ҰЛЫ ДАЛА ҰЛДАРЫН ҰЛЫҚТАЙЫҚ

  • 02.10.2019
  • 758 рет оқылды
  • 0

Қуанышбай Орманов,

журналист

Кеше ғана республикалық баспасөз беттерінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласы Елбасымыздың бұған дейін ел құптаған «Мәдени мұра» бағдарламасы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласымен қосылып, қазақтың болашағы, ел қамын, ертеңін ойлайтын адамның елге, қай қазақтың болса да құлағына салып, жүрегіне жеткізсем деген үлкен еңбегінің қорытындысы сияқты. Себебі, ол кісі бұл мақаласын: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деп аяқтап, болашақ ұрпақ тәрбиелеу жұмысына атсалысып жүрген – көздері ашық, көкіректері ояу азаматтарға, ата-аналарға, ұстаздарға, ғалымдарға, жалпы зиялы қауым өкілдеріне үлкен жүк артып отыр. Бұл оңай жүк емес. Мақаланы толығымен, зерделеп оқып шыққан кім болса да Елбасымыздың осы ойын терең түсінуі керек болар. Себебі, онда біздің ұлтымыздың болашағы, ұрпағымыздың ертеңі жайлы сөз айтылып отыр. Мақаланың негізінде, қазақ баласы ешкімнен кем болмаса екен деген ой жатыр. Қазақтың тарихы мен мүмкіндігін терең сезінген жас ұрпақ көптен озса екен деген ой қозғап отыр Елбасымыз. Біздің бала кезімізде: «Ана жерде татар тұр, басқалармен қатар тұр, мына жерде орыс тұр, басқалардан озып тұр» деген салыстырмалы мадақ айтатын ұстаздарымыз. Бүгінде, орыс пен татардан басқалар анағұрлым озып кетті. Елбасымыздікі, қазақ балаларын сол озғандар қатарынан көрсем деген ой. Сөз жоқ, бұл арман. Келешек ұрпақтың міндеті – осы арманды шындыққа айналдыру. Ол үшін білімді болу керек, оқу керек, елдің кешегісі мен бүгінгісін жақсы білу керек. Ең бастысы елін, жерін сүюі керек, елдің кешегісін жақсы біліп, оны мақтан етсе екен, дейді ол.
Өз мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы, күннің шығыстан шығып, батысқа қарай тарайтыны сияқты өркениеттің де шығыстан туындап, «…содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Терістікке таралады…. протоммемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстанның аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр», – дейді. Білген адамға, ол шынымен де солай. Біле-білсек, біздің ең үлкен мақтанышымыз да сол. Әлемдік өркениеттің дамуына ең көп үлес қосқандар да – біздің бабаларымыз. ХVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген дүниеге танымал ғалымдар өркениеттің басы Ұлы далада жатқанын айтып та, жазып кеткен болатын. Тек біз соны елге жеткізе алмай, бабаларымыздың қол жеткен табыстарымен мақтанып, әлемге жар сала алмай отырмыз. Оның толып жатқан себептері бар. Біріншісі, оны біздің өзіміз де толық білмейміз. Бабаларымыздың өркениетке қосқан үлестерін мадақтауды бүгінге дейін үкімет те, ғалымдарымыз да өздеріне нақты міндеті етіп қоймады, Мысалы, бір ғана Қойшығара Салғараның, әсіресе, соңғы жылдары жазған еңбектерін орысшаға, басқа да тілдерге аударып, олардың қолдарына жеткізгенде, талай ел қазақтың кім екенін, оның тарихы мен ерліктерін, өркениетке, ғылымға, мәдениетке қосқан қыруар үлестерін біліп, біздің елге деген көзқарастарын әлдеқашан өзгерткен болар еді. Астанада Аманкелді Нарымбаева деген қарындасымыз бар, арийлерден бастап, ежелгі түріктер мәдениеті жайлы орыс тілінде керемет-керемет еңбектер жазған. Бірақ, оған кім жүйелі түрде баға беріп жатыр? Әсіресе, орыс тілді баспасөз қазақ ғалымдарының не жазып жатқанын насихаттамақ түгіл, ол ғалымдардың аттарын да, еңбектерін де атамайды. Неге сол еңбектерді ағылшын, басқа да тілдерге аудармасқа. Дүниежүзіне қазақты, оның бабаларын таныту, мойындату үшін оларға қазақ жайлы сол өздерінің тілінде еңбектер беру керек. Ол үшін арнайы орталық ашып, оның ғалымдарының алдарына нақты міндеттер қою керек болар.
