ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ КИЕЛІ МЕКЕНІ

  • 02.10.2019
  • 1311 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Азамат ОМАРОВ,
журналист

Ұлы даланың қайталанбас руханияты мен киелі мекені Түркістан өлкесі екені ертеден Түркі әлеміне белгілі. Түркістан шахары ұлаң-ғайыр заманнан – тұнып тұрған ежелгі тарих. Баптардың бабы Арыстан, оның шәкірті Қожа Ахмет Яссауи бабаларымыздың рухтарын құрметтеп, киелі жердің руханиятына тағзым етіп жүрген абзал жандар жеткілікті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан елді мекенінің жаңадан облыс деңгейіне ашылуына себеп болды. Қасиетті ел, киелі жер, елдің таусылмас бұлағындай ырзық. Осындай қасиеттілік Қазақ еліне бірінші Құдайдан, екінші Ата-баба рухынан дарығаны ақиқат. Осыған орай, киелі еліміздің қасиетті жері Түркістан облысының полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Сұлтанбайұлы Дәлбековпен сұхбаттасқан едік.

– Қайрат Сұлтанбайұлы, өзіңіз басқарып отырған облысқа бай-ланысты сауал. Республикамызда жаңа облыстың қалыптасуы Полиция қызметіне қандай өзгерістер алып келгені туралы айтып өтсеңіз?
– Әрине, Ішкі істер департаментінің Полиция департаменті болып өзгеруі және облыстың атауы мен орталығының ауысуы, Түркістан облысы Полиция департаменті болып қайта құрылуы облыс орталығына оң өзгерістерді алып келді. Яғни, бұл өзгерістер қазақстандық полицияны реформалаудың аясында жүзеге асты. Ұлтымыздың көшбасшысы айтқандай, Түркістан қаласы ғасырлар бойы Қазақ хандығы мен түркі әлемінің саяси және рухани өмірінің жүрегі болып келген. Оның осындай мәртебе иеленуі киелі мекеннің әрі қарай қарқынды дамуына жағдай жасап, қалаға жаңа да айрықша мүмкіндіктер ашты. Бұл тұрғыда Полиция департаменті қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыспен күрес бағытында өз жұмысын жалғастырып, қаланың қалыпты әлеуметтік-экономикалық жаңғыруына тұрақты серпін беріп, 2 миллионға жуық тұрғыны бар облыстың өмір сапасын жақсартуға, қылмысты болдырмауға жағдай жасауда. Сонымен қатар, қарқынды даму кезеңіндегі киелі мекенге облыс сақшыларының келіп, тұрақтауы қаланың дамып, қылмыстардың азаюына айтарлықтай әсерін тигізуде. Оған қоса, жаңа облыс орталығында сақшылар саны артып, полиция басшылары қылмыстардың алдын алу жағын бақылауда ұстауда. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Страте-гиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында тәртіп жоқ жерде қоғамдық тұрақтылық пен экономикалық дамудың болмайтындығы туралы айтқан сөздерін ескеретін болсақ, облысымыздың қарқынды дамуы үшін өңірдегі қоғамдық тәртіптің тұрақты болуы басым бағыттардың бірі екені сөзсіз.
– Биылғы жылы заңсыздықтар мен бұзақылыққа қарсы қандай жұмыстар атқарылды? Сонымен қатар, өткен жылға қарағанда қандай өзгерістерді байқауға болады?
– Ағымдағы жылдың 7 айы ішінде қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға, заңсыздықты болдырмауға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған бірқатар тиісті іс-шаралар қабылданып, нәтижесінде өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда қылмыс санының едәуір азайғанын байқауға болады. Мәселен, 2018 жылдың 7 айымен ағымдағы жылдың 7 айын салыстырғанда құқық бұзушылық 20,8 %-ға, оның ішінде аса ауыр қылмыстар 31,5%-ға, орташа ауыр қылмыстар 27,6 %-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 29,1%-ға төмендеген. Жыл басынан бері облыс көлемінде қылмыстың алдын алуға бағытталған көптеген республикалық және облыстық жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Атап айтар болсақ, «Борышкер», «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Құқықтық тәртіп», «Арқан», «Тұрмыс», «Зорлық-зомбылық» секілді түрлі алдын алу жедел профилактикалық шаралары облысымыздың барлық аймағын қамтыды.
