НҰРСЕЙІТ ТАМЫ АРХИТЕКТУРАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

  • 02.10.2019
  • 726 рет оқылды
  • 0

Нұрғиса Көшеров,
саясаттанушы

Құрамы өңірлік телеканал операторларынан құралған түсірілім тобымен Әйтеке би ауданының оңтүстігіне бет алдық. Жағалай созылып жатқан Мұғалжар тауының сілемдерін бойлай ағып жатқан Ырғыз өзенін жанамалай отырып жолда қиыршық тас карьерін басып өткен қара жол ашық далаға бастады. Экспедиция мақсаты ауданның камера көзіне ілікпеген тарихи-мәдени кешендерін бір сүзіп өту болатын. Сапар барысында біздің таным көзімізді таң-тамаша күйде қалдырған соңғы ортағасыр ескерткіші өзінің ерекше архитектуралық және ішіне жасырған жұмбақ көрінісімен назарымызды еріксіз аударды. Бұл Қайрақты ауылдық округі, Талдық ауылының батысында 25 шақырым жерде орналасқан Нұрсейіт тамы еді.

Там басына қойылған белгі тақтайшада жазылған мәтіннің жалпы мазмұны былай: «Нұрсейіт шамамен 1750-1850 жылдары өмір сүрген. Нұрсейіттің дүниеде 11 ұлы, 1 қызы болған. Өзінен бұрын қызы дүние салған соң там құрылысына Қарақалпақстан жерінен алдырған сәулетші құрылысшылар тобына басшылық жасап жұмысын аяқтаған».
Нұрсейіт тамы 3-4 шақырымнан көз шалатындай биікке орнатылған. Айналасында басқа мазарлардың ізі білінбейді. Есесіне құрылысқа қажетті топырақ пен сазды сол жерден пайдаландыға саятын тамды айнала бірнеше шұңқыр-ойықтар жатыр. Нұрсейіт тамы төрт қырлы қабырғасынан өріліп шыққан төбесі күмбезденіп біткен. Там құрылысы саз негізді материалдан салынып сырты күйген кірпішпен өрілген. Тамның сыртқы күмбезі мен іші толықтай әктас араласқан топырақпен қалың етіп сыланған. Там алдына жалғаса салынған қосалқы құрылыс адамды еңкейген қалыпта ішіне жетектейді. Құрылыстың жоғары бөлігінде төрт бағытқа ашылған терезелері бар (оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс). Тамда екі адам жерленген. Мәйіттегі үйілген топырақ үсті сазкірпішті қоршау жабын жартыдан жоғары көмкерілген.
А.Бисембаевтың Батыс Қазақстан облысының ескерткіштеріне жасаған зерттеулерінде бұндай жерлеу әдістерінің кездесетіндігін айтады. «Найболее ярким моментом сочетания исламских признаков в одном погребении можно было бы считать присутствие в погребальном комплексе выкладки над могилой и кирпичной ограды…» (А.А.Бисембаев – «Археологические памятники кочевников Западного Казахстана» (VIII-XVIII в. в.) – Орал, 2003, – 187 б.).
Нұрсейіт тамында өзі тектес өзге тамдармен салыстырғанда күмбезінің ішкі бөлігіндегі әшекей өрнектерінде ұлттық болмыспен мүлде қабыспайтын сәулет түрін бірден байқайсыз. Себебі, әдеттегідей кез-келген қазақ мәйітінде кездесетін жарты ай бейнесін бұл жерден көре алмадық. Бір қарағанда эллинизм іздері көзге ұрып тұрған секілді. Дегенмен байыппен зерделесек күмбез асты әдіптелген бейнелер әлемдік діндердің қоспасынан құрмаласып өрнектелген. «Орталық Азияның батыс бөлігінде ислам канондарының ықпалынан көркем өнер үлгілерінде антроморфты және зооморфты сюжеттерді бейнелеуге шек қойылды. Ал, кейбір орталық Азия мен Оңтүстік Сібір жерінде қоныстанған түркітілдес көшпелі халықтар мәдениетіне христиандықтың несториандық бағыты, буддизм және манехейлік діндердің жұғындылары көркем безендіру стильдерінен өз орнын тапты» (Археология степной Евразии. Искусство кочевников Южной Сибири и Центральной Азии. Худяков, 1998, Москва, 79 б). Көріп отырғанымыздай көшпенділер өмір салты, тарихи-мәдени құндылықтары түрлі мәдени орталардың, әлемдік діндердің ықпалымен санқырлы өзгерістерге ұшырап отырды. Оның ішінде көркемөнерде жаңаша эстетикалық келбетін қалыптастыра білген.