Ел тарихы, болашақ ұрпаққа мақтаныш бола алатын тұлғалар, олардың дүниежүзі өркениетіне қосқан үлестері жайлы мен де екі-үш кітап жаздым. Бірақ, оларды саралап, ғылыми түрде баға бере алатын бір орталық болмағаннан кейін, ол кітаптар елге тарамай, қолымызда қалып қойды. Біздің ғалымдарымыз ежелгі түріктердің табыстары жайлы талай еңбек жазып, әрі қарай бара алмай-ақ қойды. Себебі, олар қазақ тілінен басқа тіл білмейді. Болмаса, біздің бабаларымыздың тындырған істері шынымен де мақтанарлық, мақтауға тұрарлық. Шамам келгенше мен осы ойды дәлелдеп көрейін. Бұл ойларды мен өзімнің «Тұран өркениетінің ізімен» және «Ат жалындағы өркениет» деген еңбектерімде кеңейтіп жазған болатынмын. Сонымен:
1. Біз Азия құрлығын мекен етеміз. Осы құрлықтың аты біздің бабаларымыздың істеріне тікелей байланысты. Қазақтың ұлы тарихшыларының бірі Әлкей Марғұлан өзінің 1998 жылы жарық көрген шығармалар жинағында: «…Яксарт өзеніне қарай ағатын өзендердің бастауында жатқан Қазақ қыраттары антикалық жазушыларға «Аспазия», немесе «Скиф» таулары деген атпен белгілі еді», деп жазады. Сайып келгенде, біздің өлкемізді «жылқышылар елі» деп атап отырған біз емес, «Илиаданың» авторы Гомер. Ол дегеніңіз біздің жыл санауымыздан мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген ғұлама ғой. Ал, ол ғұламаның заманында біздің өлкемізде өмір сүрген индо-арий, индо-иран халықтарының тілінде жылқыны «ащва», «ас» деген екен. Сол «ас»-тан барып, біздің бабаларымыз мекен еткен құрлық «Ас» – «Аспазия» – «Асия» – «Азия» деп атап кеткен, дейді біраз зерттеушілер. Яғни, біз қазір Азия құрлығында – жылқышылар елінде, жылқышылардың жерінде өмір сүріп жатырмыз. Алматы, Жамбыл облыстарында «Асы» деген жайлаулар бар. Бұл да сол жылқышылардан қалған атаулар. Мерке жақта «Аспара» деген өзен де бар. Ескі иран тілінен аударғанда бұл сөз – атқа қонған жер деп аударылады екен. Бұл тағы бір рет біздің бірінші болып атқа қонғанымызды көрсетсе керек.
Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы жылқы малын жай ғана өсірген жоқ, оның сүтін сусын, етін тамақ етті. Біртіндеп жылқыны көлік ретінде, мініске пайдаланды. Бара-бара жылқыға ауыздық пен ер ойлап тауып, әскери атқа айналдырды. Озық ой деген осы емес пе? Атқа отыру үшін бұтқа шалбар ойлап тапқан да біздің бабаларымыз. Жылқының негізінде құралған әскердің арқасында біздің бабаларымыз Ұлы даланы толығымен өздерінің қол астына қаратты. Ұлы дала ғана емес-ау, сол атты әскердің арқасында түріктер Еуразия құрлығының жартысынан көбін ат тұяғының астында қалдырды. Ол жайында Еуропаның атақты философы Карл Ясперс: «Орталық Азиядан шығып, Үндістан және Еуропаның елдеріне басып кірген көшпенділер (ұлы мәдениет иелері жылқы малын пайдалануды солардан үйренген еді) дамудың үш саласынан табысқа жетті. Көшпелі халықтар ат жалын тартып мініп, дүниенің кеңістігін игерді. Олар ежелгі Ұлы мәдениет иелерінің елдерін жаулап алды. Олар үстем нәсіл өкілдері ретінде дүниеге ерлік пен қасірет ұғымын бірге алып келген болатын…», деп жазды (К.Ясперс. Смысл и назначение жизни. – М. «Политическая литература», 1993.).
Жоғарыда атап өткендей біздің бабаларымыз атқа өздері ғана мініп, атты әскерді өздері ғана пайдаланған жоқ. Олар басқаларды да атқа мінуге, атты әскер құруға үйретті. Еуропаның көптеген елдері, төрт дүниені қолына қаратқан атақты Александр Македонскийден бастап, талайы далалықтардан жылқы ғана сатып алған жоқ, олар біздің бабаларымыздан толығымен атты әскер де сатып алып жүрді (В.Б. Ковалевская. Конь и всадник (пути и судьбы) М. Наука. 1977). Мына қасымызда жатқан Қытай да атқа мінуді біздің бабаларымыздан үйренді. Қытайдағы қазақ тарихшысы Зейнолла Сәнік: «Жібек жолының ең алғашқы сілемі Чаң Ән (бүгінгі Чи Ән) мен Дун Хуаң арасында, яғни, Хан елі мен Сақ, үйсін елінің аралығына түседі. Жібек саудасы да ең әуелі осы екі ел арасында – үйсін елінің тұлпарларын Хан елінің жібек бұйымдарына ауыстырудан басталды. Ол кезде «Тәңір тұлпар» атанған үйсін елінің жылқылары Хан елін қатты қайран қалдырған. Сондықтан, патша Хан Удидің өзі бас болып оны жырға қосқан. Хан дәуіріндегі «Ханнама», музыка дерегінде айтылған жырлардан тартып, Таң дәуірінің әйгілі ақындары Ли Бай, Ду Фуларға дейін жылқы туралы айтылған жырлардың сабақтастығы үзілмеген. Айталық, «Тұлпар жыры» атты өлеңінде атақты Ли Бай:
Кісінейді тұлпарлар,
Айдаһардай ойқастап.
Көздері отша жайнайды,
Адамға ғажап ой тастап.
Кеудесі қаздай қалқиды.
Құйрық-жалы төгіліп.
Аузынан көбік шашады,
Меруертке көміліп, – деп толғанса,
ақын пір атанған Ду – Фу:
Ферғана, Худың аттары
Сымбатына адам тойғандай.
Неткен әсем сүйегі,
Қылышпен кесіп қойғандай.
Құлақтары біздиген,
Бейне қамыс кескендей,
Төрт тұяғы лапылдап,
Самал жел болып ескендей…» деп Үйсін мен Батыс өңір елінің аттарын таңдана, тамсана жырға қосты (Зейнолла Сәнік, Тұғырыл хан. Демежан батыр. Алматы. 2005).
