ОҢТҮСТІКТЕН КӨШ КЕЛЕДІ…

  • 02.10.2019
  • 166 рет оқылды
  • 0

ҚЫЗЫЛЖАРДАҒЫ ЫСТЫҚ ҚАУЫШУЛАР

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақ журналистикасының қайраткері

Халқымыздың ғасырлар қойнауынан желі тартқан ұлан-асыр тарихының төрт құбыласын түгелдесеңіз, мидай араласып жатқан халқымыздың бір-бірімен бауырластығының, ынтымағының беріктігіне көзіңіз әбден жетеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев Ұлытау төрінде берген сұхбатында: «…Мыңдаған, миллиондаған мал жатса да көрінбейтін шүйгін дала болған. Бар қазақ жан-жақтан келген соң киіз үй тігеді, ат шаптырып, той жасайды. Осы жерде қыз ұзатады, баласын үйлендіреді. Бір-бірімен құда болып тарасады. Мына елдің қызы былай кетеді, ана елдің жігіті мына жақтан қыз алады. Еліміз осылай араласады. Қазақтың кең даласында диалект сөздің жоқтығы содан деп ойлаймын» деген болатын.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Солтүстік облыстарына қоныстанған жерлестеріміздің ол жақтағы тұрмыс-тіршілігімен танысып қайту мақсатында «Оңтүстіктен-Солтүстікке» атты баспасөз турының құрамына енгенде біздің есімізге осы сөздер түсіп еді. Расында, Қызылжар өңірінің азаматтары бізді құшақ жая қарсы алды. Алып лайнерден түсіп үлгермей бізді Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің қызметкерлері жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бастамалар басқармасының мәжіліс залына алып келді. Мұнда, бізді Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, жерлестерімізді Солтүстік облыстарға көшіру ісіне мұрындық болып жүрген азамат Жаңабай Ағабеков, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бастамалар басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Нұрашев күтіп отыр екен. Баспасөз туры журналистерін бастап келген Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дамир Жүнісов сапар мақсатымен таныстырды. Оның мәлімдеуінше, Солтүстікке қоныс аударған 683 адамның 287-сі еңбекке қабілетті, солардың 204-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл ретте 75 келіншектің бала күтімінде, біразының үй шаруашылығында екенін ескерген жөн. Қоныс аударғандардың басым көпшілігі тұрғын үймен, тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіп ашамын деушілерге жер учаскелері, бос тұрған ғимараттар ұсынылған. Мемлекет тарапынан материалдық көмектер көрсетілген. Өңір басшылары Түркістан облысының аудандары мен қалаларын аралап, үгіт-насихат жұмыстарын нәтижелі жүргізулерінің арқасында Солтүстікке қоныс аударушылар қатары артқан. Бұл орайда олар «Өңіраралық бос жұмыс орындары» жәрмеңкесінің тиімділігін көріп келеді.
«Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық». Баспасөз мәслихатынан соң іркілмей Мағжан Жұмабаев ауданына тартып кеттік. Аққайың ауылдық округінің әкімі Нұрболат Ешенбаевтың айтуынша, мұнда 10 отбасы көшіп келген. Солардың бірі – Мақсат Есжанов. Ол Қазығұрт ауданының тумасы. Осында былтыр ғана қоныс аударған. Бүгінде қорасында 20 ет бағытындағы ірі қара, 30 сүтті сиыр бағып отыр. Әр сиыр тәулігіне 30 литрден сүт береді екен. Ал, бұл сүтті май зауыты күнделікті қабылдап отырады. Сүттің литрі – 80 теңгеден. Біз Мақсаттың 50 ірі қараға арнап салған қорасымен, жылыжайымен таныстық. Бұрын әскери қызметте болған ол бүгінде шаруашылыққа әбден төселіп алған. Мақсаттың келіншегі мектепте бастауыш сыныптан сабақ береді. Бір қуаныштысы Ақтолқын біз келгенде төртінші баласы үшін перзентханаға кетіпті. «Мен таулы өлкенің ұлымын. Келіншегім ұл туса атын Таубай, қыз туса Сағыныш қоямын» дейді жүрегі алып-ұшқан әке. Біз оған «мақсатыңа жет!» деген тілекпен аттандық. Шерхан Нұрсейітов, Ордабасы ауданы Төрткүл ауылынан көшіп келіпті. 350 мың теңгеге ақ кірпішпен өрілген бес бөлмелі үй сатып алған. Қазір ол Ақ қайың ауылы округінің мал дәрігері. Ауыл 6 елді мекеннен тұрады. Қызметтік көлігімен 6 елді мекенді аралап шығу оған бұйым емес. Шерхан осында Сарыағаш ауданынан келген Гүлнұр деген аруды кездестіріпті. Бүгінде әп-әдемі отау болып, шаңырақ көтеріп отыр. Гүлнұр ауыл әкімдігіне қызметке орналасыпты. Ал, Сұлушоқ ауылының азаматы Қайрат Жәнібеков ауылымен аттас ЖШС жетекшісі. Ол өз қаржысына бес үй салып жатыр. Әр үй бес бөлмелі. Жылу жүйесі бар. Әр үйдің құны шамамен 6,5-7 миллион аралығында. Оңтүстіктен көшіп келген отбасы осы үйлердің біріне қоныстана алады. Бұл үшін олар «Сұлушоқ» ЖШС-інде бес жыл жұмыс жасауы тиіс. Осы бес жылын өтеген соң олар үйді жеке меншігіне біржолата сатып алады.
– Ауыл мектебінде 28 оқушы бар еді. Мектебіміз жабылып қалар ма еді, егер, сіздердің облыстарыңыздан отбасылар көшіп келмесе. Соңғы екі жылда біздің ауылға 8 отбасы көшіп келді. Олардың 16 баласы мектепке барды. Осының нәтижесінде мектебіміз толыққанды жұмыс істеп тұр. Бізде жұмыс қолы тапшы. Біз салып жатқан бес үй де бос тұрмайды деп сенеміз,-дейді «Сұлушоқ» ЖШС басшысы Қайрат Сапарғалиұлы бізбен сұхбатында. Ал, Ордабасы ауданы Бөржар ауылының тумасы Нұрдәулет Исабековтің М.Жұмабаев ауданына көшіп келгеніне 4 айдың жүзі ғана болыпты. Қазір оның жеке үйі бар. 5 миллион теңге қайтарымсыз несие алыпты. Отбасының әрбір мүшесі үшін 88600 теңге қосымша төленіпті. Ол қазір орман шаруашылығында автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеп жүр. Айлық еңбекақысы 120 мың теңге. Күніне қосымша 10-15 мың теңге табатынын да жасырмады. Келіншегі бухгалтер. 2 ұл, 1 қызы бар отбасы шаруашылығын дөңгелетіп отыр. «Мұндағылар адам жатырқамайды. Қонақжай. Тез сіңісіп кеттік» дейді бізге Нұрдәулет.
Сарыағаш ауданынан көшіп келген Нұрсейіт Өміров келіншегі Мехрибан Шералиевамен бірге жылыжай салып алған. Сонымен бірге олардың жол бойында асханасы бар. Омбы қаласынан Қазақстанға өтетін қонақтар оның асханасын жақсы біліп алыпты. Қазір Өміров отбасы 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың ендігі ойы жекеменшік емхана салу. Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылының тұрғыны Гүлчехра Сырманова Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданына қарасты Покровка ауылына 2016 жылы отбасымен бірге қоныс аударған. Олардың 6 баласы бар. Гүлчехра алдынан аудан әкімінің өзі шыққанын мақтанышпен айтады. «Үйімізге күнде келіп тұрды. Егетін картопқа дейін қарасты. Қыста отыннан тарыққан жоқпыз. Бізбен бірге көшіп келгендердің барлығы тұрмыстарын түзеп алды. Бәрінің қорасы малға толды. Астарында көлік. Ауа райы қатаң деп естуші едік. Бекер екен. Үйренісіп кеттік. Қазір сүт қабылдау пунктінде зертханашы болып жұмыс істеп жүрмін. Шұбардан 10 отбасы келгенбіз. Бүгінде бір үйдің мүшелеріндей араласамыз. Көшіп келемін деушілерге мұнда жұмыс ырғын. Тек көзін таба біл. Бізбен келгендер арасында кері көшіп кеткендер жоқ» дейді Гүлчехра. Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Алмагүл Рамазанованың айтуынша, оңтүстіктен көшіп келгендердің арқасында Ленин, Бостандық секілді ауылдардың мектептері сақталып қалған.