Құрылыстың ішкі қабырғасын адам жанының үш түрлі әлемдегі трансы құрсақ, дүния және аспан әлемін сипаттап беріп тұрғандай горизонтальды жатқан үш толқынды сызықтар бөліп жатыр. Мазардың ішкі бөлігінде орта беліне айнала салынған жарты шеңбердің барлығында дерлік жоғары беті мен фигураны вертикальды бөліп тұрған кесінді ирелек толқын тектес. Тек, құрылыстың солтүстік бөлігіндегі фигураның вертикальды кесінділерінің арасын екі бағытты нұсқайтын айырым белгісіне ұқсайтын символдар бөліп тұр. Олардың саны үшеу.
Жарты шеңбер салынған орынға самаурын, құмыра, екі бокал бейнеленген. Одан сәл жоғары кит мүсініне келетін фигураны көреміз.
Жарты шеңбер арасын үлкен толқындар бөліп тұрғандай. Толқын бастарында құмыраға келетін фигураның төменгі бөлігіне бір-бірін қиып өтетін сызықтар түскен. Егер, картинаға объективті жан бітіріп елестетіп көрсек құдды жан-жақтан көмкерген толқындар арасымен қалқып бара жатқан кеме дерсіз. Бірақ шын мәнісінде сәулетшінің түпкі ниеті не болды екен?
Біздің пайымдауымызша қабырғадағы бейнелер пайғамбарлар тарихынан сыр шертеді. Дін тарихында Мұса пайғамбардың еврей халқын перғауын әскерінен құтқару үшін құдайдың құдіретімен Ніл өзенін екіге айырып ашып, ортасынан езгіге ұшыраған еврей халқын алып шығатындығы жайлы қисса кең тараған. Доғал форма өзеннің табаны да, жарты шеңбердің үстіңгі бөлігіндегі ирек сызықтар су толқыны. Енді, осы тұспалмен із салатын болсақ онда үш жерде кезігетін кит тәрізді бейне Киттің ішінде үш күнін өткізген Жүніс пайғамбардың қиссасын жырлап тұр деп санаймыз.
Құрылыстың орта белінен жоғары күмбезінде үш бөлек бедерленген үлкен шеңберлерді байқайсыз. Шеңбер сақиналарының саны жеті. Сырт шеңберде күн шапағы кестеленген. Ортасында бес қырлы жұлдыз бейнесі бар. Дәл осы картинаны қалған сақиналы шеңберлерденде көресіз. Бір шеңбердің қалғандарынан ерекшелігі онда бес шекті жұлдыздың орнына алты шекті гексаграмма немесе Дәуіт пайғамбардың жұлдызы көрініс тапқан.
