ӘЛЕМДІК ОЙ ТАРИХЫНЫҢ ТӘПСІРІ

  • 02.10.2019
  • 680 рет оқылды
  • 0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» атты айтулы бағдарламалық мақаласында: «Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектелді, біз дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің міндеті»,– деп жазған болатын. Осы бағытта ұйымдастырылған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» атты жоба 2017 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Ұлттық аударма бюросы құрылып, білікті мамандар жұмысқа жұмылдырылды. Күні бүгінге дейін әлемнің ең таңдаулы жоғарғы оқу орындарында оқытылып жүрген 48 үздік оқулық қазақ тіліне аударылып үлгерді. Олардың ішінде әдебиеттану, әлеуметтану, философия, психология, өнер, тарих, экономика, педагогика және тағы басқа салаларды қамтитын еңбектер бар. Соның бірі – Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы» деген ортақ атаумен біріктірілген төрт томдығы.

Кезінде Британ академиясының президенті болған әйгілі ағылшын философ-ғалымы сэр Энтони Кенниді осыдан біраз жыл бұрын Оксфорд университетінің баспасы сонау Фалестен бастап кешегі Дерридаға дейінгі философия тарихын жазуға шақырыпты. Бұл ұсынысты зерттеуші зор ықыласпен қабыл алған.Ақырында бірнеше жылдық үздіксіз еңбектің нәтижесінде аталған төрт томдық жинақ жарыққа шықты:
Бірінші томда философияның ежелгі бастауынан біздің заманымыздың 387 жылына дейінгі уақыт, яғни Әулие Аугустин кезеңіне дейін қамтылады;
Екінші томда Аугустин кезеңінен бастап 1512 жылғы бесінші Латеран құрылтайы шақырылғанға дейінгі аралықтағы тарих қарастырылады;
Үшінші том ХVI ғасыр философтарының идеяларын талқылаудан басталып, 1831 жылы Гегельдің қайтыс болуымен аяқталады;
Ал, төртінші, соңғы том сол ХІХ ғасырдың орта шенінен екінші мыңжылдыққа дейінгі аралықтағы ой дамуын баян етеді.
Батыс философиясының тарихын таразылаған осы төрт томдық еңбекті Ұлттық аударма бюросы түгел қазақ тіліне тәржімеледі. Көлемді де концептуалды жинақты ана тілімізде сөйлету ісіне философия ғылымдарының докторы, профессор Гүлжиһан Нұрышева, философия ғылымдарының кандидаттары Әсет Құранбек, Айымжан Рыскиева, Ақмарал Байдлаева секілді білікті мамандар қатысты.
Философия туралы бұрын да талай жазылған. Мәселен, Бертран Расселдің «Батыс философиясының тарихы» атты кітабы бар. Осы саладағы әлемге ең көп таралған кітап та осы, философия туралы сөз қозғалғанда, ең әуелі ауызға ілігетін еңбек те сол. Э.Кенни де философия тарихын тәпсірлеу барысында Б.Расселді барынша бажайлап зерттеген.Ол бұл кітабында әлемдік ойқазынасын басқа авторлардан да тереңірек зерделеуге тырысқан. Антика дәуірінен бізге белгілі ойшылдар – Платон, Сократ, Аристотельдерден бөлек, ешқандай жазбаша еңбегі қалмаған, шығармалары кейінгіге ауызша там-тұмдап жеткен Эмпедокл, Гераклит, Ксенофан сынды былайғы жұртқа белгісіз, тек философия тарихын зерттеп жүрген ғалымдарға ғана мәлім ғұламаларды да жүйелеп шыққан. Біздің заманымызға дейін бүр жарған даналық өскіндеріне, әлемдік ой дүниесінің негізін салушыларға арналған «Антика философиясы» атты бірінші томында оларға бірер бет арнаса да, әйтеуір өмірбаяндарына тоқталып, толық қамтуға тырысқан. Сондықтан, Кенниді Расселдің еңбегін одан ары дамытушы, толықтырушы деп бағалауға болады.
Философияның нағыз гүлденген кезеңі – орта ғасырлар екені белгілі. Батыста ақыл-ойдың кемелденуі ХІІІ-ХV ғасырларда әбден шарықтау шегіне жетті. Осы дәуірді қамтитын жинақтың екінші томы «Орта ғасыр философиясы» деп аталады. Бұл кезеңде дін мен философияның ішкі тартысы күшейіп, әрқайсысы өзіндік ерекшелігі мол сабақтас, бірақ бөлек ілімге айналды. Кітапта негізінен батыс философиясындағы идеялар қамтылғанымен, автор Еуропа ойшылдарына едәуір ықпал еткен Әбу Нәсір әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, әл-Кинди, ибн Рушд секілді ислам даналарының ойларына да тоқталады.