Мал ұрлығының алдын алуға бағытталған күндізгі және түнгі уақыттарда рейдтік іс-шаралар іске асырылуда. Мал тасымалдайтын көліктер тоқтатылып, тыңғылықты тексеріліп тұрады. Мәселен, мал ұрлығы қылмыстарына қарсы қабылданған жедел-профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде облыс көлемінде мал ұрлығы бойынша жасалған қылмыстар саны 30,1 пайызға төмендеп отыр. Сонымен қатар, мал ұрлықтарының ашылу көрсеткіші де 71,7 пайызға өсті. Мұның өзі қызметін асқан табандылықпен атқарып жүрген полицейлеріміз үшін жақсы көрсеткіш.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойыша, осы жыл Жастар жылы екенін білесіз. Жастар жылы бойынша, сонымен қатар, көптеген жүйелі түрде ел арасында айтылатын мәселе, полиция мен жергілікті халықтың арасындағы сенімділік, ашықтық бойынша қандай нәтижелі іс-шаралар орындалуда?
– Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назар-баевтың 2012 жылдың 12 сәуіріндегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында осы өңірдегі тарихи, сакралдық және мәдени орындары бойынша жеке құрамның экскурсиялары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мектеп оқушылары да тарихи танымдық саяхаттар жасады. Облыс полицейлері 16 ауданда Алғыс айту күнінен бастап бүгінгі таңдағы «Мектепке жол» акциясына дейін аз қамтамасыз етілген отбасыларға, олардың мүшелері мен балаларына материалдық көмектер көрсетті және бұдан былай да мұндай қайырымдылық істері жалғаса бермек.
«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» ҚР Заңы мен «Жастар жылында» жастарды қолдау мақсатында ағымдағы жылда ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында «Парасатты полицей» республикалық байқауы өткізілді. Сонымен қатар, Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне арналған және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өзге ұлттардың салт-дәстүрімен жақын таныса отырып, тілдер мерекесінің мәртебесін көтеру мақсатында «Ұлтым өзге – тілім бір» тақырыбындағы байқау ұйымдастырылуда.
Көк туымызды көкке желбіретіп, еліміздің және облысымыздың атын баршаға паш етіп жүрген спорт саңлақтарымыздың еңбектерін де осы жерде айтып өткен жөн. Олардың соңғы жарыстағы жетістіктеріне тоқталсам, жуырда Талдықорғанның төрінде өткен республикалық қазақ күресі мен самбо сайысында 57 кг салмақ дәрежесімен І-орынды полиция аға лейтенанты Мұхтар Әбдіхалықов, 82 кг салмақ дәрежесі арасында ІІІ-орынды полиция аға лейтенанты Жәнібек Айдарбек, 100 кг-нан жоғары салмақ дәрежесі арасында І-орынды полиция капитаны Сабыржан Әбілдаұлы, 90 кг салмақ дәрежесінде қазақ күресінен ІІІ-орынды полиция сержанты Алиакбаров Ерболат жеңіп алып, жүлдемен оралды.
Біздің спортшы полицейлеріміздің әлем біріншіліктерінің жүлдегерлері, Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпаздары екендігін мақтанышпен айтамын. Оған қоса, спорттың бірқатар түрлерінен спорт шебері атанған тәжірибелі спортшылар, кәсіби мамандар.