Егер, картинаның сөзбе-сөз тәржімасын жасар болсақ Күн жүйесіндегі жұлдыздар деген мәтін шығар еді. Соңғы орта ғасырда Күн жүйесі жеті планетадан тұрады деген аксиома тұрақты бекіген еді. Бұл жөнінде қазақтардың аспан әлемі туралы түсінігінде де 7 қат көк деген тіркесті жиі естуге болады. Ал, шеңбердің ортасында орналасқан бес шекті жұлдыз аяқ-қолы жан-жаққа созылған адам мүсінін еске салады. Кезінде Леонарда да Винчи суретін салған «Ветрувиан адамы» бес шекті жұлдыз формасы дәл осы. Ал, Ветруви антика дәуіріндегі сәулетші болатын. Әл-Фарабидің еңбектерінде де адам мен аспан әлемі арасынан байланыс іздеу орын алған. Осы теория бойынша сақиналы шеңберлер ортасында орналасқан бес шекті жұлдызда адам бейнеленген деп алсақ, онда үлкен аспан әлемі макрокосм мен кіші әлем адам микрокосм арасындағы байланыс деп атай аламыз. Үшінші сақиналы шеңберлер ортасындағы гексаграмма, яғни, алты шекті жұлдыз көптеген мәдениеттерде кездеседі. Бірақ бұл жердегі объективті картина мазмұны жерлеу рәсімі болғандықтан дін философиясына ең жақыны Дәуіт жұлдызы немесе Дәуіт қалқанына тоқталамыз. Сондай-ақ, мұндай тоқтамға келуіміздің басты себебі – сәулетшінің қарақалпақ жерінен шақыртылуы. Тарихта «бұқарлық еврейлердің» қазіргі Өзбекстан жерінде ауа жайылғандығы белгілі. Бұдан шығатын қорытынды сәулетшінің өзі еврей болғандығы немесе иудаизм мәдениетіне құлай құштар болған адам екендігі. Күмбездің ұшар басында тағы екі жерде кішірек шеңбер орналасқан. Оның ішіндегі сақиналар саны төртеу. Жалпы бес жерге орналасқан сақиналы шеңберлер әл-Фараби танушы ғалым Ақжан Машанише айтқанда дүниенің бес тетігі, субстанциясы, стихиясы жер, су, от, ауа және бесіншісі осыларды басқаратын, иелік ететін эфир немесе кеңістік санымен пара-пар.
Бір бойына бірнеше құбылыстарды сыйғызған там жел, су әсерінен қирап түсу алдында тұр. Күмбезінің ұшар басының жиектері сетінеп, қабырғасында тігінен үлкен жарықшақ пайда болған. Қазақ даласында кезіге бермейтін мәдениет үлгісін келер ұрпақ үшін сақтап қалу қажет-ақ.

САРЫБҰЛАҚ ТҰРАҒЫ

Ежелгі адамдардың жаңа мекендерді қоныстану жорығының басты жолсерігі ретінде оның аш құрсағы мен тәбетін алдыңғы қатарға қоямыз. Азық іздеу жолында кезіккен жыртқыш аң-құстан, меншік құқы жолында себезгілеп оянған «менікі» сезімі тудырған өзі секілділермен жауласып қалу қорқынышы, түптеп келгенде жеке басына төнетін қауіп үрейі күрделі әлеуметтік құрылымдарға бірігіп, қауымдаса өмір сүруге бейімдеді. Қауымдық құрылыс әлеуметтік жауапкершілікті туындатып, отбасы институтының берік іргесін қалады. Ал ажал алдындағы дәрменсіздік мәртебелі сезімдерді оятты.
Алғаш Адам атаның ұрпақтары Қабыл бауыры Абылды ішін өртеген қызғаныш сезімінің буымен ұрып өлтіріп қандықол атанғалы бірнеше мыңжылдықтар өтіп үлгерді. Адамзаттың даму тарихында осы қисса дін қызметкерлерінің уағызында алғаш қан төгілген оқиға ретінде баяндалады. Сол заматта бауырының жансыз кеудесін қайда жасырарын білмей аласұрған Қабыл жемтігін жерге көмген қарғаның әрекетін қайталап бауырының денесін жерге жасыратыны жайындағы қисса кең таралған. Жер бетіне жамандық атаулының дәнегі себілген осы кез адам ішіндегі әбжыланды оятқанымен бірге оның сана деңгейінің пердесін де жұлқи ашып тастағандай. Бұл жайт тек ақыл-ой төмендігіне ғана меңземейді, сонымен бірге болмысқа үңілу, тіршілікті түсінуге жасалған алғаш қадам еді деп пайымдай аламыз. Адамзат даму тарихын діни философия салған белдік бойымен тарататын болсақ дәл осы жайт жалпы адамзат ақыл-ойы неше мың эволюциядан өтіп бүгінгі биігіне жеткендігін айшықтап тұр. Біздің он бір жылдық оқу бағдарламасы, одан кейінгі бакалавр дәрежесі үшін тер төгуіміз, жалпы білім беру