осындай сорақылықтарды жекелеген кейіпкерлер өміріне қатысты нақты деректермен, оқиғалармен әшкерелеген. Ол жекелеген кейіпкерлер арасындағы тартыс пен қақтығысқа қоғамдағы үлкен әлеуметтік тартыстарды сыйғызған. Аталған әңгімеде «Адамның торғайлары неге торға түсіп, алаяқтар неге бостандықта жүреді?» деген сауалды адам, қоғам алдында көтерген автор сол сауалға жауап берген.
Осы ойды жалғайтын жазушының келесі шығармасы – «Құлыпашар» әңгімесі. «Ақиқатты аяқ астынан мілитса алып кетті» деп басталатын әңгімеде оның сырын ашу үшін лирикалық шегініс жасалады. Түрме төсегінде жеті жыл жатқан Ақиқаттың басына не келіп, не кетпеді. Тіпті, бір кездері «500-100 доллар арасында бізде жұмыс істейтін қыздар керек» деген хабарландыруды көріп, жұмыс іздеп бара жатқан қыздарды жолдан қайтарғанын да есіне алды. Ел өміріндегі осындай мәселелерді автор кейіпкер монологы арқылы жеткізген.
Аудан әкімі сейф кілтін жоғалтып алып, онда қалған құжаттарын алу үшін тізімде тұрған құлып ашқыштардың тізімін тексергенде жалғыз Ақиқаттың аты-жөні кездеседі. Жапон сейфін ашу қалай болар екен деп күдіктенгенімен қолының ебі бар ол оны әп-сәтте ашып береді. Сол бәлеге қалай икем екенін өзі де білмейді. 10-сыныпта оқып жүргенде мектеп директоры сейфінің кілтін жоғалтып алып, қолының икемі бар деп осыған аштырғаны бар. Бүкіл ауыл «мәстір бала» атап кеткен оның қолы неге де епті. Қай тірлікті қолына алса да көзін тауып, қиюын қиыстыра білетін Ақиқатқа осы шектен шыққан ептілігінің зияны тиеді.
Телевизордан көргенін істемек болған сыныптасы Сейітқали, оны қоярда қоймай жүріп үгіттеп, аудандық тұтынушылар одағы төрағасының сейфін ашып, бар ақшасын алмаққа бел буады. Бірер күнде Алматыға оқуға кетіп қалған соң кім мені іздеп жатады, ашсам ашып берейін деген аңғалдығы оның басына сор болып жабысады. Осындай оймен сейф ашылғанда оның ішінде құжат пен «Сарыағаш» минералды суынан басқа ештеңе жоқ болып шығады. Бірақ, осы сәтте дабыл қағылып, олар ұрлық үстінде тұтқындалады. Бар жасаған қылмысы – осы. Сөйтсе, мұндай қылмыспен адам баласы өмір бойы тізімде тұрады екен. Осы әңгіме арқылы жазушы не нәрсені де орнымен пайдалану керектігін ескертеді.
Қ.Түменбайдың тыңғылықты сөз етіп, үнемі қайта-қайта оралып отыратын негізгі тақырыбының бірі – дүниежүзілік рекорд жасап, ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаев туралы. Бұл тақырыпта ол «Қайың сапты кетпен» әңгімесінен бастап, үлкенді-кішілі бірталай шығармалар жазып, Ы.Жақаевтың көркем бейнесін қазақ әдебиетіне алып келді. Осы жинаққа енген «Ағаш ескерткіш» хикаятындағы Сатай қарттың да прототипі Ыбырай Жақаев. Сатай әулетінің бүгіні мен кешегісі көз алдынан өткен Асқардың атынан баяндалған оқиға қаладан келген немеренің көзімен өрбиді. Сексенге келген атасының туған күнін аудан, облыс қана емес, Республика, тіпті, Одақ (КСРО) көлемінде атап өткеніне куә болған Асқар әулеттің киесі – жылан екенін білмей абы жыланды өлтіріп қояды. Жылан өлген күннің ертесіне атасынан айрылған ол қыстай жарманы, жаздай «Сатай түбегіндегі» егістікті күзеткен абы жылан өлген соң, бұл әулеттің басынан бағы тайғандығына куә болады. Оның басы Сатайдың мүрдесіне таласудан басталып, ауыл ортасында тұрған атасына қойылған қола мүсіннің, оның төңірегіне қойылған қара темір, қара шынжыр, жылтыр керамиканың ұрлануымен суреттелген. Өмір бойына халқына, еліне қызмет еткен жанның аруағына тыныштық бермей оның басын жалаңаш қалдырғандардың тірлігі мызғымас Одақ ыдырап, Қазақстан өз алдына дербес ел болған тұстағы шаруашылықтардың таратылып, тығырыққа тірелген елдің ішінде ұры-қары көбейген кезімен тұспа-тұс келеді. Шығарма соңында ағаш сапты кетпеннен басқа басында ештеңе қалмаған Сатай қарт жоңышқа иісін иіскеп, қар мен жаңбыр суымен сусындап жатқандай әсер береді. Мұның өзі о дүниелік болған адам үшін табиғат-ананың суы мен желінен артық ештеңе жоқ екендігін байқатады. Автор осы хикаят арқылы «Өлі риза болмай, тірі байымайтындығын» екі аяқты пенделердің есіне салған.
