АБАЙДЫҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ТУРАЛЫ ҰҒЫМЫ

  • 02.10.2019
  • 152 рет оқылды
  • 0

Үмбетқан Сәрсембин,

философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі

Абай өзінің бірінші қара сөзінде, «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді, жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді, қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» дейді. Ойшыл өзінің рухани өмірін, өмір сүріп отырған уақытын, қоғам болмысын зерделеу арқылы ұрпаққа өмірдің мәнін, өмір, келер уақыт, тарих алдында атқаруы тиіс міндеттерді көрсетеді. Адам жас шағында нені ескеруі қажет, есейген шағында неге көңіл бөлуі тиіс, өмірде қандай істерді атқаруы қажет? деген сауалды жұрт алдына қойып, оған қара сөздерінде өзі жауап берген. Абай ұрпаққа елдіктің ұғымынан алшақтамаудың қадір-қасиетін ескертеді.

Кешегі кеңес дәуірінде байды, байдың баласын ақылсыз қылып көрсету орын алды. Жазылған дүниелерде, түсірілген кейбір киноларда кедей адамды мүсәпір бейнесінде, бай озбыр адам кейпінде санаға сіңірілді. Шын мәнінде тарихта қазақ байлары, халықтың санасында бай деген ұғымның басқаша кейіпте өмір сүргендігі анық. Тарихта қазақтың бай адамдары елге, ел мүддесіне, елдің тәуелсіздігіне жауапты адамдардың бірі болған. Қазақтың байларының арасынан діни сауаты мол, кемеңгер тұлғалар шыққан. Жүсіпбек Аймауытов жазғандай, «Кәсібі мал баққан, әлеуметі ру басыға бағынған жұртқа тап жігі, байлар, кедейлер табы деген нәрсе ашық болмайды».
Байлардың арнайы институтының болғандығын қазақ қоғамының тарихтағы өмірінен анық байқауға болады. Бұны айтып отырған себебіміз Абай, «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік» деп патша өкіметінің идеологиясының салдарынан табиғаты өзгере бастаған қоғамды айтса керек. Қоғамдық санаға сынмен қарауда Абай алдыменен ұлттың тағдырына да ара түскен:
Болыс болдым мінекей,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал,
Қалмады елге тығындап.
Сүйтсе-дағы елімді,
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап.
Абайдың бұл өлеңінде сол уақыттағы қазақ қоғамында орын ала бастаған мансапқорлық психология анық суреттелген. Билікке ұмтылу, жақсы өмірге құштарлық адамның табиғатында бар нәрсе. Бірақ, бұл қашанда ақылға бағынуы тиіс, ақыл адамның мінезін реттеуші негіз. Адамның билікке деген құштарлығының ақылға бағынуы салдарынан жауапкершілік күшейеді. Жауапкершілік адамнан көркем мінезді, адалдықты, тәжірибені, шынайы білім мен іскерлікті қажет етеді. Осының барлығын ескеріп, иеленгенде ғана адам, қоғамына басшылық жүргізуі қажет. Бұны реттейтін уақыт, уақыттың талабы. Уақыттың талабы дегеніміз бұл ғасырдың жаңалығы, адамзат әлемінде пайда болып жататын жаңа дүниелер. Соны білген, толық меңгерген, қоғамын уақыттың талабына икемдейтін, икемдеуге ұмтылатын адам шын мәнінде қоғамды алға жетелеуші тұлғаға айналып отырады.
Мемлекеттің болашағын ойлаған адамға маңызды нәрсе ол ұлттың тағдыры. Ұлттың тағдырын шешетін нәрсе оның құндылықтары, құндылықтарын сақтай алмаса ұлт қанша мықты болғанымен ұзақ өмір сүре алмайды. Сондықтан, қай уақытта болмасын елдің күштілігі, мәдениеттілігі мен өркениеттілігі құндылықтарды ақыл таразысына салып, ұлттық мүддені қорғаудан, оның өмірін жалғайтын дүниелерді ойлап табудан (қалыптастырудан) шығып отырған.