жүйесі сайып келгенде түп-тұқияннан бүгінгі күнге дейінгі жинақталған ілім-білімнің қалың қоймасын алдымызға жайып салып тұрған жоқ па? Миымыздағы қыртыстардың қатпарлана түскендігі үшін арғы ата-бабаларымызға қарыздар екендігімізді бір сәтке ұмытпауымыз керек. Бұл бейнелі түрде эстафета ойынын еске салады. Құрамы бірнеше адамнан тұратын екі топ бәйге сызығына дейін өзіне белгілеп берген шеңберден шықпастан бір-бірінің қолынан алған доппен мәре сызығына дейін ұмтылушы еді ғой. Адамзат ақыл-ойының даму тарихыда бірнеше кезеңнен өтіп қордаланған білімнің, тәжірибенің арқасында қоршаған ортаны игеруі де тереңдей түсті. Күнделікті тұрмыста туындаған мәселелер өзінің қажеттіліктерін іздеуге жол ашып бейтаныс жерлерді меңгеруге итермеледі. Адамды алға жетелеген негізгі фактор оның асқазаны болды. Қарны ашқанда қоярға жер таппай қол созым жердегі жеуге келерлік жеміс атаулыны қылғыта отырып өзінің өзен жағалай бірнеше шақырымды артта қалдырғанын сезбей де қалды. Осылайша кең алқаптар мен жазықтар артта қала берді. Жеміс ағашындағы қол жетпес жерде өскен өскінді түсіру үшін алғаш қолданылған тал шыбықтары кейін епті қолда жан-жануардан қорғану үшін қажетті қаруға айналып үлгерді. Адам атадан тараған ұрпақ өсіп-өнем дегенше де мыңжылдықтар өтіп жатты. Қауымдағы адам санының өсуі, «асқазан» сұранысының артуы жаңаша мәселелерді туындатты. Бос құрсақ жаңа белестерді бағындыруға итермелеп, терімшілікпен қоса аңшылық қасиеттерге ептейлі адам санаттарын алға шығарды. Тұрмыс тудырған кәсіптің берері көп еді. Ауланған жемтік қауымның тәбетін қанағаттандыра отырып кезекті жаңа міндеттер легін алға тартты. Өзен-көл жағалаған алғашқы адам өкілдері кезіккен жануарды қуып келіп кеткенде айдалаға шығандап шығып із шалу әдісіне дағдылана бастады. Сөйтіп дала кезіп жүріп белгілі бір мекеннің аумағын жадына сақтай отырып айсыз түнде жол тауып жүре алатын жағдайда жетті. Осы уақытта өзі секілді аңшылар тобымен жолай жолдары тоғысқан жағдайда «меншік» сезімі ушығып бір-бірін қынадай қыруға әзір болды. Сірә, меншік ұғымы осындай жағдаяттарда туындаса керек. Дегенмен ол кезеңдерде бұлшық ет меншік құқығын анықтайтын еді. Ал, меншік қанқасаптың бастауында қалып жеңімпаз иеге бұйырды. Ежелгі адамдардан әділеттілік жайында сұрар болсаң күшке негізделген пәлсапасын соғары анық қой. Орта ғасырлардағы әділеттілік қанға-қан заңдылығы арқылы сипатталды. Капиталист үшін әділеттілік меншігіне қол сұқпаушылық деп түсінуі мүмкін. Біздің күнімізде құқықтық мемлекетте барлығы заң шеңберінде ғана шешімін табады. Әйтсе де күш көрсетіп қалу факторларында жие кездестіруге болады. Оны арғы тегімізге тартып туған табиғилығымыздан көреміз.
Алғашқы адам үшін өзен бойы тек тіршіліктің көзі ғана болып қоймай, жаңа географиялық мекендерді ашу жолындағы алғышарттардың бірі болды. Ағын-судың оңтүстіктен солтүстікке қарай бағытталуы қоныстану үрдісін анықтап отырды. Алыстан мұнартып көрінген көкжиек ежелгі адамдарды тамсандыра ақыл-ойын алысқа жетелегенде шығар. Астатөк жеміс-жидектер мен түс ауа сусындау үшін суаттарға құлайтын жануарлар үйірі өзен-көлдердің маңыздылығын артты. Оның үстіне кезігетін жыртқыш аңдар әлеуметтік құрылымның өзегін бұрынғыдан әлдеқайда күрделендіре түсті. Меншіктен туындаған жанжал мен жыртқыш аңдардан қорғану өзара бытыраңқы әлеуметтік жүйені қауымдаса өмір сүруге үйретті. Сыртқы жаулардан қорғану қауымның тіршілігін жалғастыра отырып өзін сақтап қалудағы басты мәселеге айналды. Қатал әрі өзгермелі ортада жан сақтап қалу сезімі біртіндеп әлеуметтік қатынастарға себепкер болды да ол ұжымдық санаға негіз қалады. Ал ол болса қауым ішіндегі сатылы-иерархиялы тізбекті дүниеге әкелді.