Сыбайлас-жемқорлықты әшкерелейтін келесі хикаят – «Депутат Аязби». Майор Мылтықбай өзінің бас пайдасы үшін інісі Аязды депутаттыққа өткізгенмен, оның қояншық ауруы бар қылмысты әшкерелеп береді. Осылайша депутатты ұсынған аудан, облыс басшылары да, оны дәрігерлік тексеруден өткізген дәрігердің де қылмысы ашылып, жауапқа тартылады. Авторлық ұстаным – сыбайлас-жемқорлықтың тамырын тереңдетпей, дер кезінде балта шауып отыру керектігін байқатады.
Қаламгер шығармаларынан үлкен орын алатын тақырыптың бірі – ХХ ғасырдың соңғы ширегінде 15 республикадан құралған мызғымас Одақ КСРО-ны дүр сілкіндірген, Қазақстанның астанасы Алматы қаласындағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Кеңестік дәуір тұсында өзінің ұлтжандылығымен танылып, ұлтының асыл құндылықтарын жоқтағаны үшін саяси қуғын көрген Хасен Қожахметтің бұл тұста да ерекше көзге түскені мәлім. Қазіргі арамызда жүрген замандасымыз Хасен ағамыздың көркем бейнесін жасаған Қ.Түменбай оның саяси көзқарастарын «Қанаты күйген қызғыш құс» (Өлілер мен тірілер. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2011. – 380 б.) атты деректі хикаят пен «Мұнар күн» атты әңгімесіне негіз етті.
«Желтоқсаннан кейінгі бұйығы күндер, он алтыншы жылғы шілде жарлығы кезіндегі күндерге ұқсап, ұясына талаурап батып жатты» деп басталатын хикаятта нақты деректер мен құжаттар жетерлік. Оны әу дегеннен көзге түсетін «Бір күні Алматы облыстық «Жетісу» газетінен Қ.Рысқұлбековтің – ату жазасын, Ж.Тайжұмаев пен Т.Тәшеновтің – 15, Қ.Күзембаевтың – 14 жыл алғанын оқып, жағамызды ұстадық. Хасен де көп ұзамай 4 жылды мойнына іліп кете барды» деген деректен немесе «Жастарды итке талатып, қысты күні салқын су шашу шектен шыққандық. Жастардың толқуын онсыз да жайбарақат жолмен басуға болар еді ғой» (140 б.) деген майдангер ақын Жұбан Молдағалиевтің сөзінен анық байқауға болады. Жазушы 4 жылды арқалаған Хасеннің саяси көзқарасы қашан, қалай қалыптаса бастағандығына назар аударады. Чайковский атындағы Алматы музыка училищесінің 3-курсынан әскерге алынған Х.Қожахметов Төретам бекетіндегі құрылыс батальонына түседі. Байқоңырдағы ракета ұшатын алаңның құрылысын салумен айналысатын «молодай» екі-үш айдың ішінде «дедтардың» (ақсақал) тізе батыруына қарсы шығады. «Ақсақалдардың» әсіресе, ауылдан шыққан қазақ балаларын «калбит», «қаракөтен» деп, кезектен тыс нарядқа қойып, еден жуғызғанына қарсы шығып, олармен төбелесе берген соң, әскердегі басшылар оны екі жыл бойына гауптвахтада ұстамақшы болады. Оған төзбеген Хасен 1970 жылдың 13 ақпанында әскерден қашып кетеді. Жүк поездарының көмір, бөрене тиеген вагондарына тығылып, Алматыға жеткен ол Бауыржан Момышұлына барып бар шындықты айтады. Батыр сол кездегі республика әскери комиссары, генерал-майор Н.