Түркістандық делегацияны Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев қабылдады. Оның айтуынша, көшіп келгендерге мал, құс сатып алу үшін 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін субсидиялар қарастырылған. Сонымен бірге, мемлекеттік бағдарламалар аясында несиелер беріледі. Асқар Жоламанұлының айтуынша, көшіп келемін деушілерге өңірден 428 тұрғын үй салынбақ. Осында қоныс аударғандар пәтер жалдап тұрса, мұны мемлекет есебінен қаржыландырады. Үй салып аламын деушілерге жеңілдетілген несие қарастырылған. Қазір облыста болашағы жоқ деп танылған ауылдарға қан жүгіре бастаған. Қазақ мектептері көптеп ашылып жатыр. «Серпін» бағдарламасы бойынша облыстың жоғары оқу орындарында 7 мыңнан астам студент оқиды. «Олардың басым көпшілігі осында қалғанын қалаймыз» дейді Асқар Жоламанұлы. Бүгінде облыс бойынша малдәрігері, агроном, механизатор, диқан, мұғалім жетіспей тұр. Сондықтан, оңтүстіктіктер іркілмей Солтүстікке асықса болады.
Осы сапарда біз Шал ақын және Ғабит Мүсірепов аудандарындағы жерлестеріміздің тұрмыс-тіршіліктерімен де терең таныстық. Сергеевка қаласында қоныс аударушыларға арналып 17 тұрғын үй салынып жатыр екен. Шұбарсу ауылынан келген Мөлдір Ізтілеуова, Шымкент қаласынан келген Тәңірберген Тойбаев пен Серік Тоқымбаев, Түлкібас ауданынан келген Нұрлыбек Қисықов бүгінде көштерін түзеп алыпты. Бірінің үйінде сүндет той, екіншісінде тұсаукесер болып жатыр. Қазақы ауыл. Қазақы тұрмыс. Қуандық. Қызықтық.
Қызылжардағы ыстық қауышулардан алған әсер әселдей тәтті еді. Біз жерлестермен қимай қоштастық…

АБЫЗ АҒАРТУШЫ АУЫЛЫНДА

Қиырдағы Қостанай топырағына табанымыз тигенде біздің ойымызға келген ойлар қыруар еді. Өйткені, Қостанай тарихы бай өлке. Мұнда қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, этнограф, жазушы, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин дүниеге келген. Ол Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе уездерінде жаңа мектептер ұйымдастырды. 1883 жылы Торғай облысында қолөнер мектебін ашты. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебінің уығын шаншыды. Оның қаламынан шыққан «Қазақ хрестоматиясы» жалпы қазақ қоғамы мәдениет тарихындағы аса бір жарқын құбылыс болды.