Ұлттық идея деп – халыққа, ұрпаққа ұлттың игілігі мен болашағына ортақ тәжірибелер мен білім түрлерін, даналықтың үлгілерін айтамыз. Идея сөзінің түпкілікті мәні (көне грек тіліндегі) түр, кескін деген мағынаны білдіреді. Яғни, нәрсенің түрі, кескіні (формасы) және т.б. Мәселен нәрсенің (табиғат, ұлт және адам болмысы) белгілі бір дәрежедегі өмір сүру формасы, сол өмір сүрудегі формадан туындайтын заңдылық, дәстүр, ережелер идея мен ұлттық идеяның мәнін айқындап отырады. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, идея дегеніміз жеке адам, ұлт, халық, ел болмысы негізінде көрініп отыратын даналық білім, білімдердің жиынтығы. Идеяны даналық білім дейтініміз бұнда адам өміріне қажетті тәжірибе, мақсат, ереже, тәсілдер мен ұстаным үлгілері, үйлесімділік бар. Идея кездейсоқ қалыптаспайды және кез келген уақытта қалыптаса бермейді. Кез келген ұлттың немесе мемлекеттің ұлттық идеясын алып қарайтын болсақ, оның бастауы бар, тарихи кезеңдерді басынан өткізуде жинақтаған тәжірибелері болады. Көне заманнан бастап идея ұғымы ойшылдардың тарапынан зерттеліп келеді, ежелгі дәуірдің өзінде идея феномені екі шеңберде (деңгей, негіз) қарастырыла бастаған. Бірінші, идея құбылысы жалпы жаратылысқа тән десе, екіншіден идея бұл интеллект өнімі, жеке адам мен ұлттың ішкі әлемінен туындап, ішкі әлемде өмір сүріп отыратын білімнің ерекше түрі.
Идеяны жаратылыс болмысына тән құбылыс дейтін себебі, жаратылыс әлемі, табиғат шексіздіктен, үйлесімділіктен тұрады, әлемде, табиғатта даму, қозғалыс, өсу, бір күйден екінші күйге өзгеру, ауысу бар. Осы әлемдегі, табиғаттағы дамуда, қозғалыс пен қалыптасу негізінде бастапқы себеп пен мақсат жатыр. Әлемдегі барлық құбылыс жаратылыс мақсатымен көрінеді және соған бағытталады. Ұлттың мәдени кодының негізінде де жаратылыс идеясының құбылысы жатыр. Адам болмысын өзге тіршілік өкілдерінен даралап тұратын нәрсе оның болмысындағы мәдени код. Бұл ұрпақтың танымын, мінезін, іс-әрекетін реттеп отырады.
Ұлттық идея – ұлт пен оның өкілі жеке адамның рухани түп қазығы. Ұлттық идеямен тәрбиеленіп өскен адам кейінгі буынға игілік болып саналатын құндылықтарды табыс-тап отырмақ. Атап айтсақ, ұлттың тілі, атамекен, дін мен діл, дәстүр, дәстүр мен мәдениет туралы кемел түсінік адамның танымына ұлттық идея арқылы енеді. Ұлттық идеяның негізінде, әсіресе, оны ұрпаққа насихаттауда құндылық білімдері жатыр. Ұлттық идеяның күш алуына ықпал ететін құндылықтарды Абай былай деп түйіндеген:
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Ғылым қоғамдық ақыл-ойдың биігінде өмір сүретін дүние. Кез келген адамға ғалым болу міндет емес, бірақ, ғалымның айтқан сөзін ескеріп, шынайы білімді тану, тағылымын өмірде пайдалану ұлттық идеяның құндылығын арттырады, ұлттық идея шеңберіндегі ұлттық құндылықтардың қоғамдық санада таралуына жол ашпақ. Себебі, адамның жақсы қасиеттері бағаланып, әлеуметтік ортаға насихатталғанда қоғамның мәдени игіліктерге ұмтылары анық. Жеке адам мен қоғамға ортақ нәрсе, оларды біріктіретін және ұлттық құндылықтардың ұлттық идея шеңберінде өмір сүруіне ықпал ететін қоғамға ортақ мінез. Қоғамға ортақ мінез үлгілері ұлттық қасиетке айналуы немесе бағынып отыруы тиіс. Сонда ғана қоғам өркениет жолында. Қоғам өркениет жолына түсуі үшін қоғам мүшесі (жеке адам) өзіне талап қоя білуі қажет және бұл ұғым дәстүрге айналуы тиіс. Дұрыс талаптан еңбек шығады, еңбек ақыл мен білімге бағынады, ойлау арқылы еңбек игілікке айналады, еңбектің игілікке айналуында қанағат пен төзім, жанашырлық, мейірім секілді адамның асыл мінездері бар. Бұған қатысты Абай былай деген: «Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлеймін деп ойладым.
Байды қадірлейін десең, бай жоқ. Бай болса, өз басының, өз малының еркі өзінде жоқ. Кей бай өзі біреумен күш таластырамын деп, жүз кісіге қорғалауықтығынан жалынып, малын үлестіріп жүр…
Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп. Біреу бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр.
Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ.
Мықтыны құрметтейін десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ.
Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі де есті.
Ғаріп-қасар бишараны құрметтейін десең, жатқан түйеге міне алмаса да, ол момындыққа есеп емес. Егер мінерлік жайы болса, бірдемені ептеп ілерлік те жайы бар.
Енді қалды қу мен сұм, олар өзі де қуартпай, суалтпай тыныштық көрер емес.
Жә, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік? Өзі құрттанып шашылған болыс-билер тұра тұрсын. Енді, әлбәттә, амал жоқ, момындығынан «Ырыс баққан дау бақпас» деген мақалмен боламын деп, бергенінен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын байларды аямасаң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым».
Ұлттық идея қоғамда дамуы және ұрпақ өмірінде жалғасын табуы үшін интеллигенттік миссия қажет. Интеллигенттік миссия сол қоғамның бет-бейнесін айқындайды. Интеллигенттік миссия халыққа ашық көрінген қоғамда құндылықтарды бағалау әлеуметтік ұстанымға айналады. Елдің мүддесі, жер тағдыры, өмір, уақыт, еңбек, кәсіп, білім, өнер, байлық, жақсы тұрмыс жөніндегі түсінік тегістей әлеуметтік дамудың бірден-бір тетігіне айналып отырады. Мәселен, дамыған елдерді алып қарайтын болсақ, оның өркениет жолына түсуінің негізінде қоғам мүшелерінің, зиялылардың тарихи уақыттағы интеллигенттік миссиясы ерекше көзге түседі. Онсыз еш нәрсенің де болмайтындығын ұғыну қиын емес. Интеллигенттік миссия тарихта қазақ тұлғаларында да жоғары болды. Бірақ өкінішке қарай сол кездегі қоғамда орын алған жағдайлар (елге сырттан жүргізілген саясат) қазақ зиялыларының қатарын сирете түсті.
Тарих қашанда ұрпаққа ұлт зиялыларынан қол үзсе қоғам дамуының тежелетіндігін, қоғамдық сананың үлкен дағдарысқа ұшырайтындығын ескертеді. Мәселен, өзге елдердің философиясы мен білімін алып қарайтын болсақ, онда қоғам игілігіне бағытталған идеялар өмірдің мәні мәселесін зерделеуден өрбіп отырған. Қазақ философиясында да бұл мәселе рухани құндылықтармен ұштастырылып отырды. Қазақ даналығында жиі айтылатын «жалған дүние» ұғымы адам, адам мен қоғамды ортақ мүддеге бағыттаудан туындаған. Бұл ұғымның негізінде адамның өмірге келуі мен кетуін ғана емес, осы екі аралықтағы адамның дұрыс әрі мағыналы өмір сүруін негіздеу жатыр. Абай ұғымында, адамның осы дүние есігін ашқан сәтінен өмірінің ақырғы сәтіне дейінгі жүріп өткен жолының белгісі – уақыт. Осы уақыттың құбылысын зерделеуде, оның талабына ілесуде адамға қажет нәрсе – ар мен намыс.
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Военный қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге.
Интеллигенттік танымның негізінде ұлттың, жеке адамның дүниетанымы, рухани қасиеттер, көркем мінез, білім, еңбекқорлық, төзім жатыр. Адамның өскен ортадан, алған тәрбиесі, білімі, мінезі арқылы оқшау шығып, қоғамына әділ баға беруін, оған игілік болып табылатын нәрселерді көрсетіп отыруы және оны қалыптастыру қашанда интеллигенттік ұстаным белгісі болып танылған.
Қазақ ойшылдарының ел, қоғам, келер уақыт (тарих) алдындағы рухани қызметі олардың даналығымен ерекше құбылысқа ие. Ойшылдар тағылымы тарихтағы қазақ қоғамының рухани өмірінде қоғамды біріктіріп отырушы негіз болған. Мәселен Қожа Ахмет Яссауидің даналық кітабында, «әркім сөз жазса қара сөзбен жазсын» деген өсиет бар. Бұның мағынасы сөздің білімі болуы керек, сөздің білімі қоғамдық санаға әсер ететін деңгейімен тарихта қалуы қажет дегенді білдіреді. Шынымен де, адамзат қоғамының даму жолына зер салсақ, мәдени даму алдыменен қоғамдық сананың жетілуінен (жаңғырып отыруынан) күш алған. Алдыменен сана өзгеруі тиіс, ортаға, уақытқа бейімделу, бәсекеге қабілеттілік санаңда басталуы керек. Қоғамдағы ұлттық және азаматтық бірегейлік жеке адам санасынан бас-талып, қоғамдық сананың тірегіне айналуы тиіс. Қоғамдық сана ұлттық және азаматтық бірегейліктің негізінде жетіліп отырғанда ғана әлеуметтік даму жүйелі түрде іске асып отырады. Жеке адамның тұлға мәртебесіне қол жеткізуі (рухани деңгейді иеленуі) алға қойған мақсаттарының, өмірде атқаратын қызметтерінің жеке бастың қамымен шектелмей, ел мүддесінің талабымен ұштасып отыруынан білінеді. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, Абайдың қара сөздері тарих пен болашақтың арасын жалғап отыратын рухани көпір іспеттес.