Байкеновке хат жазып береді. Бірақ, ол хат иесіне жетпей Хасеннің қалтасында қалып, өзін Орта Азия әскери округінің комендатурасы бір ай гауптвахтада ұстап, «соғыс жағдайында жарамды, бейбіт уақытта жарамсыз» деген баппен әскерден босатады. Жазушы негізгі кейіпкердің буыны қатпай жатып саяси көзқарасының осылай қалыптаса бастағандығына назар аударады. Әскердегі оқиғалар оның жеке басын емес, ұлтын кемсіту үшін жасалған құйтырқы саясат екенін түсінген ол өліспей беріспеуге бел байлайды. Осылайша өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында, яғни, тілі басқа тілегі бір көп ұлтты кеңес одағының дәуірлеп тұрған шағында азаттық іздеген ол 1972 жылы училищені бітірген соң, неге Мәскеудегі «Жас тұлпар» тәрізді қазақ жастарының «Жас қазақ» ұйымын ашпасқа деп ойлана бастайды. Бұл – оның саяси көзқа­расының қалыптаса бастағандығы еді. Оны жазушы Хасеннің «поселок имени Джансугурова» деген жазудың «Д» әрпін өшіріп, «Жан­сүгіров» деп өзгертіп кеткендігімен, «СССР тарихы» атты оқулықтың ішінен Қазақстан тарихы туралы мардымды ештеңе таба алма­ғандығымен, ұлттық стильдегі музыка жаза бастағандығымен, «Оян, қазақ, оян елім!» атты 10 баптан тұратын листовка таратуымен нанымды бейнелеген.
«– Сен қазақша, жалпы ұлттық стильдегі музыка жазба, жазсаң авангартық стильде жаз, – деді ұстаз.
– Жоқ, әр ұлттың музыкасы сол ұлт тілінде жазылуы керек. Қойыртпақ космополиттік музыка ұлтқа рухани азық бола алмайды…» (141-б.) деген диалог Хасеннің белгілі қалыпқа сыймайтындығын, өзіндік көзқарасы қалыптасқандығын ашуға қызмет етеді. Құрманғазы атындағы консерваторияның қақ маңдайындағы «Өнер – халықтікі» деген жазудың мән-маңызына түсінбеген консерватория оқытушысы А.Бычковтың болмысына күйінген ол, ұлттық музыкаға өз үлесін қосуды арман етті. Өзінің қалыптасқан саяси көзқарасын музыка тілімен жеткізуді көздеген Хасен бұл тұрғыда да аз еңбектенген жоқ. 1974-77 жылдары «Жас қазақ» ұйымының бағдарламасы, конституциясы, болашақ мүшелерінің антын жазумен әлектенген ол, 1977 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлер институтының аспиранттары мен студенттерінің «белсенділігімен» тағы да тұтқынға түсіп, 2 жылға бас бостандығынан айрылады. Болашақ үлкен күрескердің Хельсинкидегі саяси тұтқындар тізіміне сол кезде енгендігіне көңіл аударған автор, оның Қазақ ССР Қылмысты істер кодексінің 170-1 бабымен 2 жылға бас бостандығынан айырыл­ғанын нақты дерек ретінде көрсеткен. Сонымен бірге, жазушы негізгі кейіпкердің тарихшы не болмаса саясаткер екендігіне ғана емес, оның музыка зерттеушісі, композитор екендігіне де көңіл аударған. Оның зерттеулері мен шығармашылығы жөніндегі мәліметтер Хасеннің осы қырын толықтырып тұрса, балалық шағы мен «Хасен Кәрімжанұлы Қожа-Ахмет 1949 жылы тамыздың 9-ында Талдықорған облысындағы Матай стансасында дүниеге келіпті. 1956 жылы Ақсу ауданына қоныс аударғандықтан Хасеннің балалық шағы осы ауданның Көктөбе-қарасу, Бүйен өзенінің жағасындағы Қызылту ауылында өтті. Ол төрт жасқа толмай-ақ әріп танып ата-анасы, көрші-қолаңды таңқалдырған еді. 8-9 жасында-ақ қазақтың батырлар жырын, «Рүстем-Дастан» сияқты кітаптарды, ал, 11-12 жасында В.