Біздің бабаларымыздың атты әскерінің күші мен ерлігі жайлы Вавилон тарихын терең зерттеген поляк жазушысы Зенон Косидовский кезінде былай деп жазған болатын: «Қап тауының арғы жағынан жабайы скиф тайпаларының алапат тасқыны басталып, көп ұзамай олардың соғыс жалыны Мидия мен Ассирияны шарпыды. Олар Иерусалимнен өтіп, Ніл өзенінің жағасына жеткенде бір-ақ тоқтады. Ассирия патшасы Ниневия қамалына тығылып, жан сақтады. Біраз жылдардан кейін скифтер өздерінің тауларына қайта оралғандарына қарамай, таланған ел көпке дейін ес жия алмады (З.Косидовский. Библейские сказания. М. «Политическая литература). Бабаларымыздың ерліктері жайында мұндай дәлелдер жетіп жатыр. Бірақ, біздердің мектеп оқулықтарында біздің бабаларымыз емес, олардың аттарының тұяғының астында қалған ассириялықтар мен мидиялықтарды оқытып келеміз. Ежелгі түріктерді мадақтау міндетті түрде ең алдымен мектеп оқулығынан басталуы керек емес пе?!
Скифтердің ерліктері жайындағы жазулар тіпті Христиан дінінің бас кітабы «Библияда» (Інжілде) да жеткілікті. Ол жайында Жылқы тарихын терең зерттеген В.Б. Ковалевская «Інжілден» алдым деп, былайша жазады: «Біз үшін бұл тайпалар Еуразия жазығында кеңінен белгілі болған ең бірінші атты әскер жасақтаған, содан барып Алдыңғы Азия ғана емес, бүкіл оңтүстіктегі елдерде ерекше із қалдырған. Ол туралы «Інжілдің» өзінде «Орныңнан тайсаң болды, солтүстік жақтан алапат көп атты әскер келеді. Аттары құстай ұшқыр, қос аяқты арбалары құйын туғызып, өздері бұлтша қаптап келеді. Енді біз талан-таражға түсеміз. Вавилондықтар, білген жөн, олардың қорамсақтары кімді болса да бірден жұтып қоюға әзір тұрған табыттай, ат үстіндегі алапаттардың қолдарында садақ пен найза, өздерінің түстері суық та рақымсыз, қатқыл шыққан дауыстары теңіз үніндей тербеліп, олар сендермен соғысуға келеді (Конь и всадник (пути и судьбы) М. «Наука», 1977.).
«Библия» (Інжіл) демекші, Ұлы дала төсі алғашқы діндердің де отаны. Шығыста қалыптасып, Ұлы далаға жайылған «Тәңіршілдік» дінін дүниежүзіндегі алғашқы діндердің бірі деп түсінсек, одан кейін бой көтерген дін – «Күнге табынушылар» (Зороастризм) діні деп түсіну керек болар. Күнге табынушылардың пайғамбары – Зәрдөш пайғамбар. Сол, «Күнге табынушылар» дінінің пайда болып, өріс алған жері Ұлы дала төсі. Ол жайында ағылшынның иранист ғалымы Мэри Бойс «Зороастрийцы: верования и обычаи» деген еңбегінде: «Зәрдөш пайғамбардың өмір сүрген уақыты ерте заман болғаны соншалықты, оны тіпті ізбасарларының өздері жете білмейді. Содан, барып ғасырлар бойы Иранның көптеген өлкелері Зәрдөш пайғамбардың қасиетті Отаны атануға таласты. Біразға дейін Иранның солтүстік батысында жатқан Әзербайжан Пайғамбардың туып-өскен жері деп есептеліп келді. Ал, пайғамбардың жазып қалдырған гимндерінің (ұрандарының) мазмұндарына қарағанда, оның Отаны Еділ өзенінің шығысында жатқан Азия даласы сияқты». Еділ өзенінің шығыс жағындағы Азия даласы дегенің – біздің еліміз, біздің жеріміз емес пе?! Сонда Зороастр (Зәрдөш) пайғамбардың өмір сүрген жері, Ахура мазда дінінің пайда болып, ел арасына кең қанат жайып, оған бас иушілерді жақсы ойға, жақсы сөзге, жақсы іске бастаған жер Ұлы дала төсі болып шықпай ма?! Осы дін ғой, бір жерде – Тұран төсінде отырған бір халықты – бірін тұрандықтар, екіншісін арийлер деп екіге бөліп жүрген. Олардың бірі (тұрандықтар) малшылар да, екіншісі – егін салатын (отырықшылар) арийлер болатын. Олар да, тек дінге сенімі болмаса, біздің елдің тумалары. Олар өздерінің тұрған, өмір сүрген өлкесін «Арьянам вайчах» – «Арийлердің өлкесі», «Арийлердің жері» десе, мал бағып, көшіп жүретін халық өз мекендерін «Тұран» «Тұрлардың өлкесі» деген. Иран атауының түбінде осы «арий» сөзі жатыр. «Арий» – Арья» – «Иран» болып келеді. Олай болса, бүгінгі Иран жұртының шыққан жері де Ұлы дала екенін еске салғанымыз артық болмас.