2019 жылдың 27 ақпанынан бастап полиция қызметкерлерінің өмірі мен қызметі туралы ашық есік күндеріне бағытталған – «Бізді таны» акциясын, көпбалалы және жесір аналарға моральдық және материалдық қолдау көрсету тұрғысындағы «Көмекке қол ұшын соз» атты түрлі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Балаларды мектепке шақыру» мен «Мектепке жол» атты акция аясында қамқорлық жасау, материалдық көмек көрсету мақсатында 16 ауданның қолайсыз отбасында тәрбиеленіп аз қамтылған отбасыларына жәрдем берілді. Мәселен, тамыз айында Сарыағаштық сақшылар «Мектепке жол» акциясы барысында полиция бөлімінің мәжіліс залына аз қамтылған 10 отбасы балаларымен бірге арнайы шақырылып, мектепке қажетті кеңсе заттары салынған сөмке табысталса, Келес ауданы №1 О.Есімов атындағы орта мектептің оқушысына, Төлеби ауданының тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынның 1 сы-ныпқа барғалы жатқан ұлына мектеп формасы мен спорттық киімдер, кеңсе заттарын үйіне алып барып, тосынсый жасап табыстап қайтты. Сонымен қатар, Созақ ауданы полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары полиция подполковнигі К.Қамшыбеков, Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта мектебінің оқушыларына, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына, ер балалар мен қыз балаларға арналған мектеп формалары, спорттық киімдер, спорттық аяқ киімдер мен күз, қыс мезгіліне арналған жылы сырт киімдері, қысқы аяқ киімдері толығымен табысталып, полицейлер өз қаражаттарына қайырым-дылық көмектерін көрсетті.
«Қауіпсіздікті қорғау» тақырыбында да түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, «Көктем басталды» атты тазалық акциялары да жиі өткізіледі. 2019 жыл «Жастар жылы» деп жариялануына байланысты ай сайын жас мамандардың өмірі мен қызметіне бағытталған мақалалар, әлеуметтік желі мен БАҚ-та кеңінен жарияланып тұрады. Полицейлер еліміздегі құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жергілікті тұрғындардың үй-жайлары мен «Аулаларды аралау» секілді бірқатар рейдтік іс-шараларды атқаруда. Сонымен қатар, «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз жол», «Абайлаңыз-балалар!», «Заңсыз келуші», «Мигрант», «Браконьер» секілді түрлі жедел профилактикалық іс-шаралары үнемі атқарылып келеді. Мектеп демалыстары кезінде ішкі істер органдарында есепте тұрған және қолайсыз отбасыларда тұратын кәмелетке толмағандардың бүкіл бос уақытын ұйымдастыруды қамтамасыз ету бойынша лагерьлерге барып түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, жол қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Азаматтардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету де біздің назардан ешқашан тыс қалған емес. Оған байланысты атқарылатын іс-шаралар бізде бірінші кезекте орындалады. Мәселен, «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Құқықтық тәртіп» секілді жол апаттарының алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды жиі жүргіземіз. Сонымен қатар, ай сайын қатарынан екі күн бойы азаматтар үшін өткізіліп тұратын «Жолда қабылдау» акциясы мысал бола алады. Бүгінгі таңда бұл акция республикамыздың бүкіл аймақтарында ұйымдастырылады. Кез-келген қатысу-шы, әрбір республика азаматы өзінің полиция департаментіне барып қабылдауға жазылып, ұзын-сонар кезекке тұрмай-ақ, бірден қажетті сұрақтарына, көптен бері көкейінде жүрген мәселелері бойынша құқық қорғау органдарына жүгінуге толықтай мүмкіндік алады. Себебі, акция еліміздің әрбір халық көп шоғырланған аймақтарында арнайы ашық аспан астында, таңғы сағат 9:00-ден кешкі 19:00-ге дейін көпшілікке тиімді жұма мен сенбі күндері өткізіледі. Күні бойы тұрғындардың талап-тілектерін тыңдайтын тәртіп сақшылары темір тұлпар иелерімен жүздесіп, апаттардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жолға қатысты заң аясындағы мәліметтермен алмасады. Сондай-ақ, ең бастысы жүргізушілерге қауіпсіздікті қаперден шығармау керектігін ескертеді.