Янның «Шыңғыс хан», «Бату», М.Шолоховтың төрт томдық «Тынық Дон» сияқты ірі шығармаларын оқып үлгірді» деген өмірбаяндық деректер негізгі кейіпкердің сом бейнесін жасауға көмектескені белгілі. Көркем шығармада болашақ күрескерге тәлім-тәрбие берген ата-анасы мен өскен ортасы жөнінде толығырақ мағлұмат беру орынды. Бұл кейіпкер бойындағы патриоттық сезімнің қазақтың бай ауыз әдебиетіндегі қаһармандық эпостардағы елі мен жерін сыртқы жаудан қорғаған батырлардың ерлігі арқылы қалыптасуын байқатады.
Үш әріптің бақылауына алынған ол, саяси мақала жазуға тыйым салынған соң, жүрегіндегі дертін мысал-ертегілер мен сықақ-әңгімелерге сыйғызды. 1986 жылы Қазақ теледидарының музыкалық хабарлар редакциясында редактор болып жүрген ол, 16-18 желтоқсан күндері ше­ру­шілерге ақыл-кеңес бергені үшін және саяси қылмыскерлер қатарынан орын алды. Саясаттан хабары жоқ жастарды алаңда тұрып қолға түскенше көше-көшені аралап шеру жасау керектігін түсіндірген әккі саясаткер осы сөздерінің өңін айналдырып, өзіне айғақ етерін білген жоқ еді. Жазушы сол кезде белсенділігімен танылған С.Түсіпбекованың тергеушінің айтуымен жалған куәлік бергенін мысалға алу арқылы, Желтоқсан оқиғасына жағылған күйелердің көпшілігі қолдан жасалғандығына назар аудартады.
«1992 жылы 9 мамыр – Ұлы жеңістің 47 жылдығы күні «Желтоқсан» партиясының мүше­лері Алматыдағы Дзержинский ескерткішін құлатты» (159 б.) деген дерек Хасеннің ғұмыры күреспен өткенін көрсетсе, 1992 жылы ойда жоқта тұтқындалуы Хасен Қожа-Ахметтің төртінші рет саяси қылмыскер ретінде қамалуы еді.
Жазушы деректі хикаятқа бас кейіпкердің өмірін толықтыруға қызмет ететін деректер мен құжаттарды молынан пайдаланған. Жылы мен күні нақты көрсетілген оқиғалар бас кейіпкердің тарихи тұлғасын ғана емес, қазақ әдебиетіндегі көркем бейнесін толықтыруға қызмет етіп тұр.
Жазушының «Мұнар күн» әңгімесі де аталған тарихи оқиға құрбандарына арналған. Он жеті жасында соғысқа қатысып, бір аяғын берген, қос Қызыл Жұлдыз орденінің иегері Абылай 15 жыл алып, Маңғыстаудың күшейтілген тәртіпті сым қорасынан бір-ақ шықса, алаңда домбырамен ән салғаны үшін Қолқанаттың ату жазасына кесілуі арқылы жазушы сол оқиғаға жан бітірген. Шәу тартқан шал мен он тоғыздағы балаң жігіттің бір күннің ішінде әке мен баладай болып құшақтасып жатуы – олардың мақсаттарының бір екендігін байқатса, Қолқанатқа қылмысты күштеп мойындату жолындағы сорақылықтар Желтоқсанның ең жас құрбаны Қайрат Рысқұлбековке тағылған 60-65-88 бапты, яғни, өлім жазасын еске түсіреді. Абылайдың «Мұнар күнді» сұратып алып, түні­мен Қолқанатты түсінде көргісі келгенмен түсіне енбеуі, оның бұл өмірден озып кеткендігін мегзейтін деталь. Осындай көркемдік детальдың бір түрін жазушы Абылайдың ажал камерасынан шығатын күні түсінде сәйгүлік мініп жүргенін көрумен берген болатын.