Ирандықтар ғана емес, біздің даладан талай халық көшіп кетті. Біздің дәуірдің бесінші ғасырының орта шенінде, атақты Еділ ханның қалың қолмен Еуропаға қуып барып жүргені осы біздің елден кеткен халықтар болатын. Еділдің мақсаты, сол далалықтарды Рим империясының қыспағынан босатып, әрқайсысының өз алдына ел болып, кеуделерін көтеруге көмектесу еді. Ондағы ойы – Ұлы дала ұрпақтары ешкімнен езгі, қорлық көрмей, ел қатарлы өмір сүрсін, деген болатын (Тап осы ойды Бату арқылы Шыңғыс хан да жүзеге асырғаны белгілі). Өзінің өліп кеткені болмаса, Еділ хан айтқанына жетті. Ұлы патша Рим империясын күйреткеннен кейін Ұлы даладан шыққан талай ел қазір өз алдына ел болып отыр.
Еуропаның атақты тарихшысы Эдуард Гибон өзінің «Закат и падение Римской Империи» деген еңбегінде, нақ өлер күнінде Еділ ханның Рим папасы Лев біріншімен үлкен бір Келісім-шарт жасасқаны туралы жазады. Тіпті кейбіреулер екі ұлы адам бір ел болуды жоспарлаған еді, деген де ой айтады. Бірақ, ол келісім-шарттың нақты мазмұны әлі күнге дейін бізге белгісіз. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласының көмегімен Ватиканнан Еділ хан мен Ватикан папасы Лев біріншінің сол Келісім – шартын тапса ғой, Ұлы патша Еділ хан туралы талай тарих беттері ашылар еді, біздің бабамыздың Еуропалықтар үшін, дүниежүзі үшін кім екені айқындала түсер еді.
Еділ хан бастаған ғұндардың сол табыстары жөніндегі қысқаша деректерді 1972 жылы жарық көрген «Нибелунгтар жайлы жыр» (Песнь о Нибелунгах) деген еңбекте (редакциясына жетекшілік еткен орыс академигі В.М. Жирмунский) былай келтіріледі:
Австрия – Еділ ханға (еуропалықтар оны Этцель дейді) бағынышты бір ел:
Валахия – одна из подвластных Этцелю народностей;
Вальтер Испанский – королевич, в юности живший при дворе Этцеля в качестве заложника;
Венгрия – одна из подвластных Этцелю страна;
Вербель – один из шпильманов Этцеля;
Гибих – король, один из знатнейших вассалов Этцеля;
Гран – резиденция Этцеля, ныне город Эстергом в Венгрии (Венгриядағы Эстергом мен Вышеград қалаларының ортасында, биік жотаның басында алып қамалдың қабырғалары ғана қалыпты. Мен ол қамалды өз көзіммен көрдім) ;
Греки – один из подвластных Этцелю народностей;
Дитрих Беренский – глава амелунгов, король Берна, сильнейший из вассалов Этцеля;
Иринг – маркграф – датчанин на службе Этцеля;
Ирнфрид – ландграф тюрингский, вассал Этцеля;
Киевская земля – одна из подвластных Этцелю страна;
Немцы – германская народность, подвластная Этцелю;
Поляки – славянская народность, подвластная Этцелю;
Рона – река во Франции, западная граница владений Этцеля;
Русы – славянская народность, подвластная Этцелю;
Тюринги – подвластная Этцелю германская народность… Осылай кете береді. Міне, мұның барлығы Еуропаның көптеген халықтарының ата-тегі біздің Ұлы даладан шыққанын көрсетсе керек. Олар бұл жерге өздері ғана келген жоқ, Ұлы даладан алған жетістіктерін, оның мәдениетін де ала келгені белгілі.