Үшінші том «Қазіргі заман философиясының бастауы» деп аталады. Мұның құрылымы да алдыңғы екеуіне ұқсас. Бірінші тарауында сол кезеңнің философ ойшылдарына хронологиялық шолу жасалады. Қалған тарауларда олардың өзекті де нақты философиялық тақырыптарды талқылауға қосқан үлесі қарастырылады. Философия ежелгі заманда және орта ғасырларда қалыптасқан ең құнды деген құралдардың кейбірінен бас тартса да, осы үшінші томда қамтылатын кезең философтары тұрақты құндылықтарды орнықтыра түсуге талай үлес қосты. Олар осы том тарауларында айқындалып, сипатталды.
Әлбетте, кейінгі жылдары Қазақстанда философия тарихына арналып, жарық көріп жатқан оқулықтар жоқ емес, алайда бұл оқулық – біздің шетелдік әріптестеріміз жазып, қазақ тіліне аударылған тұңғыш кітаптардың бірі. Қай салада болсын білім алып жатқан жас ізденуші – мейлі ол гуманитарлық сала болсын, мейлі жаратылыстану саласы, соның ішінде физик, химик, биофизик, биохимик болсын, мейлі техникалық ғылымдар бойынша маманданып жатқан студент болсын – өз саласы бойынша теориялық негіздемені қажет етеді. Осы жағынан алғанда, Кеннидің философия тарихы бойынша жинағы таптырмас бір қазына болуы мүмкін.
Әсіресе, үшінші томда көтерілетін натурфилософия, логика, метафизика, этика, теология және т.б. проблемалар білім алушының ой-өрісін айтарлықтай кеңейтіп, оның дүниетанымдық көзқарастарына оң ықпалын тигізеді. Энтони Кеннидің өзі атап көрсеткендей, бұл оқулық философияның тарихына да, ғылымның, адамзаттың тарихына елеулі ықпал еткен ұлы тұлғалардың ой-пікіріне де, жалпы өткен замандардың интеллектуалды ахуалына қызығатындардың да көңілінен шығады.
Кітапта ұлы философтардың қысқаша өмірбаяны мен негізгі концепциялары келтірілген. Үшінші том ХVІ ғасыр философиясының «жалауы» болған гуманизм мен ағартушылық мәселелерін кеңінен қамтиды. Сондай-ақ оқулықта қоғам философиясы, саясат философиясы, таным философиясы, теология философиясы, этика философиясы және т.б. тақырыптарды ашып көрсететін тараулар бар. Философияның аталған салалары тек сол дәуірдің теорияларымен ғана өрнектелмеген, мазмұндау барысында Энтони Кенни сол идеялардың кейінгі философтардың дүниетанымдық концепцияларымен үндестігін көрсетіп отыруды да ұмыт қалдырмайды. Бұл ғасырлар барысындағы ғылым дамуының сабақтастығын жақсы сезініп, философиялық сауалдардың әр замандағы өзектілігін байқауға көмектеседі.
«Қазіргі заман философиясы» деп аталатын төртінші, қорытынды томның алдыңғы томдардан ерекшелігі – мұның кіріспе тараулары ортақ бір хронологиялық реттілікке бағынбаған. Бірінші тарауда Бентамнан Ницшеге дейінгі жүйелілік сақталған, алайда ХХ ғасырдағы ағылшын тілді философияның континенттік философиядан айырмашылығы орасан зор болғандықтан, екінші және үшінші тараулардағы баяндау өрісі өзгеше. Екінші тарау америкалық философтардың ақсақалы Пирс пен философиядағы аналитикалық дәстүрдің негізін қалаушы болып есептелетін Фрегеден басталады. Үшінші тарауда көпшілік философ ретінде танығысы келмейтін адам Зигмунд Фрейдтен басталатын бірнеше ықпалды ойшылдар қарастырылады.