Ағымдағы жылдың наурыз айында біздің полицейлер жүргізушілерді тоқтатып, өздері дайындаған дәмді бауырсақтарды ұсынды. Әрі жол ережесін сақтап, тәртіп бұзбау жайлы түсіндірмелерді жүргізіп, әрбір жүргізушінің қолына жол ережелері жазылған брошюраларды ұсынды. Тәртіп сақшыларының күре жолдың бойында әрбір көлікті тоқтауының негізгі мақсаты азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау және тұрғындарға құқықтық көмек көрсету еді. Азаматтардың жеке жауапкершілігін сезіндіріп, жол апатының алдын алу. Акция барысында әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері мен жол-техникалық инспекциясының мамандары жүргізушілер мен жолаушылардың сауалдары мен өтініштеріне жауап берді. Оған қоса «Автоураган» жылжымалы кешені де акция аясында өз мүмкіндігін көрсетті.
Полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында, бүгінгі күнге дейін түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Біріншіден, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ағымдағы жылдың сәуір айында ҚР Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «Полицияның жұмысы қоғамның жіті назарында. Сіздердің қызметтеріңіз ел азаматтарының мүдделерімен және қауіпсіздігімен тығыз байланысты. Сондықтан, Ішкі істер министрлігінің жұмысы айқын әрі жүйелі болуы керек. Полиция ашық болуы тиіс. Бұл үшін халықпен тығыз байланыс қажет», деп шегелеп айтқан болатын. Басшымыздың бұл сөзін одан әрі мүлтіксіз орындап, жоғары деңгейде іске асыру мақсатында ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғымбаев өз қызметкерлеріне халыққа жақындау, жұртшылықпен қарым-қатынасты күшейту, полицияны ашық ету мақсатында тікелей тапсырмалар беріп, жүктелген міндетті одан әрі іс жүзіне асыру мақсатында жүйелі шешімдер қабылдауда.
Бұл сөзіме дәлел ретінде азаматтар үшін өткізіліп тұратын Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, Түркістан облысының Полиция департаменті жанынан 2019 жылдың 25 ақпанында ашылып, іске қосылған фронт-офиске келіп кез-келген тұрғын өзінің арызын қалдыруға немесе бұрынырақта жазған арызының орындалуы жайлы білуге мүмкіндік алады. Фронт-офистің жұмысын жіктеп айтар болсақ, фронт-офис жүйесі арқылы арызданушы немесе өтініш, тіпті алғыс білдіргісі келген азаматтар бірінші кезекте дәл сол жерде санаулы уақыт ішінде тіркеуге алынады. Тіркеуге алынған құжат Полиция департаментінің тиісті бөлімдеріне сол сәтте жөнелтіледі. Оған Жергілікті полиция қызметінің, Әкімшілік полиция басқармасының, Анықтау басқармасының, Тергеу басқармасының қызметкерлері және Құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімінің мамандары тиісінше, заң аясында жауап береді. Сол жердегі мамандар келген әрбір тұрғынға кеңестер мен түсіндірмелер беріп, бағыт-бағдар көрсетеді. Құжаттары тіркеуге алынған соң мейлінше қысқа мерзімде азаматтардың мәселелері қаралып, арызданушыға сапалы әрі нақты жауабы беріледі. Осы процестерді орындайтын, Полиция департаменті жанынан ашылған «Фронт-офис» ел игілігі үшін, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, арыз-шағымдарын қанағаттандырып, халықпен етене араласудың бірден бір қазықты қадамдарының бірі болып отыр. Бұл өз кезегімізде халыққа жақын болып, өз міндетімізді адал да абыройлы атқаратынымыздың кепілі.