Өз мақаласында Елбасымыз: «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқан емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған», – деп жазады. Солардың бірі мыс өндіру. Ол жөнінде осыдан оншақты жыл бұрын орыс ғалымы Е. Черных Москвадан шығатын «Знание – сила» деген журналда «Эпоха бронзы начинается в Каргалах» деген мақаласында жазған болатын. Онда автор былайша жазады:
– «Бұл жерде адамдар осыдан 3400-3700 жыл бұрын өмір сүріп, мыс өндірген. Қарғалының кені өте бай және оның мысы қатты, балқуы өте қиын болып келеді…». Әрі қарай ғалым сол маңда қазба жұмыстарын жүргізгенде, сол заманда кен қазған шахта опырылып, оның астында қалған адам туралы жаза келіп, мыс қойнауына енген адамды басып қалған қайың бөрененің радиоуглеродтық анализі ол адамның бұдан 4900-4600 жыл бұрын жер астында қалғанын көрсеткен». Е.Черных бұл материалда Қола дәуірі емес-ау, берірекке – XVI-XVIII ғасырларда Ресей өзіне қажетті мысты негізінен осы Қарғалыдан өндіргенін және де осы мысты қорытатын завод иесінің Дмитрий Дашков мырза болғанын жазады («Знание – сила» Москва. 2007.№8.). Қарғалы тауының жартысы Ақтөбе, жартысы Орынбор облыстарында жатыр. Бұл да дүниежүзіндегі алғашқы мыстың Ұлы далада өндірілгенін көрсетсе керек. Мыс өндіру басталған жерден Қола дәуірінің басталатыны айтпаса да түсінікті. Сол қоладан біздің бабаларымыз жылқыға ауыздық жасады, сол қоладан үзеңгі жасалды. Ежелгі ғұн-түріктер сол қоладан садақтың ұшын жасады. Бұл түріктер қару-жарағының ең күштісі болатын. Ол жайында Президентіміз: –«Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды», деп баяндайды. Алғашқы мыс қорытындысынан басталған металл өңдеу әдістері (технологиясы), біртіндеп күрделеніп, біздің бабаларымыз одан кейін қола, сосын темір, ең соңында алтын өңдеуді үйренді. Бұл қазірдің өзінде көптеген елдердің қолы жетпей отырған ең озық технология, ғылыми жетістік болатын. Ол кезде қазіргі мақтанып жүрген Еуропаның көптеген халықтары не ел болып, не мемлекет болып жетілмеген еді. Ол заманда Еуропаның көптеген халықтары өздерінің жеркепештерінен шығып та үлгірмеген болатын. Бұл технологияны біздің Ұлы дала ұлдары бастап, басқалар солардан үйренді, деп толығымен айта аламыз. «Өмір – кезек» дегеніміз осы. Егер Президентіміздің беріп отырған тапсырмаларын орындап, жаңаша білімді, еңбекті ұйымдастырудың жаңа жолдарын, жаңаша озық технологияларды игеретін болсақ, біз бүгінгі қазақтың қайтадан алға шығатынына, қайтадан биіктен көрінетініне көзіміз әбден жетеді. Сол үшін алға жылжуымыз керек-ақ.