Жер бетіндегі адам қаңқа сүйектерінің әр жерден табылуы олардың жас шамасын анықтауды кейінге шегере береді. Қазіргі ғылым бекіткен ерте палеолит дәуіріне дейінде адамзаттың алғашқы өкілдерінің жер басуы мүмкін ғой. Бұл салада табылған артефактілерді жүйелеп тізімдейтін орталық жұмыстары әлі де баяу. Себебі әр елдің ғылыми меншікке деген өткір талаптары мен имидждік жобалары адам баласының жер бетіндегі жасын дәл анықтауға кедергі болуы да кәдік. Сол себепті біздің жыл санауымызға дейінгі мыңжылдықтар тарихы әлі бірнеше есе жазылатынына күмәнім жоқ. Бір нәрсе айқын. Алғашқы өкіл шығыс жерінде тіршілік құрып оның зәузаттары батысқа қарай ауа жайылғандығы. Себебі археологиялық қазба жұмыстарынан бөлек шығыста ашылған алғашқы өркениет орындары ғалымдарды осы тұжырым төңірегінде топтасуға мәжбүрледі. Тигр мен Евфрат қос өзен аралығын жайлап тұңғыш мемлекет құрған Шумерлер өзіне дейін жинақталған ілім-білім арқасында бір орталықтан бағынатын ел бола білді. Ал Египет пирамидалары сол дәуір адамдарының ғылымда алға озып сәулет өнерінің таңғажайып үлгілерін дүниеге әкелгендігін бар ғаламға жар салуда.
Ғылыми ортада ежелгі адамдардың «жабайылығы» туралы қоздырғыштар жиі-жиі бас көтеріп гипотезаға айналудың шақ алдында тұр. Ендігі жойқын ақпараттық шабуыл алдында дәрменсіздік танытқалы тұрған саналы адам теориясы жан сақтау бөлімінен бірақ шықпаса болғаны. Шын мәнісінде түр-тұрпаты жабайы көрінген адамның жан-дүниесіде жабайы болдыма. Осы сауал көз алдыңда көлденеңдеп жаңа міндеттер жүктейді. Ол үшін өзіңді мыңдаған жылдарға кейінге тастап жапан түзде шыбын жанның қамы үшін алғашқы қадамыңды неден бастайтындығына ой жүгіртіп көріңізші? Барша тіршіліктің бастауы суы бар жерді іздеп кетер едіңіз ғой. Қатты қарның ашса шөп-шаламға қарамай қылғыта отырып, дала бүлдіргені мен жиде ағашын іздеп жан сауғалауды ойлайсың. Қарның қанағат таппаса жол үсті қоян, киік ізін шалып тағы біраз уақытың зымырай шыққанын сезбей қаласың. Әйтеуір ақырында айдалада жаңа төлдеген киік лағын оп-оңай ұстап алып енді боршалайын десеңіз союға құралыңыз жоқ. Қайтпек керек? Әрине кескіні келіскен тасты құрал ретінде пайдаланып әлгі олжаңды тағам етіп әзірлеуге қам жасайсың. Айдалада сақал-мұрт, шашың желбірей өсіп, денеңді түк басқан кейіпте киіктің төлін бауыздап отырған сәтіңізде қазіргі замандасыңыз үстіңізден түссе сіз жайындағы алғашқы ойы қалай өрбитіні айтпаса да түсінікті шығар. Көп нәрсеге бүгінгі күннің биігінен қарап дұрыс үңіле алмай жүргеніміз де содан болар.