Қадірменді оқырман, жолжазбамыздың осы тарауында неге қазақтың абыз ағартушысы Ыбырай атамызға ерекше тоқталып отырмыз? Өйткені, осы сапар барысында Ыбырай Алтынсарин ауданына арнайы бұрылудың орайы келген.Тобыл өзені бойындағы Мичурино селосы маңында ұлы ағартушының кесенесі бар екен.1991 жылы абыз ағартушының басына қызыл кірпіштен шағын кесене салынса керек. Бірақ, ол құздап, тоза бастаған. Сосын, 2017 жылы облыстық бюджеттен 81 миллион теңге бөлініп, жаңа кесене бой көтереді. Кесене ұлутастан көрнекі етіліп салынған. Биіктігі 18 метр, көлемі 68 шаршы-метр. Кесененің айналасы абаттандырылған, жарықтандырылған. Аудан орталығы – Черваковадағы Ыбырай Алтынсарин ескерткіші тіпті ерекше.
Қостанай десе, біздің ойымызға Шақшақ Жәнібек, Кейкі батыр, ХVІІІ ғасыр ақыны Тәтіқара, қоғам және мемлекет қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлы, Бейімбет Майлин, Спандияр Көбеев, тағы басқалары келеді.
Қостанай десе қазақстандықтар мен шетелдіктер «Сосновый бор», «Жайлау» санаторияларын ойға алады. 1931 жылы ұйымдастырылған «Наурызым» мемлекеттік табиғи қорығында бүгінде өсімдіктің 700-ге жуық, құстардың 250-ден астам, сүтқоректілердің 40, балықтың 10-нан астам түрі бар.
Қостанай облысындағы сапарымызды Сарыкөл ауданынан бастадық. Тәгіл ауылдық округіндегі «Соналы» негізгі орта мектебінің жұмысымен таныстық. Мектеп директорының айтуынша, екі қабатты еңселі мектеп жабылу алдында тұрғанда оңтүстік өңірден келген отбасылардың 19 баласы білім ордасын құтқарып қалыпты. Қазір мұнда 41 оқушы бар. Алдағы уақытта білім ошағын жалпы орта мектепке айналдырсақ деген армандары бар. Ыбырай атамыз жабылудың аз-ақ алдында қалған мектепті көрсе қандай ойда қалар еді?
Ақшолпан Зұлпыхарова Жетісай ауданының тумасы, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің түлегі. Жоғарыда аталған мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданыпты. Жолдасы Ержан Қошақанов «Сатаев» шаруа қожалығына жұмысқа орналасқан. Ержанның ағасы Әлкен Ештаев та осы шаруашылықта еңбек етеді. Ержан мен Ақшолпанның 2 ұл, 2 қызы бар. 400 мың теңгеге 6 бөлмелі үй сатып алыпты. Жетісай ауданы Қазыбек би ауылынан қоныс аударған Тұрсынай Сапарова Өзбекстандағы Достық медициналық колледжін бітірген. Ол да осы мектепте жұмыс істеп жүр. Мектепке химия, биология пәнінің мұғалімдері керек.
Шымкент қаласынан келген Аман Ақыпов та Соналы ауылында тұрады. Ол «Ырыс» бағдарламасымен 6 бұқа, 1 бұзаулы сиыр, 12 жылқы сатып алыпты. Аман осында 500 мың теңгеге үй сатып алған. Артынша інісі Нұрболды қасына шақырыпты. Бүгінде Нұрбол да баспаналы. 4 миллион теңге несие алып, шаруашылығын бастап кетіпті. Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданынан келген Қуаныш Қотанбаевтың да жағдайы кісі қызығарлықтай. 6 баланың әкесі бүгінде 6 сиыр, 40 тауық, 30 қаз асырап отыр. Қуаныш небәрі 200 мың теңгеге баспаналы болған. Келіншегі Ақнұр аспаз.
Сарыкөл ауданының әкімі Амантай Балғарин бізбен жұмысының тығыздығына байланысты жол айрықта жолықты. Ол соңғы екі жылда ауданға 21 отбасы көшіп келгенін айта келіп, білім және медицина саласының мамандарына зәру екендіктерін жасырмады. «Жұмыс істеймін деген адамға қашан да екі күрек табылады. Оларға құшағымыз ашық. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласының мамандары көптеп келсе екен» деген тілегін жеткізді.