Осы оқиғаның және бір қырын ашатын шығарма – «Қобыздың мұңы». Он тоғыз жа­сар жігітті жалған жаламен өлім жазасына кескен қанды қолдардың өз перзенттеріне берген жеңілдіктері бір оқиға үстіндегі бір-біріне қарама-қарсы тағдырлардан хабар береді. Қолқанаттың мойнына өлім жазасын ілгендер өз баласын қалай-қалай арашалайтындығы мына мысалдан көрінеді: «– Бэла, сен енді жас емессің. Мен сенің фамилияңды РОВД-дағы тізімнен өшірттім. Ол МВД-ға жетсе сен оқудан, мен жұмыстан қуыламын» (197). Бірақ, осындай жаннан туған Бэланың ұлттық намысын қоздырған Желтоқсан көтерілісі оның қолындағы скрипкасының қобызға ауысымен суреттелген. Алматы қаласындағы сау­сақпен санарлық №12 мектепте оқыған Бэла­ның «Отырар сазы» оркестрін көрген соң қобыз­ға деген қызығушылығы артып, Қорқыт туралы деректердің барлығын жинап, қобыздың арғы-бергі тарихынан мол мәліметтер жинайды. Өткенге салауат айтқан Бэла болашақтың сыйын Қорқыт баба қобызынан іздейді. Ботадай боздаған, жан түршіктірер қобыз мұңы Бэла әкесін ғана емес, Алматының Төлебаев көшесін тітіркендірді. Бұл – сан ғасырлар ата-баба аңсаған азаттық, тәуелсіздік, бостандықты аңсаған халықтың мұңы мен зары ретінде әсер береді.
Қ.Түменбай шағын жанр арқылы да ел өміріндегі өзекті мәселелерді дер шағында көтере білетін қаламгер. «Періште» әңгімесіне Қазақстан жерінің экологиясын шалғайда жатқан Шерлі ауылының тыныс-тіршілігімен суреттеген. Кеңестік дәуір тұсында жасалған атомдық сынақтың салдарынан қазақ жерінің төрт бұрышы да экологиялық аймақ болып отырғаны белгілі. Жазушы жер асты байлығының жергілікті халық үшін қасірет болып отырғандығын уран өндірісі арқылы нанымды бейнелеген. Кезекті әкім мен депутат сайлауы қарсаңындағы кандидаттардың ауыл тұрғындарымен кездесуінен басталған әңгіме ә дегеннен ширай түседі. Әкімнің кандидаты: «Ауыз суды мен әкелемін, мойныма аламын» деп елді алдаса, журналист жігіт ол жерде одан да өзекті мәселенің бар екендігіне назар аударады. Журналист жігіт: «Бұл ел уран деген улы қазбаның үстінде отыр. Бір жылда Шерліде төрт сиам егізі, екі қазанбас, төрт үш аяқты бала өмірге келген. Осының бәрі – уран деген удың кесірі. Жер астына телегей-теңіз кислота деген сұйық жіберіп, уран шығарады. Сол кислота сіңген жердің суын сіздер ішіп отырсыздар», – деп шырылдайды (175-б.). Бірақ, әкім уранның ешқандай зияны жоқтығын дәлелдеп әлек. «Алматыдан келген депутаттыққа кандидат бағдарламасын толықтырғанда «Мен осы уран өндірісін тоқтату жөнінде үкімет алдына мәселе қоямын. Оған шамам жетеді», – деп түйіндеді сөзін» (175).