Абайдың ұлттық идеясы қоғамның барлық саласын қамтиды. Ең бірінші мәселе қоғамда әрбір адамға тиесілі, оның алдында тұратын міндет болашақ туралы түсінікті, көзқарасты, ой-өрісті дұрыс қалыптастыру. Мәдениеттің бір түрі ғылым. Адам уақытты игеруде ғылымды қалыптастырған, ғылым арқылы табиғат байлығын игеруге қажетті құралдарды жасаған. Бұны өркениеттілік дейміз. Ал, осы өркениетке жетуде адамның өмір сүру, тіршілік ету философиясының жаңа қырлары ерекше көзге түседі. Ұлттық идея қоғамның дамуына ықпал етіп қана қоймайды, адам мен қоғамға ортақ қоғамдық сананың мәдени жаңғыруына себеп болатын құндылықтарды да негіздеп отырады. Абай өзінің екінші қара сөзінде, әр халықтың жақсы қасиеттері болады, соны білу, бағалау, дәстүрдегі тәжірибені өмірге пайдалану қажет дейді. Жаңа айтып өткеніміздей өркениеттілікке бастайтын адамның уақыт туралы түсінігі мен білімі болса, бұны жүзеге асыруда қажетті құрал тәжірибе. Сол тәжірибені жинақтап ел мәдениетінің өрісін кеңейту үшін өзгеде бар жақсы дүниелерді білу, үйрену қажет.
Мемлекет белгілі бір уақыт шеңберінде өмір сүріп жатқан немесе пайда болып жататын құндылықтарды зерделеп, білім мен кәсіптің озық үлгілеріне қол жеткізіп отырмаса бәсекеге қабілетті бола алмайды. Дамудың биігіне шыққанымен, оның арғы жағында жаңа нәрселер бар. Сол жаңа деңгейдегі уақыттың құндылықтарын иеленуде, қоғамға қажет нәрсе тәжірибе мен білім. Әрбір қоғамның дамуы тарихи тәжірибелер мен білімнің жаңа түрлеріне толы. Бірақ, мемлекеттің уақыт талабына сай дамуы мен мәдениетін ілгерілетуінде мемлекет иесі ұлттың болмысын сақтайтын дүние жер мен тіл, дәстүр мен дін екендігін ұрпақ естен шығармауы қажет: «Бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.
Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен… Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы – пейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық». Бірлік, еңбекқорлық, іскерлік, намысқойлық, әділетті және шынайы болу, білім мен өнерге құштарлық қоғамды қашанда ілгерілетіп отырған. Осы құндылықтарға өзінің болмысын икемдейтін адамда тарихи сана мен уақыт туралы кемел түсінік жатыр.
Абайдың ұлттық мүдде туралы ұғымынан түйетініміз қоғамның болашағын айқындайтын, елдің мүддесінің сақталуына ықпал ететін ұлттық мінез, қоғамдық сана. Қоғамдық психологияның елдің мүдддесі мен уақыттың талабына қайшы келуі қоғамның дамуын тежеп отырады. Қоғамда көзі ашық, көкірегі ояу адамдар көп болған сайын қоғамның мәдени қалпы сақталып отырады. Мемлекет пен оның өкілі әр адам қоғамның сырты мен ішінде не бар екенін, ненің болып жатқандығын үнемі біліп отыруы тиіс. Уақыт адамнан сауаттылық пен сауатты істі талап етеді. Абай ұлттық мүдде ісіне аса дайындықпен келген адам. Жоғарыда келтірілген өлеңдері мен қара сөздерінің мағынасы осыны аңғартады. Ойшылдың тарихта бұндай деңгейді қалдыруына ықпал еткен ұлтының руханияты, ата-ананың тәрбиесі болды. Абайдың әкесі Құнанбайдың да ел мүддесіне адал қызмет еткен тұлға болғандығы белгілі. Отаршылдық идеологияға шырмалған қоғам тұсында өмір сүрген, Құнанбай сияқты қазақтың діни сауаты мол, би әрі ауқатты бай адамдары, ұлттық мүддеге ара түсуді өзінің баласын дұрыс тәрбиелеуден бастаған.