Полиция қызметкерлерінің халық арасындағы сенімділігін арттыру мақсатында Түркістан қаласында негізгі бағыты полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге арналған консультативтік-кеңесші органы құрылды. Консультативтік-кеңесші органдардың шешімі кеңес беру жағын қамтамасыз етеді. Олар полиция өміріне, қызметіне бағытталған мемлекеттік саясат пен сұрақтардың полиция қызметінің ашықтылығы мен тазалығы, қоғамның полициямен бірге өзара қарым-қатынасын, ҚР азаматтарының құқығы мен бостандығын қамтамасыз етеді. Органның құрамына облыстық мәслихаттың депутаттары, ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдары, кәсіпкерлер мен тағы да басқа ұйымдардың өкілдері кіреді.
Бүгінгі таңда облыстағы қылмыстық ахуал  бірқалыпты. Облыс тұрғындары мен қонақтары өздерін толықтай қауіпсіз әрі жайлы сезіну үшін бұдан ары қарай барлық қажетті іс-шараларды кезеңімен іске асырып, орындаудамыз. Мамыр айының соңында Сайрам аудандық полиция басқармасының кезекшілік 102 нөміріне жергілікті кәсіпкерден үйіне қарақшылар шабуыл жасады деген хабарлама келеді. Оқиға орын алған жерге шұғыл түрде жедел-тергеу тобымен бірге өзім де бардым. Жәбірленушілердің сөздеріне қарағанда қаруланған және бетперде киген белгісіз адамдардың қарақшылық шабуыл жасаған кезінде үйдің ішінде, күйеуі мен әйелі және кәмелетке толмаған үш баласы болған. Ер азамат қарсылық көрсетіп үйдің ішінде айқай-шу шыққаннан соң, қарақшылар ештеңе алып үлгерместен көліктеріне мініп іздерін суытқан.
Департаментте қылмыстың қатаң-дығын ескере отырып, облыстың криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерінен және Сайрам АПБ-нің тәжірибелі тәртіп сақшыларының арасынан арнайы топ құрдық. Қылмысты ашумен қатар қылмыскерлерді ұстау үшін үш күн жұмсалды. Осы күн ішінде полицейлер көршілерден сұрақ-жауаптар алып, маңайдың барлығын тегіс шолып шығып, қылмыскерлердің жолдарының барлығын зерделеді. Нәтижесінде біздің тәжірибелі полицейлер қысқа мерзімнің ішінде ауыр қылмысты ашты. Аталмыш жайт бойынша бес күдіктіні ұстадық. Күдіктілердің төртеуі бұрын ұрлық пен тонау бойынша сотты болғандар екендігін анықтадық. Сондай-ақ, өздеріңізде білетін шығарсыздар, аты шулы Арыс қаласында болған инкассаторлардың өлімі бойынша да күдіктілерді дер кезінде іздеп тауып, құрықтадық. Күдіктілердің мекен-жайын анықтау мақсатында, сонымен бірге ауданнан барлық шығар жерлерді, аймақтарды, көшелер мен қиылыстарға қойылған бейнекамераларды тексеріп, куәгерлерден сұрақ-жауаптар алып, қажетті деген шараларды іске асырдық. Инкассаторларды іздеуге Арыс АПБ-нің, Криминалды полиция басқармасының полицейлері мен Полиция департаментінің басқа да құрылымдарының полицейлері жаппай жұмылдырылды. Күдіктілерді құрықтап, тиісті материалдарды сотқа жолдадық.
Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының Республикадағы туристік бес аймақтың рейтингінен көрінуі – қуантарлық жағдай. Демек қалаға қонаққа келіп жатқан қонақтардың легі, одан сайын көбейері сөзсіз. Осы тұста полицейлердің де яғни, тіркеу, құжат дайындау секілді көші-қон қызметі басқармасының қызметтер қатары жоғарылайды. Қаланың көп жерлерінің мекен-жайын біле бермейтін туристер үшін бұл қиынның қиыны. Сонымен қатар, ҚР-ның халықаралық имиджін және туристік тартымдылығын арттыру мақсатында, қонақтарға қажетті қызметтерді жоғары деңгейде жасау, уақыттарын үнемдеу үшін ҚР-ның Премьер-Министрі А.Маминнің тапсырмасын іске асыруға сәйкес, ағымдағы жылдың 3 сәуірінен бастап Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында туристік полиция құрылды. Осыған сәйкес қазіргі уақытта туристік полиция жобасы іске асырылып, туристерге, қала қонақтарына қызмет етуде.
Түркістан облысы Полиция департаментінің туристік бөлімшесі 10 қызметкерден тұрады, оның 5 бірлігі «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесінде болса, қалған 5 бірлік Отырар ауданы «Арыстан баб» мавзолейінде. Әр обьектіде модульдік түрдегі стационарлық бекеттер орналастырылып, жұмыс режимі бейнетіркегіштермен, планшеттермен, рациялармен жабдықталған және «Tourist Polise» жазуымен нысанды киімдермен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, Түркістандық туристік полиция қызметкерлері өздерінің кәсіби және қызметтік қасиеттері жоғары болуымен қатар, туристермен қарым-қатынас жасау үшін бірнеше тілді меңгерген, тарихты біліп, туристерге туындаған мәселелерін шешу үшін өзге құрылымдармен өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз етуде қызмет жасауға дайын.
Бүгінгі таңда біздің негізгі міндеттеріміздің бірі – халықтың құқық-тық сауаттылығын арттыру. Департамент тарапынан бұл бағытта полиция қызметкерлері халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, халыққа заңгерлік қызмет көрсету, арнайы ұйымдастырылған іс-шараларды атқару секілді жұмыстары жүргізіліп келеді. Мәселен, сақшылар білім ошақтарына арнайы барып, семинарлар, дәрістер өткізу арқылы өскелең ұрпақтың, студент жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатындағы жұмыстарды жасауда. Бұл мақсаттағы жұмыстар біздің тарапымыздан ұдайы ұйымдастырылып, жиі өткізіледі және бұдан әрі де өз жалғасын таба береді.
2019 жылдың 7 айында 120-дан астам рейдтік іс-шара өткізілді. Сондай-ақ, менің тарапымнан қарамағымдағы қызметкерлерге жеке құрам арасында заңдылық пен тәртіпті сақтау жөнінде шолулар мен нұсқау хаттар жолданып тұрады. Түркістан облысы Полиция департаментінің және төмен тұрған құрылым жеке құрамы қызметкерлерімен жедел кеңестер өткізіліп, полиция қызметкерлерінің заң бұзушылықтары мен оларға тағайындалған жазалар бейнеленген бейнероликтер көрсетіледі. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде, оны болдырмау турасындағы сабақтар ұйымдастырылады, жиналыстар өткізіледі.
Ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастап өзімнің әлеуметтік желідегі «Фэйсбук» пен «Инстаграм»-да жеке парақшам ашылды. Онда әлеуметтік желі қолданушыларының басым көпшілігі полиция қызметіне байланысты ізгі тілектерін айтып, парақшаның ашылғанына алғыстарын білдірді. Аталған парақшам арқылы күнделікті желі қолданушыларымен, азаматтармен оларды толғандырған мәселелері бойынша сұхбаттасып, өтініштерінің, талап-тілектерінің орындалуын тікелей өзім бақылауға аламын. Желі арқылы маған жолданған кез-келген сұраққа дер кезінде жауаптар жолдаймын, құқықтық сауаттылықтарын арттыруға көмектесемін. «Облысымыздағы поли-цейлердің қызметіне көңілдеріңіз толады ма? Сіздің ойыңызша полицей қандай болуы керек» деген, секілді түрлі сұрақтарды желі қолданушыларына қойып отырамын. Желі қолданушыларына өзімнің арнайы сұрақтарымды жолдау арқылы көп жағдайда, қарапайым азаматтардың шынайы пікірлерін білемін. Бұл мен үшін аса маңызды. Себебі, полиция ашық болуы үшін халықтың ой-пікірімен санасып отыруы тиіс. Халықтан асқан жоғары билік, сыншы жоқ! Қарапайым халықтың көзқарасымен, пікірімен санасу арқылы олардың мәселелеріне терең сүңгіп, оңды шешілу жолын қарастыруға болады. Мен үнемі қолданатын, ел аузында жүрген жақсы бір мақал бар, «Қалыптан безсең де, халықтан безбе» деген, сондықтан, халық кез-келген азамат үшін ең жоғары орында тұруы тиіс. Қалпыңды жоғалтсаң да, халқыңды жоғалтпауға тиіссің.
Өздеріңізге белгілі ішкі істер органы қызметінде жұмыс істеу оңай емес, артылған жүк ауыр. Өміріңе қауіп төніп тұрғанын білсең де қылмыскерді ұстауға тиіссің, ажалмен бетпе-бет келетін сәттер де болады. Нендей жағдай болмасын тәуекелге бел буып қоғам тыныштығы үшін қызмет етесің. Елімізде мерекелер болып, демалыс уақыттар берілген кезде біздің мамандық иелері демалудың орнына күшейтілген режимде жұмыс жасайды. Қауіпті аймақтарға барып қызмет атқарады. Төтенше жағдай бола қалса да, полиция қызметкерін кездестіресіз.
– Төтенше жағдай демекші, елімізді дүр сілкіндірген Арыс қаласындағы жойқын жарылыс жөнінде айтып берсеңіз?
– 24 маусым күні болған Арыс қаласындағы жойқын жарылыс кезінде полицейлер әскерилермен бірдей қызмет етті. Жарылыс болған күні өзім де бірден сол жаққа жол тарттым. Жарылыстан шошып қалада қалып қойған тұрғындарға, егде жастағы азаматтар мен денсаулығы сыр берген жандарға полицейлер қаланың қауіптілігіне қарамастан ас-суларын қамтамасыз етіп, қажетті көмектерін көрсетіп тұрды. Тіпті, арыстық әжейге қысым өлшейтін құралы мен дәрі-дәрмегіне дейін жеткізді. Арыс қаласындағы тәртіпті қадағалау үшін 300-ден астам полицейлер кезең кезеңімен сол аймаққа жіберіліп отырды. Сондай-ақ, жарылыс кезінде ерліктерімен көзге түскен полицейлер де ауыз толтырып айтатындай. Мәселен, Арыс АПБ-нің полиция лейтенанты, криминалист Әмір Әліхан Мекембайұлы ата-анасынан көз жазып қалған 2-3 жасар баланы дер кезінде тауып алып, 5 шақырымнан астам жерге, яғни қауіпсіз аймаққа алып барған. Сонымен қатар, жаяу бір өзі 100-ге жуық арыстыққа бағыт-бағдар беріп, жалғыз өзі жол бастап, оларды бірнеше шақырым жердегі қауіпсіз аймаққа көшірген.
Сақшылардың батырлық әрекет-тері мұнымен толастамайды,
Түркістан облысы патрульдік полиция қызметкерлеріне 24 маусым күні арыс-тық жергілікті тұрғын хабарласып, жарылыс кезінде 80 жастағы әжесін жоғалтып алғанын жеткізеді. Полицейлер Арыс қаласын қарауылдау барысында жоғалған тұрғынды тауып, өзге қаладағы туыстарына дін аман табыстайды. Сондай-ақ, тұрғындар қайта үйлеріне келген сәттен бастап полицейлер Арыс қаласында «Жолда қабылдау» акциясын бір ай бойы ұйымдастырып, Арыстағы тыныштық пен қауіпсіздікті қатаң бақылауда ұстады. Қазіргі таңда маңызды жұмыстар өз жалғасын табуда. Жарылыс болып, жан-жаққа бас сауғалаған жергілікті тұрғындар алдында да тәртіп сақшылары өз қызметтерін мінсіз атқарды.
ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғым-баевтың бастамасымен Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын Арыс қаласында жарылыс салдарынан жапа шеккендерге аударды. ТО ПД-нің полицейлері күні-түні Арыс қаласы мен көшелерін қарауылдап, қоғамдық тәртіпті сақтап, өзгенің мүлкін ұрлау сияқты деректерді болдырмау мақсатында іс-шараларды үздіксіз жүргізіп тұрды. Тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшірілген сәтте, мал-мүліктеріне қарап, ұрылардың жолын кесті. Осы бойынша бірнеше ұрлық жайттары тіркеліп, заңды шешім қабылданды. Мәселен, Арыс қаласындағы әскери бөлімшеде орын алған жарылыста тұрғындар қашып жатқанда, өзге арам пиғылдылардың қараусыз қалған тұрғын-үйлер мен басқа да ғимараттарға, малға ұрлыққа түскен деректері тіркелді. Жойқын жарылыс болған күні Арыс-Шардара тас жолында «Блок-Постта» тұрған Арыс АПБ-нің және Түркістан облысы ПД ЖППБ батальон инспекторлары күдік тудырған автокөлікті тоқтатып, тінту-тексеру жұмыстары барысында көліктен ұрланған заттар мен жүксалғышынан 1 қой тапты. Полицейлер анықтағандай, ұрланған заттар мен 1 бас қойды күдіктілер Арыс қаласынан алып шығып келе жатқан. Дәл жарылыс болатын күні Мақтаарал ауданының тұрғындары, 3 бірдей жас жігіт Арыс қаласындағы таныстарына барып қайтпақ болып, Арысқа жолға шығады. Қалаға жеткенде жарылыс болғанын, тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшіріліп жатқанын көреді. Төтенше жағдай кезінде тұрғындардың өздерінің тұрғын-үйлері мен дүкендерін тастап кеткендерін байқаған жігіттер, осы сәтті өз пайдаларына жаратпақ болып, ұрлық жасау ниеті туындап, алдын ала сөз байласып, түрлі сусындар мен азық болатын заттарды жасырын түрде жымқырып, автокөліктерімен оқиға орнынан бой тасалаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 75 000 теңгені құрады. Мұндай деректер ҚР ҚК-нің 188-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілердің кейбіреуі ҚР ҚПК-нің 128-бабы «Ұстап алу негіздері», 132-бабы «Ұстап алынған адамның жеке басын тiнту» баптарына сәйкес ұсталып, Ордабасы АПБ-нің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Автокөлік Арыс АПБ-нің тұрағына қойылды. Жарылыс кезінде ұрланған барлық заттар заттай дәлелдеме ретінде алынды және иелеріне тапсырылды.
Түркістан облысы Полиция депар-таментінің Техникалық қызмет көр-сету басқармасының полицейлері де өздері тарапынан Арыс қаласының тұрғындарына азық-түлік алып барып, ыстық тамақтарын таратты. Мінеки, тізбектеп айта берсек полицейлердің түрлі жағдайларда, апатты сәттер мен қауіпті аймақтарда асқан табандылықпен қылмысқа тосқауыл болып, адамдардың өмірін бірінші кезекке қойып, олардың қауіпсіздігі үшін бастарын қауіп-қатерге тіге отырып қызмет етуі, атқарылған жұмыстардың бір парасынан-ақ белгілі. Жалпы, полиция қызметкерінің сабыр, төзім және қажыр-қайрат, білім мен білік, білек пен шапшаңдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті де бойынан табылып отыруы тиіс.

Алдыңғы «
Келесі »