Осындай екі ұдай қызу тартыспен басталған әңгіме жоғарыдан келген өкілдердің пайдасына шешіліп, жергілікті халық әдеттегідей астанадан келгендерге үміт артады. Бірақ, араққа бусанған халық қалаулысы «Урандарың көп екен, тынысым тарылады», – деп ол жерге түнемей кетіп қалады. Осыдан кейін оқиға отбасына қарай ауысады. Екі қыздан кейін ай-күні жетіп отырған әкімнің жары толғатып перзентханада жатыр. Барып хабарын алса босанбаған. Таң атқанша босанар деп, үйіне барып демалған әкім таңсәріден тағатсыздана перзентханаға келеді. Таңқараңғысында келіп жүргенінің бір себебі – екі қыздан кейін, арыстандай ұл туса деген үміт болса, екіншісі – ел-жұрт оянбай жатып көзге түспей барып кету. Ел көрсе, әкімнің перзентхана жағалап жүргені ыңғайсыз болар деген ой. «Бекшора таңертең ертелетіп перзентханаға келді. Сыртқы сылағы түсіп, ішкі қабырғасы да таздың басындай ала-құла аудандағы айтулы мекемеге бас сұғам деп ойлап па еді?» деген жолдар уранның уын жұтып отырған елдің әлеуметтік жағдайының қандай екендігінен хабар береді.
Уранның уын ішкен бар халықтың алатын ақшасын бір өзі қалтаға басып жүрген әкімнің жары Қайырниса қасқыр басты, кіндіктен төмен екі аяқты адам-перзентті болады. Халықтың зары мен мұңына пысқырып та қарамай жүрген әкімнің өзі куә болған бұл шындық журналистің жар құлағы жастыққа тимей айтып жүрген уран деген удың кесірі еді.
«– Бұл не? – деді тағы да күйеуі.
– Бұл – сенің перзентің. Алты аяқты лақ, жабысып туған бала, енді міне, арлан. Байқоңырдан адам ұшырып, ауылда арлан асыраймыз» (181-б.). Бұл диалогтан қолмен істегенді мойынмен көтеру керектігі, мың асқанға бір тосқан болатыны байқалады.
«Іштен шыққан шұбар жыланын» өлімге қимаған ананың періштесін орманға апарып тас­таса деген арманын жазушы «Мауглиді асыраған қасқыр құрлы болмағанымыз ба?!» деген кейіпкер сөзімен жеткізген. Қазіргі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірінен күн сайын естіп, мерзімді басылым беттерінен оқып, теледидардан көріп жүрген осындай шындықтардың бір қырын нанымды бейнелеген жазушы алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына қосыламыз деп ұрандап жатқан елдің жазылмас дертіне шипа іздеп шарқ ұрады.
Оның әңгімелеріне арқау болған негізгі мәселелердің бірі – «қызға қырық үйден тыйым салған» қазақ қыздарының үшінші мыңжылдықта сан ғасырлар қалыптасқан ұлттық тәрбиеден, ар-ұяттан аттап, ар-ожданын жоғалта бастауы. Мұның өзі – келешек аналардың өмірі ұлт болашағына үлкен қауіп алып келетіндігінің белгісі. Қоғамдағы осындай белең алған дертке шипа іздеген жазушы жезөкшелікпен күресу қажеттігін түсіндірген. Оны жалаң сөз, жалаң оқиға арқылы емес, сол жолда жүрген жандардың жан күйзелісімен нанымды бейнелеген.