Еңбек құралдары жасалған материал негіздеріне қарап дәуірлерді (палеолит, мезолит, неолит) хронологиялық шекараларға бөліп қарау оларды ұбақ-шұбақ біртұтас кезеңдер деген ой елес береді. Ежелгі адамдардың ақыл-ойы эволюциялық жолмен баяу дамығаны белгілі. Бір-бірінің арасын мыңдаған шақырымдар бөліп тұрған қауымдарда ақпарат алмасу баяу жүрген еді. Бірінің тұрмыстағы ілгерілеушілігі екіншісіне жетем дегенше ондаған, тіпті жүздеген жылдар ара салды. Мәселен тау бөктерлерін мекендеген ежелгі адамдар тастың құрамындағы ерітінділерді өзінің жазық даланы мекендеген замандастарына қарағанда ерте біліп меңгерген. Сөйтіп құрамы мыс пен қалайының қосындысынан тұратын қола дәуірі сахнаға шығып жүзжылдықтарға созылды. Жердің бір ендігінде қоладан тұрмыстық бұйымдар мен қару-жарақ өндіріп жатқанда келесі бір қиянда тастан жасалған қару-жарақ асынған адамдар күнелтіп жатты. Ботай тұрағынан табылған жылқының қаңқа сүйектеріне қарап ғалымдар алғаш аттың қолға үйретілген жері Қазақстан деп тұжырым жасауда. Қалай болғанда да бұл Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың арасында жылдам байланыс орнатуға жол ашқан оқиға болды. Ал Жезқазған өңірінен археологиялық қазба жұмыстары кезінде қола дәуіріне жататын ұстахана орындарының табылуы осыған дейін қалыптасқан стереотиптердің күлін аспанға шығарды.
Алғашқы қауымдық құрылыс адамдарының санасына енуге тырысу тек олар қалдырған заттай жабдықтар мен бейнелі мүсіндері арқылы ғана мүмкін. Жорамалдардан құралған пайымдар жасау нысананың ондық жүйесін қақ ортасына көздегенмен қиыстау кететін тәжірибесі ортанқол садақшының ісі секілді. Оны мойындау керек…
Ерте және орта палеолит дәуірінде Орта Азияны мұздықтар басып жатты. Кейінгі және бастапқы мезолитте мұздықтар еріп күннің күрт жылынуы бет алды. Шығыстан үдере көшкен тайпалар қазіргі Қазақстан жеріне екі бағытта келіп қоныстанды. Бірі оңтүстік маршруты болса, екіншісі Каспи теңізін жағалай отырып Батыс аймақтарды мекендеді. Мезолитте күн ерекше жылып барлық даланы шуағымен қыздырып тұрған шақ еді. Ежелгі тайпалар ауа-райының қолайлы мезгілінде бір жерде ұзақ тұрақтамай үнемі қозғалыста болды. Қазақстан жерінен мезолит тұрақтарының аздап табылуын ғалымдар осы жайтпен байланыстыра қарайды. Әйтсе де Қазақстанның Батыс бөлігіндегі археологиялық қазба жұмыстарына ғалымдар жеңді түре кірісті деп айту қиын. Сол себепті де табылған тұрақтар саны әлі де өсе беретін болады. Ақтөбе өңірі бойынша 1978-1981 жж. Р.Сегедин жүргізген зерттеулер нәтижесінде Мұғалжар тауы, Темір өзенінің бойы, Маржанбұлақ ауылы, Әйтеке би ауданындағы Шідер, Бақсайыс өзендерінің бойынан найза, жебе ұштары, қырғыш тас пластинкалары табылды. Сондай мезолит дәуіріне жататын тұрақтардың бірі кезінде Қостанай облысы Торғай даласынан да табылған еді. Торғай даласына көршілес жалғасып жатқан Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданындағы кейінгі палеолит және мезолит дәуіріне жататын жәдігерлер мен тұрақтар жеткілікті деңгейде зерттелмей келеді. Осы күнге дейін тек шолу түріндегі ғылыми ізденістер жасалып толыққанды тұжырым үшін деректер қорының таяздығы білініп отыр. «Весьма перспективным для исследования палеолита является территория Орь-Иргизкого междуречья. Данный регион рассечен узкими порой каньонообразными долинами ее правых притоков – Баксайс, Уймола, Карабутак, Кайракты, Балаталдык, Улыталдык, – и отвершков Шет-Иргиза. Разведки, проведенные в данном регионе, показали наличие каменного века периода голоцена» (Мамиров Т.Б., Баиров Н.М. – Палеогеографические условия Мугоджарских гор в эпоху палеолита. Материалы VII Симпозиума. 2015 год). Т. Мамировтың зерттеулерінде аталған тұрақтардың түгелге дерлігі Әйтеке би ауданының территориясында орналасқан.