Ордабасы ауданы Қарааспан ауылынан келген Берік Қалмырзаев мемлекеттік қызметкер. Ол Қарааспан ауылдық әкімдігінде бас маман, аудандық Жастар орталығында басшы болып жұмыс істеген. Отбасымен көшіп келген ол 5 бөлмелі үй сатып алған. 50 сотық жерге қияр, қырыққабат, болгар бұрышын, 8 сотық жерге картоп егіпті. Қаз-үйрегі тағы бар. Өз ісіне пысық жігітті мұндағылар аттай қалап, Красная Знамя ауылдық округіне әкім етіп сайлап алған. Ал, оның ауылдасы Ғалымжан Әбдіхалықов шаруа қожалығына механизатор болып жұмысқа орналасыпты.
Ы.Алтынсарин ауданы Червакова ауылында біз Келес ауданы Абай селосынан көшіп келген Нүркен Тұрлыбеков бауырымызбен жолықтық. Ол Шымкенттегі медициналық колледжді бітірген екен. «Дипломмен-ауылға» бағдарламасымен осында келген оны ауылдық ауруханаға фельдшер қызметіне жұмысқа қабылдапты. Нүркеннің келіншегі Әйгерім де фельдшер.
Қостанай ауданы Затобольск ауылына Әбдәзім Нарбеков «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты бойынша көшіп келген. Қазір оның бауырлары Абай мен Абзал облыс орталығында тұрады. Жеке кәсіптері бар. Күләш, Үмида, Нүрила атты әпке-қарындастары да өз бизнестерін дөңгелетіп отыр.
– Бізде жер де, жұмыс та жетеді. Облысымызға 2016 жылы 19 отбасы (82 адам), 2017 жылы 30 отбасы (126 адам), 2018 жылы 197 отбасы (927 адам) көшіп келді. 2016-2018 жылдары көшіп келген 1135 адамның 419-ы жұмысқа орналастырылды. 30 адам жекеменшік шаруашылығын ашты. Ал, биылғы жеті айда 96 отбасы (443 адам) қостанайлық атанды. Олардың 137-сі жұмыспен қамтылса, 4-і жеке кәсіптерін ашты. Тағы 4 кісі «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік дағдыларына баулынып жатыр, – деді бізге Қостанай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова.
Гүлнар біздің Түркістан облысынан келгенімізді әуел бастан білетін. Күтіп алғаннан бізге жылы шырай танытты. Сөйтсек, ол кезінде облысымыздың басшысы Өмірзақ Шөкеевпен қызметтес болған екен.
– Өмірзақ Естайұлы өте іскер басшы. Жан-жақты тұлға. Бұл кісі бізге қалай еңбек ету керектігін үйретіп кетті. Шаршамайтын. Күндіз-түні жұмыс істеді. Халықтың қамын терең ойлайтын мұндай азаматтар сирек. Шөкеев шыңға шығатын шынар. Біз оны ұмытпаймыз, – деп сөзін жалғастырды Гүлнар.
Кім өз жерлесінің жетістігі мен жемісін жек көрсін. Ішіміз жылып қалды.
Қостанай да қол бұлғап қалып бара жатты. Қостанай қайыңдары қимастықпен қол бұлғап тұрды…

КӨРІКТІ КӨКШЕГЕ КЕЛ!

Апталық жолдың соңғы күні көш-керуен барын салды: алда көз тартар табиғи сұлулығымен дараланған көрікті Көкше күтіп тұр еді. Табиғаттың өзі бар сұлулықты аямай үйіп-төгіп бере салған ғажайып өлкеге табанымыз тигенше асығып келеміз. Біз қанша асыққанмен, желаяқ көлігіміз жылдамдығын қанша асырғанмен жазиралы жазық жеткізер емес. Мұндайда жолаушының мақсаты жол қысқарту. Оның бір амалы – қиял қанатына мініп, ой самғату.