«Бұқа баққан қыз» әңгімесінде жиырма екідегі қазақ қызының алғашында өзінен қырық жас үлкен қатыны өлген орыстың үйінде пәтер жалдап тұрып, кейін оның әйелі болған жанның дертінен сыр шертеді. Әңгімедегі жастай солған Аяжан мен «Ұябасар» әңгімесіндегі Салтанат, Кәмшат, Мүнира тағдырлары оқырманға ой салатын кейіпкерлер. Он жыл бойы АХБК-да еңбек еткен Салтанаттың өмірі бір күнде, фабрика жабылғанда аяқ астынан өзгеріп сала береді. Үш ай құрылыста сылақшы болып еңбекақысын ала алмай дал болған ол, тағдыр тауқыметімен жеңіл жүрісті қыздардың қатарына қосылып кетеді. ЖенПИ-ге оқуға түсе алмай, ата-анасына жұмыс істеп жүрмін деп алдаусаратып жүрген Кәмшат, ҚызПИ-дің филология факультетін бітіріп, айлығы пәтеріне жетпегендіктен АХБК-да істеген Салтанат, Мүнира үшеуінің Саин көшесінде жолығып, арын сатып жүруі олардың күнкөріс жолындағы әрекеттері ретінде көрінеді. Жазушы қазақ қыздарының мұндай іске баруын мұғалім мен дәрігердің тапқан ақшасы пәтерақыға жетпейтіндігімен түсіндіруге тырысқан. Сондықтан да6 ол әр кейіпкерінің жан дүниесін ашуға ден қояды. «Өмірім бір-ақ күнде өзгеріп шыға келгені ме? Мен тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болсам деуші едім…» деп ойлайтын Салтанаттың түсіндегі мыжырайған ескі қара етік, оның өмірінің теріс жолға түскенінің айғағы ретінде алынған көркемдік деталь. Жазушы бұл жолға үш қыздың үш түрлі тағдырмен келгендігін, олардың өмірлері арқылы түсіндіруге тырысқан. Салтанаттың әкесіз туатын шарананы ойлағанда өксіп жылауы – тән жарасы емес, жан жарасы еді. Күндердің күнінде Сандро – «полк баласы» атаған Салтанаттың баласы ештеңемен ісі жоқ уілдеп жатты. Оның анасы баласы түгілі өзінің баспанасыздығын ойлап шер төгуде.
«Құл иеленуші» әңгімесінде қазіргі қоғамда екі таптың орнығып қалғандығына көңіл аударған жазушы, құл мен құл иеленуші өмірінен там-тұмдап хабар береді. «Ташкенде танысқан Эргаш Түркістанда екі бірдей құл иеленіп отырғандай көрінді» деген жазушы оның қазақ әйелін де құлша жұмсайтындығын меңзеп отырса, сыз сасыған тоқал тамды мекен еткен Митрей иығын арқан қажаған бурлактарды еске түсіреді.
«Қазанама оқушы» әңгімесіндегі еңбегі сіңген құрылысшы Рахманның газет беттерінен оқыған қазанамадан кейін бетін сипап, соған арнап құран оқитынына кезіксек, газет бетін жайлаған қазанамалардың көбейіп кетуі ХХІ ғасырда адам баласының өз ажалынан гөрі тапсырылыспен көбірек өлтірілетіндігін мегзегендей. Оны жазушы ХІХ ғасырдағы Махамбет өлімімен ұштастырған.
Қаланы сағалаған қазақ жастарының аянышты тағдыры «Орыс пеші» әңгімесіне де арқау болған. Мұнда өз астаналарында өгей баланың күйін кешкен дәрігер жігіттің бір күнде қос перзентінен айрылуына кезігеміз. Дәрігерлік кезекшіліктен шыққан хирург Тасқын жылы болады деп паналаған орыс пешінің ішінде жанбай қалған көмірдің шаласы Мұңлығы мен Зарлығын бір түнде алып кеткенінің үстінен шығып, жарын ауруханаға жеткізіп аман алып қалады. Отын тез жанып кетпесін деп пештің мұржасын көмір толық жанбай жатып тығындап жүретін орыс қожайынға олардың өлімінен гөрі отынын үнемдеу артық еді. Қос мұңлығын астанаға қалдырған Тасқын мен Айжарық бүйткен Алматысы құрысын деп ауруханадан тура вокзалға тартып, елге қарай бет түзеді.
Қорыта айтқанда, Қуандық Түменбай шығармаларының тақырып ауқымы кең. Ол – аз сөзге көп мағына сыйғызатын, үлкен әлеуметтік мәселелерді шағын оқиғалармен суреттеуге шебер қаламгер. Жазушы қаламына негіз болған шығармалардың бірсыпырасына Ыбырай Жақаев өмірі негіз болса, енді бірқатар шығармаларында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, оның қоғам мен адам өміріне тигізген зиянына көңіл аударады. Жоғарыда әңгіме болған шығармалардың барлығы дерлік ел өміріндегі өзекті мәселелерді арқау еткен туындылар. Жазушы шағын жанрмен де қоғамдағы шегіне жеткен өзекті мәселелерді көтеруге болатындығын өз шығармаларымен дәлелдеп келеді.

Алдыңғы «
Келесі »