Жаңа заман деп аталатын бұл кезеңде Томас Мор, Мишель Монтень, Джордано Бруно, Фрэнсис Бэкон, Рене Декарт, Томас Гоббс, Джон Локк, Иммануил Кант, Фридрих Гегель, Жан-Жак Руссо сияқты адамзаттың игі жақсылары, философияның асыл жауһарлары дүниеге келді. Оқулықты оқи отырып, біз оны осы саланы зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған мықты білікті маманның жазғанын байқаймыз. Кенни аталған ойшылдарға және философия тарихына қатысты көпшілікке белгілі фактілерді үстірт қана тізіп шықпай, олардың еңбектері мен дүниетанымдық көзқарастары туралы көп толғанып, барынша тереңінен жеткізуге және сыни пікірлерін аңғартуға талпынады. Ол эмпиризм, гуманизм, скептицизм, идеализм сияқты түрлі философиялық бағыттарды алға тартады, логика мен ақыл-ойдың, натурфилософияның, метафизика мен этиканың, адам жаны мен Құдай туралы идеялардың өрбуін қарастырады. Тілі ойға қонымды, бірақ пәнді тереңінен және жан-жақты ұғынатын маманның оқулығы бізге ұлы философтармен барынша жақындата түседі. Кеннидің игеруге ыңғайлы және білім алуға деген ынтаны арттыра түсетін тарихы білімнің маңызын дұрыс түсініп, ізденетін студенттерге өте қызықты болады.
Батыс философиясының төрт томдық жаңа тарихының Ұлттық аударма бюросының әзірлеуімен қазақша жарық көруі – отандық философия саласындағы елеулі оқиға. Себебі, осы уақытқа дейін біздің философия тарихын оқып-білуіміз көбіне тек отандық немесе көршілес Ресей авторларының еңбектеріне арқа сүйейтін. Олай болса, бұл кітаптың авторы жайлы бірер сөз айтсақ.
Ағылшын философы Энтони Кенни көп жылдан бері, негізінен, миды зерттеудің философиялық мәселелерін, ежелгі және схоластикалық философияны, Витгенштейн философиясын және дін философиясын зерттеуге маманданады. Атап айтқанда, британдық философияда бұл ғалым аналитикалық томизм қозғалысының дамуына едәуір үлес қосқан. Философиядағы бұл бағыттың негізгі идеялары Акуинолық Томастың ойларын қазіргі философия стилінде таныстыруға арналады. Кенни – Британ ғылым академиясының президенті мен Корольдік философия институтының басшысы сияқты жоғары лауазымдарға ие болған тұлға.
Төрт томдық сүбелі еңбек тек философтарға ғана емес, әлеуметтанушыларға, тарихшыларға, этнографтарға – жалпы, гуманитарлық, техникалық және жаратылыстану факультеттерінің студенттеріне арналады. Бұл оқулық студенттерге тек философия тарихымен танысып қана қоймай, оны түсінуге, ерекшеліктерін сезінуге жол ашады. Еңбек ұғынуға жеңіл және түсінікті етіп жазылған, оның нақты да, ықшамды құрылымы материалды меңгеруді оңайлатады.
Көне замандарда және орта ғасырларда философияның бір бөлігі саналған көптеген пәндер қазір дербес ғылымға айналып үлгерді. Тұжырымдамасы айқындалмаған және тәсілдері қарама-қайшы пәндер философиялық болып қала бермек. Кез келген ғылыми тұжырымдама ешқашан да толықтай ашылмауы мүмкін және қандай да болсын ғылыми тәсіл талассыз дұрыс жол болмауы да ықтимал; егер солай болса, кез келген ғылымда философия элементі қалады. Қайсыбір замандарда ғылым патшасы атанған, тағы бір замандарда оның қызметшісі саналған философияны, бәлкім, ғылым анасы немесе кіндік шешесі деп қабылдағанымыз жөн болар. Шын мәнінде, ғылымдар философия арқылы туындамайды, одан бөлініп шығады.
Жұртшылықтың философия тарихы жайында ізденуінің екі түрлі себебі бар. Әдетте олар не философияға, не оның тарихына қызығуы мүмкін. Қазіргі философия мәселелерін зерттеу үшін тарихтағы әйгілі ойшылдардың еңбектеріне үңілу керек болады. Сол арқылы олар өмір сүрген қоғам мен адамдарды, олардың өз танымы бойынша әрекет еткен ахуалын түсіне аламыз. Күн тәртібінен түспейтін философиялық мәселелерді шешу үшін, өткен заманның зияткерлік әлеміне тереңірек ену үшін де сол дәуір ғұламаларының еңбектерін оқимыз. Философияның пайда болуынан бастап, қазіргі қалпына дейін қамтылатын бұл ой тарихында автор екі мақсатты да дамытуға тырысқан. Бұл кітаптың осы тақырыпта ізденетін жастарымызға берері мол деп білемін.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.