Сарыбұлақ – ежелгі адамдар мекені
Алғаш жергілікті мектеп мұғалімі Сарыбұлақ құмынан тастан жасалған жебе, кейін найза ұштарын тауып, ол көпшіліктің игілігіне айналғанша тас дәуірі тақырыбы жабулы күйінде қалып келді.
Кейін бұндай «оңай олжаның» бірнешеуі табылып қызығушылық арта түсті. Жергілікті телеарна операторлары арнайы түсірілім жасап эфирден орын берді. Публицистикалық мақалалар шоқты үсті-үстіне үрлей бастады.
Сарыбұлақ құмынан табылған тас ғасырына жататын қашалған найза, жебе ұштары жылтырата өңделген. Тұтас бір дәуірге атау болып тағылған осынау тас құралдары жоғары талғаммен орындалғаны көрініп тұр. Шебер өңделген қару бұйымдары көз алдыңда ұсталықта әбден төселген адам сұлбасын кейіптейді. Әрі өңдеуге икемді тасты таңдауда кейіпкеріміздің талғамы таңдай қақтырады. Қаруды жылтырата өңдеу бастапқы неолит дәуірінде шыңдалып сәйкесінше шикізат ретінде кремний тектес минералдар мен жыныстарды, кварцты қолданды. Тасты бүгінгі біздердің арнайы құралдарсыз шетін сындырмастан ұштау қолымыздан келмесі анық. Оған ежелгі адамдар епті қолдарымен қанша уақытын пида еткендігі де беймәлім.
Сарыбұлақ құмы ені мен ұзындығы 2,5-3 км созылған. Егер атаудың топонимикасына назар аударсақ, «сары» сөзі ұшы-қиыры жоқ кең-дала немесе сусыз, елсіз қаңырып бос жатқан жер деген мағына береді. Ал бұл арада «сары» сөзі құмға меңзеп тұр десек қателеспейміз. «Бұлақ» бүгінде бітелген, тек орны ғана сақталған. Жергілікті тұрғындар қысқы мал азығына көп қам жасай қоймайтындығы құмды жердің қысының жайлылығын көрсетті. Әрине бірнеше мыңжылдықтар көлемінде осылай болды деп тап басып айта алмаймыз. Дегенмен, Сарыбұлақ тас ғасыры адамдарының уақытша тұрағы болғандығын қолдағы деректер растайды. Оның үстіне Сарыбұлақтың оңтүстігіндегі жақпар тасты Ырғыз өзенінен осы күні екі үңгірдің орны белгілі. Бірі Үңгіртас атанып кеткен орын, екіншісі Ырғыз өзенінің бір сағасы Бала Талдық өзенінің бойында орналасқан. Көлемі 200-250 км радиустағы тұрақтар тас дәуіріндегі ежелгі адамдардың қонысы болды деп болжам жасай аламыз. Құмның жанын ала жайғасатын үлкен алқапты сор кезіндегі тұзды көлдің орны іспетті.
Ежелгі Қазақстан жерін мекендеген саналылар осы жерде тұрақтап ұрпақ өрбітіп, тіршілік ареалын одан ары кеңітуге тырысқан да шығар, мүмкін, жаңа көкжиектерге қарап тұрып жаңа қоныстар ашуға сабылған да болар. Бәлкім, күллі Түркі жұрағатының арғы ататегінің негізі ежелгі Қазақстан жерінде қалыптасып, тарихтың ұрымтал тұсын көздеп әлемге өздерін жария етуді көздеген болса ше? Бір білетініміз, Қазақстан жаҺан мәдениетінің ажырамастай бөлігі ретінде адамзат өркениетінің іргетасын қалауға үлес қоса отырып, өзі үлкен тарихтың мұрагері болды. Бүгінгі біздердің ежелгі адамдар мекендеген жерлерді қайта қоныс етіп, олардың іздерін түгендеуге кірісуіміз оларға рухани жақындығымыздан болса керек.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.