Иә, көрікті Көкшенің талайлардың көңіл құртына айналғанына талай ғасыр өтті. Табиғаты тамаша, саф ауасы шипа, әр тасы тарихтан тұңғиық сыр шертетін Көкшетауға келушілер осы жерде біржолата қалып кетуді армандайды. Рас, Көкшетаудың жері қандай сұлу болса, ондағы қалың елдің тарихы да қат-қабат тұңған тарих. Тегінде, Көкшетау десе, ойымызға бірден Бурабай түседі. Бірақ, Көкшетау аймағы мұнымен ғана шектеліп қалмайды ғой. Айыртау, Сандықтас, Елікті, Қошқарбай, Желтау, Қасқатау, Мақпалтау, Көксеңгір, Жөкей, Жыланды сияқты жаһұт жер Көкшенің еншісінде. Бұдан Сырымбет, Жалғызтау да тыс қалмайды. Осының барлығының жиынтығы сұлу Көкшені айбарлы етіп тұрады. Көкше дегенде есімізге Ақан мен Біржан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, бұлардың бергі жағында Шал, Орынбай, Қалия, Әміре, Молдахмет түседі. Жер жаннаты – Көкшені көру үшін Жер шарының түкпір-түкпірінен толассыз ағылып жатқандар қаншама. Кербез сұлу Көкшетаудың есен-саулығын білу үшін біз де алыстан ат арытып келеміз.
Жиһангер Шоқан Уәлиханов осы өңірден 15-тен аса аңыз-әңгіме жинаған екен. Соның бірі Абылай ханмен байланысты өріледі. Аңыз былай дейді. Бір жорықта Абылайдың қолына қалмақтың аса ажарлы аруы қолға түседі. Хан қызды батыр жауынгерлердің біріне бермекші болыпты. Сарбаздар сұлу қызды көріп «мен аламын», «мен аламын» деп таласыпты. Сонда, Абылай хан жауынгерлерін ренжітіп алмас үшін «Бұйырдым тұтқын қыздың қалауын» дейді. Тұтқын қыз жауынгерлердің өнерін сынау әрі өз шешімін жүзеге асыру мақсатында үш шарт қояды. Ол Көкшенің ең биік шыңына шығады. Найза ағашқа шәйі орамалын байлайды. «Егер, кімде-кім осы орамалға жебесін қадай алса, мен сол кісінің, мейлі кәрі, мейлі жас демей жары боламын» дейді. Сонда, барлық сарбаз садақтарын алып, жебесімен орамалды көздей бастайды. Өкініштісі сол, сарбаздардың бірде-біреуінің оғы орамалға жетпепті. Содан, кейін бұл тау «Оқжетпес» атанып кетсе керек. Ал, қалмақ қызы сол биіктен төменге өзін-өзі атып жібереді. Қыз құлаған жерде Жұмбақтас пайда болыпты. Расында, Жұмбақтас атына заты сай жұмбақ жаратылыс. Бір бұрышынан қарасаңыз, сұлу қыз да, екінші бүйірден сығаласаңыз, кемпір кейпінде. Бұл тұтқын қыздың тұнық көңілінің лайланғанын білдіретін бүркеншік белгісі ме екен, кім білген?!
…Ақмола облысы Біржан сал ауданы Степняк селосына Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан Әбдірахым Тастамбековтың көшіп келгеніне аса көп уақыт өтпепті. Ол аталған қаладан 2 миллион теңгеге тұрғын үй сатып алады. Үй болғанда қандай! Еңселі. Ауласында қора-жайы бар. Міне, осы үйді кепілдікке қойып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы бес жылға бес миллион теңге несие алады. Қор мамандары да қарап қалмапты, оның қай бағытта мал өсіретінін жіті бақылаған. Талапқа сай келетіндіктен, тиісті қаржысын іркілмей аударыпты. Әбдірахым 20 сиыр сатып алған. Қазақтың ақ бас сиыры деп аталатын бұл ірі қара етті бағытта. Әбдірахымның ендігі ойы жылыжай салу. Бұл үшін жерін сайлап қойған. Ал, жұбайы Лаура Омарова бес саусағынан өнері тамған тігінші. Перде, қалыңдық көйлегін, мектеп формасын тігеді. Шағын үй сатып алып, онысын шеберханаға айналдырыпты. Тапсырыстың көптігінен, тіпті, сенбі, жексенбіде де жұмыс істейтін күндері бар. «Жастар жаңа үлгідегі киімді ұнатады емес пе? Жаңа оқу жылы қарсаңында тапсырыс берушілер қатары қалыңдады» дейді ол тігін машинасын зырылдатып отырып.