Айта берсек, бабаларымыздың мақтанарлық істері толып жатыр. Олардың барлығын бір шағын материалға сыйғызу мүмкін емес. Бірақ, мына жайды айтпай кетуге болмайды. Дүниежүзінде біздің жеріміз – Ұлы дала төсі, Құдайдың шынымен де көзі түскен жері. Жер асты байлықтары артылып жығылады. Қазақша айтқанда, біздің жеріміздің асты кеніш те, үсті пейіш. Осы жерде – дүниежүзінде ең алғаш жабайы бидай мен арпа өскені белгілі. Бұл жайында орыстың атақты тарихшысы Н.М. Карамзин кезінде былай жазған болатын:
– «Нұх пайғамбар ұрпақтары бұл жерлерді ең бір ыңғайлы, әрі қауіпсіз деп есептеп, осы жерге қоныстанып, қанат жайды. Нұх пайғамбар балаларына қорек ретінде бұл жерлерге Құдай жабайы бидай мен арпа өсірді. Еуропаның ұлы ботанигі Генцельман Башқұрт даласынан (Карамзиннің Башқұрт даласы деп отырғаны біздің жер. Себебі Генцельман олардың мекен еткен жерлерін біздің Тобыл, Әйет, Тоғызақ өзендері маңынан көрсетеді) жабайы өскен бидай мен арпаны тапты. Ресейдің тек шығыс жағында ғана өсетін жабайы бидай мен арпадан Сібір халықтары бүгінге дейін нан пісіруде…(Н.М. Карамзин. История Государства Российского.Т.). Құдайға шүкір, сол жабайы бидай мен арпа өскен жерлерден бүгінгі Қостанай облысының дихандары ата-баба кәсібін ойдағыдай жалғастырып, әр гектар жерден 20-25 центнерге дейін астық алуда.
Алғашқы болып ат мінген, атты әскер ұйымдастырған, металл балқыту технологияларын игерген ғұн – түріктер, оқ дәрі, түрлі мылтықтар мен зеңбіректер пайда болғанша қай жағынан де дүниежүзінің алдында болды. Жаппай қырып-жоятын қарулар пайда болғаннан кейін ғой, біздің бабаларымыздың қайнаған өмірдің шетіне шығып қалғаны. Бірақ олар жоғалып кеткен жоқ. Келер ұрпақ бабаларының шынайы ізбасарлары болатынына сенім мол. Өйткені, Елбасымыздың мына мақаласы жас ұрпақ, Сені соған шақырады. Тек соғыста ғана емес, шынайы ерлікке бейбіт өмірде де орын табылады. Талай адам еңбек етіп те ер болып, ел алдына шығып жатыр.
Біз бүгін кешегі өткен бабаларымыздың істерімен мақтанып жатсақ, ертең Сенің жеткен жетістіктеріңді ел мақтан ететін болсын! Мақсат Ұлы дала ұлдарының есімдерін ұлықтау. Келер ұрпақты солардай етіп тәрбиелеу. Оларды ұлылар шыққан биікке көтеру, биіктен көру. Лайым, солай болсын! Тағы да бір сөз.
Археологтардың құлағына алтын сырға, біздің Қостанай жақта көп ел біле бермейтін, әлі күнге дейін біздің ғалымдар зерттемей келе жатқан: ең алғаш метеорит түскен Күңгіртау маңы, Мықтың үйі, Теке әулиенің мұнарасы, алғашқы кен қазған шахталар, Андрондықтардың бас қаласы (Арқайымнан да үлкен), Жыланшық бойы, Қаратұз, Едіге қала, қыпшақтардың Қарабалығы, бедерлі құлыптастар жатқан зират, тағы да басқа өз кезегін күтіп жатқан ерекше археологиялық обьектілер бар. Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласына байланысты жоспар жасағанда, тарихымыздың талай беттерін ашып бере алатын осы обьектілерді ұмытпасаңыздар екен.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.