Абай феномені терең дүние. Оның идеясының, дүниетанымының негізі адамзаттық философияның іргесімен ұштасып жатыр. Ойшылдың бір ғана ұлттық болмыс, ұлттық мүдде туралы ұғымы қоғамды, ұрпақтың танымын тарихтың, адамзат мәдениетінің өрісіндегі құндылықтармен, білім, өнер түрлерімен біріктіріп отырады. Ұрпаққа қандай жолды, қандай білім мен өнер жолын таңдауды үйретеді, кісілікті талап етеді:
Әсемпаз болма әр неге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!
Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Мемлекет – ұлттың ұрпаққа қалдыратын негізгі мұрасы, ортақ үйі. Осы үйді тұрғызуда, оны күтіп, қорғап отыруда ұрпақтан-ұрпаққа қалдырылатын мұралардың бірі – ұлттық идея. Осы ұлттық идея арқылы ата-бабаларының атқарған істерінің таңбасы, мемлекеттің қабырғасына кірпіш сияқты қаланады. Мемлекеттің беріктігі ұрпақтың тұлғалық істерінің өнімі арқылы сақталып отырады. Кезінде әл-Фараби бабамыз айтып кеткендей, ел басқаратын, қоғамға бағыт-бағдар беретін адамның бойында он екі қасиет болуы қажет. Ал, ұлттың, қоғамның әрбір мүшесі жеке адамда осы он екі қасиеттің кем дегенде төртеуі болуы керек. Он екі қасиеттің төртеуі қоғамдағы әр адамның бойында тегістей орын алған жағдайда, қоғамда тұтастық, ұлттық және азаматтық бірегейлік сақталады. Сол сияқты, біздің ойымызша бүгінгі қоғамның әр мүшесі Абайдың даналығын зерделеп, оның идеясының бағытымен жүрер болса, келешекте қазақ қоғамының әлемдік өркениеттен өзіне лайықты орынды мықтап бекітері анық. Бұл мәселе кешегі алаш зиялыларының да арманы болды. Осы идеяны мемлекеттің ұстанымына айналдыруда олар да Абай философиясын негізге алды, Абайдың идеяларының ұрпаққа жетуіне еңбек сіңірді. «Абай сынды ақынның қадірін білмеу қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды. Себебі, қазақ басқа жұртпен үзеңгі қағысып, тең халық болып жасай алмауы тарихы, әдебиеті жоқтықтан. Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны әдебиет, жансыз тән жасамақ емес. Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін жұртқа бұл талас-тартыс тар заманда арнаулы орын жоқ. Сондықтан, Абайдың аты жоғалуы, мұнан кейін де шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмытылу ықтималы қазақтың жоғалуы, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей» деп жазып кеткен еді Міржақып Дулатов. Бұған дейін де айтып өткеніміздей, өркениетті елдердің әлеуметтік философиясының негізінде адам болмысына қатысты мәселелер, оны дұрыс зерделеп, оңтайлы шешуге бағытталған ғылым түрлері тұрады. Қоғамның болмысы адамның болмысына қатысты болса, адамның жан-дүниесін тәрбиелеп, ұлттық санасын қалыптастыратын тарих, әдебиет. Қоғамдық ғылымдардың қалыптасу себебі, осында жатыр. Ұлт өзінің мүддесін қорғау жолында тарихы мен мәдениетін, оның құндылықтарын қалыптастырып, ұрпақты соған бағыттап отырады. Ұлттық мүдде құндылықтарына ие болып қалудың бір ғана жолы сол құндылықтар туралы ғылымды қоғамында дамыту.
Абай әлемдік философияның негіздерін зерттеген, одан қоғамына қажет нәрселерді ала білген ойшыл. Ойшылдың ұғымымен қарайтын болсақ, білім бір орында тұрмайды. Өркениетте солай, адам баласы дүние мен уақыттың заңдылықтарын, оның логикасын терең білген сайын білімнің де өрісі кеңейіп отырады. Философияның өзі қоғамның әрбір тарихи кезеңінде жетіліп отыратын қоғамдық сананың ерекше түрі. Осындай философия мен мәдениеттің тәжірибелерін (білімін) әлемдік ақыл-ойдың негізінде зерделей отырып Абай, келешекте елдің мәдениеті мен болмысына тірек болатын дүниелерді қалдырып кеткен.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.