Әбдірахым мен Лаураның үш ұлы мен бір қызы бар. Үшеуі де мектепке барады. Оған ауыл мектептерінің басшылары да қуанған. Өйткені, мұндағы мектепте де оқушы саны тіпті аз. Ал, оңтүстіктен келген балалар мұндағы табиғатқа үйреніп те кеткен. Лаураның өзі «Бұлар да біз сияқты адам жатырқамайды екен. Көрші-қолаңмен тату тұрамыз» дейді күлімсіреп. Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов: «Шаруа қожалықтары жетекшілерінің басын қосып, кеңес өткіздік. Асыл тұқымды мал санын көбейтудің жолдарын қарастырдық. Рас, бізде жем-шөп тапшылығы бар. Осы мәселені шешу жолдарын да ойластырдық. Көксеңгірдің кең құлашты байтақ даласы бәрімізге де жетеді. Оңтүстіктен келіп қоныстанамын деушілерге жұмыс тауып бере аламыз» деп отыр.
«Түркістан-Петропавл-Қостанай- Көкшетау» ақпараттық турының соңғы аялдаған жері – сұлу Көкшетау баурайындағы Бурабай курорттық аймағы болды. Сондай-ақ, Зеренді ауданында болып, «Әулиетас» киелі орнымен таныстық. Жергілікті тұрғындар Әулиетасты киелі санайды. Жаугершілік замандарда жауға аттанған сарбаздар тастың іргесіне түнейтін болған. 1941 жылы соғысқа аттанғандар да ата-бабаларының дәстүрін қайталапты. Іргетасы 1824 жылы қаланған Көкшетау қаласын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалым Шойкин арнайы аралатып көрсетіп, журналистерге «Жер жәннаты – Ақмола» атты кітап сыйлады.
Биыл Түркістан топырағынан 68 жас Ақмола облысына келіп, «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түсіпті. Жалпы, 2018-2019 оқу жылында «Серпін-2050» бағдарламасы аясында Ақмола облысында білім алып жүрген жастар 1746-ға жетіп отыр. Соның ішінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде-1356, колледждерде-390 студент білім алуда.
Жастар арасында талаптылары көп екен. Айталық, Әділет Құрманбек былтыр «Жас Отан» Жастар қанатының байқауында «Үздік басшы» номинациясын жеңіп алыпты. Ол Кентау қаласының тумасы. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арнайы барып, еріктілер қатарынан көрініпті. Әділет сияқты белсенді жастарымыздың көптігіне қуандық. Олар республикалық, облыстық байқауларда, жарыстарда топ жарып жүр.
Демографтардың болжамы бойынша 2050 жылға қарай оңтүстікте халық саны 5 миллион 300 мыңға жететін көрінеді. Әрине, жер домалақ болғанымен, үрлеген сайын ісінетін шар емес. Сол секілді жұмыс орындарын да далита беруге болмайды. Осыдан барып жұмыссыздық туындайды. Осындайда еңбек ресурсының теңсіздігін реттеу керек. Бұл қазақыландыру саясатымен астарласқанда ұтарымыз көп.
Ендеше, ойлы жас, көрікті Көкшеге кел!

Түркістан-Петропавл-Қостанай-Көкшетау-Нұр-Сұлтан-Түркістан

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.